Коммерциялық емес акционерлік қоғам

АЛМАТЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ БАЙЛАНЫС ИНСТИТУТЫ

Әлеуметтік пәндер кафедрасы

                                 

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕОРИЯ  НЕГІЗДЕРІ

 Дәрістер жинағы  

 

Алматы 2008

ҚҰРАСТЫРУШЫ:  Жараспаева Қ.М. Экономикалық теория негіздері. Барлық мамандықтар бойынша оқитын күндізгі және сырттай оқу түрінің студенттері үшін дәрістер жинағы  – Алматы: АЭжБИ, 2008. – 42 б.

 Экономикалық теория негіздері бойынша ұсынылған дәрістер жинағы лекция сабақтарының жоспары мен оларға дайындалудың әдістемелік нұсқауларынан тұрады. Барлық мамандықтардың күндізгі және сырттай бөлімінде оқитын студенттеріне  арналған.   

Алғы сөз 

«Экономикалық теория негіздері» курсы бойынша ұсынылып отырған лекциялар жинағы типтік бағдарламаға сәйкес жазылған  ішкі және сырттай оқу бөлімдерінің барлық мамандықтар студенттеріне «электронды кітапханада» қолдану үшін арналған.

«Экономикалық теория негіздері» курсы бойынша оқулықтар, әдістемелік нұсқаулар және жинақтар жеткілікті. Соңғы 5 – 7 жылда оқулықтар көп мөлшерде шығарылды. Мұнда қазақстандық авторлар оқулықтары мен монографиялары, сонымен қатар ресейлік оқулықтар кеңінен қолданылады. Онда жаңа тұжырымдамалық көзқарастар мен принциптерімен қатар, өкінішке орай, полярлы көзқарастар, экономикалық құбылыстардың, реформалардың, түсініктемелері мен бағалануы т.б. сирек кездеседі. Бұл студенттерге, әсіресе, сырттай оқу факультеті студенттеріне пәнді оқуда қиындықтар туындатады.

Біздің пікірімізше, осы лекциялар жинағы студенттерге «Экономикалық теория негіздері» курсын оқуда көмек көрсетеді. Ол ғылымда қалыптасқан тұжырымдамалық көзқарастар мен бағалануларға негізделген 9 лекциядан тұрады, курстың негізгі материалын жинақтап қарастыруға талпыныстар жасалды.

Жинақ шегінің тарлығы тақырыптардың барлық мәселелеріне толығымен тоқталуға мүмкіндік бермейді, тек анағұрлым күрделі, негізгі мәселелерге, теориялық ережелерге және қорытындыларға көңіл бөлінген, ал анағұрлым толық ақпаратты басқа басылымдардан табуға болады. Осы үшін әдебиеттер тізімінен оңай тауып алуға болатын номері көрсетілген сілтемелер пайдаланылған.

          1 №1 дәріс. Экономикалық теорияның пәні мен әдістері

         Сұрақтар

1.     Тұтыныстар және өндірістік ресурстардың шектеулілігі.

2.     Экономикалық жүйе және оның құрылымы.

3.     Экономикалық теорияның пәні мен қызметтері.

4.     Экономикалық теорияның әдістері.

 Дәрістің мақсаты: экономиканың мәні мен құрылымын ашу; оның негізгі сипаттамаларын: ресурстарды, факторларды, нәтижелерді айқындау; ресурстардың шектеулігін кез келген экономиканың орталық экономикалық мәселесі ретінде қарастыру; экономикадағы таңдаудың қажеттілігі мен оның ұтымдылығын қамтамасыз етуші шараларды негіздеу.

 1.1 Тұтыныстар және өндірістік ресурстардың шектеулілігі

Қоғам өмірлік қызметін тек қана әртүрлі тұтыныстарды қанағаттандыру негізінде сақтай алады және қолдай алады. Экономикалық өркениеттің тарихын жеке институционалды тұтыныстарды қалыптастыру және қанағаттандыру процесі ретінде бейнелеуге болады. Тұтыныс – қандай да бір нәрсеге мұқтаждық. Тұтыныстар адамның объективті қажетті өмір сүру деңгейі мен қызметін бейнелеу дегенді білдіретін сипатқа ие. Саналы тұтыныс – бұл қызығушылық. Қазіргі қоғамда адамдар тұтыныстары олардың әртүрлілігімен сипатталады. Оларды экономикалық және экономикалық емес деп бөлуге болады. Экономикалық емес тұтыныстар – бұл жақын адамдарды, отанды, табиғатты сүюге, достыққа, қарым – қатынасқа және т.б. деген қажеттілік. Экономикалық тұтыныстар – бұл қандай да бір игіліктер мен қызметтерді тұтыну жолымен қанағаттандырылатын тұтыныстар. Игіліктер мен қызметтер – тұтыныстарды қанағаттандыру құралы. Өндірістік тұтыныстарды қанағаттандыру өндіріс құралдарын және жеке тұтыну құралдарын тұтынумен байланысты болады. Қоғамдық тұтыныс – бұл тұтас қоғамның (қорғаныс, басқару, ғылым, мәдениет) тұтынысы.  Тұтыныстар тек материалды заттар арқылы ғана емес, сонымен қатар қызметтер көмегімен де қанағаттандырылады. Қызмет – бұл пайдалы әсерді өндіру уақыты бойынша оны тұтынумен сәйкес келетін орынды (мақсатты) еңбектің түрі. Адамдардың игіліктер мен қызметтерді жасауы - «өндіріс» деген атауға ие негізгі экономикалық процесс. Тұтынуды экономиканың соңғы мақсаты деп атауға болады. Өндірістік процесті жүзеге асыру үшін экономикалық ресурстардың материалды және рухани игіліктер мен қызметтерді жасау үшін пайдаланыла алатын өндірістің бар элементтерінің жиынтығы болу қажет.

Экономикалық ресурстар келесі топтарға бөлінеді: 1) материалды – жер және капитал жатады; 2) адам ресурстары – еңбек пен кәсіпкерлік қабілет жатады. «Жер» түсінігімен өндірістік процесте қолданылатын барлық табиғи ресурстар, «табиғаттың барлық игіліктері» белгіленеді. Капитал немесе инвестициялық ресурстар барлық өндірілген құралдарды, яғни тауарлар мен қызметтерді өндіруде және оларды соңғы тұтынушыға жеткізуде пайдаланылатын құралдар, көліктердің барлық түрлерін, құрылғыларды, фабрикалы-зауыттық, қоймалық кеңістіктерді өткізу торын қамтиды.  Капиталға өндірістік ресурстар ретінде ақша жатпайды. Ақша өз бетінше ештеңе өндірмейді, сондықтан оны экономикалық ресурс ретінде санауға болмайды. «Еңбек» түсінігі экономикалық теорияда игіліктер мен қызметтерді өндіруде қолданылатын адамдардың дене және ой қабілетін белгілеуде пайдаланылады. Бұл ресурс адамдардың жеке еркіндігі болған кезде ғана анағұрлым өнімді пайдаланылады. Кәсіпкерлік қабілет – бұл адам ресурстарының барлық басқа экономикалық ресурстарды анағұрлым тиімді біріктіре алу қабілетінің ерекше түрі. Атақты американдық экономист Йозеф Шумпетер кәсіпкерлікті «экономикалық дамудың негізгі феномені», оны қозғаушы негізгі күш деп атады. Тұтыну мен өндірудің арасындағы қарама – қайшылық адамдардың ие болғысы келетін заттары мен шын мәнінде шаруашылық қызметтің оларға бере алатын заттарының арасындағы қайшылықпен түсіндіріледі. Ресурстардың шектеулілігі абсолютті. Ресурстардың шектеулігі кезіндегі тұтыныстың шексіздігі экономикалық таңдау (ресурстар шығынының минимумы кезінде тұтыныстарды максималды қанағаттандыруға қол жеткізілетін ресурстарды пайдаланудың альтернативті нысандарының ішінен анағұрлым жақсысын) мәселесін туындатады.

 1.2 Экономикалық жүйе және оның құрылымы

«Жүйе» терминінің жалпы мағынасы (гректің systema – бөлшектерден құралған тұтастық) белгілі бір тұтастықты құрайтын, бір – бірімен тығыз байланысқан және қатынаста болатын элементтердің жиынтығы дегенді білдіреді. Осыны ескере отырып, экономикалық жүйені материалды және материалды емес игіліктерді өндіру, бөлу, айырбастау және тұтынуда қалыптасатын шаруашылық байланыстар мен қатынастардың тәртіпке келтірілген жиынтығы ретінде анықтауға болады. Өндіріс – белгілі бір уақыт ішінде игіліктер мен қызметтерді жасау процесі (кең мағынада өндіріс өндірілген игіліктер мен қызметтерді тікелей өндіру, бөлу, айырбас және тұтынуды қамтитын үздіксіз қайталанушы процесс ретінде түсініледі). Бөлу – шаруашылық қызметі қатысушыларының тұтынуына түсетін өнімнің үлесі мен көлемін анықтау. Айырбас - өндірістің әрбір қатысушысын бөлудегі бекітілген үлесіне қарай қажетті игіліктер мен қызметтерді алуын қамтамасыз ету. Тұтыну – жасалған игіліктерді қандай да бір тұтыныстарды қанағаттандыру үшін пайдалану.

«Экономикалық жүйе» термині талдаудың әртүрлі деңгейлерінде қолданылады. Бұл мағынада экономикалық жүйе ретінде ең қарапайым құрылымдарды да санауға болады (мысалы, жеке үй шаруашылықтары немесе шаруашылық субъектілер), бірақ бұл термин көп жағдайда макроэкономикалық көзқарас шегінде тұтас ұлттық шаруашылық қызмет ету заңдылықтары қарастырылған кезде қолданылады. Кез келген экономикалық жүйе қоғамдық өндіріс дамуының қандай да бір деңгейін қарастырады, сондықтан әдетте ол екі аспектіде сипатталады: техника – технологиялық – «адам - табиғат» қатынастарын бейнелейді, яғни «өндіргіш күштер» категориясымен бейнеленетін қатынастарды қарастыратын; әлеуметтік – экономикалық – адамдар арасындағы қатынастарды бейнелейтін, «өндірістік қатынастар» категориясымен бейнелетін қатынастарды қамтитын. Құрылымы бойынша өндірістік қатынастар ұйымдық – экономикалық (техникалық - экономикалық) және әлеуметтік – экономикалық деп бөлінеді. Ұйымдық – экономикалық қатынастар адамдар арасында қоғамдық еңбекті ұйымдастыруға қатысты қалыптасады. Ұйымдастыру формалары болып еңбек бөлінісі, еңбек кооперациясы, өндірістің шоғырлануы (фирмалардың іріленуі), олардың орталықтандырылуы (фирмалардың бірлесуі) болып табылады. Жалпы экономикалық жүйе нақты жағдайда шаруашылық ету тәжірибесінен туындайтын қоғамның ерекше құрылымын бейнелейді.

Адамзат қоғамының тарихи даму барысында, ең алдымен, экономиканың негізгі мәселелерін: не өндіру? (қандай тұтыныстарды ең маңызды деп санау және сирек ресурстарды қалай бөлу керек); қалай өндіру? (кім өндіру керек, қандай ресурстардың және технологиялардың көмегімен өндіру керек); кім үшін өндіру керек? (өндірілгенді қалай бөлу керек) шешудің жолдары және тәсілдерімен айрықшаланатын экономикалық жүйелердің бірнеше типтері (үлгілері) қалыптасқан. Қазіргі кезеңде адамзат, шегінде әртүрлі кезде экономикалық жүйелердің бірнеше типтері: нарықтық, әкімшіл-әміршіл, аралас және дәстүрлі экономикалар қалыптасқан ұзақ тарихи даму жолынан өтті. Ең алдымен, меншік формасы мен үйлестік (координация) механизмнің типі оларды бөлудің критерилері болып (жоспар немесе нарық) табылады.

 1.3 Экономикалық теорияның пәні мен қызметтері

«Экономика» термині екі мың жылдан астам уақыт бұрын пайда болған. Ол гректің «ойкос» (үй, шаруашылық) және «номос» (заң) деген сөздерінен құралған. «Экономия» терминін ең алғашқы рет Ксенофонт үй шаруашылығын жүргізудің саналы ережелерін қарастыратын өзінің шығармаларының атауы ретінде енгізген.

Дербес ғылым ретінде экономикалық теория саяси экономия атауымен пайда болды. Саяси экономия тарихи тұрғыда негізгі кластар мен әлеуметтік топтар арасындағы әлеуметтік – экономикалық қатынастарды зерттеу болып табылатын ғылым ретінде қалыптасты. Экономикалық теория ресурстардың шектелген жағдайында қажеттіліктерді қамтамасыз етуді көздеген адамдар мен топтардың материалдық игіліктері мен қызметтерді өндіру, бөлу, айырбастау және тұтынудағы іс-әрекеттерін зерттеп, талдайтын қоғамдық ғылым.

Экономикалық теорияның зерттеп тану объектісіне нарықтың қызмет ету механизмі мен нарықта және оның сегменттерінде бар болатын жетілген және жетілмеген бәсеке, жеке шаруашылық салалардың монополиялану дәрежесі, бағалық және бағалық емес бәсекенің формалары мен әдістері, нарық қатынастарын реформалаудың бағыттары мен тәсілдері және т.б. жатады. Экономикалық теорияның зерттеу мәселесіне қарай келесідей екі бөлімі болады. Микроэкономика жеке өндірушілердің қызмет-әрекеттерін, кәсіпкерлік капитал мен бәсекелік ортаның қалыптасу заңдылықтарын зерттейді. Мұнда жеке тауарлардың бағасы, жұмсалған ресурстар, шығындар, кәсіпорынның қызмет атқару механизмі, бағаның құрылуы, еңбекке ынта және т.б. жағдайлар талданады. Макроэкономика микропорциялардың негізінде қалыптасатын ұлттық экономикалық жүйенің қызмет-әрекеттерін зерттейді. Мұның зерттеу объектісіне ұлттық өнім, бағаның жалпы дәрежесі, инфляция, жұмыспен қамту жатады.

Экономикалық теория жалпы ғылымдар жүйесінде белгілі қызметтер атқарады. Олар танып – білу қызметі, яғни ол қоғамдық экономикалық өмірдегі процестер мен көріністерді зерттеп түсіндіре білуі керек. Сонымен қатар, тәжірибелік қызметі, яғни ұтымды шаруашылық жүргізудің принциптері мен әдістерін жасау, экономикалық өмірді реформалаудың экономикалық стратегиясын ғылыми тұрғыдан дәлелдеу, т.б. экономикалық теорияның үшінші қызметі қоғамдық дамудың ғылыми болжамын және перспективасын жасауды қамтиды. Экономикалық теорияның осы аталған қызметтері өркениетті қоғамның күнделікті өмірінде жүзеге асырылып отырады. Экономикалық ортаның қалыптасуында, экономикалық динамиканың көлемі мен бағыттарын анықтауда, өндіріс пен айырбастың сала аралық құрылымын жетілдіруде, адамдардың жалпы өмір дәрежесін ұлттық деңгейге жоғарылатуда - осының бәрінде экономикалық теорияның маңызы өте зор.  

1.4 Экономикалық теорияның әдістері

Өмір үшін қоғамның дамуына қажет ресурстардың шектелген жағдайында экономикалық өсу процесінде қалыптасатын қатынастар мен заңдылықтарды экономикалық теория зерттейді.  Пәннің ерекшелігі зерттеудің әдістемесі мен әдістерінің ерекшелігін тудырады. Әдістеме дегеніміз экономикалық жағдайларды зерттеуде қолданылатын жалпылама әдіс, белгілі философиялық көзқарастар тұрғысынан қарағанда ол субъективтік, диалектикалық – материалистік, эмпирикалық, рационалистік және т.б. бағыттарды қолдануды талап етеді. Рационалистік әдіс объективтік шындықты талдаудың тұрақты динамикада жүргізілуін тілейді. Бұған өндіріс, бөлу, айырбас және тұтынудың ішкі байланыстары мен заңдарын зерттеп, талдау жатады. Рационалистік және аналитикалық әдістердің өзара байланыстары әсіресе ұдайы өндіріс пен экономикалық өсу процестерін талдауда толық байқалады.

Абстракцияланған нақтылыққа құбылыстың мәнінен көрінісіне дейінгі жағдайларды қамтитын әдіс экономика ғылымында жиі қолданылады. Абстракция әдісі зерттеу пәнін жеке, кездейсоқ, қысқа мерзімді, дара құбылыстардан тазартып, оқшаулап, оның (зерттеу пәнінің) тұрақты, берік, типтік, әрқашан қайталанып отыратын негізгі, шешуші белгілерін, қасиеттерін, мәнін бөліп алып қарап, танып білуге мүмкіндік береді.

Экономикалық теорияда ғылыми абстракция әдісінің маңызы өте зор. Ғылыми абстракция дегеніміз – құбылыстар қасиеттерінің басты, ең мәнді қасиеттерін табу мақсатында ой-сана жүзінде онша мәнді емес жағдайлармен есептеспеу болып табылады. Осылай құбылыстардың мәні ашылады, анықталады. Абстракциялау нәтижесінде экономикалық категориялар тұжырымдалады.

Талдау мен синтез әдістерінің пайда болуы абстракциялық ойлаумен байланысты. Экономикалық құбылыстарды талдау экономикалық құбылысты, оның жеке элементтеріне бөліп және әр элементті тұтас құбылыстың қажетті құрамды бөлігі деп зерттеуді талап етеді. Ал синтез құбылысты алдымен әр бөліктен тұратын құрылым деп, бұдан кейін осы элементтердің біртұтас қосылуы деп зерттеп, жалпы қорытынды шығарады.

Экономикалық теорияда қолданылатын әдістердің ішінде тарихи және логикалық талдау принципінің бірлігі кең пайдаланылады. Әрбір экономикалық жүйенің логикалық байланысы бар. Біріншіден, олар бір- бірімен өзара әсер ететін динамикалық қатынаста болады. Бүгінгі дәлел ертеңінде қызмет ролін атқаруы мүмкін. Екіншіден, жүйенің әрбір элементі тарихи даму процесінде болады. Сондықтан тарихи және логикалық бірлікті сақтау мәселесінің маңызы зор. Бұның өзі жүйенің және оның элементтерінің пайда болуын білу үшін ғана емес, әсіресе оның үрдісін, сатыларын анықтау үшін қажет.

Ғылыми танымның жекелеген әдістеріне: байқау, синтез бен талдаудың көмегімен алынған материалды өңдеу, индукция мен дедукция, заңдар мен категориялар жүйесін құрау, оларды тексеру, тәжірибе-сынақтар жүргізу, модельдер құрастыру және т.б. жатады. Математикалық модельдер графиктер мен математикалық теңдеулер көмегімен бейнеленеді. Алайда, абстрактілі математикалық модельдердің көбеюі шынайы экономикалық жағдай жөнінде қате түсінік қалыптастыруы, әсіресе модельге сапасыз өңделген экономикалық көрсеткіштер алынғанда әбден мүмкін екендігін айта кету керек. 

2 №2 дәріс. Нарықтық экономиканың мәні мен қызмет ету механизмі. 

Сұрақтар

1.                Нарық, оның қызметтері және типтері.

2.                Нарық жүйесі және оның құрылымы.

3.                Нарықтық механизм және оның элементтері: сұраныс, ұсыныс, баға және бәсеке. 

  Дәрістің  мақсаты: «нарық», «нарық механизмі», «нарық құрылымы» секілді негізгі түсініктердің мазмұнын ашу; нарықтық баға құрудың механизмін түсіну; бәсеке мен монополияның өзара байланысын түсіну.  

  2.1 Нарық, оның қызметтері және типтері

         Экономикалық байланыстар өнімдердің өндірушілерден тұтынушыларға қозғалысын қамтиды: бір жақтан өндірушілер, басқа жақтан тұтынушылар арасында көп түрлі айырбас жүріп отырады. Осындай айырбас процестері қоғамдық еңбек бөлінісімен белгіленеді. Бұл бір жақтан өндірушілерді ажыратады. Еңбек әрекеттеріне сәйкес оларды бір – бірінен оңашаландырады. Екіншіден, олардың арасында тұрақты функционалды қатынастар туындайды. Нәтижесінде, өндіріс тауарлық өндіріске айналады. Өндірушілер өнім өндіруді және оны өткізуді, шығындарды өтеуді, өндірісті кеңейтуді және жетілдіруді – барлығын өз еркімен дербес шешеді. Тауар – ақша қатынасы жағдайында айырбас процестері нарықтық қатынастар формасына ие болады.

         Нарық - өндіру, бөлу, айырбас және тұтыну процестерін қамтитын адамдар арасындағы экономикалық қатынастар жүйесі. Бұл меншіктің әр алуан формаларын, тауар – ақша қатынастарын, қаржы – несие жүйесін пайдалануға негізделген экономикалық іс - әрекеттердің күрделі механизмі.

Нарықтың мәні оның қызметтері арқылы толығырақ анықталады. Нарық келесідей маңызды қызметтерді атқарады: тауар өндірісінің өзін - өзі реттеу қызметі. Яғни, тауарға сұраныс өскенде өндірушілер өздерінің өндіріс көлемін көбейтіп, бағаны жоғарылатады, нәтижесінде өндіріс қысқара бастайды; ынталандыру қызметі. Баға төмендегенде өндірушілер өндіруді азайтады, сонымен қатар, олар жаңа техника, технологиялар енгізу, еңбек ұйымдастыруды жетілдіру арқылы шығындарды азайту мүмкіндігін іздестіреді; өндірілген өнім мен еңбек шығындарының қоғамдық маңыздылығын айқындау қызметі. Бірақ бұл қызмет тек тапшылық жоқ өндіріс жағдайында жүзеге аса алады, яғни сатып алушылардың таңдауы бар болғанда, өндірісте монополия болмағанда, бірнеше өндірушілер болып олар өзара бәсекелес болғанда; реттеу қызметі. Нарық арқылы экономикадағы, өндірістегі және айырбастағы негізгі микро және макропропорциялар белгіленеді; өзін - өзі басқару принциптерін жүзеге асыру қызметі. Нарықтық  құралдар әсерімен қоғамдық өндіріс экономикалық жағынан қолайсыз элементтерден арылып отырады және осының арқасында тауар өндірушілер әркелкі түрге, буындарға бөлінеді, яғни дифференциалданады. Нарықтың даму дәрежесіне қарай келесі типтерге бөлуге болады: дамымаған, классикалық, реттелуші және деформацияланған.

Классикалық нарықтың келесідей белгісі болады: а) нақты нарық оған еркін кірудің болуын қарастырады, сондықтан нарық қатысушыларының саны ешқандай шектелмейді; ә) нарықта көптеген тауар өндірушілер әрекет еткендіктен, бұл тауарларға қойылған баға жалпы нарықтық баға елеусіз (аз) әсер етеді; б) нарықта өндіріс факторлары қозғалысының толық еркіндігі қарастырылады; в) еркін нарықта сатушылар мен фирмалардың қандай да бір топтары үшін артықшылықтар жоққа шығарылады.

Оның өзін – өзі реттеуші механизм негізінде қызмет етуі, адамдарға қатыстылығы, сұраныстың негізіндегі өндіріске күрделі қаржы салуға бағытталуы классикалық нарықтың артықшылығы болып табылады.

Нарықтың екінші типі – реттелуші, яғни құқықтық нормалармен бекітілген қандай да бір тәртіпке бағынышты және мемлекетпен қолданатын нарық. Ірі кәсіпорындар бұрынғыдай өздеріне белгісіз нарықта көзді жұмып жұмыс істей алмайды.  Ауқымды капиталмен тәуекелге бармас үшін олар өздеріне өткізу нарығын қамтамасыз етуге тырысады, пайдалы мемлекеттік тапсырмаларды орындауға дайын болады. Осылайша кездейсоқ жағымсыз әрекет жоққа шығарылады.

Әкімшіл - әміршіл жүйе жағдайындағы деформацияланған нарықтың негізгі белгілері келесідей: нарықтық қатынастар субъектілерінің аз болуы; шектен тыс орталықтандырылу, коммерциялық әрекеттерде дербестіктің болмауы; тауар өндірушілер мен сатушылардың монополизмі; сұраныс пен ұсыныстың теңсіздігі; көлеңкелі экономиканың дамуы; тауар – ақша қатынастарының бартерлік айырбаспен алмасуы; тұтынушының тауарды таңдауға деген құқығының болмауы. 

  2.2 Нарық жүйесі және оның құрылымы

Нарықтың құрылымы күрделі болып табылады және халық шаруашылығының барлық салаларын қамтиды.

Нарықтың құрылымы – бұл нарықтың жеке элементтерінің ішкі құрылысы, тәртібі, орналасуы, осы элементтер нарықтың жалпы көлеміндегі үлесі.

Әртүрлі критерийлердің негізінде жеке элементтерге мүшеленген барлық нарықтардың жиынтығы нарық жүйесін құрайды,

Құрылымы бойынша нарықтарды келесі критерийлер бойынша бөлуге болады:

1.     Нарықтық қатынастар объектілерінің экономикалық тағайындалымы бойынша:

- тауарлар мен қызметтер нарығы;                          - жұмыс күші нарығы;

- өндіріс факторлары нарығы;                        - ақпарат нарығы;

- бағалы қағаздар нарығы;                              - қаржы нарығы;

- ғылыми-техникалық жасалулар нарығы;     - лицензия және т.б.нарығы.

         Мұндай нарықтардың қалыптасуы кәсіпорындардың өзара әрекет етуінің барлық жүйесінің түбірімен өзгеруіне; тауарларды тікелей байланыстар негізінде сатуға өтуге ықпал етеді. Мыналар нарықтың негізгі құралы болып табылады. Тауар және қор биржалары, арнайы базалар, коммерциялық орталықтар, көтерме сауда кәсіпорындарының жүйесі түріндегі нарықтық құрылымдарды құру.

2.     Бәсекенің шектелу дәрежесіне қарай: монополиялық нарық, олигополиялық нарық, еркін нарық.

3.     Әрекет етуші заңға сәйкес: ресми нарық, көлеңкелі нарық.

4.     Орналасу кеңістігіне қарай: жергілікті нарық, аумақтық нарық, ұлттық, әлемдік нарық. 

2.3 Нарықтық механизм және оның элементтері: сұраныс, ұсыныс, баға және бәсеке

Кез келген нарық өзінің нақты түріне қарамастан негізгі үш элементке негізделеді: бағаға, сұраныс пен ұсынысқа, бәсекеге. Нарықтық механизм – сатушы мен сатып алушының өзара іс-әрекетінің бәсекелестік механизмі және сұраныс пен ұсыныстың негізінде төмендегідей үш мәселені шешеді: Не өндіру керек? Қалай өндіру керек? және кім үшін өндіру керек? Нарықтық экономикада бұл сұрақтар нарық арқылы (баға, сұраныс және ұсыныс, бәсеке механизмдері арқылы) шешіледі.

Сұраныс – ақшалай қамтамасыз етілген, нарықтағы тұтыныстың өңі айналған түрі немесе сұраныс – төлем қабілеттілігі бар тұтыныс. Тауардың нарықтық бағасы мен сұраныс көлемі арасында үнемі белгілі арақатынасты көрсететін қисық сұраныс қисығы деп аталады (2 - сурет).

D

 

0

 

Q

 

P

 

                   1 Сурет - Сұраныс қисығы

         Нарықтық сұраныс көптеген факторлардың әсерімен: баға деңгейі, сатып алушылардың ақшалай табысы, нарық көлемі, жинақталған мүлікпен сатып алушылар санымен және басқалармен қалыптасады. Тауарға деген сұраныс мөлшері тұрғындардың ақшалай табыс деңгейіне тура пропорционалды және баға деңгейіне кері пропорционалды. Баға көтеріңкі болса, тауарды сатып алушылар сұранысы төмен болады, егер сұраныс мөлшерінің бағалық емес факторларын өзгермеген деп санасақ, онда бағаға қатысты сұраныстың функционалды тәуелділігі келесі формуламен анықталады:  Qd=F(Б).

         Ұсыныс – тауар өндірушілердің нарыққа сатуға ұйғарған бағасы белгіленген тауар жиынтығы. Ұсыныс сұранысты өндірілген тауар ассортименті мен олардың бағасы арқылы қалыптастырады; өндіріс шығындарына, қолданатын өндіріс технологиясының сипатына, дотация мен салыққа, бар тауарлар бағасы мен кәдімгі тауарлар бағасына, баға өзгеруін күтуге, сатушылар санына, табиғи климаттық жағдайға және т.б. байланысты. Тауар өндіруші ұйғарған тауар саны мен нарықтық баға арасындағы үнемі белгілі арақатынасты көрсететін қисық ұсыныс қисығы деп аталады (3-сурет). Ұсыныс заңына сәйкес, өндірушілер өндірілген өнімнің көбін жоғарғы бағамен сатуды ұсынады және керісінше.          Егер ұсыныс мөлшерінің бағалық емес факторлары өзгеріссіз қалса, бірақ тауар бағасы өзгерсе, онда ұсыныстың бағаға тәуелділігі мынадай түрде болады Qs=F(Б).

 

         2 Сурет - Ұсыныс қисығы

         Сұраныс пен ұсыныс тепе – теңдігі кезіндегі нарық пен баға деңгейі жағдайы нарықтық тепе – теңдік деп аталады. Бұл жағдай графикте келесідей бейнеленеді.

Qe

 

                 

         3 Сурет - Нарықтық тепе – теңдік

         Суретте көрсетілгендей тепе-теңдік нүктесі Е сұраныс пен ұсыныс қиылысында орналасқан. Тепе – теңдік нүктесіндегі нарықтық баға тепе – теңдік бағасы деп аталады. Сұраныс пен ұсыныстың өзгеруіне қарай бағаның тепе – теңдік нүктесі де соған сай өзгереді.

         Нарық бәсекелестігінде тепе – теңдік Е нүктесінде болады. Бұл жағдайда сұраныс мөлшері мен ұсыныс көлемі бір – біріне дәл келеді. Qe=Qs=Qd. Егер ұсыныс сұраныстан асып кетсе, онда тауарды сатып алу азаяды, сондықтан сатушылар тауарларының бағасын түсіруге мәжбүр болады. Ал егер сұраныс ұсыныстан көп болса, онда тауар бағасы өседі. Бәсеке (лат. concurere – бірге қашу) – бұл нарықтағы анағұрлым жақсы жағдай, яғни пайданың көп мөлшері, өткізу нарығы, шикізат көздері үшін тауар өндірушілер арасындағы қақтығыс (күрес). Бәсеке нарықтық механизмнің қажетті элементі болып табылады. Әрине, бәсеке үшін нарықта біркелкі тауар өндіретін көптеген тауар өндірушілер болу керек. Нарықта бәсеке әртүрлі формада және әртүрлі тәсілдермен жүргізіледі.

         Бәсекені келесі негізгі түрлері бойынша жіктеуге болады: таза бәсеке,    жетілген бәсеке, монополиялық бәсеке (толығырақ көрсетілген әдебиеттерде). Біздің елде әкімшіл - әміршіл жүйе кезінде кәсіпорындар нарық және пайда үшін бәсекеге түспеді. Олар өзара қорларды, шектерді, шетелдік құрал – жабдықтарды, мемлекеттік күрделі қаржыларды алу және директивті тапсырмалардың төмендеуі үшін күресті. Мұндай бәсеке негізінде өндіріс шоғырлануының жоғары дәрежесі мен ұсақ бизнестің әлсіз дамуы жатқан ведомстволық монополизмнің теріс жағы ретінде жүрді. Нарықтық қатынастарға көшу сатып алушының басымдылығын (приоритетін) бекіту мен өндірушінің басымдылығын жоюды қарастырады. Бәсеке – бұл тауар өндірушілердің еркіндігі ғана емес, сонымен қатар, тұтынушылар тарапынан мәжбүрлеу, қаржылық шектеулерге тәуелділік. Бәсекенің дамуына ұсақ кәсіпорындардың құрылуы, мемлекеттік тапсырмалардың (қандайда бір кезеңде) жойылуы, кәсіпорындарды мемлекетсіздендіру және жекешелендіру және т.б. ықпал етеді.

 3 №3 дәріс. Өндіріс және шығындар теорияларының негізі

 Сұрақтар

1.     Өндіріс анықтамасы. Өндірістік функция

2.     Өндіріс шығындары. Айқын және айқын емес шығындар. Альтернативті шығындар

3.     Жалпы, тұрақты және өзгермелі шығындар. Шекті және орташа шығындар.

   Дәрістің мақсаты: өндірістік функцияның мазмұнын, оның өндіріс факторларының өзара алмасушылығын түсіндірудегі мазмұнын ашу; шығындар мен пайданың не екенін көрсету; олардың арасындағы байланыс пен фирма шығындарын азайту және пайдасын арттырудың ережелерін көрсету.

   3.1 Өндіріс анықтамасы. Өндірістік функция

         Адамдардың экономикалық қызметінің бастапқы мезеті өндіріс болып табылады. Өндіріс әртүрлі факторлардың, яғни еңбек, жер, капиталдың өзара әрекеттесуін білдіреді.

Өндірістің дамуының әрбір жаңа кезеңінде оларсыз өндіріс жемісті түрде дами алмайтын жаңа факторлар пайда болып отырады. Қазіргі заманғы өндірісті, мысалы кәсіпкерлік, ақпарат, технология, экология және т.с.с. факторларсыз елестету қиынға түседі. Алайда жүйенің негізін құрушылар болып еңбек , жер, капитал қалады.

Жекелей факторлардың ешқайсысы өнім шығарып, табыс бере алмайды. Сондықтан өндіріс процесі факторлардың өзара бірігуінің қарым-қатынасын білдіреді. Әр кәсіпкерді өнімді максималды шығаруға жеткізетін факторлардың арақатынасын табу мәселесі ойландырады. Мысалға, қызылшаның максималды түсімін алу үшін қызылша отырғызылған жер аудандарының санын еңбек шығындарымен бірін азайтып, екіншісін ұлғайта отырып қиылыстыру қажет.

Математикалық түрде бұл тәуелділік келесі формуламен бейнеленеді:

мұндағы Y=f(xn, yn, …an) Y - өндірілген өнім саны;

xn, yn,…an  - өндіріс факторлары;

f – функция.

Шығарылған өнім саны оны өндіруге қолданылған өндіріс факторлары мен олардың комбинацияларына тәуелді. Факторлардың әртүрлі комбинациясы бар болса, бұл олардың оптималды үйлесіміне жеткізетін варианттың бар екендігін білдіреді. Демек, өндірістік функция – бұл өндіріс факторларының шығындарының жиынтығы мен максималды өнім шығару арасындағы өзара байланысты көрсететін техникалық арақатынас.

Әдетте, факторлар шамасы өзгермей, тұрақты болады. Осында келесі варианттың болуы мүмкін, яғни барлық факторлар бір мезгілде өзгереді немесе тек олардың біреуі өзгереді. Бұл жағдайда табыстылыққа шектеулі әсер етеді, ол төмендейді. Біздің мысалымызда белгілі бір учаскеде қызылша өсірілген делік. Жер бір фактор ретінде тұрақты. Екінші фактор – еңбек өзгереді. Егер келесі жылы қосымша еңбек бірлігін пайдаланар болсақ, біз алдыңғыдан да төмен түсім алар едік. Яғни, белгіленген тұрақты шығындар санына қосымша шығындарды қосқан кезде қосымша өнім азаяды. Кемімелі табыстылық заңының мәні осында.

Алайда, бұл заң күшіне тек өзгермелі (мысалға еңбек) фактордың қосымша бірдей санын бірнеше мәрте қосқаннан кейін күшіне енеді, яғни кемімелі табыстылық заңы белгілі бір мезеттен бастап әрекет етеді.

 3.2            Өндіріс шығындары. Айқын және айқын емес шығындар.

  Альтернативті шығындар

  Шығындар – ұсыныс көлеміне әсер ететін басты фактор екені анық. Сондықтан қанша тауар өндіру керек екенін шешпес бұрын, фирма  шығындарын талдау қажет. Шығындар – бұл өндірістің сатып алынған факторларының төлемі.

  Өндіріс шығындарын жіктеп бөлудің бірнеше жолдары бар.

  Біріншіден, әлеуметтік – экономикалық бағыттан қарағанда, шығындар қоғамдық және кәсіпорын шығындары деп бөлінеді. Қоғам бағытынан шығындарға дайын өнімнің құнына көшкен жанды еңбек және зат түрін алған еңбек шығындары жатады. Өндіріс шығындары ұдайы өндіріс процесінің нәтижесі болып табылады. Бұл кәсіпорынның өндірісте тұтынылған құрал –    - жабдықтары мен жалақы төлемдерінің шығындарын көрсетеді.

  Екіншіден, өндіріс шығындары экономикалық және бухгалтерлік болып бөлінеді.       Бухгалтерлікке - өнімнің белгілі бір мөлшерін өндіруге нақты жұмсалған өндіріс факторларының шығындары жатады. Бұл жағдайда факторлар сатып алынған бағамен бағаланады. Кәсіпорын шығындары бухгалтерлік және статистикалық есеп беруде өнімнің өзіндік құны түрін алады. Өндіріс шығындарының экономикалық түсінігі ресурстардың сиректігіне және оларды балама пайдалану мүмкіндігіне негізделеді.

  Тауар өндіру үшін алынған ресурстардың (кез келген) экономикалық шығындары, оларды өте қолайлы пайдаланып өндірген құнға тең болады. Бұлар айқын немесе айқын емес шығындарға бөлінеді.

  Айқын шығындар деп өндіріс факторлары мен жабдықтаушыларға айқын ақша формасындағы төлем түрін алатын балама шығындар аталады. Бұлардың болуы ресурстарды тыстан алумен байланысты. Мысалы, жұмысшыларға жалақы төлеу, көлік шығындарын өтеу т.б.

  Айқын емес шығындар деп өндірісте пайдаланылған фирманың өз иелігіндегі (сырттан сатып алынбаған) ресурстардың құнын айтады. Мысалы, ғимараттарды жалға бермегендіктен түспеген пайда. Бухгалтерлік статистикада айқын емес шығындар көрсетілмейді.

  Альтернативті шығындар – ресурстарды пайдаланудың мүмкін болатын альтернативті әдістерінің ең тиімдісін қолданғанда алуға болатын ақша сомасы.

 3.3 Жалпы, тұрақты және өзгермелі шығындар. Шекті және орташа шығындар

         Өндіріс көлемдерінің артуының әсеріне байланысты шығындар тұрақты және айнымалы болып бөлінеді.

         Тұрақты шығындар (FC) - өндіріс көлеміне байланыссыз шығындар. Оларға құрылыс және ғимараттарға амортизациялық аударымдар, ренталық төлемдер, әкімшілік басқару шығындары т.б. жатады. Мұндай шығындар тіпті кәсіпорын жұмысын тоқтатқанда да төленуі тиіс.

         Айнымалы шығындар (VC) - өндіріліп жатқан өнім көлемі санына тәуелді шығындар. Олар шикізатқа, материалдарға, еңбекақыға және т.б. кететін шығындардан тұрады. Өндіріс көлемі өскен сайын олар өседі.

         Шығындарды шартты түрде тұрақты және айнымалы деп бөлу талдау жасалып отырған кезеңге де байланысты болады. Ұзақ мерзімде барлық шығындар айнымалы болады, себебі ұзақ мерзімде барлық құрал – жабдықтар ауыстырылады.

         Тұрақты және айнымалы шығындардың қосындысы жалпы шығындарды (TC) құрайды.

         Өнім бірлігін өндіруге жұмсалатын шығынды өлшеу үшін орташа жалпы (ATC), орташа айнымалы шығындар (AVC), орташа тұрақты шығындар (AFC) қолданылады. Орташа шығындар кәсіпорынның кірістерін анықтау үшін маңызды: егер баға орташа шығындарға тең болса, кәсіпорын пайда алмайды. Егер баға орташа шығындардан кем болса, онда кәсіпорын зиян шегеді және банкрот болады. Егер баға орташа шығындардан жоғары болса, кәсіпорын баға мен шығындар арасындағы айырма мөлшерінде пайда табады. Орташа жалпы шығындар жалпы шығындарды өнім көлеміне бөлгендегі бөліндіге тең:  ATC=TC/Q. 

         Орташа тұрақты шығындар, жалпы тұрақты шығындарды өнім көлеміне (өндірілген өнім санына) бөлгенге тең:  AFC=TFC/Q.

         Орташа айнымалы шығындар жалпы айнымалы шығындарды өндірілген өнім санына бөлгенге тең: AVC=TVC/Q

         Сонымен қатар шығындардың басқа да түрлері де қарастырылады.

         Кәсіпорын шығаруға мүмкіндігі бар өнімнің максималдығын анықтау мақсатында шекті шығындар есептеледі.

         Шекті шығындар (МС) – берілген өнім көлемімен салыстырғанда өнімнің әрбір қосымша өнім бірлігін өндіруге кеткен қосымша шығындар:  MC=TC/Q

         Олар кәсіпорын стратегиясын анықтау үшін өте маңызды. Тұрақты шығындар өзгеріссіз болғандықтан, шекті шығындар айнымалы шығындардың (яғни шикізат, жұмысшы күшіне) өсіміне тең.  

 4 №4 дәріс. Табыстарды бөлу. Табыстар және өндіріс факторларына бағалар.

 Сұрақтар

1.           Бөлу процесінің жалпы сипаттамасы. Бөлу теориясының эволюциясы.

2.           Жалақы және оның мәні мен формалары.

3.           Жер рентасы. Рента жер иесінің факторлы табысы ретінде.

4.           Пайда теориясы. Пайыз және пайыздық мөлшерлеме

 Дәрістің мақсаты: нарықтық экономика субъектілерінің факторлық табыстарының қалыптасуының мазмұнын, қайнар көздерін және механизмін ашу.

          4.1 Бөлу процесінің жалпы сипаттамасы. Бөлу теориясының эволюциясы

Бөлу қоғамдық ұдайы өндірістің маңызды фазасы болып табылады. Бөлу қоғамдық ұдайы өндірістің фазасы ретінде өндіріс пен тұтынудың арасында болып, құбылыс түрінде өнімдерді бөлу міндетін атқарады. Алайда, бөлуді жүзеге асыру үшін өнімді бөлуде мынау қажет: біріншіден қоғам мүшелерін өндіріс түрлеріне қарай бөлу, өнімде осы бөлудің нәтижесі болады.

Өнімді бөлу мәселесі ең өзекті мәселе болған және бола береді. Себебі ол миллиондаған адамдар мүдделеріне әсер етеді. Оны зерттеуге көптеген экономикалық ойдың әртүрлі мектебі мен бағыттарының өкілдері қатысқан. Олардың әрқайсысы дәуірдің сол кездегі және ертедегі ерекшелігіне қарай өмірлік игіліктерді бөлудің әртүрлі принципін ұсынған. Мысалы, еркін нарық теориясы («либерализм» мектебі) өкілдері - А.Смит пен Д.Рикардоның есептеуішіне, жалақы негізін қалыптастырудың принципіне «өмір сүру қажеттілік деңгейі» ауылды ұсынған. Себебі бұл «деңгейлік» жұмысшы мен оның отбасының өмір сүруіне қажетті болды.

Д. Рикардоның ойынша, «өмір сүру қажеттілік деңгейі» «еңбек бағасының табиғи нарығы» болып табылады. Еркін нарықты жақтаушылардың бірі- Жан Батист Сэй (1767-1823 жж.) «Саяси экономия трактаты» (1803 ж.) еңбегінде «Өндірістің үш факторы» теориясын ұсынды. Бұған еңбек, капитал, жерді жатқызады. Осы факторлардың қызметін пайдаланғаны үшін жалақы, пайда, рента төлем жүзеге асады.

Нарық жағдайында жалданып жұмыс істейтін адам еңбегі К. Маркстың пайымдауынша, жұмыс күші «құнының» принципімен төленеді. Өмір игіліктерін тепе-тең бөлу принципі К. Маркстың ойынша, қоғамды деградацияға алып келуі мүмкін. Сондықтан да бұл жағдайда адал жұмыскер де, өз жұмысына немқұрайлы (жалқау, асмарқау) қарайтын адам да өз еңбегіне сый-сияпатты тең алуы әбден мүмкін. Оның ойынша, өмірлік игіліктерді бөлудің бірден-бір принципі «еңбегі бойынша» бөлу болмақ. Аталған принциптің өзіндік кемшілігі бар және әлеуметтік әділеттік критериіне толық жауап бермейді. «Еңбегі бойынша» бөлу тұрғындар табыс деңгейінің теңсіздігіне алып келеді. Бұл теңсіздік былай түсіндіріледі: адамдар өзінің күш-қайратымен және ойлау қабілеттілігімен, отбасы жағдайымен және еңбекке қатынасымен ерекшеленеді. Еңбектің сандық (ұзақтығы мен интенсивтігі) және оның сапалық (күрделігі және басқада еңбек жағдайлары) әртүрлілігі, теңсіздігі болады. Бұл принциптің артықшылығы сонда әрбір адамның еңбек нәтижесіне мүдделілігін қамтамасыз етеді. Өзінің біліктілігін көтеру мүдделілік, ол жеке адамның ғана емес, кәсіпорын, тіпті қоғамның мүддесіне жауап береді.

Аралас әлеуметтік бағытталған нарықтық экономикаға көшу кезінде «еңбек бойынша» бөлу принципі «құндық эквивалент» принципіне орын бере бастады. Басқаша айтсақ, бөлудің «капитал бойынша», «меншік бойынша», жұмыс күші «құны» бойынша принципі жүзеге асып, табысты кәдімгідей дифференциялдауға, сұраным төлем қабілеттілігін өсіруге алып келіп, тапшылық пен инфляцияны тежейді. Шын мәнінде екі қайшылық бетпе-бет келеді: «еңбекке қарай бөлу» және жеке кәсіпкерлік жағдайында «құндық эквивалент», «капитал бойынша», «меншік бойынша» принципімен бөлу. Әлеуметтік әділеттілік критерийі бұл жағдайда теңгерілген түрге ие болады. Жоғарғы және төменгі табыс деңгейінің өзара алшақтығы прогрессивті табыс салмағымен реттелетін болады. Оның өсімі 40%-дан аспауы қажет, себебі іскерлік белсенділікті ынталандыруды төмендетпеу керек.

        4.2 Жалақы, оның мәні және формалары

       Еңбек басқа өндіріс факторлары сияқты жалақы деп аталатын табыс әкеледі. Жалақы еңбекке марапатталу ретінде көрінеді. Бұл даусыз шындықты барлық зерттеушілер мойындайды. Бірақ олардың жалақыны түсіндірудегі бірлігі осымен бітеді және өзгешеліктер туындайды.

       Маркстік концепция біріншіден еңбек болашақ құнының қайнар көзі, сол себепті оның құны жоқ, тауар емес деп дәлелдейді. Бұл мынаған негізделген, сатылатын еңбек емес, жұмысшының еңбекке деген қабілеттілігі, яғни жұмысшы мен оның жанұясының өмір сүру құралының құнын анықтайтын жұмыс күші көрінеді. Екіншіден, жалақы ретінде еңбектің барлық өнімі емес, тек қажеттісі, яғни жұмыс күшінің құнының орнын толтыратыны төленеді. Үшіншіден, тауар құнында басқа факторлардың да үлесі көрінеді.          Сонымен жалақы – бұл жұмыс күшінің баға және құн формасында көрініс беруі.

       Неоклассиктер теориясы негізінде басқаша, біріншіден, олар жалақыны еңбекке баға ретінде қарастырады, екіншіден, оларды жалақының мәні емес, сұраныс пен ұсыныс арақатынасы арқылы дәстүрлі түрде анықтайтын оның деңгейі қызықтырады.

       Еңбекке сұраныс пен ұсыныс теңескен жерде жалақының тепе – теңдік деңгейі орнатылады. Еңбекке сұраныстың өсуі жалақыны көтереді. Еңбекке сұраныстың төмендеуі жалақыны төмендетеді. Еңбекке сұраныс шектік өніммен, яғни жұмыспен қамтылу бір жұмысшыға өскендегі өнімнің өсуімен анықталады: егер шектік өнім басқа өндіріс факторларын қолданғанға қарағанда еңбекті қолдануда жоғары болса, онда еңбекке сұраныс көтеріледі және керісінше. Еңбек ұсынысына әсер ететін факторлар: еңбекке қабілетті халықтың елдегі саны;  жұмыс күнінің ұзақтығы; халықтың мамандық деңгейі және кәсіпшілік дайындығы.

Жалақы номиналды және нақты жалақы ұғымдары болып бөлінеді.

Номиналды жалақы деп жұмысшыға өзінің еңбегі үшін төленетін ақша сомасы аталады. Нақты жалақы дегеніміз алынған ақша сомасына толып жатқан өмірлік игіліктер мен қызметтерді иемдену мөлшерімен өлшенеді. Ол номиналды жалақымен тікелей байланыста және тауар мен қызметтерге баға деңгейіне кері байланыста тұр.

       Жалақы екі формада болады – мерзімді және келісімді. Мерзімді жалақы жұмыс ұзақтығымен анықталады. Оның өлшемі еңбекті сағатына төлем болып табылады.       Келісімді төлемде жалақы өндірілген өнім көлеміне байланысты болады. Оның мөлшері бір бұйым бағасын, бұйым санына көбейту арқылы анықталады.

       Негізгі формалармен байланысты түрі – төлеу жүйесі қолданылады: кесімді-үдемелі, кесімді-сыйлық, көпфакторлы және басқалар.

       Нарықтық экономикада жалақыға кәсіподақтар үлкен әсер етеді. Негізінде әдебиеттерде олардың жалақыға әсер етуінің төрт әдісін көрсетеді: а) заң шығару көмегі арқылы жұмыс уақытын шектеу, кәсіподақ мүшелері емес жұмысшыларды жұмысқа алуды тыю, жұмыс көлемін және еңбек интенсивтілігін шектеу арқылы жететін, жұмыс күшіне ұсынысын шектеу; ә) кәсіпкерлерді ұжымдық келісімді жалақы ставкасын көтеру мәселесімен      келісімге отырғанда қысым жасау; б) еңбекке сұраныс және сонымен бірге жалақыны өсіруге әкелетін өндіріс түрлерінің өсуіне көмектесу; в) өндірістің монополия монополияландыруымен күрес. Бізге белгілі, монополия өндірісті қысқарту арқылы бағаны көтере алады және ол жалақы деңгейіне кері әсерін тигізеді. Монополияға қарсы шығу жалақының төмендеу тенденциясын шектеп тұрады. 

4.3 Жер рентасы. Рента жер иесінің факторлы табысы ретінде

         Жер және оның қойнауы өндірістің үш факторының  бірі бола отырып, рента деп аталатын табыс әкеледі. Жер рентасының табиғаты жердің экономикалық ресурс ретіндегі ерекшеліктерімен және жерді пайдалану қатынастарымен байланысты. Жер – бірегей өндіріс құралы: сан жағынан ол шектелген, оны жасанды түрде ұдайы өндіру мүмкін емес; жер учаскелері құнарлығы жағынан бір – біріне ұқсамайды, яғни олардың табиғи өндіргіш күштері өзгеше болады.

         Жерді пайдалану экономикалық қатынастардың әртүрлі жүйесімен реттеледі. Экономикалық ресурс ретінде жер еңбек нәтижесі емес, яғни оның өндіріс шығындары жоқ. Жер табиғаттың сыйлығы. Жердің саны шектелген, сондықтан жер тәжірибеде қайда пайдаланса да оның ұсынысы мүлде икемді емес. Бұл жер нарығында тек сұраныс қана белсенді екенін көрсетеді. Жерге сұраныс өзгерістерінің нәтижесі шамалы болғандықтан, оны пайдаланғанда осы ресурстың иесі белгілейтін баға шешуші роль атқарады. 

Нарықтық экономиканың субъектісіне меншік иесінің екі типі жатады – толық меншік иесі және тұтыну меншік иесі. Жердің шектелуі және оны ұдайы өндірудің мүмкін еместігі, жер монополиясының екі түрлі болуын тудырады. Толық меншік иесі жерге өзінің жеке меншік монополиясын жүргізеді: кәсіпкерге оның капиталын өз жеріне әкеліп пайдалануға рұқсат ету – етпеуге ерікті болады. Жал туралы келісім жасалған соң жерді нақты пайдаланушы белгіленеді. Оның жердің осы учаскесінде шаруашылық жүргізуге монополиялық құқы болады. Жердің меншік иесі мемлекет болса, жеке иемдену болмайды және монополияның бір түрі орнайды – жерге тұтыну жағынан жер иесі жүргізетін, жерге шаруашылық жүргізетін объект деген монополия орнайды. Жерге монополия – нарық субъектісінің осы ресурсқа жарлық етуіне төтенше құқының болуы, иемденушіге үстем табыс әкеледі. Осы табыс жер рентасының экономикалық нысанын алады. Жеке меншік монополиясы абсолюттік жер рентасын тудырады, жерге шаруашылық монополиясы – дифференциалдық жер рентасын тудырады.      Рента – меншікке келетін табыстың бір түрі, капиталды жерге пайдалану құқы үшін меншік иесіне түсетін төлем. Оның көлемі жалға беру келісімінде белгіленеді. Жалға беру келісімі арқылы берілген жер үшін ол арендатор жердің меншік иесіне рента төлеп тұрады. Демек, жер рентасы жерге меншіктің экономикалық жағынан жүзеге асырылуының нысаны болып табылады.

         Дифференциалдық рентаның екі түрі бар: бірінші (1) дифференциалдық рента және екінші (2) дифференциалдық рента.

         Бірінші дифференциалдық рентаның болуы жердің сапасының әр түрлі болатынымен байланысты. Осы рента құнарлылығы жоғары жерлерден алынатын, құнарлылыққа байланысты рента болып және стратегиялық жағынан материалдарға, еңбекке, тұтынушыларға қолайлы орналасқан жер учаскелерінен алынатын рента болып бөлінеді.

         Екінші дифференциалдық рента егіншілікті интенсивті жүргізу әдісін және капиталдың үстеме салымын, яғни жердің құнарлылығын өсіруді, прогрессивті биотехнология қолдануды, жоғары потенциалы бар тұқымдарды т.б. тілейді. Нәтижесінде өнімділік жоғарылайды, шығындар тез өтеледі. Кәсіпкер үстем пайда түсіреді. Қорыта келгенде, бірінші дифференциалдық рента шаруашылықты экстенсивті жүргізгенде, екінші дифференциалдық рента шаруашылықты интенсивті жүргізгенде пайда болады.  

4.4 Пайда теориясы. Пайыз және пайыздық мөлшерлеме

Пайда өндірістің мақсаты ретінде және қозғаушы күші ретінде көрінетін анағұрлым күрделі экономикалық категория болып табылады.

Пайда жеке кәсіпорынның, саланың, тұтас ұлттық шаруашылықтың қызметінің экономикалық нәтижелерін бейнелейтін экономикалық категория.

Пайданың экономикалық категория ретіндегі мәні оның қызметтерінде көрінеді. Пайда негізгі үш қызмет атқарады. Есептік қызмет. Пайда кәсіпорынның тиімділігінің негізгі критерийі ретінде қолданылады, сондықтан ол кәсіпкерлік қызметтің барлық жақтарын бейнелейді. Бөлуші қызмет. Пайда кәсіпорын мен оның жұмысшыларының арасында; материалдарды өндіріс саласы мен өндірістік емес сала арасында таза табысты бөлудің құралдарының бірі ретінде пайдаланылады. Ынталандырушы қызмет. Пайда бұл түрінде өндіріс тиімділігін арттыру факторы ретінде қарастырады. Пайда өндіріспен оның техникалық қайта қарулануын арттыру; кәсіпорынның марапаттау қорларын қалыптастыруға арналған қаржы ресурстарын жинақтаудың қайнар көзі мен шарты ретінде пайдаланылады.

Әдетте экономистер бухгалтерлік және экономикалық пайданы бөледі.

Бухгалтерлік пайда дегеніміз өнімді (жұмысты, қызметті) сатудан түскен жалпы түсім мен аталмыш сыртқы шығындар, яғни жабдықтаушылар ресурстарына төлемдерінің арасындағы айырым. Экономикалық пайда жалпы түсімнен барлық шығындарды (сыртқы және ішкі, соңғысына кәсіпкердің қалыпты пайдасы да жатады) алып тастағанға тең. Қалыпты пайда бұл кәсіпкерлік қызметті орындағаны үшін сыйақы; ішкі рентамен және ішкі жалақымен қатар ішкі шығындардың элементі болып табылады. Қалыпты пайда кәсіпкерлік ресурстарды қызметтің белгілі бір саласында ұстап тұруға мүмкіндік береді. Пайданың негізгі қайнар көзі – капитал. Капиталдың өсуі инвестицияланған қаражатқа тәуелді. Сәйкесінше, пайда мен капиталдың арасында тура да, кері де байланыс және өзара тәуелділік болады.

Пайыз – бұл капитал иесінің жыл бойы алатын табысының бір бөлігі немесе ақша соммасын қарызға алғаны үшін төлем деп есептеуге болады. Егер ол пайызбен көрсетілсе, мұндай табыс пайыздық мөлшерлеме деп аталады. Пайыздық мөлшерлеме – белгілі бір уақыт ішінде, яғни жыл, жалпы несиеленген соммадан пайыз ретінде бейнелетін төлем. Пайыздық мөлшерлеменің деңгейі мен динамикасы келесі факторларға: а) мәмлелердің экономикалық мазмұнына; ә) пайыздың есептік мөлшерлемесіне; б) несие мерзіміне және т.б. сәйкес дифференциалданады.

Жалпы пайыздық мөлшерлеме айналыстағы ақша санына, қарыз қаражаттарына сұранысқа, үкімет саясатына, несие берушінің қарызды қайтармау мен кезеңіне қатысты тәуекелді бағалауына тәуелді болады. Экономикада пайыз екі қызмет атқару керек: а) жеке жинақтаулар көлемін фирмалардың өз күрделі қаржыларын жүзеге асыру үшін қарызға алуға дайын қаражаттар көлемімен теңестіру; ә) несиеге сұраныс пен несиеге ұсыныс көлемдерін теңестіру. Осындай тепе-теңдікті қамтамасыз етуші пайыздық мөлшерлеме пайыздық табиғи нормасы ретінде айқын.

Пайызды талдау кезінде номиналды және нақты пайыз мөлшерлемені бөліп қарастыру маңызды. Номиналды мөлшерлеме – бұл инфляция қарқынын есептемеген кездегі пайыздың ағымдағы нарықтық мөлшерлемесі. Нақты – инфляцияның күтілуші қарқынын алып тастаған кездегі номиналды мөлшерлеме. Мысалы, номиналды жылдық мөлшерлеме - 15%, инфляцияның күтілуші қарқыны 7% жылдық болса, онда нақты мөлшерлеме - 8% (15-7) болады.

Жалақыда, рентада, пайызда кейбір шаруашылық агенттер (өндіріс факторларын ұсынушы субъектілер) үшін табыс, ал басқалары (өндіріс факторларына сұраныс субъектілері) үшін шығын болып табылады.  

     5 № 5 дәріс. Ұлттық экономика және экономикалық өсу 

Сұрақтар

1.     Ұлттық экономика: макронарық және ұлттық өндіріс.

2.     ЖҰӨ балансы. Жинақталған сұраныс. Жинақталған ұсыныс.

3.     Экономикалық өсу: өлшеу, типтері, қазіргі кездегі ерекшеліктері. 

Дәрістің мақсаты: тақырыптың негізгі мәселесі – экономикалық өсу. Оның факторлары мен типтерін, сонымен қатар қазіргі ҒТП пен экономиканы мемлекеттік реттеу жағдайындағы ерекшеліктерін білу қажет. Экономикалық өсудің макроэкономикалық көрсеткіштердің динамикасында бейнелетіндігін түсіну керек; экономиканың циклдік ауытқуларының ұзақ мерзімді кезеңде экономикалық өсудің тенденциясын қамтамасыз етуін неліктен екендігін түсіну керек. 

5.1 Ұлтық экономика шаруашылықтың нарықтық жүйесі ретінде

Ұлттық экономиканың мәселелері – бұл елдің нарықтық шаруашылығын жалпы бейнелейтін макроэкономикалық талдаудың саласы. Макроэкономика елдің экономикалық жағдайын тұтастай, ұлттық даму деңгейін және т.б.зерттейді.

Барлық макроэкономикалық мәселелер келесі агрегаттар (жиынтық параметрлер) ретінде қарастырылады: өндірістің ұлттық көлемі; жалпы ұлттық өнім; жиынтық сұраныс; жиынтық ұсыныс; жұмыс бастылық және жұмыссыздық нормасы; инфляция деңгейі және т.б.  Нарықтық экономика тек нарықтардың жүйесі ретінде ғана бола алады. Біз көптеген нарықтардың ішінен макроэкономикалық талдауда төрт негізгілерін бөлеміз:  тауарлар нарығы;     ақша нарығы; еңбек нарығы; бағалы қағаздар нарығы. Ұлттық шаруашылық қызметінің нәтижесі ұлттық шаруашылықтың көлемінде көрініс табады. Бұл қоғамның белгілі бір уақыт қанша тауарлар мен қызметтер өндіретіндігін анықтайды. Ұлттық өндіріс көлемін өлшеудің әртүрлі әдістері бар. БҰҰ-ң әдістемесі бойынша ұлттық өндірістің соңғы нәтижелерінің барлығын қамтушы көрсеткіш болып жалпы ұлттық өнім (ЖҰӨ) табылады.

Жалпы ұлттық өнім (ЖҰӨ) – жыл бойы елде өндірілген барлық соңғы тауарлар мен қызметтердің нарықтық құны. ЖҰӨ-ді өлшеу 2 әдіспен жүзеге асырылады: шығындар бойынша және табыстар бойынша.

ЖҰӨ шығындар бойынша

мұнда C – тұрғылықты халықтың тұтыныс шығындары ЖҰӨ=C+I+G+X;    

I – кәсіпорындардың инвестициялық шығындары;

G – мемлекеттің шығындары; X – сыртқы экономикалық шығындар.

ЖҰӨ табыстар бойынша

мұнда W – жалақы сомасы ЖҰӨ=W+R+i+P;

R – ренталық табыс;

i – капиталға пайыз;

P – кәсіпорындар пайдасы.

ЖҰӨ-ді әртүрлі әдістермен нақты есептеу бірдей нәтиже беру керек,  себебі, тауарлар мен қызметтерді сатып алуға шығындалатын қаражаттар тауар өндірушілер үшін табыс болып табылады. ЖҰӨ - ақшалай көрсеткіш және оның мәні бағалар динамикасына, ақша бірлігінің (ұлттық валютаның) сатып алу қабілетіне тәуелді. Сәйкесінше, баға деңгейінің өсуіне немесе төмендеуіне ЖҰӨ шамасына әсер етеді. Ағымдағы бағалармен өндірілген өнімнің саны номиналды ЖҰӨ деп аталады. Баға деңгейінің өзгеруі ескеріле отырып түзетілген нақты ЖҰӨ деген атауға ие.

Нақты ЖҰӨ = номиналды ЖҰӨ/ бағалар индексі

Өндірістің нақты көлемін анықтау үшін индекс түрінде көрінетін бағалар деңгейін білу керек. Бағалар индексінің көмегімен әр жылдың өндіріс көлемі бағасын базалық жылдың бағасы кезіндегі ұқсас өндіріс көлемінің бағасымен салыстыруға болады. Тек елдің ішінде өндірілген соңғы тауарлар мен қызметтердің құны жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) деп аталады. Егер ЖҰӨ-нен негізгі капиталдың тозуын орнын толтыру бойынша жинақтардың мөлшерін анықтаушы соманы алып тастаса, онда қалған сома таза ұлттық өнімді (ТҰӨ) құрайды. Математика тұрғысынан ол келесідей көрінеді: ТҰӨ = ЖҰӨ - амортизация; ТҰӨ-нен жанама салықтарды (ЖС) алып тастағанда елдің ұлттық табысын (ҰТ) аламыз: ҰТ = ТҰӨ - ЖС;

Ұлттық табыс (ҰТ) - әлеуметтік сақтандыруға (ӘС) салымдар – пайдаға салық (ПС) – кәсіпорындардың бөлінбеген пайдасы (КБП) + трансферттік төлемдер (ТТ) = жеке табыс (ЖТ). Жеке табыс (ЖТ) – жеке табыс салығы (ЖТС) = қолдағы жеке табыс (ҚЖТ). Қарастырылған макроэкономикалық көрсеткіштер ЖҰӨ-ң құрамдас бөлшектері болып табылады және тығыз өзара байланыста болады, сонымен қатар, елдің экономикалық өмірінің тұтастай әртүрлі жақтарын сипаттайды.  

     5.2  ЖҰӨ балансы. Жинақталған сұраныс. Жинақталған ұсыныс

         Макроэкономика микроэкономикаға қарағанда жеке объектілер мен процесстерді емес, олардың жиынтығын қарастырады, ол агрегат деп аталады. Ол жеке бағаларды емес, жинақталған бағаны, баға деңгейін қарастырады; оның талдау мақсатын, шартын табу, жалпы экономикалық теңдік жүйесіне келетінін айқындайды.

         Макроэкономикалық теңдікті табу үшін міндетті түрде жинақталған сұраныс пен жинақталған ұсыныстың категориясын қарастырамыз.

         Жинақталған сұраныс (AD) – бұл ұлттық өндірістің нақты көлемі тұтынушының, кәсіпорынның, мемлекеттің кез келген баға деңгейінде сатып алуы. АD  – тауар рыногында ұсынылған соңғы тауарға және қызметке барлық сұраныс қосындысын көрсетеді

         мұнда С – үй шаруашылығының жиынтық сұранысы АD = с +i+gp+x;

          i – капитал құралдарына сұраныс;

          gp – мемлекет тарапынан тауарға және қызметке сұраныс;

          х – таза экспорт, шетелдің отандық тауарға сұранысымен, отанның шетелдік тауарына сұранысы арасындағы айырымы.

         Ұлттық өндірістің нақты көлемі мен баға деңгейі арасындағы тәуелділік, сұраныстың қозғалысына кері немесе қайшы бағытта болады. Ұқсас тәуелділік жеке тауар сұранысында да бар. Бірақ сұраныс қисық сызығының төмен және оңға ауытқуы жеке тауардың пайда тиімділігін және орнын басуы болып түсіндірілсе, ал жиынтық сұраныс қисығының үйлесу ұқсастығы басқа факторлармен байланысты.

         Жинақталған сұраныс қисығы келесідей бейнеленеді (4 сурет ).

0

 

AD

 

         4 Сурет - Жинақталған сұраныс қисығы

         Жинақталған ұсыныс (AS) – бұл әртүрлі баға деңгейінде ұсынуға мүмкін тауар мен қызметтің жалпы саны, AS – жалпы ұлттық өнімге тең немесе ұлттық табыс көлеміне теңестіруге болады       AS=ЖҰӨ немесе AS=ҰТ.

         Бағалық факторлардың ішінен AS-қа ықпал ететін жеке тауар нарығында ұсынысқа өзгерту әкелетін өндіріс технологиясы, шығындар және т.б (микро деңгейде). Экономиканы жүргізу қабілеттілігі ол немесе басқа тауар мен қызмет көрсету көлемі қолданып отырған өндіріс факторының саны мен сапасына ықпал етеді. (жер, еңбек, капитал).

          Сонымен жинақталған ұсыныс баға деңгейіне тәуелді. Өте жоғары баға өндіріс тауарын және оған ұсынысты ынталандырады. Ал, өте төмен баға керісінше өндіріске және тауарға ұсынысты қысқартады.

         Жиынтық ұсынысына тек қана бағалық факторлар ғана емес, сонымен бірге бағалық емес факторлар да ықпал етеді. Егер бағалық факторлар жинақталған ұсыныс қисығының қозғалысын көрсетсе, онда бағалық емес факторлар қисықты оңға жылжытады, шығынды азайтқанда солға олар көбейгені.

         Жинақталған ұсыныс қисығы графикте келесідей бейнеленеді:

ЖҰӨ

 

 

0

 
        

                    5 Сурет - Жинақталған ұсыныс қисығы

          Егер жинақталған сұраныс жинақталған ұсынысқа тең болса, тауар нарығында тепе-теңдік орнайды. Бірақ нақты өмірде ол бұзылады. 

5.3 Экономикалық өсу: өлшеу типтері және қазіргі кездегі ерекшеліктері

          Экономиканың өсуі көбінесе тұтынудың жаңа түрлерін қанағаттандыру қабілеті болып табылады. Сонымен қатар ірі әлеуметтік экономикалық теория «экономикалық өсу» категориясына теориялық және тәжірибелік тұрғыдан ерекше мән береді. Қазіргі таңда экономикалық өсу деп өндіргіш күштердің ұзақ мерзімдік дамуымен байланысты өндірістің нақты көлемінің табиғи дәрежесінің ұзақ мерзімдегі өзгерістерін айтады. Яғни, өндірістің потенциалдық көлемінің өсуі талдаудың пәні болып табылады.

          Экономикалық өсу ұлғаймалы ұдайы өндірістің болуымен түсіндіріледі: бұл жыл сайынғы, қоғамдық өнімнің сандық әрі сапалық артуы және олар екі топтан: өндіріс құралдары мен тұтыну құралдарынан тұрады. Жыл сайынғы қоғамдық өнім көлемінің өсуі ұлғаймалы ұдайы өндірістің экстенсивті типі немесе  ұлғаймалы ұдайы өндірістің интенсивті типі негізінде дамиды.

          Ұлғаймалы ұдайы өндірістің экстенсивті типінде өнім шығаруды екі есеге арттыру үшін жұмыскер саны және өндірістік қорлары екі есеге ұлғаюы қажет. Экстенсивті өсуде өндірістің нақты көлемінің өсу қарқыны мен оны жасауға жұмсалған жиынтық шығындардың өсу қарқынының арасындағы пропорциялар тұрақты болып сақталады. Яғни, бұл  технологиялық базаның бұрынғы деңгейі кезінде өндірістің қуаттылығын сандық кеңейтумен, қосымша жұмыс күшін тарту және шикізатты тұтынуды өсірумен байланысты.

          Ұлғаймалы ұдайы өндірістің интенсивті типінде осындай нәтижеге жұмыс күшін және өндірістік қорларды дұрыс қолдану арқылы қол жеткізуге болады. Осы жағдайда өндірістің нақты көлемінің өсу қарқыны нақты жиынтық шығындардың өзгеру қарқынынан артық болып отырады. Нақты өмірде экономикалық өсудің экстенсивті немесе интенсивті типтері таза түрде болмайды.  ҒТП жетістіктерін енгізу негізінде жүзеге асырылатын, өсу факторларын сан жағынан жетілдіру қашан болмасын өндіріс құрал -                - жабдықтарына және жұмысшы күшіне инвестициялар салымын жасауды талап етеді. Жұмысшы күші мен құрал – жабдықтардың өсуі олардың сапалық сипаттамаларына өзгеріс енгізеді. Сондықтан нақты экономикалық өсуді талдағанда, оның теориялық үлгісін емес, өсу типтерін басымырақ экстенсивті және басымырақ интенсивті деп бөледі.

          Қазіргі кезде экономикалық өсуді типке бөлу өсудің интенсивті факторларының нақты ЖҰӨ (ТҰӨ) өсіміндегі үлесіне сәйкес жүргізіледі. Егер өсудің интенсивті факторларының нақты ЖҰӨ үлесі пайыздан артық болса, онда экономикаға өсудің басымырақ интенсивті типі тән болады. Керісінше, егер нақты ЖҰӨ өсіміндегі интенсивті факторлардың үлес салмағы ЖҰӨ жалпы өсімінің 50 пайыздан төмен болса, онда экономикалық динамикаға өсудің басымырақ экстенсивті типі тән болады.

          Экономикалық өсуді есептеу екі жолмен жүргізіледі: жалпы ұлттық өнімнің пайыздық жылдық өсуі қарқынымен және осы көрсеткіштердің  халықтың жан басына шаққанда өсуімен есептеледі. Экономикалық өсу қоғамның арқасында экономикалық және әлеуметтік прогреске қол жеткізілетін негізгі мақсаты болып табылады. Елдің экономикалық қуаттылығын, оның материалдық – техникалық базасын, халықтың ғылыми – мәдени деңгейін сипаттайтын ЖҰӨ өсу қарқыны экономикалық прогрестің критерийлері болып табылады. Қандай да бір елдің әл-ауқатының динамикасы мен өмір деңгейін сипаттайтын жан басына шаққандағы ЖҰӨ көрсеткіші әлеуметтік прогрестің критерийлері болып табылады.

          ЖҰӨ өндірісін арттыру үшін ол бөлінуі керек. ЖҰӨ бөлу – бұл ағымдағы және болашақтағы тұтынудың арасындағы таңдау. Сөз тұтыну мен жинақтау (инвестиция) арасындағы бөлу арақатынасын таңдау туралы болып отыр. Себебі, экономикалық өсу тек қана қоғамның жинақтарының нақты ұзақ мерзімді капиталға инвестициялануының арқасында қамтамасыз етіледі. Ағымдағы тұтынудың жоғары деңгейі өндірістің өсу мүмкіндіктерінің қажетті деңгейін қысқартуға әкеп соғуы мүмкін. Бұл, сөз жоқ, халықтың тұтынысы мен қоғамның әл ауқатына кері әсерін тигізуі мүмкін. Бірақ бұл кезде ең ірі инвестицияның экономикалық өсу мәселесін шешпейтіні туралы ұмытпау керек, яғни оның тиімді пайдалануы анағұрлым қоғам үшін маңыздырақ болып табылады. 

          Қазіргі нарықтық экономика экономикалық өсудің жаңа сапасымен сипатталады. Ол өз көрінісін келесілерде табады: біріншіден, дамудың ресурсты жинақтаушы технологиялары мен ҒТП пайдаланудың әлемдік тенденцияларының негізінде өндірістің тиімділігін арттырумен сипатталатын интенсивті типінде, екіншіден, өндіріс өсімінің әрбір пайызын қазіргі технологиялық бетбұрысты анықтайтын және адамның тұтыныстарына қызмет етуші инвестициялық және қызмет көрсетуші салалардың арқасында жоғары қосымша құнмен толықтыру, үшіншіден, экономикалық өсу экономикалық даму үшін одан асып кеткен жағдайда қауіпті болып табылатын шектер белгілейді. Мұндай шектерді енгізу қоршаған табиғи ортаға зиянын тигізетін, экологиялық ортаны нашарлататын және орны толтырылмайтын ресурстардың санын азайтуға әкеп соғатын индустриалды дамудың кері әсерінен туындап отыр.           

          6 №6 дәріс. Макроэкономикалық тұрақсыздық: жұмыссыздық және инфляция. 

Сұрақтар

1.     Жұмыссыздық және оның негізгі заңдылықтары.

2.     Жұмыс бастылық мәселесі және оны реттеу әдістері.

3.     Инфляция: өлшеу және оның негізгі формалары.

4.     Мемлекеттің антиинфляциялық саясаты.         

           Дәрістің мақсаты: «жұмыссыздық» және «инфляция» түсініктерінің мазмұнын ашу; нарықтық экономикада осындай құбылыстарды туындататын себептерді көрсету; олардың негізгі типтері мен формаларына, салдарына сипаттама беру; оларды жою жолдарын көрсету. 

6.1            Жұмыссыздық және оның негізгі заңдылықтары

         Жұмыссыздық – бұл жұмыс істегісі келетін еңбекке жарамды халықтың өндірісте жұмыспен қамтылмауы. Жұмыспен қамтылмау өндірістің тиімділігін арттыруы, сонымен бірге жұмысшы күшінің бір бөлігін жұмыстан босатуға мүмкіндік жасайтын немесе оның құрылымына, сапасына жаңа талаптар қоятын ғылыми-техникалық прогрестің салдары болуы мүмкін. Нарықтық экономикада жұмыссыздық дағдарыстар кезінде көбейеді. Нарық жоқ жағдайда жұмыссыздықтың көбею себебі мемлекеттің өндіргіш күштерді орналастырудағы бұрыс құрылымдық саясаты болуы мүмкін.

         Жұмыссыздықтың мынандай түрлері бар:

1. Жасырын жұмыссыздық - өндірісте және мемлекеттік аппаратта артық жұмысшылардың қолданылуы. Қазіргі болмыста олардың жұмыстарын аз жұмыс күшімен атқаруға болады.

2. Фрикциондық жұмыссыздық – адамдар бір жұмыстан басқа жұмысқа, бір жерден басқа жерге жұмыс ізденумен ауысуын айтамыз.

3. Маусымдық жұмыссыздық – жұмыс күшінің тек маусымдық кезеңде жұмыс жасауы, бұл кейбір ауыл шаруашылығы өндірісі саласында кездеседі, әсіресе қайта өңдеу өнеркәсібінде т.б.

4. Құрылымдық жұмыссыздық - өндірістік қуаттың жетпеуінің нәтижесінде болады: жеке саланың дамуының кері пропорционалды болуынан және ескі саланы жабу мен жаңа саланы дамытудың нәтижесі ретінде қараймыз.

5. Технологиялық жұмыссыздық – адамдарды машинамен ауыстырудың нәтижесі, біліктілікті өзгертуді немесе басқа мамандықты игеруді талап етеді.

6. Циклдік жұмыссыздық- өндірістің құлдырауынан туындайды, яғни экономикалық циклдың осы фазасымен байланысты.

Жұмыссыздық деңгейін есептеу төмендегідей формуламен анықталады

         мұндағы – ЖД – жұмыссыздық деңгейі ЖД=ЖС/ЖК*100;                         

          ЖС -  жұмыссыздар саны;  

          ЖК – жұмыс күшінің саны.

Жұмыссыздық қоғамға көптеген зиян келтіреді; инфляцияның өсуіне ықпал жасайды, сондықтан еңбекке қабілетті адамдардың бір бөлігі өнім өндіруге қатыса алмайды. Сөйтіп олар жұмыспен қамтылмағандықтан ақшалай жұмыссыздыққа ақы алады, осыдан барып мемлекеттік бюджеттің шығыс бөлігі өсе түседі. Кез келген жұмыссыздың деңгейімен байланыста болатын экономикалық зиянды анықтау үшін әлемдік практикада Оукен заңы қолданылады. Бұл заң американ экономисі Артур Оукеннің (1724-1780 жж.) есімімен аталған. Осы заң матаматикалық тұрғыдан жұмыссыздық деңгейі мен жалпы ұлттық өнім (ЖҰӨ) көлемінің төмендеуі арасындағы байланысты көрсетеді. Егер жұмыссыздықтың сандық деңгейі табиғи деңгейден 1%- ға асса, онда ЖҰӨ көлемінің төмендеуі 2,5% құрайды. Осы 2,5 санымыз – Оукен коэффициенті болып табылады. Мына 1:2,5 қатынасы, бұл жұмыссыздықтың ЖҰӨ көлемінің төмендеуіне қатынасы болып табылады және жұмыссыздықпен байланысты өнімнің абсолюттік зиянын анықтауға көмектеседі. 

6.2 Жұмыс бастылық мәселесі және оны реттеу әдістері

«Толық  жұмыс бастылық» түсінігі – бұл еңбек нарығындағы жиынтық жұмыс бастылықтың қосымша жұмыс күшіне  сұраныстың өсуіне әсер етпейтін жағдайы. Теориялық тұрғыдан еркін жұмыс күшінің болуы жұмыс күшіне қосымша сұранысты ұсынушы өндірістің өсуі мен дамуының жалпы шарты болып табылады. Бұл экономика ресурстарды, ең бірінші еңбекті 100%-ға пайдаланған кезде қызмет ете алмайды. Ұлттық шаруашылықтың жер, еңбек және капиталдың резерві болу керек. Тек ресурстардың резервінің болуы кезінде ғана қоғам қайтадан туындаған мәселелерді шешуге қабілетті болады.

«Толық жұмыс бастылық кезіндегі жұмыссыздық» идеясы өзінің парадоксалдығына қарамастан терең мәнге ие: қоғамда еңбек армиясының қандай да бір резерві болу керек. Толық жұмыс бастылыққа қол жеткізілген кезде нарық жұмыс күшінің артықшылығында, жетіспеушілігінде сезіне алмайды. Ал қалған бос бөлік жұмыссыздықтың табиғи деңгейін  (нормасын) құрайды. Жалпы сөз «қалыпты» құбылыс болып саналатын және жұмыссыздықтың «табиғи нормасының» құрамдас бөлігі болып табылатын «фрикционды және құрылымдық» жұмыссыздық туралы болып отыр.

Толық жұмыс бастылық нормасынан, басқаша айтқанда, жұмыссыздықтың табиғи нормасынан артатын жұмыссыздық қоғамға оның барлық  конструкциясын бұза отырып экономикалық және әлеуметтік зиян әкеледі. Өндірістің құлдырауы жағдайында жұмыс күшінің жұмыспен қамтылмауы ЖҰӨ өндірудің келешектегі мүмкіндіктерінің жоғалуына әкеледі. Жұмыссыздық нормасы неғұрлым жоғары болса, солғұрлым нақты өндірілген ЖҰӨ мен потенциалды ЖҰӨ-ң арасындағы айырым жоғары болады.

Американдық экономист А.Оукен жұмыссыздықтың нормасы мен ЖҰӨ-ң жоғалуының арасындағы қатынастың заңдылығын бекітті: жұмыссыздықтың нақты нормасының оның табиғи нормасынан 1%-ға асуы ЖҰӨ өсім қарқынының 2,5%-ға төмендеуіне әкеледі.

Экономикалық жоғалтулармен қатар қоғамда әлеуметтік сипаттағы жоғалтулар да болады. Жұмыссыздық біліктіліктің жоғалуын, өзін-өзі сыйлау сезімінің жоғалуын, моральдың түсуін, жанұялардың бұзылуын, әлеуметтік конфликтерді және т.б. білдіреді. Сондықтан мемлекеттің әлеуметтік салаға араласуы маңызды болады.

Әлемдік тәжірибеде жұмыс бастылықтың деңгейіне әсер етудің үш негізгі бағыты қарастырылады: 1) жұмыссыздарды жұмысқы тұрғызу және кадрларды даярлау мен қайта даярлауда қолдау көрсетеді; 2) икемді еңбек нарығы мен еңбек қатынастарын құқықтық қамсыздандыруды құруды ынталандыру; 3) жұмыссыздарды әлеуметтік қорғау.

Жұмыссыздық деңгейі оның табиғи нормасына тең болса, «тиімді толық жұмыс бастылық» туралы айтылады, бұл түсінік жұмыс бастылық пен жұмысыздық арасындағы оптималды қатынасты білдіреді. 

     6.3 Инфляция: өлшеу және оның негізгі формалары

         Қағаз ақшаның құнсыздануы және тауар бағаларының өсуі инфляцияға әкеліп соқтыратыны ескертілген.

         Жаңа қоғамда инфляцияда көрінетін байланыс қиындады: қағаз ақшаның алтынға тәуелділігі мүлдем үзілген, ақша айнымалының дәстүрлі заңы бұзылған және инфляция жаңа халықаралық сипатта қалыптасуда. Мұның бір себебі мынада: көп елдер инвестицияны ынталандыру және экономиканы емдеу құралы ретінде ақша шығару қарқынын көтерді. Сондықтан инфляцияның жоғарғы қарқыны мемлекеттің қағаз ақшаны шектен көп шығаруымен байланысты, бұл эмиссия ішкі айналым қажеттілігінен де асып кетті.

         Нәтижесінде ақша құнсызданады, баға өседі, сосын барлық шаруашылық пропорциялар бұзылады. Жоғарыдағыны ескере отырып, осындай қорытындыға келуге болады.

         Қазіргі заманғы инфляция – бұл ұсыныс пен сұраныс арасындағы дисбаланс және бағаның өсуіне  байланысты басқа да ұлттық шаруашылық пропорциялар бұзылуы нәтижесі.

         Инфляция ашық және басыңқы деп ажыратылады. Біріншісі – бағаның өсуі, екіншісі – тауардың жоғалуы. Басыңқы инфляция жағдайында бағаны мемлекет реттейді, бұл КСРО-да орын алған. Сондықтан тауарға сұраныстың өсуінде баға көтерілмейді (бұл нарық шартына сәйкес) және тепе-теңдіктен төмен болады. Содан дефицит пайда болады. Дефицит көлеңкелі экономиканы тудырады.

         Қажет тауарды іздеуде сатып алушы сатушыға қажетінен көп төлеп, бұдан ақша өндірісті айналып өтіп, саудада шоғырланады. Сосын өндірушілерде тауар өндіруге ынта болмайды. Соңында сұраныс пен ұсыныс арасында дисбаланс күшейеді.

         Ашық инфляцияны жіктеу үшін бірнеше белгі қажет:

1.     Бағаның өсу қарқыны (баға индексі).

2.     Әртүрлі тауар топтары бойынша бағаның өсу деңгейінің алшақтауы.

3.     Инфляцияның күтілуі және алдын ала болжануы.

Бірінші белгі тұрғысынан баяу инфляцияны ажыратады, мұнда баға баяу өзгереді, әдетте жылына 10%, секірмелі (галопирленген), мұнда бағаның өсуі жылына 100% - бен өлшенеді; гиперинфляция, мұнда бағаның өсуі 1000% - дан  жоғарылайды және ақша айналымы толық бұзылады.

Екінші белгі тұрғысынан инфляцияның екі түрін ажыратады: тең және тең емес. Тең инфляцияда әр тауардың бағасы бір-біріне қатысты үнемі өзгеріп тұрады.

Үшінші белгіден күтілетін және күтілмейтін инфляцияны бөледі. Күтілу факторы инфляцияның салдарынан білінеді. Егер фирмалар мен халық келесі жылы баға 5 есе өсетінін білсе, онда тиімді нарық жағдайында олар келесі жылы өздерінің тауар бағасын 5 есе көтереді және ешкім күтілетін инфляциядан зардап шекпейді. Ал күтілмейтін инфляция жағдайында бағаның 10% - ға өсуі экономикалық жағдайды күрт нашарлатады.

         Инфляцияны сұраныс және ұсыныс инфляциясы деп екі түрге бөледі.

         Сұраныс инфляциясында сұраныс пен ұсыныс тепе-теңдігі сұраныс жағынан бұзылады. Мұндай жағдай толық жұмыспен қамтылуда, жалақының өсуінде пайда болады, бұдан жинақталған сұраныс артық болады, ал бұл бағаның өсуіне итермелейді. Ұсыныс инфляциясын сонымен қатар шығын инфляциясы деп те атайды, демек өндіріс шығынының өсуіне байланысты бағаның өсуі. Бұның салдары жалақының өсуіне және энергия мен шикізатқа бағаны көтереді.

  Экономикалық саясатта инфляцияға қарсы екі тәсіл бар: бірі  инфляцияға бейімділікті қарастырса, екіншісі – оның антиинфляциялық шараларын жояды.

  Бейімділік шаралары: табыс индексациясы және баға деңгейін бақылау. Жеке деңгейде табыс индексациясы кәсіподақтың кәсіпкермен ұжымдық келісім шарт жасау арқылы жүргізіледі. Табыс индексациясының саясаты мемлекеттік кешенде мемлекеттік қызметкерлердің, студенттердің, зейнеткерлердің, әскерлердің жағдайын, жеке кешендегі адамдармен салыстырғанда  нашарлатпау мақсатын қойған.

  Екінші әдіс (жою) – экономикалық құлдырау мен жұмыссыздықтың өсуі арқылы белсенді түрде инфляцияны төмендету стратегиясы. Бұл жолдың экономикалық, әлеуметтік шығыны зор. Бірақ нәтижесі бейімділік саясатына қарағанда тиімді.

  Тәжірибеде көп елдер инфляциямен күрес ретінде «келісімді» жолды таңдайды. Бұл теорияның негізінде жұмыссыздық қозғалысы мен инфляция қарама-қарсы деген тұжырым жатыр.

  Демек, үкімет жұмыссыздықты немесе инфляцияны таңдауы тиіс. Алғашқы номиналды жалақы мен жұмыссыздық арасындағы байланысты айқындауға әрекет жасаған Филлипс (1958ж.) . Жұмыссыздық деңгейінің түсуі баға мен жалақы өсіміне әкеледі деген қорытындыға келген, ал бұл АД қисығы.

  Бірақ тәжірибе көрсеткендей, бұл қорытынды қысқа мерзімге тән сипат. Ұзақ мерзімде (5-10 жыл) жұмыспен қамтылудың төменгі деңгейінің өзі инфляция өсімімен сақталмайды, бұл тұжырымды кәсіподақтар мен фирмалар жалақы мен бағаны көтере отырып ұрындырады.

  Статистика дәлелдегендей, инфляция 1% - ға түсу үшін жыл бойына жұмыссыздық 2% табиғи деңгейден жоғары болуы тиіс. Инфляцияны түсіру үшін жұмыссыздықпен өтеу керек деген оймен барлық экономистер келіспейді. Әзірше бұл мәселе бір шешімге келген жоқ.

  Өндіріс стагнациясымен ере жүріп, жұмыссыздықтың жоғары деңгейі және бір уақытта бағаны өсіру инфляциясы стагфляция деп аталады. 

6.4 Мемлекеттің инфляцияға қарсы саясаты

Мемлекеттің инфляциямен күресу әдістері тікелей және жанама болады.

Көп жағдайда келесі заңдылық орындалады: төтенше дағдарыстық жағдайда мемлекеттің экономикалық процестеріне араласуының қажеттілігі туындайды. Ақша бірлігінің төлем қабілеттілігін тікелей реттеу қаржы министрлігімен жүзеге асырылады және келесі құралдарды қамтиды:

-   несиелерді бөлу және оларды реттеу;

-   тарифтер мен бағаларды реттеу;

-   жалақы шегін реттеу;

-   сыртқы сауда мен валюта курсын реттеу.

Жиынтық сұранысты реттеудің жанама әдістері елдің Орталық банкімен келесі құралдардың көмегімен жалпы ақша массасын реттеу арқылы пайдаланылады:

-   ақша эмиссиясын;

-   пайыздық мөлшерлемені (есептік);

-   міндетті резервтеу талаптарын (нормасын);

-   ашық бағалы қағаздар нарығындағы операцияларды. 

   7 №7 дәріс. Нарықтық экономикадағы мемлекет

   Сұрақтар

1.     Нарықтық экономиканы мемлекеттік реттеудің қажеттілігі.

2.     Мемлекеттің экономикалық қызметтері.

3.     Мемлекеттік реттеудің әдістері мен формалары. 

  Дәрістің мақсаты: бәсеке мен монополияның өзара байланысын түсіну; мемлекеттің экономикаға араласуының себептерін түсіну. 

     7.1 Нарықтық экономиканы мемлекеттік реттеудің қажеттілігі

Нарықтың өзін - өзі реттеу механизмі өз қызметін келесі шарттар орындалған кезде атқара алады. Біріншіден, нарықта көптеген ұсақ және тәуелсіз тауар өндірушілер болғанда, екіншіден, еркін бәсекенің дамуы жағдайында, үшіншіден, нарықтық бағалардың реттеуші ролі толық шамада көрінгенде. Бірақ еркін бәсекеде мемлекетсіз бола алмайды, себебі, мемлекет ақша айналысын ұйымдастыру үшін, нарықтық экономиканың құқықтық негізін қамтамасыз ету үшін, қоғамдық тұтыныстардың бір бөлігін (қорғау, қоғамдық тәртіпті сақтау, білім беру және т,б.) қанағаттандыру үшін жауапкершілікті өз мойнына алады. А.Смит үкіметтің келесідей қызметтерін анықтады: а) ұлттық қорғанысты қамтамасыз ету; б) әділсот жүргізу; в) жеке кәсіпкерлік үшін пайдасыз, бірақ азаматтарға қажет қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру; г) мемлекет қажеттіліктерін төлеу үшін салықтарды жинау; д) жастар қоғамын құру.

Нақты нарық жетілген бәсекенің абстрактілі үлгісінен ерекше. XX ғасырдың басында өндіріс пен айырбаста ірі корпоративті және қаржы капиталы үстемдік ете бастады. Еркін бәсекенің орнына монополия мен олигополияның үстемдік ету жағдайы туындай бастады. Олар баға құрудағы сұраныс пен ұсыныс заңдарының стихиялы әрекетін тоқтатты.

Жетілмеген бәсекелі нарықтық экономикада нарықтық механизмге бағынбайтын мәселелердің саны көбейеді. Бұл мемлекеттің реттеуге қатысуының кеңеюін қажет етеді. Мұндай мәселелерге келесілер жатады:

-   табыстарды олардың нарықтық бөлу жағдайында (өндіріс факторларының салымдары бойынша) бірден дифференциалдануы, бұл адамгершілік тұрғысынан әділетсіздік болып табылады;

-   нарықтық экономиканың қоғамға экономикалық және әлеуметтік зиян әкелетін монополизм, инфляция, жұмыссыздық және іскерлік белсенділіктің құлдырауы секілді мәселелерді шеше алмауы;

-   нарық өз бетінше ғылым мен техника саласындағы стратегиялық олқылықты, өндірістің терең құрылымдық жаңаруын қамтамасыз ете алмайды;

-   нарықтың жоғары дәрежелі тәуекелді және пайданың болашақтағы нормасына қатысты анықталмағандықты ірі масштабты инвестициялық жобаларды жылжыту үшін қуаты жетіспейді;

-   нарықтық механизм аумақтық және халықаралық деңгейде туындайтын көптеген экономикалық мәселелерді шешудің қажеттілігі кезінде әрекет ете алмайды.

Осылайша мемлекеттік реттеудің қажеттілігі екі түрлі себептермен анықталады:   а) нарықтық механизммен орындала алмайтын экономикалық қызметтердің болуымен; ә) нарықтың өзін - өзі реттеудің шектеулі мүмкіндіктерімен.

Қазіргі кезде экономистерге мемлекеттің экономикалық ролінің маңыздылығын айтып түсіндірудің қажеті жоқ. Мәселе тек нарық заңдарының толық ашыла және тиімді пайдалана алынатын мемлекеттік араласудың оптималды шекараларын анықтауда болып отыр. Мемлекеттік реттеу мен тиімді әрекет етуші нарықтық механизмді саналы үйлестіру қазіргі қоғамның негізгі әлеуметтік – экономикалық мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Егер мемлекет нарықтық қызметтерін дұрыс жүргізбесе, нарықтық процестердің деформациясы болады, өндірістің тиімділігі төмендейді. 

7.2        Мемлекеттің экономикалық қызметтері

Мемлекет пен нарықтың өзара қатынасы нарықтық қоғамда маңызды мәселелердің бірі, себебі бұл экономикалық жүйеде мемлекет ерекше қызметтерді атқарады. Шаруашылық байланыстарын интернационализациялау мемлекеттің экономиканы реттеуіндегі рөлін күшейтуде объективті жағдайлар жасайды. Экономиканы мемлекеттік реттеу жүйесі ұзаққа созылған эволюцияның жемісі, бұл істі жүзеге асыруда оны реттеудің экономикалық механизмдері өзгеріп отырды. Мемлекеттік экономиканы реттеу түрлері мен тәсілдерін жасауда дүниежүзілік экономикалық дағдарыстар, әсіресе 1929-1933 жылдардағы «ұлы дипрессия» аталған әлемдік экономикалық дағдарыс ерекше роль атқарды. Бұл жағдайда мемлекет өзіне бірқатар қызметті алуға мәжбүр болды, сөйтіп нарықтық экономикаға мемлекеттің араласуының оңтайланған шекараларын іздеді.

Кез келген экономикалық жүйесіндегі мемлекеттің рөлі оның қызметтері арқылы байқалады. Экономикалық қызметтің түрлері өте көп, сондықтан оны топтап, негізгі блоктарға біріктіру қажет:

 - біріншіден, нарық жағдайында мемлекет мына қызметтерді өз мойнына алады: стратегиялық, экономикалық, құрылымдық, техникалық, әлеуметтік, демографиялық болжау мен жоспарлауды. Экономиканы реттеудің тікелей және жанама қызметін де атқарады. Осы аталған нәрселердің барлығының қызметін тек қана мемлекет өткеруі мүмкін;

 - екіншіден, мемлекет иығына мемлекеттік кәсіпкерлік қызметі жатады. Ол қоғамға қажет мемлекеттік кәсіпорын (қоғамдық пен шаруашылық есептегі) мен өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымды жасайды. Олар: темір жол мен жалпы ұлттық шоссе жолдары, көпірлер, каналдар, газ бен мұнай құбырлары, байланыс, аурухана, мектеп т.б. объектілер;

 - үшіншіден, нарықтық жүйе қалыпты қызметін қамтамасыз ету. Сатып алушы мен кәсіпкер мүдделерін қорғау, стандарт қызметін құру, өнім сапасы мен салмағын өлшеу, бәсекені қолдай отырып, нарықтық экономикада монополизмнің болуына барынша күрес жүргізу, ол үшін белгілі құқықтық база жасалады. Мемелекет бұл жағдайда өзіне қоғамдық әрбір қызметін алғаны жөн;

 - төртіншіден, мемлекет дағдарысқа қарсы саясатты жасау мен өткеру қызметін атқаруды бюджет саясатының көмегімен ұлттық табысты үлестіру арқылы жүргізеді. Тұрғындардың толық жұмыспен қамтамасыз етілуін қолдап, экономиканы тұрақтандыру қызметін жүзеге асырады;

 - бесіншіден, мемлекет тұрғындарды әлеуметтік қорғау жұмыстарын өзіне алады. Оларға – оқушылар, студенттер, зейнеткерлер, мүгедектер мен көп балалы отбасын жатқызамыз. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуді де өз қызметі деп санайды. 

     7.3 Мемлекеттік реттеудің әдістері мен формалары

Нарықты реттеу тәсілдері – бұл мемлекет пен мекемелердің ұдайы өндіріс процесінде мақсатты бағыт беру әдісін айтамыз. Ол нарықтық механизм қызметіне қалыпты жағдайды қамтамасыз етуге әсер етеді. Реттеудің мұндай элементтері алғашқы рет бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде пайда болды. Тек екінші дүниежүзілік соғыстан соң мемлекеттің экономиканы реттеу өнеркәсібі дамыған елдерде жалпы құбылысқа айналды.

Салғырттылықтың методологиясына негізделген шаруашылық жүйесінен бұрынғы Одақтың бас тартуы экономиканы реттеу тәсілінің мағынасын түбегейлі өзгертеді. Себебі нарықтың құрылуы жаңа өндірістік қатынастарға көшуді байқатады: халық шаруашылығын басқарудың вертикальды құрылымынан бас тарту – оны горизонтальды құрылыммен ауыстыру. Нарық мемлекетпен, кәсіпорын (фирма) тауар өндірушілермен реттелуі де әбден мүмкін.

Демек, реттеуші субъектілеріне байланысты реттеу тәсілін шартты түрде былай классификациялаймыз: мемлекеттік және мемлекеттік емес, ол нарықтық тепе-теңдікке әсер ету әдісіне қарай – тікелей және жанама.

Реттеудің тікелей тәсілі экономикалық процестің өзіне және оның параметріне өктем әсер етуімен байланысты. Әдетте, олар белгілі объектіге бағытталып, адрестік сипатқа ие болады.

Нарықты тікелей реттеу тәсіліне жиынтық сұраным төлем қабілеттілігінің қалыптасуы үшін және халық шаруашылығы тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін орталықтан қолданатын әдістер жатады. Бұл жерде әңгіме жалпы мемлекеттің қызметі жайлы емес, мемлекеттің дұрыс әлеуметтік атмосфера жасауды қолдану тәсілі жайлы болып отыр. Ол нарық қызметінің тиімді жүзеге асуына ықпал жасайды. Бұл жағынан бәсекені дамыту үшін экономиканы монополиялау шараларына қатысты болса, екінші жағынан, төлем қабілеттілігі жағдайын сақтау үшін тұрғындарды әлеуметтік қорғау саясатын жүргізеді.

Реттеудің жанама тәсілі негізінен адрессіз болғанмен, бірақ барлық шаруашылық субъектілеріне міндетті болады. Олар экономикалық қызметтің жағдайы мен нәтижесіне әсер етумен байланыстырылады. Тікелей және жанама тәсілдер арасындағы шекара шартты түрде ғана. Нақты өмірде олар араласып кеткен және меншік типі мен объектіге әсер етуіне байланысты жіктелген күйде әртүрлі тармақтарда қолданылады.

Әлемдік тәжірибеде көрсетілгендей, мемлекеттік реттеудің шаралар жүйесі мен түрлері әрбір елде өте көп түрлі болып келеді. Бұл жүйенің өзінің ерекшелігі бар. Мемлекеттік реттеудің ең маңызды инструментіне мыналар жатады:

1.     Фискалды саясат. Ол мемлекеттік бюджетпен байланысты қаржыны реттеуді қамтиды. Ең алдымен оған мемлекеттік сатып алуды ұлғайту мен қысқарту, күрделі қаржы бағдарламасы, әлеуметтік төлемдер, бюджеттен жекелеген сала мен кәсіпорын (фирма) үшін дотация мен субсидиялау, салық шаралары жатады.

Фискалды саясаттың ең маңызды бөлігі салықты реттеу болып табылады. Салықты реттеудің ең кең тараған түрлері мыналар болып табылады: а) кейбір экономикалық процестерді ынталандыру мен шектеу мақсатында салық ставкасын өзгерту. Мемлекет экономиканы көтеруді ынталандыру үшін кейбір жекелеген сала мен территорияға (Арал өңірі), табиғаты келеңсіз ауданға, еркін экономикалық аймаққа арнайы салық салудың жеңілдеген режимін белгілейді. Пайдаға салық ставкасының өзгеруі қорлану процесіне әсер ету үшін жасалады: салық ставкасының ең төмен кезінде күрделі қаржы өседі, ал ең жоғарғы инвестициялау аса пайдасыз; ә) ставканы өзгертпеуді сақтай отырып, салық төлемі ережесін өзгерту. Мысалы, бұған негізгі қор амортизациясының мүмкін болатын мерзімін өзгертуді жатқызамыз. Амортизация мерзімін қысқарту амортизациялық төлемді ұлғайтуға мүмкіндік жасайды және сол салық ставкасы жағдайында ресурстардың қорғалуын ұлғайтады; б) салық жеңілдіктерін алып тастау немесе ендіру. Сала жеңілдіктерін белгілеу капиталдың сала аралық құйылуын реттейді. Салықты реттеудің тиімділігі қайшылықты тенденциямен шектеледі. Егер конъюктура күрделі қаржы үшін ыңғайсыз болса, онда салық ставкасының төмендеуі ынталандыруға аса қауқарсыз болуы мүмкін.

2.     Ақша - несие саясаты. Мемлекет нақты салалық және аймақтық мәселелерді шешу үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама негізінде мақсаттық жеңіл несиелер береді. Ол арнайы бюджеттен тыс даму қорын құруы мүмкін. Несиені реттеудің төмендегідей түрлері жиі қолданады: а) экономикалық банктің есептеу ставкасының өзгеруі; б) «ашық нарықтағы операция».

3.     Баға мен табысты реттеу саясаты. Фискалды және несие саясаты тәсілдері көбінесе баға мен табыстарды реттеуде тиімсіз құрал болып қалады. Сондықтан мемлекет көбірек тікелей құралға жүгінеді.

4.     Әлеуметтік саясат өзіне табысты индексациялау төменгі өмір сүру деңгейін бекітуді қоса отырып, қоғамдағы кедей топқа көмек көрсету бағдарламасын жүзеге асыруға күш салады. Оларды қарқынды инфляция салдарынан қорғауға көмектеседі. Әлеуметтік саясат мынандай саналарды қамтиды: білім, медицина, мәдениет, көп балаларға көмектесу, тұрғындардың жұмыспен қамтылуы.

5.     Сыртқы экономикалық реттеуге мыналар енді: мемлекеттің сауда саясаты, валюталық курсты басқару, сыртқы сауда тарифтер жүйесі, квота, лицензия. Осы мақсатқа мемлекет баға мен табыстың өсуіне (жалақы, зейнетақы, стипендия, жұмыссыздық ақысы және т.б.) максимальды шектеуді белгілеп, кейде оның уақытша ұлғаюын тоқтатады. Себебі, кез келген баға мен жалақыны көтеру мемлекеттік органдардың алдын ала санкциясын алуы қажет. Табыс көзінің пайда, дивидент және т.б. түрлеріне тікелей шектеу жүргізілмейді.

6.     Әкімшілік реттеу әртүрлі бақылау шараларын жүзеге асырады. Олар арнайы кейбір оқшауланған салаларға байланысты қолданылады, мысалы, қоғамдық, қолдану салаларын реттеу (электроэнергетика, көлік, байланыс, коммуналдық қызмет және т.б.), қор биржасы мен несие банк мекемелеріне әкімшілік бақылау, жеке бәсекелестіктің ережесін сақтауды бақылау. Мұнда жұмыс күші нарығын реттеу қызметі, нақтыласақ – жұмыстылық мекемесі (жұмыссыздарды есепке алу, жәрдем ақыны төлеу, олардың жұмысқа орналасуын ұйымдастыру).

7.     Қысқа мерзімді реттеу ұдайы өндіріске сондай мақсатпен әсер етеді, себебі бірнеше айдың ішінде нәтиже алуы керек. Алдына қойған мақсаты экономикалық циклдық ағымдағы фазасының іс-әрекетін өзгертуге әрекет жасау. Мысалы, экономикалық дағдарыстың ауқымын бәсеңдетіп шектеу, қозғалыс фазасының жүзеге асуын тездету, өнеркәсіп өрлеу (көтерілу) фазасын тоқтата тұру немесе соза тұру және т.б. осы себептерге байланысты қысқа мерзімді реттеуді көбінесе конъюктуралық немесе антициклдық саясат деп атайды.

Нарыққа өту кезінде қысқа мерзімді реттеудің басты мақсаты – бағаның тым қарқынды өсуімен күресу, инфляцияны тоқтатуға күш салу болады. Қысқа мерзімді реттеудің бұл бағыты дифляциялық саясат деп аталады. Ұзақ мерзімді реттеудің мақсатты бағыттағы ұдайы өндіріске әсері сондай нәтижесін бірнеше жылдарда алуға есептелген.  

          8 №8 дәріс. Экономиканы реттеудің қаржылық механизмі 

  Сұрақтар

1.     Қаржының мәні мен қызметтері.

2.     Мемлекеттік бюджет экономиканы қаржылық реттеудің құралы ретінде.

3.     Салық салудың экономикалық негізі.

4.     Нарықтық экономикадағы несиенің ролі мен қызметтері.        

         Дәрістің мақсаты: тақырыптың негізгі мәселелерін: бюджет, бюджет дефициті және салық жүйесін қарастыру ; автоматтық және дискрециялық фискалды саясаттың экономикаға қалай әсер ететінін және осы саясаттарды жүзеге асыру үшін қандай құралдар қолданылатынын көрсету; несиелік жүйенің құрылымын ашу; олардың қазіргі нарықтық экономикадағы қызметтерін ашу. 

  8.1 Қаржының мәні мен қызметтері

Қаржы белгілі бір қоғамның ақша ресурстары. Ол экономиканың дамуы мен ұдайы өндіріс процесін қамтамасыз етуге бағытталған. Кез келген мемлекетте қоғамдағы ақша ресурстарының құрамына мемлекеттік қаржы, шаруашылық жүйесінің қаржысы, кәсіпорынның және тұрғындардың қаржысы енеді.

Мемлекеттің қаржысы – ақша қаражатынан тұрады. Ол қаражат тұрғындардың әлеуметтік кепілдігін қамтамасыз етуде, заңдылық пен құқықты сақтауға, қорғаныс пен қоғамдық шаруашылықты басқаруға жұмсалады. Мемлекеттік қаржы құрамына: мемлекеттік бюджет, банктік және мемлекеттік несие, экономиканы тұрақтандыру қоры, зейнеткерлік, тұрғындарды жұмыспен қамту қоры, әлеуметтік және медициналық сақтандыру қоры, валюталық қор, мемлекеттік қоғамдық ұйымдардың қаржысы, мемлекеттік салалық министрлік пен ведомствоның қорлары енеді. Нарықтық қатынастар жағдайында қаржы негізінде төрт қызметті атқарады: бөлу, реттеу, ынталандыру және бақылау. Мемлекет ұлттық табыстың едәуір бөлігін қоғамдық шаруашылыққа, әлеуметтік-мәдени шараларға, мемлекетті басқару мен қорғанысты дамытуға бағыттауын қаржының бөлу қызметі атқарады. Қаржының реттеу қызметі экономикалық дамуды реттеуді мемлекеттің сырттай тәсілімен жүргізгенінде пайда болады. Мемлекет оны салық салғанда, несие саясатында, әртүрлі экономикалық жеңілдіктер мен дотация кезінде жүзеге асырады. Қаржының ынталандыру қызметі кәсіпорынның экономикалық дамуын әртүрлі ынталандырғанда жүзеге асады. Қаржының бақылау қызметі бөлінген қаражаттардың мақсатты пайдалануын жүйелі түрде тексеру арқылы жүзеге асады.

Қаржы нарығы – нарықтық экономиканың қалыптасқан элементтерінің бірі. Өз аясына капитал нарығын, валюта нарығын ғана емес және бағалы қағаздар нарығын ендіреді. Бұл нарықтарды өз құрамына енгізудің мақсаты – еркін қозғалыстағы ақша ресурстарын мемлекеттің, кәсіпорынның және акционерлік қоғамның мүддесіне жұмсау. Әкімшілік-әмірлік жүйеде қаржы нарығының қызметін мемлекеттік бюджет, банктік несие жоспары, министрліктің қаржы жоспары т.б. тетіктер арқылы жүргізілген. Қаржы нарығы өзінің инфрақұрылымымен айқындалған күрделі механизм және жаңа ақпараттық ағымдармен ерекшеленеді. Қаржы нарығын құру үшін кешенді мәселелерді меңгеру керек. Оған бағалы қағаз эмиссиясы және оның курсының өзгеруі, инфрақұрылым мен ақпаратты қамтамасыз етуді жатқызамыз. Нарықтық экономикаға өтуде қаржы нарығын дамыту несие -       - қаржы жүйесін қайта құруды талап етеді.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, нарықтық экономикаға екі түрлі қаржылық қатынастар әсер етеді – бюджеттік және нарықтық. Мемлекеттік бюджет пен басқа деңгейдегі бюджеттер және бюджеттік емес орталық қаржы қорларының қалыптасуы, әдетте кәсіпкерлер табысының қайтарылмайтын бір бөлігінен және азаматтар табысынан тұрады. Осы табыстар мемлекеттің қабылдаған міндеттері мен мақсаттарына қайтарылмайтын бюджеттік қаржыландыру жолымен қолданылады.

Ақша ресурстары бюджеттік пайдалану нарығымен толықтырылып отырылуы қажет. Қаржы нарығында ақша толыққанды тауар ретінде жұмыс атқарады. Оның қолдану бағасы нарық санына сәйкес сұраным мен ұсыным негізінде белгіленеді. Қаржы нарығы жағдайында кәсіпорындар, ұйымдар, тұрғындар тұрақты ақшалай қорланған табысты қалыптастырып, оны алуға ұмтылыс жасайды. Ал халық шаруашылығы қосымша қаржы көздеріне ие болады. Мұндай капитал нарығынсыз кәсіпорындарды өзін-өзі қаржыландыру мүмкін емес. Олардың инвестициялық мүмкіндіктері тек өздерінің құрал-жабдықтарында шектеледі, басқадай толтыру көздері жоқтың қасы. 

8.2 Мемлекеттік бюджет экономиканы қаржылық реттеудің құралы ретінде

Қаржы жүйесінің негізгі буыны мемлекеттік бюджет болып табылады. Мемлекеттік бюджет 1991 жылға дейін Одақтық бюджет болып келді. Оған барлық Одақтас республикалардың бюджеті енген еді. Бүгінде Қазақстан егеменді ел болған соң республика үкіметі өзінің ұлттық мемлекеттік бюджетін жасауға кірісіп кетті.

Одақтық бюджет 1984 жылдан бастап тапшылық күйін кеше бастады. Нарықтық қатынастарға көшу бюджет баланстылығына қатты әсер етті. Ол жылма-жыл қарыздар болған кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығының салмақты дотацияларды бюджет иығына артуымен түсіндіріледі. Өнеркәсіп өнімін сатып алу бағасы мен ауыл шаруашылығы өнімін сату бағалары тепе-теңдігінің бұзылуы нәтижесінде де болды. Күрделі әлемдік бағдарлама мен қорғанысқа кеткен шығындарды мемлекет дотациялап отырды.

Мемлекеттік бюджет – мемлекеттің негізгі қаржылық жоспары. Ол мемлекеттің шығын мен табыстарының балансы. Бюджет ұғымы француздың сөзі, табыс пен шығындарды бөлу.

Егер шығындар табыстан асып кетсе, бюджет тапшылығы пайда болады. Бюджет тапшылығын жою үшін табыс бөлігін қысқартқан жөн. Бюджет табыс пен шығыстың айырмашылығын жабу үшін мемлекетпен қиыстыру вариантына көшеді. Демек, мемлекет ұлттық банк несие қорының, тұрғындардың халықтық банктегі салымының, сақтандыру қоғамдары қорының белгіленген бөлігін алып отырады. Осы сомалар мемлекеттік қарызды құрайды. Бұл мемлекеттің ішкі қарызы.

Мемлекеттің ішкі қарызынан басқа сыртқы қарызы да болады. Бюджет тапшылығын бәсеңдету үшін мемлекет тек қана ішкі мүмкіндіктермен ғана шектелмей, қайтару мақсатымен сыртқы займдар мүмкіндіктерін де пайдаланады. Міне, осылай мемлекеттің сыртқы қарызы да пайда болады.   

8.3 Салық салудың экономикалық негізі

А.Смит салық салудың төрт принципін айқындаған. Оның осы принциптері дамыған елдерде салық салудың негізін құрайды.

         1. Өзіне бекем мемлекет мүмкіндігіне қарай қабілеті мен күшіне сай үкіметті ұстауға (қаржыландыруға) қатынасы. Мемлекеттің қорғауымен қамқорлығын пайдалана отырып, қаржыландыру үкіметтің табысына сай жүзеге асады.

2. Жеке тұлға төлейтін салық міндетті түрде айқын болуы керек. Сондықтан төлеу мерзімі, төлем тәсілі, сомасы – барлығы дерлік төлем төлеуші үшін анық әрі ашық  және кез келген адамға да солай.

3. Әрбір алынатын салық белгілі уақытта немесе белгілі тәсілмен төлеуші үшін ыңғайлы кезде барлығын төлейді.

4. Әрбір салық ой елегінен өткізіліп, толғағына толық жеткізілгені дұрыс. Оның мемлекет қазынасына құйылуы, халық қалтасынан алғаны және ұстағаны мүмкіндігінше аздау болғаны жөн. Қазынаға құйылғаннан гөрі, салықты халық қалтасынан алу мен ұстаудың көп болуы да әбден мүмкін. Себебі, оны жинау шенеуніктердің көп болуын талап етсе, оларға төленетін айлық сомасы салықтың мол мөлшері арқылы жүзеге асады.

         Салық дегеніміз тұрғындар, кәсіпорын (фирма) мен ұйымдардан заңға негізделіп алынатын міндетті төлем жүйесі. Салық салудың мақсаты кәсіпорындар, (фирмамен) тұрғындар қаржыларын қоғамдық қажеттілікке (өндірістік және әлеуметтік) тарту болмақ. Салық төмендегідей қызметтерді атқарады: фискалды (тіркелген) немесе жұмылдыру қызметі. Осы қызметте мемлекет бюджеттік шығындарды қаржыландыру үшін салық жинайды; бөлу қызметі, мемлекет қаржыны қайта бөлуді әртүрлі топтардың арасында, территория, облыс, аудандар бойынша жүргізеді; реттеуші қызметі, мемлекет салықтың көмегімен тұтыну және қорлану арасындағы пропорцияны реттейді; ынталандыру қызметі, мемлекет өндіріс пен техникалық прогресті дамыту үшін әртүрлі ынталандыру шараларын жүзеге асырады; шектеу қызметі, мемлекет салық саясаты арқылы кейбір өндіріс түрлерінің дамуын тежейді немесе шектейді; бақылап-есептеу қызметі, мұнда кәсіпорындар мен тұрғындар топтарының қаржы қоры көлемінің табысын есептеуді жүзеге асырады.

Салық сипаты тұрғысынан тікелей және жанама болып бөлінеді. Тікелей салық мемлекет тарапынан кәсіпорын және тұрғындар табыстарынан алынады. Оларға айлықтан алынатын, пайдадан алынатын, жылжымайтын мүліктен, бағалы қағаздар операциясынан алынатын т.б. салықтар жатады. Жанама салықты мемлекет тікелей емес, баға арқылы айналдыра отырып алады. Оған – акциздер, кеден баж салығы, қосымша құнға салынған салық жатады.

Салықтан алынатын сома – салықтың негізі деп аталады.

Салық өсімі үш түрге бөлінеді. Бірінші түрі – прогрессивтік салық өсімі. Мұның мәнісі – табыстың өсуіне қарай салық өсімінің мөлшері өседі. Екінші түріне салық өсімінің пропорционалды өсімі жатады. Үшінші түріне регрессивті салық өсімі жатады. Регрессивті салық өсімі біздің елдегі салық заңдылықтарында қолданылмайды. Бұл өсім кері прогрессивті және оның мәні салық өсімі мөлшерінің ұлғаюуын табыстың азаюымен түсіндіріледі.

Прогрессивтік салық туралы әңгіме еткенде, ғалымдар жоғары (көтеріңкі) табыс салығы фирма мен тұрғындардың іскерлік белсенділігін төмендетпей ме деген күдікті жиі айтады. Американ экономисі Артур Лаффер 80 - жылдардың басында осы мәселені қарап, мынандай ой түйген: салық өсімінің жоғары болуы адамның экономикалық белсенділігін бәсеңдетіп, оларды салық төлеуден қашуға игермейді. Қызмет жасау арқылы табатын табыстың өмір сүруден гөрі олар жәрдем -        - ақыға өмір сүргенді жөн санайды. А.Лаффердің атағын ресторанда салфеткаға салған «Лаффер қисығы» шығарды (6 суретті  қараңыз).

 

                                            6 Сурет - Лаффер қисығы 

6 - суретте байқағандай Лаффер қисығында салық өсімі 0-ден 100%-ға өскенде, салық түсімі максимальды деңгейде (М нүктесі) көтеріліп, онан соң 0-ге дейін төмендейді. Алайда, салық түсімі ML шартты нүктесінде тепе-тең, бірақ L нүктесіндегі өсімнің төмен деңгейі құптарлық жай.

Салық өсімі 50%-дан асқанда адамдар аз жұмыс істейді және ақшасын сақтауға еш тырыспайды. Өзінің күш-жігерін «көлеңкелі экономикаға» бағыттап, нәтижесінде мемлекеттік қазынаның табысы азая түседі. Егер салық өсімі көтерілсе, ерте ме кеш пе оның деңгейі сондай дәрежеге жетіп ешкім жұмыс істегісі келмейді және салықты төлемейді. Сайып келгенде, мемлекетке ешқандай салық түсімі түспейді. 

     8.4 Нарықтық экономикадағы несиенің қызметі мен ролі

Несие (лат. сredere - сену) – мүлікті немесе ақша сомасын басқа тұлғаға қайтару, әдетте, пайызды төлеу шарттарында уақытша пайдалануға беру кезінде пайда болатын серіктестердің арасындағы экономикалық қатынастар.

Нарықтық экономикада несие келесідей негізгі қызметтер атқарады: ынталандырушы – экономикадағы ақша айналымының жылдамдауының арқасында экономикалық процестердің жылдамдауы; орнын басушы – қолма қол ақшаның орнын несиелік ақшалар басады; бөлуші – оның көмегімен қаражаттарды әртүрлі салалар арасында бөлу жүзеге асырылады. Несиенің қайтарымдылығы оның мерзімділігін білдіреді, себебі, ақша белгілі бір мерзімге қарызға беріледі.

Несиелеудің қағидаттары (принциптері): қайтарымдылық, мерзімділік, материалды қамтамасыз ету, төлемділік болып табылады.

Несие тарихи даму процесінде әртүрлі формада болды, коммерциялық және банктік несие олардың негізгілері болып  табылады.

Коммерциялық несие – сатушылардың (өндірушілердің) сатылған тауарлары үшін (жасалған жұмыстары, көрсетілген қызметі үшін) төлемді уақытын ұзартатын формасында беретін несиесі. Банктік несие – банк пен меншік немесе тартылған ақша қаражаттардың белгілі бір үлесін уақытша пайдалануға беру. Банктер несие және төлемдерде делдалдық қызмет атқарады. Мемлекеттік несие дегеніміз мемлекет қарыз алушы, ал халық пен жеке бизнес ақша қаражаттарын несиеге беруші болып көрінетін несиелік қатынастар жүйесі. Тұтыну несиесі – халыққа тауарларды сатып алу үшін берілетін қысқа мерзімді қарыздары. Ипотекалық несие – жылжымайтын мүлікті кепілге ала отырып берілетін ұзақ мерзімді қарыз. Мұндай қарыздар бойынша пайыздық мөлшерлеме қарыз алушының қаржылық жағдайына байланысты дифференциалданады (10-нан 30%-ға дейін және жоғары). Шаруа аралық несие – шаруашылық субъектілердің бір – біріне әдетте акция, облигация және басқа да бағалы қағаздар түрлерін шығару жолымен беретін несиесі. Халықаралық несие – мемлекеттің сыртқы экономикалық айналыстағы несиесі және ол әдетте коммерциялық, банктік және мемлекет аралық несие формасында көрінеді. Халықаралық несие тауар немесе ақшалай формада беріледі. Бұл кезде қарыз алушы да, несие беруші де болып мемлекет, халықаралық ұйымдар, банктер және жеке кәсіпорындар  болып табылады.

Осылайша несиелеудің қарастырылған формаларының ішіндегі нарықтық экономиканың тұтынысын қанағаттандыру тұрғысынан анағұрлым келешегі зор несие банктік несиелеу, яғни ақшалай формада жүзеге асырылатын несиелеу болып табылады. 

9 №9 дәріс. Мемлекеттің сыртқы экономикалық қызметі 

Сұрақтар

1.     Халықаралық еңбек бөлінісі әлемдік шаруашылық негізі ретінде.

2.     Халықаралық сауда және оның ұлттық экономикаға әсері.

3.     Халықаралық валюталық қатынастар.   

     Дәрістің мақсаты:  «халықаралық еңбек бөлінісі», «халықаралық сауда», «халықаралық валюталық қатынастар» түсініктерінің мазмұнын түсіну; халықаралық сауданың елдің экономикасына әсерін түсіну; Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастар жүйесінде алатын орнын анықтап, түсіне білу. 

     9.1 Халықаралық еңбек бөлінісі әлемдік шаруашылық негізі ретінде

Экономикалық ғылымда халықаралық еңбек бөлінісі туралы төмендегідей негізгі экономикалық теориялар қалыптасты. Халықаралық еңбек бөлінісінің негізгі ілімін абсолютті және салыстырмалы артықшылық теориясы құрайды. Классикалық осы теория Адам Смит мен Давид Рикардоның XVIII ғасырдағы еңбектерінде айтылған. Аталған теорияның пайымдауынша, әрбір ел басқа елге қарағанда еркін нарық жағдайында өндірісіне аз шығын жұмсайтын тауарға маманданғаны дұрыс. Осы теорияның олқылықтары мынада: мұнда еңбек бөлінісінің жүзеге асуын қысқарған үрдісте екі ел мен екі тауарға арнап қарастырған. Демек, бұл салыстырмалы артықшылықтың жалпы моделі ғана. Қазіргі қалыптасып отырған жағдайда халықаралық еңбек бөлісіне көптеген факторлар әсер етеді.

XIX-XX ғасырдың басында халықаралық еңбек бөлінісін дамытуда жаңа тенденциялар пайда болып, салыстырмалы артықшылық теориясына белгілі өзгерістер енгізуді талап етті. Ол швед экономистері Эли Хекшер мен Бертели Олиннің өндіріс факторы теориясында көрсетілген еді. Олардың теориясы XX ғасырдың 30 жылдарында дүниеге келген.

Халықаралық еңбек бөлінісі жеке елдердің мамандандырылуын сақтайды. Олардағы өндіріс қызметінің әртүрлі саласын белгілі түрге мамандандырады. Қорытындысында, өндіріс нәтижесін, ғылыми-техникалық қызметтер, тауарлармен алмастыру жағдай туғызып, халықаралық сауда дами түседі.

Халықаралық еңбек бөлісінің пайда болуы, оның дамуы мен тереңдеуі өндіргіш күштердің өсуімен анықталады. Халықаралық еңбек бөлісінің қалыптасуы ірі машина өндірісіне байланыстырылып, одан шикізат пен жанар-жағар өнімдерін барынша арттыруды талап етеді. Көптеген елдерде қаланың өсу урбанизациясын тудырып, азық-түлік тауарларына, ауыл -  шаруашылық өнімдеріне сұранымды кәдімгідей арттырады.

Халықаралық еңбек бөлісін негізінен үш типке бөледі: жалпы, жеке және ерекше. Жалпы халықаралық еңбек бөлінісі дегеніміз (бұл ұлттық экономикадағы қоғамдық еңбек бөлісіне тән) еңбек бөлісінің өндіріс саласымен жіктелуі. Жеке халықаралық еңбек бөлінісі дегеніміз елдердің дараланған белгілі өндіріс саласының дайын өнімге мамандандырылуын айтамыз. Ерекше халықаралық еңбек бөлінісі деп әртүрлі елдердің дараланған тетік, деталь, агрегаттар мен өнім компоненттерін дайындауды айтамыз. Халықаралық еңбек бөлінісінің аталған типтері көбіне қабысып жатады. Қазіргі жағдайда ерекше халықаралық еңбек бөлінісінің басымды болу тенденциясы анық байқалады. Сондай-ақ оның барлық типтері деталді және кооперациялық мамандырылумен толықтырылып, өндіріс процесі кооперацияланады. Халықаралық еңбек бөлінісінің бүкіл дүниежүзілік мүмкіндігін пайдалану нәтижесінде елдер арасында экономикалық қатынастар қалыпты, жан-жақты байланыстардың болуына жағдай туады.

«Ескіден келе жатқан ұлттық, жергілікті тар шеңбермен өз өндірісінің өнімімен шектелудің орнына жан-жақты қатынастар мен ұлттардың арасында бір-біріне байланысы күшейе түседі».

Бүкіл дүниежүзілік халықаралық еңбек бөлінісі – халықаралық экономикалық тұрақтылық пен әлемдегі бейбітшілікті орнатудың басты факторы болып табылады.  

9.2 Халықаралық сауда және оның ұлттық экономикаға әсері

Халықаралық еңбек бөлінісі дүниежүзіндегі мемлекеттер арасындағы тауар айырбасының арасындағы экономикалық негізі болып табылады. Халықаралық еңбек бөлінісі кейбір елдердің мамандануымен байланыстырылып, тауар өндіруге қалыптасқан дұрыс жағдайлармен түсіндіріледі.

Қазіргі ҒТР дүниежүзі нарығында сауданың типті жаңа түрлерін қалыптастыруда. Мысалы айталық: патент саудасы, лицензия мен (ашқан жаңалықты белгілі уақытқа пайдалануға берілген рұқсат) сауда, техникалық тәжірибені саудалау – «ноу-хау ».

Сыртқы сауда – тауарды әкелуден (импорт) және шығарудан (экспорт) құралады. Әрбір елдің сыртқы саудасының нәтижесі сауда балансынан көрінеді. Егер шығарылған тауар құны әкелінген тауар құнынан артық болса активті сауда балансы дейміз. Керісінше болған жағдайда пассивті сауда балансын құрайды. Қазақстанның сыртқы сауда динамикасының күрт өзгеруіне мұнай өнімдері, қара және түсті металлургия өнімдеріне бағаның төмендеуі әсер етті.

Сауда балансы пассивті болғанда мемлекет айырманы алтынмен жабуы керек немесе несие алуға өтініш жасайды. Сондықтан да әрбір мемлекет сыртқа тауарды көп шығарып, аз тасуға бейімделеді. Бұл тауар балансының активті болуын көрсетеді. Мемлекет импортты түсіру үшін қорғау іс – әрекетіне көшіп, тасылатын тауарларға жоғарғы қорғау салығын қолданады немесе арзан ақша саясатын іске қосады. Сауда кедергілерінің ауқымы көп және бұған мыналар енеді: сырттан әкелінетін тауарларға жоғарғы салымдар, ұлттық валютаның девальвациялануы, сыртқа шығаратын тауарларға квота, экспортқа еркін шектеулер. Мұның барлығын протекционистік шаралар дейміз немесе мемлекеттің экономикалық саясаты. Бұл аталған саясат ішкі нарыққа шетел тауарларының еніп кетпеуіне бағытталған. Дүниежүзілік қауымдастық талабына сай қалыптасқан сауда және тариф бойынша халықаралық басты келісім (ГАТТ) бар. Бұл келісім 1948 жылдың

1 қаңтарында күшіне енді.

ҒТР-дың дамуы жаңа технологияны қолдануға әкеліп шикізатқа шығындарды және дайын өнімнің мөлшеріне энергияны қысқартты. ҒТР сауданың қалыптасқан түрлерінен басқа түрлерін де тудырады. Халықаралық жұмысшы күші нарығы жұмыс күшінің сырттан келуімен (эмиграция) және кетуімен (иммиграция) қалыптасады. Айтып отырғанымыз ұлттық шаруашылықтар арасындағы жолдамалы еңбек адамының ауысуы (миграция). Миграция – бір елден екінші елге жұмыс күші ауысуының ерекше түрі. Осының пайда болуы өмір сүру деңгейінің төмендігі мен даму қарқыны төмен елдерде салыстырмалы тұрғындары дәрежесінің жоғары болуымен түсіндіріледі. Соның салдарынан қосымша жұмыс күшін қажет ететін интенсивті дамыған елдерге ауысып отырады. Еңбек миграциясының басқа түрі – ақылдылардың кетуі. Бұл құбылыс дамушы елдерге ғана тән. Күрделі жұмыспен айналысатын жоғарғы квалификациялық мамандар мен ғалымдарға жағдай жасалмаған. Олардың атқарған жұмысына төлем де төмен. Ал өзге елдерде жоғарғы квалификациялы жұмысшыларға, ой еңбегінің қызметкеріне, өнертапқыштар мен конструкторларға жақсы жағдай жасалынған. Олардың шетелге кетуінің басты себебі – дұрыс жағдай жасалып, жоғарғы еңбек –  ақының төленуі. Жоғарғы квалификациялы жұмысшылар мен ой еңбегі қызметкерлерін импорттаудың нәтижесінде индустриалды елдер осы мамандарды дайындауда ондаған миллиард үнемдейді. 

9.3 Халықаралық валюталық қатынастар

Дүниежүзілік валюталық жүйеге қазіргі кезде ұлттық валюта және ұжымдық резервтік валюта мен оған алтын резерві де қоса енеді; өзара валюта қайтарымдылық шарты; валюта паритеті мен курсының механизмі, валюталық шектеудің көлемі; халықаралық есептеу түрлері; халықаралық есептеу түрлері; халықаралық валюта нарығы режимі мен дүниежүзілік алтын нарығы.

Қазіргі халықаралық валюталық жүйеге халықаралық валюталық қор (ХВҚ) еніп, оған мынадай міндеттер қойылады: валюта курсын реттеу ережелерін айқындау және оның орындалуын бақылау, валюта қайтарымдылығына ықпал жасау және валюталық шектеуді жою.

Халықаралық валюталық қор (ХВҚ) Біріккен Ұлттық Ұйымының арнайы мекемесі болып саналады. Бұл мекеме 1944 жылы құрылған, оған дүниежүзінің 160-тан астам мемлекеттері мүше.

Халықаралық Валюталық қор активінен жиналған жарналар (квота) құрайды. Қордың 1978 жылы енген жаңа жарғысы алтынға арнайы бағаны жойып, валюта курсының қалқымалы жүйесін мақұлдайды. ХВҚ-ның жоғарғы органы – Басқарушы Кеңес, оның штаб-пәтері Вашингтонда орналасқан. Халықаралық валюта қоры енетін елдерге квотасын анықтайды. Олардың квотасы жалпы ішкі өнімнің ауқымы, импорт пен экспорттың көлемі, алтын-валюта резервінің көлемі, төлем балансының сальдосымен байланысты. Қазақстан Республикасының ХВҚ-на кіруі елдің дүниежүзілік экономикамен интеграциялануын байқатады. Алайда несие бере отырып, ХВҚ-ы кепілдікті талап етеді және меншікті персоналы арқылы өз қаржысының тиімділігіне баға береді. Қазақстан Республикасы экономиканы реформалау бағдарламасын жасауда ХВҚ-мен ынтымақтасады. Оны несие қоры арқылы қаржыландырып, реформаны тереңдетуге көмектесіп, нарықтық қатынасқа негізделген экономиканы қалыптастырады. Халықаралық валюта жүйесі ХІХ ғасырдың аяғында қалыптасты және ол екі жиынтық құрамнан тұрады: валюталық қатынастар мен валюталық механизмдер. Олар ХВҚ-ның көмегімен валюталық қатынастарды және халықаралық валюталық келісімін реттейді. Оған осы мақсатқа аймақтық валюта – несие мекемелерін (банктер) кірістіреді.

Валюта қатынастары тарихында үш валюта жүйесі белгілі. Бірінші стихиялы ХІХ ғасырдың аяғында алтын стандартының негізінде пайда болды. Алтын монеттік және алтын құймалары ретінде стандартқа сай 1922 жылға дейін өмір сүрді. Алтын монеттік стандарт қағаз ақша белгісінің алтын монетаға еркін ауысуын қамтамасыз етті: ұлттық мемлекеттің алтын монеталары дүниежүзілік ақша міндетін атқарады. Алтын монета стандартты алтын құймалар стандарты ауыстырған соң, қағаз ақша белгілері тек құймалар салмағы 12,7 гр. болатын алтынға айырбасталды. Дүниежүзілік ақша міндетін тек алтын құймалар атқарады. Бірінші дүниежүзілік соғыстан соң Генуэз конференциясында (Италия 1922 ж.) алтын ұрандық стандартқа көшу туралы халықаралық келісімге қол қойылды. Бұл алтыны аз елдерге халықаралық сауда жасауға кепілдік туғызды. Алтын ұрандық стандарттың талабы бойынша ұлттық валютаны алтын құймаларға айырбастау делдал-валюта арқылы жүргізілді. Делдал – валюталар болса алтын құймаларға еркін айырбасталды.

Ал 50 жылдары алтын валюта (алтын доллар) стандартының негізінде валюта жүйесі қалыптасады. Дүниежүзілік ақша міндетін алтынмен қоса АҚШ доллары атқара бастады. Бұл шешім 1944 жылы халықаралық Бреттон-Вуд конференциясында (АҚШ) қабылданады. АҚШ доллары үш унциясы 31,1 гр. болатын 35 долларға сай келетін алтынға айырбасталды. Алайда 1971 жылдан бастап АҚШ долларды алтынға айырбастаудан бас тартып, алтынға деген доллар бағасын арнайы түрде жойды.

Жаңа дүниежүзілік валюта жүйесі 1979 жылдан бастап күшіне еніп, мұны Ямайкада ХВҚ-на қатысушы елдер бекітті. Дүниежүзілік валюта жүйесі тарихында тұңғыш рет дүниежүзілік ақша атқара бастады. Мұны – интернационалды есепті ақшаны – халықаралық валюта қоры шығарды.

Қазіргі валюталық жүйенің басты элементтеріне халықаралық есептеулер жатады. Әртүрлі экономикалық және қаржылық тапшылығы әріптес елдердің шеңберінде ғана тіркеліп, есептеулер механизмі болады. Бұл механизм Женева конвенциясының чектер мен вексельдер және халықаралық сауда қалыптасуының қаулылар принципіне негізделген. Халықаралық есептер валюталық және несиелік қатынастардың жүргізілуі әріптес елдер арасында екі жақты сауда және төлем келісімімен реттеледі. Халықаралық есептеулер төмендігі төмен түрлерімен айқындалады: басқаға аударылған аванстық төлемдер; аккредетив несие инкассо көмегімен тауар төлемдерін атқару; аудару арқылы тауар мен есептерді түсіру төмендері; аудару арқылы жүзеге асатын мерзімі келген есептер төлемі.

Халықаралық ірі қаржы-несие мекемесіне Дүниежүзілік банк жатады. Оған бір-бірімен байланысқан халықаралық қаржы институттары енеді. Олар:

-   халықаралық даму және реконструкциялау банкі (ХДРБ);

-   халықаралық даму ассоциациялары, халықаралық қаржы корпорациясы.

Дүниежүзілік банк жүйесі бөлген барлық зайымның ¾ бөлігіне жуығы ХДРБ-не беріліп, шамамен жылына 15 млрд. доллар құрайды. Осы іс – шара үшін қаржы нарығының мөлшері деңгейінде процент алынады. ХДРБ-ның несиесінің көзін халықаралық қаржы нарығынан қарыз алу және банктің өз капиталы, сондай-ақ оның табысы құрайды. Аса дамыған елдер Халықаралық даму ассоциациясы тарапынан жылына 5 млрд. доллардай процентсіз займдар алуға мүмкіндігі бар. Халықаралық қаржы корпорациясы жеке сектор жасаған жобаларды қосымша қаржыландыруға көмек жасайды. Жан-жақты инвестиция кепілдігі агенствосы – экспроприация жағдайындағы саяси тәуелділікті күрделі қаржыландыруды, соғыс, азаматтық қабылдануларды және келісімінің бұзылуын сақтандырады.

Қазіргі валюталық жүйе – жан - жақты валюталық нарықтық стандарт.

Қазіргі валюталық механизм осы кездегі валюталық қатынасты реттейді. Валюталық қатынастың негізгі мәні мынада: валюталық өлшем алтынмен тікелей байланысын үзіп, оның алтынға қатаң бағамы жойылды; алтын ел ішіндегі айналымда ғана емес, дүниежүзілік нарықта да жалпы төлем құралы қызметін тоқтатады; алтын ерекше өтімді тауар ретінде ақшаға да сатылады, ал ол ақшалар халықаралық есептесулерде қолданылады; елдер арасындағы валюталық қатынастар ендігі жерде ұлттық валютаның өзгермелі курсына негізделеді.

Курстың бұл құбылысы екі фактормен: біріншіден, дүниежүзілік қауымдастықтағы елдердің ішкі нарықтағы валютаны сатып алу қабілеттілігін нақты құнының арақатынасымен; екіншіден, халықаралық нарықта ұлттық валютаға деген сұраным мен ұсынымға байланысты.

  

Әдебиеттер тізімі 

1.     Шеденов Ө.Қ., Байжомартов У.С. және т.б. Жалпы экономикалық теория: Оқулық. -  Алматы:  Ақтөбе, 2004.

2.     Сахариев С.С., Сахариева А.С. Жалпы кезең – экономикалық теориясы. -  Алматы: «Дәнекер», 2004.

3.     Экономикалық саясат. Лекциялар / Д.Қ.Қабдиев, Т.Қ.Оралтаев, Ә.Е.Ескендіров, С.Қ.Бекмолдин және т.б. – Алматы: Экономика, 2002.

4.     Я.Әубәкіров, К.Нәрікбаев, М. Есқалиев және т.б. Экономикалық теория негіздері: Оқулық. – Алматы, 2004.

5.     Ихданов Ж.О., Орманбеков Ә.Ө. Экономиканы мемлекеттік реттеудің өзекті мәселелері: Оқу құралы. – Алматы: Экономика, 2002.

6.     Я.Ә.Әубәкіров, К.Нәрібаев және т.б. Экономикалық теория негіздері: Оқулық. – Алматы: «Санат», 1998.

7.     Сала экономикасы. Дәрістер жинағы (С.И.Ержанов). – Алматы: АЭжБИ, 2003.

8.     Бердалиев К.Б. Қазақстан экономикасын басқару негіздері: Оқу құралы. – Алматы: Экономика, 2001.

9.     Мамыров Н.Қ., Есенғалиева Қ.С., Тлеужанова М.Ә. Микроэкономика: Оқулық. – Алматы: Экономика, 2003.

10. Я.Ә.Әубәкіров, Б.Б.Байжұмаев, Ф.Н.Жақыпова, Т.П.Табеев. Экономикалық теория: Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 1999.

11. Байшоланова Қ.С. Ақпараттық жүйелер теориясы: Оқу құралы. – Алматы: Экономика, 2002.

12. Көшенова Б.А. Бағалы қағаздар нарығы: Оқу құралы. – Алматы: Экономика, 1999.

13. Шеденов Ө.Қ., Байжомартов У.С. және т.б. Жалпы экономикалық теория: Оқулық. -  Алматы: Ақтөбе, 2004.

14. Экономикалық саясат. Лекциялар/Д.Қ.Қабдиев, Т.Қ.Оралтаев, Ә.Е.Ескендіров, С.Қ.Бекмолдин және т.б. – Алматы: Экономика, 2002.

15. Нурпейіс Е. Экономикалық теория. Халықаралық экономика негіздері: Оқу құралы. – Алматы, 2002.

16. Дүйсенбаев К.Ш., Төлегенов Э.Т., Жұмағалиева Ж.Т. Кәсіпорынның қаржылық жағдайын талдау: Оқу құралы. – Алматы: Экономика, 2001.

17. Байтонаева Б.А. Менеджмент: Оқу құралы. – Алматы: ҚазҰТУ, 2001.

18. Байгисиев М. Халықаралық экономикалық қатынастар: Оқу құралы. – Алматы: «Санат», 1998.

19. Байпақбаев Ж. Қазақстандағы макроэкономикалық тұрақтандырудың ерекшеліктері мен даму кезеңдері. Саясат. -  №7. – 2006. – 26 б.

20. Ермекбаева Б.Ж. Салық бақылаудың теориялық негіздері мен нысандары. ҚазҰУ Хабаршысы. Экономика сериясы. - №2 (24). – 2006. – 23 б.

21. Ақша, несие, банктер: Оқулық/ Жалпы редакциясын басқарған Ғ.С.Сейітқасымов – Алматы: Экономика, 2004.

 Мазмұны 

Алғы сөз................................................................................................................3 

1 №1 дәріс. Экономикалық теорияның пәні және әдістері ..................................4

2 №2 дәріс. Нарықтық экономиканың мәні мен қызмет ету механизмі..............8

3 №3 дәріс. Өндіріс және шығындар теорияларының негізі .............................13

4 №4 дәріс. Табыстарды бөлу. Табыстар және өндіріс факторларына бағалар......16

5 №5 дәріс. Ұлттық экономикалық және экономикалық өсу.............................21

6 №6 дәріс. Макроэкономикалық тұрақсыздық: жұмыссыздық және инфляция ..26

7 №7 дәріс. Нарықтық экономикадағы мемлекет................................................31

8 №8 дәріс. Экономиканы реттеудің қаржылық механизмі................................36

9 №9 дәріс. Мемлекеттің сыртқы экономикалық қызметі .................................41

Әдебиеттер тізімі ....................................................................................................47