АЛМАТЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ БАЙЛАНЫС ИНСТИТУТЫ

Әлеуметтік пәндер кафедрасы

 

 

ҚҰҚЫҚ НЕГІЗДЕРІ 

Дәрістер жинағы

 

 

Алматы 2010

 

Редакциясын басқарған Джагфаров Н.Р.

ҚҰРАСТЫРУШЫ: К.М. Касиенова., Р.К. Танирбергенова. Құқық негіздері. Барлық мамандықтар бойынша оқитын күндізгі және сырттай оқу түрінің студенттеріне арналған дәрістер жинағы. – Алматы: АЭжБИ, 2009. – 43 б. 

Ұсынылып отырған әдістемелік жұмыста «Қазақстан Республикасындағы құқық» курсы бойынша  дәрістер жинағын дайындау және рәсімдеу әдістемесі берілген.  Осы пән бойынша оқытушылар тақырып сұрақтары мен әрбір мәселе бойынша әдебиеттер тізімімен қоса әдістемелік жұмыстардың жоспарларын дайындады. Дәрістер жинағының барлығы – 8 тақырып. 

Кіріспе 

«Құқық  негіздері» курсын кешенді оқып үйрену мақсатында  студенттерге бағдарлама шеңберінде жазылды.

 Қазақстан Республикасындағы « құқық» курсы таңдау бойынша қандай пән болып табылады, сондай - ақ жоғарғы кәсіби мамандар дайындауда және тәрбиелеуде ерекше мәні бар болып есетеледі.

Бұл пән бойынша студенттер құқық және мемлекет негіздерін олардың қоғам өміріндегі алатын оргын, Қазақстан Республикасының құқық жүйесінің даму барысын оқиды, өздеренің субъективті құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыруды  үйренеді.  Қазақстан Республикасындағы құқық пәнін оқу барысында Қазақстан Республикасының территориясында күшіне енген құқықтық нормаларды дұрыс түсіндіру және қолдануды, құқықтық жағдайларды дұрыс бағалауды үйренеді.

 Студенттердің сапалы білім алуына, оқулықтар мен дәріс жинақтарын пайдалана білуге ат салысуларына ынталандыру.

 Құқықты білу әр адамның, тұлғаның, яғни осы жоғарғы оқу орнында біздің студенттер құқықтық мемлекет қалыптастыруда ерекше роль атқарады. Осы дәрісті оқыту барысында студенттерге тура бағыт сілтеу менің оқытушылық парызым деп есептеймін.

 Дәріс жинағына енгізілген тақырыптар.

 

Құқық негіздері яғни:

1. Мемлекет және құқық

2. Конституциялық құқық

3. Азаматтық құқық

4. Әкімшілік құқық

5. Қаржы құқығы

6. Еңбек құқығы

7. Қылмыстық құқық негіздері

8. Отбасы құқығы негіздері құқығы көрініс тапты.
Қазақстан Республикасындағы құқық негіздері пәнінен дәрістер жинағы

 

1.Дәріс.  Мемлекет және құқық теорияларының негіздері

 

Дәрістің мақсаты: құқық саласы ретінде мемлекет және құқық теорияларының негіздерін меңгеру, оның нормалары мен құқықтық қатынастарын, қайнар көздерін ұғыну.

 

Дәрістің  міндеттері:

 - мемлекет және құқық теорияларының негіздерін түсінігін анықтау, ұлттық құқық жүйесіндегі жетекшілік рөлін ұғыну;

 

1.     Әр ғылымның немесе оқу пәнінің өзіндік зерттейтін, оқытатын пәні болады. Ғылымның немесе оку пәнінің заты – ол зерттейтін мәселелердің жиынтығы.

Мемлекет және құқық теориясының (МҚТ) пәні – бұл мемлекет пен құкықтьң пайда болуының, дамуының және қызмет атқаруының жалпы заңдылыктары, олардың мәні, кұрылымы, негізгі бөлшектері, принциптері, институттары. Сонымен катар МҚТ қазіргі мемлекеттік құқықтық болмыстарды да қарастырады және жалпы құқықтық түсініктерді зерттейді.

Мемлекет және құқық теориясының пәні - өте күрделі ұғым. Осы пәнді толық зерттеу үшін төмендегі сұрақтарға аса көңіл бөлу қажет:

1.     мемлекет және құқықтың мәні.

2.     кез келген типті және кез келген жүйедегі мемлекет және құқықтың жалпы сипаттары.

3.     мемлекет және құқық пайда болуының жалпы заңдылықтары.

4.     мемлекет және құқықтың типтері мен формалары (нысандары).

5.     мемлекет және құқықтың дамуы мен қызмет етуінің жалпы заңдылықтары, принциптері, механизмдері.

6.     мемлекет және құқықтың бір-бірімен және басқа қоғамдық құбылыстарымен байланыс етудің жалпы заңдылықтары.

Заң ғылымдары арасында мемлекет және құқық теориясы ерекше орын алады. Мемлекет және кұқык теориясының ерекшеліктері мыналардан тұрады:

–  біріншіден,  қоғамдық ғылым, өйткені оның пәні мемлекет және құқық, бұлар қоғамдық құбылыстар болып табылады. Бұл ғылым (мемлекет және құқық теориясы) басқа ғылымдардың біразынан (табиғат зерттеу, техникалык тәрізділерден) осы айырмашылықтары аркылы ерекшеленеді;

– екіншіден, саясат пен заңдарды зерттейтін ғылым, мұндай зерттеулерде мемлекеттің саясат пен билікке жататын немесе ғылыммен тікелей байланысты қызметтік іс-әрекеттерін карастырады. Міне, осындай сипатты айырмашылығына байланысты мемлекет және құкық теориясы мемлекеттік-кұқықтық қондырманы тікелей зерттемейтін басқалай да қоғамдық ғылымдардан ерекшеленеді;

– үшіншіден, ғылым мемлекет пен құқықтың негізгі және жалпылық заңдылықтарын, жалпыламалык сипаттарын зерттейтін жалпытеориялық ғылым болып табылады. Осы айырмашылығы арқылы арнайы заң ғылымдарынан ерекшеленеді;

– төртіншіден, методологиялық сипатындағы ғылым. Мемлекеттік-кұқықтық қондырманың жалпы зандылықтарын баяндап түсіндіргенде мемлекеттік-құқықтық құбылыстарды зерттеудің амал-тәсілдерін, жолдарын қарастырып, олардың әдістемелік мәселелерін де шешеді.

– бесіншіден, заң ғылымдарының бәріне тән тұғырнамалық сипаты бар ғылым. Өйткені барлық заң ғылымы пәндерінің "өне бойын көктей өтетін" құқықтық құбылыстарды зерттейді.

Сонымен мемлекет және құқық теориясын – мемлекет  пен құқықтың негізгі және жалпы заңдылыктарының, олардың мәні мен тағайынының фактілерге негізделген дамуын қорытындылаған білімдер жүйесі дейміз.

 

Мемлекет және құқық теориясының әдістері бірнеше түрлерге жіктеледі.

Жалпығылымдык әдістер:   

а) диалектикалық әдіс (диалектика-даму);      

б) абстрактілік ойлаудан нақты (конкретті) ойлауға өрлеу әдісі.

Мысалы: мемлекет нысаны (формасы) деген ұғымды алып мемлекеттің әр түрлерін талдай бастасақ, онда "мемлекет нысаны (формасы) ұғымы өзінің құрамдас бөліктерінің "басқару тұрпаты" деген ұғыммен толықтана бастайды. Сонда мұндағы алғашқы ұғым "мемлекет нысаны (формасы)" талдау барысында кейін жаңа нақты белгімен, яғни ерекшелікпен толықтырылғанын байқаймыз. Ал енді керісінше құқық бұзушылық ұғымының бірнеше, яғни қылмыстық, әкімшілік, азаматтық түрлерін зерттеу барысында нақтылықтан (конкреттіден) абстрактілікке қарай өрлесек, онда кұкық бұзушылық туралы жалпы ұғымды тұжырымдауға қол жеткіземіз;

в)  тарихи әдіс. Бұл әдіс – мемлекет  пен құқықгың тарихилығына, оның өзгермелілігіне және әрқашан да дамуда болатын құбылыс екендігіне негізделеді. Бұл әдісті қолдану барысында зерттлініп отырған мемлекет пен құқықтың өз қызмет бағыттарын атқарып отырғанда қандай тарихи ортада, қандай дәстүрлер мен қандай аумақтық ерекшеліктер мен халықтар болатындығының ескерілуі қажет екендігін байыптаймыз;

г) жүйелілік әдісі. Мемлекет және құқық - құрылымы күрделі болып келетін жүйелілікті білдіретін ұғым. Мысалы, мемлекет мемлекеттік органдар жүйесінен, ал құқық – құқық  салаларынан тұратынын осы әдісті қолданып пайымдаймыз.

Мемлекет жөне құқықты біртұтас жүйе ретінде қарастырып зерттегенде ғана оны толығынан танып білуге болады.

Мемлекет және құқық теориясын зерттеп барып пайымдаудың арнайы және ғылыми дербес әдістері де бар:

а)  формальды – логикалық әдіс. Бұл әдісті қолдану арқылы құқықтың ішкі құрылымы, қайнар кездері, оны (құқықты) жүйелеудің әдістері зерттелінеді, сөйтіп пайымдалады. Мемлекет табиғатын зерттеу барысында бұл әдіс мемлекет нысанын (формасын), сондай-ақ оның құрылымын талдағанда колданылады;

б)  салыстырмалы мемлекеттану мен қщықтану әдісі. Бұл әртүрлі еддердің мемлекеттік және құқықтық жүйелерін зерттеуде негізге алынатын әдіс;

в) нақты – әлеуметтік әдіс нақты әлеуметтік зерттеулерге негізделген әдіс. Бұл зерттеулерді жүргізгеңде коғамдағы заңдарға, мемлекеттің тікелей өзіне немесе оның құрамдас бөліктеріне коғам қандай пікірде, қандай қайшылықтарда екендігі анықталынады. Бұл әдіске тән амал-тәсілдерге:

– байқау жүргізу;

– анкеталау;

– интервью алу (сұраққа жауап алу);

– эксперимент жасау жатады.

 

2.     Мемлекет туралы ұғым. Мемлекет – басқару функциясын орындайтын және соның көмегімен қоғамның тіршілік-тынысын қамтамасыз етеді, оған қажетті жағдайлар мен алғышарттар жасауға ұмтылатын адамзат қоғамын ұйымдастырудың айрықша нысаны. Өзіне тән ерекше белгілері мен қажетіне, сондай-ақ өзіндегі аса мол мүмкіндіктеріне қарай мемлекет экономиканы дамытудың, әлеуметтік-саяси, рухани, ұлтаралық және жеке адамдардың арасындағы қатынастардың маңызды мәселелерін шешуге нақты қатысып, коғамдағы істердің жағдайына белсенді түрде әсер ете алады. Мемлекет тек өзіне ғана тән функциялары, әсер ету нысандары мен әдістері бар айрықша құрылым ретінде сипатталады. Соның арқасында оны қоғамда, ұйымда, құрылымдар мен институттарда әрекет ететін басқалардан ерекше өзгешелігімен көзге түсетін күрделі саяси организм ретінде ұғынамыз.

Көрсетілген негізгі жағдайлар біздің түсінігімізде және мемлекетті анықтауда өзінің көрінісін табуы керек. Өзінің көрінісін тапқан құбылыстың күрделілігі мен көп аспектілігіне қарай оның біржақты болуы мүмкін емес.

Мемлекет дегеніміз - адамзат қоғамы дамуының нәтижесінде пайда болған саяси ұйым.

Мемлекет – қоғамды басқару міндетін атқаратын, адамдардың, топтардың, таптардың қарым-қатынастарын реттеп отыратын, заңдарды қабылдайтын саяси ұйым.

Мемлекет – қоғамның саясатын жүзеге асыратын саяси ұйым.

Мемлекет туралы ұғымның толық болуы үшін оның белгілеріне егжей-тегжейлі тоқталып, олардың мазмұны мен мәнін тереңірек ашу қажет.

Мемлекеттің негізгі белгілері. Мемлекеттің рулық баскару нысанынан басты айырмашылығы арнаулы кәсіби басқару және мәжбүрлеу аппаратының болатындығында жатыр. Бұл жердегі әңгіме қоғамнан ерекшеленген, басқару ісі негізгі жұмысына, кәсібіне яғни мамандығына айналған, қатары біртіндеп көбейе бастаған адамдар туралы. Басқарушы - адамдардың мұндай  ерекше тобын алғашқы рулық басқару нысаны білген емес. Ол тек қана басқарудың мемлекеттік жүйесіне тән нәрсе; олар мемлекеттің рабайсыз үлкен механизмін іске қосады. Нәтижесінде мемлекеттің барлық халқы бір жағынан басқарылғандарға, екінші жағынан басқаратындар мен басқаруға байланысты маманданғанға бөлінеді. Сөйте тұра екіншілерінің біріншісіне қатысы тек қана басқару функцияларын емес, сондай-ақ кейбір мәжбүрлеп ықпал ету шараларын да ресми түрде жүзеге асыруына қақысы бар.

Мемлекеттің баска бір ерекше белгісі, өзінің өмір сүруі үшін халықтан салық жинауға мәжбүр болуы. Бұл салық – мемлекеттің өмір сүріп, тіршілік етуінің экономикалық негізі; салықсыз ол күн көре алмайды, өйткені қаржының жетіспеуінен немесе болмауынан оның тіршілік етуі қиындайды. Салықты мемлекеттің барлық азаматтары, соларға қоса шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар да төлейді; халықтың шамалы бөлігі ғана салық төлеуден босатылады. Мемлекет салықтан түскен қаржыны басқару және мәжбүрлеу аппаратының орасан зор армиясын ұстауға, мемлекеттің өзі жүргізетін ішкі және сыртқы саяси шараларын қаржыландыруға, медицинаны, білім беру, ғылым, мәдениет салаларын қолдауға, экономиканың маңызды салаларын ынталандыруға, қоғамдык кауіпсіздікті, құқық тәртібін, қылмыс және құқық бұзушылықпен күресті қамтамасыз етуге пайдаланады.

Мемлекеттің ерекше белгілерінің біріне оның өз азаматтарын аумақтық принцип бойынша бөлетіндігі жатады, ал алғашқы – рулық баскару ұйымының негізі мүлдем басқаша – қандас туысқандардың байланысы мен қарым-қатынасынан құралады. Енді соңғысы бұрыңғы маңызын жойды, басқару ісінде басым болудан қалды. Керісінше, мемлекет азаматтарға өздеріне тиесілі құқыктарын бөліп, оларға міндеттер жүктеу туралы мәселені шешкен кезде, оларды баскару, ұйымдастыру және басқа да шараларға тарту кезінде ең алдымен олардың аумаққа жатуын, тұрғылықты жерін ескереді.

Мемлекеттің мәні – мемлекеттің басты тағайыны, осы құбылыстың басты өзегі, яғни басты жемісі.

Мемлекеттің мәні оның мазмұнын, мақсатын, қызметінің бағыттарын анықтайды. Басқаша айтқанда мемлекеттегі билік пен оның құрамында болатындардың бәрі.

Кез келген мемлекетте қарама-қарсы қайшы болып келетін екі мән – таптық және жалпы әлеуметтік мән болады.

Аталған мемлекеттің ішкі және сыртқы функциялары түрлі жолдармен, тәсілдермен жүзеге асырылады. Олар екі топқа бөлінеді: 1) құқықтық; 2) ұйымдастырушылық.

Құқықтық тәсілге жататындар: заң, басқа да нормативтік құкықтық актілер жасау, жедел орындау, іздестіру қызметі, құқық қолдану қызметі, құқық қорғау қызметі. Ұйымдастырушылық тәсіліне жататындар: ұйымдастыру-реттеу қызметі, экономиканы ұйымдастыру қызметі, ғылымды, білім беруді ұйымдастыру қызметі, әскери-ұйымдастыру қызметі.

 Мемлекет органдары жіктелуі, Заң шығару , атқару , сот

 

Мемлекеттік органдар түрлі негіздер бойынша жіктеледі:

 

1. Туындау тәсілдері бойынша:

а)  Бастапқы (өкілдік берілген) органдар, мысалы, мұрагерлік монархия, парламент, президент. Бұл органдар басқа қандай бір органдар арқылы құрылмайды;

б) туынды (үкімет, прокуратура және т. сондайлар). Бұларды бастапқы органдар құрады және бұларға өкіметтік (биліктік) өкілеттіктерді солар береді.

 

2. Өкіметтік (биліктік) өкілеттіктердің көлемі бойынша:

а) ең жоғарғы (үкімет);

б) жергілікті (әкімшілік).

 

3. Құзырларының ауқымдылығы бойынша:

а) кұзырларынын жалпылама болып келетіндері (үкімет);

б) құзырлары арнайы түрде белгіленіп берілетіндері (ішкі істер органдары).

 

4. Билік бөлінісі қағидаттары бойынша:

а) Заң шығару органдары (Парламент);  

б) Атқарушы (Әділет жөне т.б. министрліктер);

в) Сот органдары (соттар).

 

5. Шешім қабылдау тәртібі бойынша:

а) алқалы органдар, яғни шешімді алқалы түрде қабылдайтындар (Парламент, Үкімет жөне т.б.);

б) жеке дара басшылық органдар, яғни шешімді жеке дара басшылықпен қабылдайтындар (Президент, министрліктер, комитеттер).

Мемлекеттік аппаратты ұйымдастыру мен оның қызмет атқаруын белгілеуде барлық мемлекеттік органдар үшін бірыңғай талаптар қойылады.

Талаптар - мемлекеттік органдарды құру және олардын қызмет атқаруларын айқындау тәсіл-амалдарының бастапқы идеялары, міндетті ережелері, негіздері.

 

Мемлекетті басқарудың нысаны

 

Басқару нысаны ұғымын пайымдағанда мемлекеттік ең жоғарғы биліктің ұйымдастырылуы түсініледі. Әсіресе оның ең жоғарғы және орта органдарының ұйымдастырылуы, олардың құрылымы, құзыреттері, құрылуының тәртіптік реті, өкілеттіктерінің мерзімі, халықпен қатынасу түрлері, халықтың оларды қалыптастыруға қандай дәрежеде қатысатыны түсініледі?

Басқаша айтқанда басқару нысаны - мемлекеттегі жоғары егемендік биліктің ұйымдастырылуы, оның органдарының өзара және халықпен байланысын сипаттайды. Басқару нысаны мемлекет нысанындағы ең басты жетекші элемент болып табылады.

Ежелгі грек философы Аристотель өз заманында басқарудың нысанын жоғарға өкіметтік биліктің жүзеге асырылуының қалай орындалатынына байланысты жіктеген болатын. Онда жоғарғы өкіметтік билікті жеке адамның бір өзі атқаратын түрін – монархия, шектеулі адамдар арқылы атқарылатын жоғарғы өкіметтік билік – аристократия және бүкіл халықтың қатысуымен атқарылатын жоғары өкіметтік билік – демократия деп жіктеген болатын.

Басқару нысандарының осы көрсетілген айырым белгілері қазіргі кезге шейін сақталды. Жоғарғы билікті жалғыз адам атқара ма? Әлде ол билік сайланбалы алқалы органға тиесілі ме? Міне осы жәйтке байланысты басқару нысаны ерекшелеу барысында ажыратылады. Енді осыны байланыстыра отырып басқарудың монархиялық және республикалық нысандарын атап, бөліп көрсетуге болады.

Монархия – мемлекеттің егеменді жоғары билігі бір адамның қолында өмір бойы болады және атадан балаға мұра (мирас) ретінде беріледі (өтіп отырады). Монарх (патша, король, перғауын (фараон), қаған, хан және тағы басқалар) ешкімнің алдында жауапты болмайды. Ол тек құдайдың алдында ғана жауапты.

Республика. Басқарудың бұл нысаны бойынша мемлекеттегі ең жоғары билік (өкімет) сайланбалы органдарға тиесілі болып келеді. Мұндай органдар белгілі бір мерзімге ғана сайланады және олар сайлаушылар алдында жауапты болады.

 

Құқық (объективтік тұрғыдан қарағанда) - адам мен қоғамның жаратылысымен байланысты тұлғаның бостандығын білдіретін, қоғамдық қатынастарды реттейтін, ресми құжаттарда анықталған, мемлекеттің күшімен қамтамасыз етілетін құқықтық нормалардың жиынтығы.

Енді, құқықтың негізгі белгілерін қарастырайық.

Жүйелілігі. Құқық – бірнеше бөліктен тұратын жүйелі құрылыс. Оның бір бөлігі – табиғи құқықтың мазмұны адам мен қоғамның табиғатына байланысты әлеуметтік-құқықтық талаптармен анықталады. Мысалы, адамның өмірі, денсаулығы табиғи құбылыстар. Оларды сақтауға, қорғауға, қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық нормалар табиғи құқыққа жатады. Қазақстан  Республикасының Конституциясында былай деп жазылған:

“Әркімнің өмір сүруге құқығы бар. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ” (15-бап). Құқықтық жүйенін екінші бөлігі – мемлекеттегі қолданылатын барлық заңдардың жиынтығы. Құқықтық жүйенің үшінші бөлігі – субъективтік (түлғалық) құқықтар. Осы айтылған бөліктер бірімен-бірі табиғи түрде байланысты, бірінсіз басқаларын түсінуге, жүзеге асыруға болмайды. Мысалы, тек әр адамның өмір сүруге құқығы бар деп жарияланса, оның жүзеге асырылуы қамтамасыз етілмесе, адамның өз өмірін сақтауға, корғауға мүмкіндігі болмаса, аталған құқық қағаз бетінде ғана жазылып қалған болар еді. Адам өзіне қажетті рухани және мүліктік игілікті пайдалану үшін өзі белсенді әрекет жасауы керек. Адамның әлеуметтік-құқықық талаптарының мағынасы – оны мемлекеттің тануы, қорғауы, қажет болған жағдайда қамтамасыз етуі.

 

2-дәріс. ҚР Конституциялық құқығының негіздері.

Тақырып №1: ҚР КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰҚЫҒЫ - ҰЛТТЫҚ ҚҰҚЫҚТЫҢ ЖЕТЕКШI САЛАСЫ.

 

Дәрістің  мақсаты: құқық саласы ретінде ҚР конституциялық құқығын меңгеру, оның нормалары мен құқықтық қатынастарын, қайнар көздерін ұғыну.

 

Дәрістің міндеттері:

 - конституциялық құқықтың түсінігін анықтау, ұлттық құқық жүйесіндегі жетекшілік рөлін ұғыну;

 

Конституциялық құқықты үш тұрғыда қарастырамыз: құқық саласы ретінде, ғылым саласы ретінде және оқу тәртібі ретінде.

Құқық саласы ретінде конституциялық құқық – бұл қоғам мен мемлекеттің құрылысының негіздерін, атап айтсақ Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысының негіздерін, жеке адамның құқықтық жағдайының негіздерін, мемлекеттік биліктің ұйымдастырылуы мен қызметінің қағидаларын, жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару негіздерін реттеп, бекітетін нормалардың жиынтығын білдіретін ұлттық құқықтың бір саласы.

Конституциялық құқық саласының пәні болып оның нормаларымен реттелетін қоғамдық қатынастар ұғынылады. Олай болса, конституциялық құқықтың реттеу пәні болып келесі қоғамдық қатынастар жиынтығы табылады: ҚР конституциялық құрылысының негіздері, жеке адамның құқықтық жағдайының негіздері, мемлекеттік биліктің ұйымдастырылуы мен қызметі, сайлау құқығы мен сайлау жүйесі,  әкімшілік-аумақтық құрылысы, жергілікті өзін-өзі басқарудың негіздері табылады.

Конституциялық құқықтың реттеу тәсілдері – бұл конституциялық құқық нормаларының конституциялық құқықтың пәні болып табылатын қатынастарды реттеп, бекітетін амал-әдістері: тану тәсілі, құқық беру тәсілі, міндеттеу және тиым салу тәсілдері.

Конституциялық құқықтың ұлттық құқық жүйесінде алатын орны ерекше. Ол жетекші, фундаменттік құқық саласы ретінде анықталады. Себебі, 1-ден, конституциялық құқық қоғамның барлық салаларына (экономикалық, әлеуметтік, саяси, мәдени т.б.) әсер етеді, ал өзге құқық салалары тек бір салаға ғана әсер етеді, 2-ден, конституциялық құқық сол салалардың барлық қатынастарын емес, тек негізгі, басты қатынастарын ғана реттеп, бекітеді. Өзге құқық салалары болса конституциялық құқық бекіткен қатынастарды басшылыққа ала отырып тиісті саланы толығымен реттеп, нақтылайды. Демек, конституциялық құқық өзге құқық салалары үшін негіз болатын нормалар белгілейді.

Жоғарыда атап кеткеніміздей конституциялық құқық қоғамдық қатынастардың нақты бір тобына конституциялық құқықтық нормалары арқылы әсер етеді. Конституциялық құқықтық норма – бұл конституциялық құқықтың пәні болып табылатын қатынастарды реттеп, бекітетін жүріс-тұрыс ережесі. Ол конституциялық құқықтық қатынасқа қатысушылардың жүріс-тұрысын анықтайды.

Конституциялық құқықтық нормалардың мынадай негізгі сипаттарын (нышандарын) көрсетуге болады:  

- біріншіден, конституциялық құқықтық норма – жалпыға міндетті ереже, яғни ол тұлғалар мен түрлі ұйымдарға қоса мемлекеттің өзі үшін де орындалуы міндетті болып табылады.

- екіншіден, конституциялық құқықтық норма – нысанды анықталған ереже, яғни олар белгілі бір актінің нысанында шығарылады (мысалы, жарлық, қаулы, заң т.б.).

- үшіншіден, конституциялық құқықтық норма – нақты анықталған жүріс-тұрыс ережесі. Бұл оның нақты құқықтар мен міндеттерді, жүріс-тұрысты белгілейтіндігін анықтайды.

- төртіншіден, конституциялық құқықтық норма – мәжбүрлі ереже, яғни оның орындалуы мемлекеттің ықпалымен, мәжбүр ету күшімен қамтамасыз етіледі. 

Конституциялық құқықтық нормалар өзге құқықтық нормалардан бірқатар өзгешеліктерімен ерекшеленеді. Нақты айтсақ, конституциялық құқықтық нормалардың ерекшеліктері болып келесілер табылады:

А) конституциялық құқықтық нормалардың негізінде белгілі бір құқықтық қатынастардың түрі пайда болады;

В) конституциялық құқықтық нормалар реттеу пәні бойынша ерекшеленеді. Яғни, конституциялық құқықтың нормалары ерекше сипаттағы, негізгі, фундаменталдық қатынастарды реттейді;

С) қайнар көздері (бастаулары) бойынша ерекшелінеді, яғни конституциялық құқықтық нормалар басқа құқықтық нормаларға қарағанда мемлекеттің негізгі заңы - Конституцияда көбірек белгіленген. Тиісінше заңиды күші де көбінесе жоғарырақ болып келеді;

Д) конституциялық құқықтық нормалар бірнеше бағытты қамтуға арналған;

Е) конституциялық құқықтық нормалар құрылымына қарай ерекшеленеді. Нақты айтсақ, конституциялық құқықтық нормаларда өзге құқықтық нормаларға қарағанда санкция өте сирек кездеседі;

И) конституциялық құқықтық нормалар көбіне нақты реттеушілік емес, жалпы реттеушілік сипатта болады. Мұнда мақсат, міндет, анықтама, мәртебе, қағида нормалары көп болады;

К) конституциялық құқықтық нормаларға құрылтайшылық немесе ұйымдастырушылық сипат тән.

Конституциялық құқықтық нормалардың түрлері:

1) мазмұны немесе пәні бойынша:

-         конституциялық құрылыс негіздерін бекітетін нормалар;

-         жеке адамның құқықтық жағдайының негіздерін бекітетін нормалар;

-         мемлекеттік биліктің ұйымдастырылуы мен қызметінің қағидаларын бекітетін нормалар;

-         жергілікті өзін-өзі басқарудың ұйымдастырылуы негіздерін бекітетін нормаларды.

2) заңды күші бойынша:

-         конституциялық - конституцияда көрініс тапқан нормалар

-         субконституциялық - конституциядан өзге актілерде, яғни заңдарда, Президенттің жарлықтарында, Парламенттің қаулыларында, Үкіметтің актілерінде, орталық және жергілікті атқарушы органдардың актілерінде, мәслихаттың шешімдерінде, Конституциялық Кеңестің қаулыларында және т.б. көрініс тапқан нормалар.

3) әрекет ету аумағы бойынша:

-         республикалық - республиканың бүкіл аумағында әрекет ететін нормалар;

-         жергілікті  - республиканың белгілі бір аумағының шегінде әрекет ететін нормалар.

4) құрамында көрсетілген ережелердің сипатына байланысты:

-         өкілеттік (құқық) беруші нормалар - субъектіге (мемлекеттік органға, қоғамдық бірлестікке, азаматтарға) қандай да бір жағымды әрекет жасауға құқық беретін нормалар; 

-         міндет жүктеуші нормалар - адамдардың, қоғамдық бірлестіктердің, мемлекеттік органдардың белгілі бір жағымды әрекеттер жасау жауапкершілігін, міндеттілігін белгілейтін нормалар;

-         тиым салушы нормалар - қандай да бір әрекеттерді жасауға болмайтындығын белгілейтін нормалар.

5) құрамындағы көрсетілген ережелердің анықталғандық, нақтылық дәрежесіне  байланысты:

-         императивтік нормалар;

-         диспозитивтік нормалар;

Императивтік нормаларға өте бір қатаңдық, өктемдік тән, оның орындалуы біржақты өктем болып келеді. Мысалы, заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу әркімнің борышы әрі міндеті болып табылады /35бап/. Ал, диспозитивтік нормаларда құқықтық қатынасқа түсушілерге белгілі дәрежеде еркіндіктер беріледі.

6) құқықтық реттеу механизміндегі атқаратын  рөлі бойынша:

-         жалпы – анықтама, қағида, мақсат, міндет нормалары;

-         материалдық - мемлекеттік органдардың және басқа да субъектілердің қызметтерінің негіздерін, олардың құқықтық мәртебелерін, құзыреттерін, құқықтарын т.б. жағдайларын айқындайтын нормалар;

-         процессуалдық  -  материалдық норманың жүзеге асырылу процедурасын белгілейтін нормалар

Конституциялық құқықтық нормалар конституциялық құқықтың пәні болып табылатын қоғамдық қатынастарды реттейді. Конституциялық құқықтық нормалардың тиісті қоғамдық қатынастарға әсер етуінің нәтижесінде конституциялық құқықтық қатынастар пайда болады. Олай болса, конституциялық құқықтық қатынастар – бұл конституциялық құқықтық нормалармен реттелетін қоғамдық қатынастар.

Конституциялық құқықтық қатынастардың өзге құқықтық қатынастармен ұқсас жалпы белгілері:

-         кезкелген құқықтық қатынас – бұл құқықтық нормалардың қоғамдық қатынастарды реттеуінің нәтижесі;

-         реттеу нәтижесінде тиісті субъектілер арасында заңи байланыс пайда болады;

-         қоғамдық қатынастар арқылы ғана құқық нормалары пайда болады, таратылады.

Конституциялық құқықтық қатынастардың өзіндік ерекшеліктері:

1. өз мазмұнымен ерекшелінеді, яғни конституциялық құқықтың пәнін құрайтын қатынастар саласында пайда болады, қоғам құрылысы мен мемлекет құрылысының негіздерін білдіреді;

2. басқа құқықтық қатынастардың негізі болып табылады;

3. қоғам өмірінің барлық жақтарында болады, тиісінше қоғамдық қатынастардың алуан түрлілігінің көптігімен ерекшеленеді;

4. кейбір субъектілері ерекше келеді. Яғни, кейбір субъектілер конституциялық құқықтық қатынастардан басқа ешбір қатынастардың субъектісі (қатысушысы) бола аламайды (мысалы, мемлекет, халық, ұлт, ұлыс т.б.)

Конституциялық-құқықтық қатынастың мазмұнын оның субъектілері арасындағы өзара құқық пен міндет нысанындағы заңды байланыс құрайды. Олай болса, конституциялық құқықтық қатынастардың мазмұнына келесі элементтер кіреді:

1. субъектісі – конституциялық құқықтық қатынасқа қатысушылар (мемлекет, халық, мемлекеттік органдар, ұлттар, әкімшілік аумақтық бірліктер, қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, азаматтар, депутаттар, шетел азаматтары, азаматтығы жоқ адамдар);

2. объектісі -  (мемлекеттік билік, мемлекеттің аумағы, материалдық игіліктер, құнды заттар, мемлекеттік органдардың, лауазымды тұлғалардың әрекеттері, адамдардың жүріс-тұрысы, азаматтардың мүліктік емес құқықтары және т.б.);

3. субъективтік құқықтар мен заңды міндеттер.

Конституциялық құқықтың қайнар көздері дегеніміз конституциялық құқықтық нормалардан тұратын актілер. Кеңірек ашып қарастырар болсақ, конституциялық құқықтың қайнар көздері болып конституциялық құрылыс негіздерін, жеке адамдардың құқықтық жағдайының негіздерін, мемлекеттік биліктің ұйымдастырылуы мен қызметінің қағидаларын, жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару негіздерін реттеп, бекітетін нормалардан тұратын актілер табылады. Олардың екі түрі бар: ішкі қайнар көздер және сыртқы қайнар көздер. Сыртқы қайнар көздерге конституциялық құқықтық нормалардан тұратын Қазақстан Республикасы бекіткен актілер кіреді (халықаралық келісімдер, шарттар, пактілер т.б.).Ішкі қайнар көздер болып конституциялық құқықтық нормалардан тұратын ҚР халқымен, мемлекеттік органдарымен және лауазымды тұлғаларымен қабылданған нормативтік құқықтық актілер табылады

 

3-дәріс. ҚР Азаматтық  құқығының негіздері.

Тақырып №3:  ҚР АЗАМАТТЫҚ  ҚҰҚЫҒЫНЫҢ НЕГІЗДЕРІ

 

Дәрістің  мақсаты: құқық саласы ретінде Азаматтық құқығын құқығын меңгеру, оның нормалары мен құқықтық қатынастарын, қайнар көздерін ұғыну.

 

Дәрістің  міндеттері:

 - Азаматтық құқықтың түсінігін анықтау, құқық жүйесіндегі рөлін ұғыну;

"Азаматтық құқық" атауы ежелгі уақыттан бері белгілі, оны римдік заңгерлер Рим азаматтарының құқығы – цивильді (jus civile) құқығы деп атаған.

Тарихтан белгілі Римдіктердің құқығы осы атаумен белгіленді. Римдік jus civile көне римдегі азаматтардың мемлекеттік, қоғамдық және жеке өзіндік қатынастарын реттеді және қазіргі азаматтық құқыққа қарағанда ұғымы әлдеқайда кең болды. Қазіргі кезде азаматтық құқықтың римдік атауы сақталғанымен оның мазмұны барынша өзгерді. Дейтұрғанмен соған қарамастан "civil" атауы еуропалық құқықтануға еніп қана қоймай, заң терминалогиясына (Zivilrecht, droitcivil, civil) кірді. Сондықтан да азаматтық құқықты цивилистік деп атайды, ал бұл саладағы мамандарды – цивилистер деп жүр.

Римде құқықты жария және жеке (Jus publicum, jus privatum) деп екі салаға бөлінгенін білеміз. Жария және жеке құқықтардың классикалық аражігін Ульпиан былайша атап көрсетеді: "жария құқық дегеніміз рим мемлекетінің құқықтық мәртебесіне қатысты, ал жеке құқық болса жекелеген адамның мүддесіне сай келеді".

Қазақстан Республикасы азаматтық құқығының пәнін тауар-ақша қатынастары және қатысушылардың теңдігіне негізделген өзге де мүліктік қатынастар, сондай-ақ мүліктік қатынастарға байланысты мүліктік емес жеке қатынастар құрайды. Сонымен қатар мүліктік емес жеке қатынастар азаматтық заңдармен реттеледі, өйткені олар басқа заң құжаттарында өзгеше көзделмеген не мүліктік емес жеке қатынастар мәнінен туындамайды.

Азаматтық құқықпен реттелетін қоғамдық қатынастар негізінен мүліктік қатынастар негізінен мүліктік қатынастар болып табылады. Материалдық игіліктермен (мүлікпен, жұмыспен, қызмет көрсетумен, ақшамен, құнды қағаздармен басқа да мүліктермен) байланысы бар қоғамдық қатынастар мүліктік қатынастар деп аталады. Мұндай қатынастар иелену немесе мүліктің тиістілігіне қарай (заттық қатынас), мүліктің бір адамнан екіншісіне ауысуы, өтуі (міндеттемелік қатынас) , меншік иесінің қайтыс болуына байланысты заттың тағдырын шешу (мұрагерлік қатынас) тәрізді қатынастар тұрғысынан көрінсе, онда олар азаматтық заңмен реттеледі. Бір сөзбен айтқанда, мүліктік қатынас дегеніміз мүліктерді сатып алу, иелену, басқа адамдарға беру мен пайдалану жөніндегі қатынас болып табылады. .

Азаматтық құқықтың мынадай қағидалары бар: 1. Азаматтық құқықтық қатынасқа түсушілердің теңдігі; 2. Меншікке және басқа заттық құқыққа қол сұқпаушылық; 3. Шарт еркіндігі; 4. Жеке істерге кімнің болса да озбырлықпен араласуына жол беруге болмайды; 5. Азаматтық құқықтарды кедергісіз жүзеге асыру; 6. Нұқсан келтірілген құқықтардың қалпына келтірілуін қамтамасыз ету; 7. Азаматтық құқықты сот арқылы қорғау. Міне, осы қағидалардың бәрі де Азаматтық кодекстің "Азаматтық заңдардың негізгі бастаулары" деп аталатын 2-бабында бекітілген. Яғни сол арқылы мемлекет пен қоғамның азаматтық заңдарының алдыға қойған мақсаты мен міндетін орындаудағы азаматтық заңның демократиялық және ізгілікті қасиеттері көрініс береді.

Қазақстан Республикасы азаматтық құқық жүйесі Жалпы және Ерекше бөлімдерден тұрады.

1. Жалпы бөлім.

1. "Жалпы ережелер" (тараулары: азаматтық құқықтық қатынастарды реттеу, азаматтық құқық субъектілері, т.б.).

2. "Меншік құқығы және өзге де заттық құқықтар".

3. "Міндеттемелік құқық".

Қазақстан Республикасының Азаматтық құқығының ерекше бөлімі мыналарды қамтиды:

4. "Міндеттемелердің жекелеген түрлері".

5. "Интеллектуалдық меншік құқығы".

6. "Мұрагерлік құқық".

7. "Халықаралық жеке құқық".

Азаматтық құқық қатынастарының субъектiлерi өз ара тең болады. Бұл жерде әкiмшiлiк құқық қатынасынан азаматтық құқық қатынасының айырмашылығын көруiмiзге болады.

Екiншi ерекшелiгi ол, субъектiлердiң көптiгi. Азаматтық құқық қатынастарына жеке және заңды тұлғаларда қатыса алады.

Келесi ерекшелiгi: Объектiлерiнiң (ерекшелiгi) көптiгi заттар, қызмет көрсету, мәлiмет тарату, интелектуалдық қызмет нәтижелерi, материалдық емес игiлiктер.

Келесi ерекшелiгi: бұнда қатысушылардың келiсiмiмен азаматтық құқық қатынастарының пайда болуы.

Бесiншi ерекшелiгi: Азаматтық құқық қатынастарына түсушi жақтардың құқықтары бұзылған жағдайда олар сотқа шағымдануға толық құқығы бар.

Алтыншы ерекшелiгi: Азаматтық құқық қатынасына түсушi жақтардың бiреуiне зиян келтiрiлген жағдайда ол зиянның орнының толтырылу мiндеттiлiгi.

Осыны қортындылай келе азаматтық құқық қатынасына анықтама берсек. Азаматтық құқық қатынасы дегенiмiз азаматтық құқық нормаларымен реттелетiн мүлiктiк және мүлiктiк емес қатынастар болып табылады. Азаматтық құқық қатынастардың мазмұнына келетiн болсақ, ол азаматтардың яғни тұлғалардың субъективтiк құқықтары мен субъективтi мiндеттерiнен тұрады.

2. Азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысушы тұлғалар олардың субъектілері болып табылады. Азаматтық-құқықтық қатынастар субъектілерінің ауқымы АК-ның 2-тарауында айқындалған. Құқық, оның ішінде азаматтық құқық реттеп отыратын қатынастар қоғамдық қатынастар, яғни адамдар арасындағы қатынастар болып табылады. Жекелеген индивидтер, сондай-ақ олар құрайтын ұжымдық түзілімдер осындай қатынастардың қатысушылары бола алады. Заң актілерінде және өзге де нормативтік құқықтық актілерде азаматтық құқық субъектілерін белгілеу үшін әдетте "тұлғалар" деген жинақтаушы термин пайдаланылады. Азаматтық-құқықтық қатынастарға құқық берілген немесе міндетті адам ретінде қатысу мүмкіндігі құқық субъектіліктің болуын талап етеді, ал ол құқық қабілеттілігі мен әрекет қабілеттілігін қамтиды. Азаматтық құқықтарды иеленіп, міндеттер атқару қабілетін құқық қабілеттілігі деп түсінеміз. өз әрекеттерімен құқықтарды иеленіп, оларды жүзеге асыру, сондай-ақ міндеттерді белгілеп, орындау қабілеті әрекет қабілеттілігі болады. Меншік, шаруашылық жүргізу немесе оралымды басқару құқығындағы оқшау мүлкі бар және сол мүлікпен өз міндеттемелері бойынша жауап беретін, өз атынан мүліктік және мүліктік емес өзіндік құқықтар мен міндеттерге ие болып, оларды жүзеге асыра алатын, сотта талапкер және жауапкер бола алатын ұйым заңды тұлға деп танылады. Қызметінің мақсаттарына қарай заңды тұлғалар коммерциялық және коммерциялық емес заңды тұлғаларға бөлінеді. Өз қызметінің негізгі мақсаты ретінде табыс табуды көздейтін заңды тұлғалар коммерциялық ұйымдарға жатады. коммерциялық емес ұйымдар табыс табудан өзге мақсаттар бірлесіп ғибадат ету және тиісті дінді тарату болып табылады. Заң актілерінде көзделген ұйымдық-құқықтық нысандарда ғана заңды тұлғалар құруға болады. коммерциялық ұйымдар үшін мұндай нысандардың жеткілікті тізбесі заңда анық көрсетілген.

Жеке және заңды тұлғалармен қатар, азаматтық-құқықтық қатынастардың қатысушылары мемлекет пен әкімшілік-аумақтық бөліністер (облыстар, аудандар, қалалар және т.б.) болуы мүмкін, бұлар азаматтық-құқықтық қатынастарда осы қатынастардың өзге де қатысушылармен тең негіздерде әрекет етеді. Мемлекет пен әкімшілік-аумақтық бөліністер заңды тұлғалар болып табылмайды, алайда заңды тұлғалардың азаматтық-құқықтық қатынастарға қатысуын анықтайтын нормалар бұларға да қолданылады (заң актілерінде көзделген жағдайлардан басқа реттерде).

Азаматтық құқықтардың объектілері – мүліктік және өзіндік құқықтарға сипаттама беруде мынаны ескеру қажет: заң әдебиеттерінде азаматтық құқықтық қатынастарды қарастыруда субъективтік құқықтар, әдетте, құқықтық қатынастардың объектілері ретінде емес, олардың мазмұнының немесе нысанының элементтері ретінде айқындалады.

 Бірақ мұндай көзқарас құқықтық қатынастардың дамуын, субъект ұғымының, мазмұн объектісінің және құқықтық қатынастар нысанының салыстырмалы сипатын тиісті дәрежеде ескермейді. Субъективтік мүліктік құқық құқықтар объектісі ретінде әрекет ете алады және көбіне осылай әрекет етіп келеді, бұл АК-ның 115-бабының 1-тармағында тікелей көзделген. Мүліктік құқық, мысалы, жаңа құқықтық қатынастар түзетін мәмілелердің нысанасы болатын кезде құқық объектісі ретінде әрекет ете алады және әрекет етеді. Мысалы, жерді тұрақты пайдалану құқықтық қатынастарында объект мүлік игілік – жер учаскесі болып табылады. Бірақ жерді тұрақты пайдалану құқығы мәмілелердің нысанасы болуы мүмкін. Сонымен, жерді тұрақты пайдалану құқығын сату немесе өзгеше беру жағдайында жаңа міндеттемелік қатынас, мысалы, жерді пайдалану құқығын сатып алу-сату міндеттемесе пайда болады. Бұл арада "құқыққа құқық" сатып алу-сату міндеттемесінің объектісі – жер пайдалану құқығына сатушы мен сатып алушының құқығы пайда болады.

Сонымен, АК азаматтық құқықтар объектілерін мынадай негізгі екі топқа бөледі: мүліктік игіліктер мен құқықтар және мүліктік емес өзіндік игіліктер мен құқықтар.

 

Мәмілелер юридикалық фактілердің негізгі түрі болып табылады.

Азаматтың құқық айналысында мәмілелер құқтық қатынастарды тудыратын негізгі құжат болып табылады. Азаматтық кодекстің 147-бабында мәміленің ұғымы берілген. Онда – «Азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін белгілеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған әрекеттері мәмілелер деп танылады.»[1]

 

 

 

4-дәріс. ҚР Әкімшілік  құқығының негіздері.

Тақырып №4: ҚР ӘКІМШІЛІК  ҚҰҚЫҒЫНЫҢ НЕГІЗДЕРІ

 

Дәрістің  мақсаты: құқық саласы ретінде Әкімшілік құқығын меңгеру, оның нормалары мен құқықтық қатынастарын, қайнар көздерін ұғыну.субъектілері мен объектілерін ажырату, әкімшілік құқықбұзушылық пен әкімшілік жауаптылық.

 

Дәрістің  міндеттері:

 - Әкімшілік құқық бұзушылықтың түсінігін анықтау, құқық жүйесіндегі рөлін ұғыну;

 

1.1 Әкімшілік құқық бұзушылықтың ұғымы және белгілері

 

Қазақстан Республикасында, осы кезеңдегі кез-келген өзге мемлекет сияқты, заңды түрде міндетті болып табылатын өте көп әртүрлі ережелер бар.

Бұл сияқты ережелердің мақсаты барлық немесе көптеген азаматтардың, сондай-ақ кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың, олардың ведомстволық бағыныстылығы мен меншік нысанына қарамастан, мүдделеріне тікелей әсер ететін қызметтің белгілі бір аяларында құқықтық тәртіп пен тиісті мемлекеттік тәртіпті қамтамасыз ету болып табылады. Кейде бұл ережелерді жалпы міндетті деп негізсіз айтпайды.

Бұлар қоғамдық орындардағы мінез-құлық ережелері, жол қозғалысы мен әр түрлі көлік құралдарын пайдалану ережелері, еңбекті қорғау мен техникалық қауіпсіздік ережелері, сауда ережелері, санитарлық, ветеринарлық және өрт қауіпсіздігі ережелері, аң аулау, балық аулау ережелері, азаматтық қаруларды, жарылғыш және радиоактивтік заттарды сатып алу, есепке қою, сақтау және пайдалану ережелері, кеден ережелері, халықтың денсаулығын, қоршаған ортаны, жер қойнауын пайдалануды қорғау, тарих пен мәдениет ескерткіштерін  қорғау аясында қолданылатын ережелер, т.б.

Бұл сияқты ережелерді сақтау мемлекеттің, кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдар мен азаматттардың мүдделеріне сәйкес келеді, ал оларды бұзу бұларға қайшы келеді және зиянды, тіпті қоғамдық қауіпті салдарларға жиі келтіреді. Мысалы, жолаушылардың билетсіз жүруі көлік кәсіпорындарына мүліктік зиянды келтіреді, жол қозғалысы ережелерін бұзу адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп туғызады, көлік құралдарын зақымдауға келтіреді, жолдың жүріп өту мүмкіндігін азайтады, аң аулау мен балық аулау ережелерін бұзу, жануарлар дүниесіне, сөйтіп қоғамға да зиян келтіреді, т.с.с.

Міндетті болатын ережелер көптеген субъектілер тобына арналады. Біреулері – барлық азаматтар мен заңды тұлғаларға, екіншілері – шаруашылық, әлеуметтік-мәдениет және әкімшілік-саяси қызметтің қандай да болмасын салаларының қызметкерлеріне, үшіншілері – мемлекеттік, қоғамдық, коммерциялық ұйымдарда белгілі бір лауазымдық қызмет атқаратын лауазымды адамдарға.

Барлық аталған және өзге де көптеген ережелер заңдармен белгіленеді. Мысал ретінде «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» 2004ж. 9- шілдедегі, «Жол жүрісі қауіпсіздігі туралы» 1996ж. 15-шілдедегі; «Өрт қауіпсіздігі туралы» 1996ж. 22-қарашадағы заңдарды айтуға болады. Жекелеген атқарушы билік органдары да мұндай ережелер тағайындай алады. Мәселен, ҚР-сы Үкіметінің 2004ж. 5-ақпандағы қаулысымен бекітілген «Жұқпалы ауруларды шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді жүзеге асыру ережесі». ҚР-ның энергетика және минералдық ресурстар министрлігі жер қойнауын пайдалану мен қорғаудың ережелерін бекітуге құқылы.

Міндетті болатын ережелердің маңызды ерекшеліктерінің бірі олар әкімшілік санкциялармен қорғалады, ал оларды бұзу әкімшілік құқық бұзушылық ретінде саналады. Бұл сияқты құқық бұзушылықтардың негізгі белгілері мен заңдық сипаттамасы 2001ж. 30-қаңтарда қабылданған «ҚР-ның әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде» (ӘҚБтК) қаралған.

ӘҚБтК-тің 28-бабы бойынша жеке адамның осы Кодекспен әкімшілік жауаптылық көзделген құқыққа қарсы, кінәлі (қасақана немесе абайсызда жасалған) іс-әрекетті не әрекетсіздігі немесе заңды тұлғаның құқыққа қарсы іс-әрекеті не әрекетсіздігі әкімшілік құқық бұзушылық болып танылады. Бірақ Кодекстің Ерекше бөлімінің баптарында көзделген құқық бұзушылықтар үшін, егер бұл бұзушылықтар өзінің сипаты бойынша қолданылып жүрген заңдарға сәйкес қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпаса, әкімшілік жауаптылық туындайды.

Әкімшілік құқық бұзушылықтың ұғымын мынадай бірнеше белгілер сипаттайды. Біріншіден, бұл іс-әрекет немесе әрекетсіздік, яғни әрекет; екіншіден, қоғамдық қауіпті әрекет; үшіншіден, құқыққа қарсы әрекет; төртіншіден, кінәлі әрекет; бесіншіден, жазаланатын әрекет.

Әкімшілік құқық бұзушылық – бұл заңдық патологияның (қалыптан тыс ауа жайылудың), ауыт кететін мінез-құлықтың бір түрі, ол не іс-әрекет, не әрекетсіздік нысанында болады.

Іс-әрекет – бұл міндет немесе заңды талап түрінде болатын құқықтық нұсқаманы өршігіп орындамау; нақты тыйымды, ережені, норманы, стандартты бұзу (мысалы, жүргізушілердің масаң күйінде көлік құралдарын жүргізуі, тұрғын жайларды пайдаланудың ережелерін бұзу, өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы нормативтік құжаттардың талаптарын бұзу).

Әрекетсіздік – бұл тұлғаның өзіне жүктелген міндеттерге байланысты жасауға тиісті және істей алатын іс-әрекеттерді істемеуінен көрініс табатын енжар мінез-құлқы (мысалы, табыстары туралы декларация беруден жалтару, монополияға қарсы органның нұсқамаларын орындамау, т.с.с.).

Әкімшілік құқық бұзушылықтың мәні оның қоғамдық қауіптілігімен айқындалады. Мемлекет құқық нормаларында мінез-құлықтың міндетті ережелерін бекіте отырып, оларды бұзған үшін мемлекеттік мәжбүрлеуді қолдану мүмкіндігін қарайды. Құқық бұзушылықтың тап осы қоғамдық қауіптілігі оны жасаған үшін жауаптылыққа себеп болады. Бұл белгінің болмауы құқық бұзушылықтың да болмағанын дәлелдейді.

Кез-келген әкімшілік теріс қылық, белгіленген құқықтық тәртіпке қол сұға отырып, оған қандай да болмасын бір зиян келтіреді, басқару қатынастарының реттелінгендігін, келісімділігін, үйлесімділігін бұзады. Осыдан туындайтын жағымсыз нәтиже нақты зиян ретінде де (ұсақ ұрлық, билетсіз жүру), сондай-ақ зиян пайда болу үшін жағдай жасау ретінде де (санитарлық-гигиениалық және санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді бұзу) көрініс табуы мүмкін.

Қылмыстармен салыстырғанда әкімшілік құқық бұзушылықтар ӘҚБтК-те қоғамдық қауіпті әрекеттер ретінде сипатталмаған, бірақ олардың зияндылығын ол мыналарды көрсетумен белгілеген, олар қоғамдық тәртіпке, меншікке, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, басқарудың тәртібіне қол сұғады деп көрсетумен белгіленген. Мысалы, ӘҚБтК-тің 355-б құқық қорғау органдарының уәкілетті қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына қасақана бағынбауды қараған. Сөйтіп мұндай әрекеттерге жол берілмейтіндігі бекітілген, өйткені олар басқарудың белгіленген тәртібіне қол сұғады.

Шындығында, құқық бұзушылықтың қай түрі болса да құқыққа қарсы болатындықтан қоғамдық қауіпті екендігі белгілі. Сондықтан да қылмыстық істерге, олардың құқыққа қарсылығын айқындайтын қосымша элемент ретінде, қоғамдық қауіптілік пайдаланылады. Ал әкімшілік құқық бұзушылық заңда бекітілген анықтамасы бойынша қоғамдық қауіпті әрекет емес сияқты. Бұл шындығында осылай ма?

Қоғамдық қауіптілік құқық бұзушылық әрекеттің қоғам үшін зиянды екендігін, оған немесе қоғамдық қатынастарға елеулі зиян келтіретінін немесе шынайы қауіп туғызатынын білдіреді. Сондықтан қылмыстық заңнаманың міндеті қоғамдық құрылысқа, меншікке, жеке адамға және оның субъективтік құқықтарына, құқықтық тәртіпке қол сұғумен күресу болып табылады. ӘҚБтК-тің 7-бабы да әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңдардың дәл осындай міндеттерін бекіткен. Демек, қылмыс пен әкімшілік құқық бұзушылықтың қол сұғатын объектілері бірдей.  Сондықтан бұл мынадай қорытынды жасауға негіз болып табылады: қоғамдық қауіптілік әкімшілік құқық бұзушылықтың да белгісі, оның құқыққа қарсы көрінісі болып табылады. Егер бұл әрекеттер қоғам мүдделері үшін ешқандай қауіп-қатер болып табылмайтын болса, онда мемлекет өзінің билігін неге осы сияқты әрекеттермен күресу үшін пайдаланатынын және сонымен бірге мәжбүрлеу сипаты бар заңдық құралдарды кеңінен қолданылатынын түсіну қиын.

Кейде әкімшілік құқық бұзушылықтарды қоғамға қарсы деп айтады, бұл да олардың қоғамдық қауіптілігімен үндес. Әрине, олар сонымен бірге зиянды да. Өйткені бұл сияқты әрекеттердің қоғам, азаматтар, органдар мен заңды тұлғалар үшін зияндық салдарлары болады (немесе олар болуы мүмкін). Сондықтан да белгілі бір іс-әрекеттерді жасауға тыйым салу белгіленеді немесе белгілі бір әрекетсіздіктерге жағымсыз заңдық баға қаралады. Бұл да олардың қоғамдық қауіптілігінің көрсеткіші.

Құқыққа қарсы, зияндық салдарларының сипаты мен көлемі, кінәлілік дәрежесі сияқты мұндай белгілердің жиынтығы қылмыс пен әкімшілік құқық бұзушылықтардың арасындағы арақатынастың негізіне жатады. Осының негізінде олар жазалану сипаты бойынша да айырылысады: қылмыспен салыстырғанда әкімшілік құқық бұзушылық үшін жаза тым жеңіл болады.

Сонымен, әкімшілік құқық бұзушылықты қылмыстан айырудың бірден-бір белгісі тек қоғамдық қауіптілік дәрежесі; ол әкімшілік теріс қылықта қылмыстағы қауіптіліктен аз болады.

Әкімшілік құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілігі белгісінің заңдық көрінісі құқыққа қарсылық болып табылады. Қазақстан мемлекеті, қандай да болмасын бір іс-әрекетті немесе әрекетсіздікті қоғамдық қауіпті деп, оларды жасауға құқықтық тыйым белгілейді. Құқыққа қарсы деп белгілі бір тұлғаның құқық нормасымен тыйым салынған іс-әрекетті жасауы немесе құқықтық актімен міндеттелген іс-әрекетті жасамауы түсініледі.

Әкімшілік құқық бұзушылық әкімшілік құқық нормаларымен реттелінетін және қорғалатын қоғамдық қатынастарға қол сұғады. Мәселен, құқық бұзушылар өрт қауіпсіздігі аясын реттейтін құқық нормаларын бұза отырып, сонымен бірге отпен күресудің мемлкеттік шаралары негізделетін өртке қарсы ережелермен қорғалатын қоғамдық қатынастарға қол сұғады.

Әрекеттің құқыққа  қарсылығы лауазымды адамның немесе азаматтың өрт қауіпсіздігінің ережелерін, нормалары мен стандарттарын бұзудан немесе орындамаудан көрініс табады. Бұл ретте құқыққа қарсы әрекет міндетті түрде зиянды салдарлар туындататын құқықтық нормамен байланыстырылмайды. Әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылу оқиғасының (орындалмауының) өзі-ақ жеткілікті, өйткені әкімшілік құқық бұзушылық қаралып отырған аяда құқыққа қарсы әркеттің өзін жасаған, яғни өрт қауіпсіздігіне қауіп туғызған кезден бастап аяқталған болып саналады.

Бұдан басқа, мына жағдайды да ескеру керек, құқық бұзушылық тек әкмшілік құқықтың ғана емес, сонымен бірге өзге де бірнеше құқық салаларының, мысалы, конституциялық, азаматтық, қаржылық, салық, кеден, жер, экология, еңбек құқығының нормаларын бұзатын әрекет жасау болып табылады. Бұл жерде мына жағдай аса маңызды, құқықтың бұл нормаларын сақтау әкімшілік жауаптылықтың шараларымен қорғалады.

Кейде ауыр салдарлардың нақтылы болуы емес, олардың туындау мүмкіндігінің өзі-ақ жеткілікті болады. Мәселен, радиоактивті материалдарды сақтау, пайдалану, есепке алу, көму, тасымалдау ережелерін бұзу, тіпті егер ол кісі өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкелуінің мүмкін болуының өзі, қылмыс ретінде қаралады.

Құқық бұзушының келтірген мүліктік зиянның мөлшері жиі кездесетін белгі болып табылады.  Мысалы, бөтен біреудің мүлкін ұрлау, егер ұрланған мүліктің құны заңдарда белгіленген он еселенген айлық есептік көрсеткіштен асса, онда қылмыс болып саналады, ал егер ол мөлшерден аспайтын болса, онда - әкімшілік құқық бұзушылық болады.    

2.1. Әкімшілік жауаптылықтың ұғымы және негізгі ерекшеліктері

 

Әкімшілік жауаптылық қылмыстық, азаматтық және тәртіптік жауаптылықтармен қатар заңдық жауаптылықтардың бір түрі болып табылады. Оны мемлекет жауаптылықтың негіздерін, бұзушыларға қолданылуы мүмкін болатын шараларды, құқық бұзушылық туралы істерді қараудың және осы шаралардың орындалу тәртібін айқындайтын құқықтық нормалар шығару жолымен белгілейді.

Құқық теориясында заңдық жауаптылық құқық бұзушылық болған жағдайда құқықтық санкцияны жүзеге асыру, құқық бұзушыға жаза қолдану ретінде ұғынылады, өйткені ол еңбек тәртібін бұзған үшін сөгісте де, әкімшілік айыппұлда да, бас бостандығы еркінен айыруда да, азаматтық-құқықтық айыпта да болады.

Заңдық айғақ - әкімшілік құқық бұзушылық болған кезде – құқықтық норма санкциясының механизмі іске қосылады, сөйтіп санкция жазаны қолдануға болатын (потенциалды) мүмкіндігінен шынайы жазаға, яғни әкімшілік жазаға айналады.

Әкімшілік құқықта әкімшілік мәжбүрлеудің толып жатқан шараларының ішінен (тексеру, реквизициялау, ұстау, алып қою, т.б.) тек әкімшілік жазалар ғана жазалау функциясын атқарады және тек соларды қолдану ғана әкімшілік жауаптылықтың туындауына әкеп соқтырды (ӘҚБтК-тің 28-3-б.). Сонымен, әкімшілік жауаптылық – бұл әкімшілік-құқықтық санкцияларды жүзеге асыру, уәкілетті органның немесе лауазымды адамның құқық бұзушылық жасаған азаматтар мен заңды тұлғаларға әкімшілік жазалар қолдануы.

Әкімшілік жауаптылықты заңдық жауаптылықтың барлық түрлері үшін жалпы ортақ болатын кейбір белгілері сипаттайды. Біріншіден, ол мемлекеттік мәжбүрлеу болып табылады, өйткені биліктік өкілеттіктер  мемлекеттік билік органдары арқылы жүзеге асырылады.

        

5-дәріс. ҚР Еңбек   құқығының негіздері.

Тақырып №4: ҚР ЕҢБЕК  ҚҰҚЫҒЫНЫҢ НЕГІЗДЕРІ

 

Дәрістің  мақсаты: құқық саласы ретінде Еңбек құқығын меңгеру, оның нормалары мен құқықтық қатынастарын, қайнар көздерін ұғыну.субъектілері мен объектілерін ажырату

 

Дәрістің  міндеттері:

 - Еңбек құқықтың түсінігін анықтау, құқық жүйесіндегі рөлін ұғыну;

 

Еңбек құқығының пәні, тәсілi және оның құрылымы.

 

Еңбек – адамдардың өмiрi үшiн қажеттi материалдық рухани және басқа да құндылықтар жасауға бағытталған адам қызметi . Еңбек құқы деген ұғымның өзi, осы құқ саласы еңбекке тiкелей қатынасты екенiн бiлдiредi. Бiрақ та еңбек кез келген еңбекке байланысты қатынастар еңбек құқы нормаларымен реттелiне бермейдi. Мысалы, азаматтың өз үй шаруасымен (саяжайда, бау-бақшада өз малын күту, бағу т.б.) байланысты еңбектерi еңбек құқ нормаларымен реттелiнбейдi. Еңбек мемлекеттiк тұрғыдан Заңмен реттелiнедi. Сондықтан да қызметкерлердiң еңбек қатынастарын реттейтiн еңбек заңының маңыздылығы да осында. Еңбек құқығы адамның қоғамдық қызметінің негізгі түрін – еңбекке қатысуын жанама түрде білдіретін құқықтың маңызды саласы болып табылады. Еңбек құқығы пәнінің негізін еңбекті қолдану жөніндегі жеке-дара қатынастар құрайды. Олар қызметкер мен жұмыс берушінің арасында қалыптасады және жұмысқа алу, жұмыс уақыты, демалыс уақыты, жалақы төлеу, еңбек тәртібі және басқа бірқатар мәселелер бойынша түрлі әлеуметтік байланыстарды қамтиды. Еңбек процесінің өмірде болу фактісінің өзі еңбек құқықтарымен байланысты және сондай-ақ еңбек құқығының қолданылу аясына енетін қоғамдық қатынастардың тұтас кешенінің пайда болуына объективті түрде алып келеді. Олардың біреулері еңбек қатынастарынан бұрын (мысалы, жұмыспен қамтылмаған халықты еңбекке орналастыру жөніндегі қатынастар), екіншілері олармен қатар жүреді (мысалы, жұмыс беруші, еңбек ұжымы, кәсіподақтар және өзге де ұйымдар арасында қалыптасатын ұйымдастыру-басқарушылық қатынастар), үшіншілері – солардан туындайды (мысалы, қызметкердің денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі іс жүргізу – еңбек қатынастары және т.б.).

Сонымен, еңбек құқығының пәні еңбекке қабілеттілікті іске асыру, еңбекті ұйымдастыру мен басқару жөніндегі мемлекеттік және жеке ұйымдарда азаматтардың еңбегін қолдану жөнінде қалыптасатын жеке-дара да, сондай-ақ ұжымдық та қоғамдық қатынастарды құрайды.

Еңбек құқығының әдістері саланың пәніне енетін жоғарыда аталған қатынастарды реттеудің жолдары мен тәсілдерін сипаттайды. Оларға мыналар жатады: міндеттемелерді орындаудың мерекше режимі; еңбек жағдайларын орталықтан және жергілікті жерде, нормативтік және шарттық реттеуді үйлестіру; сыйақының ұжымдық және жеке-дара еңбек нәтижелеріне байланыстылығы; санкцияларды қолданудың соттан тыс тәртібі және т.б.

Құқытық реттеудің айрықшаланған пәні мен өзіне тән әдісінің болуы еңбек құқығының құқық жүйесіндегі дербес сала ретіндегі орнын белгілеп береді.

 

Еңбек құқығының принциптері.

 

Еңбек құқығының принциптері – еңбек қатынастарын және олармен тығыз байланысты қоғамдық қатынастарды реттеу кезінде басшылыққа алынатын бастапқы постулаттар, идеялар.

Қазақстан Республикасының Конституциясында еңбек саласындағы қатынастарды құқықтық реттеудің мынадай принциптері баянды етілген: еңбек бостандығы және өзінің еңбекке қабілеттілігіне еркін билік ету, қызмет пен кәсіп түрін таңдау мүмкіндігі; мәжбүрлі еңбекке тыйым салу және жұмыссыздықтан қорғау (24-бап); денсаулықты қорғау құқығы (29-бап); бірлестіктер бостандығына құқығы (23-бап); құқықтар мен бостандықтарды заңмен тыйым салынбаған барлық әдістермен қорғау құқығы (13-бап); еңбегі үшін ешқандай кемсітушіліксіз және жалақының ең аз мөлшерінен кем емес сыйақы алу құқығы (24,28-бап); демалуға құқығы (24-бап). Бұл конституциялық принциптері еңбек саласындағы қатынастарды құқықтық реттеудің салааралық принциптеріне жатады, еңбек құқығында осы саланың өзіндік ерекшелігі ескеріле отырып құқықтар нақтыланады және мынадай түрде беріледі:

1. Еңбек бостандығы еңбек шарты бостандығының салалық принциптеріне ауысады.

2. Денсаулық сақтау құқығы қауіпсіздік пен тазалық талаптарына жауап беретін еңбек жағдайлары құқығында нақтыланады.

3. Еркін бірлестіктерге құқық – нақ өндірістік кәсіптік мүдделерді қамтамасыз ету және қорғау үшін кәсіптік одақтарға бірігу құқығы – еңбек құқығы принципіне ауысады.

4. Өз құқықтары мен бостандықтарын қорғау құқығы ереуілге шығу құқығын қоса алғанда, оларды шешудің заңмен белгіленген әдістерін пайдалана отырып жеке-дара және ұжымдық еңбек даулары құқығында нақтыланады.

5. Демалыс құқығы еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін қызметкерлерге қатысты Конституцияның өзінде, заңмен белгіленген жұмыс уақытының ұзақтығына, демалыс және мерекелік күндерге, ақы төленетін жыл сайынғы демалысқа белгіленген кепілдікпен нақтыланады.

6. Еңбекке ақы төлеу принципі де конституциялық деңгейде сала ретінде белгіленген, өйткені ол адам қызметінің тек жекелеген нәтижесінің төлемін алумен ғана емес, оның процесімен байланысты.

 

Еңбек құқығының қайнар көздері, ұғымы және түрлерi.

 

Заң ғылымында құқтық қайнар көздерiне мемлекеттiк тұрғыдан қызметкерлердiң еңбегiн реттейтiн әртүрлi формада қабылданатын құқық нормасының жиынтығы жатады.

Еңбек қатынастары саласындағы құзыретті органдардың барлық жағдайларда қолдануға есептелген нормативтік нұсқаулардан тұратын құқықтық актілерді еңбек құқығының көздері болып табылады. Әдебиетте бұл көздер «еңбек турал нормативтік актілер», «еңбек құқығының нормативтік актілері» және т.б. деп аталады.

Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы нормативтік-құқықтық актілер мыналар болып табылады:

Еңбек қатынастарын құқықтық реттеу негіздерін айқындайтын, тікелей қолданылатын заң Қазақстан Республикасының Конституциясы болып табылады, еңбек туралы барлық нормативтік құқықтық актілер Конститутцияға сәйкес келуге тиіс.

Еңбек туралы нормативтік құқықтық актілер Қазақстан Республикасындағы Еңбек туралы Заңынан және соған сәйкес қабылданған:

– заңдардан және Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар жарлықтарынан;

– Қазақтсан Республикасы Президнтінің жарлықтарынан;

– Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларынан;

– Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің нормативтік қаулыларынан;

– Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларынан;

– министрліктер мен ведомстволардың нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 4-тармақшасына сәйкес азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты еңбек туралы нормативтік құқықтық актілердің ресми жариялануы оларды қолданудың міндетті шарты болып табылады.

Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда Қазақстан Республикасының еңбек туралы нормативтік құқықтық актілеріндегіден өзгеше ережелер белгіленсе, аталған шарттың ережелері қолданылады.

Халықаралық шарттан оны қолдану үшін республика ішілік нормативтік құқықтық акті шығару талап етілетін жағдайлардан басқа, халықаралық шарттар еңбек қатынастарына тікелей қолданылады.

Жұмыс берушілер мен барлық жұмысшылар мен қызметшілердің еңбек қатынастарын реттейтін негізгі заң 1999 жылдағы 10 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы» Заң болып табылады. Бұл заң 2000 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі. «Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы» Қазақстан Республикасының Заңын күшіне енгізу туралы Қазақстан Республмкасының заңына сәйкес ҚазақСР-інің 1972 жылғы 21 шілдедегі Еңбек туралы заңдар кодексі 2000 жылдың 1 қаңтарынан бастап республика аумағында күшін жойды деп танылды. Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін бұл кодекс көп жағдайда оның нарықтық экономика мен жеке кәсіпкерліктің қалыптасуының шарттарына сәйкес келмеді.

Қазақстан Республикасының «Еңбек туралы» жаңа заңы, өкінішке орай, Кодекс нысанында қабылданбады және негізінен еңбек қатынастарының «Еңбек туралы» заңға қайшы келмейтін бөлігін сақтап қалған заңдар және басқа нормативтік құқықтық актілер реттемейтін саласын реттейді. Оларға, мысалы, мына заңдар жатады; 1992 жылы 4 шілдеде қабылданған «Ұжымдық шарттар туралы»; 1993 жылғы 22 қаңтарда қабылданған «Еңбекті қорғау туралы»; 1993 жылғы 9 сәуірде қабылданған «Кәсіптік одақтар туралы»; 1996 жылы 8 шілдеде қабылданған «Ұжымдық еңбек даулары мен ереуілдер туралы»; 1998 жылғы 30 желтоқсанда қабылданған «Халықтың жұмыспен қамтылуы туралы» және т.б.

Орталықтандырылған тәртіппен қабылданған нормативтік құқықтық  актілер, әдетте, жалпы ережелерді белгілейді, олар ұйымдарда қолданғанда нақтылауды талап етеді немесе соған жол береді. Ұйымдарда қабылданған нормативтік актілер жұмыс берушінің актілері деп аталады. Оларға бұйрықтар, өкімдер, нұсқаулықтар, ішкі еңбек тәртібінің ережелері жатады.

Еңбек туралы заңдардың негізгі міндеттері мыналар болып табылады:

1) Еңбек саласындағы нарықтық қатынастардың құқықтық негіздерін бекемдеу;

2) Еңбек бостандығы мен еңбек туралы шарттар бостандығын бекемдеу;

3) Еңбек қатынастарындағы қызметкерлер мен жұмыс берушінің құқықтық мәртебесін белгілеу;

4) Әлеуметтік серіктестік қатынастарын реттеу;

5) Қызметкерлердің, оның ішінде уақытша жұмыссыздардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ететін құқықтық кепілдіктер жүйесін орнықтыру.

Қазақстан Республикасында еңбек қатынастары бірқатар заңдармен реттеледі. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – 2007 жылғы 1 қаңтарда күшіне енген Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексі.

 

Еңбек құқықтық қатынастары және еңбекпен байланысты  өзге де құқықтық қатынастар.

 

Еңбек қатынастарын реттеудің шарттық формасы оның еңбек заңнамасының жалпы нормаларынан бөлек алынуын көздейді. Бұл атап айтқанда, еңбекақы төлеу жағдайына, жұмыс уақыты режимін (күн тәртібін), демалыс ұзақтығын, заңнамада және ұжымдық шартта белгіленген кепілдіктердің сақталу шарттарын дербес белгілеуге қатысты болады. Мысалы, қысқартылған жұмыс аптасы, толық емес жұмыс уақыты немесе жылжымалы (икемді) график жағдайында жұмыскер бірнеше жұмыс берушімен жеке еңбек шарттарын жасасып, бірнеше жерде жұмыс істей алады.

Азаматтар мен жұмыс берушi тұлғалар сан алуан еңбек саласында әр түрлi қоғамдық, құқықтық қатынасқа түседi. Құқықтық қатынас – құқық нормаларымен реттелу нәтижесiнде болған қоғамдық қатынастың бiр түрi. Адамдар арасындағы олардың еңбекке тікелей қатысуы мәселесі бойынша еңбек заңдары нормаларымен реттелген қатынастары еңбек құқықтық қатынастары нысанында әрекет етеді. Мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарға қызметкер ретінде жеке еңбек шарты бойынша жұмысқа алынған тұлғалардың немесе өзге де жұмыс берушілерде (кооперативте, жеке тұлғаларда) жалдану бойынша жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбегін қолдануға байланысты қатынастар ғана еңбек заңдарымен реттеледі.

Бес күндік жұмыс аптасы кезінде қызметкерлерге екі демалыс күні, алты күндік жұмыс аптасы кезінде – бер демалыс күні беріледі. Сонымен бірге апта сайынғы үзіліссіз демалыстың ұзақтығы қырық екі сағаттан аз болмауы (яғни демалыс күні алдындағы жұмыс аяқталған сәттен бастап демалыс күні аяқталғаннан кейінгі жұмыс басталғанға дейін) тиіс.

Еңбек заңдарында жалпы ереже бойынша демалыс күндерінде жұмыс істеуге тыйым салу және ерекше жағдайларда қоғамдық немесе кездейсоқ зардаптарды, өндірістік апаттарды, қайғылы өқиғаларды және тағы басқаларын бодырмау не олардың зардаптарын жою үшін жекелеген қызметкерлерді демалыс күндері жұмысқа тарту белгіленген. Мұндай реттерде демалыс күнгі жұмыстың өтемі не басқа бір күні демалыс беріледі не екі есе мөлшерінде еңбек ақысы төленеді.

 

6-дәріс. ҚР Қаржы   құқығының негіздері.

Тақырып №6: ҚАРЖЫ ҚҰҚЫҒЫ ҚҰҚЫҚ САЛАСЫ РЕТІНДЕ

 

Дәрістің  мақсаты: Қаржы түсінігі, мемлекеттің қаржылық қызметі.

Дәрістің  міндеттері:

 - Қаржы түсінігін анықтау, құқық жүйесіндегі рөлін ұғыну;

 

Қаржы құқығының пәні және түсінігі    

 

Қаржы түсінігін өткенде, біз оның екі мағынасын ашып көрсеткен болатынбыз. Яғни, материалдық мағынада қаржылар мемлекет қарамағындағы ақша қаражаттары қорларының жиынтығын, ал экономикалық категория ретінде қаржылар мемлекеттің ақша қаражаттары қорларын қалыптастыратын, бөлетін және пайдалануды ұйымдастыратын экономикалық қатынастардың жүйесін білдіреді деп айтқанбыз.

Мемлекетке қажетті ақша қаражаттары қорларын қалыптастыру, бөлу жөне пайдалануды ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттің немесе оның уәкілетті органдарынан іс-әрекеттері мемлекеттің каржылық қызметі болып табылатынын білеміз.

Осы мемлекеттің қаржылық қызметінің, яғни мемлекеттің ақша қаражаттары қорларын қалыптастыру, бөлу және пайда­лануды ұйымдастыру барысында пайда болатын қоғамдық қатынастар қаржы құқығының пәні болып табылады.

Қаржылар экономикалық категориялардың бірі болғандықтан жоғарыда көрсетілген қоғамдық қатынастар экономикалық қатынастар жүйесіне кіретін қаржыларға байланысты қатынастар қаржылық қатынастар болып табылады.

Қаржылық-экономикалық қатынастардың өздеріне тән белгілері бар, олар: біріншіден, бұл қатынастар ақшаға байла­нысты қатынастар болып табылады. Бірақ ақшаға байланысты қатынастардың бәрін бірдей қаржылық қатынастар деп айта алмаймыз. Мысалы, ақша қорларын пайдалану жөніндегі қатынастар қаржылық қатынастарға жатпайды. Өйткені, «пайдала­ну» терминінің экономикалық мағынасына тоқталсақ, ол «пай­да табу», «пайда қылу» деген мағынада айтылады. Ақшаның өзіндік тұтынушылық құны жоқ. Тұтыну құны деп белгілі бір заттың өзіндік пайдалылығын, адам мұқтажын қанағаттандырарлық мүмкіншілігін айтамыз.

Соңдықтан ақшаны пайдалану экономикалық қатынастың бір түрі, айырбас процесінде ғана жүзеге асырылады, яғни ақша-тауар қатынасында. Ал бұл қатынасты азаматтық құқық пәніне жатқызамыз.

Екіншіден, қаржылық қатынастар мемлекеттің өсіп-дамуымен, өркендеуімен болады және осы мемлекеттің қызметін жүзеге асыру процесін ақшалай қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, қоғам мұқтаждығы мен мүддесіне қажетті ақша қаражаттары қалыптастырады.

Үшіншіден, каржылық қатынастар бөлу түрінде жүргізіледі және осы қатынастар арқылы қаржылардың өткен тақырыпта айтып кеткендей, үш қызметі жүзеге асырылады.

Төртіншіден, бұл қатынастар мемлекеттің қаржылық қызметінің нәтижесінде пайда болады. Бесіншіден, қаржылық қатынастардың өздеріне тән, ерекше қасиеті бар, олар балама түрде кездеспейді. Балама түрде болмайтын себебі, олар «ақша — тауар», «тауар — ақша» қатынастарын жүзеге асырмайды. Қаржылық қатынастар тауар түріндегі құнның қарсы қозғалысына араласпайтын, ақша түріндегі құнның біржақты қозғалысын ғана білдіреді. Алтыншыдан, бұл қатынастар экономикалық қатынастар болып есептелгендіктен базистің құрамына жатады. Жетіншіден, қаржылық қатынастар әрқашанда құқықтық нысанда кездеседі және олар қаржылық-құқықтық қатынастар түрінде болады. Сонымен мемлекеттің алға қойған мақсатын жүзеге асыруға қажетті ақшаны қалыптастыру, бөлу және пай­далануды ұйымдастыру процесінде пайда болатын қоғамдық қатынастар құқықтық реттеуді керек етеді.

Енді осы қоғамдық қатынастарды, яғни қаржылық-экономикалық қатынастарды құқықпен реттесек, қаржылық-құқықтық қатынастар пайда болады. Бүл қаржылық-құқықтық қатынастарды мемлекеттің қаржылық қызметінің нәтижесінде пай­да болатынын және оның тек қаржылық құқық пәні болып есептелінетінін есте сақтау қажет.

Осы аталған экономикалық жөне құқықтық белгілердің жиынтығы қаржылық қатынастарды жалпы экономикалық қатынастардың ішінен, ал қаржылық-құқықтық қатынастарды жалпы құқықтық қатынастардың ішінен бөліп шығаруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, олардың ақша қатынастарын реттейтін азаматтық, еңбек және басқа да құқық нормаларынан айырмашылығы бар екенін көрсетеді. Осы айтқандарымызды қорыта кел­сек, каржы құқығы деп, мемлекеттің ақша корларын қалыптастыру, бөлу  және пайдалануды ұйымдастыру барысында пайда болатын қоғамдық қатынастарды реттейтін құқықтық нормалардың жиынтығын айтамыз.

Каржы құқығының ғылымы деп, қаржылық құқықтың құқық саласы ретіндегі мағынасы, рөлі мен маңызы туралы, сондай-ақ дамуы туралы түсініктемелер мен ілімдердің жиынтығын айтамыз.

Қаржы құқығы ғылымының негізін қалап, дамытқан, көптеген қаржылық-құқықтық ғылым көзқарастарын дүние жүзілік көлемде ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, ілімге айналдырған бұрынғы кеңестер одағының осы саладағы көрнекті ғалымдары В.В. Бесчеревных, М.И. Ровинский, Н.И. Химичева және т.б. атап етуге болады.

Қазақстан бойынша осы қаржы құқығы ғылымы саласында талай жылдар бойы атсалысып келе жатқан А.И. Худяков, СМ. Найманбаев - Қазақстан Республикасындағы қаржы құқығының негізін қалаушылар.

Қаржы құқығы ғылымының пәні - мемлекеттің қаржылық қызметінің түрлері мен әдістерінен, қаржылық бақылаудан, сондай-ақ өзара байланысқан және бір даму жүйесіндегі қаржылық құқықтық нормалар мен олар реттейтін және бекітетін қоғамдық қатынастардан тұрады.

Қаржы құқығы ғылымының өзіне ғана тән қасиеті қаржылық-экономикалық ғылымымен өте тығыз байланыста болуы.

Қаржылық ғылым пәні - мемлекеттің ақшалай қорларын, сондай-ақ қоғамдағы басқа да табыстарды қалыптастыру, бөлу және пайдалану кезіндегі экономикалық қатынастар болып табылады.

 

2-сұрақ Каржы құқығының реттеу әдістері

 

Қаржы құқығында қоғамдық қатынастарды құқықпен реттеудің екі әдісі қолданылады:

–  біржақты-өктем, әмірлі әдіс (б.а. императивтік-әмірлі);

– қаржылық-шартты әдіс (яғни, диспозитивтік-келісімге келу). Бірінші әдістің кеңінен таралғанын мемлекеттің қаржылық қызметінің маңызынан білеміз (әсіресе, ақша қаражаттарын табу, жиыстыру элементтері бізге белгілі). Мысалға алсақ, халықтан салық алу кезінде, ақша иесінің еркі (тілегі) есепке алынбайды, ақша қаражаттары міндетті және ықтиярсыз түрде жиналады. Бірақ кей кездерде, қаржылық қызметті жүзеге асыруға мемлекет тарапынан икемділік көрсетіледі, яғни, ақша қаражаттарын табу, жинастыру кезінде мәжбүр ету әдісін қолданбай-ақ, төлеушілер өз еріктерімен ақшаларын береді. Мәселен, мемлекеттік заемдарды сатып алу, жинақ банктерінде азаматтардың ақшаларын сақтау кезінде. Бұл жағдайларда мемлекет шарт жасасу әдісін қолданады. Мысалы, банктердің қарыз беруі. Шарт жасасу, келісімге келу әдістері негізінде қаржылық қызметтің несиелік қатынастарын реттеуге қатысады (немесе қатысуы қажет), өйткені несие беру қатынастарының экономикалық табиғаты екі жақтан келісімге келуін керек етіп қана қоймай, ақшаны беру шартын екі жақтың келісімінсіз ұйымдастыру мүмкін еместігін ескеріп, қарыздың сомасы, оның қайтарылу мерзіміне және процентіне келісу, т.б. туралы талап қояды. Қазіргі кезде қолданылатын мына төмендегідей қаржылық шарттарды атап көрсетуге болады:

– бюджеттік-банктік заемдар шартты (бюджеттің мемлекеттік банктерден қарыз алуы);

–  бюджетаралық ссудалар шарты (қандай да болмасын жергілікті бюджеттің өзінен төмен тұрған бюджеттердің қаржылық дәрменсіздігіне көмек ретінде қарыз беруі);

– мемлекеттік заем шарты;

– азаматтардың ҚР жинақ банктерінде ақша сақтау шарттары;

– ведомстволық ссудалар шарты (министрліктің қол астындағы кәсіпорындарға қаражат беруі);

  мемлекеттік банктің несие беру шарты.

Осы айтылған келісім-шарттарының бәрі қаржылық қызмет процесінде қолданылады да, қаржылық-құқықтық шарттарға жатады.

Қаржылық шарттардың құқықтық ерекшеліктеріне мыналар жатады:

  қаржылық шарттар мемлекеттің қаржылық қызметін жүзеге асырудың заңды жолы болып табылады;

  қаржылық шарттар, өздеріне тән экономикалық қасиеттерге байланысты қаржылық қатынастар болып табылатын қоғамдық қатынастардың заңды түрі ретінде кездеседі және бұл шарттарда екі жақтың келісімі өте қажет;

қаржылық шарттың бір жағында әрқашан да мемлекеттің біртұтас өзі немесе мүддесін көздейтін өзі уәкілдік еткен орга­ны туралы, мысалы ҚР Ұлттық банкі;

– шартқа қатысатын екі жақта азаматтық құқыққа тән тең құқықтық болмайды. Мұндағы қатынастар басқа да қаржылық қатынастар сияқты мемлекеттік-өктем сипатта болғанымен, құқықпен реттеудің әмірлі әдістеріндей үзілді-кесілді емес, кейбір белгілі жерлерінде қолданылады;

– қаржылық шарттардың қайсысы болмасын, тек екі жақтың келісімімен және өзара міндеттеме алулары арқылы жасалады.

Бұл жерде шартқа қатынасатын екі жақтың бірі мемлекет те, екінші жағы мемлекетпен шарт жасасуға өз еріктерімен келісім берген субъектілер. Құқықпен реттеудің әмірлі әдісін қолданған кезде қатынасқа қатысу міндеті мен қаржылык, міндеттеме мемлекеттің біржақты еркінен пайда болып отырады. Мысалы, салықтар ақша төлеушілерден бюджетке өтеді, басқа ешқайда жіберілмейді, яғни ақша қаражаттары бір бағытта ғана қозғалады.

Ал, енді азаматтық-құқықтық шарттың құзыры жүретін келісімдегі екі жақтың құқықтары мен мемлекет уәкілдік еткен органмен қаржылық шартқа қатысатын жақты салыстырсақ, осы екінші жақтың ерік білдіруінің, яғни мемлекетпен немесе оның уәкілетті органмен келісімге келуі тек құқының шектелуі екенін көреміз. Ерік білдіру тек құқықтық қатынасқа қатысуға өз еркімен келісуі, ал екі жақтың келісімге келуі тек қаржылық міндеттеменің көлемі мен мерзімін белгілеуден ғана тұрады. Келісім шарттың қалғанын құқықтық қатынастың өкім етуші субъектісі мемлекеттің өзі мен мемлекет мүддесін көздейтін орган анық белгілейді.

Сонымен, реттеу құралы ретінде және қаржылық шарт субъектілерінің ықпал ету әдістері бойынша қаржылық шарт біржақты өктем құқықпен реттеу әдісі мен азаматтық-құқықтық келісім әдісі аралығынан дербес орын алып отыр.

 

3-сұрақ Каржы құқығының жүйесі

 

Қаржы құқығы басқа да құқық салалары сияқты мемлекеттің заң шығарушылық қызметі барысында пайда болды. Мұны айтып отырғанымыздың себебі, қалыптасқан дәстүр бойынша қаржы құқығы кейінірек, әкімшілік және мемлекеттік құқықтардан бөлініп шығуының нәтижесінде пайда болды деп айтылып жүрді. Бұл көзқарас дұрыс деп айтсақ қателікке ұрынамыз, өйткені қаржылар – мемлекеттің атрибуты, яғни ерекше белгі - нысаны. Қандай да болмасын мемлекеттің пайда болған уақытынан бастап, қаржылар да пайда болды. Ал, қаржылық-экономикалық қатынастар объектілік түрде тек қаржылық-құқылық қатынастар арқылы өмірден орын алады. Былайша айтқанда, каржылардың қаржылық-құқықтық болуын белгілейді. Дәлелдемекші көзқарасымызда мемлекет, қаржылар жөне қаржы құқығы өзара тығыз байланыста бола отырып, бір уақытта пай­да болған деп айта аламыз.

Қаржы құқығының жүйесі барлық құқық саласына тән жалпы және ерекше бөлімнен тұрады.

Жалпы бөлімге мына институттар кіреді:

мемлекеттің қаржылық қызметінің құқықтық негіздері;

мемлекет саласындағы бақылау;

қаржылық жоспарлау;

қаржылық бақылау.

  мемлекеттің ақша жүйесінің құқықтық негіздері;

  валюталық реттеу.

Қаржы құқығының ерекше бөлімінің құрылымында қаржы жүйесінің құрылымы жатыр. Оның әрбір институты белгілі қоғамдық қатынастардың жиынтығы бола отырып, қаржы құқығының ерекше бөлімінің құқықтық реттеу пәнін көрсетеді. Осыған байланысты қаржы құқығының ерекше бөлімі мына институттардан тұрады:

бюджеттік құқық;

  қаржылық-шаруашылық құқығы (мемлекеттік және жергілікті кәсіпорындардың қаржы қорлары қалыптасуының қайнар көздерін кұқықтық реттеу);

  салық құқығы;

банктік құқық (мемлекеттік несие берудің құқықтық негіздері);

сақтаңдыру құқығы;

Бюджеттік құқық мемлекеттік бюджетті қалыптастыру және бөлу кезінде пайда болатын қатынастарды реттейтін қаржы құқығының бөлімі.

Каржылық-шаруашылық құқық бұл өз меншігіндегі ақша ресурстары есебінен орталықтандырылмаған ақша қорларын қалыптастыру, сондай-ақ осы ресурстар мен қорларды сала ішінде бөлу кезінде пайда болатын қатынастарды реттейтін қаржы құқығының бөлімі.

Өздері бағынышты жоғарғы тұрған органға шағым беру арқылы да қаржылық-құқықтық қатынас субъектілері өз құқықтарын қорғай алады. Мысалы, жоғарғы органдар өздеріне бағынышты немесе төменгі тұрған органдар мен ұйымдардың заңға қайшы және мақсатқа сай емес қаржылық құқықтық актілерін тоқтатып тастайды немесе жоя алады, сондай-ақ қаржылық ресурстарды бөлу және пайдалануды ұйымдастыру жөніндегі белгілі бір әрекеттерді жасауға тыйым салады.

Сот арқылы қаржылық-құқықтық қатынас субъектілерінің құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау тек кейбір жағдайларда қолданылады. Мысалы, ынталы (мүдделі) қаржылық, кредит және т.б. органдардың сотқа берген шағым-арыздарының негізінде мерзімінде төленбеген төлемдерді өндіріп алу жөнінде сот шешімі қабылданады.

 

7-дәріс. ҚР   Қылмыстық    құқығының негіздері.

Тақырып №7: ҚР ҚЫЛМЫСТЫҚ  ҚҰҚЫҒЫНЫҢ НЕГІЗДЕРІ

 

Дәрістің  мақсаты: құқық саласы ретінде Қылмыстық құқығын меңгеру, оның нормалары мен құқықтық қатынастарын, қайнар көздерін ұғыну.

 

Дәрістің  міндеттері:

 - Қылмыстық құқықтың түсінігін анықтау, құқық жүйесіндегі рөлін ұғыну;

 

1 ҚЫЛМЫСТЫҚ  ҚҰҚЫҚТАҒЫ ЖАЗА МАЗМҰНЫ

1.1. Жаза  түсінігі   және  мақсаттары

“Жаза” дегеніміз  соттың   үкімі   бойынша   тағайындалатын   мемлекеттік  мәжбүрлеу шарасы.  Жаза  қылмыс   жасауға   кінәлі   деп  танылған  адамға    қолданылады және  адамды   құқықтары   мен  бостандықтарынан  Қылмыстық   Кодекспен   көзделген    айыру  немесе   оларды  шектеу  болып табылады.

Қылмыстық жаза   мемлекеттік   күштеу   шараларының  бірі  болып табылады және   ол   мемлекеттік   қылмыспен   қарсы  күрес  жүргізу    құралдарының   бірі  ретінде   қолданылады.  Мемлекет   қылмысқа  қарсы    күрес   жүргізуде   әр түрлі   ұйымдастырушылық, тәрбиелік, экономикалық,  рухани   шаралардың   барлық   түрін   кейінен   қолданады, сөйтіп   қылмыстан  сақтандыру   мәселелеріне  ерекше   көңіл   бөледі. Сондықтан да   біздің  жас,   тәуелсіз   мемлекетіміз   қылмысқа  қарсы   күрес  қылмыстық  жазаны   қолдануда  ең  негізгі   басты   күрес деп  саналмайды, бұл  құбылысқа  қарсы   күресте   шешуші  мәселелер   жоғарыда аталып  өткен   экономикалық, ұйымдастыру, тәрбие,  қоғам   мүшелерінің   белсендігін,   олардың   құқылы сана-сезімін   жетілдіру   арқылы  жүзеге  асырылды. Сондықтан да   қылмыстық   шара   мемлекеттік   күштеу    шарасы   ретінде  тек  арнаулы,  заңда   көрсетілген  жағдайда   ғана   жүзеге   асырылады.   Қылмыс   істеген   адамдарға   мұндай   шараны   қолдану   мемлекеттік  атқаратын    функцияларының   бірі  ретінде   қарастырылады. Әсіресе ауыр,  өте  ауыр  қылмыс істегендерге   соған сәйкес  ауыр   қылмыстық-құқықтық  күштеу   шараларын  қолдану мемлекеттің   міндеті  болып табылады. Мемлекеттік   күштеу    шаралары   сан  алуан. Оларға  тек   қылмыстық   құқылық  шаралар  ғана  емес,   азаматтық, әкімшілік, тәртіптік шаралар   да жатады. Қылмыстық шара   мемлекеттік   күштеу  шараларының  жеке   бірі   түрі   бола  отырып,  өз ерекшеліктерімен оқшауланады.

Республиканың   бұрынғы   екі қылмыстық кодекстерінде   жаза  түсінігіне  анықтама   берілмеген.  Ол тек   қылмыстық  құқық теориясында   қарастырылатын.  Жаза  туралы  түбегейлі  еңбек жазған  кеңес криминалисі И.  Карпецтің   өзі  ең   алдымен   оның әлеуметтік  мәніне    тоқталып,  бір формациядағы  жаза  жүйесінің  келесі  формацияға   сәйкес  келмей   қалатындығын  айтқан болатын.  Осыған  орай   кеңес   уақытындағы   жаза  түрлері    де  Қазақстандағы  қоғамдық   қатынастардың   сипат   өзгерген    кезде   ескіргендігін  байқатты.  Сол себепті,  жаза   қылмыстық   кодекс   қабылданғанда   жазаның    мақсаттары   да   қомақты   өзгеріске  ұшырады.   Ондағы мақсаттардың  кейбірі   теорияда    мүлде  қарастырылмаған  болса,   кейбіріне “социалистік емес”  тұрғыдан  жаңша   көзқарас   қажет  болып жатыр.  Бұл   аталған   міндеттерді    орындау   үшін    ең   алдымен  жазаның   түсінігін   анықтаудан бастаған  ләзім.  Мысалы,  Н.  Шаргородский  “Жаза   дегеніміз   қылмыскерді   оған   тиесілі  қандай  да    игіліктен   айыру,  оны  және  оның  қызметін   мемлекеттің  теріске   шығаруы” деп санайды1.

С. Дементьевтің   пікірі басғаша, ол  “Жаза  дегеніміз   айыпкер   басынан   кешіруге   тиісті , алдын  ала  ойластырылған,  заңға   белгіленген   тән азаптары  мен   тапшылықтары” дегенді   айтады.

Ғалым-криминалистердің  басым   көпшілігі   жазаны    қылмыстардың   жалпы   және  арнайы  алдын алу   мақсатында   қылмыс жасаған  адамдарға   мемлекет   атынан  сот   қолданатын   мемлекеттік  мәжбүрлеу   шарасы    деген  пікірді   ұстанады.

Біз С. Дементьевтің   пікірімен   келісе   алмаймыз, себебі   жазаның мәнін айыпкерге  келетін  тән  азаптары  мен   тапшылықтарды   алдын ала көздеу   деп  санау   Қазақстан   Республикасының   қылмыстық  кодексінің   бабында көрініс  тапқан  гуманизм   принципіне  қайшы   келеді.   Керісінше, И.  Карпецтің  қылмыстылықпен   күрес  құралдарының  бірі  болып табылатын  жазаның  мазмұнында   сендіру  мен    мәжбүрлеу   бірдей   көрініс  тапқан деуі  қолдарлық.

Н. Стручков   жазаның   мазмұнына    мынандай    анықтама   береді. “Жаза  дегеніміз  қылмыс жасады  деп танылған   адамға  сол   іс-әрекетті   жасағаны  үшін   сот   үкімімен  мемлекет атынан  қолданылатын  ескерту  шарасы, ол  жазаның   әрбір  түрі  үшін   заңда    белгіленген  құқық шектеу    жүйесін құрайды”.

Қазақстан  Республикасында жазалау  өш алу   емес. Онда   қандай  да   бір   тәрбиелік  мән  бар. Жаза,   біріншіден,   қоғамға   қауіпті   іс-әрекет  жасағандар   үшін  сазайын тарту, екіншіден,  жазаны  өтеп  жатқан  адамның  санасын   көтеруді,  оның  қоғамда   болып жатқан   құбылыстарға   белсенді  қатысуын   мақсат  тұтады,  үшіншіден,   белгілі  бір  жаза  тағайындаумен  байланысты   қоғамға  қауіпті  іс-әрекетті   заң  арқылы  айыптау – оны  жасайтын  адамдарға  құқық  тәртібін   сақтау  керектігі   жөнінде   ықпал   етуге  тиіс.

Қазақстан  Республикасы  қылмыстық кодексінің жобасында  жаза  дегеніміз  жасалған   қылмыс үшін  сазай  тартқызу  деп   көрсетілген.   Біздің пікірімізше, мазмұны   жағынан  жақын  келетін  бұл сөз  онша  сәтті  алынбаған. Себебі, “шара” деген сөз  құқықтық  әдебиетте  дау  туғызуда.

Ол  ресми-құжаттық  стильге   қойылатын  талаптардың бірі-тіл  дәлдігін    сақтауға  көмектеспейді. Соған  байланысты  Қазақстанның  заң   шығарушылары  заңда   “шара”  сөзін  қолданудан  бас  тартып  дұрыс жасаған.

Жалпы  алдын алу  әрекеті   негізгі  үш  параметр   бойынша   жүзеге  асырылады. Біріншіден – ол   қорқыныш тудырады,  қылмысқа   бейім  адамдар   жазадан қорыққандықтан ондай әрекетке  барудан  бас тартады.  Екіншіден – жаза   тыйым  салынған   әрекеттерді   болдырмайды,  адам  заңмен  қорғалатын   нормаларды,  қоғамдық   тәртіпті   бұзбауға  дағдыланады. Үшіншіден – қылмыстық жауапқа   тартылу   мүмкіндігін  “қалыпты  заңға  бағыну  әдетін  сақтауға” итерілмейді.

Алдын алу – тәрбиелеу   процестері   арқылы   азаматтарға   ықпал  жасау  осы  заңнан  басталады.  Қылмыстық алдын алу   жайында Н.  Дурманов былай   деп жазады: “кеңестік  қылмыстық-құқықтық нормалар   қылмыс жасалынған  кезден  бастап   немесе   санкция   қолданылған   кезден бастап емес,  ол   нормалар   көрсетілген заң   күшіне   енген  кезден  бастап нақты  әсер етеді.

Құқық   зерттеушілер, тарихшылар,  философтар, теологтар жазалаудағы  мақсатқа ой  жібергенде жалпы  және  арнайы  превенциядан  басқа мақсаттарды  қалыптастыра  алмады. Жалпы  превенция,  мысалы,  көне   өсиеттің  екінші   заңында  көзделген: “Көбірек естиді де,  өз  арасында   мұндай   қылмыс жасауға  қорқады”.

Біріншіден,   қылмыстық  шара – мемлекеттік   күштеу   шарасы  ретінде қылмыстың   заңмен  ғана   белгіленеді. Қылмыстық  кодексте  жазаның   сот үшін  міндетті   тізбектері   мен  оны   қолданудың   тәртібі  тұжырымдалған.  Сот   қылмысқа   кінәлі   адамға   қылмыстық  заңда   көрсетілген   шараның  шеңберінде   оның шегінен  шықпай, жаза  тағайындайды.  Тек  ерекше   жағдайларда  ғана   сот   көрсетілгеннен гөрі   неғұрлым   жеңілірек  жаза   тағайындауға   құқылы.

Екіншіден,  мемлекеттік   күштеу   шарасы  ретінде  қылмыстық  жазаны   мемлекет   атынан  тек ғана   сот   тағайындайды. Қылмыстық жазамен  салыстырғанда   басқа да   мемлекеттік   күштеу   шаралары   мемлекеттік  органдар немесе  лауазымды  органдар  арқылы   жүзеге асырады. Мысалы,  қоғамдың тәртіпті   бұзған  адамды   полиция   бастығы   әкімшілік  жауапқа, салық  инспекциясының  лауазымды  адамды  салықтан  бұлтараушыларды  заңда   көрсетілген   тәртіппен  жазалайды немесе   әкімшілік   комиссиясы   өзіне  берілген   құзырет   шеңберінде   әкімшілік   құқың бұзушыларды   жауапқа  тартады. Осы аталған   органдардың  немесе  лауазымды  адамдардың   бірде-біреуі  қылмыстың жаза қолдануға құқылы емес. Қылмыстың   жазаны   қолдану -  тек ғана   соттың   құзыреті.

Үшіншіден, заңда   көрсетілген   тәртіппен   сотталған   адамды   жазадан босату,   сондай-ақ  тағайындаған   қылмыстық   жазаны  жеңілдету   тағы  да   сот арқылы  жүзеге асырылады.  Тек қана  рақымшылық   және  кешірім   беру   актілерімен  жазадан  босату   немесе  жазаны   жеңілдету  Қазақстан  Республикасы   Конституциясына  сәйкес Парламент немесе  Республика  Президенті  арқылы   жүзеге  асырылады,  ал басқа   жағдайларда   бұл  мәселелерді   шешу  тек  соттың   міндеті   болып табылады. Бұл да   қылмыстық   жазаның   басқа мемлекеттік   күштеу   шараларынан  мәнді өзгешелігін   көрсетеді1.

Төртіншіден,   қылмыстың   жаза  жария   түрде   ашықтан-ашық дайындалады. Яғни,   қылмыс адамның  кінәсін   анықтау   оған  жаза  тағайындауды   қажет деп   табу,   қылмыстық жазаның  нақты  түрі  мен   көлемін   анықтау,  жеке  немесе   заңды   тұлғалар  арқылы емес  мемлекет  арқылы  жария,  ашықтан-ашық   түрде  белгіленеді.

Қылмыстық  жаза   кінәлі   адамға   мемлекет  атынан   белгіленеді, жеке  немесе   лауазымды  адамдар  сот   тағайындаған  жазадан  ешкімді  де   босата алмайды, заңды   күшіне  енген сот  үкімі   мемлекеттік, жеке  кәсіпорын, ұйым, мекеме, лауазымды  және   жай   адамдардың  орындауы  үшін   Республика  аумағында   міндетті  болып табылады.

Бесіншіден,  мемлекеттік  күштеу шаралары   ретінде   қылмыстық жаза   қылмыстық заңда  көрсетілген  нақты   қылмысты   жасаған кінәлі  адамға   мүмкін. Яғни, бұл жерде   жаза  адамның   кінәлі   түрде   істеген іс-әрекетінің   қылмыстық-құқылық зардабы болып табылады. Сондықтан да   қылмыстық заңда  “адам өз кінәсі   анықталған қоғамға қауіпті   әрекет   немесе   әрекетсіздік  және   пайда   болған   қоғамдық   қауіпті   зардаптар   үшін   ғана   қылмыстық жауапға  тартылуға  тиіс”, - делінген. Сондай-ақ әрбір   істелген   қылмысқа   жаза   тағайындау   міндетті емес.  Мұның   мәні   мынада: егер   тергеу   жүргізілген немесе   істі  сотта   қараған   кезде   жағдайдың   өөзгеруімен  байланысты   кінәлінің  істеген   қылмысының  қоғамға  қауіпті   мәні   жойылса  немесе  оның  өзі  қоғамға   енді   қауіпті  емес  деп  танылса,  қылмыс   нышандары   бар  іс-әрекет   жасаған  адамды  қылмыстық жауаптылықтан  босатуға  болады.

Қылмыстық жазаны   қолдану   кінәліні  басқа түрдегі   азаматтың,   әкімшілік  немесе  тәртіптік   жауапкершілікке  тартумен  де  үштастырылуы  мүмкін.

Қылмыстық  жаза  мемлекет   атынан  қылмыстық  іс –әрекеттер   үшін   кінәлінің   бетіне   басу  арқылы   берілетін  теріс   қылықты    баға  болып табылады. Бетіне   басудың  және   кінәлаудың  дәрежесі   қылмыстың ауырлығына,   кінәлінің   жеке  тұлғасына   және  оның   қылмысты   іс  әрекетті   істеудегі   мінез-құлқына   тікелей   байланысты   болады.

Жаза  сотталған  адамға   белгілі бір   зардап    келтірімен  тікелей   байланысты  болады. Мысалы,  соттың   кінәліні бас   бостандығынан   айыру  немесе   белгілі бір   кәсіппен   шұғылдануға  немесе   белгілі  бір   лауазым иесі   болуға   тыйым  салуы,   мүлкін   тәркілеуі  мүмкін. Ерекше   ауыр  қылмыс   жасаған   жағдайда   кінәлігі   заңда   көрсетілген   негізде  ерекше жаза - өлім   жазасын   тағайындауы  да   мүмкін.  Сөйтіп, кез келген   қылмыстық жаза   тағайындағанда   сотталған адам   материалдық, моральдық,   мүліктік   зардап   шегеді.  Өйткені  жаза  өзінің мәні   жөнінен  кінәліні   жазалау   болып  табылады.

Қылмыстық  жазаның  басқа да  мемлекеттік  күштеу    шараларынан ерекшелігі, оны  қолдану  кінәліге  барлық   уақытта да  сотталғандық  туралы  атақ  береді. Сотталғандыңтың  кінәлі  үшін   белгілі  бір  құңылың  зардабы  бар,  ол  сотталғандығы  туралы өмірбаянында  көрсетілуі  керек, сотталғандық  кейбір   жағдайларда   қылмысты   ауырлататын   мән-жайларға   жатады. Немесе   сотталғандық  атақ   кейде   қылмыстық саралауға, жазаның   мөлшерін, сондай-ақ  жазаны   өтейтін  колонияның   түрін  белгілеу  үшін   маңызды  мәнге   ие  болады. Сонымен,  қылмыстың жаза  денегіміз  сот арқылы  мемлекет   атынан   жасаған  адамға   қылмыстық заңмен  белгіленген  мемлекеттік шараны  қолдану    болып табылады.

Қылмыстың  жазаның   әкімшілік   құқық бұзушылық  үшін  қолданылатын   жазадан  айырмашылығы  мынадай: біріншіден,  қылмыстың жаза  бұл істелген   қылмыстың   зардабы,  ал   әкімшілік  шара  болса,  ол   қылмыс болып табылмайтын   қоғамға  жат   теріс   әрекеттер   үшін ғана   тағайындалады.

Екіншіден,   қылмыстың жаза   сот арқылы  мемлекет атынан  тағайындалады. Әкімшілік   шараларды  әкімшілік   органдары,   лауазым  адамдары немесе  судья   тағайындайды.   Үшіншіден,   қылмыстық жазаның әкімшілік   жазадан  ерекшелігі   сол сот  үкімі  бойынша    тағайындаған   қылмыстық жаза   кінәліге   сотталғандық  атақ береді, ол   әкімшілік   жаза   таратылғандар  үшін   мындайда   құқылық  зардап болмайды.

Жаза қылмыскер   үшін   өзі   жасаған   қылмыстың   салдары.  Дегенмен   ол   қылмыстың   алдын   алудағы   белді  шара  болып  табылмайды. 

 

8-дәріс. ҚР   Отбасы   құқығының негіздері.

Тақырып №8: I.Неке және Отбасы қатынастарын құқықтық реттеу.

 

Дәрістің  мақсаты: Некені заңды түрде рәсімдеу және Отбасы құқығын меңгеру, оның нормалары мен құқықтық қатынастарын, некеге тұру үшін қойылатын талаптарды ұғыну.

 

Дәрістің  міндеттері:

 - Отбасы құқықтың түсінігін анықтау, құқық жүйесіндегі рөлін ұғыну;

 

I. Неке және Отбасы қатынастарын құқықтық реттеу.

1.1.Некені заңды түрде рәсімдеу тәртібі.

 

Неке және Отбасы құқығы некелесу, туыстық, бала асырап алу және баланы отбасы тәрбиесіне қабылдаудың басқа да нысандарына орай, пайда болатын, яғни отбасы қатынастарын өзіндік және соған байланысты мүліктік қатынастарды, яғни отбасы қатынастарын зерттейтін құқық саласы болып табылады..

Отбасы құқығы бойынша неке-бұл ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік және мүліктік емес жеке қатынастарды туғызатын, отбасы құру мақсатымен заңдарда белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімі жағдайында жасалған еркек пен әйелдің арасындағы тең құқықты одақ.

Некені заңды түрде рәсімдеу дегеніміз оны азаматтық хал актілеріндегі жазу органдарында тіркеу болып табылады. Белгілі бір тәртіппен тіркелген некенің ғана құқықтық күші болады. Бұл ереже неке – отбасы заңдарының негіздерінің бірі болып табылады. Бұл мән-жайдың ерекше маңызы бар. Ерлі- зайыптылардың заңдық құқы мен міндеттері неке АХАЖ – да тіркелгенен кейін ғана ерлі - зайыптыларды қорғау туралы міндеттеме алады, оларды ерлі-зайыптылар ретінде таниды, сондай – ақ бұл отбасыға қамқорлық көрсетеді.    

1.2. Некеге тұру үшін қойылатын талаптар.

 

Некеге отырғандардың ақыл есі дұрыс, балиғат жасына жетуі керек. Қазақстан Республикасының заңы бойынша некеге отыру жасы ерлер үшін - 18 жас, ал қыздар үшін 17 жас болып белгіленген. Дәлелді себептер болған жағдайда мемлекеттік тіркеу орны бойынша азаматтық хал актілерін жазу органдары неке жасын екі жылдан аспайтын мерзімге төмендете алады.[2]

Неке жасын кеміту туралы өтінішті тұрмысқа шығатын қыздың өзі жазу керек. Мұндай өтінішті ата-аналары, қамқоршылары да жаза алады, бірақ олар үшін қыздың өзінің келісімі керек. Некеге тұру жасын қысқарту туралы мәселені жергілікті әкімшілік шешеді. Әдетте толық қабілеттілік 18 жастан басталады, яғни құқықтық қатынасқа өз еркімен тұру және өз әрекетіне өзі жауап беру  болады. Алайда некеге 17 жастан тұру рұқсат етілсе, отбасылық қатынаста толық қабілеттілік некеге 18 жасқа дейін тұрумен басталады. Бұл, атап айтқанда, ерлі-зайыптылардың бала тәрбиесіндегі, мүлікті пайдаланудағы, отбасылық өмірдегі  басқа да мәселелерді шешудегі құқықтары мен міндеттерінің теңдігін білдіреді.

Неке – мемлекеттік органдарда, азаматтық хал актісенде тіркеліп жазылады. Бұл жағдайдың ерекше мәні бар. Ерлі-зайыптылардың құқығы мен міндеттері АХАЖ-дан (азаматтық хал актісінің жазбасы) өткен соң ғана күшіне енеді. Тек осыдан кейін ғана мемлекет ерлі-зайыптылардың құқығын қорғауды қолға алады. Оларды заңды түрде некелескендер деп есептейді, сондай-ақ бұл отбасына қамқорлық жасайды.

Некеге тұруға байланысты негізгі белгі боп табылатын келесі бүр түрі – қаны бір туысқан адамдардың бір-бірімен некеге тұра алмауы. Жақын ұрпаққа берілу мүмкіндігін жоғарылатады.

Некені жарамсыз деп тану – некені жою және оның аяқталу сәтінен басталатын барлық құқықтық салдар.

 

ІІ. Ерлі–зайыптылардың жеке және мүліктік құқықтары мен міндеттері.

 

Сонымен, тіркелген неке ерлі-зайыптылардың арасындағы  жеке және мүліктік құқықтар мен міндеттерді тудырады.

Неке және отбасы туралы Заңның 29 бабына сәйкес ерлі-зайыптылардың жеке құқықтарына мыналар жатады, тегін таңдау құқығы, қызмет түрін, мамандықты,тұрғылықты жерді таңдау құқықтары, отбасы өмірінің мәселелерін бірлесіп шешу құқығы.

Заңға сәйкес ерлі-зайыптылар тең құқықтарды пайдаланады және тең міндеттерді атқарады. Ерлі-зайыптылардың жеке құқықтарының теңдігі отбасы өмірінің барлық жалпы мәселелерін (ана, әке болу,балаларға тәрбие мен білім беру мәселелері және отбасы өмірінің басқа да мәселелері) олардың бірлесіп және өзара келісе отырып шешуінен көрінеді. Алайда, ерлі-зайыптылардың ешқайсысы да жеке құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыру кезінде артықшылықты пайдалануға тиіс емес.

Қолданылып жүрген заңда текті таңдаудың екі жолы ұсынылған. Некеге тұру кезінде ерлі-зайыптылардың қай-қайсысы да өздерінің некеге отырғанға дейінгі  тегін қалдыра алады. Сонымен бірге ерлі – зайыптылар өз қалаулары бойынша ортақ бір тек таңдауға құқылы. Ондай тек ерінікі болмаса әйелінікі де болуы мүмкін.Тәжірибеде ерлі-зайыптылар ортақ бір текті (әдетте ерінің тегін) таңдайды.

Қорыта келгенде, сонымен ерлі-зайыптылар арасындағы құқық екі топқа: жеке құқыққа және мүліктік құқыққа бөлінеді. Жеке құқық адамның өзімен байланысты, оны одан бөліп тартып алуға болмайды. Оған тегін, мамандығын, жеке қалауы бойынша қызмет таңдау құқығы жатады. Заң бойынша әйел қыз кезіндегі тегін сақтауға немесе ерінің тегін алуға құқылы. Отбасылық өмірдегі мәселелерді шешкен кезде ерлі-зайыптылардың бірінің өз пікірін екіншісіне тануға құқығы жоқ, әйтпесе ол жеке бостандықты шектейді. Ерлі-зайыптылардың бірінің екіншісінің мамандық, қызмет орнын таңдауын шектеуіне құқығы жоқ. Бұл мәселелер мәжбүрлеусіз, бірі-бірінің бостандығы мен қадір-қасиетін құрметтей отырып шешілуі тиіс. Конституция бойынша  еңбек етуге, мамандық таңдауға, қызмет түрлерін алуға ері мен әйелі тең құқылы. Ерлі-зайыптылар сондай-ақ бірінің алдында бірі жауапты. Ол ізгілікті Адами жауапкершілік  қана емес, сонымен бірге заң алдындағы да жауаптылық. Заңды жауаптылық ерлі-зайыптылардың бірі көмекке (сырқаттануына, еңбек қабілетінен айырылуына байланысты, материалдық кемтарлық жағдайында және т.б.) мұқтаж болған, ал екіншісі көмек көрсетуден саналы түрде бас тартқан кезде туады. Мұндай жағдай заң көмекке мұқтаж жағының екіншісінен алимент өндіріп алу туралы сотқа жүгіну құқын береді. Іс жағдайын мұқият қарағаннан кейін мәселені сот шешеді. Кейбір жағдайларда ерлі-зайыпты алимент төлеуден босатылуы мүмкін. Егер отбасының ажырасуына зайыбы кінәлі болып табылса (аналық міндетін орындамаса, ішімдікке салынса, және т.б.) онда ол алимент алу құқығынан айырылады.

Конституцияда бірінші рет тек ана мен баланы қорғау ғана емес, әкені қорғау орнықтырылған, ол отбасында ішкі отбасылық мәселелерді шешуде болсын, балаларды тәрбиелеуде болсын, ерлі-зайыптылар құқығының теңдігі принципін нығайтудан, еріктілік тәртібімен әкелікті тану мүмкіндігін, оның ішінде болашақ ананың жүктілік кезеңінде, кеңейтуден, жәрдемақы түрінде мемлекеттік көмек алудан, іс жүзінде балаға күтім жасайтын баланың әкесіне баланы күтуі бойынша жалақысы сақталмайтын қосымша демалыс беруден көрінеді.

Неке мен отбасын, аналықты, әкелікті және балалықты кімнің болсын отбасы ісіне орынсыз араласуына жол бермеу принципін нығайту жолымен, некеге отыру кезінде және отбасылық қатынастарда әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, тілдік және қай дінге жату белгілеріне қарап, азаматтардың құқығын шектеудің кез келген нысанына тиым белгілеу, неке және отбасы қатынастарында азаматтардың құқығын тек заң негізінде және заңда көрсетілген негіздерде шектеу мүмкіндігі, неке және отбасы қатынастарын қорғау жөніндегі мәселелерді, сот, мемлекеттік органдар немесе қамқоршылық не қорғаншылық органдар арқылы заң тұрғысынан реттеу жолымен мемлекет жүзеге асырады.

 

2.2. Ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтары.

 

Заңда ерлi-зайыптылардың некеде тұрған кезде жинаған мүлiктерiнiң жалпы тiзiмi берiлген. Бұған ерлi-зайыптылардың табыстары (жалақысы, зейнет ақысы, материалдық көмек, кәсiпкерлiк қызметтен тапқан табыстары, т.б.), осы табыстардың негiзiнде жиналған мүлiктер (ортақ мүлiк, сондай-ақ ерлi-зайыптылардың әрқайсысының мүлкi) және т.б. жатады.

Жалпы тәртiп бойынша ерлi-зайыптылардың құқықтық жағынан тең болуы олардың қайсысы қандай затты иемденуiне, ол заттың қандай мақсатқа арналғанына және кiмнiң атына жазылғанына байланысты емес. Ерлi-зайыптылардың құқықтық жағынан тең болуына олардың отбасы табысының жалпы сомасына қаншалықты үлес қосқаны да әсер ете алмайды. Заң (32-бап, 3-тармақ) ерлi-зайыптылардың ортақ мүлiкке құқығы некеде тұрған кезенде үй шаруашылығын жүргiзудi, балаларды бағып-күтудi жүзеге асырған, немесе басқа да тиесiлi дәлелдi себептермен жеке кiрсi болмаған жұбайға да тиесiлi екендiгiн арнайы ескертедi.

Бiрге тұрған кезде жинаған ортақ мүлiктен басқа, ерлi-зайыптылардың әрқайсысына тиесiлi жеке мүлкi болады және оған өздерi дара билiк етедi. Мұндай жеке дара мүлiктерге ерi мен әйелiнiң некеге тұрғанға дейiнгi немесе ерлi-зайыптылардың некеге отырғаннан соңғы жеке мiндеттемелерi бойынша алған заттары, ерi мен әйелiнiң сый ретiнде алған, немесе мұрагерлiк жолымен иемденген заттары, жеке пайдаланатын заттары (сырт киiм, аяқ киiм, т.б.) ерлi-зайыптылардың некеге тұру кезiнде ортақ қаржысына сатып алынған болса да қымбат заттар мен басқа да сән-салтанат заттарын қоспағанда, басқасының бәрi жатады. Мысалы, әйелiнiң құндыз мантосы, ерiнiң алтын сағаты, т.б. ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкi болып саналады.

Некенiң iс жүзiнде тоқтатылуына байланысты бөлек тұрған кезде ерлi-зайыптылар өзара келiсiм бойынша иелiк ете алады. Ерлi-зайыптылардың әрқайсысы жалпы мүлiкке байланысты өз бетiнше келiсiм жасай алады. Бұл жерде жаңа Заңның талап етуi бойынша басқа жұбайдың келiсiмiн алуы қажет. Ортақ мүлiкке байланысты нотариалды рәсiмдеудi талап ететiн мәмiле жасау үшiн (мәселен, тұрғын үйдi сату кезiнде) екiншi жұбайдың жазбаша келiсiмi қажет.

Ерлi-зайыптылардың әрқайсысы некенi тоқтатқан сәтте де, сондай-ақ некеде тұрған кезiнде де жалпы ортақ мүлiктi бөлiсудi талап етуге құқылы. Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлiске салғанда, олардың үлестерi тең болуы тиiс. Жоғарыда көрсетiлгендей, отбасының жалпы табысына ерлi-зайыптылардың әрқайсысының қосқан үлесiнiң көлемi жалпы ереже бойынша ескерiлмейдi. Сонымен бiрге жекелеген жағдайларда сотқа кәмелетке толмаған балалардың мүдделерiн немесе ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң мүдделерiн ескере отырып ерлi-зайыптылардың үлестерiнiң теңдiгi негiзiн ескермеу құқығы берiлген («Неке және отбасы туралы» Заңның 37-бабы).

2.3. Ерлi-зайыптылардың алименттiк мiндеттемелерi.

 

Халықтың көпшiлiгiнiң түсiнiгiнде «алимент» ұғымы тек ата-аналарының балаларын асырап-бағу үшiн беретiн қаражаты ретiнде қалыптасқандығы белгiлi. Алайда алименттiк қатынастар жоғарыда көрсетiлген жағдайда ғана емес, «Неке және отбасы туралы» заңда көрсетiлгендей, отбасының басқа да мүшелерiнiң арасында да туындауы мүмкiн қатынас болып табылады. Мәселен, ерлi-зайыптылардың арасындағы алименттiк мiндеттемелер, ағалары мен әпкелерiнiң өздерiнiң кәмелетке толмаған және кәмелетке толған, еңбекке жарамсыз iнiлерi мен сiңлiлерiн (қарындастарын) асырау жөнiндегi мiндеттерi, немерелерiн асырап бағу жөнiндегi атасы мен әжесiнiң мiндеттерi, немерелердiң атасын және әжесiн асырап бағу жөнiндегi мiндеттерi, тәрбиеленушiлердiң өздерiн нақты тәрбиелеушiлердi асырап- бағу жөнiндегi мiндеттерi, өгей ұлдар мен өгей қыздардың өгей әкесi мен өгей шешесiн асырап-бағу жөнiндегi мiндеттерi. Бiз осылардың iшiндегi ерлi-зайыптылардың арасындағы алименттiк мiндеттемелердi қарастырмақпыз. Алименттiк мiндеттемелер әдеттегi тәртiп бойынша екiден көп емес субъектiлердiң болуымен сипатталады, нақтырақ айтсақ, бұл қатынастардың субъектiлерiнiң саны заңмен қатаң айқындалған. Ол бiржақты болып табылады, өйткенi құқылы тұлға тек субъективтi құқықтарға ие болса, мiндеттi тұлға тек субъективтi мiндеттемелерге ие болады. Алименттiк мiндеттемеде бiр мезгiлде құқықтар мен мiндеттерге ие болатын субъектiлер жоқ, алайда мiндеттi тұлға бұрын құқылы болғанмен, болашақта құқықтарға ие болатын тұлға мiндеттiге айналуы мүмкiн.

 

Қолданылған әдебиеттер

Негізгі әдебиеттер

 

1.                Алауов Е.О. Уголовное право: Учебник. – Алматы, 2000.

2.                Баишев Ж.Конституционное право Республики Казахстан. – Алматы, 2001.

3.                Гражданский кодекс Республики Казахстан. – Алматы: Юрист, 2001.

4.                Гражданское право: Учебник для вузов (академ. курс) / отв. ред. М.К. Сулейменов, Ю.Г. Басин. – Алматы, 2000. – Т. 1.

5.                Гражданское право РК: Учебник. – Алматы: Данекер, 2000.

6.                Жетписбаев Б.А. Административная ответственность в Республике Казахстан: Учебное пособие. – Алматы, 2000.

7.                Основы государства и права Республики Казахстан / Под ред. Г. Сапаргалиева. – Алматы, 1997.

8.                Конституция Республики Казахстан. – Алматы, 2000.

9.                О труде в Республике Казахстан. Закон РК: (в сравнении с КЗОТ КазССР): Практическое пособие. – Алматы, 2000.

10.            Каиржанов Е.И. Уголовное право. Общая часть. – Алматы, 1996.

11.            Кагазбаев Т. Трудовое право Республики Казахстан. – Алматы, 1999.

12.            Комментарии к изменениям и дополнениям в Уголовный кодекс Республики Казахстан.  – Караганда, 2000.

13.            Налоговая система Республики Казахстан. – Алматы, 1999.

14.            Сапаргалиев Г.С. Конституционное право РК. – Алматы, 1998.

15.            Сапаргалиев Г.С.  Основы       государства    и  права Казахстана. – Алматы, 1996.

16.            Конституция Республики Казахстан: научно-правовой комментарий / Под ред. Г. Сапаргалиева. – Алматы, 1998.

17.            Уголовное право РК. – Алматы: Жетi  жаргы, 1998.

18.            Шайбеков К.А. Трудовое право Республики Казахстан. – Алматы, 2001.

19.            Худяков А.И. Налоговое право Республики Казахстан (Общая часть). – Алматы, 1998.

20.            Худяков А.И. Финансовое право Республики Казахстан (Общая часть). – Алматы, 1995.