Коммерциялық емес акционерлік қоғамы
АЛМАТЫ ЭНЕРГЕТИКА  ЖӘНЕ БАЙЛАНЫС  УНИВЕРСИТЕТІ
Әлеуметтік пәндер кафедрасы
ФИЛОСОФИЯ
Барлық мамандық студенттері үшін семинар сабақтарын орындау бойынша әдістемелік нұсқаулықтар 

Алматы 2014

ҚҰРАСТЫРУШЫЛАР: Мухамеджан Қ.Ш., Джаркинбаев Е.Е. Философия. Барлық мамандық студенттері үшін семинар сабақтарын орындау бойынша әдістемелік нұсқаулықтар. – Алматы: АЭжБУ, 2014. – 37 б.   

Философия курсы бойынша ұсынылып  отырған әдістемелік кеңестерде семинар  сабақтарының жоспары және әр сұрақтың  қысқаша мазмұны, осы тақырып   шеңберінде жазуға  болатын  баяндамалар  және рефераттар  тақырыптары, сонымен  бірге студенттің сабақтан  тыс кезде өздігінен оқып – білуге тиіс сұрақтары мен  пайдаланатын  әдебиеттер  тізімі көрсетілген.

Пікір беруші: фил. ғыл. канд., доцент Шаракпаева Г.Д.

«Алматы энергетика және байланыс университетінің» коммерциялық емес акционерлік қоғамының 2014 ж. баспа жоспары бойынша басылады.

© «Алматы энергетика және байланыс университетінің» КЕАҚ, 2014ж.

Кіріспе

Бүгінгі ғылым талаптарына сәйкес міндетті түрде  оқытылатын  негізгі  гуманитарлық  пәндер  қатарына  философия  ғылымы жатады. Білім  беру  саласындағы  әлемдік  тәжірибенің  XX – ғасырдың  екінші  жартысынан  бастап  гуманистік  бағытта  дамуы, гуманитарлық  пәндердің  әлеуметтік  маңызын  арттырып, білім беру  процесінің  мәні мен  мұраттарын  жаңа  тұрғыдан  түсінуге алып келді.

«Философия» курсына  арналған  оқу бағдарламасы  қазіргі  заманғы  жоғары  білімді  инженер – маман  білуге  тиісті негізгі  философиялық  және  ғылыми  мәселелердің мәнін  көрсетеді. Пәннің  жалпы  мақсаты  да  студенттердің  - болашақ  мамандардың  - дүниетанымын   кеңейтіп,  философиялық  көзқарасын  қалыптастырып, жүйелі ойлауға  бағыттау. Семинар  сабағында  және өз бетімен  талдауға  арналған  тақырыптар  дүние,  қоғам  және  адам  туралы  мифологиялық,  діни – философиялық,  ғылыми – философиялық  көзқарастардың  ерекшеліктерін  саралап, адам  өмірінің  мәнін  сенім  мен  таным мүмкіндіктерін ашуға  арналған. Сонымен  бірге  адамзат  білімінің  қыр – сыры, оның  қазіргі заманғы  қоғамдағы  дамуы және рөлі адами – рухани  құндылықтардың  күнделікті өмірдегі  маңызы,  шығармашылық  өнердің  мүмкіндіктері мен  болашағы  жайында мәселелер талданады.

«Философия» пәнінің  оқытылуы  студенттерді парасаттылыққа және  эстетикалық талғам  қалыптастыруға  тәрбиелейді. Ең маңыздысы  жастар философия  тарихымен   таныса  отырып,  ғасырлар  бойы  жинақталған  рухани  байлықты игереді, сол арқылы адам  бойындағы  қасиеттерге, тұлғаның қалыптасуы,  бостандыққа ұмтылуы, қоғамдық  қатынастар  мен үйлесімділіктің  мәнін түсіндіретін  заңдылықтарға  баға  береді. Адам мен табиғат, адам мен  қоғам  арасындағы  байланыстар, қазіргі заманғы  ауқымды тауқыметтер, адамзат  мәдениеті мен жер бетіндегі тіршіліктің болашағы, жалпы   адамзаттық  игіліктердің тағдыры мен даму үрдісі  туралы өз пікірлерін қалыптастырады. Әлемде және  елімізде болып  жатқан  саяси -  әлеуметтік өзгерістерге, ұлттық құндылықтарымызға баға бере отырып, философиялық  зерделік – логикалық,  жүйелі сыншыл тұжырымдардың  мәнін  түсінеді.

Дәрісте қысқаша бағыт – бағдар, әлемдік  философияның  тарихынан жалпылама  мәліметтер  ғана берілсе, семинар  сабақтарында және  студент  өзіндік  жұмыстарды  орындаған  кездері нақтылы  бір  философиялық   көзқарастарға  немесе  жекелеген  данышпандардың  пікірлеріне  талдау жасалады. Семинар  сабағы студенттің  жинақтаған  білімін, ойлау және  шешендік деңгейін  көрсетуіне  мүмкіндік  береді. Тек сөйлеуге  үйретіп  қоймай, дәлелді түрде  өзі таңдаған  даналық  ойды немесе  өзінің  төл пікірін  қорғауға дағдыландырады. Философияны  оқып – түсінудегі басты мақсат  рухани  құндылықтардың, өмірдің шынайы мәнін анықтау  болғандықтан  және  пенделік  пен  адамгершіліктің, бақыт  пен  бақытсыздықтың, ізгілік  пен  зұлымдықтың, ақиқат  пен  жалғанның  ара – жігін ашуға  тірелетіндіктен, әртүрлі пікірлер мен  тұжырымдарды  саралап салыстыруға тура келеді. Философияның  басқа ілімдерден  және  көзқарас  формаларынан айырмашылығы - аталған  мәселелер  туралы  нақтылы,  біржақты, абсолютті  ақиқат  деп  танитын  анықтамалар  жоқ. Дүниеге философиялық  көзқараспен  қарайтын  адам  ақиқатты  өзі іздеуі тиіс. Ал,  философия  тарихында жинақталған  білім  мен  тәжірибе нәтижелері тек  қана бағыт – бағдар  береді.   Қорыта  айтқанда  пәннің   негізгі  мұраты  оқушыны  пенделікпен  күресіп, адам болуға, өзін - өзі тәрбиелеуге, сыңаржақты ойлап   өмір сүрмей  жан – жақты  ойлап,  іс - әрекет  жасауға  бағыттау.

Осы мақсаттарға  жету жолында  мынандай мәселелерді шешуіміз  қажет:

- адамзаттың мәдени  тәжірибесін, ойлау  және тану  формаларын саралап, оларды салыстыра  отырып, жалпы адами  құндылықтар тұрғысынан талдау;

- әлемдік  философия  тарихында  қалыптасқан  көзқарастар мен концепцияларға объективті бағасын беруге тырысу;

- данышпандар мен әулиелер айтқан  пікірлер  мен нақыл  сөздердің мағынасын  түсініп, үндестігі мен айырмашылығына назар салу;

- қазіргі заманғы адамзат қоғамының  даму бағыттары мен үрдістеріне тарихи және болашақтағы нәтижелер тұрғысынан баға беру   және болжамдар  жасау;

- ұлттық  философияның тарихымен  таныса отырып, оның  қазіргі кезеңдегі даму  ерекшеліктерін  анықтау және  мәнін  айқындау;

- философиялық  көзқарасымызды  қалыптастыра отырып, ойлау және сөйлеу  мәдениетіне үйрену, жүйелі ой, пікір айтуға дағдылану; 

-         дүниеге, өмірге деген көзқарасты жүйелеп, шынайы адами  құндылықтарды  анықтап, абсолютті ақиқатты тануға ақыл – сенімімізді бағыттау.

Осы  аталған мәселелерді шешіп,  белгілі  бір  нәтижеге жету үшін  семинар  сабақтары  өткізіліп, студенттер өзіндік  жұмыстар  атқарады. Аудиториялық  уақыт  шектеулі болғандықтан  кредиттік  оқу жүйесі бойынша,  студент  сабақтан  тысқары  кездері семестрлік  жұмыстар  орындап,  әртүрлі қосымша әдебиеттерді  оқуы  тиіс. Философия  басқа  да әлеуметтану, жаратылыстану және  техникалық  ғылымдармен  тығыз  байланыста  дамиды  және  адамтану  ілімінің негізі  болып  табылады. Философия  барлық  жоғары  оқу орындарының  бірінші – екінші  курс  студенттеріне  оқытылады, ал  оған  дейін  орта  мектеп  оқушылары  қоғамтану  және  жаратылыстану   ғылымдарының  негізімен танысып, белгілі бір  дәрежеде білім қорымен  және  өмірлік  тәжірибемен келеді.

Семинар  сабақтарында  студенттерге  қойылатын талаптар мен шарттарға келсек, олар  мыналар:

- философия  тарихында  қалыптасқан  негізгі  ұғымдардың мағынасын  түсініп, оларды өз дәрежесінде қолдана білу;

- семинар  сұрақтарын  немесе өзіндік  жұмысты  талдаған   сәтте әртүрлі философиялық  көзқарастар  тұрғысынан қарай отырып, жүйелі  түрде түсінігін айтып  жеткізу;

- әртүрлі  концепциялардың  өзіндік  мағынасын  және  тарихи  негізін, пайда болу  заңдылығын, адамзат үшін  құндылығын,  анықтаған  өзіндік көзқарасын білдіру;

- ойлау  және сөйлеу мәдениетін қалыптастырып, әртүрлі пікірлерді сабырмен қабылдау және өз пікірін логикалық  заңдылықтарды сақтай отырып жеткізе білу.

Семинар сабақтарының тақырыптары

1. Философия – адам және қоғамның рухани өмірінің ерекше сферасы. - 2 сағат.

2. Ежелгі Шығыс философиясы. - 2 сағат.

3. Антика заманы философиясы.  - 2 сағат.

4. Ортағасырлар дәуірі философиясы. - 2 сағат.

5. Қазақ философиясының тарихы.-  2 сағат.

6. XX ғасыр философиясы. - 2 сағат.

7.Таным философиялық сараптаудың пәні. Ғылыми таным методологиясы. -  2 сағат.

8. Табиғат және қоғам. Қазіргі заманғы өркениеттің ауқымды тауқыметтері. -  2сағат.

_________________________ Барлығы: 16 сағат.

Семинар сабақтарының және студенттердің өзіндік жұмыстарының тақырыптары

Тақырып 1. Философия  адам және қоғамның рухани  өмірінің  ерекше сферасы

Мақсаты: бүгінгі демократияға негізделген азаматтық қоғамға бағытталған студент жастарды дүниеге көзқарастың тарихи түрлерімен таныстыра келіп, философияның жалпы  адамзат дамуындағы рөліне терең талдау  жасауға үйретіп, ғылыми танымды қалыптастырудың бастамасына жол ашу.

1. Адам және әлем. Философия  көзқарас түрі және мифологиялық, діни  көзқарастардан  ерекшелігі.

Сұраққа жауапты үш бағытта іздестіру  қажет. Біріншіден, адам  мен  табиғат арасындағы  байланыс, қарым – қатынас  ерекшелігіне  назар  аударған  жөн, оның  хайуанаттардан  айырмашылығы,  саналы  іс - әрекеттің  инстинктен  өзгешелігі т.б. адам өмір  сүру тәсіліндегі «рухани  қажеттіліктердің» мәні мен мағынасы жайында ойлану керек.  Екіншіден, адамның  дүниетанымының  құрылымын  сараптаған  дұрыс, үш негізгі  құрылымдық  элементтерінің  ара – жігін  ашып көрсете білу керек. Олар: білім (дүниетаным  және түсінік), іс - әрекет (адамның белсенділігі, пікірі, тәжірибесі), құндылықтар (заттар мен  идеялар  әлемінде бағыт – бағдарын   анықтауы).  Үшіншіден, көзқарастың  тарихи үш  түріне салыстырмалы түрде талдау жасап, миф, дін және философия арасындағы байланысқа, ерекшелік пен ортақ мақсатқа ерекше тоқталған  дұрыс. Осы жерде, философияның шығу тарихы туралы концепцияларға түсініктеме бере кету керек. Олардың негізгілері: мифогендік, гносеогендік, эклектикалық т.б.  

2. Философияның пәні және негізгі мәселелері.

Бұл сұраққа  жауап беру үшін, философия тарихында оның  негізгі зерттеу объектісіне нелер енгізілді және қандай мәселелер басты мәселе болып саналады, соған назар аударған дұрыс. Әлемдік философияның әртүрлі даму кезеңдерінде және  әртүрлі географиялық  аймақтарда онтологиялық,  антропологиялық  және  гносологиялық, аксиологиялық  немесе теологиялық т.б. мәселелер төңірегінде қарама – қарсы көзқарастар туындады. Мысалы: Конфуций – адамтану  философиясы; Сократ  парасаттылық  және ақылдың бірлігі немесе  өзінтану философиясы;  Кант – мен нені біле аламын, не істеуім керек, неге  үміттене   аламын;  Энгельс – ойдың  болмысқа  қатынасы; Камю - өмір бар ма?; Абай – махаббат және ғаділет сезім; т.б.

3. Философияның негізгі функциялары  және қоғамдағы маңызы.

Жалпы  төрт   функцияны негізгілері деп санайды: экспликация – белгілі бір  мәдениет  немесе  адамдардың тарихи – қоғамдық өмірі  тұтастай негізге алатын  тәжірибе формаларын, көзқарас, ең басты  идеяларды  анықтайды; оларды  мәдениет  универсалийлері деп те атайды;  екіншісі -  көзқарастың рационалдық – теориялық  формасы, философия  ойды, пікірді ұғымдық  және  логикалық  формаға келтіру функциясын  атқарады; келесі функция  - жүйелеу, философия, әртүрлі формадағы адамзат тәжірибесінің  нәтижелерін теориялық тұрғыдан  тұжырымдауға ұмтылады; төртінші функциясы – мәдениет дамуындағы қайшылықтар  мен адамзат іс - әрекетіндегі пендешіліктерді сынға  алу,  өмірдің мәнін анықтау, пайымдау барысында қалыптасқан  өзімшілдік пиғылдарды әшкерелеу, адам мен  табиғат, адам мен адам  арасындағы  қатынастардағы ақылға  сыймайтын ой мен істің  табиғатын, мазмұнын  ашып көрсетуге тырысады. 

Аталған  функциялар  философия мен  діннің,  философия  мен  ғылымның  арасындағы  тығыз  байланысты  көрсетеді. Қазіргі заманғы  әлемдік қарым – қатынастағы, жалпы  мәдениеттің  дамуындағы, жеке  адамдар  өміріндегі философияның  рөліне  ерекше тоқталған  дұрыс, сонымен  бірге адамзат  қоғамының гуманизациялану процесіне, пенденің  адамдық  деңгейге көтерілу мүмкіндігіне тікелей  тигізетін  әсерін  де ашып  көрсету қажет. Осы жерде философияның  парасатпен, имандылықпен, саясатпен, өнермен, ділмен, махаббатпен астарласып жатқанын, өмірдің барлық саласын қамтитынын дәлелді  жеткізуге ұмтылған жөн.

Өзіндік жұмысқа арналған  сұрақтар:

а) гуманитарлық  ғылымдар және философия;

б) философиялық  таным тәсілдері: диалектика және догматизм.

Баяндамалар мен рефераттар  тақырыптары

1. Шығыстық, дәстүрлік мәдениеттегі философияның  орны.

2. Жалпы адамзат мәдениеті дамуындағы философияның рөлі.

3. Өмірдің мәні немесе бақыт – мәңгілік философиялық мәселе.  

Әдебиеттер  тізімі

1.     Алтай Ж., Қасабеков Ж. Философия тарихы. – Алматы, 2006.

2.     Қабаева Ж. Философия. – Алматы, 2010.

3.     Ғабитов Т. Философия. – Алматы, 2006.

4.     Канке В. Философия. – М., 2008.

5.     Артемьев А., Мырзалы С. История и философия науки. – Алматы, 2010.

6.     Нурадин Г., Сапаргалиева С. Мемлекеттік аралық бақылауға дайындық курсы. – Алматы, 2010.

7.     Ушаков Е. Введение в философию и методологию науки. – М., 2008.

8.     Сағиқызы А. Гуманистік дүниетаным: әлеуметтік мәдени негіздер. – Алматы, 2013.

9.     Кішібеков Д.К. Философия независимости. – Алматы, 2011.

10.           Бейсенов Қ.Ш. Философия тарихы: Оқулық. – Шымкент, 2005. – 452 б.

11.            Философия: жоғарғы оқу орындары студенттеріне арналған оқулық // Құрастырған  Т. Ғабитов. - Алматы: Қаржы – Қаражат, 2002. – 385 б.

12.            Мырзалы Серік. Философия. – Алматы: «Бастау», 2008. – 644 б.

Тақырып 2. Ежелгі Шығыс философиясы

Мақсаты: бүгінгі Қытай мен Үндістанды елдерін салыстыра келіп,  олардың  дүниетанымдық ерекшеліктерін саралай отырып,  ХІХ-ХХ ғасыр Европа мәдениетінде пайда болған философиялық бағыттар мен байланыстылығын тауып,  көне шығыс  философиясын өзіндік ерекшелігіне терең талдау жасауға бағытталады.

1. Ежелгі Қытай философиясындағы  адам, оның мәні  және өмір сүру мәселелері.

Жалпы Шығыс философиясына тән  ерекшелік адам  мен әлем  арасындағы және адам мен адам  арасындағы  қарым – қатынастарға басты  назардың  аударылуы. Ежелгі  Қытай тарихында  белгілі  болған  алты  философиялық  мектептің іліміне,  ерекшеліктеріне  тоқталған  жөн. Олар – конфуциаялық, даосизм, моизм, легизм, инь және  янь,  атаулар  мектебі деген атпен  қалыптасқан  мектептер. Ежелгі Қытай философиясының көне жазба ескерткіштерімен  байланысы, дүниедегі қарама – қарсылықтың мойындалуы, «бес кітап  ілімі» («У – изин») негізгі ұғымдар «Дао», «инь – янь», «тянь», «даодуэцизин», т.б. мазмұнына түсініктеме беру керек. Барлық мектептердің іліміндей ортақ ерекшелік  өмір  даналығымен, парасатпен және  мемлекетті басқару мәселелерімен  тікелей байланысты өмір  сүру философиясы айрықша дамыды. Сол  себептен  де, Қытай философиясы саясаттан бөлінбей дамыған  деп қарауға болады.

2.   Қытай философиясындағы саяси – этикалық ілімдер  және  қоғам мәселесі.

Адамгершілік және тәрбие  философиясының негізін  салған Конфуций. Басты  мәселе  адамдар  арасындағы   сыйластық,  достық қатынас  деп  таныған  ол, дәстүрлі қоғамға, өткен  заман  қағидаларына  көп мән  берген. Ерекше атап  өтетін  мәселе «алтын  аралық» ұғымы,  халықты басқарудың жолдары және  Конфуций атап  көрсеткен адамды бақытты қылатын, пенделіктен адамдық  деңгейге  көтеретін  «кеңпейілділік»  ұғымы.

Көне заманнан  қазіргі кезеңге дейін үлкен  беделге ие болып келе жатқан  Қытай философиялық  ілімінің  бірі – даосизм. «Даодэцзин» («Дао  және дэ туралы кітап») – даосизмнің  басты  шығармашылық  туындысы, негізін  қалаушылардың бірі  данышпан  Лао – цзы. Даостар  іліміндегі  басты  философиялық  ұғым – дао. Басқа   мектептерден  айырмашылығы,  даосизмде тек  қана  адам  мәселесімен  шектеліп  қоймай  дүниенің  объективті бейнесін  жасауға да талпыныс  жасайды. Тағы  бір  назар  аударатын  нәрсе  «дао» диалектикасы, болмыс және болмыссыздық туралы, заттар мен  «дэ», этикалық  және әлеуметтік идеал  туралы көзқарастары.

Аталған  мектептер  ілімімен  қатар моистер  және заңшылдар  ұстанған  философиялық  дүниетанымға да қысқаша тоқтала кеткен дұрыс, әсіресе  Шан – ян  ұсынған  конфуций этикасына қарама -  қарсы  пікірлерді талдаудан  өткізу қажет. Ол  жақтаған мемлекетті басқару тәсіліне баға бере кету керек.

3. Көне Үнді философиясындағы веда ілімінің рөлі.

Көне Үнді философиясының басты  ерекшелігі, оның  діннен  бөлінбей дамуы.  Бірінші  кезеңі  буддизм пайда   болғанға  дейінгі дәуір. Веда ілімі шеңберінде  пайда  болған «брахманизм» философиясына жан – жақты талдау жасау  керек.  Әсіресе ведангілер  мен упанишад іліміне нақты  тоқталған  дұрыс. Осы ілімдерде кездесетін «брахман»,  «атман», «пұруша» ұғымдарына анықтама  беріп, олардың мәнін ашу керек. Брахманизм ілімімен қатар дамыған  тағы бір ағым  «жайнизм» философиясы. Адам өмірі және оның  мәнін түсіндіруге қолданылған  «сансара», «карма»,  «мокша», «нирвана» ұғымдарының мағынасына ерекше тоқталған  дұрыс. Брахманизм және  жайнизм  арасындағы  байланыс пен  айырмашылыққа  да назар  аудару керек. Осы ағымдарға теориялық  негіз болған  «Бхагавадгита» кітабының  мазмұны мен маңызын көрсетіңіз.

4. Буддизм  философиясы.

Ең алдымен буддизм ілімімен  брахманизм арасындағы  айырмашылыққа тоқталған жөн. Содан  кейін  буддизм бөле – жара  атап  көрсеткен  төрт «қасиетті ақиқаттың» мәні  мен  мағынасын ашу керек. Жанды  қиналыстан  азат  етудің сегіз жолы, «нирвана» жағдайына  жету, «архат» атына  ие болу сияқты  философиялық  тұжырымдарға  ерекше назар  аудару керек. Сонымен  бірге  буддизм  дамуының  әртүрлі кезеңдері,  онда пайда  болған  екі ағым – Хинаяна және Махаяна туралы, өмір мен өлім, тән мен жан  туралы көзқарастарға да түсініктеме берген дұрыс.

5. Көне Үнді философиясының  әлемдік философия  тарихындағы  орны.

Көне Үнді философиясына тән ерекшеліктерге  жататын белгілер: миф пен   діннен  толық  бөлініп  кетпеуі, Қытай философиясында өмір  даналығы, тұрмыс – тіршілік заңдылығы сөз болса, үнді философиясында діни – мифологиялық көзқарас басым, үшіншіден ғылыммен  байланыс  әлсіз, дәстүршілдік айқын  көрніс  береді, содан кейін  материализм мен идеализм жіктелмеген. Ең көп тараған  ұғым «даршан», «философия» ұғымына  мазмұндас – көрініс, сезіну, қабылдау, таным, пікір, ой, оқиға, ілім, жүйе т.б. мағыналарды  білдіреді. «Даршан» құрамы әртүрлі, олар: веданта, миманса, йога, вайшешика, ньяя, санкхья, чарвака, буддизм, жайнизм.

Веданың  беделін мойындайтын, ортодоксальді  ағымдар – санкхья, ньяя,  вайшешика, йога, миманса және  веданта – «астика» деп  аталады. Ал Ведаларды  мойындамайтын  ағымдар – чарвака, локоята, буддизм мен жайнизм – «настика» деп аталады.

Чарвака – локаята Ведаларды сынға  алады, өлімнен кейінгі өмір  барына сенбейді, материалды  дүниені мойындап, құдайдың бар  екендігіне  күмән  келтіреді. «Локаята» ұғымына синоним «чарвака», олардың жан, субстанция, сана, өмірдің мәні туралы айтқандарына талдау жасау керек.

«Даршан» қатарындағы «санкхья»  ағымы да дуалистік  сипатта. Олардың теистік немесе  материалистік мазмұндағы  дүниетанымына  айрықша  тоқталу керек. Үнді философиясында  ерекше беделге ие  болған  «йога»  ілімі. «Йоганың» әртүрлі ағымдары: джиняна йога, раджа йога, бхакти йога, карма – йога т.б. туралы да айта  кету қажет. Әсіресе йога  ілімінің қазіргі  заманғы дәрежесі, «Бхагавадгита», «Камасутра» сияқты философиялық  шығармалардың  ғылым  үшін  маңызы семинар  сабағында жан – жақты талданады.

XIX - XX  ғасырда  Еуропа мәдениетінде  пайда  болған «өмір философиясы», «феноменология», «фрейдизм», «экзистенциализм» сияқты  философиялық  ағымдардың Үнді философиясымен немесе жалпы шығыс философиясымен  үндес болуы, шығыстық дүниетаным, ойлау формасының қазіргі кезеңде Батыс Еуропада үлкен беделге ие болып, кең тарала бастауы жайында да тоқталып өту керек.

 

Өзіндік жұмысқа арналған сұрақтар:

а) «Инь – ян» мектебінің  философиясы;

б) Ведалар және Упанишад.

Баяндамалар  мен рефераттар тақырыптары

1. Конфуцийдің парасаттылық  философиясы.

2. Моизм философиясындағы махаббат мәселесі.

3. Даосизм білім туралы.

                

                                               Әдебиеттер тізімі

1.     Мырзалы С. Философия. – Алматы, 2010.

2.     Қасабеков А. Қысқаша философия тарихы. – Алматы, 2011.

3.     Кішібеков Д.К. Философия. - Алматы, 2011.

4.     Ежелгі шығыс философиясы. – Алматы: жазушы, жиырма томдық. 1-том., 2005. – 560 б.

5.     Философия: жоғарғы оқу орындары студенттеріне арналған оқулық // Құрастырған  Т. Ғабитов. - Алматы: Қаржы – Қаражат, 2002. – 385 б.

6.     Мырзалы Серік. Философия. – Алматы: «Бастау», 2008. – 644 б.

7.     Кохановский В., Левкеевич Г. Философия науки. – Ростов-на-Дону, 2008.

8.     Горелов А. Философия. – М., 2012.

9.     Бучило Н., Исаев И. История и философия науки. – М., 2012.

10.            Булдиков С. История и философия науки. – М., 2008.

11.            Бегалинова К., Альжанова К. Философия ч.1. История философии. – Алматы, 2007.

12.            Бегалинова К., Альжанова К. Философия ч.2. Теория философии социальная философия. – Алматы, 2007.

13.           Ағатаев А. Қайсар философиясы. – Алматы, 2009.

14.           Алтай Ж., Қасабек А. Философия тарихы. – Алматы, 2006.

Тақырып 3. Антика заманы  философиясы

Мақсаты: ежелгі грек философиясы бүкіл әлемдік философияның ірге тасы ретінде ондағы бүкіл ғұлама данышпандардың нақыл сөздерімен студент жастарды сусындатып, ерте заманда түп негіз ретінде қалыптасқан  философиялық бағыттармен таныстыра келіп, оның қазіргі батысевропа философиясын қалыптастырудағы рөлін ерекшелеуге негізделеді.

1. Ежелгі  Грек  философиясындағы  болмыс мәселесі және  дүниетаным   ерекшеліктері.

Антикалық философия  батысеуропалық  философияның  қалыптасуына ықпал еткен, оның қазіргі  заманға дейінгі дамуына  теориялық  тұрғыдан  негіз болған  бірден – бір  жүйелі көзқарас. Алдымен  шығу тарихына, басты даму кезеңдеріне қысқаша  шолу  жасау қажет, бірінші кезеңі дүниені – субъект – адам деп теңестірген; екінші – космосты объект түрінде таныған; үшінші – алғашқы эллинизм (эпикуреизм, стоицизм, скептицизм); төртінші – соңғы эллинизм (неоплатонизм), бесінші – антикалық философияның  дағдарысқа ұшыраған  кезеңдері. Әсіресе классикалық  аталған  екінші кезеңде көптеген  философиялық  мектептер  пайда  болды. Алғашқыларының  бірі – Милет  мектебі, субстанция (протоматерия)  ұғымын  енгізіп,  соны анықтауға  ұмтылды. Тағы бір  тоқталатын  ерекшелік – мифтен  логосқа  өту, ежелгі гректердің  диалектикалық  көзқарасы, Парменидтің болмыс туралы ілімі, Зенонның апорийлері, мифологиялық (бейнелік) ойлаудан  ұғымдық (рационалдық) ойлауға  өтудегі элей мектебі философиясының рөлі, пифагорейліктердің  діни – философиялық  идеялары жан – жақты  талдануы қажет. Болмыс ұғымы  арқылы  жеке даралық пен көптің,  диалектикалық  заңдылықтың мәнін ашуға  бағытталған  Парменидтің шәкірті Зенон философиясына  нақтылы тоқталу керек, әсіресе қозғалыс пен  тыныштық туралы  айтқандары өте қызықты. Сонымен  бірге Афина мектебі өкілдері Демокрит, Платон және Аристотельдің онтологиялық іліміне сараптама жасап, дуалистік мазмұнына айрықша анықтама беру керек.       

2. Грек философиясындағы адам және қоғам мәселелері.

Бұл сұраққа жауап берген кезде, Афина мектебінің философиясын  антикалық заман  дүниетанымының  шыңы деп есептеу керек. Әртүрлі концепциялардың негізін  қалаған  дана тұлғаларға жеке – жеке  тоқталған  дұрыс. Атомистік теорияның  негізін  жасаған  Демокрит  философиясындағы адамға деген  материалистік көзқарастың  ерекшелігі, білім және мәдениет  туралы тұжырымдары ой өзегі болуы тиіс.

Осы  сұрақ шеңберінде Сократтың парасат философиясына баға бере кету керек, «өзіңді танып біл» деген даналық  сөздің мәнін ашу қажет. Этикалық  рационализмнің  шындық – мейірімділік – сұлулықты, пендені адамшылыққа  тәрбиелейтін құндылықтар  деп тануы жайында түсініктеме  керек. Объективті идеалистік  көзқарастың  жақтаушысы Платон (Аристотель), адам және әлем байланысы туралы не айтты, жан мен тән  бірлігі туралы  пікірлері және шығыс философиясына тән  рейнкарнация идеясын  қалай  дамытты, осы  мәселелерге ерекше назар  аудару керек. Платонның  адамдарды әртүрлі топқа  бөлу  шарттары, «қазармалық социализм» теориясын алғашқылардың бірі болып ұсынуы, мемлекетті басқару формалары туралы тұжырымдар да кең көлемде қаралғаны дұрыс. «Эйдос», «эрос» сияқты ұғымдардың мағынасына да назар тоқтатыңыз.

Аристотельдің адам  туралы көзқарасын  жан үш деңгейден тұрады деген  тұжырым тұрғысынан қараған дұрыс. Оның адамға берген  анықтамасы, биологиялық  және әлеуметтік қасиеттердің бірлігін мойындауы, өмір  және  өлім туралы, ізгілік пен зұлымдық туралы тұжырымдарына  тоқталыңыз. Өзінің ұстазы Платонды не үшін  сынға алды, мемлекетті басқарудың, қоғамдық құрылымның үлгісі жайында айтқан философиялық  ойларына талдау жасау керек.    

3. Антикалық  философияның әлемдік философия  тарихындағы орны  және  маңызы.

Антикалық  мәдениеттің адамзат тарихына қосқан үлесін  бағалай отырып, өнер  мен ғылымның дамуын, құлдық демократиялық  қоғамның  ерекшелігін талдаудан  бастау қажет.

Софистер ілімі  риторика, логиканың  және юриспруденцияның  дамуына  қандай ықпал  жасады, Сократ  оларды  не үшін  сынады, Платон неліктен  демократияға  қарсы  болды, осы көзқарастарға   ерекше  назар  аударыңыз. Содан  кейін, ежелгі грек  философиясы шеңберінде ғылымдар  қалай  дамыды, саяси - әлеуметтік мәселелерді шешудің қандай  жолдары  ұсынылды, міне, осы  сұрақтарды айқындау керек.

Әрине, кейінгі дәуірдегі Еуропалық философиялық мектептердің  іліміне  ерекше  әсерін  тигізген  Платон  мен Аристотель философиясы. Онтологиялық,  гносеологиялық, антропологиялық  мәселелерді қарастыруда, логика, этика және эстетика ілімдерін  дамытуда, математика,  физика,  психология, медицина сияқты жаратылыстану ғылымдарына  грек данышпандарының  қосқан  үлесін   айрықша  атап өту  орынды.  Христиандық  және  исламдық  діни  дүниетаным шеңберінде Аристотель философиясының  жаңа  тұрғыдан  қаралуы, жаңа заман  философиясындағы  және XX ғасырда  пайда болған  ағымдар  өкілдерінің  белгілі  бір  өзекті  мәселелері бойынша  Аристотель, Платон  т.б. грек  ойшылдарының шығармаларына  сілтеме жасауының себептеріне де тоқталған  дұрыс болар  еді. Мысалы,  Сократтың «өзіңді танып біл» деген  шарты, Платонның  метемпсихоз  идеясы, Аристотельдің  логикасы  мен этикасы қазіргі  заман  философиясында да ерекше маңызға  ие болуда. Эпикурдың, неоплатониктердің, стоиктердің ілімі көптеген Батыс Еуропалық  жаңа ағымдардың  шығуына тікелей себеп  болған  еді. Бұл сұрақта  өткен  дәуірлер  мен қазіргі заман арасындағы  байланыс жайы жан – жақты, терең зерттелу керек.

Өзіндік жұмысқа арналған  сұрақтар:

а) антика заманы философиясындағы космоцентризм және космотеогония;

б) «Жеті данышпан» дүниетанымы;

в) киниктер және киренаиктер.

Баяндамалар мен  рефераттар  тақырыптары

1. Платон философияның  негізгі сұрағы туралы.

2. Платонның физикасы.

3. Аристотель  жан және тән туралы

4. Демокрит  бақыт туралы.

5. Аскетизм және гедонизм.

Әдебиеттер тізімі

1.     Творчество Нурлана Сейтахметова: философские дискурсы запада и востока. А.А. Хамидов. – Алматы, 2011.

2.     Сағиқызы А. Гуманистік дүниетаным: әлеуметтік мәдени негіздер. – Алматы, 2013.

3.     Қазіргі қоғам дамуының әлеуметтік-экономикалық мәселелері: дамуы мен болашағы. Монография. – Алматы, 2013.

4.     Антикалық философия. Жиырма томдық. 2-том. – Алматы: жазушы, 2005. – 568 б.

5.     Философия: жоғары оқу орындары студенттеріне арналған  оқулық // құрастырған Т. Ғабитов. - Алматы., 2002. – 496 б.

6.     Мырзалы Серік. Философия. – Алматы: «Бастау», 2008. – 644 б. 

7.     Қабылова А.С. Әбу Наср әл-Фараби философиясындағы білім мен зерде. – Алматы, 2009.

8.     Қабаева Ж. Философия. – Алматы, 2010.

9.     Канке В. Философия. – М., 2008.

10.           Ғабитов Т. Философия. – Алматы, 2006.

11.            Бучило Н., Исаев И. История и философия науки. – М., 2012. 

Тақырып 4.  Ортағасырлар дәуірі философиясы

Мақсаты: бұл кезеңде ортағасырлық Европа мен мұсылмандық Шығыс елдеріндегі дінге қатысты мәселелерге терең талдау жасалады. Әрине дінге қатысты сұрақ бүгінгі студент жастардың  көкейінде жүрген сұрақ, сондықтан бұл тақырыпта дін тарихына, оның  таралу жолдарына терең үңілуге мүмкіндік туады. Сонымен қатар ортағасырдағы антикалық дәстүрдің жалғастығына баса назар аударылады.  

1. Теоцентристік сипаты.

Бұл  сұрақтың мазмұнын ашқан кезде, алдымен   христиандық дін мен ислам  діндерінің шығу тарихына  қысқаша  тоқталған жөн болар еді. Әлемдік діндердің  пайда болуы  адамзат  мәдениетінің дамуына   тікелей әсерін  тигізді,   соның  ішінде өнер   мен  ғылымның, жалпы философиялық  көзқарастың  мазмұны мен мағынасы  өзгерді. Діннің  саяси және әлеуметтік жағдайларға  ықпалы,  адам  мен  қоғам  дамуына  жаңа талаптар  қойылуы, рухани  құндылықтардың үстемдікке ие  болуы, адам табиғаты мен  іс - әрекетіне, өмірдің мәніне діни – философиялық мазмұнда анықтамалар берілуі жайында айтылу керек.

2. Батыс Еуропалық христиандық философия.

Христиандық  философияның  алғашқы  даму кезеңі патристика деп аталады, негізгі қаралған  мәселелер  креационизм және  эсхатология. Негізін  қалаған  ірі ойшылдар  Аврелий Августин, Филон,  Дионисий, Тертуллиан т.б.  Әсіресе  Аврелий  Августин  іліміне ерекше назар  аударған  жөн, оның құдай және әлем, уақыт  туралы көзқарастары,  ізгілік пен  зұлымдық  - теодицеясы, адам және  жан,  таным және ерік, сенім мен  ақыл арақатынасы туралы айтқан ойларын талдап шығу керек.

Христиандық  философияның екінші кезеңі  «схоластика»  деп  аталады, себебі, бұл  кезеңде  (X-XI ғғ)  философия  университеттерде  дамыды. Негізгі өкілдері Фома Аквинский, Боэций, Скотт Эриугена, Пьер Абеляр т.б. Сенімді ақылдан жоғары қойған  философия таным  мүмкіндігін  шектеді, сондықтан  эмпирикалық ғылымдар баяу дамыды.

Ерекше  тоқталатын  мәселе реализм және номинализм арасындағы  талас  тудырған  мәселелер. Реализм өкілдері (А. Кентерберийский т.б.) шынайы өмір  сүретін  ұғымдар  ғана  десе, номиналистер  (Росцелин т.б.) керісінше, тек жекелеген  заттар шынайы  өмір  сүреді  деп санады. Сонымен бірге, осы сұрақ  бойынша  Ф.Аквинскийдің  құдай болмысын  философиялық  жолмен  дәлелдеуге тырысқан  тұжырымдарына терең талдау жасау қажет.

3. Шығыс  мұсылман  философиясының ерекшелігі.

          Біріншіден, мұсылман  философиясының  әлемдік мәдениеттегі орны мен  рөлін  анықтап  алу  керек. Оның  мәдени - әлеуметтік, саяси – экономикалық  алғышарттарына тоқталған  жөн. Батыс  Еуропалық   философияға  қарағанда  шығыс  елдеріндегі  философия  мен  ғылыми  жетістіктердің  дамуы  ертерек заманда басталған. Содан  кейін  христиан діні мен  ислам арасындағы  ерекшеліктерді де  ашып  көрсету керек. Әлеуметтік  ортаның,  қала  мәдениетінің, білім  жүйесі мен  діни  ұйымдардың қызметінің  ерекшеліктеріне де назар  аударылуы керек. Ислам дінінің  әлемдік  мәдениетке  әсері, оның  ішінде шығыс  философиясына  ықпалы, басқа діндермен  байланысы, адам және әлем туралы, өмір  мен  өлім туралы діни – философиялық  тұжырымдарға ерекше көңіл  бөлу керек.

          Екіншіден, Шығыс  мұсылман  философиясындағы Платон мен Аристотель  көзқарасының  рөлі, перипатетизмнің қалыптасуы, жаратылыстану ғылымдары саласындағы жетістіктер жайы да, кеңінен талдану керек.

Осы сұрақта  Муттакалимдер  мен  мутазилиттер туралы  да  айта кеткен дұрыс.

4. Шығыс  мұсылман  философиясындағы адам  және  әлем мәселесі.

Әл – Кинди, Асыл Ибн – Ата, әл – Фараби, Ибн – Сина,  Әл – Газали,  Ибн – Рушид, Омар  Хайям, Ұлықбек, Ахмет Яассауи, Жүсіп Баласағұн  т.б. шығармаларындағы   онтологиялық, гносеологиялық, аксиологиялық, антропологиялық  мәселелердің қаралуы қажет.

     Әл – Кинди  білімдер  жүйесін  қалай жіктеді, философияға қандай анықтама  берді, «Бес мән  туралы» кітабында, материя  туралы  қандай пікір  айтты? Шығыс  мәдениетінде ерекше орын  алатын  данышпан әл-Фараби философиясына  айрықша мән берген дұрыс. Себебі, ол барлық  философиялық  мәселелерді жүйелі түрде саралап, өз дүниетанымын  ұсынды. әл – Фараби  философиясын  тануды, оның энциклопедиясынан  бастау  керек, бірінші, метафизиканы «құдіретті ғылым» деп  бастап, заңдар  мен  қасиетті кітаптар  туралы пікірімен  тұжырымдайды. «Екінші Ұстаз» атанған   әл – Фараби ғылымдар  жүйесін  жасады, тіл туралы ілімді бірінші қатарға  қойып, логиканың  абсолютті қажеттілігін дәлелдеуге тырысты, математиканың  әртүрлі саласына және жаратылыстануға анықтама  берді. Әрине метафизиканы «құдіретті ілім» деп  санап, бірінші мәселе деп – жаратушыны қойды. Аристотель  және неоплатониктер  сияқты болмыстың жоғарғы формасы құдай деп танып,  құдайды абсолютке теңейді.

     Мұсылман  философиясындағы күрделі мәселелердің  бірі   дүние мен адамның  жаратылысы, бұл  мәселеде құдай эманациясының теориясы негіз болған. Әл – Фараби  ақыл  және таным, ерік және жан  мәселесін  де өзіне тән ерекшелікпен түсіндірген.

Тағы  бір  тоқталатын  мәселе  әлеуметтік – этикалық доктринасы. «Бірінші Ұстаздың» этикалық  ілімін  басшылыққа  ала отырып, «Ізгі  қаланың  тұрғындары» кітабында адам,  қоғам, мемлекет, бақыт т.б. негізгі философиялық  мәселелерді қалай  шешті, бүгінгі  заманда әл – Фараби  еңбектерінің  маңызы қандай,  осы жайында айтқан  дұрыс.

Шығыс философиясындағы данышпандар  шығармашылығында ерекше маңызға ие болған  Абдолла Ибн – Сина философиясы. Ғалымдарды жіктеуде, логиканы «танылмаған  нәрсені танылған арқылы  танытатын» ғылыми өлшем  деп  атауы, әлем және адам  туралы түсініктері, құдай және дүние  арасындағы  байланыс, психологиялық  және этикалық  көзқарастары, міне негізгі ашылатын  сұрақтар.

Сонымен қатар  Әл – Газалидің «Философтарды теріске  шығару» еңбегіндегі діни – философиялық көзқарасы, Ибн – Руштың дейстік мазмұндағы онтологиясы, Әл – Газали  шығармасын   сынға алуы сияқты сұрақтарды ашу қажет.

Орта  Азиялық   данышпандар  Ахмет  Яассауи  мен Жүсіп Баласағун  философиясы жайында, «Ақыл  кітабы» және «Құтты білік» шығармаларының мәні мен мазмұнын  атап  өткен жөн.

Өзіндік жұмысқа арналған  сұрақтар:

а) тертуллиан  және эллиндік философия;

б) патристика және христиан діні;

в) исламдағы негізгі ағымдар;

г) суфизм философиясы.

  

Баяндамалар мен рефераттар  тақырыптары

1. «Ареопагитиктер» және неоплатонизм.

2. Әл – Хорезми еңбектерінің ғылым тарихындағы маңызы.

3. әл – Фараби бақыт туралы.

4. Омар Һаям  дүниетанымы.

Әдебиеттер тізімі

1.     Қоянбаева Г.Г. әл-Фараби философиясындағы үлгілі адам мұраты. Астана, 2006.

2.     З.К. Шаукенова. Национальная консолидация Казахстана; проблемы и перспективы. – Алматы, 2013.

3.     Мырзалы С. Философия. – Алматы, 2010.

4.     Әл – Фараби мен Ибн Сина философиясы. Жиырма томдық. 4-том. – Алматы: жазушы, 2005. – 568 б.

5.     Мырзалы Серік. Философия. – Алматы: «Бастау», 2008. – 644 б.

6.     Философия: жоғары оқу орындары студенттеріне арналған оқулық // құрастырған Т. Ғабитов. - Алматы, 2002. – 441 б.

7.     Ортағасырлық  діни философия. Жиырма томдық. 5-том. – Алматы: жазушы, 2005. – 560 б.

8.     Рассел Б. История западной философии. – М., 2006.

9.     Ғабитов Т., Қасабек А. Қазақ халқының философиялық мұрасы. – Алматы, 2006. - 20 том.

10.            Бұрбаев Т. Қазақ менталитетінің даму ерекшеліктері. Монография. – Астана, 2005.

11.            Алексеев П., Панин А. Философия. – М., 2007.

Тақырып  5.  Қазақ философиясының  тарихы

Мақсаты: қазақ философиясын тарихи кезеңдерге бөлу арқылы терең талдау жасалып, төл философиямыздың өзіндік ерекшеліктеріне, соның ішінде: наным-сенім, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ауыз әдебиеті және де көшпенді ата – бабаларымыздың кеңістік пен уақытты  бөлудегі өзіндік дүниетанымдық ерекшеліктеріне баса назар аударылады.  

 

1. Қазақ халқының парасат  философиясы.     

Бұл сұрақты ашпас  бұрын  көшпенділер  мәдениетінің ерекшелігіне және  оның қазақ  халқының  дүниетанымына  әсері туралы айта кету қажет. Бейнелеп  ойлау  мен  ұғымдық  ойлаудың  арасындағы айырмашылық, интуитивті ойлаудың  артықшылығы, қазақ  халқының  дүниетанымындағы космизм және оның  синкретистік мазмұны ерекше назарда болу керек. Халықтың  тұрмыс – салтында «заттық  ойлау»,  толеранттық мінез – құлық,  кеңпейілді қарым – қатынас  қандай  рөл атқарды;  парасат  пен  ақыл  бірлігін, сенім мен  ерікті қалай бағалады, міне осы мәселелер төңірегінде  ой  толғау қажет.

Екінші бір  логикалық  талдау жасайтын  мәселе рухани  құндылықтар  жүйесі.  Өнер  мен  ғылыми  танымның  ұштасып  дамуы, халық  ауыз  әдебиеті және экологиялық  мәдениеті қандай деңгейде дамыды, оқу мен жазу қандай  маңызға ие  болды, осы сұрақтар  да зерттелуі керек.

Әсіресе поэзияның, аңыз – ертегілер  мен  күйдің адамдар  өміріндегі  мәніне тоқталып өткен дұрыс, сонымен  қатар  салт – дәстүр  және  әдеп – ғұрыптың  қоғам мен адам, адам мен  адам арасындағы  қарым – қатынаста атқаратын  міндеттері, олардың  философиялық  мағынасы сияқты әлеуметтік мәселелер  ашылуы  тиіс.

Қазақ   мәдениетіндегі діни  наным – сенімдер, миф пен діннің байланысы, олардың өмірлік маңызы мен мағынасы да назарда болуы керек.

2. Қазақтың ұлттық философиясының даму кезеңдері.

Бұл сұрақты талдауды ақын – жыраулар  шығармашылығынан  бастаған  жөн. XV-XIX ғғ. аралығындағы қазақ  мәдениетінің даму ерекшеліктері, оның ішінде  ұлттық  мәнге  ие болған  өнер салаларының  (шешендік, айтыс, эпостық дастандар,  жыр – толғаулар) айрықша  дамуы нақты аталып өткені дұрыс.

Қорқыт  және Асанқайғы дүниетанымынан  бастап, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар, Дулат, Шернияз, Шортанбай т.б. атақты ақын – жыраулар  шығармашылығына  герменевтикалық  философия  тұрғысынан  сараптама  жасалуы  қажет. Жыраулар  дүниетанымында онтологиялық  және аксиологиялық,  антропологиялық  және әлеуметтік – этикалық  мәселелер қалай  шешілген, осы жағына  нақтылы анықтама беру керек. 

Оптимистік және  пессимистік сарында қалыптасқан «жерұйық» идеясы мен «зар заман» идеясының мазмұнына тоқталған жөн. Әсіресе тәуелсіздікті қорғауға, ұлттық  мәдениетті дамытуға бағытталған  шығармалардағы философиялық  мәселелерге көңіл   бөлу  қажет. Қазақ  поэтикалық  шығармаларындағы  өмір мен  өлім, адамгершілік пен пендешілік туралы ой – толғаулар, руханилықты махаббат  деп түсіндірген  көзқарастар  мазмұнын  айрықша атап өткен дұрыс.

3. XIX-XX  ғасырлардағы  қазақ  философиясының  даму  ерекшеліктері.

          XIX  ғасырдың  екінші  жартысынан бастап  қазақ  мәдениеті  тарихында  елеулі өзгерістер  бола  бастады. Біріншіден,  шығыс  мұсылман  және  еуропалық  философиялық  дүниетанымы  қазақтың  ұлттық  дүниетанымымен  аралас   дами  бастады. Бұл ғылыми  - философиялық  көзқарастардың  қалыптасуына  ықпал  етті. Екіншіден,  қазақ  даласында қала  мәдениеті қалыптаса  бастады, соның  нәтижесінде ағартушылық  идеясы ерекше мәнге ие болды. Міне, осы   мәселелерді негізге алып, қазақтың  ұлттық дүниетанымына енген  жаңалықтарды ашқан  дұрыс.

          Қалыптасқан  ұлттық дәстүр  бойынша  ақын – жыраулар  көзқарасы рухани  өмірде  шешуші рөлді атқарды. Осы тұрғыдан  алғанда  Ыбырай  Алтынсарин, Базар Жырау,  Мұрат Мөңкеұлы, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Көкбай, Сұлтанмахмұт Торайғыров т.б.  ақын – жыраулар  дүниетанымы қазақ  философиясы тарихындағы жаңа  кезең  болып саналады.

        Қазақтың  классикалық  ұлттық  философиясының  жүйелі түрде дамуына ерекше  үлес қосқан  ойшылдар  Шоқан  Уәлиханов, Абай және Шәкәрім.  Сондықтан  да, осы тұлғалардың  еңбектеріне жеке – жеке тоқталған дұрыс.

         Шоқан   Уәлихановтың  жаратылыстану  ғылымдарына, тарих және археология, дінтану  және  әлеуметтану ілімдеріне сіңірген еңбегі аталып өтуі тиіс.

          Бұл сұрақта айрықша  талданатын тақырып Абай философиясы. Біріншіден, болмыс және ақиқат  туралы  көзқарасы, жаратушы  және  дүние, әлем  және адам  туралы айтқан  пікірлері. Екіншіден,  гносеологиялық  мәселелерге қандай көзқараста  болды, сенім мен ақылды  қалай  үйлестірді, сол туралы айту қажет. Үшінші үлкен  мәселе, адам мен  қоғам  туралы тұжырымдары. Абайдың  имандылық  пен  парасаттылыққа ерекше мән бере отырып, адамның  мәнін махаббат  пен ғаділет  сезім  арқылы  анықтауының  мағынасын түсінуге тырысу керек. 

         Әсіресе ұлттық  мәдениеттің  жетістіктері мен    олқылықтарына  берген  бағасы, заманның  даму  бағытын болжауы, жалпы адамзаттық құндылықтар мен ұлттық қазынаның  маңызын түсіндіруіне  ерекше тоқталып өткен дұрыс  болар еді.

          Әрине Абай дүниетанымы, сол замандағы  және кейінгі уақыттардағы қазақ  зиялыларының   көзқарасына тікелей әсерін тигізді. Абай  шәкірттерінің  ішіндегі ерекше  тұлға  Шәкәрім Құдайбердіұлы болып саналады. Шәкәрім философиясы  Абай философиясының заңды жалғасы.

          Дегенмен, Шәкәрім  дүниетанымында өзіне тән  ерекшеліктер  де бар. Осы мәселені Шәкәрімнің поэтикалық  шығармаларымен  қатар «Үш  анық» атты туындысын  саралап талдау нәтижесінде шешуге болады. Әсіресе, Шығыс  және Батыс  философиясының  Шәкәрім  дүниетанымына  әсері туралы  нақтылы айта  кету керек. Тағы  бір  атап  өтетін  мәселе, оның  «ұждан» ұғымын философиялық  мағынада, «жан» ұғымын  түсіндіруде қолдануын  ерекше талдау  қажет.

         Осы сұрақтың аясында Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев т.б. қазақ  зиялыларының  ұлттық  дүниетанымымызға қосқан  үлестері туралы жан – жақты  баяндалуы қажет.

4. Қазақ  философиясының  кеңестік   дәуірдегі және тәуелсіздік  алғаннан  кейінгі  уақыттағы даму барысы.

Алдымен, кеңестік дәуірдің алғашқы  жылдарындағы  қазақ  мәдениетінің  жалпы дамуы жайына  тоқталып өткен  дұрыс. Содан  кейін, тоталитарлық  жүйенің  және  колониялдық  саясаттың  идеологиясына  айналған, мазмұны  бұрмаланған  марксистік  философияның  қазақ   халқының  дүниетанымы  мен  наным – сеніміне әсері жайына кеңірек   көңіл  бөлу керек.

Кеңестік  цензураның,  әкімшіл - әміршіл  саясаттың  қазақ  зиялыларының  шығармашылығына  зорлық – зомбылық  көрсетуі,  сыңаржақты  материалистік көзқарастың  абсолютті шындық деп  түсіндірілуі, ұлттық  дәстүр  мен  діни  сенімдерге қарсы  күрес  жүргізілуі  қандай  зардаптар  алып келді, халықтың  рухани  күйзеліске ұшырауы қоғамдық, ұлттық  тоқыраудың  тереңдеуін жеделдеткені жайында  жан – жақты  айтылу керек. 

XX ғасырдың  екінші  жартысында ұлттық  рухани құндылықтарды жаңғыртуға атсалысқан   қазақ  ойшылдары М. Әуезов, Ә. Марғұлан,                 І. Есенберлин, Қ. Сәтпаев, Ә. Әлімжанов, Ж. Молдағалиев, О. Сүлейменов,     Қ. Жұмаділов, С. Ақатаев, Ә. Кекілбаев, М. Шаханов, Қ. Мырзалиев т.б. шығармаларындағы көтерілген  мәселелердің мазмұны мен  маңызына тоқталу керек.

Қазақ  елінің  тәуелсіздік  алған, 90 – шы  жылдардан  бергі  уақыттағы  мәдени  қайта  өрлеу дәуірінің  басталуы, қазақ  мәдениетінің ұлттық  байлығын  зерттеп зерделеуде жеткен  жетістіктеріміз  бір  бөлек  мәселе. XXI – ші ғасырға аяқ басқан  мемлекетіміздің  өнер  және  ғылым,  өндіріс  және  оқу – білім саласындағы  түбегейлі өзгерістерінің  ұлттық  дүниетанымымызға  әсері,  жаңа  қоғамдық  қатынастардың  рухани  өмірге  ықпалы  жөнінде  де  философиялық  сараптама  керек.

Қазіргі қазақ  философиясының  әлемдік  философиямен  байланысы,  дін  және діл туралы  жаңа  көзқарастардың  пайда  болуы, қазіргі  заманғы қазақ  зиялыларының  философиялық – ғылыми  шығармаларындағы өзекті деген  мәселелердің  көтерілуі  туралы да нақтылы  пікірлер қажет.  Ол  үшін, қазақ  және орыс  тілдерінде, тәуелсіздік алған  жылдары жарық  көрген  қазақстандық  авторлардың  шығармаларына  шолу жасап, қорытындылау өте қажет. Соған  негізделе отырып ұлттық  дүниетанымның  бағыт – бағдарына, мән – мағынасына жалпы анықтама беруге болады.

Өзіндік жұмысқа арналған  сұрақтар:

а) қазақ  философиясының  шығу тарихы;

б) ислам дінінің қазақ философиясына әсері.

Баяндамалар мен рефераттар  тақырыптары

1. Абайдың дінге көзқарасы.

2. Абайдың эстетикасы.

3. Шәкәрім  философиясындағы  рейнкарнация  идеясының  ерекше дамуы.

4. Мұстафа Шоқайдың  әлеуметтік көзқарасы.

5. Нұрсұлтан  Назарбаевтың  еңбектеріндегі саяси - әлеуметтік мәселелерді шешудің мәні мен маңызы.

Әдебиеттер тізімі

1.           Шаукенова З.К. Национальная консолидация Казахстана: проблемы и перспективы. – Алматы, 2013.

2.           Бейсенов Қ.Ш. Философия тарихы: Оқулық. – Шымкент, 2005. – 452б.

3.           Мырзалы Серік. Философия. – Алматы: «Бастау», 2008. – 644 б.

4.           «Қазақ халқының  философиялық мұрасы» сериясы. Жиырма томдық. 1-7тт. – Астана: Аударма, 2005.

5.           Қабаева Ж. Философия. – Алматы, 2010.

6.           Ағатаев А. Қайсар философиясы. – Алматы, 2010.

7.           Нысанбаев А. Тәуелсіз Қазақстанның құндылықтар әлемі. – Алматы, 2011.

8.           Есім Ғ.Е. Тәуелсіз Қазақстан философиясы. – Астана, 2006.

9.           Назарбаев Н.Ә. Тәуелсіздік идеясы және оның тарихи сипаттамасы /Тәуелсіз Қазақстан философиясы. – Астана, 2006.

10.      Ғабитов Т. Философия. – Алматы, 2010.

11.      Артемьев А., Мырзалы С. История и философия науки. – Алматы, 2010.

12.      Горелов А. Философия. – М., 2012.

Тақырып 6. XX ғасыр философиясы

Мақсаты: ХХ ғасыр бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстың негізінде туындаған  көптеген философиялық бағыттарға терең талдау жасауға қатысты сұрақтарды қарастырады.  Студенттерді ғылыми-техникалық революцияның бастауын бүгінгі  деңгейімен салыстыру арқылы сараптама жасауға үйрету. Сонымен қатар жаңадан  пайда болған ғылымдар мен ғалымдардың еңбектерін студенттерге таныстырып,  оларды ғаламдық өзекті мәселелерді талдауға үйрету.  

1. XX ғасыр философиясындағы  рационализм және иррационализм арасындағы шиленістің  күшейуі.

Алдымен,  XIX  ғасырдың  екінші жартысынан  бастап  классикалық  философияда пайда болған  дағдарыстың  жалпы себептерін  ашу керек.

Ғылыми – техникалық  өзгерістердің  адамзат  мәдениетінің  дамуына әсері, жаратылыстану ғылымдарындағы жаңалықтар, қоғамның рухани  өміріндегі қайшылықтардың  шиленісуі және әлемдік  ауқымды  тауқыметтердің (экологиялық, саяси - әлеуметтік,  медициналық т.б.) шешімін  таппауы сияқты мәселелердің барлығы рационалистік сипаттағы философияға түбегейлі өзгерістер  әкелді.

Құндылықтар  жүйесіне  деген  жаңа көзқарас  және классикалық  философиядағы  абстрактілі  ұғымдар  туралы пікірталас  мүлде  жаңа  философиялық  дүниетанымдарды туғызды. Алғашқылардың  бірі болып «өмір  философиясы»  ағымының  өкілдері   А. Бергсон,  А. Шопенгауэр,

Ф. Ницше, В. Дильтей, О. Шпенглер, Г. Зиммель  т.б. танымның  интуитивті формаларын  негізге алды. Осы ойшылдардың  философиялық  дүниетанымына,  таным  тәсілдеріне  ерекше талдау жасаған дұрыс.

Фрейдизм,  феноменология және экзистенциализм сияқты ағымдардың  онтологиялық, гносеологиялық  және антропологиялық  мәселелерді иррационалистік  тұрғыдан  алып қарап, интуиция, бейсаналық, махаббат  туралы жаңа қорытындыларға келуі туралы ерекше атап айтқан жөн.

З. Фрейд, К.Юнг, Э. Гуссерль, Н. Бердяев, С. Кьеркегор, К. Ясперс, М. Хайдеггер, М. Бубер т.б. еңбектерінде жалпы философиялық  мәселелердің, тіпті  философияның  өзіне  берілген  анықтамалардың  ерекше қаралуына айрықша назар  аудару қажет. 

2. XX  ғасырдағы діни – философияның  даму бағыттары.

Әлемдік  діндердің  қазіргі заманғы даму  деңгейі, олардың  жалпы мәдени - әлеуметтік  құбылыстар  өміріндегі маңызы  мен  мазмұны  жайында тарихи шолу жасап алу керек.

Қазіргі заманғы  ғылымның  дамуы діни көзқарасқа қалай  әсер етуде,  саяси – әлеуметтік  мәселелерді шешу жолында дін қандай  рөл  атқаруда,  әртүрлі діндер  арасындағы   байланыстар  қалай қалыптасуда, осы  мәселелер төңірегінде  ізденістер  жасау керек.  Сонымен  қатар, діни   ұйымдар  мен мемлекеттік органдар, қоғамдық  бірлестіктер  арасындағы қарым – қатынастың  реттелу формаларына  да тоқталып өткен жөн.

Одан кейін, ислам діні шеңберінде пайда болған діни – философиялық  көзқарастарға  нақтылы талдау жасалуы тиіс. Ортадоксальді және ортодоксальді емес  исламдық  ағымдардың  идеялық  ерекшелігін атай отырып,  мұсылман  елдеріндегі мәдени - әлеуметтік даму  үрдісіне сипаттама  бере кету керек.

Қазіргі  заманғы католицизм дінінде ерекше беделге ие болған  неотомизм философиясына жеке тоқталып өткен  дұрыс болар еді.  Негізгі өкілдері Э. Жильсон,  Ж. Маритен,  К. Ранер, Э. Корет, К. Войтыла шығармаларындағы  болмыс  және ақиқат  мәселесінің  қаралуы, гносеологиялық  сұрақтардың  сенім мен  ақыл  үйлесімділігі тұрғысынан түсіндірілуі жайында  айту керек.  Сонымен  бірге, неотомизм Құдай мен  Адам  болмысын,  қоғамдық  өмірді қалай сипаттап,  әлем мен адам арасындағы  байланысты қалай  қабылдайды, міне осы сұрақтарды ашып көрсету қажет.

XX  ғасырдағы діни – философияда  өзіндік  орны  бар П.Тейяр де Шарден  философиясына  және  басқа да жекелеген  ойшылдардың  осы мазмұндағы пікіріне,  концепцияларына  түсініктеме беру керек. Олардың  жалпы адамзаттық  құндылықтарды қорғаудағы, бейбітшілікті жақтаудағы, экологиялық  және медициналық  мәселелерді, әлеуметтік қайшылықтарды шешудегі ұсынған идеяларына назар  аударыңыз.

3. Ғылыми – техникалық  даму және білім  мәселесінің  өзектілігі.

          XX – ғасырда  ғылым  мен  техниканың  дамуы,  білім мен  информациялық  құралдардың  жетілуі философияда  әртүрлі  көзқарастар  тудырғаны белгілі. Осы мәселе  бойынша сциентизм  деп  аталатын, ғылыми – техникалық  даналыққа  табынған концепциялар  мен  оларға  қарсы  бағытталған антисциентизм  деп  аталатын  концепциялар  жүйесіне салыстырмалы  талдау  жасау керек.

          Әсіресе «информациялық  қоғам» деген  атпен  белгілі  болған  концепцияның  авторлары Е. Масуд, Д. Белл, А. Тоффлер т.б. уәжі мен  тұжырымдарын  мысалға  келтіре  кету қажет.

          Дегенмен,  «информациялық  ақылдың»  революциялық  өзгерістер  әкелуі,  өндіріске, басқару   жүйесіне,  адам  өмірінің  барлық  саласына  әсері күрделі  қиындықтар  мен  жеңілдіктерді қатар  туғызуда,  сондықтан  да бұл  сұраққа біржақты жауап  беруге  асықпаған абзал. Әсіресе  экологиялық  және  әлеуметтік – медициналық  тауқыметтер  табиғатына  айрықша мән  беріп сараптама  жасау керек.

Қазіргі заманғы  философияда  көп  айтыс тудырған  мәселелердің  бірі білім  және  ғылыми  тіл  мәселесі. Бұл  сұрақ  бойынша  философия  мен  жаратылыстану  саласындағы  соңғы  жетістіктердің  өзара байланысын  сараптау қажет болады. Жаратылыстану  саласынан  туындаған  жаңа бір  философиялық  ағым  «позитивизм»  деген  атпен  белгілі. Алдымен, оның,  негізгі даму кезеңдеріне тоқталып  өткен дұрыс: а) позитивизм (О. Конт, Г. Спенсер, Дж. Милль т.б.); б) эмпириокритицизм (Р. Авенариус, Э. Мах, А. Богданов т.б.); в) неопозитивизм (Карнап,  Витгенштейн, Шлик, Поппер, Лакатос, Кун,  Фейерабенд т.б.).  Неопозитивизм  концепциясындағы  басты  мәселе тіл  философиясы,  философияның   басты  міндеті тілге  сараптама  жасау деп  түсіндіру, әсіресе дәлдікке, білімнің  нақтылығына  жоғары талап  қойған  неопозитивизм өкілдері,  философияны ғылым  деп  тануға тырысты. Осы тұрғыдан  алғанда, неопозитивизмнің  қазіргі заманғы  ағымдары: логикалық,  семантикалық, лингвистикалық және постпозитивизм деген атаулармен  белгілі.

 Қазіргі заманғы  компьютерлік дәуір  мәдениеті ойлау   формалары мен  тілге, ойлау  элементтеріне  қатаң  сараптама  жасауды  ғана  талап  етіп қоймай,  сонымен  бірге  оның  мәтіндер (текстер),  әртүрлі  мәдени  ескерткіштер  мен  құжаттар  сияқты  тұтас  бір  құрылымдарына  да  сараптама  жасауды  талап   етеді.  Өркениеттер тарихында  талай рет  туындаған  осындай  объективті қажеттіліктерді қанағаттандыруға  бағытталған  XX – ғасырдағы  философиялық  ағымдар  - структурализм,  постструктурализм,  философиялық  герменевтика  (Гадамер, Изер, Штайгер,  Хабермас, Апель, Рикер, Лакан,  Деррида т.б.) ғылыми – техникалық  тәжірибе процесіндегі  негізгі   мәселенің бірі «түсіну» мәселесін  бірінші орынға қойды. Сонымен бірге, неопозитивизмнің  этикаға, эстетикаға, адамтану  философиясына  тереңдеп  енгенін де атап  өткен орынды. Олар  қоғамды құрылымдық – функционалдық  сараптау деп  аталатын  философиялық  көзқараста  да  өз жалғасын  тапты (Э. Дюркгейм, М. Вебер, Т. Парсонс, Р. Мертон т.б.).

4. XX – ғасыр  философиясындағы антропологиялық  бағыттар.

          Бұл  сұрақтағы басты  мәселелер: а) адамға  деген жаңа бетбұрыс; б)  әлеуметтік  дағдарыс заманындағы жаттанған  адам; в) адамның  мәні  және оның  өмірі; г) адам болмысы  мен  әлемдік  болмыс; д) адам  ерекше  ғажайып  құбылыс; е) өмір  мен өлім  арасындағы  болмыс,  шекаралық  жағдай;  XIX – шы ғасырда – ақ  пайда  болған «антропологиялық» философия (негізін  салған – С. Кьеркегор)  XX ғасырдағы  көптеген  философиялық  ағымдар  тарапынан  қызу қолдау тапты. Солардың  ішінде ең ықпалды және кең тараған  философиялық  ағым – экзистенциализм (К. Ясперс, М. Хайдеггер, Ж. – П. Сартр, А. Камю, Г. Марсель, Х. Ортега  - и – Гассет және т.б.).  Экзистенциалистер  басты мәселе деп, назарларын  - адамның  қоғамнан  бөгделену  мәселесіне  шоғырландырды,  осыған  ерекше мән беру қажет. Олардың  ойынша, әсіресе қазіргі  заманда,  адамзаттың  жойылып  кету  қаупінен  сезіктенген  үрей билеген  қоғамдағы  адамдар  өміріне  тән  жалпы сипат  - жаттану  процесі. Мысалға, атом  соғысы  және  адамзат  болашағы туралы болжам  айтылған  К. Ясперстің шығармалары. Экзистенциализмді, идеялар  философиясы мен заттар  философиясына  (Э. Мунье) қарсы адам  философиясының  жауабы деп  сипаттауға  да болады.  Жан – Поль Сартр, адамның  өмір  сүруінің  ерекшелігін былай түсіндіреді: адам  баласы дүниеге  келеді,  өмір  сүріп  те жатыр,  дегенмен, ол әлі  адамдық  мәнге  ие болуы тиіс, адам болуы керек.  Адам өмір  сүру  барысында өзін - өзі  қалыптастырады, өз мәнін  табады – экзистенциализмнің  бірінші  шарты осы,  бұдан  көптеген  маңызды салдар  туындайды:  алдын - ала белгіленген адам  табиғаты  болмайды,  жеке тұлғаның  өзінен басқа  ешқандай да  адам  күші  оның  адамтану, адам  болуын  іске  асыра  алмайды.  Сонымен, экзистенциалистер,  әр  адамның  басынан  өткен және басқа  адамдардың  да басынан  өтіп  жатқан  нәрселердің  бәріне  жеке тұлға  жауапкершілікте  деген маңызды да,  ақылға  сыйымды  идеяны  оқырман  ойына  сіңіруге тырысады.

Экзистенциализм  философиясы  қазіргі  заманғы мәдениеттің назарын   өлім  мәселесіне  аударды (А. Камю «Сизиф туралы аңыз»).

XX – ғасыр  философиясы  мен  әдебиетінде, бұрынғы  заманға  қарағанда, терең және жан – жақты  зерттелген  жағдайлар  - өлім  алдындағы  өмір,  өмірдің  мәнінің  жоғалуы  және оны  іздеу. Өкінішке  орай,  кеңестік  философиялық  әдебиеттерде,  бұл  мәселелердің  бізге қатысы  жоқтай, оларға мән  берілмеді де,  зерттелінбеді. Өлімді адамдық  деңгейде қарсы алу; онымен  күресе білу, егер  мүмкіндік бар болса, басқа адамдардың өмір сүруіне көмектесу – міне, кез келген  адамға қажетті  де, ұлы іскерлік және міндет. Өмір  және өлім,  адам  өмірінің мәні мен  мақсаты - өнер мен философияның  мәңгілік тақырыптары.  XX – ғасырда  кең  тараған  философиялық  ағымдар  мен концепциялардың аталған  мәселелердегі өзіндік позициясы осы сұрақтың өзегі болып табылады.  

                

Өзіндік жұмысқа арналған  сұрақтар:

а) неомарксизм философиясы;

б) модернизм және постмодернизм;

в) структурализм және постструктурализм.

Баяндамалар мен рефераттар  тақырыптары

1. А. Шопенгауэр – бақыт туралы.

2. Ф. Ницше философиясындағы «ұлы адам» мәселесі.

3. Неотомизм философиясындағы жан және тән мәселесі.

4. «Постиндустриалды  қоғам» ұғымының  философиялық мазмұны.

Әдебиеттер тізімі

1.     Қазіргі қоғам дамуының әлеуметтік-экономикалық мәселелері: дамуы мен болашағы. Монография. – Алматы, 2013.

2.     Апашов С.Б. Немецкая классическая философия. Учебное пособие. – Алматы, 2013.

3.     Кішібеков Б.К. Философия. – Алматы, 2011.

4.     Батыс философиясының  антологиясы. – Алматы, 2002. – 510 б.

5.     Мухамеджан Қ.Ш. XX ғасыр  философиясы: Оқу құралы. – Алматы:

АЭжБИ, 2005. – 88 б.

6.     Философия: жоғары оқу орындары студенттеріне  арналған  оқулық // құрастырған Т. Ғабитов. - Алматы, 2002. – 496 б.

7.     Мырзалы Серік. Философия. – Алматы: «Бастау», 2008. – 644 б.

8.     Бегалинова К., Альжанова К. Философия. Ч.1. История философии. – Алматы, 2007.

9.     Кохановский В., Левкеевич Г. Философия науки. – Ростов-на-Дону, 2008.

10.             Булдыков С. История и философия науки. – М., 2008.

11.           Канке В. Философия. – М., 2008.

12.           Алтай Ж., Қасабек Ж. философия тарихы. – Алматы, 2006.

Тақырып 7. Таным – философиялық  сараптаудың  пәні. Ғылыми  таным методологиясы

Мақсаты: бұл тақырыпта студенттерге ғылыми танымның ерекшеліктері оның деңгейлері, ойлаудың негізгі формалары мен танымның жетістіктеріне талдау жасалады. Таным мәселесін сонау антика философиясынан бастап бүгінгі күнге дейінгі әдістеріне терең талдау жасауға бағытталады.

1. Философия  тарихында адамның таным  мүмкіндіктерінің және жалпы таным  мәселесінің қойылуы.

Философия тарихында болмыс  мәселесімен  қатар әртүрлі пікір туғызған  басты  мәселелердің  бірі таным мәселесі. «Дүниені танып  білуге  бола ма?», «Әлем туралы ойымыз  оған  сәйкес  пе, жоқ па?», «Адам  ойы мен ақылы, сезімдері табиғат  жұмбағын, құпиясын  аша ала ма?» деген  сұрақтар  әлемдік  философия  тарихында  айтыс  туғызып  келе жатқан  мәңгілік сұрақтар.

Дүниені тану және  адамның  танымдық  қабілеттері философияда  гносеология және  эпистемология деген атпен  белгілі. Дегенмен,  гректің  гносис – танып білу деген  сөзінен  бастау алған  гносеология ұғымы заттарды сол қалпында  қабылдау сияқты адам  қабілетін  бейнелейді. Екінші  термин – эпистемология – бұл да грек тілінен  аударғанда – «білім» немесе «әлемді білім  ретінде  тану» дегенді білдіреді. Олай болса  эпистемология – ғылыми  танымның  теориясы, ал  гносеология – іс - әрекет  түріне тәуелсіз  таным болып табылады.

Шынында да, егер  біз тек ғылыми  таным  ғана  болмыстың бар құпиясын  аша алатын  мүмкіндік  деп  мойындасақ, онда ғылыми  танымның  ерекшелігінде  ескеруге  мәжбүрміз, ал  бұл  деген – болмыстың  индуитивтік, мистикалық, иррационалдық салаларынан  бас тарту деген сөз. Гносеология  ғылыми  танымның  осы «шектеулілігін» аттап өтіп, дүниені тану  жолдарын  қарастырады. Әрине, шектеулілік, ғылыми танымның  тарихи  қалыптасқан  формаларына  тәуелді. Мысалы: Жаңа дәуір ғылымында Аристотель мен Птоломей айтқан  Жер мен Күн туралы пікірлер ғылыми  тұрғыдан  негізделген  факт  ретінде  қабылданған  болатын,  ал Н. Коперниктің батыл  көзқарасынан кейін,  қарама – қарсы пікір ғылыми факт  болып есептеліне бастады. Ғылыми білімнің дәлелді болуы, бұл – эпистемология мәселесі. Ал  гносеология эпистемологияға қарағанда мазмұны жағынан кең ұғым.

Гносеологияның философиялық  ілім ретіндегі  пәні субъект – объект қарым – қатынасы, ғылыми  білімнің  ерекшелігі  және  басқа да адамның  танымдық  іс - әрекетінің  түрлерінің  құпиясы.  Тағы  бір  назар  аударатын  мәселе,  гносеология тарихында  «дүниені танып білуге бола ма?» деген  сұраққа  үш түрлі нұсқаудағы  өте  маңызды шешім ұсынылған. Біріншісін, оптимистік сипатта деп  қабылдауға болады. Бұған  жататындар, белгілі бір  межеде дүниені танып білуге болады деп  есептейтін философтар: Платон, Аристотель, атомистер,  марксистер... екінші топтағылар – агностицизм деп  аталатын  - танымды  мойындамайтын,  шектен  шыққан  көзқарасты жақтайтындар. Олар – Д. Юм,  Дж. Берклий, Э. Мах, Р.Авенариус.  Үшінші нұсқа – екі қарама – қарсы бағыттың  ортасындағылар. Оларды  скептиктер деп атайды, мысалға – Р. Декарт.

2. Ақиқат мәселесі және  адамзат  тәжірибесі.

 «Ақиқат» ұғымы философиядағы негізгі  ұғымдардың  бірі болып  табылады, көп жағдайда ол «әділет», «ізгілік»,  «өмірдің мәні», «абсолют» сияқты ұғымдармен  ұштасып  жатады  және де  адам  өмір сүруінің мағынасын  ашатын  күрделі ұғымдардың  қатарында. Ақиқатты  түсіндірудің де  әртүрлі жолдары  қалыптасқан,  көпшілігі «ақиқат дегеніміз нағыз  шындық» деп  тавтологиялық  сипат алған (ми дегеніміз майлы нәрсе). Ең  басты  қиындық  ақиқаттың  объективтілігі мен  субъективтілігін анықтау болып  табылады. Марксистік философияда  тәжірибені ақиқаттың  негізі және  критерийі деп  дәлелдеуге көп мән  берілді. Қазіргі  ғылыми  әдебиеттерде ақиқаттың  нақтылығына көп назар  аударылады. Сондықтан  да ақиқаттың  әртүрлі формаларын ажыратып  қабылдау қалыптасқан: ғылыми, қарапайым, адамгершілік  тұрғыдан,  салыстырмалы,  абсолютті, ақиқат  жалған  емес  және т.б. Ғылыми  танымда  ақиқат  ғылыми теориялармен  арақатынасы  расталу  және  терістелу  мәселелері  арқылы  ашылады. Ағылшын  ойшылы  К.  Поппер  өз  еңбектерін  осы  мәселеге  арнаған.

Мұқият  назарда  болатын  тағы  бір  мәселе – тәжірибе. Таным  және  тәжірибе өзара байланысты. Ақиқатты тануда және  қалыптастыруда тәжірбие күшті ықпал етеді. Тәжірибе – адамның  материалды  жүйелермен  белсенді қарым - қатынас жасауының  негізі және  мақсатты түрдегі іс - әрекеті болып  табылады. Саналы іс - әрекет болып  табылатын  адам  тәжірибесін  техника немесе хайуанаттардың  қоршаған  материалды ортамен  өзара  байланыс  жасауын  тіпті де  салыстыруға болмайды. Тәжірибенің  заттық – сезімдік  сипатын  да айта  кету керек.  Сонымен  бірге, тәжірибені материалды объектілерді өзгертуге  бағытталған  іс - әрекет  деп  те  түсіндіреді, соған  сәйкес  ойлау, рухани  іс - әрекетті тәжірибе ұғымының  анықтамасына  кіргізбейді. Гносеологиялық  тұрғыдан  алғанда  тәжірибе  мынандай  формаларда  сипатталады: а) қоғамдық - өндірістік; ә) саяси - әлеуметтік; б) ғылыми – тәжірибелік;  в) дәрігерлік; г) тұрмыстық – жанұялық; ғ) күнделікті;  д) шаруашылық.  Сонымен қатар, гносеологияда «тәжірибе» ұғымы ерекше мағынаға ие, ол «рухани», «зерделік»,  «теориялық» сияқты ұғымдарға қарама – қарсы мағынада айтылады. Қорыта айтқанда, тәжірибе туралы философия тарихында әртүрлі ағымдар  мен мектептер  бір – бірімен үндес немесе қайшы  пікірлер  айтқан, соларға салыстырмалы түрде талдау  жасаған дұрыс.

3. Диалектика – таным теориясы.

«Диалектика» - сұхбаттасу өнері, айтысу шеберлігі, болмыс және танымның  дамуының  жалпы заңдылықтары, заңды  қалыптасуы, байланыстары туралы ілім және соған  негізделген танымдық шығармашылық  ойлаудың тәсілі. Философия  тарихында материалистік емес диалектикалық  жүйелер (Аристотель, Гегель, Кант т.б.) және  материалистік  диалектикалық ілімдер (Гераклит, Маркс т.б.), сонымен бірге Адорноның негативтік  диалектикасын  ажыратуға болады.

Ерекше назар аударатын  нәрсе, Гегельдің диалектикалық  заңдылықтар  жүйесін  жасауы,  диалектиканы философиялық  ілім ретінде дамытып, негізгі ұғымдарын  ретке  келтіруі. Сонымен  қатар  Марксистердің  материалистік  диалектикасының да мәнін  ашып көрсету қажет.  Жалпы, диалектикалық  көзқарастың  адам  өміріндегі мәні мен маңызы, догматизмнен  артықшылығына да тоқтала кеткен жөн.  Диалектикалық  категориялардың таным  процесіндегі рөлі, қоғамдық қарым – қатынастардағы маңызы туралы да айтқан дұрыс болар еді.

4. Ойлаудың негізгі формалары.

Бұл  сұраққа жауап беру үшін  философияда  қалыптасқан  ойлаудың  тарихи формалары туралы  түсінікке  шолу  жасаған  дұрыс. Образдық  ойлау,  интуитивтік ойлау және  ұғымдық  ойлау  формалары туралы қысқаша  тоқталу керек. Қазіргі Батыс Еуропалық  философияда  қалыптасқан  рационализм және  иррационализм ойлау  формалары туралы қандай пікірде, Э. Гуссерль жақтаған  «заттық  ойлау» («предметное мышление») қазақтың  ұлттық  философиясында қалыптасқан  бейнелеп (образдық) ойлау формасын қолдаған  көзқарас емес пе? Міне осы мәселер  төңірегінде ізденістер жасаған  дұрыс.

Марксистік немесе т.б. философиялық  ағымдар  ойлаудың  негізгі формалары  ретінде – ұғым, пікір және тұжырымды негізге алады.  Ұғым – заттар  мен құбылыстардың  жалпы,  мәнді  қасиеттері мен байланыстарын  бейнелейді. Пікір – ұғымдар  арқылы  бір  нәрсені  растайтын  немесе  терістейтін  ой  формасы. Тұжырым  - әртүрлі пікірлерді салыстыра  отырып тың  пікір  тудыратын  ойлау операциясы деп  саналады. Сонымен  қатар,  гипотеза – белгілі бір  фактілерге  сүйеніп  заттың,  оның  қасиеттерінің,  кейбір  қатынастары мен  байланыстарының  бар болуы мүмкін  екендігін  жорамалдайтын  ой формасы. Теория – тәжірибе жүзінде тексерілген объективті шындыққа жақын  білімдер жүйесі, олар  фактілер, оқиғалар  мен олардың  ықтимал себептерін белгілі бір логикалық  тәртіпте көрсететін, белгілі құбылыстар  тобын  түсіндіретін, олардың  ғылыми  тұрғыдағы болжамы болатын  пікірлер мен  қорытындылар жүйесі. 

Методология – дүниені  танудың  және өзгертудің тәсілдері туралы ілім. Тәсіл – тәжірибелік немесе теориялық  танымдық  іс - әрекеттегі реттегіш  шарттар  жүйесі.  Тәсіл  теориямен  ажырамас бірлікте.  Тәсілді  анықтайтын  методика. Методика – нақтылы әдістер,  тәжірибелік нақты материалдарды  алу және сараптау құралы.

Ғылыми  танымда  жеке  нақтылы ғылыми   тәсілдер, жалпы  және  философиялық  тәсілдер  деп  ажыратады. Содан кейін  тәжірибелік және  теориялық  таным  тәсілдері деп  те жіктейді. Осы  мәселелерге  тоқталып, талдау жасау  қажет. Бақылау,  тәжірибе, салыстыру, анализ және синтез, индукция және дедукция т.б. сол сияқты ғылым мен философия тарихында  қалыптасқан  ұғымдарға анықтама беру де дұрыс.

Өзіндік жұмысқа арналған  сұрақтар:

а) шығармашылық адамның  тектік қабілеті;

б) шығармашылық  және еңбек. Шығармашылық  түрлері;

в)  шығармашылық  процестің құрылымы және сатылары.

Баяндамалар мен рефераттар  тақырыптары

1. Дін - ақиқат туралы.

2. Ойлау және тіл.

3. Релятивизм таным  туралы.

4. И.Кант философиясындағы таным мәселесі.

Әдебиеттер тізімі

1.           Сағиқызы А. Гуманистік дүниетаным: әлеуметтік мәдени негіздері. – Алматы, 2013.

2.           Қасабеков А. Қысқаша философия тарихы. – Алматы, 2011.

3.           Нысанбаев А. Тәуелсіз Қазақстанның құндылықтар әлемі. – Алматы, 2011.

4.           Бейсенов Қ.Ш. Философия тарихы. Оқулық. – Шымкент, 2005. – 452 б.

5.           Философия: жоғары оқу орындары студенттеріне  арналған  оқулық //Құрастырған Т. Ғабитов. - Алматы., 2002. – 441 б.

6.           Мырзалы Серік. Философия. – Алматы: «Бастау», 2008. – 644 б.

7.           Артемьев А., Мырзалы С. Ғылым тарихы мен философиясы. – Алматы, 2011.

8.           Нурадин Г., Сапаргалиева С. Мемлекеттік аралық бақылау: дайындық курсы. – Алматы, 2010.

9.           Б. Рассел. История западной философии. – М., 2010.

10.      Ғабитов Т. Философия. – Алматы, 2006.

11.      Горелов А. Философия. – М., 2012.

12.      Қабаева Ж. Философия. – Алматы, 2010.

Тақырып 8. Табиғат  және қоғам. Қазіргі заманғы  өркениеттің ауқымды тауқыметтері

Мақсаты: бұл тақырыпта қазіргі ғаламдық өзекті мәселелердің туындау себептеріне талдау жасай отырып,  қазіргі жахандану, жаттану, интеграция, Батыс пен Шығыс мәдениетіндегі қалыптасқан тарихи көзқарастарға шолу жасай отырып, материалдық өндіріс пен рухани өндіріске қатысты мәселелерді талдайды.

 

1. Философия  тарихындағы қоғамның  мәні және шығу  тегі  мәселесі.

Бұл сұраққа  жауапты  әлемдік философия  тарихына  қысқаша шолу жасау арқылы іздеген  дұрыс болар еді. Сонымен  бірге  тарих,  археология,  этнография, антрополгия т.б. адам және  қоғам тарихымен  тікелей  байланысты ғылымдардың  жинаған  деректерін  пайдалана отырып, діни  кітаптар мазмұнын  да  ескере отырып, осы мәселе бойынша  қалыптасқан  әртүрлі көзқарастарға  сараптама  жасау қажет.

Қоғам дегеніміз не, адам өмірі үшін  қандай маңызы бар,  жеке тұлғаларды неге  міндеттейді, қандай  құрылымдық  ерекшеліктері және заңдылықтары бар,  даму процесі бар  ма әлде жоқ па, міне осы  сұрақтарға  тікелей жауап іздеу керек. Ежелгі Шығыс  философиясында  қоғам  және мемлекет  туралы, адамдар  арасындағы  қарым – қатынастың  мәні  туралы,  адамзат  болашағы  туралы  айтылған  пікірлерге тоқталып өткен жөн. Аристотельдің, Демокриттің адамға  берген анықтамалары, Сократтың  филосфиялық  көзқарасы, Платонның «социализм» теориясы және  мемлекет  туралы  пікірі т.б. сол сияқты  антикалық  философиядағы қоғам  туралы  түсініктер  мен  болжамдарға сілтеме  жасау  керек.  Т. Гоббс пен  Ж. – Ж. Руссо ұсынған, мемлекет  тарихы туралы «келісім» теориясы, философиядағы  «географиялық»   бағыттардың  концепциялары, «мальтузианство» және  «марксизм» ұсынған  бағыттар  жайында  кеңірек тоқталған  дұрыс. Сол сияқты Г. Спенсердің, Дж. Виконың, И. Гердердің, Ф. Вольтердің, Сен – Симон мен О. Шпенглердің   теорияларына  да философиялық  талдау  қажет.

Жалпы, қоғамның  шығу тегі туралы мәселеде басқа сұрақтар сияқты біржақты, абсолютті пікір жоқ, ол  заңды да,  пікірлер  таласынан шындық туады.

2. Қоғамдық  өндіріс және қоғамдық қатынастар.

Адамзат қоғамы табиғаттағы  ерекше бір  жүйе екендігі философияда ерте заманнан  айтылып келеді. Бұл жүйенің негізгі элементтері – адам,  қауымдық  іс - әрекеттерінің  формалары,  еңбек пен оның  жемістері,  меншік формалары мен  солар  үшін  күрес, саясат және мемлекет, әртүрлі қоғамдық институттар  және  рухани  құбылыстар жүйесі. Қоғамдық  құрылымның  негізі өндіріс  және қоғамдық  қатынастар  арқылы анықталады.  Осы жерде,  қоғамдық  қатынастар  формаларына, олардың  табиғаты мен мазмұнына, адам және қоғам  өміріндегі  маңызына  нақтылы тоқталу керек. Материалдық  өндіріс пен рухани өндірістің мәні  және  ара – қатынасы  туралы әртүрлі пікірлерге де назар  аударған жөн.

Осы сұрақ шеңберінде табиғат  пен қоғам  арасындағы байланыстарға  айрықша тоқталу керек. Қоғамдық  өндірістің  даму деңгейі,  мәдениет түрлері табиғат пен адам  арасындағы қатынасқа  қалай әсер етеді, өндіріс  тарихында  қандай өзгерістер  пайда  болды және  адам іс - әрекеті қай бағытта  дамыды, міне осы сұрақтар  ашылу қажет.  Сонымен бірге, қоғам  дамуы туралы  тарихта  қалыптасқан  көзқарастарға  талдау жасай отырып, ең көп тараған екі концепция «өркениеттік» және «қоғамдық – экономикалық формация» теорияларына  тереңірек түсініктеме беру  керек.

Шығыс  және Батыс  мәдениетінде  қалыптасқан  қоғам  дамуы  туралы тарихи  көзқарастар  саяси - әлеуметтік  мағынадағы «азаматтық  қоғам» ұғымы аясында, қазіргі  кезеңде қалай  үйлесімділік тауып жатыр, ғылыми  - техникалық  өзгерістер  заманында  жаңадан  қандай теориялық  тұжырымдар туындап  жатыр, осылар  жөнінде де ой толғаған  өте орынды болар еді.

Ерекше  бір тоқталатын  мәселе, қазіргі заманғы өркениет  дамуындағы  адамзатты алаңдатып отырған ғаламдық ауқымды тауқыметтер; экологиялық, экономикалық, саяси - әлеуметтік, медициналық  т.б. Осы мәселелер бойынша да жан – жақты пікір  сайысы қажет.

3. Қоғамдық прогресс және регресс  ұғымдары. Тарихтың қозғаушы күштері.

Қоғамдық прогресс туралы түсінік философия тарихында әрқалай. Қазіргі  заманғы  Батыс Еуропалық  философияда және  марксистік философия  аясында  қоғам  дамуы «сциентизм» тұрғысынан  қаралады. Ғылым мен  техниканың  және әлеуметтік құрылымдардың күрделі өзгерістерге ұшырауы,  қоғамның барлық  саласында болып жатқан  мәдени - әлеуметтік, саяси – экономикалық, құқықтық  реформалар негізінде қоғам  дамуы алға қарай жылжуда, бәрі жетіліп, жақсарып келеді деген  оптимистік көзқарастар бар.

Сонымен бірге «антисциентистік» мазмұндағы мүлде пессимистік көзқарастар  да бар. Олардың  уәжі, ғаламдық  ауқымды  тауқыметтер,  қазіргі заманғы қоғамда туындап  отырған  қайшылықтармен  тікелей байланысты. Нақтылап айтқанда,  ғылыми – техникалық  өзгерістер  тудырған  экологиялық, саяси - әлеуметтік, психологиялық,  медициналық, әсіресе  руханият саласындағы терең дағдарыс сияқты күрделі  мәселелер. Міне осы  сұрақтарға  тиянақты түрде талдау жасау керек.

Философия  тарихында қоғамдық  прогресс  туралы идеяларды дамытқан  ойшылдар  А.Р. Тюро, Ж. – Ж. Руссо, Кондорсе, К. Маркс, Ф. Энгельс т.б. теорияларын сараптау керек. Сонымен  бірге пессимистік сарындағы ой айтқан  Конфуций, Ф. Ницше, О. Шпенглер және қазақ  ақын  жыраулары Мұрат,  Шортанбай шығармаларын  мысалға келтіруге болады.

Қоғамдық  прогресс туралы  көзқарастар, оны анықтаудың критериіне де байланысты,  мысалы Р.Арон  прогресс деп  дәстүрлі қоғамнан индустриалды қоғамға өтудің қарапайым сандық  өзгерістерін  тілге тиек етеді. Ал У. Ростоу болса – ұзақ  мерзімге пайдалануға болатын (автомобиль, тоңазытқыш, телевизор, жиһаздар т.б.) өндіріс тауарларының  өндірілу деңгейін прогресс көрсеткіші  деп санайды. «Аймақтық өркениеттер» теориясының  авторлары А. Тойнби және И. Данилевский қоғамдық прогресс идеясын тарихи даму құрылымынан туындайтын  объективті шындық ретінде көрсеткісі келеді. Дегенмен, біржақты пікірге абайлап  қарап, қоғамдық  прогресстің критериіне жан – жақты қараған  дұрыс сияқты. Олардың  қатарына,  қазіргі замандағы өндіріс даму деңгейі, еңбек өнімділігі,  адамның табиғаттан  тәуелсіздік алу деңгейі, адам еңбегін қанаудың жойылуы, қоғамдық  өмірдің  демократияландырылуы, рухани  құндылықтардың бағасының өсуі сияқты әр адамның   мүддесі мен  мүмкіндіктеріне  қолайлы жағдай туғызатын  қоғамдық  өзгерістерді жатқызса болады.

Тарихтың  қозғаушы күші не деген сұраққа,  философия тарихында негізінен үш  бағыттағы  жауаптарды топтастыруға  болады. Бірінші,  тарихи прогресстің қозғаушысы халық  деп  есептейтін көзқарастар. Екіншісі,  тарихты жасайтын  дана, әулие жеке тұлғалар  деген пікір. Үшіншісі, тұлғалар да, халық та белгілі бір рөл атқарады деген тұжырым.

Өзіндік жұмысқа арналған  сұрақтар:

а) қоғамдық  жүйенің субъектілері: тұлға, класс, страт, халық;

б) тарихи прогресстегі стихиялық  және саналылық;

в)  Материалды және  рухани өндіріс.

Баяндамалар мен рефераттар  тақырыптары

1.  Адам бостандығының мәні.

2. Адамзаттың  пайда  болуы туралы діни  көзқарас.

3. Философия  тарихындағы «мәдениет» туралы түсінік.

4. Әл – Фараби  философиясындағы ізгілікті қоғам идеясы.

5. Марксизм іліміндегі коммунистік қоғам орнату концепциясы.

Әдебиеттер тізімі

1.  Қасабеков А. Қысқаша философия тарихы. – Алматы, 2011.

2.  Мырзалы С. Философия. – Алматы, 2010.

3.  Есім Ғ.Е. Тәуелсіз Қазақстан философиясы. – Алматы, 2006.

4.  Батыс философиясының онтологиясы. 10 том. – Алматы, 2007.

5.  Абай. Қара сөз. –Алматы: Ел, 1993.

6.  Бейсенов Қ.Ш. Философия тарихы: Оқулық. – Шымкент, 2005. – 452 б.

7.  Философия: жоғары оқу орындары студенттеріне  арналған  оқулық //Құрастырған Т. Ғабитов. - Алматы, 2002. – 441 б.

8.  Мырзалы Серік. Философия. – Алматы: «Бастау», 2008. – 644 б.

9.  Артемьев А., Мырзалы С. Ғылым тарихы мен философиясы. – Алматы, 2011.

10. Нурадин Г., Сапаргалиева С. Мемлекеттік аралық бақылау: дайындық курсы. – Алматы, 2010.

11. Рассел Б. История западной философии. – М., 2010.

12. Ғабитов Т. Философия. – Алматы, 2006.

13. Горелов А. Философия. – М., 2012.

14. Қабаева Ж. Философия. – Алматы, 2010.

 

Студенттер өздігінен оқып талдайтын тақырыптар

Тақырып 1. Қайта өрлеу дәуірі философиясы

Антропоцентристік және гуманистік сипаты, ғылым мен өнердің дамуы, секуляризация процессі жайына ерекше назар аудару керек. Ренессанс дәуірі мәдениетінің ірі өкілдері: Н.Кузанский, Д.Бруно, Н.Коперник, Н.Макиавелли, Пико делла Мирандола, Эразм және Мор, Монтень т.б шығармаларына талдау жасау керек.  

Әдебиеттер тізімі

1.     Алтай Ж., Қасабеков Ж. Философия тарихы. – Алматы, 2006.

2.     Қабаева Ж. Философия. – Алматы, 2010.

3.     Ғабитов Т. Философия. – Алматы, 2006.

4.     Канке В. Философия. – М., 2008.

5.     Артемьев А., Мырзалы С. История и философия науки. – Алматы, 2010.

6.     Нурадин Г., Сапаргалиева С. Мемлекеттік аралық бақылауға дайындық курсы. – Алматы, 2010.

7.     Ушаков Е. Введение в философию и методологию науки. – М., 2008.

8.     Сағиқызы А. Гуманистік дүниетаным: әлеуметтік мәдени негіздер. – Алматы, 2013.

9.     Кішібеков Д.К. Философия независимости. Алматы, 2011.

10.Бейсенов Қ.Ш. Философия тарихы: Оқулық. – Шымкент, 2005. – 452 б.

11.Философия: жоғарғы оқу орындары студенттеріне арналған оқулық // Құрастырған  Т. Ғабитов. - Алматы: Қаржы – Қаражат, 2002. – 385 б.

12.Мырзалы Серік. Философия. – Алматы: «Бастау», 2008. – 644 б.

Тақырып 2.  Жаңа дәуір философиясы

XVII – ғасырдағы философияның ғылыми – центристік сипат алуы, ғылым мен техника саласындағы ашылған жаңалықтардың жалпы мәдениетке әсері жайында ізденістер жасаған жөн. Философиялық танымдағы эмпирикалық дәстүр өкілдері: Ф.Бэкон, Т.Гоббс, Дж.Локк; рационалистік  дәстүрді дамытушылар Р.Декарт, Б.Спиноза, Г.Лейбниц концепцияларымен танысып, негізгі идеяларын конспектілеу шарт.

Әдебиеттер тізімі

1.     Мырзалы С. Философия. – Алматы, 2010.

2.     Қасабеков А. Қысқаша философия тарихы. – Алматы, 2011.

3.     Кішібеков Д.К. Философия. - Алматы, 2011.

4.     Ежелгі шығыс философиясы. – Алматы: жазушы, жиырма томдық. 1-том., 2005. – 560 б.

5.     Философия: жоғарғы оқу орындары студенттеріне арналған оқулық // Құрастырған  Т. Ғабитов. - Алматы: Қаржы – Қаражат, 2002. – 385 б.

6.     Мырзалы Серік. Философия. – Алматы: «Бастау», 2008. – 644 б.

7.     Кохановский В., Левкеевич Г. Философия науки. – Ростов-на-Дону, 2008.

8.     Горелов А. Философия. – М., 2012.

9.     Бучило Н., Исаев И. История и философия науки. – М., 2012.

10.Булдиков С. История и философия науки. – М., 2008.

11.Бегалинова К., Альжанова К. Философия ч.1. История философии. – Алматы, 2007.

12.Бегалинова К., Альжанова К. Философия ч.2. Теория философии социальная философия. – Алматы, 2007.

13.Ағатаев А. Қайсар философиясы. – Алматы, 2009.

14.Алтай Ж., Қасабек А. Философия тарихы. – Алматы, 2006.

Тақырып  3.  XVIII – ғасырдағы ағартушылық философиясы

Бұл тақырып бойынша, осы кезеңнің ірі ойшылдары Вольтер, Дидро, Гердер, Гельвеций, Гольбах, Ламетри, Монтескье, Лессинг және Жан – Жак Руссо философиямен жан-жақты танысқан дұрыс.

Әдебиеттер тізімі

1.  Творчество Нурлана Сейтахметова: философские дискурсы запада и востока. А.А. Хамидов. – Алматы, 2011.

2.  Сағиқызы А. Гуманистік дүниетаным: әлеуметтік мәдени негіздер. – Алматы, 2013.

3.  Қазіргі қоғам дамуының әлеуметтік-экономикалық мәселелері: дамуы мен болашағы. Монография. – Алматы, 2013.

4.  Антикалық философия. Жиырма томдық. 2-том. – Алматы: Жазушы, 2005. – 568 б.

5.  Философия: жоғары оқу орындары студенттеріне арналған  оқулық // құрастырған Т. Ғабитов. - Алматы., 2002. – 496 б.

6.  Мырзалы Серік. Философия. – Алматы: «Бастау», 2008. – 644 б. 

7.  Қабылова А.С. Әбу Наср әл-Фараби философиясындағы білім мен зерде. – Алматы, 2009.

8.  Қабаева Ж. Философия. – Алматы, 2010.

9.   Канке В. Философия. – М., 2008.

10.  Ғабитов Т. Философия. – Алматы, 2006.

11.  Бучило Н., Исаев И. История и философия науки. – М., 2012. 

Тақырып 4.  Классикалық неміс философиясы

XVIII ғасырдың аяғы мен ХIХ ғасырдың бірінші жартысында, әлемдік философия тарихындағы ерекше орын алған неміс философиясының өкілдері: И. Кант-трансцендентальдық философияның іргетасын қаласа, Фихте және Шеллинг осы көзқарасты өз беттерінше дамытты; Г.В. Гегель абсолютті идеалистік философияны дамытса, Л. Фейербах антропологиялық материализмді  оған қарсы қойды. Осы тақырып бойынша дайындалған кезде, материалистік және диалектикалық философиялық көзқарастарды жүйелеп, жаңа концепция жасаған неміс ойшылдары К. Маркс пен Ф. Энгельстің теориясына ерекше мән беру керек. Әлемдік философиядағы жаңа бағыт, марксизм  ілімінің табиғат, қоғам және адам туралы идеялары, дін және адам туралы идеялары, дін және ғылым туралы түсінігі айрықша назарда болсын.

Әдебиеттер тізімі

1.  Қоянбаева Г.Г. әл-Фараби философиясындағы үлгілі адам мұраты. –

Астана, 2006.

2. З.К. Шаукенова. Национальная консолидация Казахстана; проблемы и перспективы. – Алматы, 2013.

3. Мырзалы С. Философия. – Алматы, 2010.

4. Әл – Фараби мен Ибн Сина философиясы. Жиырма томдық. 4-том. – Алматы: жазушы, 2005. – 568 б.

5. Мырзалы Серік. Философия. – Алматы: «Бастау», 2008. – 644 б.

6. Философия: жоғары оқу орындары студенттеріне арналған оқулық // құрастырған Т. Ғабитов. - Алматы, 2002. – 441 б.

7. Ортағасырлық  діни философия. Жиырма томдық. 5-том. – Алматы: жазушы, 2005. – 560 б.

8. Б. Рассел. История западной философии. – М., 2006.

9. Ғабитов Т., Қасабек А. Қазақ халқының философиялық мұрасы. – Алматы, 2006. - 20 том.

10. Бұрбаев Т. Қазақ менталитетінің даму ерекшеліктері. Монография. – Астана, 2005.

11. Алексеев П., Панин А. Философия. – М., 2007.

Тақырып 5.  Сана – философиялық  мәселе. Қоғамдық сананың  құрылымы және формалары

1. Сана ұғымы, оның мәні және тарихы.

Біріншіден,  философиядағы адам болмысы  мәселесіне тарихи шолу қажет. Философия  тарихында адам табиғаты мен оның мәнін қалай анықтады,  әртүрлі философиялық  ағымдар  материалды  және  идеалды құбылыстарды қалай түсіндірді,  жаратылыстану ғылымдары мен  философия арасында идеалдылық  пен   материалдылық  туралы   қандай  ортақ  пікірлер  бар, міне осы сұрақтарға жауап іздеу керек. Әсіресе  антропосоциогенез туралы  соңғы  ғылыми  деректерге ерекше көңіл  бөлу қажет, мысалы синергетикалық  теория бойынша тірі  жүйелердің өзін - өзі ұйымдастыру заңдылығы бар. «Сана» ұғымын  «өзіндік сана» ұғымымен салыстыра отырып түсіндіру керек.

Философия тарихында қалыптасқан  әртүрлі «сана» мәселесі туралы  көзқарастарды талдай келіп, ең көп тараған, сананы психологиялық  іс - әрекет деп қабылдайтын  концепцияға  ерекше тоқталу керек. Осы  көзқарас  шеңберінде  «сана» және «бейсаналылық»,  «архетип», «ойлау»,  «еске сақтау» («жады»), «ерік», «көңіл – күй» деген  ұғымдарға  анықтама  бере кету керек. Сонымен  бірге, «сана» ұғымын «рух», «жан», «идеалдылық», «руханилық» деген  ұғымдармен  салыстыра отырып та талдау дұрыс болар еді.

Сана туралы  ғылыми – философиялық  көзқарастармен қатар  діни – философиялық  көзқарастарды да бірге  талдау керек. Әсіресе «объективті идеализм», «субъективті идеализм», «фрейдизм», «марксизм», «экзистенциализм» т.б. сол сияқты  кең тараған  концепциялардың мазмұны мен ерекшелігіне жеке – жеке тоқталып өту керек.

2. Сана және психологиялық  процестер.

Бұл сұрақты  хайуанаттар мен адам іс – қимылындағы ерекшеліктерді ғылыми – философиялық  тұрғыдан  сараптау арқылы ашуға тырысу керек. Осы мәселе бойынша тіл және ойлау, сезімдер формалары мен  ойлау формаларына,  ерік пен жігерге, түйсік пен зердеге, тәжірибе мен ақылға қандай философиялық  анықтамалар берілген және олардың  өзара байланысы қандай, міне осылар  туралы айту керек.

Ерекше атап өтетін  мәселе табиғи зерде және жасанды  интеллект айырмашылығы. Генетика мен кибернетика ғылымдарының  жетістіктері туралы,  компьютерлік  техниканың   мүмкіндіктері, медицина  саласындағы  өзгерістер   жайында   да  айтқан  орынды.  Адам санасы, ақылы туралы психология және физиология  ғылымдары ашқан  жаңалықтардың  философиялық  мәні мен маңызы,  қазіргі заманғы информациялық қоғамның  адам  психикасына әсері жайындағы пікірлерге де тоқталу керек.

3.  Жеке адам санасы және   қоғамдық сана.

Алдымен жеке адам санасының  ерекшелігі мен мүмкіндіктеріне тоқталу керек.  Ақыл және мінез - құлық айырмашылығы, ойлау деңгейі жеке тұлғаларда қалай дамыған  және неге  байланысты,  адамдар  арасындағы көзқарас үйлесімділігі мен  пікір  талас   қалай  туындайды, осылар  жайында  да ізденіс жасау керек.  Әр  адамның  рухани  дүниесі  қалай қалыптасады, білім  мен тәжірибенің, әлеуметтік орта мен  қоғамдық  құрылымдардың  адам санасының   дамуында  рөлі қандай? Философия тарихында сезім мен сенім, сенім мен ақыл  ара – қатынасы,  ақыл  мен адамгершілік байланысы туралы  қандай көзқарастар  болған? Ең басты сұрақтың  бірі,  адам санасы  мен  ақыл – ойының, оның  өмірі мен тағдырына, басқа  адамдар  өміріне әсері қандай,  міне осы мәселелер бойынша данышпандар мен  әулиелер  қандай пікір айтқан, соларға талдау жасау керек.

Әрине, жеке адам санасымен қатар, қоғамдық рухани  құбылыстарды, идеалды процестерді талдамаса болмайды. Мысалы, қоғамдық сана формалары деп аталатын: дін, парасат, өнер, саясат,  құқық, ғылым, философия сияқты  құндылықтарды жеке – жеке саралау керек. Діни сана, адамгершілік, эстетикалық  талғам, саяси сана,  философиялық  көзқарас мәні мен  мазмұнын ашып, олардың  өзара байланысын,  адам және қоғам  өміріндегі маңызын  атап  өту қажет. Мәдениет  тарихындағы  дін мен  ғылымның  рөліне   ерекше  назар  аудару  керек.

Сонымен  бірге жеке  адам  санасы мен  қоғамдық  сана  арасындағы диалектикалық  байланысты да ашу керек.  Қазіргі замандағы  Қазақстан  мемлекетінің  дамуы, халықтың,  жастардың  саяси  белсенділігі,  құқықтық  психология мен  идеологияның арасалмағы жайында, діннің  және салт – дәстүрдің  ұлттық  сананы  қалыптастырудағы  орны  туралы  тереңірек  тоқталған  жөн. Әсіресе ұлттық  сана  мен  жалпыадамзаттық  дүниетанымның  жақындасуы  жайында, рухани  құндылықтардың сананы  дамытудағы  ерекше ықпалы  жөнінде де айтқан  өте  дұрыс болар  еді. Ол үшін  бүгінгі таңдағы бүкіл  әлемде және біздің  қоғамда  болып жатқан  мәдени - әлеуметтік процестерге философиялық  көзқараспен қарауға оқып – үйренуіміз қажет.

Өзіндік жұмысқа арналған  сұрақтар:

а) Адам  болмысы туралы  философиялық  көзқарастардың  XX ғасырдағы дамуы;

б) сана  және тіл  мәселесі;

в)  антика заманы философиясы жан  туралы.

Баяндамалар мен рефераттар  тақырыптары

1.  Ч. Дарвиннің эволюциялық даму теориясы.

2.  Ф. Энгельс адамның шығу тегі туралы.

3.  Адам санасы және хайуандық инстинкт.

Әдебиеттер тізімі

1.  Шаукенова З.К. Национальная консолидация Казахстана: проблемы и перспективы. – Алматы, 2013.

2.  Бейсенов Қ.Ш. Философия тарихы: Оқулық. – Шымкент, 2005. – 452 б.

3.  Мырзалы Серік. Философия. – Алматы: «Бастау», 2008. – 644 б.

4.  «Қазақ халқының  философиялық мұрасы» сериясы. Жиырма томдық. 1-7 тт. – Астана: Аударма, 2005.

5.  Қабаева Ж. Философия. – Алматы, 2010.

6.  Ағатаев А. Қайсар философиясы. – Алматы, 2010.

7.  Нысанбаев А. Тәуелсіз Қазақстанның құндылықтар әлемі. – Алматы, 2011.

8.  Есім Ғ.Е. Тәуелсіз Қазақстан философиясы. – Астана, 2006.

9.  Назарбаев Н.Ә. Тәуелсіздік идеясы және оның тарихи сипаттамасы /Тәуелсіз Қазақстан философиясы. – Астана, 2006.

10.      Ғабитов Т. Философия. – Алматы, 2010.

11.      Артемьев А., Мырзалы С. История и философия науки. – Алматы, 2010.

12.      Горелов А. Философия. – М., 2012.

Мазмұны

Кіріспе  

3

Семинар сабақтарының тақырыптары

6

Семинар сабақтарының және студенттердің өзіндік жұмыстарының тақырыптары

7

Студенттер өздігінен оқып талдайтын тақырыптар

33

2014 ж. жиынтық жоспары, реті 263

Қуанышқазы Шакыртұлы Мухамеджан
Ельзат Еркінұлы Джаркинбаев

ФИЛОСОФИЯ
Барлық мамандық студенттері үшін семинар сабақтарын орындау бойынша әдістемелік нұсқаулықтар 

Редактор  Қ.С.Телғожаева
Стандарттау бойынша маман Н.Қ. Молдабекова

Басуға  _________ қол қойылды
Таралымы  300 дана.
Көлемі  2,4 оқу.  - басп. ә.
Пішіні 60х84 1/16
№ 1 типографилық қағаз
Тапсырыс____. Бағасы 1200 т.

«Алматы энергетика және байланыс университеті»
коммерциялық емес акционерлік қоғамының
көшірмелі-көбейткіш бюросы
050013, Алматы, Байтұрсынұлы көшесі, 126