ҚАЗАҚ ТІЛІ-1

Коммерциялық емес акционерлік қоғамы

АЛМАТЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ БАЙЛАНЫС УНИВЕРСИТЕТІ

Орыс және қазақ тілдері кафедрасы

 

ҚАЗАҚ ТІЛІ-1

5В060200 -  «Информатика»  мамандығы студенттері үшін 
№ 2, 3 семестрлік өздік жұмыстарды  орындауға  арналған
  әдістемелік нұсқаулар мен өздік тапсырмалар топтамасы   
1-бөлім

 

Алматы 2013

 

ҚҰРАСТЫРУШЫ: Төлеубаева К.Т. Қазақ тілі -1: 5В060200 –  «Информатика»  мамандығы студенттері үшін  № 2, 3 семестрлік өздік жұмыстарды  орындауға  арналған   әдістемелік нұсқаулар мен өздік  тапсырмалар топтамасы.  1-бөлім. - Алматы: АЭжБУ, 2013. -  24 б.

Әдістемелік нұсқауда 5В060200 - Информатика бакалаврының оқу бағдарламасына сәйкес орындалатын  семестрлік өздік жұмыстарды  орындауға арналып құрастырылды.

Әдістемелік нұсқауда информатика мамандықтарына қатысты аударуға арналған мәтіндер және мәтін контексі бойынша тапсырмалар берілген.

Көрсеткіш информатика мамандығы бойынша оқитын студенттерге арналған.

Әдеб. көрсеткіші – 5 атау.

Пікір беруші: аға оқытушы  Адилгажинова С.А.

 

Тапсырмалар:

1) Мәтіндегі түсініксіз 30 сөз бен сөз тіркесіне сөздік жасаңыз.

2) Мәтіннен етістіктерді теріп жазып, шақ категориясына түрлендіріңіз. Мысалы: анықтау – анықталды  – анықталады – анықталған.

3) Мәтіннен бес сөйлем таңдап алып, оны сұраулық шылаулардың біреуі арқылы (ма, ме, ба, бе, па, пе) және сұрау есімдіктері арқылы (кім? не? қай? қайсы? қандай? қалай? қайда? қайдан? қашан? қанша? т.б.) сұраулы сөйлемге айналдырып жазыңыз (барлығы он сөйлем).  

4) Анықтауыштық қатынастағы сын есім+зат есім, сан есім +зат есім болып келген сөз тіркестерін теріп жазып, мәтіннен өзгеше 3-4 сөйлем жазыңыз.Үлгі:ақпараттық ғасыр, байланыс құралдары.

5) Мәтін бойынша сұрақтар дайындаңыз.

6) Мәтінді толық аударыңыз.

1-нұсқа

Қазіргі қоғамдағы ақпараттық ғасыр дамуына өтер кезеңдегі білім жүйесінің негізгі міндеттерінің бірі болашақ маманның ақпараттық мәдениетінің негізін қалыптастыру болып табылады. Ақпараттанудың әдісі мен құралдарын игерген білікті кадрларға деген қоғам қажеттілігі білім саясатының жетекші факторына айналды. Есептеуіш техника мен байланыс құралдарының жедел дамуы, ақпараттық технологияның біздің өміріміздегі барлық салаға енуі ақпараттануды байыпты оқытуды талап етеді.

Қазіргі жағдайдағы ақпараттанудың рөлі әр кез өсіп отырады. Жеке адамдардың да, тұтас ұйымның да қызметі көп жағдайда оның ақпараттануына және қолда бар ақпаратты тиімді қолдануына байланысты.

Әртүрлі индустрияға компьютердің және қазіргі заманғы ақпаратты беру мен қайта өңдеу құралдарының енгізілуі қоғамды ақпараттандыру деп аталатын үрдістің басталуына итермеледі. Қазіргі кездегі өндірістерден басқа да қызмет салалары – үлкен көлемдегі ақпаратты қайта өңдеуге, ақпараттық қызмет көрсетуге зәру. Ақпараттандыру үрдісінің нәтижесінде, материалдық нысанмен емес, оймен, санамен, бейнемен, зердемен және біліммен әрекеттенсе, онда ақпараттық қоғамның құрылғаны деп саналады. Әрбір елдің индустриялық кезеңнен ақпараттық ғасыр дамуына дейінгі қозғалысы қоғамның ақпараттану дәрежесімен анықталады.

Ақпараттық салаға дербес компьютердің енгізілуі мен телекоммуникациялық байланыс құралдарына пайдалану ақпараттық технология дамуының жаңа ғасырын анықтады. Жаңа ақпараттық технология дегеніміз - дербес компьютерлер мен телекоммуникациялық құралдарды қолданатын, пайдаланушы жұмысының “дос” интерфейсі бар ақпараттық технология. Жаңа ақпараттық технология интерактивтік принципке, басқа бағдарламалық өніммен біріктіруге және мәліметтер өзгеру үрдісінің икемділігіне негізделеді.

2-нұсқа

Есептеуіш техника құралдарының көмегімен мәліметтерді құру, сақтау, қайта тудыру, өңдеу, тасымалдау амалдарын, осы құралдардың жұмыс принциптері мен оларды басқару әдістерін қарастырып, жүйеге келтіретін техникалық ғылымды ақпараттану деп атайды.

Ақпараттану деген сөз француз Informatique деген сөзінен шығады, бұл сөз Informacion (ақпарат) және Automatique (автоматика) деген терминдерден құрастырылған. Сондықтан бұл термин ақпаратты автоматты реттеу ғылымын білдіреді. Бұл термин Шығыс Еуропаның бірсыпыра елдерінде қолданылса, ал Батыс Еуропа мен АҚШ-та Computer Science (есептеуіш техника құралдары туралы ғылым) термині қолданылады.

Ақпараттану ғылымы кибернетика ғылымымен тығыз байланысқан, бірақ  оған құрамдас емес. Кибернетика адам іс-әрекетінің әртүрлі салаларында күрделі жүйелерді басқару процестерінің жалпы заңдылығын оқытса,  ақпараттану тек қана нақты ақпараттық жүйелердің жалпы қасиетін оқытады. Ақпараттануды ғылым, технология және индустрия  ретінде қарастыруға болады.

Ақпараттық үрдістерде ақпараттың қасиеттерінің әртүрлі аспектілерін оқытатын және компьютердің көмегімен ақпаратты өңдеуге алгоритмдік, математикалық, бағдарламалық құралдарды қолдануды үйрететін пәндер тобын ақпараттану ғылымы ретінде қарастырады.

Технология ретіндегі ақпараттану ақпаратты жасау, сақтау, өңдеу, тарату және пайдалану үшін ақпаратты компьютерлік түрлендіру процедураларының жүйесінен тұрады. Нысан, үрдіс немесе құбылыстың жайы туралы жаңа сапалы ақпаратты алу үшін, мәліметтерді жинауға, өңдеуге, тасымалдауға пайдаланатын құралдар мен әдістердің жиынтығын қолданатын үрдісті ақпараттық технология деп атайды. Ақпаратты талдап, оның негізінде шешім қабылдау үшін ақпараттарды өндіру ақпараттық технологияның мақсаты болып табылады. Ақпараттық  жүйе деп ақпаратты ұйымдастыратын, сақтайтын және түрлендіретін жүйені атайды. Қазіргі кездегі ақпараттық жүйелердің көбі автоматтандырылған болып табылады.  Компьютер ақпаратты өңдейтін негізгі техникалық құрылғы болып табылады.

3-нұсқа

Индустрия ретінде ақпараттану  - адамның іс-әрекетінің барлық аймақтарын қажетті ақпараттық ресурстармен қамтитын құрылымдық сала.

Ақпарат – қоршаған ортаның нысандары мен құбылыстары, олардың қасиеттері, күйлері туралы мәліметтер. Ақпаратты түрлендірудің әртүрлі фазалары адам коғамының ақпараттық қажеттіліктерін қанағаттандыратын тұтас ақпараттық үрдіс ретінде қарастырылады.

Ақпаратты көрсетудің негізгі түрлері: символдық (әртүрлі белгілерді қолдануда негізделген), мәтіндік (мәтін деп әдетте анықталған ретпен орнатылған белгілерді түсінеміз), графикалық (әртүрлі бейнелер), дыбыстық.

Мәлімет деп өңдеуге ыңғайлы түрде көрсетілген ақпаратты түсінеміз. Ақпарат - өңделген мәліметтер.

Мәліметтерді электронды түрде көрсетуге, тасымалдауға қолданатын белгілер, ережелер және келісімдер жиынтығы ақпараттану тілі деп аталады.

Мәліметтерді көрсетуге қолданатын ережелерді шарттаңба деп атаймыз. Әдетте, шарттаңбалағанда (шифрлағанда) әр бейне бөлек белгімен көрсетіледі.

Реттері анықталған белгілер жиыны алфавит деп аталады.  Дүниеде көптеген алфавиттер бар. Тек қана екі белгіден тұратын алфавиттер өте маңызды болады. Осындай жиынтықтарды  екілік белгілер жиыны деп атайды. Екілік белгі (binary digit) “бит” деп аталады. Ақпараттың барлық түрлері электр импульстер тізбектеріне: импульс бар (1) немесе импульс жоқ (0) яғни нөлдер мен бірліктер тізбектеріне шарттаңбаланады. Ақпаратты компьютерде осылай шарттаңбалау екілік шарттаңбалау, ал нөлдер мен бірліктердің тізбектерін машиналық тіл деп атайды.

Мәтіндермен бірге сызбалық мәліметтерді, дыбыстарды кодалауға болады.

Мәтіндік мәліметті екілік кодалағанда, әр символға оның кодасы  нөлдер мен бірліктердің белгілі санынан тұратын тізбек сәйкестендіріледі. Қазіргі компьютерлердің көбінде бір символдың екілік кодасын сақтау үшін 8 нөл мен бірліктерден тұратын “байт”  (byte) деп аталатын тізбек бөлінеді. Сонымен, байт - 8 биттен тұратын мәліметтер бірлігі. Әр биттің мәні 0-ге немесе 1-ге тең, сондықтан бір байттағы олардың барлық комбинациясы 28 = 256 болады. Сонда бір байт көмегімен 256 әртүрлі екілік комбинацияларды, яғни 256  әртүрлі символдарды алуға болады (мысалы, орыс алфавитінің кіші және үлкен әріптерін, цифрларды, үтір, нүкте, т.б). байттар мен символдар арасындағы сәйкестік арнайы шарттаңбалау кестесімен беріледі, ол кестеде әр код үшін оған сәйкес символ көрсетілген.

4-нұсқа

Көп тараған кодтар - АSCII (Аmerican standart code for information interchange – мәліметтердің алмасуының американдық стандартты кодасы) және КОИ-8 (ұзындығы 8 бит болатын мәліметтер алмасу коды).

Сызбалық нысандарды компьютерде екі әдіспен растр немесе вектор бейне ретінде жасап, сақтауға болады. Бейненің әр түріне өзінің шарттаңбалау тәсілі қолданылады. Растрлық бейненің көлемі нүктелер санының бір нүктенің ақпараттық көлеміне (мүмкін болатын бояулар санына байланысты) көбейтілуімен анықталады. Векторлық бейне туралы ақпарат әдетте әріпті-цифрлы ақпарат ретінде шарттаңбаланып, арнайы бағдарламалармен өңделеді.

Дыбысты жазу үшін бір-бірінен бірдей аралықта орнатылған сигнал кернеуінің деңгейлер жүйесі таңдалады, оның әрқайсысына белгілі нөмір  сәйкес қойылады. Уақыттың тең  аралықтары арқылы кірудегі сигналдың деңгейі өлшеніп, қай стандартты деңгейге жақын екендігі анықталады да, жадыға дыбыстың күштілігі ретінде жазылады. Қайтадан өңдеу кезінде мәліметтер оқылып, жазылған кездегi жоғары жиiлiкпен деңгейлердің нөмірлеріне сәйкес компьютер дыбыстың қарқындылығын өзгертеді. Дыбыс күшін реттеу көбейту көмегімен орындалады: мысалы, дыбыстың күшін екі есе күшейту үшін, қайтадан өңдеу алдында деңгейдің нөмірін екі еселеу қажет.

Осылайша компьютерде әртүрлі ақпаратты сақтау принциптерін қарастырып, олардың барлығы сандық түрге түрленеді, нөлдермен бірліктер жиындар арқылы шарттаңбаланады деген қорытындыны алуға болады. Мәліметтерді көрсетудің осындай әмбебаптығына байланысты, жадыдан кездейсоқ бір ұяшықтың құрамын алсақ, кодаланған ақпараттың мәтін, сан немесе сурет екендігін анықтай алмаймыз.

Екілік хабарлардағы мәліметтердің көлемін өлшеу үшін биттер және байттармен қатар олардан үлкен бірліктерде қолданылады (килобит, мегабит, гигабит, гигабайт, мегабайт, килобайт).

Екілік кодалауды қолдану екілік есептеу жүйесінде негізделген.

Кезкелген санды цифрлар деп аталатын символдар алфавитімен көрсету тәсілін санау жүйесі деп атайды. Біз күнделікті тұрмыста біздер ондық санау жүйесін қолданамыз. Бір санау жүйесінен басқа жүйеге сандарды түрлендірудің ережелері бар.

5-нұсқа

Компьютердің аппараттық құралдарының жұмысын сипаттау үшін логика алгебрасының математикалық аппараты қолданылады.

Логика алгебрасы – пікірлерді олардың логикалық мәндері жағынан (ақиқат немесе жалған) және оларға қолданатын логикалық операцияларды қарастыратын математика бөлімі.

Логикалық пікір –ақиқат немесе жалған екендігі туралы бір мағыналы пікір айтуға болатын кез келген хабарлы сөйлем. Логика алгебрасы кез-келген пікірді бір жағынан ақиқат немесе жалған екендігін қарастырады.  Логикалық сөйлемдерді қолдану үшін оларға атауларды – логикалық айнымалыларды – меншіктейді. Логикалық айнымалылар тек қана екі мәнді - "ақиқат"   немесе   "жалған",  қабылдайды, олар "1"  немесе   "0" деп белгіленеді. Логикалық байланыстар көмегімен (белгілі сөздер мен сөз тіркестер) берілген пікірлерден жаңа – құрамды пікірлерді – құрастыруға болады. Құрамды болмайтын пікірлер элементарлы пікірлер болады. Құрамды пікірлердің ақиқаттығы немесе жалғандығы элементарлы пікірлердің ақиқаттығы және жалғандығына тәуелді. Әрбір логикалық байланыс логикалық пікірге қолданған операция деп есептеледі және оның атауы мен белгісі болады. Логикалық айнымалылар мен логикалық операциялар символдарының көмегімен кез келген пікірді логикалық формуламен алмастыруға болады. Логикалық формуланың анықтамасы:

а) кез келген логикалық айнымалы мен "ақиқат" (1)   немесе   "жалған" (0) символдары қарапайым формулалар болып саналады;

ә) егер де А және В формулалар болса, онда А ,   А . В ,   А v В ,   А => B ,   А <=>  В   формулалар болып табылады;

б) логика алгебрасында басқа формулалар болмайды.

1-пунктте элементарлы формулалар анықталған, 2 және 3-пункттерде кез келген  берілген формулалардан жаңа формулаларды жасаудың ережелері келтірілген.

Логика алгебрасының математикалық аппараты компьютердің аппараттық құрылғыларының жұмысын сипаттауға өте ыңғайлы, себебі компьютерде негізгі сандық жүйе екілік жүйе болып саналады, ол жүйеде 1 және 0 цифрлары қолданылады, логикалық айнымалылардың мәндері де екеу: 1 және 0.

Осыдан екі қорытынды алынады:

а)   компьютердің бірдей құрылғыларын екілік жүйемен көрсетілген сандық мәліметтерді де және логикалық айнымалыларды да сақтауға және өңдеуге қолдануға болады;

ә) аппараттық құрылғыларды жобалаған кезеңде логика алгебрасы компьютер сұлбаларының жұмысын бейнелейтін логикалық функцияларды жеңілдетеді, сондықтан компьютердің негізгі түйіндерін құрастыратын элементарлы логикалық элементтерінің санын азайтуға мүмкіндік береді.

Тапсырмалар:

1)   Мәтіндегі түсініксіз сөздер мен сөз тіркестерінен сөздік (30) түзіңіз.

2)   Мәтіннен әртүрлі жолдармен жасалған (сөздердің бірігуі, тіркесуі және қосарлануы) сөздерді теріп   жазыңыз.

3)   Мәтіннен етістіктерді теріп жазып, шақ формасына қарай түрлендіріңіз.

4)   Анықтауыштық қатынастағы сын есім+зат есім;  сан есім+зат есім болып келген сөз тіркестерін теріп жазып, мәтіннен өзгеше 5-6 сөйлем жазыңыз. Мысалы: Логикалық элементтер, электронды сұлба.

5)   Мәтін бойынша сұрақтар дайындаңыз.

6)   Сөздіктің көмегімен мәтінді жазбаша аударыңыз.

6 – нұсқа

          Мәліметтер де және бұйрықтар да әртүрлі құрылымы мен ұзындығы бар екілік тізбектермен көрсетіледі. Элементарлы логикалық функцияларды туындату үшін компьютердің логикалық элементтері – ЖӘНЕ, НЕМЕСЕ, ЕМЕС, ЖӘНЕ—ЕМЕС, НЕМЕСЕ—ЕМЕС  және басқа да (вентильдер деп аталатын), сонымен бірге триггер электронды сұлбалар қолданылады. Осы сұлбалар көмегімен компьютер құрылғыларының жұмысын бейнелейтін кез келген логикалық формуланы жасауға болады. Әдетте вентильдерде 2-ден 8-ге дейін кірісі мен бір немесе екі шығысы болады. Екі логикалық “1” немесе “2” жағдайды вентильдерде көрсету үшін, оларға сәйкес кірудегі және шығудағы сигналдар кернеудің екі орнатылған деңгейлерінің біреуін қабылдайды. Жоғарғы деңгей, әдетте “ақиқат” (“1”) мәнге, ал төменгі - “жалған” (“0”) мәнге сәйкес.

Кез келген логикалық элементтің логикалық функциясын көрсететін өзінің шартты белгісі бар, бірақ логикалық сұлбаларды жазу және түсіну жеңіл болуы үшін онда қандай электронды сұлба іске асырылғаны көрсетілмейді. Логикалық элементтерінің жұмысын ақиқат кестелер көмегімен бейнелейді.

Адрестің шинасы арқылы процессор қатынаса алатын физикалық адресті оперативті жады деп атайды (яғни оперативті естке сақтау құрылғысы, орысша ОЗУ - оперативное запоминающее устройство). Компьютердің ең төменгі деңгейінде оның жадысын биттер массиві ретінде қарастыруға болады. Бір бит 1 немесе 0 мәнді қабылдайды. Биттерді физикалық іске асыру үшін және олармен жұмыс істеу үшін логикалық сұлбалар сай келеді. Бірақ бит деңгейіндегі жадымен жұмыс істеу процессорға ыңғайсыз, сондықтан ОЕСҚ байттар тізімі ретінде ұйымдастырылған. Әр байтқа өзінің физикалық деп аталатын уникалді адресі (оның нөмірі) сәйкестіріледі. Физикалық адрестердің диапазондары процессор адресінің шинасының разрядына байланысты.

Негізгі жадыдан басқа регистрлер қолдануы мүмкін.        

7-нұсқа

Компьютер – ақпаратты жинақтауға, өңдеуге және тасымалдауға негізделген көп функциялы электрондық құрылғы.

Компьютерлердің әртүрлі жіктелуі бар. Соның ішінде біреуі – пайдалану саласы бойынша жіктеледі және бөлінеді: дербес компьютерлер және жұмыс стансалары, Х-терминалдар, серверлер, мейнфреймдер, кластерлік сәулеттер.

Дербес компьютердің логикалық ұйымдастырылуы, құрылымы мен ресурстары  оның сәулеті болып табылады. Басқа сөзбен айтқанда, компьютердің архитектурасы белгілі уақыт аралығындағы мәліметтерді өңдеу үрдісіне бөлінген есептеуіш техника құрылғыларын анықтайды.

Бірінші электрондық есептеуіш машиналарында (ЭЕМ) генерацияға керек сигналдарды тудыру үшін барлық логикалық сұлбаларды ажыратып-қосқыштардың көмегі арқылы қолмен бағдарламалау қажет болды. Әр санның разряды ондық цифрмен көрсетілетін және 10 электронды шамдармен үлгіленетін ондық логика қолданылатын еді. Қажетті цифрды көрсету үшін бір шам жанады, ал қалған 9 сөніп тұрады. Белгілі неміс математик Джон фон Нейман ондық логика орнына екілік логиканы және бағдарламасы жадыда сақталынатын ЭЕМ-ның сұлбасын ұсынды. Фон Нейман машинасы келесі бес блоктардан тұрады: оперативті жады, аккумуляторы бар арифметикалық-логикалық құрылғы (АЛҚ), басқару блогы, енгізу және шығару құрылғылары.

Монитордың цифрлық басқаруы болса, оны қалпына келтіру автономдық, қашықтан басқару пульті немесе бағдарламалық орындалады, сондықтан да қалпына келтірудің сапасы өте жоғары.

Активті матрицасы бар сұйық кристалдық мониторлардың электронды-сәулелі мониторларға қарағанда артықшылығы бар: олар жеңіл, энергияны төрт есе кем  жұмсайды, қосқаннан кейін қызуға уақыт керек емес, электромагниттік өрісі жоқ, бейне жылтылдамайды, мониторды қалпына келтірудің сапасы төмен болғаннан бейне дұрыс көрінбейтін жағдайлар тумайды. Олардың кемшіліктері: бағасы жоғары, көру диапазоны шектелген, жарық пен рұқсат ету қабілеттіліктері электронды сәулелік мониторларға қарағанда төмен.

20 және одан жоғары дюйм өлшемдері бар мониторларда плазмалық экрандары болуы мүмкін, сұйық кристал мониторларға қарағанда олардың көру диапазоны жоғары, жарықтық пен рұқсат ету қабілеттіліктері электронды сәулелік мониторлардағыдай болады.

8-нұсқа

Классикалық математикада қарастырылатын, көп айнымалы функцияның экстремум мәндерін табу туралы есептерден математикалық бағдарламмалау есептерінің негізгі айырмашылығы – үйлесімді шешімдер облысынан функцияның экстремум мәндерін анықтау.        

Есептің үйлесімді шешімі дегеніміз - теңдеулер мен теңсіздіктерден тұратын шектеулерді қанағаттандыратын кез келген шешім. Үйлесімді шешімдердің жиыны үйлесімді шешімдер облысын құрайды. Шектеулер есептің үйлесімді шешімдер облысын анықтайды. Осы облыстан оңтайландыру шартын қанағаттандыратын шешімді табу керек. Оны оңтайлы шешім деп атайды, ал оны анықтаудың шартын оңтайландыру критерийі деп есептеледі.

Математикалық бағдарламмалау есептері бірнеше түрге бөлінеді. Егер шектеулер мен мақсат функциясындағы белгісіздер тек бірінші дәрежеде болса, ондай есепті  сызықтық бағдарламмалау есебі деп атайды. Ал егер бір ғана белгісіз бірінші дәрежеде болмаса, онда сызықтық емес бағдарламмалау есебі деп аталады.  Егер есептің шарты бойынша барлық белгісіздердің мәндері бүтін болуы тиіс болса, ондай есепті бүтінмәнді сызықтық бағдарламмалау есебі деп атайды. Есепті шешу процесі бірнеше кезеңдерді қамтитын болса, сонымен бірге әрбір кезеңде алдыңғы кезеңдегі шешім пайдаланылатын болса, ондай есепті динамикалық  бағдарламмалау  есебі  деп атайды.

Осы аталған есептердің ішінде кеңірек зерттелінгені әрі  практикалық есептерде жиі қолданылатыны – сызықтық бағдарламмалау есептері. Оның себебі сызықтық есептерді шешу кезінде көп қиындық кездеспейді, сонымен бірге, математиканың жақсы дамыған бөлімдері, сызықтық алгебра мен матрицалар  теориясы, сызықтық бағдарламмалаудың теориялық негізі болып есептеледі. Жоғарыда қарастырылған практикалық есептердің көпшілігінің  математикалық модельдері бір типке жататын, сызықтық бағдарламмалау есебіне келтірілген.

9-нұсқа

ХХ ғасырдың елеулі жетістіктерінің бірі – электрондық есептеуіш машиналардың пайда болуы адамның миымен атқарылатын жұмыстардың көпшілігін «ақылды» машиналарға жүктеуге мүмкіншілік берді. Бұл жағдай  адамзат өмірін, тұрмысын, қарым-қатынасын, психологиясын және т.б. толық түрде өзгертіп, адамзат қоғамында үлкен төңкеріс жасады деуге болады.  Қазіргі кезде компьютердің және оған негізделген технологиялардың адам өмірі мен ісінде пайдаланылмайтын саласы жоқтың қасы. Осыған байланысты  алдыңғы қатарға  ақпаратпен жұмыс істеу  мәселесі шықты. XXI ғасырдың «ақпараттық технологиялар ғасыры»  аталуы – осының айғағы. Мемлекеттің немесе елдің алдыңғы қатардағы дамыған деген атаққа ие  болуының негізгі көрсеткіші - оның жаңа компьютерлік және ақпараттық технологияларды пайдалану дәрежесімен анықталатындығында.

Компьютерлік технологияларды пайдалану салаларының ішіндегі маңыздыларының бірі – басқару ісі, оның ішінде автоматтандырылған басқару саласы аса өзекті мәселеге айналып отыр.  Басқару ісіне қажетті ақпараттарды тез тауып, өңдеу арқылы дұрыс шешім қабылдау  кейде өмірлік маңызы бар шешім қабылдауға қол жеткізеді. Көпшілік жағдайда, адам орындай алмайтын немесе адам өмірі мен денсаулығына зиянды өндірістерде «ақылды» машиналарсыз немесе компьютерлік жүйе арқылы басқарылатын арнайы механизмдер мен манипуляторларсыз (роботтарсыз) жұмыс жүргізу үлкен қиындық туғызатыны анық.

Басқару ісі ғылым саласы ретінде негізінен екі бағытта дамыды: біріншісі – кәсіпорындарды, ұйымдарды, ұжымдарды, экономика саласын, және т.б. басқару болса, ал екіншісі  - өндіріс процестерін, зауыттар мен фабрикаларда қолданылатын  технологиялық  жабдықтар мен бағдарламамен басқарылатын станоктар, ұшақтар, кемелер, космос аппаратары мен тағы басқа техникалық  құралдарды басқару. Бірінші бағыт бойынша дамыған басқару ісі туралы ғылым саласы басқару теориясы немесе менеджмент (management) деп аталады.

10-нұсқа

Адамзатты қоршаған ортада (табиғатта, қоғамда, өндірісте, техникалық құралдарда және т.б.) әртүрлі құбылыстар мен процестердің болып жататыны белгілі. Олардың сипаттары мен өту жағдайлары белгілі бір шарттар мен факторларға байланысты. Сол шарттарды өзгерту арқылы адам процестің сипатын өзгерте алады немесе белгілі бір мақсатқа қарай икемдеу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен, белгілі бір қойылған мақсатқа жетуді қамтамасыз етуге бағытталған процестің өзгеруін ұйымдастыруды басқару деп атайды.

Қойылған мақсатқа жету, алдымен, ол анықталуы тиіс; содан кейін, осыған байланысты жағдай талданып, бағаланады; бағалау нәтижесі бойынша шешім қабылданады; ең соңында, қабылданған  шешім жүзеге асырылады. Көпшілік жағдайда мақсат алдын ала белгілі болады, сондықтан оны басқару процесінің кезеңіне жатқызбайды. Сонымен, басқару процесін келесі үш кезеңнен тұрады деп есептеуге болады:

1) орнаған жағдайды талдау мен бағалау үшін ақпарат жинау және оны өңдеу;

2) ең пайдалы әрі дұрыс шешім қабылдау;

3) қабылданған шешімді жүзеге асыру.

Кейде басқарудың төртінші кезеңі ретінде шешімнің орындалу нәтижесін бақылауды қарастырады.

Басқарылатын процесс нақты  ортада белгілі бір жүйеде орындалады. Ондай физикалық жүйені басқару объектісі деп атайды. Басқару объектілерінің түрлері өте көп әрі олардың табиғаты әртүрлі болады. Мысалы:

- техникалық құрылғылар: автомобиль, ұшақ, космос аппаратары, станоктар және т.б.;

-  өндіріс кәсіпорындары: зауыт, цех, өнеркәсіп салалары және т.б.;

- экономикалық жүйелер: кәсіпорын экономикасы, мемлекет экономикасы, өнеркәсіп саласының экономикасы және т.б.;

- биологиялық жүйелер  планетаның флорасы (өсімдік дүниесі) мен фаунасын (жан-жануар дүниесін) қамтиды;

- әлеуметтік жүйелер байланысқан элементтер жиынында адамның қатысуымен сипатталынады және т.б.

Тапсырмалар:

1)   Мәтіннен 30 сөз бен сөз тіркесіне сөздік жасаңыз.

2)   Мәтін бойынша сұрақтар дайындаңыз.

          3)       Тұйық етістіктерді (10) теріп жазып, шақ категориясына түрлендіріңіз.

4)   Сияқты, тәрізді, арқылы, үшін  шылауларымен келген сөздерді теріп жазып, мәтіндегіден өзге сөйлем құрастырыңыз. 

          5) Мәтіннен бес зат есімді теріп жазып, құрамына қарай талдаңыз. Мысалы: процесінің – түбірі процесс, зат есім; -і – тәуелдік жалғауының 3-жағы; -ның – ілік септігінің жалғауы.

6)   Мәтінді толық аударыңыз.

11 – нұсқа

Басқару теориясында (менеджмент теориясында) басқарушы адам шешім қабылдайтын жүйелерді үш топқа бөледі: техникалық, биологиялық және әлеуметтік жүйелер. Бұл жүйелерде қабылданған шешімдердің орындалу нәтижелерінің тәуекелділігі әртүрлі болады. Әлеуметтік жүйелерде кездесетін проблемалар биологиялық пен техникалық жүйелердегіден анағұрлым көп болады.  Сондықтан бұл мәселе бойынша әлеуметтік жүйе биологиялық және техникалық жүйелерді қамтитын болса, ал биологиялық жүйе техникалық жүйені қамтиды.  Әлеуметтік жүйеде қабылданатын шешімді басқарушы шешім деп атайды.

Аталған объектілердің табиғаты әртүрлі болғанымен, олардың барлығы үшін ортақ басқарудың жалпы құрылымын қарастыруға болады. Осындай тәсілдің арқасында басқару процесін математикалық сипаттауға немесе математикалық есептерді қоюға және оларды шешу мүмкіндігі туады. Бұл мүмкіндік басқару ісін тиімді етуге қажетті қазіргі заманғы компьютерлік және коммуникациялық құралдарды пайдалануға жол ашады.

Басқарылатын объектідегі процесті берілген мақсатқа бағыттауға арналған өзгертулердің орындалуы  үшін  оған белгілі бір әсер ету қажет. Ондай әсер етуді басқарушы әсер немесе  қысқаша басқару деп. Бұл жерде басқару деген сөзді келесі екі мағынада  пайдалануға болады:

1) белгілі бір мақсаттарға жетуге бағытталған ұйымдық шара;

2) белгілі бір физикалық параметрлерді өзгерту арқылы басқарылатын объектідегі процестерді өз қалауы бойынша қойылған мақсатқа жету үшін өзгерту.

Күрделі объектілерді  басқару кезінде бірнеше  әсер етуші факторларды қарастыру қажет болады. Мұндай жағдай басқару ісінің аса күрделі  болуына келтіреді. Осыған байланысты басқару ісін автоматтандыру, ол үшін компьютерлік техника мен басқа техникалық құралдарды пайдалану қажеттілігі өзекті мәселе болады. Қазіргі кезде басқару туралы сөз болғанда, міндетті түрде автоматтандырылған басқару жүйесі  (АБЖ) туралы сөз болады.

12-нұсқа

Басқару туралы түсінік берілгенде, оның пайдалану облыстарының ауқымының кең екендігіне көз жеткен болатын. Басқару объектілерінің түрлерінің аса көптігі, қарапайым механизмдерден бастап, мемлекет басқару ісіне дейінгі әр саладағы қызметтер  осының дәлелі болады.

Кез келген басшының жұмысы келесі  басқару  функцияларын орындаумен байланысты: белгілі бір процесті жоспарлау, ұйымдастыру, үйлестіру және бақылау. Бұл функцияларды орындау барысында белгілі бір шешім қабылданады. Шешім дегеніміз - қойылған  мәселе бойынша  белгілі бір қорытындыға келтіретін және оны жүзеге асыратын адамның ойлау ісінің нәтижесі. Ал басқару шешімі дегеніміз - талдаудың, болжаудың, оңтайландырудың, экономикалық негіздеудің және көптеген нұсқалардың альтернативаларының ішінен таңдаудың белгілі бір мақсатқа жетуге бағытталған нәтижесі.  Шешім қабылдаушы тұлғаны шешім субъектісі деп атайды.

Басқару шешімін оған қойылатын талаптарға сай қабылдау үшін әрі  оның функцияларын орындау барысында көптеген қосымша есептерді шешуге тура келеді.

Талдау функциясын орындауда ақпарат жинау мен оны өңдеу әдістерін пайдалану қажет болады. Бұл жерде көбінесе  алгоритмдік әдісті пайдаланады. Алгоритмдік әдіс бойынша ақпаратты өңдеу белгілі бір ережелерге, алгоритмдер мен формулаларға, статистикалық немесе эксперименттік деректерге негізделген процедуралар мен операцияларды формалды түрде орындауды қажет етеді. Бұл әдісті техникалық жүйелерде қолдану көп мәселелерді туғызбайтын болса, ал әлеуметтік жүйелерде, оларды сипаттайтын көптеген параметрлердің сандық мәндерін көрсету мүмкіндігі қиындық туғызатындықтан, эвристикалық әдістер қолданылады.  Эвристикалық әдістер логикаға, дұрыс ойластыруға және тәжірибеге негізделген.

13-нұсқа

Басқару ісіне байланысты есептер  алғашқы ақпарат жинау мен оны өңдеу жұмыстарына байланысты мәселелер  толығымен шешілген болады. Сонымен бірге, қабылданған шешімнің сөзсіз орындалуы да күмән туғызбайды деп саналады. Басқаша айтқанда, ол мәселелерге көңіл бөлудің әрі  қарастырудың қажеті болмайды. Мұндай жағдайда жоғарыда қарастырылған үш кезеңнің екіншісін ғана орындау керек болады немесе басқару процесі тиімді  шешім қабылдаумен ғана шектеледі. Мұндай есептерді біркезеңдік немесе бірқадамдық шешім қабылдау есебі деп атайды.

Бірақ  көпшілік жағдайда мұндай жеңілдетілген есептер нақты басқару процесін толық түрде сипаттай алмайды. Іс жүзінде басқару процесінің барлық кезеңдері бір-бірімен тығыз байланыста болады. Мұндай күрделі жағдайларда басқару процесі бірнеше қадамдардың тізбегіне бөлінеді. Әрбір қадамда қабылданатын шешім алдыңғы қадамдағы  шешімнің орындалу нәтижесіне тәуелді болады. Мұндай басқару процесін көпқадамдық шешім қабылдау  процесі деп атайды.

Әрине,  күрделі басқару процесін қадамдарға бөлу  кейбір қиындықтар туғызады. Себебі көпшілік процестер үзіліссіз болады, сондықтан әрбір өзгеріске байланысты үзіліссіз түрде жылдам шешім қабылдау алдыңғы қабылданған шешімнің нәтижесін  есепке алуға мүмкіндік  бермейді. Мұндай жағдайда туатын есептерді үзіліссіз динамикалық басқару процестері деп атайды.

Басқару процестерін қарастырғанда объектіге әсер етуші факторларды, олардың әсер ету мүмкіншіліктерін есепке алу қажет болады. Басқару процесіне әсер етуші сыртқы факторлардың жиынын  табиғи жағдай деп атайды.  Дұрыс шешім қабылдауда осы факторлардың әсерінің нәтижесі мен сол кездегі жағдайдың сипатын білу қажет.

Басқару есептерінде жиі кездесетін тағы бір жағдай - қажетті ақпараттың толық болмауы немесе ақпараттың әртүрлі факторлардың  әсерімен  бұзылуы.  Бірақ осындай жағдайға қарамастан шешім қабылдау қажет болады. Басқару есептерінің негізгі ерекшеліктері осында: нәтиже қабылданған шешімге байланысты нәтиженің тиімді болатындығына сенім болмағанына қарамастан  шешім қабылдаудың қажеттілігі.  Мұндай есеп белгісіздік (анықталмаған) жағдайда шешім қабылдау есебі деп аталынады.

14-нұсқа

Қазіргі кезде басқару ісінде математикалық аппарат пен компьютерлік техника кеңінен қолданылады. Олар негізінен басқару процесінде кездесетін әртүрлі есептерді жылдам шешу үшін, қажетті ақпараттарды тез және сапалы өңдеу үшін қолданылады. Олардың   қолданылуы математикалық модельдеу әдісін пайдалануды қажет етеді. Математикалық модельдеудің нәтижесінде кез келген есеп, оның ішінде басқару есебі,  математикалық есеп ретінде қарастырылады. Бұл есептердің басқа есептерден негізгі ерекшелігі – шешімдерінің өте көп болуы немесе басқаша айтқанда, олардың мүмкін шешімдерінің жиыны қарастырылады. Егер шешімдердің жиыны қарастырылатын болса, онда олардың ішінен ең тиімдісін таңдау туралы мәселе қойылуы тиіс.

Басқарудың мақсатына әртүрлі жолмен жетуге болатын болса, онда олардың ең тиімдісін таңдау үшін қосымша шарт қойылуға тиіс болады. Осындай шартты сан түрінде бағалауды қамтамасыз ететін математикалық  өрнекті басқару сапасының критерийі деп атайды. Осы критерийді қанағаттандыратын шешімді ең тиімді немесе оңтайлы шешім деп атайды.           Жалпы оңтайландыру критерийлерінің түрлері көптеп саналады. Оларды таңдау басқару жүйесін құрастырушыға  әрі есептің түріне байланысты болады. Критерийлердің жиі қарастырылатын түрлері типтік критерийлер деп қабылданып, техникалық тапсырмаларда бірден көрсетіледі. 

Көпшілік жағдайда оңтайлы шешім үшін критерийдің ең үлкен (максимум) немесе ең кіші  (минимум) мәні сәйкес болады. Мысалы, кәсіпорынды басқаруда  ең үлкен пайда беретін шешімді қабылдау немесе жүкті бір жерден екінші жерге жеткізуге жұмсалатын ең аз мөлшердегі шығын. 

15-нұсқа

Басқару процесіне әртүрлі шектеулер қойылады. Жалпы жағдайда ондай шектеулер екі түрге бөлінеді. Бірінші шектеулер табиғат заңдарына байланысты  болса, ал екінші түрге жататындары басқару жүйесінің өзіне байланысты болады. Бұл шектеулерді басқару жүйесінің параметрлерін байланыстыратын математикалық формулалар арқылы сипаттауға болады.

Басқару есебі математикалық есепке айналуы үшін оның математикалық моделі құрастырылуы тиіс немесе келесі математикалық өрнектердің жиыны анықталуы керек:

- басқару мақсаты мен басқару сапасының критерийі арқылы анықталған формула;

- математикалық теңдеулер мен теңсіздіктер арқылы сипатталған шектеулердің бірінші және екінші түрлері.

Барлық шектеулер мен басқару сапасының көрсеткішін қанағаттандыратын басқару есебінің шешімін оңтайлы басқару деп атайды.

Процестері басқарылатын жүйені басқару нысанасы (объектісі) деп атайды.  Басқару нысанасы ретінде жоғарыда аталған  жүйелерді қарастыруға болады. Осы аталған тізімнен басқару нысандарының әртүрлі болатынына және олардың  физикалық табиғаттарының ерекшеліктеріне көз жеткізуге болады. Бірақ осыған қарамастан, олардың басқару процестері бірдей заңдылықтарға бағынады. Осының арқасында басқару процесін математикалық сипаттаудың жалпы түрін қарастыруға болады. 

Басқару нысанын математикалық сипаттаудың негізгі мақсаты - оны зерттеу үшін  сандық әдістерді пайдалану. Сандық әдістердің  көмегімен басқару есебін шешуде компьютерлік техниканы қолдану мүмкіншілігі туады. Сондықтан кез келген процесті, оның ішінде басқару процесін, математикалық сипаттау үшін қарастырылатын нысананың математикалық моделі құрастырылуы тиіс. 

Тапсырмалар:

1)      Мәтіндегі түсініксіз сөздер мен сөз тіркестерінен сөздік (30) түзіңіз.

2)  Мәтіннен тұйық етістікте тұрған сөздерді теріп жазып, қай септікте тұрғанын анықтаңыз.Үлгі: өңдеуге – өңдеу, -ге – барыс септігі жалғауы.

          3)  Анықтауыштық қатынастағы сын есім+зат есім;  сан есім+зат есім болып келген сөз тіркестерін теріп жазып, мәтіннен өзгеше 5-6 сөйлем жазыңыз. Мыс: әртүрлі аспектілер, түрлендіретін жүйе

          4)  Мәтіннен бес сөйлем таңдап алып, оны сұраулық шылаулардың біреуі арқылы (ма, ме, ба, бе, па, пе) және сұрау есімдіктері арқылы (кім? не? қай? қайсы? қандай? қалай? қайда? қайдан? қашан? қанша? т.б.) сұраулы сөйлемге айналдырып жазыңыз (барлығы он сөйлем).  

5)  Мәтін бойынша сұрақтар дайындаңыз.

6)  Сөздіктің көмегімен мәтінді жазбаша аударыңыз.

16-нұсқа

Математикалық модельдерді құрастырудың жалпыға бірдей тәсілдері болмайды. Әрбір нақты жағдайда шешілетін басқару есебінің мақсаты мен шарттары модельді құрастыру үшін қолданылады.  Математикалық модельді құрастырудан бұрын зерттелінетін нысананың сипатына әсер етуші факторлар талдануға тиісті.  Бұл жерде әрбір фактордың процестің сипатындағы үлесі мен басқару нәтижесіне әсері анықталады.  Факторлардың жиынынан кейбір маңыздылары таңдап алынып, зерттелінетін процеске солардың ғана әсері  қарастырылады. Процеске әсері өте аз болатын факторлар модельде қарастырылмайды, басқаша айтқанда, қарастырылатын есеп оңай түрге келтіріледі.

Нысанаға әсер етуші факторларды таңдау кезінде алынатын  модель әртүрлі болуы мүмкін; оларды талдау арқылы таңдай білу сапалы модельді құрастыруға мүмкіндік береді.

Жоғарыда айтылғандай, басқару процесінде шешім қабылдау үшін пайдаланылатын есепті математикалық сипаттауды операцияларды зерттеу деп аталады.  Сондықтан болашақта операцияларды зерттеуде қолданылатын есептердегі математикалық модельдер қарастырылады. Бұл модельдерді шартты түрде екі топқа бөлуге болады:  аналитикалық және статистикалық модельдер.

Аналитикалық модельдер көбінесе есептің негізгі параметрлерін байланыстыратын аналитикалық (формулалық) өрнектерден тұрады. Аналитикалық өрнектерге алгебралық теңдеулер немесе олардың жүйелері, дифференциалдық теңдеулер мен олардың жүйелері, теңсіздіктер жүйелері, интегралдар және т.б. жатады. Аналитикалық модельдердің  маңыздылығы – олар арқылы қойылған математикалық есептердің шешімдері зерттелетін құбылыстың негізгі заңдылықтарын айқын көрсетіп, талдау жасауға ыңғайлы болуы. Бұл модельдердің әлсіз жері - оларды құрастыруда, есепті өте қарапайым түрге келтіру мақсатымен есептің шешіміне әсер етуші көпшілік факторларды есепке алмау. 

Статистикалық модельдер факторлардың көпшілігін есепке алуды қамтамасыз етеді;  бұл, әрине, аналитикалық модельдермен салыстырғандағы  артықшылығы. Бірақ статистикалық  модельдеудің нәтижесі талдау жасауда кейбір қиындықтар туғызады. Сондықтан іс жүзінде осы екі модельдеу әдісі бірге қолданылады. 

17-нұсқа

Басқару процесін математикалық модельдеу операцияларды зерттеу есебінің математикалық қойылуын қамтамасыз етеді. 

Белгілі бір операция немесе басқарылатын іс-шара қарастырылсын делік. Операцияның тиімділігі белгілі бір сандық критериймен немесе F көрсеткішпен сипатталады. Осы шаманың экстремум мәні (максимум немесе минимум) басқару есебінің оңтайлы шешімін анықтайды. Есептің математикалық моделі құрастырылып, басқару процесін сипаттайтын параметрлерге қойылатын шектеулер анықталады. Басқару процесін сипаттайтын параметрлер x1, x2, x3, ..., xn  деп белгіленеді. Осы параметрлердің кез келген мәндерінің жиыны есептің үйлесімді шешімі деп аталады. Шектеулерді қанағаттандыратын шешімдердің жиынын есептің үйлесімді  шешімдерінің облысы деп атайды. Ал оңтайландыру шартын қанағаттандыратын шешімді оңтайлы шешім деп атайды.

Сонымен, оңтайлы басқару есебінің жалпы қойылуын келесі түрде құрастыруға болады: есептің үйлесімді шешімдерінің облысынан барлық шектеулер мен оңтайландыру шарттарын (критерийлерін)  қанағаттандыратын  шешімін табу керек.

Математикада мұндай есепті экстремум есебі немесе вариациялық есеп деп атайды. Жоғарыда аталынған экстремум есептерін шешуге арналған әдістер математика пәнінде қарастырылған. Бірақ басқару есептерінде кездесетін экстремум есептерінің кейбір ерекшеліктері бар және олардың көпшілігі үшін жалпы әдістер жоқ. Сондықтан олардың әрбір түрін шешу үшін арнайы әдістер қарастырылған.

Басқару есептерінің көпшілігін математикалық модельдеу нәтижесінде алынатын математикалық есептерді математикалық бағдарламмалау есептері деп атайды. «Бағдарламалау» деген термин басқару есебін жоспарлау деген мағынадан туған.

18-нұсқа

Қазіргі кезде математикалық модельдеу әдісі барлық дерлік ғылым салаларында пайдаланылатыны белгілі. Басқару ісімен айналысатын ғылым саласы да бұл мәселеде шет қалмаған. Осының арқасында басқару ісінде кездесетін көптеген проблемалар математикалық модельдеудің арқасында математикалық есеп ретінде қарастырылады.

Кез келген басқару есебінің шешіміне көптеген ішкі және сыртқы факторлар әсер етеді. Есептің шешіміне әсер етуші факторлар талданып, олардың ең бастылары таңдалып алынады. Бұл жерде есепті сипаттайтын негізгі параметрлер анықталып, олар белгіленеді немесе оларға аттар (идентификаторлар) беріледі. Мұндай процесті есептің параметрлерін идентификациялау деп атайды. Есепте қарастырылатын мәселеге байланысты заңдылықтардың негізінде осы таңдап алынған  параметрлердің арасындағы функционалдық байланыстар анықталып, белгілі бір математикалық формулалар жиыны құрастырылады. Ол формулалар жиынына алгебралық немесе дифференциалдық теңдеулер мен олардың жүйелері, интегралдар, функциялар мен функционалдар, теңсіздіктер мен олардың жүйелері және  т.б. математикалық өрнектер енуі енгізіледі.

Математикалық модельдеу процесін басқару ісінде кездесетін есептерге пайдалануды түсіндіру үшін математика пәнінде жиі келтірілетін,  көпшілікке белгілі келесі классикалық есеп қарастырсақ: жақтары a-ға тең квадрат қаңылтырдан үсті ашық  көлемі ең үлкен  жәшік жасалуы керек.  Бұл жәшікті жасау үшін қаңылтырдың бұрыштарындағы шеттерінен жақтарының ұзындығы x болатын квадраттар кесіледі. Осыдан алынатын жәшіктің көлемі келесі формуламен анықталатыны белгілі: V=x(a-2x)2. Осы қарапайым формула берілген есептің математикалық моделін құрайды. Осы жерде қойылған еесептің шарты бойынша, мынадай шешім қабылдау туралы есеп пайда болады: жәшіктің көлемі ең үлкен болуы тиіс. Басқару шешімін қабылдау үшін келесі математикалық есепті шешу керек болады: берілген V=V(x) функциясының ең үлкен мәніне сәйкес аргумент x-тің мәнін табу керек.

19-нұсқа

Математикалық модельдеу барысында алынатын математикалық формулалардың барлығы сызықтық болса немесе онда кездесетін функциялардағы, теңдеулер мен теңсіздіктердегі, басқа формулалардағы параметрлер тек бірінші дәрежеде болса, ондай есептерді сызықтық бағдарламалау есептері деп атайды. Ал егер осы формулалардың ең болмағанда бірінде бір параметрдің дәрежесі бірге тең емес жағдай кездесетін болса, онда оны сызықтық емес бағдарламмалау есебі деп атайды. Егер есепті белгілі бір кезеңдерге (уақыт бойынша немесе басқа қағида бойынша) бөліп қарастыратын  болса, ондай есепті динамикалық бағдарламалау есебі деп атайды. Іс жүзінде мұндай есептердің басқа да модельдері (түрлері) қарастырылады.

Математикалық бағдарламалау есептерін құрастырғанда, оған келтірілетін есептерді құрастыруға қажетті мәліметтердің барлығы алдын ала белгілі деп есептеледі және шешім қабылдау  кездейсоқ  оқиғаларға тәуелді болмайды деп саналады. Жоғарыда айтылғандай, кейде басқару  шешімін белгісіздік жағдайларда, табиғи немесе техногендік кездейсоқ   оқиғаларға байланысты  кездерде қабылдау керек болады. Мұндай есептер ықтималдықтар теориясын, статистикалық және ойын  модельдерін пайдалануды қажет етеді.

Белгісіздік жағдайларда немесе қажетті ақпараттар толық болмағанда, қабылданатын шешімнің негізгі сипаты мен сапасы оның  нәтижесінің ықтималдылығының деңгейімен бағаланады.

«Басқару модельдері мен әдістері» пәнінің негізгі мазмұны осы модельдер мен олардың негізінде қойылатын математикалық есептерді шешудің әдістерін қарастырумен байланысты.

20-нұсқа

Математикалық модельдеу әдістері ғылымның көптеген салаларында кеңінен пайдаланылады және өте жақсы нәтижелерге жеткізеді. Көпшілік жағдайда басқа әдістермен (эксперимент, статистика, физикалық модельдеу және т.б.) салыстырғанда математикалық модельдеуге жұмсалынатын шығын аз болады, ал  кейбір зерттеу жұмыстарында  тек математикалық модельдеу әдістері ғана  қолданылатын  жағдайлар жиі кездеседі. Осындай жұмыстардың қатарына басқару ісін де жатқызуға болады. Математикалық модельдеу әдісі адам зердесін, ақпараттық және компьютерлік технологияларды ғана пайдалауды қажет етуі мүмкін. Математикалық модельдеу әдістерін пайдалану  ғылымның әртүрлі жаңа салаларының пайда болуына келтірді, мысалы, математикалық физика, математикалық экономика, математикалық статистика, математикалық бағдарламалау және т.б.

Математикалық модельдің күрделі болуы және оның негізінде қойылатын математикалық есеп зерттелінетін объектінің күрделілігіне байланысты болады.  Кез келген объектінің моделін әртүрлі деңгейде құрастыруға болады. Математикалық модельді құрастырудың негізгі мақсаты – күрделі есептің шешу процесін жеңілдету мақсатында шешуге болатындай математикалық есеп алу. Осы мақсат үшін есептің шешіміне әсер етуші факторлар талданылады;  әсері аз факторлар ескерілмей, ең басты факторлар таңдалып алынады.

 Математикалық модельді құрастыру кезінде, әсіресе әсер етуші факторларды талдау кезінде, өте мұқият болған жөн. Себебі математикалық модельдің сапасы осыған байланысты болады. Ешбір математикалық модель есепті толығымен сипаттай алмайды, ескерілетін факторлардың құрамына  байланысты әртүрлі математикалық модельді алуға болады.

Тапсырмалар:

1)  Мәтіндегі түсініксіз сөздер мен сөзтіркестерінен сөздік (30) түзіңіз.

          2)  Сөздіктің көмегімен мәтінді аударыңыз.

3)  Мәтіннің қысқаша мазмұнын 5-6 сөйлеммен өз сөзіңізбен жазыңыз.

          4)  Мәтіннен бес сөйлем таңдап алып, оны сұраулық шылаулардың біреуі арқылы (ма, ме, ба, бе, па, пе) және сұрау есімдіктері арқылы (кім? не? қай? қайсы? қандай? қалай? қайда? қайдан? қашан? қанша?.

          5)  Сияқты, тәрізді, арқылы, үшін шылауларын қатыстырып, мәтіндегіден өзгеше  сөйлем құрастырыңыз. 

          6)  Мәтін бойынша сұрақтар дайындаңыз.

21-нұсқа

Есептеу техникасы мен математикалық әдістерді кез келген облыста пайдалану үшін, әсіресе басқару ісінде, зерттелетін құбылыстың математикалық моделін құрастыру қажет. 

Құбылыстың математикалық моделі оны сипаттайтын негізгі параметрлердің арасындағы математикалық байланыстардың  (теңдеулердің, теңсіздіктердің, интегралдардың және басқа формулалардың)   жиыны ретінде қарастырылады. Математикалық модель есептің берілген шарттары мен мақсатына сәйкес математикалық есеп қоюға мүмкіншілік береді.

Математикалық модель құрастыруда алғашқы қарастырылатын мәселеде қандай факторларды есепке алу қажеттігі және қандай параметрлер негізгі деп есептеліп, олардың арасындағы байланыстарды анықтау керек болады. Математикалық модель құрастыру есепті шешудің кезеңдерінің ең маңыздысы   болып табылады. Себебі сапалы модель - құбылысты зерттеудің табысты болуының кепілі.    

Есептердің математикалық модельдерін құрастыру процесі түсінікті болуы үшін төменде әртүрлі саладан бірнеше практикалық есептер қарастырылған.  Бұл есептерге ортақ ерекшелік – берілген есептің шарттарына байланысты теңдеулер мен теңсіздіктер түріндегі шектемелерді құрастыру және мақсат функциясы мен ең жақсы шешім табудың шартын (критерийін) анықтау. Қарастырылатын есептердің математикалық модельдерінің арқасында қойылатын математикалық есептер функцияның экстремум мәндерін табуға арналған вариациалық есептер класына жатады. Жоғарыда осындай есептерді математикалық бағдарламалау есептері деп аталған болатын.

Тапсырмалар:

1)    Мәтіндегі түсініксіз сөздер мен сөз тіркестерінен сөздік (30)  түзіңіз.

          2)  Мәтіннен тұйық етістікте тұрған сөздерді теріп жазып, қай септікте тұрғанын анықтаңыз.Үлгі: өңдеуге – өңдеу, -ге – барыс септігі жалғауы.

          3)  Анықтауыштық қатынастағы сын есім+зат есім;  сан есім+зат есім болып келген сөз тіркестерін теріп жазып, мәтіннен өзгеше 5-6 сөйлем жазыңыз. Мыс: әртүрлі аспектілер, түрлендіретін жүйе

          4)  Мәтіннен бес сөйлем таңдап алып, оны сұраулық шылаулардың біреуі арқылы (ма, ме, ба, бе, па, пе) және сұрау есімдіктері арқылы (кім? не? қай? қайсы? қандай? қалай? қайда? қайдан? қашан? қанша? т.б.) сұраулы сөйлемге айналдырып жазыңыз (барлығы он сөйлем).  

5)  Мәтін бойынша сұрақтар дайындаңыз.

6)  Сөздіктің көмегімен мәтінді жазбаша аударыңыз.

22-нұсқа

Сызықтық емес бағдарламалау есептерін шешуде көптеген қиындықтар кездеседі, себебі оның математикалық теориясы жеткілікті дамымаған. Жалпы, сызықтық емес модельдерді қарастырғанда, теориялық қиындықтармен қатар, іс жүзінде пайдалануда да әртүрлі есептерді шешуді жеңілдету шараларын қарастыру қажет болады.

Бұл мәселе тек басқару ісінде кездесетін математикалық есептер үшін ғана тән емес. Мұндай қиындық көптеген ғылым салаларында да кездеседі. Осындай қиындықтан құтылу мақсатымен қарапайым, шешуге жеңіл сызықтық модельдер қарастырылады немесе есепті жеңілетудің әртүрлі әдістері қолданылады. Осыған байланысты математикалық модельдеу әдістерін  пайдаланушылар көбінесе есептердің  шешімін табуға болатын жеңілдетілген сызықтық  модельдерді қарастыруға мүдделі.

Сызықтық емес бағдарламалау есептерінің ішінде көбірек зерттелінген есептердің қатарына дөңес бағдарламалау есептері жатады. Бұл есептерде дөңес функцияның минимумы немесе ойыс функцияның максимумы берілген дөңес шектелген үйлесімді шешімдер облысынан ізделінеді. Осы дөңес бағдарламалау есептерінің ішіндегі ең  тереңірек зерттелінгені – квадратты бағдарламалау есептері.  Мұнда мақсат функциясы квадратты функция түрінде болады, ал шектеулер жүйесі сызықтық теңдеулер мен теңсіздіктермен анықталады.

Математикалық бағдарламалау есептерінің басқа да жеке түрлері қарастырылады. Мысалы, параметрлік бағдарламалау, бөлшекті-сызықтық бағдарламалау және стохастикалық бағдарламалау есептері. Егер есептің параметрлерінің өзгеру облыстарында кездейсоқ шамалар болса, ондай есептерді стохастикалық бағдарламалау есептері деп атайды.

23-нұсқа

Enterprise Resource Planning (ERP) әдістемесі, яғни мекеме ресурстарын жоспарлау – мекемелердің материалдарға қажеттілігін жоспарлауды қамтамасыз ететін Material Requirement Planning (MRP) тұжырымдамасынан бастау алатын бірізді дамудың нәтижесі болып табылады.

MRP-нің артықшылығы жинақтаушылардың, жартылай фабрикаттардың немесе  шикізаттың қоймалық қорларының, сонымен қатар өндірістің тікелей басқа да салаларында кездесетін осыған ұқсас қорларының шығындарын азайтуда болып табылады. Осы тұжырымдаманың негізінде Bill Of Material(BOM) түсінігі жатыр, яғни мекеме үшін шикізатқа, жинақтаушыларға, жартылай фабрикаттарға және т.б. ішкі сұраныстың дайын өнімді шығару жоспарына (іске асыру бюджеті) тәуелділігін көрсететін өнімнің құжаты болып табылады. Осы кезде уақыт факторы өте маңызды рөл атқарады, сондықтан материалдардың уақтылы жеткізілмеуі дайын өнімді шығару жоспарының орындалмауына әкеп соқтыруы мүмкін.

MRP тұжырымдамасының мекемеде іске асырылуын жақтайтын ақпараттық жүйеге өндірістік үрдістердің уақыттық тәуелділігін есептеу үшін дайын өнімді шығару технологиясын(технологиялық тізбек), яғни технологиялық операциялардың тізбектілігі мен ұзақтығын  білу қажет. Дайын өнім шығару, BOM және технологиялық тізбектің жоспарлары негізінде MRP-жүйесінде сол немесе басқа да технологиялық операциялардың нақты орындалу мерзімдеріне тәуелділікте материалдық қажеттіліктерге есептеу жүргізіледі.

Бірақ MRP әдістемесінің едәуір кемшілігі бар. Материалдық қажеттілікті есептеуде өндірістік қуаттардың өтелімі мен жүктемесі, жұмысшы күшінің құны, тұтынылған энергия және т.б. ескерілмейді. Сондықтан MRP-ні логикалық түрде дамыту үшін қысқаша атауы MRPII болып келетін Manufacturing Resourse Planning тұжырымдамасы өңделген болатын (өндірістік ресурстардың жоспарлануы). MRPII жүйесінде мекеменің барлық өндірістік ресурстарын: шикізат, жинақтаушылар, материалдар, жабдықтар, адам ресурстары, тұтынылатын энергияның барлық түрлері және т.б. жоспарлауға болады.

          MRPII-ге мекеменің басқа да шығындарын есепке алу мен оларды басқару мүмкіндіктері де біртіндеп енгізілді. Осылайша кейде Enterprise-wide Resource Planning (ресурстарды мекеме көлемінде жоспарлау) деп те аталып жүрген ERP тұжырымдамасы пайда болды. ERP әдістемесінің негізінде жұмыскерді басқару туралы, өндіріс және тағы да басқалар туралы мәліметтер мен қаржылық ақпараттарды, сонымен бірге бизнесті жүргізу үрдісінде мекеменің жинаған барлық іскерлік ақпараттарын қамтитын мәліметтерді бірлік түрде сақтау (repository) принципі жатыр. Бұл дегеніміз мәліметтерді бір ақпараттық жүйеден екінші жүйеге тасымалдау қажеттілігін шектеп, жоспарлаудың, үлгілеудің және сараптаудың қосымша мүмкіндіктерін туғызады. Бұдан басқа, сәйкес өкілдікке ие болған барлық жұмысшылар дәл осы мекеме орнатқан ақпараттың кез-келген бөлігіне біруақытта қол жеткізе алады.

24-нұсқа

CALS-технологиялары өндірістік автоматтандырылған жүйелерді біртұтас көп функционалды жүйеге интегралдау құралы ретінде қызмет көрсетуге арналған. Жобалау және басқарудың автоматтандырылған жүйелерін интеграциялау мақсаты күрделі техниканы құрастыру және қолдану тиімділігін арттыру болып табылады. Тиімділіктің артуы немен өрнектеледі?

Біріншіден, жобалау және басқару шешімдерін қабылдау кезінде бар ақпаратты толықтай есепке алу арқасында бұйымның сапасы артады. Егер ШҚТ (шешім қабылдаушы тұлға) және сәйкес АСУП программаларының жедел рұқсаты тек АСУП мәліметтер қорына ғана емес, басқа да автоматтандырылған жүйелердің мәліметтер қорына (САПР, АСТПП және АСУТП) болса, кәсіпорынды басқаруды автоматтандырылған жүйе қабылдаған шешімдердің дәлдігі жоғарылайды, демек, жұмыс жоспарларын, сұраныс мазмұнын, орындаушыларды таратуды, қаржыларды бөлуді оптимизациялауы мүмкін.

Екіншіден, өнімді дайындауға және жобалауға кететін уақыт және заттық шығындар қысқарады. CALS-технологиясын қолдану, жобалау жұмыстарының көлемін айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді, себебі компоненттер мен құрылғылардың, құрылғының көптеген құрама бөлшектерінің, машина мен жүйелердің  бұрынғы жасалған сәтті өңдеулерінің сипаттамалары CALS-технологиясының кез-келген қолданушысына қолжетімді, жүйелік серверлердің мәліметтер қорында сақталады.

Үшіншіден, интеграцияланған логистикалық қолдаудың функциясын іске асырудың арқасында, пайдалануға деген шығындар айтарлықтай төмендейді. Жөндеуге жарамдылық мәселесін шешу айтарлықтай жеңілдейді, себебі әр түрлі орта мен жүйе түрлеріне өнімнің интеграциясы (кірігулері), эксплуатацияның (пайдаланудың) құбылмалы шарттарына (жағдайларына) бейімделуі (адаптациясы) болады. Мәліметтер интеграциясының бұл артықшылықтары қазіргі заманғы CALS-технологияларының қолданылуымен жеткізіледі. Өнеркәсіптік автоматтандырылған жүйелер автономды түрде жұмыс істеуі мүмкін, және қазіргі уақытта әдетте осылай болып тұрады.

Өнеркәсіптік автоматтандырылған жүйелердің өзара әрекеттесуінің тиісті деңгейіне жету үшін кәсіпорындарды біріктіру шеңберінде (әдетте, бұл өте маңызды), сондай-ақ бөлек кәсіпорындардың шеңберіндегі біртұтас ақпараттық  кеңістікті құру керек. Біртұтас ақпараттық кеңістік өмірлік циклінің әр түрлі кезеңдеріндегі белгілі бір өнімдер туралы ақпарат мазмұнының, сондай-ақ формасының даралануы арқасында қамтамасыз етіледі.

Форманың даралануы программааралық айырбасудағы және құжаттаудағы ақпаратты ұсыну тілдерінің және стандартты форматтардың (қалыптардың) қолданылуымен орындалады. Нақты өнімнің өмірлік циклінің барлық кезеңдерінде, сол өнім туралы мәліметтердің бірмәнді дұрыс түсіндірмесі ретінде түсінуге болатын мазмұнның даралануы CALS қолданбалы хаттамаларында бекiтiлетiн қосымшалардың онтологиясын (метасипаттарын) құруымен қамтамасыз етiледi. Белгілі бір пәндiк аймақтардағы атрибуттар және қатынастардың, тiзiмдер және маңыздар атауларының даралануы CALS-кеңiстiгіндегі өнімнің бiртұтас электрондық сипаттамасы үшiн негiз болып табылады

25-нұсқа

 Өнімнің өмірлік циклі (ӨӨЦ) бірнеше кезеңдерден тұрады. Бұл кезеңдерге жаңа өнім туралы идеяның тууынан бастап, оның қолданылу мерзімі аяқталған кездегі тазартуына дейінгі кезеңдер жатады. Атап айтқанда, оған маркетингтік зерттеулер, жобалау, өндiрiстiң технологиялық дайындауы (ӨТД), өз кезегінде өндіріс, сатылғаннан кейiнгі өнiмнiң қызмет етуі және пайдалануы, тазартулары деген кезеңдер жатады. Өмірлік циклінің барлық кезеңдерінде өзінің мақсаттық орнатулары болады. Сонымен бірге өмірлік циклінің қатысушылары өздерінің қойылған мақсаттарына қалайда жоғарғы тиімділікпен жетуге ұмтылады. Тиімділіктің ұғымы жобалау мен өндiрiс мерзiмдерiн қысқартуын және өнiмнiң өзiндiк құнының төмендеуiн ғана емес, сондай-ақ өнімнің болашақтағы пайдалануына кететін шығындардың төмендеуінің және игеруінiң ыңғайлығын қамтамасыз етуді қамтиды. Пайдаланудың ыңғайлығын талап етуінің ерекше маңыздылығы, әдетте күрделі техника үшін, мысалы, әуе және автомобиль шығару салалары үшін орын алады.

Жобалаудың автоматизациясы САПР (АЖЖ)-автоматтандырылған жобалау жүйесімен жүзеге асады. Машина жасау өнеркәсiптік салаларының автоматты жобалау жүйелерінде (АЖЖ) функционалдық, конструкторлық және техникалық жобалау жүйелерінің бөлінуі қабылданған. Олардың ішінен алғашқылары инженерлік талдау және есептеу жүйелері немесе САЕ (Computer Aided Engineering) жүйелері деп аталады. Ал конструкторлық жобалау жүйелері CAD - (Computer Aided Design) жүйелері деп аталады. Технологиялық үдерiстердiң жобалауы CAM (Computer Aided Manufacturing) жүйесiндегi құрама бөлiм ретінде болатын өндiрiстiң технологиялық дайындауының  автоматтандырылған жүйелерiнде (ӨТДАЖ) орындалады.

CAE/CAD/CAM жүйелер жұмысының үйлестiруінің, жобалық мәлiметтердiң және жобалауды басқаруының, әр түрлі мақсаттағы АЖЖ компоненттерiнiң бiрлескен жұмыс жасауының мәселелерiн шешу үшін  жобалық мәлiметтерді басқару жүйелері деп аталатын PDM (Product Data Management) жүйелері құрылады. PDM жүйелері не нақты АЖЖ модулдер құрамына кiредi, не оның дербес мәнi болады және олар әртүрлi АЖЖ-мен бiрлесiп жұмыс iстей алады.

Өмірлік циклінің кезеңдерiнiң көпшiлiгiнде, бастапқы материалдар және компоненттердiң кәсiпорын-жабдықтаушыларын анықтауынан бастап өнiмдердi сатуымен аяқтағанда жабдықтаулар тiзбегін басқару жүйесiнiң – Supply Chain Management (SCM) қызметтерi қажет болады. Жабдықтаулар тізбегін басқару деп ең төменгi шығындары бар заттық ағынның алға басуын түсінуге болады. Өндiрiсті жоспарлау кезінде SCM жүйесi өнiмнiң орнын анықтау стратегиясын басқарады. Автоматтандырылған жүйелердiң программа-ақпараттық құралдарын шығаруымен айналысатын көпшілік компаниялардың күштерi соңғы кезде электрондық кәсiпкерлiк жүйелерiн (E-commerce) жасауына бағытталған. E-commerce жүйесімен шешілетін мәселелер тауарлар мен қызметтердi Интернет витриналарының сайттарында ұйымдастыруға ғана апармайды. Олар жобалау, жасау, тапсырыс берiлген өнімдердің  жабдықтаулары бойынша сол немесе басқа іс-шараларды мен операцияларды орындауында және әр түрлi қызметтерін ұсынуында мамандандырылатын ұйымдардың көпшілігінің мүмкiндiктерi туралы мәлiметтерді және тапсырыс берушiлердiң сұрауын  бiртұтас ақпараттық кеңiстiкте бiріктiредi. Интернет технологияларын қолданып, көптеген кәсiпорын-серіктестіктердің жұмысының үйлестiруi CPC (Collaborative Product Commerce) интеграцияланған ақпараттық кеңiстiгiндегі мәлiметтермен басқару жүйелерi деп аталатын E-commerce жүйелеріне тапсырылады. Өнеркәсiптегi басқарудың, кез келген күрделi жүйелердегі сияқты, иерархиялық құрылымы болады. Басқарудың жалпы құрылымында 7.2 суретінде көрсетілгендей, бірнеше иерархиялық деңгейлерді ерекшелеуге болады. Әр түрлі деңгейдегі басқарудың автоматизациясы басқарудың автоматтандырылған жүйесімен (БАЖ) жүзеге асады.

Әдебиеттер тізімі

1.      Ибраева Л.Қ., Сүйебаева Л.Б. Ақпараттану. Дәрістер жинағы (мамандықтардың барлық оқыту түрлерінің студенттері үшін).- Алматы: АЭжБИ, 2006.- 40 б.

2.      Құралбаев З. Қ. Басқарудың модельдері мен әдістері. Оқу құралы.- Алматы: АЭжБУ, 2010.-30 бет.

3. Құралбаев З. Қ.  «Ақпараттық жүйелердің негіздері». Алматы: АЭжБИ, 2009. -  76 б

4. Джумагалиев Б.С. Ақпараттық-басқарушы жүйелер. – Алматы: АЭжБУ, 2011 – 66 б.

 5. Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздік. Радиотехника, электроника және байланыс, 6-том.- Алматы, 2000.

Мазмұны

1.1-нұсқа

2.2-нұсқа

3.3-нұсқа

4.4-нұсқа

5.5-нұсқа

6.6-нұсқа

7.7-нұсқа

8.8-нұсқа

9.9-нұсқа

10.10-нұсқа

11.11-нұсқа

12.12-нұсқа

13.13-нұсқа

14.14-нұсқа

15.15-нұсқа

16.16-нұсқа

17.17-нұсқа

18.18-нұсқа

19.19-нұсқа

20.20-нұсқа

21.21-нұсқа

22.22-нұсқа

23.23-нұсқа

24.24-нұсқа

25.25-нұсқа

26.Әдебиеттер тізімі