Коммерциялық емес акционерлік қоғам

АЛМАТЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ БАЙЛАНЫС УНИВЕРСИТЕТІ

Еңбек және қоршаған ортаны қорғау кафедрасы 

 

 

ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТҰРАҚТЫ ДАМУ 

Барлық мамандықтар мен оқу түрлерінде

оқитын студенттерге арналған

дәрістер жинағы

 

Алматы 2010


ҚҰРАСТЫРУШЫ: Е. Аманқұлов. Экология және тұрақты даму. Барлық мамандықтар мен оқу түрлерінде оқитын студенттерге арналған дәрістер жинағы - Алматы:   АЭжБУ, 2010. – 56 б.

 Дәрістер жинағында экология мәселелерінің негіздері, тұрақты дамудың экологиялық аспектілері, оның Қазақстан Республикасы үшін алатын орны мен әлеуметтік және экономикалық мәселелері, тұрақты дамудың алғышарттары  қарастырылған.

 

Мазмұны 

1 Дәріс.

Экологияға кіріспе  

4

2 Дәріс. 

Жеке түр экологиясы – аутоэкология

6

3 Дәріс.

Популяциялар экологиясы – демэкология

9

4 Дәріс. 

Қауымдастықтар экологиясы – синэкология

12

5 Дәріс. 

Биосфера және оның тұрақтылығы 

17

6 Дәріс. 

Тұрақты даму концепциясы

23

7 Дәріс.

Табиғат қорлары және оны тиімді пайдалану тұрақты дамудың бір аспектісі ретінде  

 26

8 Дәріс. 

Биосферада тұрақсыздықтар болуының антропогендік факторлары 

 30

9 Дәріс. 

Атмосфералық ауаны қорғау

34

10 Дәріс. 

Қазіргі заманның әлеуметтік-экологиялық мәселелері мен тұрақты даму  

 42

11 Дәріс. 

Табиғатты қорғау мен тұрақты даму

46

12 Дәріс. 

Қазақстан Республикасының тұрақты дамуының өзекті  экологиялық мәселелері  

 50

 

Әдебиеттер тізімі

55

 

1 Дәріс.  Экологияға кіріспе

 

Экология – барлық деңгейдегі биологиялық жүйелердің тіршілігін, түзелуін және өмір сүру заңдылықтарын зерттейтін ғылым – ағзалардан бастап биосфераға дейін және сыртқы ортамен олардың байланыстарын қарастырады. Экология география, химия, биология, физика, жаратылыстану, табиғаттану және басқа да ғылым салаларымен тығыз байланысты.

Экология дамуы үш кезеңнен тұрады.

Бірінші  кезең  – экологияның ғылым ретінде қалыптасуы (19 ғасырдың 60-шы жылдарына дейін), осы аралықта жиналған деректер арқылы бірінші ғылыми тұжырымдар жасала бастады. Мысалы, Гиппократ (біздің ғ.д. 460-377 жж.) адам денсаулығына ортаның факторларының әсері туралы жорамалдар жасады, Аристотель   азықтану әдісі бойынша 500-ден астам жануарларды топтарға жіктеді. Швед табиғаттанушысы Карл Линней (1707-1778 жж.) «Табиғат жүйесі» атты еңбегінде жануарлар мен өсімдіктерге ғылыми жүйе қолданды. Француз табиғаттанушысы Жан Батист Ламарк (1744-1829 жж.)  ортаның ағзаларға әсерін зерттеді, оны «Зоологии философиясы» атты еңбегінде жазды. Ламарк пен Мальтус  (ағылшын дінгері)  бірінші рет адамның табиғатқа теріс әсерінің болуын болжады.

Екінші кезең – экология жеке ғылым ретінде құрылды (19 ғасырдың 60-шы жылдарынан кейін). Орыс ғалымдары А.Т. Болотов (1738-1833 жж.), И.И. Лепехин (1740-1802 жж.), П.С. Паллас (1741-1811 жж.), Н.А. Северцов (1827-1885 жж.), А.Н. Бекетов (1825-1902 жж.), В.В. Докучаев (1846-1903 жж.) осы күнге дейін қажеттілігін жоймаған экология түсініктері мен принциптерін тұжырымдады. Түрлердің эволюциясы туралы Чарльз Дарвиннің «Түрлердің табиғи талдау жолымен пайда болуы» (1859 ж.), еңбегінен кейін неміс биологы  Эрнест Геккель биология құрамынан экологияны бөліп шығарды. Ол 1866 ж. ғылымға экология терминін кіргізді (грекше эйкос – үй, отан, баспана және логос – ғылым).

1877 жылы жаңа экологиялық ұғым – биоценоз пайда болды, оның анықтамасын неміс  гидробиологы  К. Мебиус берді. Биотоп ұғымы – биоценоз тіршілік ететін орта шарттары – оны Ф. Даль  1903 жылы енгізді.

Осы жылдары атақты орыс ғалымы  В.И. Вернадский биосфера туралы фундаменталдық ілім енгізген. 1910 ж. Брюсселде өткен III Ботаникалық конгресте өсімдіктер экологиясы аутоэкология және синэкология бөлімдеріне жіктелінді.

Экология ғылым ретінде 20 ғасырдың басында түпкілікті қалыптасты. Жиырмасыншы ғасырдың 30-40-жылдары экология өзінің ең жоғарғы сатысына көтерілді: А. Тенсли экожүйенің анықтамасын береді, В.Н. Сукачев  оған жақын ұғым – биогеоценозді енгізеді. Осы кезде В.В. Станчинскийдің, Э.С. Бауердің, Г.Г. Гаузенің, А.Н. Формозовтың, Д.Н. Кашкаревтің, В.Н. Беклемишевтің және т.б. ғалымдардың еңбектері жарық көрді.

Үшінші кезең 20 ғасырдың 50-ші жылдарынан бастап осы күнге дейін жалғасады. Экология  кешенді ғылымға айналды – география, геология, химия, физика, экономика, социология және т.б. ғылымдардың заңдылықтарын қоса ала отырып қоршаған табиғи орта мен оны қорғау туралы ғылымға айналдырды.

Экология нақты зерттеу объектісі мен зерттеу ортасына қарай жіктеледі. Адам, жануарлар, өсімдіктер және микроағзалар экологиясы деп бөлінсе, өз тарапында бұл экологиялық бағыттарды жеке түр ретінде немесе бірлестік ретінде қарастырып, оларға әсер заңдылықтарын  космоста, суда, ауада немесе басқа да бір орталарда зерттеулер жүргізу арқылы алуға болады.

Тірі ағзалар тропикалдық, қалыпты және полярлық аумақтарда, сонымен қатар табиғи, жасанды, антропогендік (адам жасаған)  немесе өзгертілген орталарда тіршілік етеді, тағы ескеретін жай осы орталардың сипатына да (таза немесе таза еместігіне) олардың тіршілігінің тәуелділігі.

Осы күнгі экология мыналарға:

-          зерттеу объектісінің өлшеміне байланысты: аутоэкология, демэкология, синэкология, ландшафттық экологиясы, мегаэкологияға;

-          зерттеу затына байланысты: микроағзалар экологиясы, грибтер экологиясы, өсімдіктер экологиясы, жануарлар экологиясы, адам экологиясы, ауылшаруашылық экология, өндірістік экология, жалпы экология;

-          тіршілік ортасы мен құрамы бойыншажер экологиясы, таза су қоймалары, теңіз экологиясы, Қиыр шеткі солтүстік экологиясы, таулар экологиясыхимиялық экологияға;

-          затты зерттеу бойынша: талдамалық, динамикалыққа;

-          уақыт факторы бойынша: тарихи және дамушы болып бөлінді.

Инженерлер дайындайтын жоғары оқу орындарында экология пәні өндіріспен және оның қоршаған ортаға тигізетін әсерімен байланыстыра жүргізіледі. Сондықтан, болашақ инженерлерге экологиядан алған білімдерін мына бағыттарда қолдану  үшін қажет:

-          қоршаған ортаға тигізетін зияны ең аз мөлшерде болатындай тиімді (оптималды) технологиялық және конструкторлық шешімдер қабылдауға;

-          істеп тұрған өндіріс пен жоспарланып отырған өндірістің қоршаған ортаға тидіретін залалын болжау және бағалай білуге;

-          қоршаған ортаға тигізетін зияны бар технологиялық процестерді дер кезінде анықтап, қажетті өзгерістер енгізуге;

-          өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу жүйелерін жасауға;

-          әртүрлі зиянды заттар үшін қажетті көлемде есеп-қисаптар жүргізуге.

Бұл дәрістер жинағы оқу бағдарламасында бөлінген сағат мөлшері көлемінде жазылып, тұжырымдалған негізгі экологиялық білім қамтылып, негізгі анықтамалар мен ұғымдар, есептеу жүргізуге керекті алғышарттар берілген.

2 Дәріс.  Жеке түр экологиясы - аутоэкология

 

Аутоэкология - түр өкілінің оны қоршаған табиғи ортамен байланысын зерттейді, жалпылама экологиялық факторлардың жеке ағзаға әсерлерін және оның оған жауабын да зерттейді.

Биосфера түрлілігінің негізгі көзі – бұл тірі ағзалардың тіршілігінің нәтижесі. Ағза мен оны қоршаған тірі емес орта арасында үзіліссіз зат алмасу жүреді. Биосферада 2 миллионнан астам тірі ағза бірлестіктері бар. Көптеген бірлестіктер өзіне миллиондаған жеке түрлерді енгізген, олар кеңістікте белгілі бір заңдылықпен таралған. Әрбір түр қоршаған ортамен өзінше байланыста болады.

Биосфера аумағында негізгі төрт тіршілік ортасы бар, олар: су, жер беті, топырақ және тірі ағза құраған орта.

Әрбір ортада өзінің биотасы (тірі ағзалар жиынтығы) бар, ол өз тіршілігін жасайды. Кез келген тірі ағза өзі тіршілік ететін ортаның экологиялық шарттарына ыңғайланады.

Табиғи орта ұғымына тірі және тірі емес табиғаттың барлық жағдайлары кіреді. Табиғи орта тура немесе жанама түрде биотаның қасиеттері мен тіршілік жағдайына әсер етеді.

Экологиялық факторлар: абиотикалық, биотикалық, антропогендік.

Абиотикалық факторлар бұл тірі емес табиғи факторлар, ең алдымен климаттық: күн сәулесі, температура, ылғалдылық, жел, қысым және тағы сондайлар және жергілікті: рельеф, топырақ қасиеті, тұздылығы, радиация және т.б.

Биотикалық факторлар тірі ағзалардың бір-біріне тура немесе жанама түрде әсер етуі.

Антропогендік факторлар – адамның қоршаған табиғи ортаға тура немесе жанама түрде іс-әрекеттік әсері.

Тіршіліктің құрылымы: қоректену, тынысалу, өсу және даму.

 Қоректену.  Ағзалар өмір сүруіне қажетті энергия мен заттарды қоректену арқылы алады. Жануарлар мен саңырауқұлақтар басқа ағзалардағы органикалық заттарды ферменттердің көмегімен ыдыратып қорытады, оны қоректену дейді.

Тынысалу. Ағзалар тыныс алғанда кейбір көп энергиялы қосылыстар ыдырап, соның нәтижесінде энергия бөлінеді. Бұл энергия аденозинтрифосфот (АТФ) молекуласы түрінде сақталады.

Өсу. Өлі табиғат (мысалы, кристалдар) сыртқы қабатына жаңа заттар қосу арқылы өссе, тірі ағзалар қоректік заттардың есебінен өседі.

 Даму. Уақыт өткен сайын ағзалар күрделеніп өзгереді. Ондай өзгерісті даму дейді.

Тұқымқуалаушылық. Тіршіліктегі тұқым қуалайтын молекулалардың құрамы бірдей және ол молекулалар ағзалардың өзінен бөлініп, ұрпақтарына беріледі және ата-енелерінің негізгі белгілерінің ұрпаққа берілуін, түрлердің сақталып қалуын қамтамассыз етеді.

Тірі ағзаға әсер етуші әртүрлі факторлардың ыңғайлы мәндерінен ауытқуына олардың көніп, шыдай алуы толеранттылық (төзімділік) деп аталады. Толеранттық диапазонына байланысты тірі ағзалар  эврибионтты және стенобионтты деп бөлінеді.

Эврибионт – әсер ету шарттарының бір- бірінен өте көп ауытқуы бар ортада да өмір сүру қабілеті бар ағза. Мысалы, қасқыр барлық географиялық аймақтарда тіршілік ете береді. 

Стенобионт – ортаның тұрақты ғана жағдайында тіршілік ететін ағза. Мысалы, форель балығы тау суы немесе таза суда ғана өмір сүре алады.

Бұл жағдайлар үшін 2 негізгі заң орындалады.

 Ю. Либихтің минимум заңы (1840 ж.) – ағза төзімділігі оның экологиялық талаптарының ішіндегі ең осал тізбегімен анықталады. Яғни  ағзаға факторлардың ішінде қажетті минимумы (ең аз мөлшері) жетіспесе (жылу, жарық, су және т.б.), онда экожүйе дамуы тоқтайды немесе өледі. Ағза кейде жетіспейтін бір затты өте көп мөлшердегі екіншісімен алмастыра да алатынын атап өту керек.

Шелфордтың толеранттылық заңы (1913 ж.) (немесе максимум заңы) – экожүйенің жоқтығы немесе оның дами алмауы қажетті факторлардың жетіспеушілігінен ғана емес, олардың көп мөлшерде болуынан да болады. Мысалы, су көп мөлшерде бола берсе, өсімдік шіріп кетуі мүмкін.

Осы заңдардың орындалуын өсімдіктерге тәжірибе жасап қарастырайық. Әртүрлі камераларда абиотикалды факторларды бақылай отырып өсімдіктерді өсірейік. Осы кезде бір ғана факторды өзгертіп (мысалы температураны), қалғанын тұрақты ұстайық. Белгілі бір температура мәнінен бастап өсімдік өзінің ең биік мәніне жеткенше өте жақсы өсе береді. Ал енді температураны одан ары арттыра берсек өсімдік өзін нашар сезіне бастайды да, ең соңында өліп қалады.

Нәтижелер көрсетіп отырғандай, өсуге, көбеюге және тірі қалуына әсер етуші әр фактордың ыңғайлы мәні, стресс аумағы және ағза өмір сүре алмайтын аумағы болады (2.1 суретті қара).

 

Оптимум (ыңғайлы) аумақ бұл әсер етуші фактордың ағзаның жақсы өсетін мәндерінің аралығы (диапазоны). Оптимум аумақтың сол және оң жақтарында стресс аумағы орналасады, бұл аумақта ағза қиналады, өсуі нашарлайды.

Төзімділік аралығы (диапазоны) ағза өсе алатын фактор мәндерінің аралығы, мысалы жоғарыда қарастырған өсімдік үшін ол температура диапазоны.

Төзімділік шегіәсер етуші фактордың өмір сүруге болатындай минималды және максималды мәні.

 

Сырттан әсер етуші фактордың мәні ағзаның  төзімділік шегінен шыққан кезде, ағза тіршілігін тоқтатады, яғни өледі (1 суреттің шеткі сол және оң жақтары).

    

 

 

 

 

 

 

 

 

            

                                                                                                                                    

                                                      

1 сурет – Төзімділік аралықтары

 

Бейімделу (адаптация)  дегеніміз эволюция процесінде ағзалардың өмір сүру ортасының өзгеруіне бейімделу қабілетін  дамыта алуы және әртүрлі жолдарын таңдай алуы. Бейімделу процестерін дамытатын негізгі факторларға тұқым қуалаушылық, өзгерушілік, табиғи  (немесе жасанды) талдау жатады. Мысалы, пингвиндер балықты аулау үшін тез жүзуге бейімделе отырып, қанатының қысқаруынан ұшу қабілетінен айырылған.

Акклиматизация ауа райының өзгерулеріне ағзаның белгілі бір уақыт аралығында бейімделуі.

Ағзалардың ортаның жайсыз шарттарына бейімделуі сол ортаның экологиялық факторларына тәуелді. Экологиялық факторлар мына түрде білінеді: қоздырғыштық (физиологиялық және биохимиялық функциялардың бейімделушілікке қарай өзгерістерін тудырады); шектеушілік  (берілген шарт жағдайында тіршіліктің мүмкін еместігін айқындайды); модификаторлық (ағзалардың анатомиялық және морфологиялық өзгеруін тудырады); белгі беру (ортаның басқа да факторларының өзгеріске ұшырай бастағаны жайлы сезімтал органдары арқылы хабарланады).

Ағзалар бейімделу жолында осындай ортаның қолайсыз шарттарынан құтылудың үш жолын  таңдап алған. Олар:

Белсенді жол  – ортаның қолайсыздығына қарамастан ағзалар тіршілігін жалғастыра береді, себебі бұл жол олардың бойындағы қарсылықты күшейтеді, бейімделу процессін дамытады. Мысалы, жылы қанды ағзалар ортаның температурасының өзгермелілігіне қарамастан, өз бойларындағы температураны тұрақты ұстайды. Әрине, бұл жол ағзалардан көп мөлшерде энергия жұмсауын талап етеді және олар ол энергияны үнемі толықтырып отырулары қажет.

Белсенсіз (пассивті) жол  – бұл ағзалардың тіршілік функцияларының қоршаған орта өзгерістеріне бағынуы. Орта жағдайы күрт қолайсызданғанда ағзалардың кейбір түрлері өз тіршілігін белсенділігін едәуір азайтып, «жасырын тіршілік» деп аталатын күйге көшеді. Мысалы, кейбір жәндіктер құрғақшылық кезінде ауада кеуіп қалады да, ылғал көбейгенде тіршілік белсенділігін арттырады. Бұл процесті анабиоз деп атайды. Бұл күйге ірі жануарлар ішінде аюлар түседі қорек көзі азайған кезде олар ұйқыға кетеді.

Ортаның қолайсыз жағдайынан қашу жолы – орта факторлары жайсыз жағдайға ауыса бастағанда ағзалардың кейбір түрлері тіршілік ету ортасын ауыстырады, яғни миграция басталады. Мысалы, құстар ауа райы суыта бастағанда жылы жаққа қарай ұша бастайды.

Ортаның ағзаларға әсері орта факторлары мен жағдайының қаншалықты тұрақты екендігінде. Ол тұрақтылық әсердің қайталануына байланысты. Осы тұрғыдан қарастырғанда ортаның әсер етуші факторлары бірінші ретті және екінші ретті қайталанбалы және қайталанбайтын болып бөлінеді.

 Бірінші  ретті қайталанбалы факторларға негізінен Жердің айналуына байланысты күн мен түннің ауысып отыруы, жыл маусымдарының ауысуы жатады. Бұл шарттарға ағзалар әбден бейімделіп алған және ол бейімділік тұқым да қуалайды.

Екінші ретті қайталанбалы факторлар бірінші  ретті қайталанбалы факторлардың салдары болып келеді, мысалы ылғалдылық, температура, шөптің өсу қарқыны, жауыншашынның түсуі.

Қайталанбайтын  факторларға белгілі бір уақыт аралығы жоқ, кездейсоқ болып отыратын факторлар жатады.  Мысалы, жанар таудың атқылауы, жердің сілкінісі, дауылдың тұруы және басқа да табиғи апаттар.

Сонымен қатар тұрақты түрде әсер ететін факторлар да бар. Мысалы, гравитациялық әсер барлық ағзаларды Жерге үздіксіз тартып отырады, осындай әсерге Жер планетасының магнит өрісі де жатады.  

 

3 Дәріс.  Популяциялар экологиясы – демэкология

 

Демэкология түрдің жекелеген өкілдерінің құрылымы мен динамикасын зерттейді.

«Популяция» терминін ғылымға алғаш 1903 ж. В.Иогансен енгізді.
Экологияда популяция дегеніміз – бір-бірімен өзара қарым-қатынаста болатын және бір территорияда бірігіп тіршілік ететін бір түрге жататын даралар тобы.

С.С.Шварцтың берген анықтамасы бойынша популяция – бұл қоршаған ортаның үнемі өзгеріп отыратын жағдайында санын тұрақты ұстап тұруға қажетті жағдайлармен қамтамасыз етілген белгілі бір түрдің ағзаларының элементарлық тобы.

Популяция немесе түрдің өз тіршілігінің соңына дейін мекен ететін жері және таралу аймағы ареал деп аталады.

Ареал көлеміне және таралу деңгейіне байланысты мынандай топтарға бөлінеді:

-              космополиттер – өкілдері Жердің тіршілік аймақтарының көпшілік бөлігінде кездесетін ағзалардың түрлері (мысалы, бөлме шыбыны);

-              убиквистер   –  кең ареалға ие және ортаның алуантүрлі жағдайында да тіршілік ете береді (мысалы, қасқырлар);

-              эндемиктер –  өте шектелген ареалға ие (мысалы, пингвиндер).

 

Популяцияның сандық көрсеткіштері  статикалық және динамикалық деп бөлінеді. Статикалық көрсеткіштер популяцияның осы мезеттегі жағдайын сипаттайды және мыналардан құралады:

-              саны популяциядағы жекелеген түрлер саны;

-              тығыздығыжекелеген түрлер саны немесе бірлік ауданға не бірлік көлемге келетін популяцияның биомассасы;

-              құрылым көрсеткіштеріжыныстық және жастық құрамы;

-              кеңістіктік-этологиялық құрылымыареал аумағындағы түрлердің таралу сипаты (біркелкі, біркелкі емес, кездейсоқ).

 

Динамикалық көрсеткіштері белгілі бір уақыт ішіндегі популяция ішінде болып жатқан процесті көрсетеді:

-              көбеюі – туылу арқылы белгілі бір уақыт аралығындағы жаңа жеке  түрлер саны;

-              популяцияның өсу жылдамдығы – бірлік уақыттағы популяцияның көбею қарқындығы. Популяцияның  өсу жылдамдығы оң, теріс, нөлдік болуы мүмкін. Бұл көрсеткіш көбеюдің, өлімнің және орын ауыстырудың көрсеткіштеріне байланысты.

-              өлу көрсеткішібірлік уақыттағы популяцияның жеке түрлерінің азаю саны.

 

Белгілі түрдің аса көбейіп кетпеуін реттейтін физикалық және биологиялық  факторлардың жиынтығы ортаның қарсылығы деп аталады. Олар: азық тапшылығы, су тапшылығы, тіршілік ортасының тапшылығы, қолайсыз ауа райы, жыртқыштар, аурулар, паразиттер және бәсекелестік. Ал тіршілік ету қабілеттілігі биотикалдық потенциалмен анықталады, олар – көбейуі, таралу қабілеттілігі, жаңа жерлерді тартып ала алу қабілеттілігі, қорғану механизмдері, қолайсыз жағдайларға төзу қабілеттілігі.

Популяцияға әсер ететін экологиялық факторлар: биотикалық, абиотикалық және антропогендік.

Биотикалық байланыстар алты топқа бөлінеді, олар 1 кестеде келтірілген.

1 кесте – Биотикалық байланыстардың сипаттамалары

Байланыс түрі

Аталуы

Белгісі

1

бірде бір популяция екіншісіне әсер етпейді

бейтараптылық

0 0

бір түр өзіне пайдасыз екіншісін қинайды (ағаш көлеңкесіндегі жарық сүйгіш өсімдіктер)

аменсализм

– 0

бір түр пайда көреді, ал екіншісі еш әсерді сезбейді (жануарлар қоректене жүріп шөп немесе өсімдіктер тұқымдарын таратады)

комменсализм

+ 0

өз-ара пайдалы байланыстар

симбиоз

+ +

бір түр пайда табады, ал екіншісі азық болады не қиналады 

жыртқыштық, паразиттілік

+

байланыс екеуіне де зиянды

бәсекелестік

– –

 

Гаузенің  бәсекелестік негізінде жою заңы: экологиялық талаптары бірдей түрлер ұзақ уақыт қатар өмір сүре алмайды. Бәсекелестік түр ішіндегі және түр аралық болып бөлінеді.

Табиғатта экологиялық шарттары бойынша алшақтап кеткен түрлер ғана бірге тіршілік ете алады. Мысалы жер құртымен қоректенетін құсты алатын болсақ, бірі ағаш басынан, ал бірі топырақтан қорегін тауып жейтін болғандықтан бірге тіршілік ете алады. Адам қоғамында бұл заң цивилизациялардың бір бірінен кете алмайтындығында, себебі Жер планетасы біреу ғана, басқа бос орын да, қоныстанбаған территория да қалмады. Осының салдарынан бәсекелестік күрес жалғасуда.

Популяция ішіндегі түрлердің бірге тіршілік ету  шарттары әралуан. Соларды қарастырайық.

Жалғыз тіршілік ету көптеген ағзаларға тән. Мысалы, көбею кезеңінен басқа уақытта кірпілер, шортандар және жайындар жалғыз, жеке дара тіршілік жасайды.

Топтанып тіршілік ету ағзаларда көптеген шартты белгілер қалыптастырады. Мысалы, қасқырларға топтанып қорек табу жеңіл, сондықтан олар өз тобының басшысын қабылдайды да, соның әрекетіне бағынады. Жылқылар да үйірімен бақпай ақ тіршілік ете алады, жыртқыштардан қорғанады және де үйір бастаушы жылқыға бағынады. Яғни топтық эффектісі қалыптасады.

Тағы да бір мысал: егер де қойды өз отарынан бөліп алса, оның жүрек қағысы мен тыныс алуы жиілеп, оны үрей билейді. Ал егер сол қойды қайтадан отарына, яғни өзіне ұқсастарға қосып жіберсе, ол жайбарақат қалыпқа түседі, бәрі қалпына келеді. Тіпті кейбір жануарлар мен жыртқыштар тобынан бөліп алса, көбею қабілетінен де айырылады. Осы мысалдардан топтық эффектіні айқын бақылауға болады.

Жанұялық тіршілікті қарастырсақ, бұл жағдайда ұрпақтар мен ата-ана арасындағы байланыс күшейе түседі. Мұның айғағы ұрғашы немесе еркегінің жұмыртқа басуы не күшіктерін сыртқы жағымсыз әсерлерден қорғап, бағуы.  Мысалы, құстар балапаны қанаттанып ұшып кеткенше бағып қорғайды, тастап кетпейді. Жанұялық тіршілік ету кезінде жұптар өз территориясын белгілейді және оны қызғанышпен қорғайды.

Биологиялық көрсеткіштердің уақыт бойынша өзгеру процесі популяция динамикасын көрсетеді. Негізінде популяцияның санының көбеюі шексіз бола алады. Бірақ сыртқы қоршаған ортамен абиотикалық және биотикалық әсерлесулердің салдарынан популяция өсуі шектеліп отырады.

Теориялық тұрғыда популяция көбеюі А. Лотки теңдеуімен сипатталады:

мұнда N - түр өкілінің саны, Т – уақыт, h - биотикалық потенциал.

Бұл функцияның графигі шексіздікке ұмтылған экспонента, сондықтан бұл заңдылықты экспоненталық өсу деп атайды.

Бірақ та табиғат қорлары шектеулі болғандықтан (ортаның сыйымдылығына байланысты) популяцияның өсуі шектеулі болады. Сондықтан шектеулік заңын қолданамыз:

,

мұнда К - ортаның сыйымдылығы.

Популяцияның көбеюіне қоршаған орта әсерінен басқа, өзара бәсекелестік пен тіршілік ортасы үшін күрес әсер етеді. Сонымен қатар популяция саны табиғи да реттеліп отырады, яғни аурулар, жұт, азық тапшылығы, құрғақшылық және т.б. Осының  бәрі популяция санының өз өзінен реттелуі деп аталады.

 

4 Дәріс.  Қауымдастықтар экологиясы – синэкология

 

Өзара байланысқан және бірдей жағдайда тіршілік ететін өсімдіктердің, жануарлардың, жәндіктердің ұйымдасқан тобы биоценоз деп аталады (биоценоз - ортақ өмір).  Биоценоз ағзадан да жоғары сатыда орналасқан тіршілік етудің ұйымдық түрі. Ал ортақ тіршілік ортасы уақыт пен кеңістікте фауна мен флорасын өзгертпей, жануарлардың белгілі бір топтарымен сипатталынады. Биоценоз мыналардан құралады: фитоценоз (өсімдіктер), зооценоз (жануарлар), микробоценоз (микроағзалар). Бұл биоценоздың дәл бір шекарасы жоқ, олар кеңістікте бір біріне үзіліссіз өтіп те кетеді.

Қауымдастықтардың қосылу заңдылықтары мен олардың ортақ өмір сүруін зерттейтін экология бөлімі синэкология немесе биоценология деп аталады.

Жалпылай біртекті жағдайларымен сипатталатын биоценоз биотоп деп аталады. Биоценоз бен биотоп бір-бірінен ажырамас ұғымдар.

Принциптері:

1.     Әртүрлілік принципі. Биотоптың  жағдайы шарттары алуан түрлі болған сайын биоценозда да түрлер көп болады.

Мысалы, тропикалық орман - онда бір жерде бірдей өсімдікті де табу қиын, олардың түрлері де өте көп.

2.    Жағдайлардың ауытқу принципі. Биотоп жағдайы қалыптыдан ауытқуы артқан сайын түрлер алуандығы азая береді, бірақ кейбір түрлер көбеюі мүмкін. Мысалы ластанған жерлерде ағзалардың алуандығы болмайды, бірақ бір түр көп болады және олар шектен тыс көбеюі мүмкін.

3.     Ортаның жайлап өзгеру принципі. Орта жайлап өзгерсе және тұрақтылығы ұзақ уақыттық болса, соншалық биотоп бай және алуан түрлі.

 

Биоценоз бен биотоп қосыла отырып биогеоценозды құрайды. Ол кішкентай көлшік немесе үлкен көл де бола алады.

Биогеоценоздың тірі құрама бөліктерін үшке бөлуге болады. 

1.        Процуденттер - алғашқы өнім берушілер (жасыл өсімдіктер).

2.        Консументтер - біріншілері өсімдік қоректілер, екіншілері етпен қоректенетіндер және тағы сондайлар.

3.        Редуценттер (жойғыштар, ыдыратушылар)  - кәдімгі грибтер мен микроағзалар.  Олар өлі ағзаларды ыдыратып, органикадан бейорганикалық заттар түзейді.

Бұл үш түрде өзара тығыз қарым қатынаста және байланыста болады. Онсыз тіршілік болмауы да мүмкін еді.

Түрлер арасындағы өзара байланыстар тура және жанама түрде болады және мынандай топтарға бөлінеді:

-          трофикалық байланыс бір-бірімен қоректенуден тұрады (тірідей не өлідей). Тропикалық байланыс өмір сүру жағдайын тіршілік процесі негізінде физикалық немесе химиялық өзгертумен анықталады. Әсіресе бұл өзгерістерді өсімдіктер жасайды;

-          форикалық байланыс бір түрдің екінші түрдің көбеюіне ықпал етуімен анықталынады. Тасымалдаушылар негізінен жануарлар;

-          фабрикалық байланыс өз тіршілігінде басқаларды не олардың қалдықтарын пайдалануын айтады.

Бәріне ортақ байланыстар, олар: жыртқыш – азық (жем), паразит – қожайыны, бәсекелестік, бейтараптық және т.б.

 

Биоценоздың түрдік  құрылымы.

Орта жағдайына байланысты түрлер көп те, аз да болуы мүмкін (тропикалдық орман мен арктика).

Кейбір биоценозда доминанттар бар, мысалы қарағайлы орманда доминант қарағай, ал предоминанттар - тиіндар. Доминттар тіршілік ортасын құраушы, ол жойылса көптеген түрлер де жойылып кетеді.

 

Биоценоздың кеңістіктік  құрылымы.

Ол негізінен өсімдік қабатымен анықталады (жер асты, жер беті, биікте). Жер астында бактериялар, жәндіктер және құрттар тіршілік етеді. Жер бетінде жәндіктер, аңдар, көптеген микроағзалар және т.б. тіршілік етеді. Биікте құстар және ұшуға қабілеті бар жәндіктер тіршілік етеді.

Биоценоздың экологиялық  құрылымы макроқұрылымға жатады.

 

Биоценоздағы ағзалардың қарым қатынасы бір біріне әсер бейтарап, жайлы немесе жайсыз болуы мүмкін, сонымен қатар осылардың комбинациялары да жатады. Ол комбинациялар мынандай:

-          бейтараптылық – бір біріне ешқандай әсері жоқ;

-          бәсекелестік  азық, территория және орта үшін күрес. Бірдей турлер осы факторлар үшін күресте бірге тіршілік ете алмайды, бір уақыт аралығында бір конкурент екіншісін ығыстырып шығады (Гаузе заңы) ;

-          мутуализм (симбиоз) – бір түр екіншісі арқылы ғана дамиды, тіршілік етеді, мысалы ара мен гүлдер;

-          комменсализм  бірінің тіршілігі екіншісіне пана және азық болады; мысалы акула мен оның үнемі қасында болатын күтуші балықтар;

-          аменсализм – бірінің екінші түрге еш пайдасыз, зиян алып келуі; мысалы ағаш көлеңкесіндегі өсімдіктің нашар өсуі;

-          паразитизм  –  біреу арқылы тіршілік ету;

-          жыртқыштық –  ең кең тараған түр. Бірақ мұнсыз биосферада тіршілік гармониясы да болмас еді.

 

Биоценоз (биота) – бұл өсімдіктердің (фитоценоз), жануарлардың (зооценоз) және микроағзалардың (микробоценоз) ұйымдасқан популяциялар тобы, олар өзара байланыса отырып, бірдей жағдайдағы ортада тіршілік етеді. Биотоп бұл биоценоздың өмір сүру ортасы. Биоценоз  биотоппен бірігіп, биологиялық макрожүйені құрайды ол биогеоценоз.

Әрбір биогеоценозды экожүйе деуге болады, ал әрбір экожүйені  биогеоценоз деуге бола бермейді. Себебі биогеоценоз – бұл экожүйенің бір бөлігі ғана.  

Экожүйе бұл бір-бірімен белгілі бір заңдылықтармен тығыз байланыста тіршілік етуші әртүрлі ағзалардың жиынтығы мен тіршілік ортасының жағдайы. Терминді  1935 жылы ағылшын экологы Тексли енгізген. Ең үлкен экожүйе Жер биосферасы, ары қарай кішірейе береді: құрлық, мұхит, тундра, тайга, орман, көл, көлшік, гүл отырғызылған ыдыс және тағы сондайлар (2 суретті қара).

Кез келген экожүйеде азық табу үшін әртүрлі өзара қарым-қатынастар орын алған. Оның құрамды бөліктері: фитоценоз – продуценттер (өсімдіктер), күн энергиясын қабылдау арқылы алғашқы азық қорын құрады; зооценоз – консументтер (жануарлар), екінші ретті азық қорын құраушылар; микробоценоз – редуценттер – өлі органиканы қорек қылып, оны қорыту негізінде өсімдіктер қоректене ала алатындай түрде минералды элементтерге айналдырушы ағзалар.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

2 сурет – Экожүйе құрылымы

 

Экожүйелерде энергия азық арқылы таралады, яғни өсімдіктер жануарларға қорек, ал жануарлар бір біріне азық, осы жалғасты азықтық тізбе (трофикалдық) дейді.  Егер де азық жүйесінде тізбектер көп болса, соғұрлым экожүйе тұрақты болады.

 

 


3 сурет - Энергия пирамидасы

 Экологиялық пирамида –продуценттер, консументтер және редуценттер арасындағы қатынастар, ол үш түрлі болады:

1)                сан пирамидасы, жеке ағзалар саны;

2)                энергия пирамидасы, яғни бір азық тобынан екінші азық тобына беріліп отыратын энергия мөлшері (3 суретті қара);

3)                биомасса пирамидасы, яғни олардың құрғақ биомассасы, калориясы және жинақтаған энергиясы (4 суретті қара).

 

 

 

4 сурет  -  Биомасса пирамидасы

 

Трофикалдық деңгейлер санының өте көп болмайтыны түсінікті, себебі биомасса пирамида ұшына қарай нөлге ұмтылады.

Экожүйенің қаситеттері –  гомеостаз, өсімшілдігі, өздіктазалануы, төзімділігі, тұрақтылығы, эмерджменттілігі, сукцессиясы, зат айналымына қатысушылығы.

 

-          Гомеостаз – тірі ағзалардың зат алмаса алатындығы және әртүрлі химиялық реакциялар түзе алушылығы.

-          Өсімшілдігі  бірлік уақыт аралығындағы экожүйедегі биомассаның артуы. Ең жоғарғы өсімшілдік тропикалық ормандарға тән, өте төменішөлдер мен тундрада.

-          Өздіктазалануыластаушы заттардан құтыла алуы не оны түрлендіре алу қабілеттілігі.

-          Төзімділігі  –  сыртқы факторлар әсері кезінде экожүйенің өз құрылымын және әрекет ету қабілеттілігін сақтауы.

-          Тұрақтылығы экожүйенің тепе теңдік жағдайынан шыққаннан кейін өзінің бастапқы қалпына келе алу қабілеті.

-          Эмерджменттілігі  – экожүйенің ерекше қасиеті, ол белгілі қасиеттерінің жай қосындысы емес.

-          Экологиялық сукцессия – табиғи және антропогендік факторлардың әсерінен биогеоценоздардың біртіндеп қайтымсыз ауысуы.  

 

5 Дәріс.  Биосфера және оның тұрақтылығы

 

Биосфера құрылымы.

Биосфера биос  –  өмір және тіршілік, «Sphaira» (сфера)  – шар, қоршаған орта деген сөздерінен алынған, яғни жер шарындағы адамзаттың, жан-жануарлардың, өсімдіктердің және басқа тірі ағзалардың тіршілік ететін ортасы деген мағына береді.

Бұл терминді 1875 жылы бірінші рет Австрияның атақты геологы Э. Зюсс ғылымға енгізді. Бірақ биосфера және оның жер бетінде жүріп жатқан процестері туралы ілімнің негізін салған академик В.И. Вернадский болды. Осы ілім бойынша, биосфера +50 %-дан – 50 % -ға дейін температурасы болатын термодинамикалық қабат болып саналады. Биосфера негізінен үш қабаттан құрылады. Олар: атмосфера (газ күйіндегі), гидросфера (су), литосфера (қатты) қабаттар (5 суретті қара).

 

Биосфера:

 

 

 

5       cурет – Биосферадағы өз-аралық байланыстар

 

Атмосфера жер шарын түгелдей орап тұрады. Ол гректің «atmos» - бу, «sphairi» (сфера) сөзінен шыққан. Оның қалыңдығы 100 км-ге дейін жетеді. Атмосфераның негізгі құрамында оттегі (20,95 %), аргон (1,28 %), азот (75,50 %), және басқадай газдар кездеседі. Атмосфера негізінен тропосфера, стротосфера және ионосфера қабаттары болып үшке бөлінеді.

Тропосфера – грекше «tropos» (тропос) – бұрылысы, «sphaira» (сфера) – шар. Өзгермелі қабат деген мағына береді. Жер бетіне тікелей жайласқан төменгі тығыз қабаты. Орташа биіктігі 10 - 12 км-ге жетеді.

Стротосфера – латынша «stratum» - төсем, тағы сондай сияқты теңіз деңгейінен 9-11 км жоғары жататын атмосфера қабаты.

Ионосфера – гректің «ion» - қозғалғыш қабат деген сөзінен алынған. Қалыңдығы 800 км-ге жетеді.

Гидросфера – табиғи су қоймаларынан (мұхиттардан, теңіздерден, көлдерден, өзендерден) құралады. Бұл құрлықтың 70 % алып жатыр. Гидросфераның ауданы 400 млн. шаршы км.

Литосфера – жердің қатты қабаты. Ол екі қабаттан құралған. Үстіңгі қабаты граниттен, оның қалыңдығы 10 км-ден 40 км-ге дейін жетеді. Ал астыңғысы базальттан тұрады. Қалыңдығы 30-80 км.

Жоғарыда айтылғандай минералды қабаттардан басқа, жерді ерекше тағы бір қабат – биосфера қоршап тұрады. Ол тірі ағзалар тараған аймақтардың бәрін қамтиды. Биосфераның пайда болуымен бірге, жер бетінде тірі ағзалар өсіп-өніп, сыртқы қоршаған ортаның эволюциялық дамуына сәйкес қалыптасады. Биосфера теңіз тереңінен бастап, тау жоталарының шыңдарына дейін бүкіл құрғақ жерді алып жатыр (6 суретті қара).

  Атмосферадағы биосфераның жоғары шегі 20 км биіктікке дейін жетеді. Онда микробтардың споралары (өршігіш тұқымы) кездеседі. Бактериялар атмосфералардың азон қабатында да өсіп-өнеді. Биосферада мол кездесетін микроағзалар жер бетінен 50-70 метрге дейінгі биіктікте ғана тарайды.

Литосферадағы биосфераның төменгі шегі 2000 – 3000 м-ге дейін тереңдікке жетеді. Олар онаэробты бактериялар.

 

                    

 


                  

 

                                                                                                        

 

                         

                                                                                                          

                                                                

                                                                                                        

 

6 сурет  - Биосфера  құрылымы

Гидросферадағы биосфераның шегі 11 км-ге дейінгі тереңдікке жетеді. Теңіз жануарлары және өсімдіктері (қызыл, жасыл, қоңыр балдырлар) үшін су өте қолайлы орта. Таза, мөлдір болғандықтан күн сәулесі оның 200 метр тереңдігіне дейін тарайды. Бұдан кейінгі судың қабаттарын мәңгілік қараңғылық басып тұрады. Мұндай қабаттарда да тіршілік ететін ағзалар болады.

Биосфераның пайда болуы.

Биосфера бірден пайда болған жоқ. Ол өте көне заманнан бері қарай күні бүгінге дейін біртіндеп дамып келеді. Биосфераның ертеден бері қарай құралып келе жатқанын дәлелдейтін палеонтологиялық материалдар қарапайым тірі ағзалардың қалдықтарының жер қыртысының әрбір қабаттарынан табылуында. Осы қабаттарға сүйене отырып, ғалымдар биосфераның негізгі пайда болу жолдарын аықтады.

Биосфераның ең бірінші заманы Архей деп аталады. Бұл кезде биосфера қандай жағдайда дамығаны және қандай тірі ағзалар болғаны туралы ешқандай деректер жоқ.

Протерозой эрасы – биосфераның екінші дәуірі боп есептеледі. Бұл заман 700 млн. жыл бойына созылған. Протерозойда тірі ағзаның қарапайым түрлері тіршілік еткен. Олардың сол дәуірде тасқа жабысқан қалдықтары әртүрлі тау жыныстарынан қазіргі кезде де байқалады.

Биосфераның Палеозой эрасы немесе ертедегі тіршілік кезеңі. Бұл дәуір шамамен алғанда бұдан 570 млн. жыл бұрын басталып, 300 млн. жылға созылған. Бұл эра кембрий, ордовик, силур, девон, карбон және пермь дәуірлері болып бірнешеге бөлінеді.

Кембрий дәуірінде барлық өсімдіктер теңіз суларында өскен. Олар көк жасыл балдырлар болатын. Силур кезеңінде өсімдіктер құрлыққа біртіндеп шыға бастап, дами түсті. Девонның аяқ кезінде бұлардан басқа қырықбуындылар, плаундар және папоротниктер қаулап өсе бастады. Өсімдіктер құрлыққа шыққаннан кейін фотосинтездің ықпалымен атмосфералық ауаның химиялық құрамы өзгеріп, құрлық жануарларының дамуына жағдай туды, өйткені фотосинтез процесі арқылы ауада оттегі көбейе түсті. Тас көмір дәуірі (карбон) жылы және ылғалды болды. Мұның өзі құрлық өсімдіктерінің қаулап өсуіне мүмкіншілік жасады. Әсіресе сәнді орман ағаштарының көлемі үлкен аймақтарды қамтыды. Бұл дәуірдегі өсімдіктер негізінен плаундар, қырықбуындар және папоротниктер болды. Бұлар псилофиттен таралып, тас көмір дәуірінің басында солардың орнын түгелімен басты.

Пермь дәуірінің бас кезіндегі өсімдіктерде тас көмір дәуіріндегі өсімдіктерге ұқсас көптеген белгілер болды. Бірақ пермь дәуірінің ортасында жер бетіндегі өсімдіктерге кенет өзгеріс кірді. Ағаш тәрізді плаундар, каламиттер, папоротниктер мүлдем жойылып кетті. Бұлардың орнына жалаңаш тұқымды өсімдіктердің тұқымынан өсіп шыққан қылқандылар, цикада тәрізділер және шикгалар өсе бастады.

Мезозой эрасы немесе орта тіршілік кезеңі бұдан 135 млн. жыл бұрын басталып, 115 млн. жылдан астам уақытқа дейін созылған. Үш дәуірге бөлінеді: триас, юра, бор. Триаста тау құрылу процестері баяуланды. Бұл эраның құрлық өсімдіктері біркелкі болды. Юра дәуірінде теңіз жағалауларындағы ормандарда папоротник, қырықбуындылар, жалаңаш тұқымдылар – гинасомер, қылқан жапырақтылар қаулап өсіп, дами түсті. Мезозой эрасындағы, әсіресе соңғы кезінде – бор дәуірінде, қазіргі флора қалыптасудан бұрын, жер бетіндегі органикалық тіршілікке үлкен өзгеріс енді. Осы кезде теңіз сулары азайып, құрғақ жерлер көбейе бастады. Бор дәуірінің аяғында Шығыс Азия мен Америкадағы Анд аймақтары жоғары көтеріле түсті. Бор дәуірінде климат кенет өзгеріп кеткен. Профессор М.И. Голенкин бұл өзгеріс жерге түсетін күн сәулесінің интенсивті болуымен байланысты деп жорамалдайды.

Ауа райының бір мезгілде кенет өзгеруі өсімдіктер эволюциясында жаңа ароморфоз пайда болуына себеп болды. Бұларда көптеген жаңа прогрессивті белгілер жетіле түсті. Мәселен, аналықтың, сондай-ақ жеміс дамитын құрылымның болуы, қосарлы ұрықтану, гүлдің пайда болуы және тағы басқа.

Кайназой ғасыры бұдан 70 млн. жыл бұрын басталған. Осы уақыттан бері барлық эралар бойынша қазіргі кезден флораның қалыптасу процесі жүрді. Кайнозой ғасыры екі дәуірге бөлінеді. Ол үштік және төрттік кезеңдер.

Үштік дәуірде тау құрылу процесі дами түсті. Жер бетіндегі ең биік Альпы-Гималай таулары пайда болды. Осы кезде Қара теңіз бен Жер Орта теңіздері оқшауланып өз алдына бөлініп қалған.

Төрттік дәуір жер бетінде тіршілік дамуының ақырғы және ең қысқа дәуірі болып саналады. Ұзақтығы 1 млн. жылдай ғана болды. Бұл дәуірге тән жағдай – сол суық кезеңдер және мұз дәуірі жылы ылғалды ауа райымен алмасып отырғаны байқалады. Өйткені өсімдік әлемі мен жер қыртысының даму процесі біркелкі емес. Мұздар жер бетін басқан кезде жылылықты сүйетін өсімдіктер оңтүстікке қарай ығысып кетті. Бірте-бірте ауа райы жылынып, өсімдіктердің өсуіне қолайлы жағдайлар туды.

Биосфера – белсенді өмірдің аумағы, Жер қабатының құрамы, құрылымы және энергетикасы өткен заман мен қазіргі кезде ағзалардың тіршілігімен байланысқан.

Осы күні Жерде тірлік пайда болуының бірнеше гипотезалар бар, олар:

Идеалистік  – тіршілік жаратушымен, құдаймен жасалған; Стационарлық күй гипотезасы – әлем әрқашан болған және мәңгілік болады да; Панспермия  гипотезасы – тірі Ағза космостан келген және жер жағдайына бейімделген. Бірақ осы күнге дейін бірде бір гипотеза дәлелденген жоқ.

Ғалымдардың басым көпшілігі бойынша жердегі өмір дамуы үш этаптан тұрады:

1)     биологиялыққа дейінгі  - Жердің пайда болғанынан өмір пайда болғанға дейінгі аралық;

2)     Биосфераның пайда болуы;

3)     Ноосфераның құрылуыақыл ой сферасының пайда болуы (эволюция негізінде адам пайда болды).

3,5 – 4 млрд жыл бұрын пайда болған биосфера кұрамына тірі ағзалардың 3 млн. түрі, олардың қаңқалары, атмосфера, гидросфера және литосфера зоналары да кіреді.

Барлық тірі ағзаларды Вернадский В.И. тірі зат деп айтты (массасы, химиялық құрамы, энергиясы бойынша).  Бұдан басқа биосфераға биогендік заттар кіреді (тірі ағзалардың тіршілік етуінің өнімі – тас көмір, битумдар, мұнай), биожанама заттар (тірі ағзалардың тау тасты ыдырату және өңдеу өнімі – топырақ, табиғи минералды сулар),  жанама заттар (олардың пайда болуына тірі ағзалар қатыспайды – су, магмалық тау қыртыстары, космос шаңы, метеориттер).

Биосфера жердің ерекше қабығы, сондықтан біз жердің құрылысымен танысуымыз керек. Жер ортасынан бастағанда химиялық құрамы және тығыздығы әртүрлі сфералық қабаттардан тұратын геосфераларға бөлінеді. Жер ортасынан бастағанда олар жер ядросы, жер мантиясы, жер қабығы литосфера, атмосфера және магнитосфера деп аталынады (2 кестені қара).

2 кесте - Жер геосфераларының негізгі қасиеттері

Көрсеткіштері

Жер ядросы

Мантия

Литосфера

Гидросфера

Атмосфера

 

 

 

 

 

 

Тереңдігі, км

2900-6370

2900

Орташа 17, континенттер 35-70, мухит астында 5-7

Орташа 3,8

Макс 11

1000-3000

Орташа 2000

Көлемі

1018 м3

175,2

897

10

1,4

1320

Тығыздығы, г/см3

9,4 – 17,2

3,3– 5,7

2,7 – 3,3

0,99 – 1,03

жерге жақын - 10-3

750 км-де - 10-16

Массасы, 

1021 г

188·104

405·104

5·104

1455,8

5,15 – 5,9

Жер массасымен салыстырғанда,

32,3%

67,2%

0,48%

0,02%

10-6%

 

Жерге тереңдеген сайын температура арта бастайды, әзірге белгілісі   тірі ағзалар 4 км тереңдікте өмір сүре алатындығы. Мұхиттарда 11 км тереңдіктерде тірі ағзалар өмір сүреді.

25 – 30 км биіктіктен кейін тірі ағзалар УФ сәуле әсерінен өліп қалады азон қабаты аяқталады, сондықтан ең жоғарғы тірі ағзалар бар биіктік 20 – 22 км. Ал тірі ағзаларға өте бай аралық жер қабатының бірнеше метр тереңдігінен бастап жер бетінен бірнеше ондаған метр биіктікке дейін болады. Осы аралықты Вернадский В.И. өмір қабықшасы деп атаған.

Тірі  ағзалардың денесінде химиялық элементтердің барлығы бар. Олар микроэлементтер, макроэлементтер және ультрамикроэлементтер болып бөлінеді.

Жер бетіндегі өсімдіктер бойында 340 млрд. т. дейін химиялық элементтер өмір сүру цикліне қатысады.

Тірі  ағзалардың ең басты ерекшелігі энергияны пайдалану әдісінде. Олар күннен түскен энергияны өмір сүру процессінде механикалық, химиялық, жылу, электр және т.б. түрлерге айналдыра алады, тасымалдайды және бір-біріне бере алады. Ал тірі емес заттар бұлай істей алмайды, олар сол жатқан жерінде жата береді.

Тірі  ағзалардың екінші бір ерекшелігі олар көбейе алады.

В.И.Вернадскийдің биогеохимиялық заңдары (принциптері):

1)     биосферадағы химиялық элементтердің биогендік миграциясы өзінің максималды көрінуіне ұмтылады. Яғни өмір әрқашан өзіне жайлы кеңістікті толтыруға тырысады;

2)     геологиялық уақыт аралығында түрлердің эволюциясы биосфера атомдарының биогендік миграциясының ұлғаю бағытында жүріп отырады, яғни олар өсіп өнуге, көбеюге ұмтылады;

3)     Жер тарихы бойында оны қоныстану сол кездерде тіршілік еткен тірі заттар үшін ең жоғарғы мүмкіндікте болды.

Мысалы адамдар ең жоғарғы сатыда орналаса отырып барлық жерге қоныстанған. Ал тіршілік иелерінің тұрақтылық саны ірілерінің жойылуымен, ал кішілерінің көбеюімен анықталады, кейде олар адам үшін өте қауіпті де болуы мүмкін.

Тірі заттардың бес негізгі функциясы бар –олар энергетикалық, газдық, концентрациялық, тотығыштық және ыдыратушылық.

Энергетикалық функция ол космостан алынатын сәулелерді басқа энергия түрлеріне ауыстыру болып табылады. Мысалы күн сәулесін фотосинтез арқылы тіршілік көзіне айналдыру. Күн энергиясы осы тіршілік арқылы көмірге, мұнайға айналды.

Газ функциясы арқылы биосфераның газ құрамы өзгерді. Мысалы, оттегі осы фотосинтез арқылы мөлшерін көбейтіп отырады.

Топырақ қабатын педосфера деп атайды. Ол тірі ағзалардың өмір сүруінен пайда болған органикадан және тірі емес заттардан тұрады. Құрамына қарай нәрлі, орташа нәрлі және нәрсіз болып бөлінеді. Қалыңдығы 20 см-ден 1 м-ге дейін жетуі мүмкін. Ол үш фазадан тұрады - судан, топырақтан және ауадан.

Планетада барлық заттар айналмалы процесте болады. Күн энергиясы Жерде екі түрлі зат айналымын тудырады:

1)     үлкен (геологиялық немесе абиотикалдық);

2)     кіші (биотикалдық).

Абиотикалдық айналымда тау жыныстары қирайды, ұсақталады, желмен ұшып, мұхиттарға түседі; геотектоникалды өзгерістер жүріп, материктер ойылып түседі, теңіз түбі көтеріледі. Осы үлкен айналым арқасында тірі  ағзаларға азық элементтері жеткізіледі және олардың тіршілік ортасы қалыптасады.

Кіші айналым (қатты, сұйық және газ түрінде) тірі ағзалардың қатысуымен болады. Үлкен айналымға қарағанда кіші айналым әртүрлі ұзақтықпен жүредімаусымдық, жылдық, көпжылдық және ғасырлық болып жүреді.

 

6 Дәріс.  Тұрақты даму концепциясы

 

Адамзат өзінің тез өсіп келе жатқан сұрамдары мен биосфераның оны қамтамассыз ете алмайтындығы арасындағы қарама қайшылыққа тап болып отыр. Сондықтан осы қарама қайшылықты шешетін идея пайда болды, ол бойынша адамзаттың өмір сүруі мен ары қарай тұрақты даму мүмкіндігіне кепілдік беретін   цивилизациялық жолмен дамуына өтуін қарастырады. Сол арқылы табиғаттың болашақ тіршілікті қамтамассыз ету мүмкіндігін арттыру көзделеді.

XX ғасырдың орта шеніне дейін адамзат технологияларды игере отырып табиғат байлығын тездетіп игерумен айналысты, яғни «Бізге табиғаттан жақсылық күту қажет емес, оны алу – біздің қолымызда» деген белгілі ұранмен әрекет жасап келді. Бірақ табиғат қорларының шектеулі екендігі де ойландыра бастады, себебі адам санының тез артуы мен сұраныстың көбеюі, азықтың жетісе бермеуі өз әсерін білдіре бастады.

Қоршаған ортаның нашарлап бара жатқан жайы мен табиғат байлықтарының шектілігі осы қорларды пайдалануды түбегейлі өзгертуді талап ете бастады. Бұлай болмаса 100 жыл аралығында бар қор таусылады, қоршаған орта бұзылады да осының бәрі адам санының күрт азаюына, өндірістің өнімінің азаюына және күрделі әлеуметтік мәселелерге алып келіп соқтырады.

Сонымен қатар техникалық прогрессті тоқтатуға, сан алуан сұраныстан бас тартуға болмайтыны да белгілі. Оған адамзат әлі дайын емес. Оның себебі әр ел әртүрлі дамыған, білім деңгейі де әртүрлі, қоршаған орта жағдайына да көзқарас әртүрлі.

Тұрақты даму анықтамасы қоршаған орта мен даму бойынша 1987 ж Халықаралық комиссия жасаған «Біздің ортақ болашақ» атты баяндамада берілді. Тұрақты даму анықтамасы былай қорытындыланды «осы күнгі сұранысты қамти отырып, болашақ ұрпақтарды да өз сұранысын қамтамассыз ете алатындай даму».

Үш жыл өткеннен кейін мынандай толықтама жасалды «Тұрақты дамуға талап  -  табиғи қорларды және жүйелерді жеткілікті түрде бұзбай, болашақта да экономикалық пайда табатындай сақтау».

Рио-де-Жанейрода 1992 ж. өткен Жер планетасы мәселелерін қарастырған жоғарғы деңгейдегі конференцияда «XXI ғасырдың күн тәртібі» деп аталатын жоспар қабылданды.

Тұрақты дамудың негізгі бағдарламасы адам өмірінің сапасын арттыру. Ол үшін адам өмірінің сапалық критерилерін, бағалануын қайта қарап, өзгерту керек. Сонымен қатар материалдық емес бағалымдарды енгізу, олар: жеке қауіпсіздігін арттыру, білім сапасын арттыру, емдеу сапасын жақсарту, мәдени деңгейін көтеру, информацияны алу жолдарын көбейту, ыңғайлы қоршаған ортаны жасау.

Тағы да бір критерий – қоршаған ортаға антропогендік зиянды әсерді азайту.

Тұрақты даму келесі принциптерге негізделеді:

-                    табиғатпен гармонияда болу және баянды өмір сүру құқығын сақтау;

-          дамудың бөліп алынбайтын құрамасы қоршаған ортаны қорғау;

-          жайлы қоршаған ортамен қазіргі және болашақ ұрпақтарды да қамтамассыз ету;

-          халықтар арасындағы өмір сүру деңгейіндегі алшақтықты, кедейлер мен байлар арасындағы теңсіздікті азайта отырып жою;

-          табиғатты қорғау туралы заңдылықты жетілдіру;

-          тұрақты даму принциптеріне қайшы келетін өндіріс пен сұраныстарды жою.

Тағы үш өзара келісілген және тарихи маңызы зор құжаттар да қабылданды:

1)     қоршаған орта мен даму туралы Декларация;

2)     барлық ормандардың  тұрақты дамуын, басқарылуын және сақталуын белгілейтін глобалды консенсус туралы құжат;

3)      XXI ғасырдың күн тәртібі, немесе 21 күн тәртібі.
Тұрақты даму деңгейлері: локалды, аймақтық, ұлттық, халықаралық, глобалдық.

Тұрақты даму факторлары: экологиялық, экономикалық, әлеуметтік.

Қазақстанда да экологиялық тұрақты даму бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама келесі бағыттарды қамтиды:

Тұрақты даму мақсатында қоршаған ортаны басқару жүйесін жетілдіру. Бұл бағытта экологиялық жобалар өзара үйлестіріледі және «ҚР кедейшіліктен арылу бағдарламасымен» байланыстырылады, аймақтық қоршаған ортаны қорғау іс әрекеттер жоспары, сонымен бірге Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапында жүзеге асырылатын «Экономикалық дамудың жетістіктеріне шолумен» де байланысты орындалады. Жоспарлы түрде жергілікті әкімшілік, ұлттық және халықаралық тұрғыдағы тұрақты дамумен байланысты жүргізілетін бағдарламалар мен жобалар мониторингі де орындалып отырады.

Тұрақты даму үшін байланыстар орнату. Бұл бағыттың негізгі идеясы әртүрлі секторлар арасындағы тосқауылдарды тұрақты даму үшін жою болып табылады. Қазақстанның «Күн тәртібі – 21» жобалары сала аралық және сектор аралық сипатымен ерекшелінеді, мысалы:

-                             экологиялық туризм, тұрақты қалалар мен елді мекендер, экологиялық таза үйлер салу, толықтырылып отыратын энергия көздері;

-                             Іле-Балқаш бассейінінің тұрақты дамуы;

-                             биосфералық қорларды сақтау, экология- экономикалық аумақтар, ғылыми бау бақшалар;

-                             әлемдік стандарттарға көшу, жалпылай сапаны басқару;

-                             экологиялық іскерлікті арттыру;

-                             тұрақты даму заңын дайындап, қабылдау.

 

Тұрақты даму тұрғысынан Қазақстанның дамуын бағалау. Бұл тұрғыда Қазақстан экономикасы шикізат шығарып сатушыдан өндіріс тауарларын өңдеп, шығаратын, оларды экспортқа шығарушы елге айналуын қарастырамыз.  Өндірістік тауарлардың сапасын арттыра отырып, жаңа сату нарықтарына шығу, әлемдік сауда ұйымына мүше болып, экспорттық саланы арттыру. Сауда-саттық, салық салу, кедендік заңдылықтарды Халықаралық деңгейге дейін көтере отырып, шикізат пен өндіріс тауарларын экспортқа шығарудан әлем елдері ішінде алдыңғы қатарға шығу.

Елдің ары қарай өркендеуі үшін ғылымды арттыру, жаңа технологиялар мен техниканы өндіріске енгізу, машина мен өндіріс құралдарындағы қазақстандық мазмұнды ұлғайту, білім беру мен медициналық көмек көрсету, емдеу сапасын жоғары дәрежеге жеткізу, нанотехнологиялар жетістіктері мен космостық зерттеулердің нәтижелерін кеңінен өмірде қолдану қолға алынуы керек.

Сектораралық байланыс пен әріптестік жүйесін құру мақсатында Қазақстан Республикасының тұрақты даму Орталығын құру жоспары әзірленіп ұсынылды. Жобаның эксперттік қатысуы кезінде Балқаш-Алакөл Бассейндік кеңесі құрылды (БК). Нұра-Сарысу БК құру процесіне сараптамалық қолдау көрсетілді.

Қазақстан Репсубликасының тұрақты дамуға көшу тұжырымдамасы – 21 ғасырдағы Қазақстан Күн тәртібінде қарастырылды.

 Экологиялық кодекс пен қоршаған ортаны қорғауға байланысты заңдарды қайта қарастыру құжаттары бойынша жұмыстар орындалды.
Заңдарды қайта құру мәселелері бойынша басқа халықаралық жобалармен өзара кеңес беру және материалдарға сараптама жүргізілді: 

-           ҚР мен Алматы қаласындағы қалдықтарды басқару жүйесі бойынша және БҰҰ ТД жобасы және Чехиямен;

-           БҰҰ ТД жобасымен глобалды конвенциялардың потенциялын бағалау бойынша; 

-           БҰҰ ТД жобасымен ИУВР бойынша;

-           Астана қ. ТД стратегиялық жобасының экологиялық компоненті бойынша бөлімді редакциялау;

-            ОА РЭО жобасымен Іле-Балқаш бассейнін экожүйелік басқару бойынша.

2000 ж. ҚР мемлекеті БҰҰ-ның дамыту бағдарламасымен бірге «2001-2004 жж. тұрақты даму үшін институционалдық күшейту» атты Қазақстандағы халықаралық жобалардың міндеттері бойынша күрделі және ұзақ мерзімді бағдарламаны қабылдады. Бағдарламаның негізгі мақсаты - тұрақты даму (ТД) институттары арқылы ведомствоаралық және сектораралық кедергілерді болдырмауды жетілдіру.

Қазақстан Республикасы әлемдік қоғамдастыққа толыққанды қатысушы ретінде ХХІ ғасырға арналған күн тәртібінде (Рио-де-Жанейро, 1992 жыл) және Мыңжылдық самиті (Нью-Йорк, 2000 жыл) мен Тұрақты даму жөніндегі әлемдік саммит (2002 жыл, Йоханнесбург) декларацияларында қойылған міндеттерді орындау жөнінде міндеттемелер қабылдады. Қазақстан Республикасы тұрақты дамуға қол жеткізу бағытында бірқатар шаралар қабылдады.

Қазақстан БҰҰ -ның Тұрақты даму жөніндегі комиссиясының, «Еуропа үшін қоршаған орта» және «Азия үшін қоршаған орта мен тұрақты даму» процестерінің, тұрақты даму үшін Дүниежүзілік кәсіпкерлер кеңесі өңірлік еуразиялық желісінің мүшесі және белсенді қатысушысы болып табылады.

Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясы, Қазақстан Республикасы дамуының 2010 жылға дейінгі стратегиялық жоспары, Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму стратегиясы, Қазақстан Республикасының 2004-2015 жылдарға дейінгі экологиялық қауіпсіздігі тұжырымдамасы, Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі аумақтық даму стратегиясы қабылданды, Қазақстан Республикасының тұрақты даму жөніндегі кеңесі және «Самұрық-Қазына» әлеуметтік даму қоры» АҚ құрылды.

Қазақстан Республикасы Еуразия құрлығының экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуде ерекше рөл атқарады. Еуропа мен Азия арасында саяси, мәдени және экономикалық көпір бола отырып, Қазақстан құрлықта ландшафтар мен экологиялық жүйелердің дамуында осы тектес байланыстырушы қызмет атқарады. Қазақстан аумағының көлемі, климат жағдайларының әр түрлілігі, өңірдің су теңгерімінің ерекшеліктері Еуразияның күллі аумағындағы экологиялық жағдайды оның Қазақстандағы тұрақтылығына айтарлықтай тәуелді етеді.

 

7 Дәріс.  Табиғат қорлары және оны тиімді пайдалану тұрақты дамудың бір аспектісі ретінде

 

Табиғи қорлар – адамның өз мақсаттары мен өмір сүруін қамтаммассыз ету мақсатында қолданатын табиғи заттар мен құбылыстар жиынтығы. Оған ауа, күн, жел, су, жер, ормандар, табиғи құрылыс материалдары, пайдалы қазбалар мен т.б. жатады.

Табиғи қорлардың бірінші белгісі олардың түрі. Сол бойынша олар табиғи құбылыстар (мысалы, күн энергиясы, жел, теңіз суының қайтуы мен келуі), жануарлар әлемі, өсімдіктер әлемі, табиғи заттар (су, ауа, топырақ) және пайдалы қазбалар (мұнай, алтын, темір және т.б.) деп бөлінеді. Сонымен қатар пайдалы қазбалар пайдалануға дайын (көмір, қымбат тастар мен минералдар, тұз) және өңдеуді қажет ететіндер (мұнай, руда, тыңайтқыштар) болып бөлінеді.

Табиғи қорлардың екінші белгісі олардың таусылып қалатындығы. Осы бойынша таусылатын және таусылмайтын болып бөлінеді.

Таусылмайтын табиғи қорлар бұл ұзақ мерзімді табиғатты пайдаланғанда мөлшері мен сапасы өзгермейтін не өзгерісі сезілмейтін табиғи физикалық құбылыстар мен заттар. Мұндай қорлар күн энергиясы, жел энергиясы, қозғалыстағы су  энергиясы, жер қойнауының энергиясы.

Таусылатын табиғи қорлар  бұл ұзақ мерзімді табиғатты пайдаланғанда мөлшері мен сапасы өзгеретін табиғи физикалық құбылыстар мен заттар.

Үшінші белгі ол қорлардың орнының толыға алатындығы. Осы белгі бойынша қорлар:

-          өзіндік орнын толтыра алатын   (өсімдік пен жануарлар әлемі, микроағзалар әлемі);

-          өзіндік орнын толтыра алмайтын (қазба байлықтар);

-          салыстырмалы өзіндік орнын толтыра алатын   (құнарлы топырақ, кесілген ағаш).

 

Қазақстанда сан-алуан пайдалы қазбалар бар. Менделеев кестесінің 105 элементінің  99-ы  Қазақстанда табылған, оның 70-нің қоры анықталған, қазір 60-тан астам элемент өндіріске енгізілген.

Қазіргі кезде 493 кен қазба орны белгілі болып отыр, минералдық шикізаттың 1225 түрі бар. Қазақстан дүние жүзі бойынша мырыштың, вольфрамның және бариттің зерттелген қорлары бойынша – бірінші орын, күміс, қорғасын және хром қорлары бойынша - екінші орын, мыс пен флюорит қорлары бойынша – үшінші орын, молибден қорлары бойынша - төртінші орын, алтын қорлары бойынша – алтыншы орын алады.

Ал ТМД мемлекеттерінің  ішінде Қазақстан хром рудалары және қорғасын бойынша – бірінші орын; мұнай қорлары, күміс, мыс, марганец, мырыш, никель және фосфор шикізаты бойынша – екінші орын; газ, көмір, алтын және қалайы бойынша  үшінші орын алады.

Республика күміс, хромит, қорғасын және мырыш өндіруден ТМД елдерінің арасында - бірінші орын, мұнай, көмір, мыс, никель және фосфат шикізатын өндіруден - екінші орын, алтын өндіруден үшінші орын алады. Қазақстанның батыс өңірінде мұнай мен газдың  айтарлықтай мол  қоры жинақталған, бұл елімізді әлемдегі мұнай өндіретін ірі мемлекеттер қатарына жатқызуға мүмкіндік береді. Оңтүстік Торғай ойпаты маңынан  мұнай шығатын жаңа ауданның ашылуы республиканың мұнай өндіру саласының болашағын одан әрі кеңейтеді. Қазақстанның пайдалы қазбалар қорын геологиялық-экономикалық бағалау нәтижесі бойынша экономикалық маңызы жағынан көмір, мұнай, мыс, темір, қорғасын, мырыш, хромит, алтын, марганец алдыңғы қатарда тұр.

 

Табиғатты қолдану. Табиғатты қолдану – бұл адамның өмірін қамтамассыз етуі үшін қоршаған ортаның заттары мен құбылыстарын пайдалануы. Адамның табиғатты қолдануы төрт түрлі формада жүреді: өмірін қамтамассыз ету, шаруашылық-экономикалық, денсаулықты түзеу, мәдени.

Ең негізгісі өмірін қамтамассыз ету, ол ауаны демалу үшін, суды ішу үшін, өсімдіктер мен жануарларды азық үшін пайдалануы.

Адамның табиғатты қолдану формалары екі түрде жүзеге асады: жалпы және арнайы табиғатты қолдану.

Жалпы  табиғатты қолдану ешқандай рұқсатты талап етпейді (суды, ауаны пайдалану).

Арнайы  табиғатты қолдану мемлекеттік рұқсатты талап етеді.

Ал шаруашылықты жүргізу нәтижелері негізінде табиғатты қолдану тиімді және тиімсіз деп бөлінеді.

 

Табиғатты тиімсіз пайдалану табиғи қорлардың азаюына, экожүйедегі тепе теңдіктің бұзылуына, ал ең соңында экологиялық дағдарыс пен катастрофаға алып келеді.

Бұның бәрі басшылардың қызықпаушылығынан, экологиялық мәдениеттің төменділігімен, экологиялық процесстерді жете білмеуінен, қоршаған ортаны қорғаудың принциптерін білмеуден туындайды.

 

Табиғатты тиімді пайдалану  мына ерекшеліктермен сипатталынады:

1)        Табиғат қорларын пайдалану оны толықтырып отырумен бірге жүруі керек (орны толатын қорлар үшін);

2)        Табиғат қорларын кешенді пайдалану;

3)        Табиғат қорларын қайталап пайдалану;

4)        Табиғатты қорғайтын шаралар жүргізу;

5)                Қоршаған табиғи ортаға антропогендік әсерді азайту үшін жаңа технологияларды енгізіп отыру.

 

Табиғи қорларды пайдаланудың мәселелері

А) Су жалпы планерлық масштабта таусылмайтын қорға жатады,    себебі оның жалпы көлемі мұхит, атмосфера мен құрлық арасында жүретін тұрақты айналыммен толықтырылып отырады.

Қазіргі кезде негізгі мәселе таза судың әртүрлі зиянды заттармен ластануы, олар: пестицидтер мен улы химикаттар, мұнай мен оның өнімдері және т.б. бұл мәселе барлық өндірісі дамыған елдерге тән құбылыс.

Су қорларын тиімді пайдаланудың негізгі бағыттары:

1) Қайта пайдалану;

2) Жаңа тазартқыш технологияларды қолдану;

3)  Ұйымдық шаралар.

Б) Пайдалы қазбалар. Минералды шикізаттарды кешенді пайдаланудың қалып қалуы  өндірістік қалдықтардан көптеген минералдар түрлерін технологиялардың жетілген түрлерінің жоқтығынан әлі күнге дейін алынбауынан болып отыр. Жерден қазба қорлар толығымен де алынбай отыр. Факелдерде миллиардтаған кубометр мұнай газы жағылуда.

В) Жерді пайдалану.  Жерді барлық түрде пайдалану оның деградациясына алып келеді. Бұл мәселені «топырақты қорғау мен тиімді пайдалану» бөлімінде жете қарастыратын боламыз.

Г) Өсімдіктер мен жануарлар әлемі. Өсімдіктер әлемін тиімді пайдалану орман қорларын тиімді пайдалану мен оның өсімділігін арттырудан тұрады. Осы мәселені жүзеге асыру үшін арнайы табиғат аймақтары мен қорлар құрылған, олар: заповедниктер, мемлекеттік табиғи парктер, ұлттық қорлар; ормандар мен азайып бара жатқан өсімдіктер аймағы.

Топырақтың адамзат үшін маңызы

Топырақтың адамзат қоғамы үшін маңызын айтып жеткізу қиын. Егер бұрынғы кезде өскен өнімді жинау кезінде топырақтың жанама маңызы болуы, себебі ол адамды жабайы өсімдіктер өнімдерімен қамтамасыз етті, ал жер жыртып, егіншілікпен айналысқан кезден бастап топырақ азық өнімдерінін көзіну айналды.

Сондықтан еңбек адамы ежелден осы табиғи байлыққа үлкен құрметпен қарайды. В.В.Докучаев ойынша қара топырақты жерлерді Ресейдің негізгі байлығы деп атайды.

Өндірістің кейбір салалары топырақты пайдалануға негізделген. Соның бірі маңызды азық-түлік өнімдерін жеткізуші ауыл шаруашылығы. Топырақ ауыл шаруашылығы өндірісін негізгі құралы болып табылады. Топырақтың орман шаруашылығында және құрылыс салғанда – инженерлік құрылғылардың іргетасының негізгі ретінде және жол салуда гидротехникалық құрылыста құрылыс материалы ретінде маңызы зор.

Түсім көлемі еңбек өнімділігіне тікелей байланысты болғандықтан, топырақ құнарлығы да қоғамдық өндірістің маңызды кезі болып есептеледі.

Күнделікті өмірде құнарлы деп белгілі бір мәдени өсімдіктер үшін қолайлы топырақты атайды. Шынында құнарсыз топырақ болмайды, себебі құнарлылық топырақтың ажырамас қасиеті.

Кез келген топырақ, онда жақты өсетін өсімдіктер үшін құнарлы боп табылады. Мысалы, құнарсыз екені айқын сортаң жерлерде кейбір сортаң шөптер жақсы өседі, олар басқа жерде өсе алмайды.

Сұр топырақты жерлер мақта өсуіне қолайлы, бірақ картоп үшін құнарсыз т.б.

Мәлім болғандай өсімдіктер негізгі қорек элементі ретінде топырақтан азот, фосфор, калий, кальций, темір, күкіртті сініреді. Химиялық талдауға қарасақ, топырақтағы химиялық элементтер құрамы көп және ол көп жылға жетеді. Н.П.Ремезов деректері бойынша, қаратопырақ құрамында азот пен фосфордың көптігі сонша, бидайдан орташа түсім алғанда әлі 250 жылға жетеді екен, ал калий құрамы – 3 мың жылға жетерлік.

Бірақ өсімдіктер үшін элементтер мөлшері емес, топырақтағы өсімдік сіңіруге ыңғайлы формалары маңызды.

Топырақ құнарлылығы тек табиғи қасиеттеріне емес, оны өңдеу сипатына да байланысты. Табиғи құнарлылық топырақтан жаратылыс қасиеттеріне байланысты. Тиімді құнарлылық табиғи құнарлылық бөлігі, ол мәдени өсімдік түсімі түрінде анықталды. Тиімді құнарлылық тыңайтқыш қолдануға, топырақты ұтымды өңдеуге және т.б. шараларға сәйкес ұлғаяды. Осылайша жасанды тиімді құнарлылық жасалады.

Ғылым мен ауылшаруашылығындағы тәжірибе дамыған сайын жасанды құнарлылық арта түседі, сонымен қатар тиімді құнарлылық адамзат қоғамының дауына, өндіріс күштері мен өндірістік қатынастардың дамуына байланысты.

 

8 Дәріс.  Биосферада тұрақсыздықтар болуының антропогендік факторлары

 

Антропогендік фактор – адамның қызметі әрекетінен жаңа түрде туындайтын факторлар. Адамның шаруашылық іс-әрекеті салдарынан қоршаған ортаның өзгеретіні соншалық, табиғаттағы байланыстар бұзылуының салдарынан, бұрынғы табиғи кешендермен салыстырғанда жаңа кешендер қалыптасу орын алады.

Антропогендік факторларға өнеркәсіп индустриясының барлық салалары, көлік, ауыл, орман шаруашылығы, энергетика, атом қаруын сынау, мұнай, газ және тау кен өндірісі салалары. т.б. жатады.

Тек өндірістік кәсіпорындарының ғана қоршаған ортаға әсер етіп ластануын мынадай негізгі түрлерге бөлуге болады: шикізат материалдар, құрал-жабдықтар, отын, электр энергиясы, су, қалдықтар, өнімдер, атмосфераға таралатын (газ, бу, ауа тозаңы), энергетикалық шығарындылар, шу, инфрадыбыс, ультрадыбыс, жарық, электромагниттік өріс, лазерлі сәулелер, иондағыш шығарындылар және т.б.

Биосфераны ластайтын компоненттердің химиялық құрамы отын-энергетика ресурстарының түріне, өндірісте қолданылатын шикізатқа,  оларды өндейтін технологияға байланысты келеді. Антропогендік факторлар әсерінің артуынан күрделі экологиялық проблемалар: парник эффектісі, қышқыл жаңбыр, ормансыздандыру, ядролық қыс, озон қабатының жұқаруы мен тесілуі, шөлейттену т. б. атмосфераға антропогендік тікелей немесе жанама түрде әсерлер  болуы мүмкін.

Жанама әсер - биосфераның басқа компоненттерінде экологиялық тепе-теңдіктің бұзылу салдарынан атмосфераның жағдайына ойқаптар, жыртылған егістік жерлер, ұйымдастырылған үлкен су қоймалары, өзгертілген өзен ағыстары, мелиоративтік жұмыстар, пайдалы кен қазбаларының ашық әдіспен жаппай алынуы жатады.

Жер бетінің қасиеті мен сипатының өзгеруі жер – атмосфера - энергия жүйесіндегі алмасу процестеріне, альбедо шамасына, атмосфераға өтетін шығарындыларға әсерін тигізеді.

Ал, тікелей әсерге мысал ретінде өндірістен шығатын тастанды заттектерді, күлді, металл оксидтері мен тұздарын, күкірттік газды қосылыстарын, аммиакты, көмір сутектерін, радиоактивті газдарды, шаңдарды, озонды, сутекті қосылыстарды және тозаңды келтіруге болады.

Гидросфера — жер шарындағы барлық сулардың жиынтығы: мұхиттар, теңіздер, өзендер, көлдер, су қоймалары, батпақтар, жер асты сулары, мұздықтар, қар қабаттары. Су ең көп тараған зат және үш күйде де кездеседі газ, сұйық және қатты күйлерінде. Су өмір негізі және ағзалар құрамына кіреді.

Гидросфера – физикалық не химиялық жолмен минералдармен және тұздармен байланыспаған жердегі еркін сулар. Гидросферадағы барлық су көлемі 1,4 миллиард куб  километрді құрайды, соның ішінде 1,37 миллиард куб километрі – бұл мұхиттардағы су. Тұщы су 28 миллион куб километр ғана, оның  85 %–зы мұз түрінде; 14 %–зы жер асты сулары; 0,3%–зы топырақ құрамындағы су; 0,6 %–зы тірі ағзалар бойындағы сулар; 0,05 %–зы атмосферада бу түріндегі сулар; ал қалған 0,04 %–зы өзен сулары.

Табиғатта су әрқашан қозғалыста және айналымда болады.

Жаңбыр сулары континенттерге жауа отырып, топырақ арқылы сіңеді де жер қабатарынан өтіп жер асты суларын толықтырып отырады. Қалған су көлдер мен өзендерге құйылады да, су қорын құрап отырады.

 

3 кесте – Гидросферадағы су мөлшерінің пайыздық өлшемі

Гидросфера  қорлары

  %

 

 

Мұхиттар

  97

Полярлық мұздар мен мұздықтар

  2

Жер асты сулары

  0,38

Жер бетіндегі сулар

  0,30

Көлдер

  0,01

Топырақтағы ылғал

  0,005

Өзендер

  0,0001

Биосфера

  0,00004

Атмосфера

  0,001

 

Су – ең қымбат табиғи қор. Көптеген тірі ағзалар үшін су тіршілік ортасы. Бірақ адамзат көбейген сайын, қалалар мен өнеркәсіптер де көбейеді, соның салдарынан су тапшылығы мәселесі орын алып отыр. Оның себебі су ащы және тұщы деп екіге бөлінеді. 

Қалалардың өсуі, өнеркәсіптің қарқынды дамуы, ауыл шаруашылығының дамуы, суармалы жерлердің кеңеюі, тұрмыстық жағдайдың жақсаруы мен көптеген басқа факторлар сумен қамтамассыз етуді қиындатып отыр.

Ағзаның тіршілік процесінде судың маңызы мынада:

1)       жасуша үшін су негізгі орта, онда метаболизм процестері жүреді;

2)       биохимиялық компоненталардың аралық не соңғы өнімі су болып табылады.

Өсімдіктер құрамында 90% су, тірі ағзаларда 75%-ға дейін су бар, ал 10-20%-ға су жоғалту өлімге алып кеп соғады.

Әртүрлі сұранысқа қарай шаруашылықта су мына салаларда қолданылады:

-          ішуге;

-          тамақ әзірлегенде;

-          тұрмыстық қолданыста;

-          мал шаруашылығының қажеттеріне;

-          балық өсіргенде;

-          ауылшаруашылық жерлерді суғарғанда;

-          өнеркәсіп пен энергетикада;

-          гидроэнергетикада;

-          кемелер жүзуі үшін.

 

Суды көп мөлшерде пайдаланатын өнеркәсіптерге химия, металлургия және жылуэнергетикасы жатады. Мысалы, 1 тонна шойын өндіруге 200 куб метр, 1 тонна алюминий  өндіруге – 1500 куб метр, мыс өндіруге – 500 куб метр су жұмсалады. Осылай суды ысырапсыз қолданса, 2100 жылдары адамзат бар таза су қорын таусуы мүмкін.

Су қолданысында судың санитарлық жағдайы мен сапасы шекті рұқсат етілген концентрацияға (ШРК) сәйкес келуі керек. ШРК – бұл зиянды заттардың мүмкіндігінше ең жоғарғы концентрация мөлшері, одан асқан кезде суды суқолданысының түріне қарай қолдануға болмайтындығын анықтайды.

Су сапасының негізгі көрсеткіштері:

-           ШРК;

-           қалқып жүрген заттар (мг/литр) ;

-           су бетіндегі қоспалар (майлардың қабықшалары, басқа да түзінділер);

-           исі мен дәмі (екі баллдан аспауы керек);

-           түсі, түсі  стакандағы қалыңдығы 20 см суда көрінбеуі керек;

-           температурасы;

-           РН мәні, бұл көрсеткіш 6,5-8,5 аралығында болуы керек;

-           минералдық құрамы, құрғақ қалдықта 1000 мг/л аспауы керек;

-           еріген оттегінің болуы 4мг/л дейін;

-           оттегіндегі судың биологиялық белсенділік сұранысы 3-6 мг/л артық болуы керек;

-           егерде суда бірнеше зиянды заттар болса, онда концентрациялар қосындысының ШРК қосындысына қатынасы бірден артпауы қажет. Бұл жағдайда зияндылықтың шектеуші көрсеткіші (ЗШК) қолданылады.

 

Ішкі суларды ластаушы көздер

Қазақстанда су заңдылықтарының құқықтары «Казақстан Республикасы су кодексінде» (1993 ж.) және нор­мативті құжаттарда берілген.

Қазақстан территориясындағы барлық сулар Қазақстан Республикасының су қоры болып табылады.

ҚР сумен аз қамтылған аумаққа жатады. Қазақстанда 11 мың өзен (200 мың км), 48 мыңнан астам көлдер (Каспий, Арал, Балқаш, Алакөл), жер асты сулары, жалпы ауданы 2033 кв. км  болатын 2724 мұздық бар.  Шөл астындағы тұщы су қоры Балқаш сияқты 65-тен астам көлге тең.

 Қазақстанда 7 су қоймасы бар, ең ірісі Бұқтырма - тереңдігі 11 м, ені 35 км, ұзындығы 600 км, Қапшагай - тереңдігі 15-45 м, ені 22км, ұзындығы 180 км.

Каспий теңізі – ең үлкен тұзды көл, жалпы ауданы – 400 мың кв. км. Арал теңізі қазіргі күні 44,5 мың кв. км ауданнан тұрады. Соңғы 30 жылда Арал деңгейі 14,7 м түсті, су жағадан 100-120 метрге кетіп қалды.

Қазақстанда барлық сулар мемлекет меншігінде.

Судың ластануы деп қатты, сұйық және газ түріндегі заттардың әсерінен оның физикалық, химиялық және биологиялық қасиеттерінің өзгерісін айтады. Жер асты және үстіндегі сулардың ластануын мынандай түрлерге болады:

-          механикалық механикалық қоспалардың су құрамында көбеюі;

-          химиялық – су құрамында органикалық және органикалық емес улы және улы емес заттардың болуы;

-          бактериалдық және биологиялық - су құрамында әртүрлі микроағзалар мен су өсімдіктерінің болуы;

-          радиоактивтік - су құрамында радиоактивтік заттардың болуы;

-          жылулық суға жылу және атомдық электростанциялардың ысыған суларын жіберу.

 

Суға түсетін зиянды заттар бірнеше топтан тұрады. Физикалық қасиеті бойынша еритін, ерімейтін және коллоидты болады. Сонымен қатар ластаушы заттар  минералды, органикалық, бактериалды және биологиялық деп бөлінеді.

Жануарлардан ластану – бұл физиологиялық бөлінімдер, жабысқақ заттар.

Әртүрлі өнеркәсіп өндірістері суды көп көлемде ластаушы көздерге жатады. Олар - металлургия, химия, қағаз өндіру кәсіпорындар, фабрикалар және тағы да сондай өнеркәсіп орындары.

Ластанған суды тазарту әдістері

Лас суды механикалық, химиялық және биологиялық әдістермен тазалайды және бактериядан тазарту үшін дезинфекция жасалынады.

Тазарту мына әдістер арқылы жүзеге асады:

-              сүзу;

-              тұндыру;

-              механикалық бөлшектерді ортадан тепкіш күш арқылы бөліп алу;

-              фильтрлеу.

 

4 кесте – Ластанған су құрамындағы ауыр металдар

 

Өте қауіпті ауыр металдар

 

 

Металл

Қолдану облысы

Қолданудан бас тартқандары

Зиянды әсері

Сынап Hg

Термометрлер, жасанды лампылар, бояулар, электр қондырғылары

Фетр бас киімдері, алтындау процессі

Зат алмасудың бұзылуы, нерв жүйесінің зақымдалуы

Қорғасын Pb

Аккумуляторлар, электр кәбілдері, бояулар

Су құбырларын салу

Жалпы улану

Кадмий Cd

Металл қаптауы, ток көздері, фотография

Ыдыстарды қаптау

Нерв жүйесінің зақымдалуы, сүйек зақымы

 

 

Сүзу үшін 2 түрлі қондырғы пайдаланылады: торшалар мен талшық ұстағыштар. Торшалар 25-40 градус бұрышпен орналасады, ал талшық ұстағыштар  тесіктері бар конус тәрізді барабан, дискі және фильтрлерден тұрады.

Тұндыру әдісі зиянды қатты және сұйық түрдегі заттардың төмен шөгуі мен су бетіне жүзіп шығуына арналған.  Тұндырғыштар су ағынының бағытына қарай 

горизонталды, вертикалды, радиалды және аралас болып келеді.

Механикалық бөлшектерді ортадан тепкіш күш арқылы бөліп алу әдісінде  гидроциклондар мен центрифугалар қоланылады.

Өте ұсақ бөлшектер үшін фильтрлер қолданылады. Бұл фильтрлерде сүзгіш ретінде кварц құмы, тас қиыршықтары, антрацит, шлак, көмір пайдаланылады. Микрофильтрлерде ұсақ тесіктері бар материалдар қолданылады (керамика, металдар).

 

9 Дәріс.  Атмосфералық ауаны қорғау

 

Жер бетінен жақын космосқа дейінгі аралық атмосфера деп аталады және ол құрамы бойынша әртүрлі газдардан, су буынан, шаң-тозаңнан және ұсақ бөлшектерден – аэрозольдардан тұрады.

 

Атмосфералық ауаның құрамы. Құрғақ ауаның құрамы оған кіретін газдардың бірлік көлемдегі қатынасы арқылы анықталған:

Атмосферада әрқашан су буы болады, оның бірлік көлемдегі шамасы 0-ден 4%-ға дейінгі аралықта. Одан басқа, ауада әртүрлі қосымшалар да бар.

5 кесте – атмосфера құрамындағы газдардың мөлшері

Азот

78,09%

Гелий

5,24 • 10-4 %

 

 

 

 

Оттегі

20,95%

Криптон

1,14• 10-4 %

Аргон

0,93%

Сутегі

3,00 • 10-5%

Көмір қышқыл газы

0,03%

Ксенон

8,70 • 10-6%

 

Жорамал бойынша, өсімдіктер жыл сайын 100 млрд. тоннаға дейін  органикалық заттар түзейді. Бұл процесс кезінде олар 130 млрд. т су пайдаланып 155 млрд. т оттегін шығарады. 1 т органиканың фотосинтезі үшін 1,5-1,8 С02 қажет, осы кезде 1,1-1,3 т оттегі бөлініп шығады (7 суретті қара).

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

7 сурет – Фотосинтез процесінің жүру жолы

Зерттеулер көмірқышқыл газының СО2  атмосферада артып келе жатқандығын көрсетіп отыр, бұл газ күн сәулелерін жер бетіне өткізеді де, жердің инфрақызыл жылуын кері шығармайды, сол арқылы парниктік эффекті тудырады. Көмірқышқыл газының концентрациясының артуына көмір, мұнай және басқа да жанармайларды жағу болып табылады.

 

 

Осы процесс жүре берсе, 2030 ж. қарай Жер бетіндегі температура 2,5°С-ға артады да, осының әсерінен мұздар мен мұздықтар ери бастайды.

Озонның жалпы азаюы күннің ультрафиолет сәулелерінің жер бетіне өтуін арттырады, ал бұл тіршілікке өте қауіпті.

Атмосфераның ластануы деп ауада әртүрлі газдар, қатты және сұйық бөлшектердің,  будың артық мөлшерде болуын айтады. Бұл зиянды заттар флора мен фаунаға кері әсерін тигізеді және адамзат пен тірі ағзалардың өмір сүру жағдайын нашарлатады.

Атмосфераның ластануының негізгі көздері өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, әртүрлі қалдықтар мен автокөліктер.

 

Автокөліктер түтіндері. 2009 ж. дүние жүзінде шығарылған автомобилдер 40 млн. данадан асты, ал қозғалыстағы автопарк 500 млн машинадан астам, олар жанармайды пайдалана отырып, қоршаған ортаға зиянды әсерін тигізуде.

Автомобиль – бұл дөңгелектегі химиялық фабрика. Қаладағы ауаның ластануының 60% осы автокөлікке тиесілі.

Автомобилден шығатын газдар 200 астам заттан тұрады. Автомобилден шығатын газдардың көп бөлігі ауадан ауыр болғандықтан, олар жер бетінде жиналады. Көмірқышқыл газы қандағы гемоглобинмен араласып оған ағзаға оттегін жеткізуін қиындатады.

Шығатын газда жағымсыз исі бар және қоздырғыштығы бар альдегидтер де болады. Оларға акролендар мен формальдегид жатады; соңғысы өте зиянды әсер етеді.

Сонымен қатар ең қауіптісі қозғалтқыш жұмыс істегенде жанармайға қосылатын тетраэтилқорғасын жанғанда қорғасынның неорганикалық қосылыстары ауаға шығарылып отырады. Оның қоршаған орта мен тірі ағзаларға тигізетін зияны өте жоғары.

 

Атмосфераның өнеркәсіптен ластануы. Металдарды қорыту мен балқыту процестері кезінде, мұнай шығарушы және өңдеуші өнеркәсіптерден ауаға әртүрлі газдар бөлініп шығады. Сонымен қатар түтінмен бірге атмосфераға мышьяк, фосфор, сурьма, қорғасын, сынап және сирек кездесетін металдардың буы, олардың химиялық қоспалары мен түзілімдері де шығады және ауада тарайды.

Тыңайтқыш шығарушы өнеркәсіптен күкірт қоспалары шығарылып отырады.

Мұнай шығарушы және өңдеуші өнеркәсіп. Мұнай шығарушы және өңдеуші өнеркәсіптен шығатын түтін құрамында көмірсутегі, күкірттік сутегі және иістері жаман газдар бар.  Синтетикалық каучук өнеркәсіп орындары атмосфераға стирол, дивинил, толуол, ацетон, изопрен сияқты зиянды заттарды шығарып отырады.

Цемент пен құрылыс материалдарын шығарушы өнеркәсіп. Олар ауаны әртүрлі шаңмен ластайды және жел арқылы тасымалданады. Олардың зияны өсімдіктерге өте қауіпті.

Химия өнеркәсібі. Бұл өнеркәсіп орындарынан шығатын зиянды заттар мен газдар түрлері өте көп және саналуан. Негізгілері көміртотығы, азоттотығы, күкірт ангидриді, аммиак, шаң, органикалық заттар, хлор қосылымдары, фтор қосылымдары және т.б.

 

Атмосфераның ластануының салдары.  Жанармайдың барлық түрін қолдану себебінен XIX ғасырдан бастап атмосфераның тездетіп ластануы басталды. Ауа мұхиты өте үлкен болып көрінгенмен, жыл сайын шығарылып жатқан ластаушы заттардың әсерінен олардың жиналуы болып жатыр. Жер бетінде ластану концентарциясы әр алуан, мысалы кейбір мегаполистерде ластану барлық шекарадан шығып кеткен. Ал кейбір ластаушы заттардың аз ғана концентарциясының өзі қоршаған ортаға өте қауіпті.

Ауаның түтінденуі қаланың микроклиматын нашарлатады: тұман жиі түседі, атмосфераның өткізгіштігі төмендейді, жарық өтуі азаяды.

Ауаның ластануы адам денсаулығына ғана әсер етіп қоймай, экономикалық зиян да келтіреді. Қоршаған ортаны қорғау Агенттігінің бағалауы бойынша, АҚШта ауаның ластануынан болатын адам, жан-жануарлардың ауруы мен өлімдерден эконо­микалық жоғалтулар жылына 6 млрд долл. құрайды екен.

Газдалынған, шаңдалынған ауа қала үйлерінің пайдалану уақытын азайтады: оларды қалпына келтіру үшін жылына миллиондаған доллар қажет.

Қышқыл жаңбырлар. «Қышқыл жаңбыр» терминін ағылшын химигі А. Смит осыдан 100 жыл бұрын енгізген. Соңғы 10-15 жылда қышқыл жаңбырдың залалынан экологиялық жағдай нашарлап кетті. Кез келген отын түрін жаққан кезде шығатын газ құрамында әрқашан күкірт тотығы мен азот болады. Отын түріне байланысты ол көп не аз мөлшерде болуы мүмкін. Миллиондаған тонна күкірт тотығы атмосфераға шығып, қышқыл жаңбыр түрінде жерге түседі.

 

Ластанулардың нормалау негіздері.

Проф.   В. А. Рязанов 1949 ж. атмосфералық ластанудың негізгі шарттарын анықтады:

1)                кез келген заттың шектік концентрациясы болып адам денсаулығына тура немесе жанама әсер етпейтін, жұмыс істеу қабілетін азайтпайтын, көңіл күйіне әсер етпейтін мәні алынады;

2)                                  зиянды затқа әдеттену дұрыс емес деп табылуы керек және бұл концентрация қалыпты жағдайдан жоғарғы деп алынады;

3)                                  өсімдіктерге, жергілікті климатқа, атмосфера мөлдірлігіне және халықтың тұрмыстық жағдайына жайсыздық тудыратын зиянды заттар концентрациялары сырттан асқан деп табылуы керек.

Ауаны ластайтын әрбір зиянды затқа екі норматив қолданылады: бірлік реттегі және орташа тәуліктік.  Бірлік реттегі ШРК адам сезімталдығымен анықтала алады.

Қазіргі кезде ауа бірден бірнеше зиянды заттармен ластанады. Сондықтан атмосфера ластануының бірлескен әсерін зерттеу керек.

Өнеркәсіп орындарының құрылысын жоспарлағанда және салғанда ауаның ластанғанын ескеру керек. Атмосфераның төменгі қабаты ретінде 2 м биіктікті алу керек, себебі ол адамның бойы. Әсер етуі бойынша ластаушы заттар төрт топқа бөлінеді: 1- төтенше қауіпті;  2 - жоғары қауіпті; 3                                                   -қауіпті; 4 – қауіптігі аз.

 

Шаңұстаушы жүйелер

Барлық шаң ұстаушы қондырғылар тазалау принципі бойынша бөлінеді:

1)                құрғақ шаң ұстаушы жүйелер;

2)                ылғал шаң ұстаушы жүйелер;

3)                электрофильтрлер;

4)                фильтрлер.

Көбінесе тізбектей жалғанған 1-4 қондырғылар жүйесін қолданады.

Шаң ұстаушы жүйенің тиімділігін келесі сипаттамалармен бағалауға болады:

1.   Жалпы тиімділігі

мұнда ПК – пайдалы әсер коэффициенті, Ск және Сш – қоспалардың шаң ұстаушы жүйелерге кірердегі және шығардағы массалық концентрациялары. Егер бірнеше қондырғы қолданылса:

2. Фракциялық тиімділігі  – ластаушының фракциясын есепке алғандағы пайдалы әсер коэффициеті.

3. Шаң ұстаушы жүйенің гидравликалық кедергісі

мұндағы Рк және Рш –шаң ұстаушы жүйелерге кірердегі және шығардағы ауаның қысымы. Мына ұғымдар қолданылады: D Рбос – бос шаң жинағыш және D Рсоң – тазарту керек кездегі.

4. Меншікті шаң сыйымдылық шаң  ұстаушының екі регенерация аралығындағы жинаған шаң мөлшерін білдіреді.

5. К – шаңның өтіп кету коэффициенті.

Шаңның мына қасиеттері шаң ұстаушы жүйенің тиімділігін анықтайды:

-          физикалық-химиялық қасиеттері;

-          дисперсиалық немесе фракциалық құрамы;

-          тығыздығы;

-          адгезиялық қасиеттері (бөлшектердің жабысқақтылығы);

-          ылғалдылығы;

-          электрленгендігі.

Құрғақ  шаң ұстаушы жүйелер

Бұл аппараттарда ауа ағынынан шаң бөлшектері гравитация , инерция, кариолис күштері арқылы бөліп алынады (яғни механикалық жолмен).

Барлық құрғақ шаң ұстаушы қондырғылар конструкциясы бойынша былай бөлінеді:

1)                циклондар;

2)                ротациалық шаң ұстағыштар;

3)                құйынды шаң ұстағыштар;

4)                радиалды шаң ұстағыштар;

5)                жалюздік шаң ұстағыштар.

 

Циклондар

Циклонда газ ағыны ішкі қабырғаға жанама бойымен кіріп, бункерге қарай айналмалы-ілгерімелі қозғалыс жасайды. Цетрден тепкіш күш әсерінен трубаның ішкі қабырғасында шаң қабаты құралады. Шаң бөлшектерін бөліп алу газ ағынын 180 градусқа бұру арқылы жүзеге асады Пайдалы әсер коэффициенті 70-80 пайыз.

Бұл қондырғы көмегімен диаметрі 10-30 мкм шаңнан тазалу жүреді.

Радиалды шаң ұстағыштар

Жұмыс істеу принципі дәл циклондағыдай. Айырмашылығы газ ағыны айналмалы қозғалыс жасамайды. Пайдалы әсер коэфициенті 65-85 пайыз. Бұл қондырғы көмегімен диаметрі 0,25-0,3 мкм шаңнан тазалу жүреді.

Жалюздік шаң ұстағыштар

Шаң бөлшектерін бөліп алу торша айналасында газ ағынын бұрған кездегі пайда болатын инерция күштерінің әсерінен болады. Температура 600 градус. Түтін газдарын ірі дисперсті шаңнан тазалайды.

Құрғақ тазалаушы жүйелер көбінесе алдын ала тазалау үшін қолданылады.

Ылғал шаң ұстаушылар – скрубберлер, тиімді жақтары:

-          бөлшектердің диаметрі аз болған сайын (0,3-1мкм) эффективтілігі артады;

-          жоғары температурасы бар және жарылу қаупі бар газдарды тазалауға болады.

Кемшіліктері:

-          тазалау кезінде жоюы қиын соғатын қалдықтар (шламдар) түзеледі;

-          ауаға ылғал бөлінеді;

-          газ шығаратын трубаларда шөгінділер түзеледі;

-          шаңды ұстау барысында су былғанады.

 

Көп қолданылатыны Вентури скрубберлері. Шаң диаметрі 1-2 мкм. Пайдалы әсер коэфициенті 0,96 -0,98 пайыз. Бір куб газды тазалау үшін 0,4-0,6 литр су шығындалады.

 

Электрлік фильтрлер

Бұл тазалаудың өте тиімді әдісі. Фильтрге кірген лас газдар  сыртқы әсерлер арқылы (космос сәулелері, рентген және радиоактивті сәулелер) шамалы болса да иондалған болады. Фильтр ішінде біркелкі емес электр өрісі тудырылады, себебі соққылық зарядталыну осындай өрісте жүзеге асады. Соққылық иондалу – иондар үдей отырып газ бөлшектерімен соғылысады да, оларды иондайды.  Шаң бөлшектері екі электрод арасынан өтуі кезінде электр кернеуінің әсерінен газ бөлшегіндегі зарядты өзіне қосып алып, заряды қарама қарсы электрод жағына жиналады. Электрофильтрлер өте жоғары дәрежеде тазалауға қолданылады.

Атмосфералық ауада шығарымдардың таралуы

Қалай тазартқанда да зиянды заттардың бір бөлігі атмосфералық ауаға түседі. Атмосфераны тазалау үшін сейілу әдісі қолданылады, сонда сол жерде концентрация азаяды. Сейілу аймағы атмосфера шарттарынан тәуелді:

Горизонталды сейілу желдің жылдамдығы мен бағытымен анықталады,

Вертикалды сейілу атмосферадағы температура градиентіне тәуелді. Әр өнеркәсіп үшін зиянды заттар құрамына байланысты санитарлық-қорғау белдемі белгіленеді (суға тастаулар, топырақтың залалдануы, электромагниттік және шумен ластану ескеріледі).

Санитарлық қорғану белдеміне келесі талаптар қойылады:

-           онда тұрғын үйлер, оқу орындары, бала бақшалар болмауы қажет;

-           ол жерге өсімдіктердің белгілі бір түрлері отырғызылуы керек.

Қазіргі қолданыстағы нормалар бойынша, концентрация мейлінше аз шамада болуы қажет (техникалық-экономикалық тұрғыда тиімділігін ескеру керек). Екі түрлі жағдай болуы мүмкін:

1)       Нақты шығарынды жерге жақын жатқан қабатта ШРК-дан (шекті рұқсат етілген концентрациясы) аз болатын концентрация тудырады, бұл кезде ШРШ (шекті рұқсат етілген шығарынды) үшін нақты шығарынды алынуы мүмкін;

2)       Нақты шығарынды жерге жақын жатқан қабатта ШРК-дан көп, бұл кезде кәсіпорынға уақытша көрсетілген мөлшердегі шығарынды тағайындалады да, ШРШ жоспары белгіленеді.

 

Есептеу жүргізуге қажетті бастапқы шарттар:

-     Жергілікті жердің топографиялық сипаттамалары (рельефі, санитарлық қорғау белдемінің орналасуы, ауылшаруашылық жайылымы мен егістіктері, елді мекендер туралы);

 

-     Берілген ауданның метеорологиялық мәліметтері, жергілікті жердің рельефінің коэффициенті, жылдың ең ыстық айындағы сыртқы ауаның орташа максималды температурасы, сегіз румб бойынша жылдық орташа жел бағыттары, желдің жылдамдығы);

-     Технологиялық процестің сипаттамалары (шығарым көз түрлері және олардың өндіріс орнында орналасуы, шығарым көздерінің сипаттамалары, заттардың физика-химиялық шығарымдары, шығарымдардың периоды және улылығы).

 

Шығарымдар көздерінің классификациясы және шекті рұқсат етілген шығарындыларды есептеу

Шығарымдар көздерінің классификациясы:

1)                Ұйымдастырылған көздер: трубалар, шахталар, аэроциондық фонарлар, фрамугтер, дифлекторлар;

2)                Ұйымдастырылмаған  көздер: шикізаттың ашық қоймалары, карьералар, қатты және сұйық қалдықтардың сақтау орындары, автокөліктердің тиеу-төгу орындары.

Химиялық заттар үшін негізгі критериі ШРШ болады:

 

мұнда Кр – метереологиялық араласу коэффициенті, ол шығарым көз параметрлерінен, шығатын газ температурасынан, заттардың атмосферада шөгу сипатынан, жел бағытының тұрақтылығынан тәуелді.

Атмосфералық  ауаның қазіргі экологиялық жағдайы.

Қалалардағы атмосфералық ауа зиянды заттармен жоғары деңгейде қаныққан, концентрациялары нормадан 4-тен 46-ретке дейін артық!

Қазақстанда газ, қатты және сұйық қалдықтарды шығарудан  мына антропогендік биогеохимиялық аймақтар бар, олар: қорғасын-қола-мышьяктік Шығыс Қазақстан, қорғасынды-фосфорлық Шымкент қаласы, фосфорлы Тараз қаласы, хромды Актөбе.  Бұл қалаларда ауа, су, топырақ та ластанған. Сонымен бірге осындай жағдай Семейде, Қарағандыда, Пав­лодарда, Жезказғанда да орын алып отыр.

Соңғы жылдары ауа бассейніне 4 млн. т артық зиянды заттар, ал автокөліктен 1 млн. т артық шығарылған.

Ең қауіпті аймақтарға Өскемен, Лениногорск және Алматы қалалары жатады.

Қазақстан жері өте үлкен территорияны алып жатқандықтан әр аймақ пен тұрғын жерлер әртүрлі ластанған.  Қоршаған ортаны қорғау мемлекеттік іс, бірақ территорияның үлкендігіне байланысты әрбір облыс экологиялық мәселелерді шешуге өздері де белсене араласады.

Түсті металлургия Шығыс Қазақстанда орналасқандықтан экологиялық жағдайы өте нашар болып отыр. Мұнда 45% қорғасын, қоланың жартысына дейін және 90% аз тараған металлдар өндіріледі. Жергілікті 226 өндіріс орындарында жеті мыңға жуық зиянды зат шығаратын көздер орналасқан, олардың ішінде 63% тазартқыш құралдарымен жабдықталған.

Орталық Қазақстан территориясы тау-кен мен  металлургиялық өндірістер жұмысымен зиянды заттармен ластанады. Қарағанды облысында жылу энергетикасы, металлургия, көмір шахтылары және басқа да өнеркәсіптер орналасқан, олардан шығатын зиянды заттар  1055,5 мың т, немесе бір тұрғынға шаққанда 795 кг келеді. Негізгі ластаушы өнеркәсіп орны АҚ «Кармет-Испат». Балқаш пен Жезқазғанның мыс балқытушы зауыттары да атмосфераны ластауда.

Манғыстау, Атырау, Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарындағы ауаның ластануына мұнай мен газ шығарушы компаниялар зиянды үлесін қосуда. Сонымен қатар бұл аймақтарда газ жағушы факелдер, газ қысымын арттырушы компрессорлық станцияларда орналасқан.

Павлодар об­лысында негізгі ластаушы көздерге Екібастұз көмірімен жұмыс істейтін жылу электростациялары жатады. Одан басқа ферроқорыту зауыты, ауылшаруашылық өнеркәсіп орындары және басқа да мекемелер де ластауға өз үлесін тигізуде.

Жергілікті рельеф те қала микроклиматына өз әсерін тигізеді. Доға түрінде орналасқан Іле алатауы Алматы қаласындағы ауа қозғалысын жауып тастаған. Сондықтан ластанған ауа қозғалмастан тұнып тұрады да, зиянын тәуліктің кез келген уақытында тигізеді.

 

10 Дәріс.  Қазіргі заманның әлеуметтік-экологиялық мәселелері мен тұрақты даму

 

Адамзаттың соңғы екі жүз жылда ғылыми техникалық прогресс арқылы дамуынан қоршаған орта мен экожүйеге антропогендік әсері қазіргі кезде қатты сезіле бастады. Экожүйе бұзылды немесе тіптен жойылу алдында тұр. Глобалды экодинамиканың келесі әлеуметтік экологиялық мәселелерін талдап қарастыруға болады. Олар таза су, теңіздер мен мұхиттар, ауылшаруашылығы мен ормандар, атмосфера, қалдықтар, энергетика, транспорт, радиоактивті қалдықтар, жердің шөлге айналуы, биотүрлердің азаюы, табиғи апаттар, техногендік зіл-залалар.

Әрқайсысының жағдайы мынандай мәселелерге алып келіп отыр:

Таза су – жоғары приоритеттік мәселе. Жалпы Жер шарын алып қарағанда су қоры өте көп. Мәселенің ең қиыны - су сапасы мен дамушы елдердегі су тапшылығы болып отыр. Суды ең көп қолданатын елдерге Азия құрлығында орналасқан елдер, солардан кейін Солтүстік Америка мен Европа жатады. Жиырма сегізден астам елде су тапшылығы сезіліп отыр, ал дамушы елдерде бір млрд. астам адам су жетіспеушілігінен зардап шегуде. Соның кесірінен санитарлық– гигиеналық жағдай өте нашар. Суды ең көп қолданатын сала - ауылшаруашылық. Шешімін табу керек мәселелерге ірі қалаларды сумен қамтамассыз ету, трансшекаралық мәселелер мен оларды шешу мәселелері жатады.

Мұхиттар мен теңіздер. Балықтар қорының азаюы мен теңіз ортасын қорғау мәселелері сақталып отыр. Алдыңғы қатардағы мәселеге мұхит жағалауындағы ластану жағдайы мен оған антропогендік әсерлердің ұлғаюы жатады. Теңіз бен мұхиттардың қорын пайдалану мен оны сақтау экономикалық сараптамадан өткізуді талап етуде. Барлық теңізбен шектесетін елдер  бірлесе отырып осы мәселелерді шешуге жұмыла кірісулері керек.

Ауылшаруашылығы мен ормандар. Азық-түлік шығару жерді құнарлануды қажет етеді, бірақ көп жағдайда тыңайтқышты қолданудан астық өнімінің артуы байқалмайды. Азық-түлікпен қамтамассыз ету  барлық елдерде біркелкі емес. Дамыған елдермен салыстырғанда дамушы елдердегі халық пайдаланатын азық калориясы төмен. Тағы бір мәселе ол ормандардың өртке жиі ұшырауы мен ағаштарды заңды және заңсыз кесудің үлкен дәрежеде жүргізілуі де болып отыр.

Энергетика. Дүниеде энергияға деген сұраныс жылдан жылға өсіп келеді. Ал энергияны өндіру қайта толмайтын қорларды жағу арқылы алынып келеді. Бірінші мәселе осы қорлардың азаюы, ал екіншісі қоршаған ортаға тигізіп отырған зияны. Бұл мәселелерді шешудің бірден бір тиімді жолы дәстүрлі емес (күн, жел, су) энергия көздерін пайдалануды енгізу және энергияны аз мөлшерде пайдаланатын құрылғыларды тұрмыста және өнеркәсіпте қолдану.

Транспорт. Әлемдегі елдерде транспорт түрі мен саны күрт көбейіп отыр. Соның әсерінен атмосфераға шығатын улы және зиянды заттар мөлшері артып отыр. Транспорт қолданатын жанар май сапасы да жақсармай отыр. Осы мәселерді шешу жолдары – жанар май сапасын арттыру, экономды және шағын тарнспорттарды шығарып пайдалану, кейбір жанар майды көп мөлшерде жағатын автотранспорттан бас тарту, электр және күн энергиясы арқылы жүретін автомобильдерді барлық елдерде пайдалану.  

Атмосфера. Ең басты мәселе ауаға шығарылып жатқан зиянды заттардың мөлшерін күрт азайту жолдарын қарастыру, барлық сүзгіш әдістерді жүзеге асырып, өнеркәсіп орындарында пайдалану. Бұл мәселе барлық елдерге тән.

Қалдықтар. Өнеркәсіп орындарының қалдықтарымен қатар муниципалдық қалдықтар да көп мөлшерде шығарылуда. Қалдықтар қауіпті, уландырғыш, радиоактивті және аралас болып бөлінеді. Қалдықтар мәселесінің шешілу жолдары – қалдықсыз өндіріс санын арттыру, қалдықтарды өңдеуші зауыттарды көптеп салу, қалдықтар полигондарын жабдықтау, қалдықты аз шығарушы текхнологияларды қолдану.

 

Тұрақты дамуға көшу өлшемдеріне талдау және болжам жасау

Қазақстан Республикасының көптеген әлеуметтік-экономикалық проблемаларының негізінде елдің ресурстарды өндірумен салыстырғанда оларды тепе-тең тұтынбау жағдайындағы тарихи қалыптасқан теңгерімсіздік жатыр. Егер елдің негізгі экономикалық көрсеткіштерін энергетикалық пайдалы құндылық – гигаватпен (ГВт) өлшенетін қуатты өлшеу негізінде жалпы өлшем бірлігіне негіздесе, онда қазіргі ысырапты бағалау мүмкін болады.

Сонымен, 2005 жылы 29,4 ГВт мөлшерінде өндірілген жиынтық өнімді алу үшін елімізде тұтастай алғанда 94,85 ГВт мөлшерінде ресурстар тұтынылды. Бұл - жыл бойы еліміздің 65,45 ГВт қуатының резерві ысырап болды немесе жеткіліксіз пайдаланылды деген сөз. Бұл Қазақстан Республикасында ресурстарды пайдалану тиімділігі көрсеткіші (РПТ) салыстырмалы түрде төмен екендігін көрсетеді, ол қазіргі кезде 31 пайызға тең. Бұл орташа әлемдік деңгейден артық, ол 24 пайызға тең, бірақ әлемнің технологиялық жағынан неғұрлым дамыған елдерінен: Жапониядан - 36%,  АҚШ-тан – 34%,  Германиядан - 33 % кем. (Бұрынғы КСРО-да РПТ көрсеткіші 36%-ға жетті, ол әлемдік аренада бәсекеге қабілеттіліктің жоғары деңгейін қамтамасыз етті).

Қазақстан Республикасы тұрақты дамудың негізгі өлшемі болып табылатын өмір сүру сапасы деңгейі бойынша да әлемнің неғұрлым дамыған елдерінен артта қалып келеді.

Қазіргі әлемде өмір сүру сапасы негізгі құрамдас бөліктермен: өмір сүрудің ұзақтығымен, әл-ауқатының деңгейімен және қоршаған ортаның жай-күйімен айқындалады.

Қоғам, табиғат және адам халықаралық университетінің (Дубна, Ресей) өмір сүру сапасы индексі бойынша рейтинг көшбасшысы Норвегияның коэффициенті – 3,83, Ресей – 1,57, Қытай – 0,34-ке тең болғанда, Қазақстан 1,17 коэффициентпен 78-ші орында тұр.

Қазақстанда халықтың денсаулық жағдайы мен адамдардың өмір сүруінің ұзақтығы басқа елдердің көрсеткіштерімен салыстырғанда елеулі түрде артта қалып отыр. Осылайша, халықтың өмір сүруінің орташа ұзақтығы 2005 жылы 65,9 жасты құраса, ал Жапонияда бұл көрсеткіш 80 жасқа жақындайды.

Мемлекеттің әлеуметтік және институционалдық мүмкіндіктері мен халықаралық белсенділігін, халық денсаулығының экологиялық аспектілерін, экологиялық күйзелістерді, экожүйенің жай-күйінің көрсеткіштерін қоса алғанда, 76 параметр есебіне негізделген Йель экологиялық заңнама және саясат жөніндегі орталық (Йель университеті, АҚШ) пен Жер туралы ғылымдар халықаралық ақпараттық желісінің колумбиялық орталығының (Колумбия университеті, АҚШ) экологиялық тұрақтылық индексі бойынша Қазақстан Республикасы 63,8 индексімен 70-орында тұр, ал көшбасшы елдер Жаңа Зеландия, Швеция және Финляндияда бұл көрсеткіш 87-88 балға жеткен.

Дүниежүзілік банктің деректері бойынша, табиғи капиталдың тозуы мен жойылуын ескеретін шынайы жинақтау индексі (ШЖИ ) Қазақстан Республикасы үшін – 25,5-ті құрайды, ал Ресей Федерациясы үшін – 4,4, Норвегия +14,8, АҚШ +4,4.

Қазақстан адам әлеуетінің даму индексі (АӘДИ ) бойынша елдер рейтингінде 80-ші орынға ие. Сонымен, 2024 жылға дейін Қазақстан Республикасы өмір сүру сапасы деңгейі бойынша әлемдегі барынша бәсекеге қабілетті және дамыған елдердің қатарында орнығу үшін ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыру, өмір сүру жасын ұзарту, экологиялық тұрақтылық индексінің өсуін қамтамасыз ету қажет.

Жүргізілген есептеулер әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің қатарынан тұрақты орын алу үшін Қазақстан 2013 жылдан 2018 жылға дейінгі кезеңде мынадай параметрлерге сәйкес келуге тиіс екенін көрсетеді: РПТ – кемінде 43 %; ресурстарды пайдалану жиынтығы – кемінде 246,86 ГВт; өндірілген жылдық жиынтық өнім – кемінде 113,1 ГВт.

Болжамға сәйкес, осы кезеңде дәл осындай өлшемдерге әлемдегі неғұрлым бәсекеге қабілетті елу ел сәйкес келетін болады. 53%-ға тең РПТ кезінде «тұрақты даму» траекториясына шығу және жаңартуға келмейтін табиғат байлықтары есебінен емес, неғұрлым тиімді, «озыңқы» технологиялар есебінен экономиканың өсуі қамтамасыз етіледі.

Қазақстан Республикасы халқының саны тұрақты дамудың маңызды өлшемі болып табылады. Халықтың тығыздығының төмен болуы (шекара айтарлықтай созылған жағдайда) әрдайым мемлекеттің дамуындағы тұрақсыздық факторы болып табылады.

Ел аумағының елеулі бөлігі шаруашылыққа игеру үшін қиын және халықты Қазақстанның барлық өңірлеріне бірдей орналастыру міндетін қою мүмкін еместігіне қарамастан, халық санын белгілі бір деңгейде ұстап тұру қажет, сонымен бірге экономикалық мүмкіндіктерді өрістету (ең алдымен, еңбек нарығы проблемасын шеше отырып), қазақстандықтардың көршілес әлем ұлттарының арасында генетикалық және мәдени әлеуетін сақтау, өңірлер арасындағы атап айтқанда, инфрақұрылымның әлсіздігі мен демографиялық теңсіздікке байланысты жағымсыз саралануды еңсеру қажет.

Халық санының неғұрлым оңтайлы мақсатты деңгейі 2024 жылға қарай 18 миллион тұрғынға қол жеткізу болып табылады. Ол үшін табиғи өсім көрсеткішін 1000 адамға шаққанда 12,68-ге (қазіргі кездегі 8,0-ге қарағанда), өмір сүрудің орташа ұзақтығын 73 жасқа дейін жеткізу, туу көрсеткішін 1000 адамға шаққанда өмірге келетін кемінде 22 адам деңгейінде ұстап тұру талап етіледі. Ерлердің және әйелдердің өмір сүруінің орташа ұзақтығындағы алшақтық қазіргі 11 жылдан 7,5 жылға азаюға тиіс.

 

11 Дәріс.  Табиғатты қорғау мен тұрақты даму

 

Табиғатты қорғау экономика тұрғысынан басқарылуы қажет, яғни іс-әрекетінен көрген пайдасы қоршаған орта мен басқа мекемелерге әсері арқылы есептелініп, құқықтық және нормативтік тұрғыдан зиян келтіруші кәсіпорынға үлкен көлемде салық салынуы керек. Екіншіден өнеркәсіп орындары зиянды шығарымдарды азайтса, оларға кейбір экономикалық жеңілдіктер қарастырылуы керек.

Әрбір елде табиғатты қорғауға арналған қаржы қоры құрылуы қажет. Осы қор арқылы алдыңғы қатарлы технологияларды пайдалану, сүзгіштерді қолдану және алдыңғы қатарлы құрал-жабдықтар мен механизмдерді сатып алуға, зиянды әсерді азайту жолдарын қарастыратын ғылымды дамытуға болады.

Қазақстандағы тәуелсіздік жылдары экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің мүлде жаңа мемлекеттік жүйесінің құрылуының және қалыптасуының, Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау саласындағы атқарушы органдардың жақсы ұйымдастырылған және аумақтық таралған жүйесін - қоршаған ортаны қорғау мен табиғат пайдалануды басқарудың жылдары болды. Бұл қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруды және дәйекті іске асыруды қамтамасыз етті.

Алайда, Қазақстанда көптеген онжылдықтар бойы қоршаған ортаға төтенше жоғары техногендік салмақ түсіретін, табиғат пайдаланудың көбінесе шикізат жүйесі қалыптасты. Сондықтан әзірге экологиялық жағдайдың түбегейлі жақсаруы әзір бола қойған жоқ әрі ол бұрынғысынша биосфераның тұрақсыздануына, оның қоғамның тіршілік әрекеті үшін қажетті қоршаған ортаның сапасын оның қолдау қабілетін жоғалтуына апаратын табиғи жүйелердің тозуымен сипатталады.

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негіздері Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 30 сәуірдегі өкімімен мақұлданған экологиялық қауіпсіздік тұжырымдамасына енгізіліп, онда өтпелі кезеңнің экологиялық басымдықтары, атап айтқанда, жекешелендірудің экологиялық проблемалары, табиғатты қорғау заңнамасының, мемлекеттік бақылау және сараптаманың, табиғат пайдаланудың экономикалық тетіктерінің, қоршаған орта мониторингінің жүйесін құру қажеттілігінің мәселелері қарастырылған болатын.

Ұлттық экономиканың барлық салаларын реформалау табиғи ресурстарды пайдалануға көзқарастардың өзгеруіне, қоршаған ортаны сақтауды ескере отырып, әлеуметтік-экономикалық дамуды жүзеге асыруға негіз болды.

Аталған Тұжырымдаманы қабылдаған сәттен бастап Қазақстан Республикасында қоғамдық дамуда елеулі өзгерістер болды. Мемлекет дамуының стратегиялық құжаттары әзірленді, табиғат қорғау заңнамасының негізі құрылды, қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша бірқатар халықаралық конвенцияларға қол қойылды, табиғат қорғау қызметін басқару жүйесі құрылды.

Мысалы, 1997 жылы "Қоршаған ортаны қорғау туралы", "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы", "Экологиялық сараптама туралы", 1998 жылы - "Радиациялық қауіпсіздік туралы" Заңдар, ал 2002 жылы - "Атмосфералық ауаны қорғау туралы" Заң қабылданды. Табиғатты ұтымды пайдалану саласында Президенттің "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" (1996 жыл) және "Мұнай туралы" (1995 жыл) заң күші бар Жарлықтары, 2003 жылы - Орман, Су және Жер кодекстері қабылданды. Заңға тәуелді қажетті нормативтік құқықтық актілердің көпшілігі әзірленіп, бекітілді.

Тұжырымдаманың міндеттерін орындау нәтижесінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейту және міндетті экологиялық сараптаманы енгізу есебінен 90 жылдардың басымен салыстырғанда қоршаған ортаны ластаудың қарқыны едәуір төмендеді. Алайда, мемлекеттің экологиялық осал аумақ және шешілмеген экологиялық проблемалар мәртебесі сол күйінде қалып отыр.

Жаңа Тұжырымдамада іске асырылатын міндеттер: экологиялық қауіпсіздік пен табиғат пайдаланудың аса маңызды проблемалары бойынша зерттеулердің, оның ішінде іргелі ғылыми зерттеулердің ілгерілемелі дамуын қамтамасыз ету; қоршаған ортаның жай-күйіне мониторингтің бірыңғай жүйесін енгізу; Қазақстан Республикасының аумағын экологиялық аудандарға бөлу және арнаулы картографиялау ұсынылады.

Табиғат ресурстарын тиімді пайдаланудың ең басты шарты олардың ақылы болуы және айып төлеу құны артуы қажет. Ол айыптар мынандай жағдайларда төленуі керек:

 

-          табиғатты пайдаланудағы арендалық (жалақы), дифференциалдық төлем;

-          табиғат ресурстарының орнын толтыру шығындары;

-          айып төлемдер;

-          табиғат ресурстарын қалпына келтіру шығындары және дифференциалдық рента;

-          кендерді іріктеп өндіргенде, бос жыныстар араластырғанда төленетін айып;

-          пайдалы компоненттерді толық өндірмегені, жоғалтқаны үшін айып төлеу;

-          кендерді өндіру ұқсату технологиясын орындамағанда төленетін айып;

-          табиғат қорғау шығындарын қайтару;

-          табиғи ортаны ластағаны үшін төлем;

-          табиғи ортаға келтірілген зиянның орнын толтыру;

-          табиғат ресурстарын пайдалану салығын төлеу.

 

Табиғатты пайдалану төлемдері, негізінен, табиғат қорғау, тиімді пайдалану мақсатында экономикалық ынталандыру үшін қолданылатын басқару тетігі болып табылады. Олар табиғат қорғау заңдарының іске асырылуын қамтамасыз етеді және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға көмегін тигізеді. Ал, ең негізгі қызметі табиғатты қорғау, тиімді пайдалану шараларына ынталандыру, жауапкершілікті арттыру болып табылады.

Табиғат ресурстарының түріне байланысты әмбебап пайдаланатын, арнайы пайдаланатын ресурстарға төлемдер ерекшеленеді. Әмбебап пайдаланатын ресурстарға жер, су, ауа және т.б. ресурстар жатады. Арнайы пайдаланатындар – орман, биоресурстар, минералдық шикізаттар.

Экономикалық мағынасына, атқаратын қызметіне қарап төлемдерді:

1)       табиғат ресурстарын пайдалану құқығы үшін;

2)       табиғат ресурстарын пайдалану үшін;

3)       табиғат ресурстарын қорғау, қалпына келтіру, жаңғырту, өсіру үшін;

4)       табиғат ресурстарын пайдалануды шектегені үшін;

5)       табиғи ортаны қорғау үшін;

6)       табиғат қорғау заңдарын бұзғаны үшін төлемдер деп сұрыптауға болады.

 

Тұрақты дамудың алғы шарттары.

Соңғы жылдары табиғатты қорғау мәселелері бойынша республикада көп жұмыс ат­қарылдуда. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнаманы қалып­тас­тыру жалғасуда. Экологиялық кодекс, Қазақстан Республикасына тозған және “лас” технологиялар мен жабдықтарды әкелуге тыйым салатын және әкелуді шектейтін экологиялық қауіпті техноло­гия­ларды, техникаларды және жабдық­тарды әкелуді реттеу мәселесі туралы заң, жаңғырмалы энергия көздерін пайдалануды қолдау тура­лы заң қабылданды. Президент Жар­­лығымен Қазақстан Республи­ка­с­ының орнықты дамуға көшу тұ­жырымдамасы мақұлданды. Киото хаттамасы ратификациялан­ды. 2009-2011 жылдарға арналған ми­нистрлік дамуының стратегия­лық жоспары бекітілді. Экология және су сапасы, осы стратегиялық ресурс­ты кешендік зерттеу және қорғау мәселелерін шешетін Еуразия су орталығы құрылды.

Қолданатын шара кешені есебінен Қазақстан Республи­ка­сында экологиялық жағдай, тұтас­тай алғанда, тұрақты қалыпта, эмис­сияларды төмендетуге, эколо­гиялық тиімді таза технологияға өтуге алғышарттар жасалды.

Алайда, әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында экологиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеу жөнінен озық шаралар қажет. Тиімді қоршаған ортаны қорғауға да, эко­номикалық тұрақ­ты­лықты сақтауға да мүмкіндік беретін үйлестірілген қадам болуы тиіс. Әлемдік экономикадағы дағдарыс құбылыс­тарына орай жағдайдың өзгеру есебінен құрыл­ған экологиялық саладағы резервті және мүмкіндік­терді тиімді пайда­лану керек.

Министрлік Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасына сәйкес “2010-2014 жылдарға арналған жасыл даму” бағдарламасының жобасын әзірледі. Мемлекеттік бағ­дарлама жобасына қазіргі таңда іске асырылып жатқан және әзір­ленудегі бағдарламалар енгізіл­ді. Олардың қатарында 2008-2010 жыл­­дарға арналған Қоршаған орта­ны қорғау бағдарламасы, “2007-2009 жылдарға арналған Балқаш-Алакөл бассейнінің орнық­ты да­муын қамтамасыз ету” бағ­дарла­ма­сы, 2010-2012 жылдарға ар­нал­ған бұрынғы Семей ядролық полигоны проблемаларын кешенді шешу бағдарламасының жобасы, “Капус­тин Яр” және “Азғыр” ядролық полигондарының әсерінен зардап шеккен халықты сауықтыру және әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі бағдарламаның жобасы бар.

“2010-2014 жылдарға арналған жасыл даму” бағдарламасы қорша­ған орта компоненттеріне және халық денсаулығына антропогендік әсерді төмендету, табиғи экожүйе­лерді сақтау және қалпына келтіру, қоршаған ортаның сапасын басқару жүйесін дамыту және жетілдіру сияқты бағыттардан тұрады.

Бірін­ші бағыт бойынша атмосфералық ауаның сапасын арттыру, су ре­сурс­тарының тапшылығын төмен­дету, тұрғындар денсаулығының жағдайын жақсарту жөнінде іс-шаралар көзделген.

Екінші бағыт бойынша радиациялық, химиялық, биологиялық ластануға ұшыраған экологиялық апат аймағын және аумағын оңалту, шөлейттенуді және жердің тозуын болдырмау, биосаналуандылықты сақтау жөнінде іс-шаралар өткізілмек.

Үшін­ші бағыт басқарудың заң­намалық тетіктерін жетілдіру және іске асыру, халықаралық қатынас­тарды дамыту, қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану экологиялық құралдары, қоршаған орта және табиғи ресурстар мони­торингі жүйесін ғылыми қамтама­сыз ету және дамыту жөнінде іс-шараларды қамтиды.

Бағдарламаны іске асырудың маңызды тетіктерінің бірі – экологиялық активтерді құру, таби­ғат­ты қорғау іс-шараларын іске асыру және қоршаған ортаны қорғау саласындағы кәсіпкерлік орнын дамыту міндетін атқаратын “Жасыл даму” өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқару бойынша ұлттық орталығын құру. Орталық­­тың негізгі мақсаты – қалдық­тар­дың барлық түрлерін кәдеге жара­татын технологиялық кешен­дер мен экологиялық жабдықтарды өндіру бойынша зауыттар құру.

Қазақстан “Жасыл даму” жолы­на тұруы тиіс, яғни қоршаған орта тұтастығын сақтай отырып, эконо­микалық өсуге қол жеткізуі қажет, Киото хаттамасы тетіктерін іске асырудан түскен қаражат тек эко­ло­­гиялық жобаларға жұмсалуы керек.

Киото хаттамасы тетіктерінің бірі – Киото хаттамасының Б қосым­шасына енген елдерге пар­ник­тік газдар шығарындыларын саудалау. Оның мәні өз міндет­темелерін орындаған және артық квоталары бар мемлекеттер қыс­қартулар қажет басқа елдерге өз қыс­қартуларын сата алатын­ды­ғында. Соңғы кездері атал­ған тетік аясында жасыл инвестиция сұлба­сы үлкен беделге ие болуда. Аталған сұлба бойынша шығарын­дылардың жобаларды орындауда емес, экономикалық дағдарыс нә­ти­жесінде пайда болған төмендету­лері бар тараптар (Ресей, Украина, Беларусь, Шығыс Еуропа елдері) бұл қысқартуларды іске асыра алады және түскен инвестициялар эколо­гия­лық жобаларға – парниктік газдар шығарындыларын төмендету жөніндегі жобаларға басымдықпен бағытталуы тиіс.

Халықаралық саудадан басқа, сауданың ұлттық жүйесі де бар. Парниктік газдарға түгендеу жүр­гізілгеннен кейін барлық кәсіп­орындар парниктік газдарға лимит­тер алады. Базалық жыл 2008 жыл болады. Егер кәсіпорын сы­нақ­тық кезеңнің соңында лимитті арт­тырып жіберсе, оған айыппұл­дық санкциялар қолданы­лады. Еуро­одақта бір тонна СО2 100 еуроға тең.

Айыппұл салдырмау мақсатын­да кәсіпорын қажетті парниктік газ көлемін сатып алуға болатын рынокқа жүгінеді. Онда баға құбылмалы және Еуроодақта бір тонна СО2 30 еуроға көтерілген. Төмен көміртекті технологияны ендірген және парниктік газдар шығарындыларының төмендеуіне қол жеткізген кәсіпорын қыс­қарту­лардың артығын сата алады. Қазақ­станда еуропалық тауар биржасына бейімделген тауар биржасында парниктік газдар саудасы бол­жану­да. Қазақстандық кәсіпорын­дардың уақыт өте келе нарықтық баға құратын халықаралық деңгейге шығатынына сенім мол. Былтырғы жылы соңғы тұтынушы үшін 1 тонна СО2 15 еуроға тең болды.

Дүние жүзінде Киото хаттама­сы­ның тетіктері бойынша көптеген кәсіпорындар жұмыс жасайды. Киото хаттамасы тетіктерінің әрекет етуі мерзімінде, бұл небәрі 5 жыл, дүние жүзінде 1800-ден астам жоба іске асырылып, 1,670 млрд. тоннадан астам СО2-эквива­ленті төмендеді.

2010 жылы жүзеге асырылу­ға дайын Киото хаттамасының тетіктері бойынша ондаған жобалар тіркеуден өтті. Аталған жобалар бойынша қажетті жұмыстар жүр­гізі­луде және таяу уақытта осы жоба­лардың іске асырылуының алғашқы нәтижелеріне де қол жетеді.

Қоршаған ортаны қорғау сала­сындағы көрсетілген басым бағыт­тарды іске асыру бойынша жүр­гізі­ліп жатқан жұмыстар дағдарыс құбылыстарын жеңу процесінде қоршаған орта сапасын жақсартуға және қоғамның экологиялық ор­нық­ты дамуына қолайлы деңгейді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 

12 Дәріс.  Қазақстан Республикасының тұрақты дамуының өзекті экологиялық мәселелері

 

Қазақстанда мұнай мен газ өнеркәсібі, түсті және қара металл өндіру, химия өнеркәсіптерінің жұмыс істеуі және т.б. өндірістер қоршаған орта мен экожүйеге антропогендік әсер етуде және жыл сайын зардаптары мен зияны қазіргі кезде қатты сезіле бастады. Экожүйе бұзылды немесе тіптен жойылу алдында тұр. Қазақстанда экодинамиканың келесі әлеуметтік экологиялық мәселелерін талдап қарастыруға болады. Олар таза су, теңіздер, көлдер мен өзендер, ауылшаруашылығы мен ормандар, атмосфера, қалдықтар, энергетика, транспорт, радиоактивті қалдықтар, жердің шөлге айналуы, биотүрлердің азаюы, табиғи апаттар, техногендік зіл-залалар.

Әрқайсысының жағдайы мынандай мәселелерге алып келіп отыр:

Таза су – жоғары приоритеттік мәселе. Қазақстанда су қоры өте аз. Мәселенің ең қиыны су сапасы мен ауылды мекендердегі таза су тапшылығы болып отыр. Суды ең көп қолданатын ірі қалалар мен ірі өндіріс орындары. Таза су тапшылығы  санитарлық– гигиеналық жағдайдың нашарлауына алып келеді. Суды ең көп қолданатын сала ауылшаруашылық. Шешімін табу керек мәселелерге ірі қалаларды сумен қамтамассыз ету, трансшекаралық мәселелер мен оларды шешу мәселелері жатады.

Теңіздер, көлдер мен өзендер. Балықтар қорының азаюы мен теңіз айналасындағы қоршаған ортаны қорғау мәселелері сақталып отыр. Алдыңғы қатардағы мәселеге Каспий теңізі жағалауындағы ластану жағдайы мен оған антропогендік әсерлердің ұлғаюы жатады. Арал теңізінің жайы тек қана Қазақстан үшін ғана емес, шекаралас елдер үшін де толғандыратын мәселеге жатады және осы елдердің де қатысуымен шешілуі қажет. Теңіз бен көлдердің балық қорын пайдалану мен оны сақтау экономикалық сараптамадан өткізуді талап етуде. Барлық өзендер суының ластануы ластаушы өндірістерге экономикалық және нарықтық тежеу құралдарын қолдануды талап етіп отыр.

Ауылшаруашылығы мен ормандар. Азық түлік шығару жерді құнарлануды қажет етеді, бірақ көп жағдайда тыңайтқышты қолданудан астық өнімінің артуы байқалмайды. Жыртатын жерлерде эрозия процестері жүруде және онымен күрес барлық шаруашылықтарды бірдей және жиі жүргізілмей отыр. Тағы бір мәселе ол ормандардың өртке жиі ұшырауы мен ағаштарды заңды және заңсыз кесудің үлкен дәрежеде жүргізілуі де болып отыр. Сексеуілді көп  мөлшерде шауып алуы шөл аумағының ұлғаюына алып келіп отыр.

Энергетика. Ел экономикасы артыумен бірге энергияға деген сұраныс жылдан жылға өсіп келеді. Ал энергияны өндіру қайта толмайтын қорларды жағу арқылы алынып келеді. Бірінші мәселе осы қорлардың азаюы, ал екіншісі қоршаған ортаға тигізіп отырған зияны. Бұл мәселелерді шешудің бірден бір тиімді жолы дәстүрлі емес (күн, жел, су) энергия көздерін пайдалануды енгізу және энергияны аз мөлшерде пайдаланатын құрылғыларды тұрмыста және өнеркәсіпте қолдану. Қазақстан уран қоры мен оны өндіру бойынша әлемде көш басында тұр, соған қарамастан елде әлі жұмыс істеп энергия шығаратын бір де бір атом электр станциясы жоқ. Егер жоспарланып отырған АЭС салынса және олардың саны мен сапасын болашақта арттырсақ, онда Қазақстан электр энергиясымен өзін өзі толық қамтамассыз етіп қана қоймай, оны экспортқа шығарушы елге айналады. 

Транспорт. Қазақстан елді мекендерінде және қалаларда транспорт түрі мен саны күрт көбейіп отыр. Соның әсерінен атмосфераға шығатын улы және зиянды заттар мөлшері артып отыр. Тарнспорт қолданатын жанар май сапасы да жақсармай отыр. Осы мәселерді шешу жолдары – жанар май сапасын арттыру, экономды және шағын транспорттарды шығарып пайдалану, кейбір жанар майды көп мөлшерде жағатын автотранспорттан бас тарту болып табылады.  

Атмосфера. Ең басты мәселе ауаға шығарылып жатқан зиянды заттардың мөлшерін күрт азайту жолдарын қарастыру, барлық сүзгіш әдістерді жүзеге асырып, өнеркәсіп орындарында пайдалану. Бұл мәселе барлық елдерге тән.

Қалдықтар. Өнеркәсіп орындарының қалдықтарымен қатар муниципалдық қалдықтарда көп мөлшерде шығарылуда. Қалдықтар қауіпті, уландырғыш, радиоактивті және аралас болып бөлінеді. Қалдықтар мәселесінің шешілу жолдары – қалдықсыз өндіріс санын арттыру, қалдықтарды өңдеуші зауыдтарды көптеп салу, қалдықтар полигондарын жабдықтау, қалдықты аз шығарушы текхнологияларды қолдану.

Қазақстандағы саяси ахуал бүкіл әлемге тұрақтылықтың, конфессияаралық келісімнің, еліміздің барлық азаматтарының мүддесінде демократия мен қоғамдық институттарды дамытудың бірегей үлгісін танытып отыр. Қазақстанның тұрақты саяси дамуы әлемдік қоғамдастық үшін теңгерімді бастамалардың көзі ретінде еліміздің қалыптасуында маңызды рөл атқара алады және атқаруға тиіс.

Осы орайда Қазақстан өзінің дамуында еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін біршама кедергілерге кезігуде. Қазақстан Республикасының қазіргі уақытқа дейінгі экономикалық өсуіне негізінен әлемдік нарықтағы шикізат бағасының өсуі мен табиғи ресурстардың елеулі бөлігін тұтыну есебінен қол жетіп отыр. Табиғи капиталдың барынша ысырап болуы мен құлдырауы орын алуда. Ішкі жалпы өнімнің өсуі қоршаған ортаға қалдықтардың көп шығарылуымен болуда. Қазіргі бағалау бойынша, ел аумағының 75%-на жуығы экологиялық тұрақсыздықтың жоғары тәуекеліне ұшыраған. Шөлейттену мәселесі өткір қойылып отыр. «Тарихи ластанулар», қалдықтарды жинаушылар, тұрақты және жылжымалы көздерден бөлінетін улы заттар қалдықтарының өсуі табиғи ортаның жай-күйі мен халықтың денсаулығына қатер төндіреді.

Ел экономикасының тұрақтылығына төнетін ықтимал қатерлер шикізат секторына елеулі тәуелділік, жекелеген салалардың Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ ) кіруге дайындық деңгейінің төмендігі, сыртқы қарыздың өсуі, «көлеңке экономика» проблемалары болып табылады.

Қазақстан өңірлерінің экономикалық және әлеуметтік жағдайларында айтарлықтай алшақтық бар. Демографиялық жағдай мен халықтың денсаулығының жай-күйінде проблемалар бар, әзірге оның құқықтық, экономикалық, экологиялық сауаттылық деңгейінің жеткіліксіздігі орын алуда. Бұл кедергілерді еңсеру Қазақстан Республикасының тұрақты дамуға көшу жолындағы басты кезеңдік міндеті болуға тиіс.

Экономикалық өсім процесінде экологиялық талаптарды арттыру, қоршаған ортаға антропогендік қысымды азайту қажет. Ол үшін 2024 жылға қарай экологиялық тұрақтылық индексін ең кем дегенде, қазіргі ең жақсы көрсеткіш – 88 балға дейін жеткізу қажет. Сол арқылы өмір сүру сапасының көрсеткіштерін ең жоғары әлемдік көрсеткіштерге жақындатып, айтарлықтай жақсарту қамтамасыз етілетін болады.

 

Тұрақты дамуға көшу кезеңдері

Қазақстан Республикасы үшін тұрақты дамуға көшу кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Ол үшін тұрақты дамудың әр кезеңіне арналған белгіленген өлшемдер анықталады.

Дайындық кезеңі (2007- 2009 жылдар) – тұрақты даму қағидаттарын қоғамдық және саяси қызметтің барлық салаларына енгізу, экономиканы әртараптандыру, технологиялық алға озуды жүзеге асыру үшін жағдай жасау.

Бірінші кезең (2010 - 2012 жылдар) – Қазақстан Республикасының әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына кіруін қамтамасыз ету.

Екінші кезең (2013 - 2018 жылдар) – өмір сүру сапасы деңгейі бойынша әлемдік дамудағы көшбасшылар арасындағы еліміздің жағдайын нығайту, табиғи ресурстарды орынсыз пайдалану салдарынан болатын шығындарды айтарлықтай қысқарту, елдің экологиялық тұрақтылығының жоғары деңгейін қамтамасыз ету.

Үшінші кезең (2019 - 2024 жылдар) – тұрақты дамудың қабылданған халықаралық өлшемдеріне қол жеткізу.

Тұрақты дамуға көшудің негізгі қағидаттары, басымдықтары , мақсаты мен міндеттері

Қазақстан Республикасында тұрақты дамуға көшудің негізгі қағидаттары мыналар болып табылады:

-          бүкіл қоғамды тұрақты дамуға қол жеткізу процесіне тарту;

-          тұрақты даму үшін саяси негіз жасау;

-          ведомствоаралық ықпалдасу, мемлекетті басқаруға деген жүйелі көзқарас, дамудың негізгі көрсеткіштерін болжамдау, жоспарлау және реттеу тиімділігін арттыру;

-          ел экономикасына жоғары технологияларды белсенді енгізу нәтижесіндегі экономикалық прогресс, ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыру;

-          ғылым мен білім берудің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету;

-          салауатты қоғам үлгісін енгізу негізінде халықтың денсаулық жағдайын, демографиялық жағдайды жақсарту;

-          қоғамның аса маңызды ноосфералық қызметі ретінде қоршаған ортаны қорғау қызметін жетілдіру;

-          трансөңірлік экожүйелік көзқарас негізіндегі аумақтық даму.

 

Тұрақты дамуға көшудің басымдықтары мыналар:

-          өндіріс пен тұтынудың тұрақты үлгілерін енгізу;

-          жаңа және экологиялық қауіпсіз технологияларды пайдалану;

-          тұрақты көлік жүйелерін дамыту;

-          энергетикалық тиімділік және энергия жинақтау;

-          тұрақты дамудың өңірлік проблемалары;

-          халықтың әлеуметтік қауіпсіздігінің деңгейін арттыру;

-          экологиялық және гендерлік аспектілерді ескере отырып, кедейшілікке қарсы күрес;

-          тұрақты даму үшін ғылым мен білім беруді одан әрі дамыту;

-          тарихи және мәдени мұраны сақтау;

-          халықтың денсаулығына төнетін экологиялық қауіп-қатердің алдын алу және азайту;

-          шөлейттенуге қарсы күрес;

-          биологиялық әр алуандықты сақтау;

-          эмиссияларды, оның ішінде қызған газдар мен озон қабатын бұзатын заттарды азайту;

-          сапалы ауыз суға қолжетімділік;

-          трансшекаралық экологиялық проблемаларды шешу;

-          радиациялық және биохимиялық қауіпсіздік;

-          қалдықтарды кәдеге асыру.

 

Тұрақты даму концепциясын жақын болашақта Қазақстанда жүзеге асыру мақсаттардың ішіндегі ең маңыздысы болып табылады және бұл шаралардың жүзеге асырылуы экологиялық жағдайдың, экономикалық дамудың, саяси, әлеуметтік және жалпы қоғамның сапалы жетістігіне алып келеді.  

 

Әдебиеттер тізімі 

1.       Бейсенова Ә. С. Экология: Оқулық. - Алматы : Ғылым, 2001. – 236 б.

2.       Старченко А.А. Экология и устойчивое развитие: Учебное пособие, Шымкент: ЮКГУ им. М. Ауезова , 2009.- 84 с.

3.       Жатқанбаев Ж.Ж. Экология негіздері: Оқулық. - Алматы : Зият, 2003. – 210 б.

4.       Акбасова А.Ж., Дуамбеков М.С., Сагинова Г.А. Охрана почвы: Учебник. - Астана: Фолиант, 2008. - 296 с.

5.       М.С. Тонкопий Экология и экономика природопользования: Учебник. – Алматы: Экономик,С, 2003. – 592 с.

6.       Қуатбаев А. Т. Жалпы экология: Оқулық.- Алматы: [б. ж.], 2008.- 311 б.

7.       Охрана окружающей среды и устойчивое развитие Казахстана: Стат. сборник /Стат. Агентство РК. - Астана: [б. и.], 2008. - 269 с.