Коммерциялық емес акционерлік қоғам
АЛМАТЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ БАЙЛАНЫС УНИВЕРСИТЕТІ
Қазақ және орыс тілдері кафедрасы

ҚАЗАҚ ТІЛІ-2
Іскерлік қарым-қатынас бойынша
дидактикалық материалдар және әдістемелік нұсқаулар
(барлық мамандықтарға арналған)  

Алматы, 2014

Құрастырушылар: Төлеуп М.М., Советова З.С. Қазақ тілі-2: Іскерлік қарым-қатынас бойынша дидактикалық материалдар және әдістемелік нұсқаулар (барлық мамандықтарға арналған). - Алматы: АЭжБУ, 2014.    - 41 б.

Әдістемелік нұсқау орыс тілінде білім алатын студенттерге «Қазақ тілі-2» пәнінің ауызша қарым-қатынас тарауы бойынша білім беруге арналған. Әдістемелік нұсқауда ауызша қарым-қатынас жасау үшін қажет білім: шешендік сөздер, мақал-мәтелдер, тұрақты тіркестер, идиомалар туралы материалдар беріледі.

Әдістемелік нұсқаудың мақсаты – студенттердің тіл байлығын, сөздік қорын байыту, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, өз ойларын жүйелі түрде жеткізе білуге дағдыландыру.

Кесте – 2, әдеб. көрсеткіші – 15 атау.

Пікір беруші: ЭСТжЖ кафедрасының аға оқытушысы Курпенов Б.К.

 «Алматы энергетика және байланыс университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының 2014 жылғы жоспары бойынша басылады.

Ó «Алматы энергетика және байланыс университеті» КЕАҚ, 2014 ж.

Алғы сөз

Тіл – адамзат қоғамымен біте қайнаса өмір сүретін, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасайтын аса маңызды құралы. Сондықтан қай ғасыр, қай дәуір болмасын, тіл мәселесі халық пен оның ұрпағы үшін үнемі басты назарда болмақ. Адамзат баласы үшін тілдік қорды игеру, әр сөзді орнымен ерекше мән бере жатымды жеткізе білуі, қай жерде, қандай дәрежеде, қандай тақырыпта кіммен (Елбасымен, ғалыммен, сала маманымен, жазушымен, дипломатпен, қарапайым адаммен) сөйлесуі, тіл қазынасын жете қолданып, ұстарта білуі – үлкен өнер.

«Дүниеде не қиын? Бәрінен де сөз бастау қиын», - деп Досбол шешен айтқандай, халық қашанда сөз өнеріне ерекше мән берген. Сөйлей білу – үлкен өнер. Мәселен, бүгінгі студент ертеңгі маман ретінде өз пікірін ашық айтып, ортаға салуға себеп болар жағдайлар өте көп. Өйткені қазір қай салада болмасын сөз тізгінінің бір ұшы жастардың қолында екені белгілі. Олай болса ұсынылып отырған әдістемелік нұсқаудың басты мақсаты – студенттерді жұрт алдында сөйлей білуге үйрету. Нақтырақ айтқанда, тілдің, сөз өнерінің қоғамдық қарым-қатынаста, мемлекеттік саяси, кәсіби, ғылыми т.б. саладағы орнын, болашақ маманның мәжілісте, ұжымда, кеңесте, пікірталаста, баспасөзде, саясатта еркін, ұтымды, қысқа сөйлеп, ойын нақты және жатық жеткізуге, қорыта білуге, сұрақ-жауап кезінде тапқырлық көрсетуге, даулы мәселені одан ары өршітпей дер кезінде аяқтауға дағдыландыру, бір адаммен, топпен, қауыммен байланыс орната сөйлеу, сөйлеу тәсілдеріне машықтандыру сияқты сөйлеу рәсімінің заңдылықтарын меңгертуге тырыстық.

Сөз өнерінің қыр-сырымен ғана емес, адамдардың арасындағы мәдени байланыс жасаудағы сөйлеу мәнеріне баса назар аудару барысында студент жастарға мемлекеттік тілде білім беруде бұл әдістемелік нұсқаудың болашақ білікті маман үшін көмегі зор деген үміттеміз.

1 Шешендік сөз өнері

Мақсаты: шешендік сөздерді, олардың түрлерін оқып білу арқылы студенттердің тіл байлығын, сөздік қорын байыту, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру.

Сөздік:

шешендік өнер – ораторское искусство

рухани-мәдени қазына – духовно-культурное богатство

көркемдік сапасы – художественная ценность

мазмұндық-танымдық мәні – содержательно-познавательное значение

қынаптан суырылған қылыштай өткір – острый как мечь

соқырға таяқ ұстатқандай анық – ясный как день

бойға қуат, көңілге медет болатындай терең мағыналы – глубокомысленные

бейнелі нақыштары – художественные узоры

Шешендік өнер – қай заманда, қандай қоғамда болса да қауымға, көпшілікке үлкен әсер ететін, оның санасын, сезімін баурап, күш-жігерін тасытатын қуатты құрал, күні бүгінге дейін құдіретін, қасиетін жоймаған өнер.

(Балтабай Адамбаев)

Шешендік өнерді талай ғасырлық рухани-мәдени қазынаның ұмытылмай, жоғалмай, көркемдік сапасы мен мазмұндық-танымдық мәнін бұзбай бүгінгі ұрпаққа жеткізетін тіл құдіретін дәлелдейтін феномен деп бағалауға болады. Бұл өнер туралы ана тіліміздің байлығымен танысып, оны зерттеген талай ғұламалар атап көрсеткен. Қазақтың қара сөзінің қадірін өз уақытында ерекше бағалап, ғұмырындағы ғылыми қызметінің негізгі бөлігін түркі   халықтарының   шығармашылығын   зерттеуге   арнаған   академик    В.В. Радлов былай деп жазған: «Қазақ қашанда мүдірмей, кідірмей, ерекше екпінмен сөйлейді. Өзінің ойын дәл және айқын ұғындыра отырып, өз сөзін белгілі мөлшерде мәнерлеп бере біледі. Тіпті ауызекі сөйлеп отырғанның өзінде оның сөйлемі мен ой кестесі өлең жолдары мен шумақтары секілді ұйқасып, үйлесіп келетіндігі сонша, нағыз өлең екен деп таңғаласың». Яғни, ұлттық болмыс, халық тілін танытатын негізгі факторлардың бірі – шешендік өнер.

 «Шешеннің сөзі – мерген» деген қазақ мақалында шешендікті, осылай, шеберлікпен салғастырып бағалайды. Мұнда шешеннің сөзі нысанаға дәл тиетіні жағынан анықтауға терең мағына бар. Халық түсінігінде шешеннің сөзі қынаптан суырылған қылыштай өткір, соқырға таяқ ұстатқандай анық, бойға қуат, көңілге медет болатындай терең мағыналы әрі көркем болуға тиіс. Тіл өнерінің салтанатты думаны сондай шешендік алаңында қызады да, оның от ауызды, орақ тілді шеберлері сол думанда көзге түседі. Соларды қазақ халқы «шешен» деген атаққа ие еткенде, өз өміріндегі ең қымбаты әрі өткір құралы – тілдің терең сырына, мол байлығына қанық, оны сілкілескенде сілтей білетін, аса дарынды кісілер деп құрметтейді.

Шешендік – дарындылық. Ол – тілі ғана емес, ойы да жүйрік кісілерге, тілдік сезімі күшті адамдарға тән қасиет. Ондай қабілеті бар адам, басқа өнерді үйреніп білетіндей, тіл өнерін де оқып, үйреніп, ізденіп жүріп игереді.

Біздің әрқайсысымыз өз қабілетімізге, білім, мәдени дәрежеміздің ерекшеліктеріне сәйкес өзіміздің сөйлеу стиліміз болады. Бір есептен, әркімнің өзіне тән, өзіне ғана жарастылықты стилі болады десе де артық кетпеспіз. Мысалы, кейбіреулердің сөзі мазмұнды, терең ойлы, әсерлі, образды, әуезді болып келеді. Ондай сөзді өзгелер ықыласпен тыңдап, еркеше әсер алып отырады. Бұл қасиеттердің бәрі бірдей бір кісінің, некен-саяқ болмаса, талантының айғағы бола бермейді. Сондықтан біреулердің шешендік қасиеті ойының тереңдігі, айқындылығы, дәлелділігі, нанымдылығы тұрғыларынан ерекше болып ұғынылса, кейбіреулердің сөздері эмоциялық әсерінің күштілігімен, бейнелі нақыштарының молдылығынан елеулі болады. Осындай екі түрлі шешендіктің жақсы үлгілерін жеке кісілердің басынан іздейміз. Біздің арамызда әсіресе бұлардың бірінші түріне жатқызуға болатын шешендер жиі кездеседі. Олардың сөздерін съездерде, конференцияларда, жиналыстарда, аудиторияларда, театрларда, радиода... естуге болады.

1-тапсырма. «Шешендік сөз өнері» мәтінін оқып, аударыңыз.

2-тапсырма. Төмендегі тақырыптардың біріне шешен сөйлеуге шағын хабарлама дайындаңыз.

Жастар – ел болашағы.

Болашақ – білімде.

Ана тілің – арың бұл.

Бірлік бар жерде тірлік бар.

3-тапсырма. «Дүниеде не өлмейді?» мәтіндегі қандай сөздер шешендік өнер үлгісіне жатады?

Дүниеде не өлмейді?

Әз Жәнібектің алпыс биі болған екен. Бір жолы хан билеріне: «Дүниеде не өлмейді?» - деп сұрақ қойғанда, алпыс биі бір ауыздан былай депті:

Ағын су өлмейді,

Асқар тау өлмейді.

Аспанда ай мен күн өлмейді,

Әлемде қара жер өлмейді.

Сонда Жиренше шешен бәріне қарсы шығыпты:

Ағын судың өлгені –

Алты ай қыста қатқаны.

Асқар таудың өлгені –

Басын бұлттың жапқаны.

Ай мен күннің өлгені –

Еңкейіп барып батқаны.

Қара жердің өлгені –

Қар астында жатқаны.

Ажал деген атқан оқ –

Бір алланың қақпаны.

Дүниеде не өлмейді?

Жақсының аты өлмейді.

Ғалымның хаты өлмейді. 

(Жиренше шешен)

4-тапсырма. Курсивпен белгіленген сөздерге қарама-қарсы мәндегі сөздерді, ал асты сызылған сөздерге мағыналас сөздердi тауып жазыңыз.

Бала – артта қалған ізің  емес пе?

Бөлтірік шешеннің қартайған шағында ақыл сұрай келген бір жас жігіт:

-   Ақ ата (Бөлтірікті жұрты осылай атаған), бақ кімге қонады? Бала ыстық па, байлық ыстық па? – дейді. Сонда Бөлтірік:

-   Қарағым, байлық – қолға ұстаған мұзың емес пе, бақ – ол да ұшқан бір құсың емес пе, бала – артта қалған ізің емес пе?! Бәріңнен жолдас-жораңмен, ағайын-туысыңмен, ел-жұртыңмен сіз-біз деп өмір сүргенге не жетсін. Осыларға жүрегің жылы болса, қайғың – күл, қуанышың – от! – дейді.                                                                                                                                               

(Бөлтірік шешен)     

Жерден ауыр не?

Жерден ауыр дегенім – ақыл, білім,

Судан терең дегенім – оқу, ғылым.

Оттан ыстық дегенім – адамның  өмірі,

Көктен биік дегенім – тәкаппардың  көңілі.

                                         (Бала би)

5-тапсырма. Абайдың отыз екінші, он сегізінші сөздерін оқыңыз. Осы айтылғандар туралы өз ой-пікіріңізді білдіріңіз.

Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары. Абайдың мұрасы – қазақтың қасиетті қазынасы. Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қалың елін, қазағын жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді.

(Н. Назарбаев)

Абайдың отыз екінші сөзі

Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар. Оларды білмек керек. Оларды білмей, іздегенмен табылмас.

Әуелі – білім-ғылым табылса, дүниенің бір қызықты нәрсесіне де керек болар еді деп іздемеске керек. Оның үшін білім-ғылымның өзіне ғана құмар, ынтық болып, бір ғана білмектіктің өзін дәулет білсең һәм әр білмегеніңді білген уақытта көңілде бір рақат хұзур хасил (тыныштық) болады. Сол рақат білгеніңді берік ұстап, білмегеніңді тағы да сондай білсем екен деп үміттенген құмар, махаббат пайда болады. Сонда әрбір естігеніңді, көргеніңді көңілің жақсы ұғып, анық өз суретімен ішке жайғастырып алады.

Егер дін көңілің өзге нәрседе болса, білім-ғылымды бірақ соған себеп қана қылмақ үшін үйренсең, ондай білімге көңіліңнің мейірімі асырап алған шешеңнің мейірімі секілді болады. Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де мейірленеді, тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байқайды.

Екінші – ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек. Бахасқа бола үйренбе, азырақ бахас көңіліңді пысықтандырмақ үшін залал да емес, көбірек бахас адамды түземек түгіл, бұзады. Оның себебі әрбір бахасшыл адам хақты шығармақ үшін ғана бахас қылмайды, жеңбек үшін бахас қылады. Ондай бахас хасудшілікті (күндеушілікті) зорайтады, адамшылықты зорайтпайды. Бәлкім, азайтады. Және мақсаты ғылымдағы мақсат болмайды, адамды шатастырып, жалған сөзге жеңдірмекші болады. Мұндай қиял өзі де бұзықтарда болады. Жүз тура жолдағыларды шатастырушы кісі бір қисық жолдағы кісіні түзеткен кісіден садаға кетсін! Бахас – өзі де ғылымның бір жолы, бірақ оған хирслану (сараң болу) жарамайды. Егер хирсланса, өз сөзімшіл ғурурлық (менмендік), мақтаншақтық, хүсідшілік бойын жеңсе, ондай кісі адам бойына қорлық келтіретұғын өтіріктен де, өсектен де, ұрсып-төбелесуден де қашық болмайды.

Үшінші – әрбір хақиқатқа тырысып иждиһатыңмен көзің жетсе, соны тұт, өлсең айрылма! Егер де ондай білгендігің өзіңді жеңе алмаса, кімге пұл болады? Өзің құрметтемеген нәрсеге бөтеннен қайтіп құрмет күтесің?

Төртінші  –  білім-ғылымды  көбейтуге  екі  қару  бар  адамның  ішінде:  бірі – мұлахаза қылу (пікір алысу), екіншісі – мұхафаза қылу (қорғау). Бұл екі қуатты зорайту жаһатінде болу (тырысу) керек. Бұлар зораймай, ғылым зораймайды.

Бесінші – осы сөздің он тоғызыншы бабында жазылған ақыл кеселі деген төрт нәрсе бар. Содан қашық болу керек. Соның ішінде уайымсыз салғырттық деген бір нәрсе бар, зинһар (әйтеуір), жаным, соған бек сақ бол, әсіресе! Әуелі – құданың, екінші – халықтың, үшінші – дәулеттің, төртінші – ғибраттың, бесінші – ақылдың, ардың бәрінің дұшпаны ол. Ар бар жерде бұлар болмайды.

Алтыншы – ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты бар. Сол мінез бұзылмасын! Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады. Одан соң оқып үйреніп те пайда жоқ. Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың? Қылам дегенін қыларлық, тұрам дегенінде тұрарлық, мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын! Бұл бір ақыл, ар үшін болсын!

Он сегізінші қара сөз

Адам баласына жыртықсыз, кірсіз, сыпайы киініп, һәм ол киімін былғап, былжыратып кимей, таза кимек – дұрыс іс. Ләкин өз дәулетінен артық киінбек, не киімі артық болмаса да көңіліне қуат тұтып, тым айналдырмақ – кербездің ісі.

Кербездің екі түрлі қылығы болады: бірі – бет-пішінін, сақал-мұртын, жүріс-тұрысын, қас-қабағын қолдан түзеп, шынтағын көтеріп, қолын тарақтап әуре болмақ. Біреуі – атын, киімін «айран ішерім» деп, солардың арқасында сыпайы, жұғымды жігіт атанбаққа, өзінен ілгерілерге елеулі болып, өзі қатардың ішін күйдіріп, өзінен кейінгіге «әттең дүние-ай, осылардың атындай ат мініп, киіміндей киім кигеннің не арманы бар екен?!» дейтұғын болмаққа ойланбақ.

Мұның бәрі – масқаралық, ақымақтық. Мұны адам бір ойламасын, егер де бір ойласа, қайта адам болғаны қиын іс.

Кербез дегенді осындай кер, кердең немеден безіңдер деген сөзге ұқсатамын. Тегінде адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ.

Одан басқа нәрселерменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық.

1.1  Шешендік сөздердің мазмұндық-тақырыптық топтары

 

Сөздік:

әлеуметтік-саяси – социально-политическое

академиялық – академическое

әлеуметтік-тұрмыстық – социально-бытовое

сот ісіндегі – судебное

діни – богословско-церковное

әскери – военное

саудадағы – торговое

диалогтік – диалогическое

Шешендік өнер тек тарихи құбылыс қана емес, қоғамдық құбылыс, өйткені әрбір қоғамның даму тенденциясына сәйкес шешендік өнер де сол тенденцияға икемделіп, қоғам мұқтаждығын атқару мақсатында өзгерімпаздық қасиетке ие болған. Осындай қоғам жүйесінің дамуына сәйкес шешендік сөздердің де өзіндік мазмұндық-тақырыптық, құрылымдық аясы кеңейіп, толығып отырған.

Шешендік түрлерін былайша топтастыруға болады (1-кестені қараңыз).

1-кесте – Шешендік сөздердің түрлері

Организационная диаграмма

Шешендік сөздердің жұмсалатын орындарына түгел тоқталмай-ақ, өз мақсат-міндеттерімізге тікелей қатысты академиялық шешендік сөздерге назар аударайық. Академиялық шешендік сөздерге мыналар жатады:

-   жоғары оқу орындарындағы лекциялар;

-   ғылыми баяндамалар;

-   ғылыми шолулар;

-   ғылыми хабарламалар.

Білім-ғылым мазмұндағы шешендікті көрсететін орындар: жоғары оқу орындарының кафедралары, яғни лекциялар, ғылым мәселелеріне арналған жиналыс-конференцияларда сөйленетін сөздер, симпозиумдерде жасалатын баяндамалар, ғылыми хабарламалар, диссертациялар.

Академиялық шешендік сөздер 3 топқа бөлінеді (2-кестені қараңыз):

1)    таза академиялық ғалымдар ортасы;

2)    жоғары білім беретін мектеп;

3)    тәлімдік-педагогикалық шешендік.

Академиялық шешендік сөздердің ең басты белгілері: айтылмақ ойдың негізді, дәлелді болуы, сөздің біршама қатаң стильде айтылуы және ғылыми терминдердің молынан орын алуы. Басты мақсат – білім мен ғылым саласынан хабар беру, ғылымды таныту.

2-кесте – Академиялық шешендік сөздер

Организационная диаграмма

6-тапсырма. «Шешендік сөздердің мазмұндық-тақырыптық топтары» мәтінін оқып, аударыңыз.

7-тапсырма. Дұрыс сәйкестігін бағдар сызық арқылы белгілеңіз.

1

Академиялық шешендік

Шешендер жиынды аузына қаратып, нандырып, сендіріп, мемлекет ісіне қарар шығарту мақсатында сөйлейді (А. Байтұрсынов).

2

Діни

мазмұнды

шешендік

Шешендер сотта айыпкер адамдарды ақтау, я қаралау мақсатпен сөйлеп, сот билігіне әсер ету үшін айтқан сөздері (А. Байтұрсынов).

3

Сот ісіндегі шешендік

Біреудің халық алдында еткен еңбегін, өткізген қызметін айтып, қошаметтеп сөйлеген шешеннің сөзі (А. Байтұрсынов).

4

Әлеуметтік-тұрмыстық мазмұнды шешендік

Білімділердің, ғалымдардың пән мазмұнды сөйлегені (А. Байтұрсынов).

5

Әлеуметтік-саяси  мазмұнды шешендік

Дін жайынан сөйлеген ғұламалар сөзі, молдалар сөзі (А. Байтұрсынов).

1.2 Шешенге қойылатын талаптар

Сөздік:

тілдік қоры – языковое богатство

ұтымды пікір – убедительное мнение

шыншыл – правдивый

ізденгіштік қасиеттері – любознательность

қабілет-қарымы – способность, дарование

білім-білігі – знание, умение

Шешеннің тілдік қоры мол, жан-жақты білімді, ұтымды пікір, ойға тоқтай алатын, шыншыл, ізденгіштік қасиеттері болса, кез келген аудиторияны игере алары сөзсіз.

Шешеннің сөзі монологқа жатады. Бұның өзі іскерлік, ғылыми, көркем стильде болуы мүмкін. Ойды жеткізуде тақырып пен ортаға қарай анықталатын стиль оның амал-тәсілдерін де ашады. Қажетті жағдайға қарай диалог құра білу аудиториямен дұрыс қарым-қатынас жасауға да қатысты. Аудиториямен қандай формада әңгімелесуге болады, қай уақытта екенін де білудің мәні зор екені белгілі. Ендеше шешенге қойылар басты талап – қабілет-қарымын, білім-білігін шығармашылықпен байланыстыра алуында.

Шешенге төмендегідей талаптар қойылады:

- белгілі тақырып бойынша білім жинау;

- қажетті әдебиеттерді іріктеу;

- жинақталған әдебиеттерді оқып игеру;

- жоспар құру;

- сөйлейтін сөзінің жазбаша мәтінін әзірлеу;

- аудиториямен жұмыс істей білу;

- уақытты дұрыс пайдалана алу;

- тыңдаушылар сұрақтарына жауап беру;

- қазіргі техника құралдарын қолдана білу.

1.3 Материалды баяндаудың әдістері

Сөздік:

ой түю – умозаключение

тұжырым жасау – формулировать, сделать вывод, заключение

үгіттеу мақсатында – в целях агитации

насихаттық қызметтер – пропагандистские работы

бірізділік – последовательность, системность

Сөйлеудің құрылымы шешеннің материалды ұсынудың әдістерін таңдауына тікелей байланысты. Материалды мазмұндаудың әдістері:

Индукция әдісі – материалды жалқыдан жалпыға қарай мазмұндау. Сөйлеуші өз сөзін жеке оқиғадан бастап, содан кейін тыңдаушыларды жалпы ой түюге, тұжырым жасауға итермелейді. Бұл әдіс үгіттеу мақсатындағы сөздерде көп қолданылады.

Дедукция әдісі – материалды жалпыдан жалқыға қарай мазмұндау. Оратор сөз басында жалпы мәселелерді талқылауды алға тартып, содан кейін олардың мән-мазмұнын нақты мысалдар мен дәйектер негізінде түсіндіреді. Бұл әдіс насихаттық қызметтерде жиі пайдаланылады.

Аналогия әдісі (ұқсастық, үйлестік) – әртүрлі құбылыстарды, оқиғаларды, деректерді салыстыру. Көп жағдайда қатарластыра салыстыру тыңдаушыларға таныс деректер негізінде жүргізіледі. Бұл баяндалатын материалдардың дұрыс қабылдауына, басты идеяларды нақты түсінуге, аудиторияға тиімді әсер етуге ықпал етеді.

Жинақтау немесе топтау әдісі – материалды негізгі мәселенің төңірегінде топтастыру. Сөйлеуші негізгі мәселені жалпылай қарастыра келіп, оған нақты әрі терең сипатта талдау жасайды.

Сатылы әдіс – бір мәселеден кейін екіншісіне, одан кейін үшіншісіне бірізділікпен, бір жүйемен мазмұндай отырып көшу.

Тарихи әдіс – материалдарды хронологиялық жүйелілікпен мазмұндау, уақыт ағымына қатысты болған өзгерістерді талдау.

Бақылау сұрақтары:

1.  Сөз сөйлеуде шешендік өнердің рөлі қандай?

2.  Қазақ халқы шешендік өнерге неліктен жоғары баға берген?

3.  Шешенге қандай талаптар қойылады?

4.  Материалды баяндаудың қандай әдістері бар?

5.  Шешендік сөздердің мазмұндық-тақырыптық топтары қандай?

6.  Әлеуметтік-саяси мазмұнды шешендік сөздерге қандай шешендік сөздер жатады?

7.  Академиялық шешендікке қатысты сөздер дегеніміз қандай сөздер?

2 Мақал мен мәтелдердің шешендік өнерді игерудегі рөлі

Мақсаты: өз ойларын жүйелі түрде жеткізе білуге, шығармашылық ізденіске және «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» таба білуге дағдыландыру.

Сөздік:

таусылмас кеннің көзі – источник нескончаемого богатства

толыққанды – полноценный

шешім айтудың соңғы нүктесін қою – решить окончательно

айшықты – выразительный

сенімді –  надежный

жандандырады – оживить

ықыласын аударады – обратить внимание

Шешен адам үшін нағыз таусылмас кеннің көзі – мақал-мәтелдер. Мақал-мәтелдер ойдың мағынасын бейнелі, өте қысқа пішінде білдіруге мүмкіндік береді. Көп жағдайда сөзді бастаудың көзі ретінде тақырыпты дамыту әрі айтылған ойды жетілдіру үшін, жағдайды толыққанды ашып, қорытынды жасаудың, шешім айтудың соңғы нүктесін қою үшін пайдаланылады.

Мақал-мәтелдер айтылған ойға иллюстрация, бейнелі параллельдер ретінде келтіріледі, ойды айшықты, сенімді айтуға мүмкіндік береді. Бейнелі иллюстрациялар тыңдаушылардың есінде көпке дейін сақталады. Мақал-мәтелдер сөзді жандандырады, тыңдаушылардың ықыласын аударады, нақты бір психологиялық ахуал қалыптастырады, кей кезде сөзге ойнақы әрі мысқыл бояу беру үшін пайдаланылады.

Мақал-мәтелдердің сәтті қолданылуы – олардың сөйлеушінің ойымен дәл үндес келіп, нақты үйлесім табуында.

8-тапсырма. «Мақал мен мәтелдердің шешендік өнерді игерудегі рөлі» мәтінін оқып, аударыңыз.

9-тапсырма. Мақал-мәтелдерді аяқтаңыз.

Шешеннің сөзі – мерген, ... ... ... .

Ер жігіт елі үшін туады,  ... ... ... .

Шешен сөз бастар, ... ... ... .

Жеті жұрттың тілін біл, ... ... ... ... .

Еңбексіз өмір жоқ, ... ... ... .

Шебер адам – елдің шегесі, ... ... ... ... .

Еңбектің көзін тапқан, ... ... ... .

Туған жердей жер болмас, ... ... ... ... .

Еңбекпен ер көгерер, ... ... ... .

Туған жер – тұғырың, ... ... ... .

10-тапсырма. Мақал сөздің – атасы. Еңбек, адамгершілік, тәрбие тақырыптарында мақал-мәтелдерді жатқа айту сайысына дайындалыңыз.

11-тапсырма. «Толған ел тарихын таспен жазады, тозған ел тарихын жаспен жазады», «Бірлігі бар елдің, белін ешкім сындырмас» мақалдарының шығуы туралы шағын әңгіме жазыңыз. 

12-тапсырма. «Атадан қалған асыл мұра» тақырыбына эссе жазыңыз.

13-тапсырма. Мына мақал-мәтелдерді іскерлік қатынаста қолдануға бола ма, болса қандай жағдайларда қолдануға болатынын нақты жағдаяттық сұхбаттар құрып, дәлелдеңіз.

1. Айран сұрай келсең, шелегіңді жасырма.

2. Құрғақ қасық ауыз жырады.

3. Ақыл таппайтын амал жоқ, атқыш бұзбайтын қамал жоқ.

4. Аузы күйген үріп ішер.

5. Сақтықта қорлық жоқ.

6. Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады.

7. Қолыңмен істегенді, мойныңмен көтер.

8. Көш жүре түзеледі.

9. Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады.

10. Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас.

11. Көптеп көтерген жүк жеңіл болады.

12. Сабыр түбі – сары алтын.

2.1 Тіл және шешендік өнер туралы мақал-мәтелдер мен аталы сөздер

Суық жүз бен ащы сөз кісіні түршіктіреді (Ю. Баласағұни).

Білікті сөз – әдеп үлгісі (А. Йүгінеки).

Тәрбие басы – тіл, өнер алды – тіл (Махмуд Қашқари).

Ашуың келсе, аузыңды жап (мылқау бол) (Ю. Баласағұни). 

Ірі сөз айтпа кісіге: ірі сөзден кісінің жаны талай жыл ауырады (Ю. Баласағұни). 

Кісіні тілі сақтайды, кісіге құт тілден келеді (Ю. Баласағұни). 

Тіл өнері – тура сөз, тура сөйле, сөзің менен тіліңді ақылгөйле (А. Йүгінеки).

Сөз – дүлейдің бораны, жүрекке салар жараны (Ю. Баласағұни). 

Тіл білген адам оның мәні мен мағынасын да біледі, өзі білмейтін нәрсесін «білемін!» десе, сол – айып (А. Йүгінеки).

Малға кедей – жарлы,

Тілге кедей – сорлы.

Піл көтермегенді сөз көтереді.

Сөз – көмек, тіл – құрал.

Тіл – қылыштан да өткір.

 

Тәрбие тілден басталады.

Тіземнен сүріндірсе, сүріндірсін,

Тілімнен сүріндірмесін.

Ұлттың өшуі тілдің өшуінен басталады.

Шешеннің тілі – шебердің бізі.

Тіл – татулық тірегі.

Тіл – өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем.

Тіл – ел басқарудың құралы.

14-тапсырма. Тіл туралы мақал-мәтелдер мен аталы сөздерді оқып, мағынасын ұғынуға тырысыңыз. Осы айтылғандар туралы өз ой-пікіріңізді білдіріңіз.  

15-тапсырма. «Тіл – өлшеусіз қазына» тақырыбына эссе жазыңыз. 

Бақылау сұрақтары:

1.  «Шешен» сөзінің этимологиясын сөздік арқылы түсіндіріңіз.

2.  «Шешеннің сөзі – мерген», «Шешеннің тілі – шебердің бізі» деген мақал-мәтелдерді қалай түсінесіз?

3.  Шешендік өнерді игерудегі мақал мен мәтелдердің рөлі қандай?

4.  Іскерлік қарым-қатынаста қандай мазмұндағы мақал-мәтелдер қолданылады?

3 Тұрақты тіркестер мен идиомалардың шешендік өнерде қолданылу ерекшеліктері

Мақсаты: тұрақты тіркестер мен идиомалардың шешендік өнерді игерудегі рөлін үйрету, сұрақ-жауап кезінде тапқырлық көрсету, даулы мәселені одан ары өршітпей дер кезінде аяқтауға дағдыландыру.

3.1 Тұрақты тіркестер (фразеологизмдер)

Тұрақты сөз тіркесі – сөз тіркестерінің бір түрі. Мағынасы біртұтас, құрамын  өзгертуге,  басқа  сөзбен  алмастыруға  болмайтын,  бір  сөздің орнына  ғана  жұмсалатын  тіркесті  тұрақты  тіркес  (фразеологизм)  деп атаймыз.

Тұрақты сөз тіркесінің негізгі белгілері: құрамындағы сөздердің орындары тұрақты, яғни орындарын өзгертуге келмейді, сөздердің мағыналары біртұтас болып, бір мағынаны білдіреді.

Тұрақты сөз тіркестері сөйлемде бір сұраққа жауап беріп, бір ғана сөйлем мүшесі болады. Мысалы: ит өлген жер – алыс, жүрек жұтқан – батыл, қас пен көздің арасында – лезде, тез, жылдам, арасы таяқ тастам – жақын, атағы елге жайылған – әйгілі, белгілі, төбесі көкке жетті – қуанды, шаттанды, қадір тұтты – сыйлады,  құрметтеді, бағалады т.б.

3.2 Идиома

Идиома – өзге тілдерге аударуға келмейтін, тура аударылса ұтымды, әсерлі болмайтын, құрылысы жағынан тек ана тіліне тән сөз тіркесі. Мұндай сөйлемшелердің мағынасы қолданылған сөздердің, яғни құрастырушы элементтердің мәніне сәйкес келмей, мүлде өзгеріп шығады.

Қазақ тілінде «айы оңынан тусын», «асығы алшысынан тұрды», «екі арысым аман болса», «ат арытып, тон тоздырып», «асқар тауым», «айы кіріп, күн шығу» т.б. с.с. идиомалық сөз тіркестері елеулі орын алған.

3.3 Іскерлік қарым-қатынаста қолданылатын фразеологизмдер

 

Ақылға сыймайды, көңілге қонбайды сенбейтін, болуы мүмкін емес нәрсе. Әріптестер, ақылға сыймайтын нәрселерге уақытымызды босқа кетірмейік.

Ақыл қосу – кеңес беру. Осы сұрақ төңірегінде қосатын ақылдарыңыз болса, тыңдауға дайынбыз.

Ой таразысына салды – ойланды. Осы мәселені ой таразысына салып, ойластырып келіңіздер, дүйсенбі күні талқылаймыз.

Опық жеу – өкіну. Ертеңгі күні опық жеп қалмау үшін келісімшарттың барлық тармақтарын егжей-тегжейлі оқып, қарастыруымыз керек.

Кезек алу – істі, сөзді бастау құқығына ие болу. Енді сөз сөйлеу кезегін кәсіпорын басшысы алды.

Кезек күттірмейтін іс, мәселе, жұмыс – шұғыл орындалатын іс. Біздің алдымызда кезек күттірмейтін мәселе тұр, оның шешімін шұғыл таппасақ, осы уақытқа дейін жасаған жұмыстарымыз зая кетеді.

Басымен жауап беру – тек жеке өзі жауап беру. Бұл іске басыммен жауап беретіндіктен, жұмыстың барлық кезеңдерін өзім бақылаймын.

16-тапсырма. Төмендегі тұрақты тіркестер мен идиомалардың мағынасын түсіндіріңіз және оларды пайдаланып, диалогтар құрыңыз.

Жаңа кезеңге шығу

Көзін іздеу

Бас болу

Аяқсыз қалдыру –

Басын ашу –

Атсалысу –

Ойлағаны болу –

Ой туды –

Сөзі бір жерден шығу –

Талқыға салу –

Дамыл көрмеу –

Шешімін табу –

Қолдау көрсету –

Салмақ арту –

 

Бақылау сұрақтары:

1.  Тұрақты сөз тіркесіне анықтама беріңіз.

2.  Сөйлеу әдебіне қатысты қазақ халқының сөз өнерінен мысалдар келтіріңіз.

3.  Тұрақты тіркестер мен идиомалардың айырмашылығы неде? Мысалмен дәлелдеңіз.

4.  Тұрақты тіркестер мен идиомалардың шешендік өнерде қолданылу ерекшеліктері қандай?

5.  Іскерлік қарым-қатынаста қолданылатын қандай фразеологизмдерді білесіз?

6.  Іскерлік қарым-қатынастағы тұрақты тіркестер мен идиомалардың орны қандай?


4 Сөйлеуде қолданылатын тілдің көркемдеуіш құралдары

Мақсаты: жұрт алдында сөйлеу үшін тілдік құралдарды пайдалана алуға, сөйлеу тәсілдерін дұрыс қолдануға үйрету.

Сөздік:

сөздік қор – словарный запас

үгітші – агитатор

баяндамашы – докладчик

дарындылық – одаренность

оқымыстылардың айтуына қарағанда – по словам ученых

теңеу – сравнение

бейнелі сөздер – образные слова

Сөз – ойды білдірудің, сөйлем құраудың басты материалы. Құрылыс материалынсыз үй салуға болмайтыны сияқты, сөзсіз сөйлем құрауға болмайды. Сөйлем – адам ойын айтудың негізгі формасы. Сөйлемге қатысты әрбір сөз – айтайын деген мақсатты ойдың қажетті бөлшегі.

Жазуда, сөйлеуде кісі ойына керекті сөз таңдағанда, олардың стильдік ерекшеліктерін ескеру керек. Мысалы, публицистикалық стиль мен ғылыми әдебиет стилінің сөздік құрамы бірдей емес: публицистикалық стильде жазылған газет-журнал тілі жалпы халыққа арналатындықтан, оның сөздері де жалпыға бірдей түсінікті болуға тиіс, ал ғылыми әдебиет тілінде жалпыға бірдей түсінікті ортақ сөздермен қатар, жеке мамандыққа тиісті, жұрттың бәрі бірдей түсіне бермейтін сөздер де қолданылады, солардың ішінде әсіресе жеке ұғымды білдірген атаулар, термин сөздер көп болады.

Қазақ тілінде сөйлейтін кісілердің сөздік қоры бірдей емес. Үгітші, баяндамашы, журналист, жазушы және басқа интеллигенттер қазақ тілінің сөздерін молынан пайдалануға тырысу керек. Әдетте, білімді, мәдениетті, тіл өнеріне әуестігі күшті кісілердің сөз байлығы да мол болады. Сөз білудің екі түрі бар: кісінің өзі жақсы біліп, жиі қолданатын сөздер және өзі білсе де, мағынасын түсінсе де, көп пайдаланбайтын сөздер. Адамның білімі, мәдениеті артқан сайын, оның сөзді игеру мүмкіншілігі арта түседі. Әдетте, ел арасында көп болған, саяси, ғылыми, көркем әдебиетті көп оқитын кісілер сөзді көп біледі. Сөзді көп білуге де дарындылық, қабілет керек. Оқымыстылардың айтуына қарағанда, қатардағы интеллигенттің сөз байлығы 4-5 мың шамасында болса, ірі жазушылар мен көрнекті қоғам қайраткерлерінің жиі қолданатын сөздері 15-20 мыңдай болады.

Тіл мәдениетіне жетік болу үшін сөзді көп білу жеткіліксіз, ол сөздерді жұмсай білу де керек. Сөзді жұмсай білу үшін олардың мағыналарын, мәндестік ерекшеліктерін, әдеби, әдеби еместік қасиетін, еркін және тұрақты тіркестер құрамына ену мүмкіншіліктерін жақсы білу керек.

Тілімізде ойды әсерлі етіп, көркемдеп жеткізудің түрлі-түрлі тәсілі бар. Ойды тұжырымды, дәл, түсінікті әрі әсерлі, көркем түрде айта алу, жеткізу, ең алдымен, әдеби тілдегі қалыптасқан нормалардың негізінде сөйлемді дұрыс құра білумен, ондағы сөздердің мағыналық сәйкестіктерінің сақталып, орынды қолдана білуімен байланысты.

Әсерлі, әсем әрі көрікті, образды ой тілдің суреттеме және көркемдегіш құралдары арқылы беріледі. Олар теңеу, эпитет, метафора, метонимия, синекдоха сияқты бейнелі сөздер түрінде қолданылады.

 4.1 Теңеу

Теңеу – белгісіз нәрсені белгілі нәрсеге салыстыру арқылы көзге елестету амалы. Сөз ішінде теңеу сөздер мына жайттарға қатысты пайдаланылады:

1)     кейіпкердің бет-пішінін, сырқы көрінісін, портретін жасау үшін;

2)     адам сезімін, көңіл-күйін, психологиялық халін, әсер мен ойын  нақтыландыру амалы  ретінде қолданады;

3)     кейіпкердің әдетін, қимылын, іс-әрекетін қалыпты күйін шебер мінездеуде қолданады;

4)     табиғат көріністерін, тұрмыстық жайларды т.б. дүниені көрсетуде қолданады. Қазақ жазушылары көптеген нәрсені төрт түлік малға, аң-құс атауларына теңейді. Өйткені қазақтың күнкөріс кәсібі құсбегілік өнермен де байланысты болған. Мысалы:

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Қырандай күшті қанатты –

Мен жастарға сенемін! (М. Жұмабаев)

4.2 Эпитет

Эпитет дегенiмiз – заттың не құбылыстың айрықша белгісін білдіретін, бейнелі де әсерлі сөз. Мәселен, шешендік сөздердің ішінде ел ауызында жиі айтылатын қонақтың төрт түрін эпитет арқылы көрсетуде қазақ ұлтына тән «қонақжайлылық», «қонағын құдайындай сыйлау», «құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деген тәлімдік мәні мол сөздер көп кездеседі.

Сырым батыр үйіне қонып отырған қадірменді қонағы Төленді биден:

- Биеке, қазақтың қонағы неше түрлі болады? - деп сұрапты.

-   Қазақтың қонағы төрт түрлі болады: арнайы қонақ, құдайы қонақ, қыдырма қонақ, қылқыма қонақ, - деп жауап беріпті.

Берілген шешендік тағылымы мол сөзде «қонақ» сөзін, оның мәнін, қасиетін ерекше «арнайы», «құдайы», «қыдырма», «қылқыма» деген эпитеттермен беру арқылы тыңдаушының ойлауына, танымына ықпал еткен.

4.3 Метафора

Метафора (грек. ауыстырып қою) – екі нәрсені, құбылысты салыстыру және жанастырып-жақындату негізінде астарлы тың мағына беретін бейнелі сөз немесе сөз тіркесі. Метафораның ең көп қолданатын жері – көркем әдебиет пен публицистикалық стиль. Сөздің метафоралық мағынасы шешендік сарындағы өсиет-өлеңдерден, мақал-мәтелден, айтыс-жырлардан, ауыз әдебиетінің өзге үлгілерінен кездеседі. Мысалы: Сөз бақпаған момын ағайынның бәрі де Қодарды қараламады (мұндағы «қараламады» етістігі метафоралық тәсілмен өзінің тікелей мағынасынан шығып, стильдік жаңа ұғымда жұмсалған).

Метафоралар ғылыми стильде де қолданылады. Мұнда тек жалпыхалықтық сипаттағы метафоралар, яғни ауыс мағынасы кімге болса да жақсы түсінікті, әбден орныққан сөздер ғана пайдаланылады. Мысалы: Пирамиданың табаны кең қабырғалы үшбұрыш (геометрия).

Метафоралар ресми-кеңсе стилінде де қолданылады. Мысалы: Оқушыларды терең және баянды ғылым негіздерімен қаруландыру.

4.4 Метонимия

Метонимия – грек сөзi, «атын өзгертiп, алмастырып атау» деген мағынаны бiлдiредi. Мәндiк, мекендiк, мезгiлдiк түр-түстiк жағынан бiр-бiрiне бүтiндей не бөлшектей жақындығы бар екi заттың я құбылыстың бөлшегi орнына бүтiннiң алмастырып айтуды метонимия деймiз. Мәселен, тұрғындардың орнына қоныс атауы: бүкіл ауыл жиналды (бүкіл ауыл тұрғындары жиналды); қатынасушылардың орнына сол әлеуметтік оқиғалар мен шаралардың атауы: конференция шешім қабылдады (конференцияға қатысушылар шешім қабылдады); оқиға, шығарманың орнына сол оқиға, шығарма авторының аталуы: Әуезовті оқыдым (Әуезовтің әңгімелерін оқыдым).

Метонимия жайында өзiнiң «Әдебиет танытқыш» еңбегiнде алғаш теориялық тұжырым жасаған қазақ ғалымы А. Байтұрсынұлы: «Арасында жақындығы бар екi нәрсенiң атын ауыстырып, бiрiнiң орнына бiрiн айту төмендегi түрi болса, ондай ауысу алмастыру деп аталады. Мысалдар:

1.     «Анау үйдiң құдасы келiп жатыр» деймiз. Құда үйдiкi емес, ол үйдегi адамдiкi, үй мен үй иесiнiң арасы жақындығынан бiрiнiң орнына бiрiн айтамыз.

2.     «Ауыл ұйқыда жатқанда» дейміз. Ауыл ұйықтамайды, ауылдың адамы ұйықтайды. Ауыл мен ауылдағы адам екеуінің арасында жақындық барлығынан адамның орнына ауылын айтамыз.

3.     Біреудің қолы жүйрік, шапшаң жазады дегеннің орнына «Қаламы жүйрік» дейміз. (Қол мен қалам жақындығы).

4.     «Ет берілді ме?» дегеннің орнына «Табақ тартылды ма?» дейміз. Яғни тамағын табағына алмастырып айтамыз.

5.     Үстіне кигені кілең жібек, я кілең былғары дейміз. (Киім орнына жасалған нәрсесін айтамыз).

4.5 Синекдоха

Синекдоха – жобалап, нобайлап, шамалап түсiну, бүтiннiң орнына бөлшектi, жалпының орнына жалқыны, үлкеннiң орнына кiшiнi, жалқының орнына жалпыны, бөлшектiң орнына бүтiндi қолдану негiзiнде сөз мағынасын алмастыру амалы. А. Байтұрсынұлы синекдоханы мезгеу болады деп атайды да, мынандай анықтама бередi: «Бiр ұғым орнына екiншi ұғым айтылуы мезгеу болады». Мезгеу мынадан шығады:

1.     Ана ауылға Омар, Оспан, Асан, Үсен келдi деудiң орнына – ана ауылға Омарлар келдi деймiз. Омарлар келді деуіміз мезгеу болады.

2.     Үй кімдікі екенін ұмытпа, «Үйге қара» деудің орнына шаңыраққа қара дейміз. Шаңырақ мезгеу болады.

3.     «Осы ауылдың адамдары жүдеу екен» деудің орнына, «Осы ауылдың адамы жүдеу екен» дейміз. Адамы мезгеу болады.

4.     «Абайдай ақын қазақтан туа бермейді ғой» деудің орнына «Абайлардай ақын қазақтан туа бермейді ғой» дейміз. Мұнда Абайлар мезгеу болады.

5.     «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге жайылады» дейміз. Отыз тістен шыққан сөз отыз емес, қырық рулы, яки жиырма рулы елге жайылатын шығар, біз білмейміз. Отыз деп кесіп айтуымыз мезгеу болады.

Сөздің синекдохалық мағынасы басқа стиль түрлеріне қарағанда әсіресе сөйлеу стилі мен көркем әдебиет, публицистикалық стильдерде көбірек байқалады. Ал ғылыми, ресми, кеңсе стильдерінде ондай дәреже кездеспейді.

17-тапсырма. «Сөйлеуде қолданылатын тілдің көркемдеуіш құралдары» мәтінін оқып, аударыңыз.

18-тапсырма. Сөйлемде қолданыс тапқан теңеулердің мағынасын түсіндіріңіз.

Бір жолы қырғыз Қазылым қарт Жиреншеге кездесіп қалып:

-   Шешен, сізден сұрайын деген бір жоғым бар еді. Он бес лақ, жиырма бес серке, отыз бес орақ, қырық бес қылыш, елу бес егеу, алпыс бес арқан, жетпіс бес шідер жоғалттым. Осыған құлағдар болыңызшы, - дейді.

-   Жарайды, - дейді Жиренше шешен. Жоғыңыздың жөнін айтып берейін, өзіңіз тауып алыңыз:

Он бес жас құйын қуған желменен тең,

Жиырма бес дауыл ұрған перімен тең.

Отыз бес ағып жатқан селменен тең,

Қырық бес аю аспас белменен тең.

Жетпіс бесте көңілің жерменен тең,

Сексенде селкілдеген шал боларсың.

Өлмесең де қор боларсың,

Жүзде дүниеден күдеріңді үз,

Өлмесең де өліден кем боларсың, - дейді.

19-тапсырма. Мәтіннен  эпитетті тіркестерді табыңыз.

Алтын – сары түсті жарқыраған әдемі қымбат металл. Алтын – тау жыныстарында, теңіз және мұхит суында кездесетін бағалы металл. Оның ерекше қасиеті біртектілігінде, бөлінгіштігінде, қолайлығы мен сақталғыштығында. Осы қасиеттері ертеде алтынды ақша рөліне ауысуына әкелді. Ата-бабаларымыз алтынды қымбат тұтып, рухани өмірінің мәніне айналдырған. Ерте заманның өзінде «Ұлы Жібек жолының» әйгілі саудасы алтынның құнымен өлшенген. Қазақ халқы алтынның сары түсін байлықтың, жақсылықтың белгісі. Әрі эстетикалық таным мен сұлулықтың белгісі деп түсінген. Бұл құбылыс алтын шашбау, алтын белдік сияқты зергерлік өнерден де танылған. Алтынның сары түсін қасиетке балаудан туған «ақсарыбас шалу» деген салт бар. Осы салт бойында көрінетін садақа беру дәстүрінің астарында «сары» сөзі  байлықты, баршылықты танытады. Қазақ зергерлері таза алтыннан жасаған бұйымдарын өте қымбатқа бағалаған, оны тек ірі байлар ғана тапсырыспен жасатқан екен.

20-тапсырма Мәтіннен метафора сөздерді тауып, мағынасын түсіндіріңіз.

Қалмақтың ханы Қоңтажыға жер дауына байланысты Қаздауысты Қазыбек былай деген екен:

- Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпанға бағынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Достығымызды сақтай білген елміз, дәмі, тұзын ақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз. Сен – қалмақ болсаң, біз – қазақ, қырқысқалы келгенбіз, сен – темір болсаң, біз – көмір, еріткелі келгенбіз. Қазақ, қалмақ баласы табысқалы келгенбіз. Сен – қабылан болсаң, мен – арыстан, алысқалы келгенбіз, тұтқыр сары желімімін, жабысқалы келгенбіз. Берсең жөндеп бітіміңді айт, не тұрысатын жеріңді айт!

21-тапсырма. «Ғылым артық па, мал артық па?», «Киелі сандар шежіресі» мәтіндері мен өлең жолдарында қолданыс тапқан көркемдеуіш құралдарды табыңыз.

Ғылым артық па, мал артық па?

Әзірет Әлі шешен әрі білгір адам болған екен. Бірде он жөйт оны сынамақ болыпты. Біз оған бәріміз бір-ақ сұрақ берейік, егер ол шын шешен болса, оған он түрлі жауап табар деген екен.

Сөйтіп олар:

-   Ғылым артық па, әлде мал (байлық) артық па? - деп сұрапты.

Сонда Әзірет Әлі былайша он түрлі жауап беріпті: біріншіден – ғылым артық. Өйткені ғылым – әулие-әнбиелердің мирасы, ал мал – перғауын мен Қарынбайдың мирасы. Екіншіден – ғылым артық. Өйткені ғылым сені сақтайды, ал малды сен сақтайсың. Үшіншіден – ғылым артық. Өйткені ғылымның досы көп, ал малдың дұшпаны көп. Төртіншіден – ғылым артық. Өйткені ғылымды жұмсасаң арта береді, ал малды жұмсасаң азая береді. Бесіншіден – ғылым артық. Өйткені ғылым саған құрметті атақ береді, ал мал қатты, сараң деген атақ қалдырады. Алтыншыдан – ғылым артық. Өйткені өзін-өзі сақтайды, асырайды, ал малды бағу, күту керек. Жетіншіден – ғылым артық. Өйткені қиямет күні иесіне шапағат қылғызады, ал мал иесіне қисапсыз жауап бергізеді. Сегізіншіден – ғылым артық. Өйткені ғылым тозбайды, жоғалмайды. Ал мал – қолдың кірі, өледі, жоғалады. Тоғызыншыдан – ғылым артық. Өйткені ғылым көңілді нұрландырады, адамға ақыл-ой қосады, ал мал масаттандырады, болған үстіне бола түссе екен деп, дүниеқоңыз етеді. Оныншыдан – ғылым артық. Өйткені ғылым құдайға зәһәт, таупиық, ғибадат қылады, ал мал иесінің көңіліне тәкаппарлық салады.

Бір ауыз сұраққа он түрлі жауап берген Әзірет Әліге жөйттер содан соң мойын ұсынған екен дейді.

Киелі сандар шежіресі

Халқымыздың көнеден келе жатқан аталы сөздері мен мақал-мәтелдер, қанатты сөздері, жалпы тұрақты сөз оралымдарының көбі «жеті» сан атауымен байланысты. «Жеті» деген санды қадірлеу көне заманнан басталады, қасиетті сан болып есептеледі. «Жеті» санының этимологиясы туралы екі түрлі пікір бар. Г. Рамстедт «жеті» жеу етістігінен шыққан дейді. М. Хортман және         М. Рясминдер «жеті» жетті, жету, жет етістіктерінен шыққан дейді.

«Жеті» неліктен қасиетті болды? деген сұраққа ғылымда дәл жауабы болмаса да, ғалымдарымыз әртүрлі жорамал жасап жүр. «Жеті» санының қасиеті адам бойында жеті санының кездесуі (жеті айлық бала, жеті мүше) десе, екінші бір ғалымдар, қазақ халқының дүниетанымында «жеті» санының киелі сипат алуы ертеде Жетіқарақшы жұлдызына, оны киелі санауына тікелей қатысты деуге болады деп жорамал жасайды.

Жетіқарақшы – жұлдыз аты. Жетіқарақшы жұлдызы туралы әртүрлі аңыздар бар, соның бірі: «Ертеде Қыран деген жігіт пен Үлпілдек атты қыз көңіл қосып, жігіт қызды алып келе жатқанда, Жетіқарақшы қызды алып қашып, ешкім жете алмасын деп аспаннан орын тапқан екен. Содан бері Жетіқарақшы аталыпты-мыс».

Ата-бабамыз бұл жұлдызды құбылнама ретінде пайдаланған және жұлдызға қарап көшіп-қону, жайылым бағытын болжай білген. «Жетіқарақшыны таныған – жеті түнде адаспас» деген сөз осыдан қалған болар.

Жетіқарақшыны аспан сағаты деп атайды. Себебі жұлдызға қарап түнгі уақытты, ауа райын болжауға болады.

Нұрғожа Ораз

Тіл – халықтың жүрегі,

Жүрексіз қалай жүреді?

Елдік қалпын сақтаған,

Мың-мың жылғы тірегі.

Ашуланса айбарлы,

Жауға сілтер білегі.

Қонағына құрметін,

Тіл жеткізе біледі.

Абай, Мұқаң түлеткен,

Ғабең сипап гүл еткен,

Тұмаш, Қадыр жыр еткен,

Мұқағали маржандай

Тілді тізіп сыр еткен,

Ана тілін ардақтап,

Алып шыққан түнектен –

Сол асылдар сылаумен

Бізге жеткен тіл еді...

Бақылау сұрақтары:

1.  Шешендік сөздерден көркемдеуіш құралдарды тауып, мысалдармен дәлелдеңіз.

2.  Теңеудің жасалу жолдары қандай? Мысал келтіріңіз.

3.  Эпитеттің жасалу жолдары қандай? Мысалмен дәлелдеңіз.

4.  Метафораның жасалу жолдары қандай? Мысал келтіріңіз.

5.  Метонимияның жасалу жолдары қандай? Мысалмен дәлелдеңіз.

6.  Синекдоханың жасалу жолдары қандай? Мысал келтіріңіз.

5 Шешендік өнер және іскерлік қарым-қатынас

Мақсаты: тілдің, сөз өнерінің қоғамдық қарым-қатынаста, мемлекеттік саяси, кәсіби, ғылыми т.б. саладағы маңызын және қазіргі заманда шешендік өнердің табысқа жету кілті екенін дәлелдеп үйрету.

Сөздік:

сыртқы серіктес – внешние партнеры

оң әсер – положительное влияние

табыс кілті – ключ к успеху

адамдарға әсер ету – воздействовать, влиять на людей

түсінбеушілік – недопонимание

Іскерлік қарым-қатынас белгілі бір іс бойынша мүдделері ортақ адамдардың арасында пайда болады. Іскерлік қарым-қатынас белгілі бір мақсатқа бағытталып құрылады. Кез келген кәсіпорын жұмысының табысты болуына сол кәсіпорын басшысы өзінің сыртқы серіктестерімен және ұжымдағы әріптестерімен, сонымен қатар мекеме ішіндегі қызметкерлердің өзара қарым-қатынасының жақсы деңгейде болуы оң әсер ететіні белгілі. Ендеше әріптестер мен серіктестердің жақсы қарым-қатынасы табыс кілті болып табылады екен.

Жиналыстар, кездесулер, келіссөздерге қатысу, оларды жүргізу – іскерлік қарым-қатынастың және кез келген басшының кәсіби қызметінің ажырамас бөлігі. Іскерлік қарым-қатынаста шешендік өнерді меңгеру – заманауи компанияның қарапайым менеджерінен бастап, бас директорына дейін қажет те пайдалы қасиет. Кез келген менеджер өзінің жұмыс күнінің, кем дегенде, жартысын іскерлік әңгіме, кездесу, келіссөз, жиналысқа арнайды. Бұған неге көп уақыт кетеді дейтін болсақ, кейбір адамдарға сөйлесіп отырған серігіне өз ойын қысқа және түсінікті етіп жеткізу қиынға түсіп жатады. Өз ұсынысын, өтінішін немесе талабын анық етіп жеткізе алмау қызметкерлер мен серіктестер арасындағы түсінбеушілікке алып келеді. Осыдан келіп қарым-қатынастағы кейбір қиыншылықтардың туындайтыны сөзсіз.

Мұндай қиыншылықтарды жеңу үшін ұжымды тиімді басқарғысы келетін басшы да, болашақта табысқа жетемін дейтін талапты қызметкер де «Өнер алды – қызыл тіл» деп, данышпан ақынымыз Абай және «Адамның ең мықты қаруы – сөз» деп, ежелгі философ Аристотель айтқандай, адамдарға әсер ету дағдысын игеруі, шешендік өнерді меңгеруі қажет. Ежелгі Рим философы Марк Туллий Цицерон «Ақын болып туады, шешен болып шығады» демекші, шешендік өнерді, оның қыр-сырын игеру әбден мүмкін.

22-тапсырма. Мына сұрақтар төңірегінде дайындалып келіп, ой бөлісіңіз.

1.     Шешендік өнерді игеру мүмкін бе?

2.     Бұл өнерді игерудің жолдары қандай?

3.     Қазақ халқы сөз өнерін қалай бағалайды?

4.     Қазақ халқының тарихында сөз өнерін жақсы меңгерген қандай тұлғаларды білесіз?

5.     Қазіргі заманның тамаша ораторлары деп кімдерді атауға болады?

6.     Шешендік өнердің адамның табысты болуындағы рөлі қандай?

7.     Сөз өнерін меңгеру арқылы табысқа жеткен адамдарды білесіз бе?

8.     «Сөз майын ағызу» дегенді қалай түсінесіз?

9.     Айтыс шешендік өнердің түріне жата ма?

10.  Тіл мен сөз адам тағдырына әсер ете ала ма?

5.1 Диалог

Сөздік:

тыңдаушы – слушатель

ғылыми-теориялық пайымдау –  научно-теоретическое суждение

сөйлеу мәдениеті – культура речи

қоғамдық қарым-қатынас – общественное отношение

көпшілік – публика

құрылымдық бірлік – структурное единство

мағыналық жақтан аяқталуы – смысловая законченность

Диалог сөз өнерінің негізгі жанрларының бірі және оның қалыптасып, дамуына тікелей әсер етеді. Тіпті диалог шешендік сөздің басты заңдылығы ретінде қарастырылады. Аристотельдің: «Сөз үш құрамдас бөліктен – шешеннің өзінен, оның әңгіме арқауына арналған мәселеден және ол сөзін арнаған тыңдаушыдан тұрады», - деуінде сондай мағына жатыр.

Қоғамдық қарым-қатынасқа түскен кез келген адам көпшілікке араласпай тұрмайды және бір адаммен, топпен, қауыммен тіл табысудың өзіндік психологиялық ерекшеліктері бар.

Мұндай сәттерді шартты түрде үшке бөлуге болады:

1)    екеуара әңгіме;

2)    көп алдындағы сөз;

3)    ортақ әңгіме.

Диалогтың бір көрінісі сұхбат болып табылады. Диалог екі адамның арасындағы әңгімені білдіретін болса, сұхбатқа қатысушылар саны екі не одан да көп бола береді. Сұхбат – көбінесе, екі не одан да көп сұхбаттастардың тілдесуі жағдайында бірінен-бірі туып отыратын репликалар тізбегі. Сұхбат кезіндегі әңгіменің мазмұны, оның құрылысы сұхбаттастардың репликаларына тікелей байланысты. Сұхбаттаса білу үшін әртүрлі клишелерді, сөйлеу формаларын, сөйлемдердің айқын емес, толық емес құрылымдарын меңгеру керек. Сұхбат кезінде бір сұрақтан екінші сұраққа, бір тақырыптан екіншісіне күтпеген жерден ауыса салу, бұрынғы тақырыпқа қайта оралу деген жиі ұшырасады. Сұхбаттың элементтері – әртүрлі репликалар. Олар бір сөз немесе бірнеше сөйлем болуы мүмкін. Ең жиі кездесетіні бір сөйлемді репликалар болып табылады. Репликалардың қосылуын, құрылымдық бірлігін, интонациясын және мағыналық жақтан аяқталып тұруын сұхбаттық бірлік деп атайды.

Сұхбаттық бірліктің үш түрін көрсетуге болады:

1)     сұрақ-жауап, мұның мақсаты – өзіне қажет белгілі бір ақпаратты алу;

2)     өз еркін білдіру, мақсаты – әрекетті аяқтауға ынталандыру немесе оны мүлде тоқтату;

3)     хабарлаушылық, мақсаты – ақпарат алмасу.

Диалог та, сұхбат та іскерлік қарым-қатынаста жиі қолданылатын әңгімелесу түріне жатады. Диалог екі адам арасында сұрақ-жауап ретінде болатын қарым-қатынаста (интервью, ауызша емтихан) қолданылатын болса, сұхбат жиналыс, іскерлік кездесу, келіссөз, презентация, конференция, семинар т.б. сияқты екі және одан да көп адамдар арасындағы қарым-қатынаста қолданылады.

23-тапсырма. Сұхбаттарды оқыңыз, рөлдерге бөліп ойнаңыз.

 

Әуежайда

-   Кешіріңіз, Сіз Мұрат Асанұлысыз ба?

-   Иә.

-   Мен ТСТ Systems компаниясынан Асқар Саттаровпын.

-   Сәлеметсіз бе?

-   Сіз мені күтіп қалдыңыз ба?

-   Жоқ. Ұшақ жаңа ғана келді. Қарсы алғаныңызға рақмет!

-   Ештеме етпейді. Жақсы жеттіңіз бе?

-   Иә, жақсы, рақмет! Аздап ұшақ шайқап тастап еді, қазір бәрі жақсы.

-   Менің машинам сізді күтіп тұр. Жүргізушім жүгіңізді алып жүруге көмектеседі.

-   Рақмет!

Машинада

-   Біз қазір қаланың орталығында орналасқан біздің офисімізге барамыз. Бізге ол жерге жету үшін жарты сағат уақыт кетеді. Сізді Батыров мырза күтіп отыр.

-   Батыров кім еді? Есіме түсіріп жіберіңізші.

-   Ол біздің бас директорымыз. Оның сізбен болашақ келісімшартымыздың кейбір мәселелерін талқылағысы келеді.

-   Мен қандай қонақ үйде тоқтаймын?

-   Біз орталықтан онша алыс емес қонақ үйден ваннасы бар бір адамдық нөмірге тапсырыс беріп қойдық.

-   Өте жақсы. Көп рақмет!

Офисте

-   Сізді  бас директорымыз Арман Батыров мырзамен таныстыруға рұқсат етіңіз.

-   Сізбен танысқаныма қуаныштымын, Батыров мырза!

-   Мен де. Сіз бұрын Алматыда болып па едіңіз?

-   Жоқ, бұл менің Алматыға бірінші келуім.

-   Алматы туралы алғашқы әсеріңіз қандай?

-   Алматы маған қатты ұнады. Астанаға мүлде ұқсамайды.

-   Сізге қызметкерлерімді таныстыруға рұқсат етіңіз. Мына кісі менің хатшым – Сәуле Қайратқызы.

-   Танысқаныма қуаныштымын, Сәуле Қайратқызы.

-   Мен де қуаныштымын, мені Сәуле деп атасаңыз да болады.

-   Және өткізу бойынша менеджеріміз Самат Алматовпен таныстырғым келеді.

-   Отырыңыз, Мұрат Асанұлы. Не ішесіз? Шай, кофе.

-   Кофе болса...

-   Сәуле, бізге кофе дайындап жібересіз бе?

-   Әрине. Қандай кофе ішесіз, Мұрат Асанұлы. Сүтпен бе, әлде сүтсіз бе?

-   Сүтсіз болса.

-   Айтпақшы, Мұрат Асанұлы сіздің мамандығыңыз кім?

-   Менің мамандығым – инженер. Бірақ мен қазір компанияда өткізу бойынша менеджер болып істеймін. Міне, менің визит карточкам.

Іскерлік ұсыныс

-   Сәлеметсіз бе?

-   Амансыз ба!

-   Менің аты-жөнім – Асанәлі Жантасұлы. Мен «Ақиқат» фирмасының өкілімін.

-   Өте жақсы. Мен осы кәсіпорынның директорымын. Қандай шаруамен келдіңіз?

-   Біз сіздің фирмаңызбен іскерлік байланыс орнатқымыз келеді, себебі сіздердің өнімдеріңіз бізге ұнайды. Өнімдеріңізге сұраныс өте көп және сапалы әрі таза.

-   Сіздерге біздің өнімнің қай түрі қажет?

-   Бізге әсіресе, ауылшаруашылығының өнімдерінен жасалған азық-түлік тауарларыңыз қажет.

-   Өте жақсы. Біз сіздермен ынтымақтастық қарым-қатынас жасауға қарсы емеспіз.

-   Егер мүмкіндіктеріңіз болса, келесі айдан бастап шартқа отырсақ тиімді болар еді.

-   Келістік. Құжаттар дайын болғанда, сізге телефон шаламыз.

-   Онда кездескенше сау тұрыңыз.

-   Сау болыңыз.

24-тапсырма. Жағдаяттарға сұхбат құрыңыз.

А. Сіз халықаралық кеңеске қатысушысыз. Әріптесіңізбен бейресми жағдайда танысыңыз. Сіздің мақсатыңыз – іскерлік кешкі ас туралы келісу. Мұндай танысудың әрбір кезеңінде өзіңіздің іскерлік мүддеңізді жаңа танысыңыздың кәсіби мүмкіндіктерімен туралай отырып, ақырындап өз мақсатыңызға жетіп, танысуды жалғастырасыз немесе қарым-қатынасты доғарасыз.

Ә. Сіз өзіңіз жұмысқа қабылданған кәсіпорын басшысымен танысыңыз. 

Рөлдер: экономист – зауыт директоры; инженер-энергетик – компания басшысы; цех бастығы – зауыт директоры;  инженер – бас инженер.

Басшының  (қарым-қатынас лидері) міндеті – жаңа қызметкердің маман ретінде керектігін сездіру және әңгіменің достық жағдайында өтуіне атсалысу.

Басшы шамамен мынадай сөздерді қолдануы мүмкін:

Сіздің бізге жұмысқа қабылданғаныңызға қуаныштымын. Біздің бірігіп жасаған жұмысымыз өзара тиімді және табысты болады деп үміттенемін. Сізге табыс және шығармашылық бастамалар тілеймін. Сіз сияқты мамандар бізге ауадай қажет. Біздің жұмысымыз өте қызық, шығармашылықты қажет етеді.

Қызметкер жауаптары мынадай болуы мүмкін:

Рақмет! Мен сіздің көңіліңізден шығуға тырысамын. Бүгіннен бастап өз міндеттеріме кірісемін. Сіздің сеніміңізді (үмітіңізді) ақтауға тырысамын.

Б. Сіз іскерлік жиналыстың төрағасысыз. Жиналысқа қатысушылардың кейбіреулері бір-бірін танымайды. Өзіңізді таныстырыңыз. Оларды бір-бірімен таныстырыңыз.

Сіздің қызметкерлеріңіз: бас инженер, маркетинг бөлімінің қызметкері, заң қызметкері.

Қонақтарыңыз: «Жарық» фирмасының директоры Болат Жақсыбаев, сол фирманың жетекші маманы Нұрлан Сүлейменов.

Жиналысты қалай бастайсыз? Алдымен кімді таныстырасыз? Аты-жөндері айтылып жатқан қызметкерлер мен қонақтар не айтулары керек? Қалай ойлайсыз, мақтау сөздерін айту қажет пе? Қандай мақтау сөздерін, қашан айту керек?

Көрсетілген мақтау сөздерінің қайсысын барлық жағдайда қолдануға болады, қайсысын тек өз қызметкерлеріңізге айтасыз, пікіріңізді дәлелдеңіз.   

Мақтау сөздерінің үлгілері:

1)    олар біздің қызмет саламызда білікті мамандар ретінде танымал;

2)    олардың ... саласында көпжылдық жұмыс тәжірибесі бар;

3)    біз бірігіп жұмыс жасаған уақыт ішінде олар өздерін сенімді іскерлік серіктестер ретінде көрсете білді;

4)    олар жұмыста туындайтын мәселелерді жоғары кәсіби деңгейде шеше алады, қиын жағдайлардан абыроймен шыға алады;

5)    олардың кәсіби мүмкіндіктерінің шеңбері өте кең;

6)    осы кісілердің жұмысының арқасында біздің кәсіпорнымыз дамудың жаңа деңгейіне көтерілді;

7)    біздің кәсіпорнымыздың табысқа жетуі осы кісілердің жұмыстарының нәтижесінде мүмкін болып отыр.

5.2 Пікіралмасу және оның ерекшеліктері

Сөздік

пікір алшақтығы – разброс, разность мнении

ой бөлісу – обмен мнениями

суырып салып айтатын сөз сайысы – словесное состязание, импровизация

жыр жарысы – песенное состязание

ой-пікірлердің талқыға түсуі – обсуждение мнений

ортақ пікірге келу – прийти к единому мнению

қызуқандылыққа жол бермеу – не поддаваться вспыльчивости

бұрыстығын мойындау – признать неправоту

ақиқатты анықтау – определить истину

Адамдар арасында пікір алшақтығы, түрлілігі пікірлесуге, ой бөлісуге, талдауға негіз болады.

Айтыстың 2 түрлі мағынасы бар:

1. Айтыс – қазақ халқының ежелден қалыптасқан өлеңмен суырып салып айтатын сөз сайысы, жыр жарысы;

2. Айтыс – түрлі ой-пікірлердің талқыға түсуі, әр пікір, ойды айтушының өзін қорғай алуы. Айтыс көпшілік алдында немесе екеуара немесе топтар арасында өтуі мүмкін.

Пікіралмасу – көпшіліктің шындықты, негізгі ойды анықтаудағы айтысы. Пікіралмасу – көпшілік-ғылыми  немесе  саяси  айтыс. Пікіралмасудың нәтижесі – ортақ пікірге келу, сондықтан да қатысушылар бір пікірге тоқтамаса да, өзара түсіністік, келісім болады.

Пікіралмасу – пікірталастың бір түрі. Пікіралмасудың ерекшеліктері мынадай:

-   қатысушылардың мүдделері ортақ болады;

-   пікіралмасуда ортақ шешімге, пікірге тоқтайды;

-   қатысушылардың барлығы өз ойларын айта алады, тең құқылы;

-   регламент қатысушылармен біріге отырып белгіленеді.

Пікіралмасуда есте ұстайтын талаптар:

1)     мүмкіндігінше өз пікірін сөйлеу мәдениетін сақтап, әдеп ережелері шеңберінде жеткізу;

2)     қызуқандылыққа, сабырсыздыққа жол бермеу;

3)     өзің терең білмейтін тақырып жайында айтысу дұрыс емес;

4)     пікіралмасу кезінде өз пікіріңнің дұрыс еместігіне көз жеткізген жағдайда, бұрыстығын мойындау;

5)     айтыс өз ойының дұрыстығын дәлелдеуден гөрі ақиқатты анықтау екенін ұмытпау.

5.3 Дебат

Сөздік:

қоғамдық мәні бар өзекті мәселелер – общественно значимые актуальные проблемы

жалпымәдени дүниетаным – общекультурное мировоззрение

ой алмасу – обмен мыслями

дәлелді қорытындылар жасау – делать обоснованные заключения

зияткерлік қабілет – интеллектуальная способность

шығармашылық қасиеттерінің дамуы – развитие творческих качеств

азаматтық көзқарасының қалыптасуы – формирование гражданской позиции

өзгенің пікірін қабылдай білу қабілеттілігі – способность принятия чужого мнения

Дебат – қоғамдық мәні бар өзекті мәселелер бойынша түрлі көзқарастарды көпшілік алдында талдау үшін екі жақ арасында арнайы ұйымдастырылатын ой алмасу. Бұл көпшілік көзінше өз пікірлерінің дұрыстығына бір-бірінің емес, үшінші жақтың көзін жеткізуге бағытталатын шара. Осы себептен дебатқа қатысушылар қолданатын вербалды және вербалды емес құралдар белгілі бір нәтижеге қол жеткізу үшін пайдаланылады. 

Дебат тұлғаның:

- жалпымәдени дүниетанымының кеңеюіне – білімге, оқуға деген құштарлығының артуына;

- зияткерлік қабілетінің дамуына – құбылыстар арасындағы логикалық байланыстарды анықтау, әртүрлі идеялар мен оқиғаларды талдау, дәлелді қорытындылар жасауға;

- зерттеушілік және ұйымдастырушылық қасиеттерін дамытуға – әртүрлі қорлардан алынған ақпаратты жинауға және оны талдауға;

- шығармашылық қасиеттерінің дамуына – мәселеге жаңаша көзқараспен қарау, оны шешудің дәстүрлі емес жолдарын қарастыруға;

- шешендік қасиетінің дамуына – көпшілік алдында сөйлеу дағдысына ие болуға, бойында сенімділіктің пайда болуына, өз ойын анық білдіре білуге;

- азаматтық көзқарасының қалыптасуына – өз пікірін қорғай білу және өзгенің пікірін қабылдай білу қабілеттілігіне ие болуға әсерін тигізеді.

 5.4 Іскерлік әңгімелесу мен келіссөз жүргізу

 

Сөздік:

байланыс орнату – установить контакт

жағдайға бағдарлану – ориентироваться по ситуации

сұрақтарды (мәселелерді) талқылау – обсудить вопросы (проблемы)

шешім қабылдау – принять решение

мақсатқа жету – достичь цель

байланыстан шығу – прервать контакт

қарым-қатынас орнату – установить контакт

Тәжірибенің көрсетуінше, кез келген келіссөз жүргізудің тиімділігі оған деген дайындық деңгейінің қалай өткендігіне байланысты болады. Сондықтан дайындық фазасын (құжаттық), тікелей қарым-қатынас фазасын (коммуникативті) және қарым-қатынасты қорытындылау фазасын бөліп көрсетеді. Кез келген қарым-қатынас актісі келесі фазалардан тұрады: байланыс орнату, жағдайға бағдарлану, сұрақтарды (мәселелерді) талқылау, шешім қабылдау, мақсатқа жету, байланыстан шығу.

Қарым-қатынас – адамдар арасында бірлескен іс-әрекет қажеттілігін туғызып, байланыс орнататын күрделі процесс. Адамдар арасындағы қарым-қатынастың басты мақсаты – өзара түсіністікке қол жеткізу. Қарым-қатынасқа түскен адамды тыңдап, түсіне білудің маңызы зор. Бұл басқа адамның ішкі жан-дүниесін түсініп, оған өз ойын дұрыс жеткізуге мүмкіншілік береді. Адамдар басқаларға өз ойлары мен көзқарастарын түсіндіре отырып, түсініспеушілік, ұрыс-керіс секілді жағымсыз құбылыстарды болдырмауға әрекет жасайды. Адамдармен жақсы қарым-қатынас орнатуға мынадай ережелердің орындалуы көмектеседі: барлық адамдармен тең дәрежеде қарым-қатынас жасау, сұхбаттасушының жеке пікірін сыйлау, бұйрық емес өтініш деңгейінде қарым-қатынас жасау, тәжірибесін қабылдай алу, қарым-қатынас мәдениетін меңгерген тұлға өзімен қатынас жасайтын адамға құрметпен қарап, сыйластық білдіру. Адамға сыйластықпен қарау жақсы қарым-қатынас жасаудың негізгі өлшемі болып табылады.

25-тапсырма. «Іскерлік әңгімелесу мен келіссөз жүргізу» мәтінін оқып, аударыңыз.

26-тапсырма. Берілген сөздер мен сөз тіркестерін аударып, сөйлем құраңыз.

Для улучшения деловых контактов; улучшения организации взаимных визитов; заключить договор; обсудить; на мировом рынке; в сотрудничестве с нашей фирмой; большой спрос; дать гарантию; условие; обмен опытом; возможности.

27-тапсырма. Көп нүктенің орнына керекті сөздерді қойып, қосымшасын жалғаңыз.

Екі елдің іскер серіктестері өзара ... қол қойды. Іскерлік қарым-қатынас жөнінде бірқатар ... болып өтті. Пікірталас кезінде әркім өз ойын ... тырысты. ... затының өз уақытында келуін талап етеді. Біздің елдің ... өз талаптарын ұсынды.

Керекті сөздер: іскерлер, келісім, пікір алмасу, жеткізу, тапсырыс беруші.

28-тапсырма. Берілген іскерлік кездесуді жүргізудің ережелерін оқып, аударыңыз.

Іскерлік кездесу жүргізу ережелеріне төмендегілер жатады:

-   талқылайтын негізгі сұрақтарыңызды нақтылап алыңыз;

-   сүйкімді болуға тырысыңыз, сыртқы келбетіңізге де көңіл бөліңіз;

-   түсініксіз, астарлы сөздерді қолданбаңыз, әрбір айтқан сөздеріңіз түсінікті, нақты болу керек;

-   әңгімелесу кезінде жағымсыз әрекеттерден аулақ болыңыз, өзіңізге түсініксіз термин сөздерді қайталап сұрай бермеңіз, өте қарапайым болуға тырысыңыз;

-   әңгімелесушінің мұқият тыңдаңыз, оның сөзін бөлмеңіз;

-   сұрақты жаудырта бермеңіз;

-   әңгімелесушінің орнына өзіңізді қойып, жағдайына оның көзімен қараңыз;

-   түсінбеген нәрсеңіз болса да, оның сөзін бөліп тоқтатпаңыз, соңын күтіңіз;

-   әңгімелесу кезінде жазба жұмысымен айналыспаңыз, бірақ соңынан қызықты мәліметтерді жазып алыңыз.

Бақылау сұрақтары:

1.  Іскерлік қарым-қатынаста шешендік өнерді меңгеру дегенді қалай түсінесіз?

2.  Диалог пен сұхбаттың айырмашылығы неде?

3.  Пікіралмасудың ерекшеліктері қандай?

4.  Пікіралмасу мен дебатқа қатысу үшін білім сапасы қажет пе?

5.  Дебаттың тұлғаға тигізер әсері қандай?

6.  Қарым-қатынас жасаудың негізгі өлшемдерін атаңыз.

6 Жиналыс өткізу

Мақсаты: жиналыс өткізу ережелері мен тәсілдерін игерту, болашақ маманның мәжілісте, ұжымда, кеңесте, пікірталаста, баспасөзде, саясатта еркін, ұтымды, қысқа сөйлеп, ойын нақты және жатық жеткізуге, қорыта білуге машықтандыру.

Сөздік:

іскерлік пен тәртіпке шақыру – призвать к деловому подходу и порядку

дау тудырмайтын мәселе – бесспорные вопросы

өктемдік режім – авторитарный режим

өз пікірін үзілді-кесілді айту – категорично заявить о своем мнении

үлкен келіспеушілік туындайды – возникает большое недопонимание

тақырыптан ауытқымау – не отклоняться от темы

серіктестердің көмегіне жүгіну – прибегнуть к помощи партнеров

қолдау іздемейді – не нуждается в поддержке

қарсылыққа жол бермейді – не допускает возражений

алдын ала жеткілікті дайындалмау – недостаточная предварительная подготовка

ортақ мүдделерді табу – найти общие интересы

Жиналыс – осы ұжым үшін өзекті болып табылатын мәселелер бойынша ақпарат алмасу және ұжымдық шешім қабылдау мақсатында іскерлік қарым-қатынас ұйымдастыру. Басқарушы менеджерлер үшін бұл іскерлік қарым-қатынастың үйреншікті түрі болып табылады.

Жиналысты дәл уақытында бастап, қатысушылармен жұмыс ережесін, мысалы, сөйлеу регламентін немесе шешім қабылдау тәртібін бірден келісіп алу керек. Бұдан кейін қатысушының біреуіне хаттама жазуды тапсыру керек.

Психологтар жиналыстың алдында 2-3 мақтау сөзін дайындап қоюға кеңес береді.

Жиналыс басында хатшы алдыңғы жиналыста қандай шешімдер қабылданғанын, олардың қайсысы мерзімі өтіп кетсе де,  әлі орындалмағанын, ол жұмыстар үшін кімнің жауапты екенін қатысушылардың есіне салып, жиналысты осылайша бастаса да болады. Жиналысты осылай бастау қатысушыларды іскерлік пен тәртіпке шақырады.

Жиналыс жүргізуші кіріспе сөз сөйлеу техникасын меңгеруі керек. Бұл уақыт ішінде жүргізуші:

-  жиналыстың мақсатын;

-  күн тәртібін;

-  қабылдануы мүмкін шешімдер мен оларды қабылдау шарттарын;

-  хаттаманың жүргізілу тәртібі мен ресімделуін хабарлауы керек.

Бұдан соң, күн тәртібі мәселелері қандай кезекпен талқыланатынын шешу керек. Әдетте, күн тәртібі маңыздылығы мен күрделілігі бойынша қаралуы керек деп есептеледі.

Алайда, психологтар алдымен қызық және дау тудырмайтын мәселе қаралуы керек деген кеңес береді. Оған уақыт та аз кетеді және жиналысқа қатысушылар оң психологиялық күйде болады, бір мәселені табысты шешіп, қалған мәселелерді де тез және тиімді шешуге дайын болады.

Жүргізуші жиналыс жүргізудің екі негізгі стилінің бірін таңдайды: дипломатиялық немесе өктемдік.

Дипломатиялық стиль жиналысқа қатысушылардың бәрінің пікірін есепке алуды қарастырады. Бұл жерде, әрине, компромиссіз болмайды. Қатысушылар шешімнің қабылдануына олардың да үлесі бар екеніне көздері жетеді және олардың пікірімен басшының есептесетінін түсінеді. Өктемдік режімінде серіктестердің өз пікірін айту мүмкіндігі жоқ, басшы өзі көптеген ұсыныс айтады, жаңа ақпаратты хабарлайды, өз пікірін үзілді-кесілді айтады, қарсылыққа жол бермейді, жалпы келісімге қол жеткізбейді, өз шешімін жүзеге асыру үшін қолдау іздемейді.

Жиналыс жүргізу тәсілін таңдау қойылған мақсатқа және нақты жағдайларға байланысты болады.

Дипломатиялық қарым-қатынас мына жағдайларда:

-   барлық дәлелдерді тыңдауға уақыт жеткілікті болса;

-   барлық қатысушылар қолдағанда ғана шешім енгізілетін болса;

-   қатысушылар мәселені түсініп, оны шешу жолдарын жақсы білсе;

-   үлкен келіспеушілік туындап, қабылданған шешімнің дұрыстығына келіспеген адамдардың көзін жеткізу керек болса, орынды болады.

Белгілі бір себептермен серіктестердің көмегіне жүгінуге болмайтын жағдайда ғана өктемдік тәсілді қолдануға болады. Мұндай жағдай дереу шешім қабылдау қажет болғанда орынды.

Психологтар жиналыс жүргізудің екі стилі де табыс әкелуі мүмкін дейді. Алайда, өте қажет жағдайларда болмаса, жиналысты өктемдік режімде жүргізбеген дұрыс екенін айтады.

Сондықтан іскерлік жиналысты дипломатиялық стильде жүргізуді толығырақ қарастырамыз.

Өз тобында іскерлік жиналысты дипломатиялық режімде жүргізуші менеджердің негізгі міндеттерінің бірі – талқыланатын мәселенің күрделілігін бағалау үшін фактілерді көбірек келтіру, сонымен қатар, қатысушыларды оны шешуге тарта білу. Әрине, менеджердің өз көзқарасы болуы керек, бірақ басқалардың да пікірін білу керек.

Егер басқаның көзқарасы дұрыс болса, жүргізуші мәселе туралы өз пікірін өзгертуі тиіс. Егер әріптестерінің пікірі дұрыс болмаса немесе маңызды нәрселерді ескермесе, жетіспейтін фактілер туралы хабарлауы керек. Қалай болғанда да, басқа адамдардың не ойлайтынын, не ұсынатынын білу әрқашан маңызды.

Менеджмент мамандарының айтуынша, жақсы дайындалып, тиімді ұйымдастырылған  жиналыстың  ұзақтығы  –  30-45  минуттан  аспау керек.  1,5-2 сағатқа созылатын пайдасыз жиналыстың тиімділігінің төмен болатын себебі мыналар:

1)     алдын ала жеткілікті дайындалмау;

2)     регламентті орындамау;

3)     сөйлеу тақырыбынан ауытқу, демагогияға бой ұру;

4)     пікірталас жүргізіп, ортақ мүдделерді табудан, ортақ міндеттерді шешуден қашу.

Регламентті бұзу неге жиналысты тиімсіз жүргізудің  негізгі себебі болып табылады? Ең алдымен, ол іскерлік адамға қажет маңызды коммуникативтік дағдының жоқтығынан.

Сөйлеушілердің сөзіне қойылатын жалпы талаптарға: нақтылық, өз сөзіңе сендіре білу, ойыңды қысқа, анық білдіру жатады. Рөлдерді нақты бөліп беру, оларды мінсіз орындау алқалық жұмыстың табысты болуына септігін тигізеді. Сөйлеушінің сөзін тек жиналыс жүргізуші ғана регламентті сақтауды, тақырыптан ауытқымауды талап еткенде бөле алады. Қалған адамдардың сөйлеушінің сөзіне кірісіп, бөлуге еш құқығы жоқ.

Жүргізуші:

Бұл мәселе бойынша бәрін айттыңыз ба?

Сіздің бірдеме қосқыңыз келе ме?

Сізге ойыңызды аяқтау үшін қанша уақыт керек?

Тағы кімнің осы мәселе бойынша сөйлегісі келеді? деген сияқты сұрақтарды қойып, жиналысты реттеп отыруы қажет.

 

29-тапсырма. Сұрақтарға жауап беріңіз.

1. Жиналысқа алдын ала қалай дайындалу керек?

2. Жиналыс жүргізуші шешендік өнерді игеруі міндет пе?

3. Жиналыстың қандай түрлері болады?

4. Күн тәртібіндегі мәселенің қай түрін бірінші шешіп алған дұрыс?

5. Кейбір жиналыстардың ұзаққа созылуының себебі неде?

6. Жиналыс жүргізушісі сөйлеушінің сөзін қандай жағдайларда бұзуға болады?

7. Тиімді жиналыстар қанша уақытқа созылуы керек?

8. Сөйлеушіге қандай талаптар қойылады?

9. Жиналыс жүргізуші басқа қатысушылардың пікірін әр кез тыңдап, онымен санасуға міндетті ме?

Бақылау сұрақтары:

1.  Жиналыс жүргізушіге қандай талаптар қойылады?

2.  Жиналысты тиімді жүргізудің әдістері қандай?

3.  Регламентті сақтаудағы жүргізушінің рөлі қандай?

4.  Жиналыстардың ұзаққа созылу себебі неде деп ойлайсыз?

5.  Қандай сұрақтарды қойып, жиналысты реттеп отыруға болады?

7 Презентация

Мақсаты: тиімді презентация жасау ережелерін, слайд жасау әдістерін, презентацияны интерактивті түрде жүргізу тәсілдерін үйрету.

Сөздік:

жеке басының мүддесі – личные интересы

бас қағида – главный принцип

түйсік – подсознание

көрнекі дәлел – наглядное доказательство

зерттеу мәліметтері бойынша – по данным исследований

ақпарат көзіне сілтемелер – ссылки на источники информации

дәйексөз – цитаты

сұлба – схема

мағыналық жүгі жоқ кескіндер – изображения, не несущие смысловой нагрузки

безендіру – оформление

Адамдардың бір-бірін тыңдауы үшін негізгі үш себеп бар:

1)     жеке басының мүддесі;

2)     кімнің сөйлегені;

3)     қалай сөйлегені.

Тиімді презентацияның бес ережесі:

1)     тыңдаушыларға не керек екенін біліңіз;

2)     оларға керек нәрсені беріңіз;

3)     олардың тілінде сөйлеңіз;

4)     өз сөзіңізді өмірден алынған әңгімелермен толықтырыңыз;

5)     олармен түйсік деңгейінде байланыс жасаңыз.

Тиімді презентацияның бас қағидасы – өз басыңыз немесе өз тауарыңыз туралы ойламаңыз, тыңдаушылар мен олардың мұқтаждықтары туралы ойлаңыз, өзіңіз білетін нәрсе туралы емес, оларға нені білу қажет, сол туралы айтыңыз.

Адамдардың қызығушылығын тудырып, оларға өзіңізді тыңдатудың ең жақсы тәсілі – оларға не керек екенін түсіну және олар қажеттіліктерін сізді тыңдай отырып, қалай қанағаттандыратынын көрсету. Сіз өз пікіріңізді айтпай тұрып, әуелі оларға не керек екенін білетініңізді, олардың көзқарасы сіз үшін маңызды екенін дәлелдеуіңіз керек. Тыңдаушы қызығушылығын анықтайтын тағы бір фактор – сөйлеушінің жеке басы мен ол туралы тыңдаушылардың пікірі. Адамдардың кейбір қасиеттері біздің назарымызды аударып, өзін тыңдатқызады.

Адамдарды тыңдататын тағы бір себеп – сіздің сөйлеу дағдыңыз бен шеберлігіңіз. Қарым-қатынастың әртүрлі тәсілдері өз сөзімізді басқаларға жеткізудің тиімді амалы болып табылады. Қазіргі ақпарат ағыны мол заманда сөз хабар жеткізудің негізгі тәсілі емес, қазір сурет арқылы хабарды тиімді және тез жеткізудің мүмкіндігі мол. Заманауи тыңдаушы тек сөзге қанағат етпейді, оған айтылған сөздің көрнекі дәлелі керек.

Презентация тыңдаушыларға сіздің нақты сөздеріңіз бен сөйлемдеріңізді емес, сіздің идеяңызды жеткізу тәсілі болып табылады.

Алдымен презентацияның жоспарын жасап алыңыз. Сізге тыңдаушының не істегені керек? Оларды қалай басқаша ойландыра аласыз? Олардың есінде не қалуы керек? Жоспар сіздің негізгі кілтіңіз болады. Бірақ сөздің сценарийін жасаудың керегі жоқ. Сценарий жасаудың орнына, негізгі айтатын ойыңызды белгілеп алыңыз.

Презентацияңызды интерактивті түрде әрбір тыңдаушы қатысатындай етіп жасаңыз. Сұрақтар қойып, берілетін материалды талқылауға барлық адамдарды тартыңыз.

Сөйлеуші суреттерді ауыстырып, өзі, компаниясы туралы айтып, ал тыңдаушылар есінеп, сағаттарына асыға қарап отырса, мұндай презентация тиімсіз болатыны белгілі. Презентация-монолог – ең нашар презентация. Статистика бойынша, адамдардың көбінің сөйлегісі келеді, тыңдағысы келетіндер аз. Сіздің міндетіңіз – бұл жұмысқа әрбір адамды тартып, әр адам өзінің осы іске қатысы бар екенін сезініп, әңгіме өзі үшін өзекті екенін түсінетіндей етіп интерактивті презентация жасау.

Адамның миы көру мен есту арналарының үйлесімі арқылы алған ақпаратты тиімді сақтай алатыны белгілі.

Зерттеу  мәліметтері  бойынша,  адам  оқылған  ақпараттың  30 %  және естіген ақпараттың 20 % есте сақтаса, ақпаратты бір мезгілде естіп және көрсе, есте сақталу 50-75 %-ға артады екен.

Презентацияның  талаптары:

1) презентацияның мазмұны:

- тақырыпты ашу;

- материалды беру (слайдқа бөлудің негіздемесі);

- графикалық ресімдеу негіздемесі (суреттер, сұлбалар, диаграммалар); 

- мазмұндау сауаттылығы;

- жоба тақырыбы бойынша қосымша қызық ақпараттың болуы;

- ақпарат көзіне сілтемелер (оның ішінде Интернет қорлары).

2) презентацияны безендіру:

- презентация дизайнының бірегейлігі;

- қолданылған дизайнның негіздемесі;

- презентацияға қосылған суреттердің стиль бірлігі;

- ресімдеуде өзіндік (авторлық) элементтерді қолдану;

- графиканы оңтайландыру;

- мультимедианың: графиктер, анимация, бейне, дыбысты пайдаланудың негіздемесі; навигацияның: бөлімдер атауларының, слайдтар мен гиперсілтемелерді ауыстыру батырмаларының болуы.

 

7.1 Слайдтар қалай жасалуы керек?

Слайд жасағанда мынадай шарттарды ескеру керек:

- бір слайдқа бір сөйлем жазыңыз;

- әр слайдқа сәйкес сурет қосыңыз;

- сіздің ойыңызды дәлелдейтін кескін немесе сурет, сіз сипаттап отырған заттың тұжырымын түсінуге мүмкіндік беретін диаграмма, деректер көрсетілген кесте, үдеріс алгоритмін көрсететін блок-сұлба;

- слайдта стандартты суреттер мен шаблондар болмауы керек;

- слайдтың дизайнына көңіл бөліңіз;

- қарапайым фонды таңдаңыз, ирегі көп шрифті таңдамаңыз, мәтіннің түсі фоннан ерекшеленуі керек;

- әрбір слайд қажет болуы керек;

- слайд сөйленген сөзді толықтырып немесе қорытындылауы керек;

- аудитория слайдтың сөздің қай жеріне қатысы бар екенін анық білуі керек;

- слайдтағы ақпарат қысқа, нұсқа болуы керек;

- слайдта ақпарат көп болмауы керек, күрделі сұлбалар мен тізімдерді бірнеше слайдқа бөлу керек;

- слайдта толық  сөйлемдерді емес, сөз тіркестерін пайдалану керек; Толық сөйлемдерді тек дәйексөз немесе анықтама болса ғана жазу керек;

- слайдтардың түстері бірдей болуы керек;

- слайдқа әртүрлі безендіру элементтерін көп қосуға болмайды;

- мағыналық жүгі жоқ кескіндерді қосуға болмайды;

- ғылыми жаргондарды қолдануға болмайды.

30-тапсырма. Келесі сұрақтарды және бұдан да өзге сұрақтарды бір-біріңізге қойып, презентация туралы әңгімелесіңіз.

1. Тиімді презентацияның ережелері қандай?

2. Тыңдаушыны қалай қызықтыруға болады?

3. Алдыңыздағы адамдар нені естігісі келеді?

4. Тыңдаушылар пікірінің презентатор үшін маңызы қандай?

5. Презентацияның безендірілуі қандай болуы керек?

6. Слайд жасау ережелері қандай?

7. Презентация жасау шеберлігін арттыру үшін тағы қандай нәрселерді білген жөн?

8. Слайдта не болмауы керек?

9. Танымал адамдардың ішінен шебер презентатор деп кімді айтар едіңіз?

Бақылау сұрақтары:

1.  Презентация жасауға қалай дайындалу керек?

2.  Тиімді презентацияның басты қағидасы туралы не айтасыз?

3.  Презентацияның талаптары қандай?

4.  Слайд жасағанда қандай шарттарды ескеру керек?

5.  Тыңдаушылардың қызығушылығын тудыру үшін не істейсіз?

Әдебиеттер тізімі

1.     Абай қара сөздері. - Алматы: Өнер, 2006. - 124 б.

2.     Әдебиеттану. Терминдер сөздігі /Құраст.: Ахметов З., Шаңбаев Т - Алматы: Ана тілі, 1998. - 384 б.

3.     Әлметова Ә. Сөйлеу әрекеттері түрлеріне оқыту: Әдістемелік құрал.    - Алматы: Арыс, 2007. - 114 б.

4.  Байтұрсынов А. Шығармалары: Өлеңдер, аудармалар, зерттеулер. /Құраст. Шәріпов Ә., Дәуітов С. - Алматы: Жазушы, 1989. - 320 б.

5.  Дүйсенбаева  Р.  Іскерлік  қазақ  тілі:  Оқу  құралы.  - Алматы:  Қазақ университеті, 2012. - 80 б.

6.  Кеңесбаев І. Фразеологиялық сөздік. - Алматы: «Арыс» баспасы, 2007. - 800 б.

7.  Қалимұқашева Б. Сөйлеу мәдениеті және шешендік өнер: Оқу-әдістемелік құрал. - Астана: Фолиант, 2010. - 168 б.

8.  Қапасова Б., Әбдіжүсіпова Б., Жұмаділова Ш. Қазақ тілі: Жоғары сынып оқушыларына арналған қазақ тілін жеделдетіп оқыту құралы. - Астана: «Арман - ПВ» баспасы, 2007. - 288 б.

9.  Мухамадиева Н., Атабаева Н., Ибраева Р. Іскерлік қазақ тілі: Жоғары оқу   орындарының   орыс   бөлімінің   студенттеріне   арналған   оқу   құралы.   - Алматы: «Ценные бумаги», 2000. - 134 б.

10. Ошанова О. Сөйлеу мәдениетінің негіздері: Оқу құралы. - Өңд., толықт.  2-басылым. - Алматы: Қазақ университеті, 2012. - 186 б.

11.  Сейлхан А. Тіл мәдениеті: Студенттер мен пән оқытушыларына арналған оқу құралы. - Өскемен: Медиа-Альянс, 2006. - 100 б.

12.  Смағұлова Г., Күркебаев К., Жұмағұлова Ә. Шешендік сөздердің дискурсы: Оқу құралы. - Алматы: «Арыс» баспасы, 2008. - 184 б.

13.  Сыздық Р. Тілдік норма және оның қалыптануы. - Астана: Елорда, 2001. - 230 б.

14.  Туған тіл туралы толғаулар. - Алматы: «Арыс» баспасы, 2007. - 88 б.

15.  Шешендік шиырлары: Шешендік сөздер, нақылдар мен толғаулар жинағы /Құраст.: Есхожин І. - Алматы: Қайнар, 1993. - 240 б.



Мазмұны

Алғы сөз

3

1 Шешендік сөз өнері

4

1.1 Шешендік сөздердің мазмұндық-тақырыптық топтары

8

1.2 Шешенге қойылатын талаптар

11

1.3 Материалды баяндаудың әдістері

12

2 Мақал мен мәтелдердің шешендік өнерді игерудегі рөлі

13

2.1 Тіл және шешендік өнер туралы мақал-мәтелдер мен аталы сөздер

14

3 Тұрақты тіркестер мен идиомалардың шешендік өнерде қолданылу ерекшеліктері

16

3.1 Тұрақты тіркестер (фразеологизмдер)

16

3.2 Идиома

16

3.3 Іскерлік қарым-қатынаста қолданылатын фразеологизмдер

16

4 Сөйлеуде қолданылатын тілдің көркемдеуіш құралдары

18

4.1 Теңеу

19

4.2 Эпитет

19

4.3 Метафора

20

4.4 Метонимия

20

4.5 Синекдоха

21

5 Шешендік өнер және іскерлік қарым-қатынас

24

5.1 Диалог

26

5.2 Пікіралмасу және оның ерекшеліктері

30

5.3 Дебат

31

5.4 Іскерлік әңгімелесу мен келіссөз жүргізу

31

6 Жиналыс өткізу

33

7 Презентация

36

7.1 Слайдтар қалай жасалуы керек?

38

Әдебиеттер тізімі

40

                                                             2014 ж. жиынтық жоспары, реті 64

ҚАЗАҚ ТІЛІ-2
Іскерлік қарым-қатынас бойынша
дидактикалық материалдар және әдістемелік нұсқаулар
(барлық мамандықтарға арналған)  

Редактор Қасымжанова Б.С.
Стандарттау бойынша маман Молдабекова Н.Қ.

Басуға қол қойылды___  .___ .____
Пішімі 60х84 1/16
Таралымы 100 дана  
№1 баспа қағаз
Көлемі 2,6 оқу-басп.т. 
Тапсырыс         . Бағасы,br> 260 теңге.           

«Алматы энергетика және байланыс университеті»
коммерциялық емес акционерлік қоғамының
көшірмелі-көбейткіш бюросы
050013, Алматы, Байтұрсынұлы көшесі, 126