Коммерциялық емес акционерлік қоғам

АЛМАТЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ БАЙЛАНЫС ИНСТИТУТЫ

Әлеуметтік пәндер кафедрасы  

 

ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫ

Дәрістер жинағы

 

 

Алматы 2009 

Редакциясын басқарған Джагфаров Н.Р.

ҚҰРАСТЫРУШЫЛАР: М.Д. Жұмағұлов, Б.Ж.Қабдөшев. Қазақстан тарихы. Барлық мамандықтар бойынша оқитын күндізгі және сырттай оқу түрінің студенттеріне арналған дәрістер жинағы. – Алматы: АЭжБИ, 2009. – 45 б.

Ұсынылған жұмыс Қазақстан тарихы бойынша дәрістер жинағынан тұрады.

  

Алғы сөз 

Ұсынылып отырған дәрістер курсы типтік бағдарламалар негізінде құрастырылып, ішкі және сырттай оқитын барлық факультеттердің студенттеріне арналған әрі «Электрондық кітапханада» қолдануға бағытталған.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бері отандық тарихымызға арналған көптеген оқулықтар, жинақтар және зерттеу еңбектер, түрлі әдістемелік құралдар жарық көрді. Бұл бай ақпараттар, тың деректер жаңа көзқарастарды тудырып, көптеген оқиғаларды қайта қарауға мәжбүр етуде. Аталған күрделі құбылыстардың барлығы студенттердің Қазақстан тарихын өз бетінше оқып-игеруіне, әсіресе сырттай бөлімде оқитын студенттерге қиындық тудырады. Ендеше бұл ұсынылып көмекші құрал студенттерге отандық тарихымыздың қайшылықты бағыттарын айқындап беретін дәрістер жинағы болмақшы. Жинақ бүгінге дейін жинақталған материалдарды ой сүзгісінен өткізіп, тарихи оқиғалар мен құбылыстарды салыстырып жазған 12 дәрістен тұрады.

Дәріске берілетін тәртіп бойынша көлемі шектеулі болғандықтан, кей оқиғалардың мазмұны қысқаша сипатталып, бағасы мен қорытындысы жасалады. Жалпы оқиғаны бүге-шегесіне дейін зерделеуді қосымша көрсетілген деректер немесе  әдебиеттер негізінде жүзеге асыруға болады.

Дәрістер жинағын профессор Н.Р.Джагфаровтың басшылық жасауымен авторлық ұжым дайындады. №1, 2, 3, 4, 5, 6 дәрістер жинағын Б.Ж.Кабдушев, № 7, 8, 9, 10, 11, 12 – дәрістерді М.Д.Жұмағұлов жазды. Дәрістер жинағына айтылатын талап-тілектеріңіз болса, алдын ала рахметімізді айтамыз. 

 

№1 дәріс. Кіріспе

 

Дәрістің мазмұны: Қазақстан тарихын ғылым ретінде қарастырып, деректік негіздері, зерттелуі жөнінде жалпы түсінік беріледі.

Дәрістің мақсаты: студенттерге Қазақстан тарихы курсы пәні, міндеттері, Қазақстан тарихы курсының жас ұрпақты тәрбиелеу мен оқытудағы орны мен маңызы және оны зерттеу әдістері жөнінде білім беру.

 

1. Тарих дегеніміз адамзаттың пайда болғаннан бергі өткен өмірін заттай және жазбаша деректері арқылы зерттейтін ғылым. Яғни, тарих адамзат қоғамының шығуы, дамуы мен бүгінгі күнге дейінгі өркендеу кезеңдерін танып зерттейді. Өткен өмірімізді зерделеу негізінде кешегі оқиғалардың түп-тамыры мен себеп - салдарының байланысы ашылады, өткені жаңғыртылады. Кешегі оқиғалар тәлімі қазіргі өмірімізге сабақ болады, болашағымыздың даму жолы айқындалады. Сондықтан өткен тарихымыз бен бүгінгі өміріміз бір-бірімен тығыз байланыстағы қоғамымыздың эволюциялық даму кезеңдері болып табылатындықтан, оның алдағы даму бағытын болжауға мүмкіндік береді.

 Отан тарихы жалпы тарихтың ажырамас саласы ретінде бар тарихи заңдылықтарға сүйеніп, дүниежүзілік тарихи процестермен бірге дамиды. Қазақстан тарихы Түрік халықтары мен мемлекеттерінің және Ресей империясының тарихы мен КСРО тарихы шеңберінде қарастырылады.

Қазақстан тарихы пәні қазақ халқының қалыптасуы, мемлекеттік-құқықтық жүйелердің, шаруашылығының, мәдениетінің, қоғамдық және әлеуметтік қатынастардың әр кезеңдегі дамуын зерттейтін ғылым болып табылады.

         Курстың негізгі мақсаты – қазақ халқының көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихына қысқаша шолу жасау. Бүгінгі таңда Қазақстан тарихы ғылымының алдында бірқатар мақсаттар бар: тарихты объективті және ғылыми тұрғыдан зерттеу, қазақ халқының шынайы тарихын қалпына келтіру, идеологиялық қысымдардан (догмалардан) тазарту, отандық тарихымызды көпшілікке танытып, ұрпақ тәрбиелеу, қазақстан халқын отансүйгіштікке үндеу,  т.б. болып табылады.

2. Біздің заманымыздан бұрынғы 800 мың жылдықта Қазақстан жерінде алғаш адамдар мекендеген дәуір. Бұл кезде еңбек құралдары тастардан жасалып, оны игерудің түрлі технологиялық әдістері қолданылған. Қиын өңделетін тастар бірте-бірте тұрмыста, шаруашылыққа пайдаланылды, тас балталар, кетпендер, келілер, дән үккіштер, келсаптар жасала бастады. Ежелгі қазақ жеріндегі тайпалар аңшылықпен, балық аулаумен, өсімдіктерді жинаумен шұғылданған. Кейініректе олар мал өсірумен, егіншілікпен және кен өнеркәсібімен айналыса бастады.

Алғашқы адамдардың осындай тіршілігіне қатысты Қазақстан тарихының деректерін үш түрге бөлу тәртібі қалыптасқан: археологиялық немесе заттай, ауызша және жазбаша деректер. Археологиялық деректерге адамдардың тұрақтары, молалары мен күрделі құрылыстар, адамдардың тіршілігімен байланысты материалдық қазбалар жатады. Оған еңбек құралдары, соғыс қарулары, ыдыс-аяқтар, киім-кешектер, әшекейлер тіпті тұрақтардың күрделі құрылысы, қорғандар да кіреді. Мысалы: Тамғалы, Арқайым ескерткіштері, Есік, Бесшатыр, Берел қорғандары, Білге қаған, Тоныкөк жазба ескерткіштері, Арқайым, Суяб, Талғар, Отырар т.б. қалалары.

Ауызша деректер ауызша сақталып жеткен эпикалық шығармалар, аңыздар, мақал-мәтелдер, әдет-ғұрыптар, құқықтық әдет нормалары саналып, қазақ этносының мәдени және тарихи даму ерекшеліктерін ашуға көмегін береді. Мысалы: «Ер Төстік», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын батыр», эпостары, «Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» заңдары және т.б.

Жазбаша деректер кейінірек жазудың шығуымен қалыптасты және тарихтың даму кезеңдеріне байланысты бірнеше түрлерге бөле беруге болады. Қазақстан тарихы бойынша көне жазба деректерге парсы патшаларының клинопистік жазба ескерткіштері, қытай тарихшыларының хроникалары және грек рим авторларының  шығармалары жатады.

Қазақстандағы орта ғасырлық түркі және моңғол мемлекеттерінің тарихы түрік, иран, византия, араб жазба деректерінде бейнеленген.

Қазақ хандығының құрылуы мен дамуы қазақ тарихшылары Мұхамед Хайдар Дулати және Қадырғали Жалайридың шығармаларында, орыс жылнамаларында және европалық авторлардың еңбектерінде көрініс тапқан. Ресей империясының Қазақстанды отарлау тарихы Ш.Ш.Уәлиханов, М.С.Бабажановтың сондай-ақ бірқатар орыс зерттеушілері А.Левшин, В.Бичурин, В.Веляминов Зернов, В.В.Радлов т.б. деректік еңбектері арқылы ашылады. Жазбаша деректердің маңызды бір түрі мемлекеттің түрлі ресми құжаттары, заңдары, ресми тұлғалардың жазбалары Қазақстан тарихының бүгінге дейінгі даму тарихын айқындауға септігін тигізеді.

3. Тарихнама  (тарихты жазу) мәселесі тарихты кәсіби зерттеушілердің жариялаған еңбектері негізіндегі ғылыми даму деңгейін қарастырады. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында тарих ғылым ретінде қалыптасып, дамыды. Арнайы тарихи тақырыптар бойынша зерттеу еңбектері жарық көре бастады. ХІХ ғасырларда алғаш тарихи еңбектер жазған Ш.Ш.Уәлихановты, В.В.Радлов, А.Левшинді айтуға болады. ХХ ғасырдың басында Қазақстан тарихын зерттеуге В.В.Бартольд, А.Чулошников, М.Е.Массон, М.П.Грязнов т.б. өз үлестерін қосты.

Кеңес дәуірінде идеологиялық қысымға қарамастан отандық тарих мәселелерін объективті зерттеуге ат салысқан ұлт зиялылары Ш.Құдайбердіұлы, М.Көпеев, М.Тынышпаев, С.Асфендияров, Е.Бекмаханов және т.б. ерекше атауға болады.

Қазақстанда 1930 жылдары алғаш ғылымның академиялық құрылымы қалыптасып, 1932 жылы КСРО ҒА-ның базасы құрылды. 1938 жылы ол КСРО ҒА қазақ филиалы болып саналды. Тұңғыш жоғары оқу орындары ҚазПИ және ҚазМУ-дың жанынан кәсіби тарих мамандарын даярлау қолға алынды. Ұлы Отан соғысынан кейін Қазақ Ғылым Академиясының жанынан тарих институты құрылып, қазақ тарихын жүйелі түрде зерттеуге ден қойған ұлттық тарихшы-ғалымдар шықты. Кеңес дәуірінің 50-60 жылдарында  Р.Б.Сүлейменов, Ә.Х.Марғұлан, А.Акишев т.б. бастаған қазақстандық тарихи мектептер қалыптасты. 

 

№2 дәріс. VI-VIII ғғ. Қазақстан территориясындағы Түрік қағанаттары

 

Дәрістің мазмұны: - түрік қағанатының саяси тарихы, экономикалық, мемлекеттік басқару жүйесі және мәдениеті қаралады.

Дәрістің мақсаты: - көне түрік мемлекетінің Отандық тарихымыздағы  саяси рөлін ашу.

 

 1. VI-X ғасырларда Қазақстан жерінде құрылған алғашқы феодалдық мемлекеттер түрік қағанаттары еді. Біздің заманымыздың 1 мың жылдығындағы Орталық Азия жерін мекендеген тайпалық одақтар мен ерте феодалдық мемлекеттердің тарихы бұлармен өзара тығыз байланыста болды. V ғасырға қарай Солтүстік Моңғолиядан Орта Азиядағы Амудария өзенінің бойына дейін созылған кең байтақ жерлерді  тирек (телэ) деген жалпы атпен бірнеше тайпалар мекендеген. Солардың бірі -түрік тайпасы болды.  Түрік атауы алғаш рет 542 жылғы қытай деректерінде кездеседі. Қытайдың солтүстік батысында орналасқан Вэй князьдігіне түріктер (туцюе) жыл сайын шабуыл жасап, ойрандап отырғандығы жөнінде айтылады.

546 жылы тирек (телэ) тайпалары Монғолияның оңтүстік және орталық аудандарын мекендеген аварларға (жуань-жуань) қарсы жорық жасайды. Түріктер Бумын көсемнің басшылығымен шабуыл жасап жеңіп, 50 мың әскерін тұтқынға алады. 552 жылы көктемдегі шабуылда да түріктер аварларды жеңеді, авардың қағаны Анағұй өзін-өзі өлтіреді. Осы кезден бастап Бумын түрік қағаны және Елхан атағын алады. 553 ж. Бумыннан кейін таққа оның баласы Қара-еске отырады. Ол Орхонның жоғарғы жағында аварларды екінші рет күйрете жеңеді. Алайда ол  жұмбақ жағдайда қайтыс болып, енді оның мұрагер інісі Кушу–Мұқан деген атпен 553-572 жж. қаған болады. Мұқан қаған аз уақыт ішінде (553-554 жж.) шығысында қайлар (татабтар), қидандар және оғыз-татар тайпаларын, солтүстікте Енисей қырғыздарын, Жетісу түргештерін өзіне қаратты. 563-567 жж. Иран шахымен одақтаса отырып, Каспий теңізінен Солтүстік Индияға және Шығыс Түркістанға дейін созылып жатқан Эфталиттер патшалығын жеңеді. Сөйтіп түріктерге Соғды жері қарайды.

Түріктер Орта Азияны жаулап алғаннан кейін Жерорта теңізіне баратын Жібек жолына иелік етті. Иранға қарсы Византиямен одақтасты. 571 жылы түріктердің әскери қолбасшысы Естемі Солтүстік Кавказды басып алды, сөйтіп Керчь түбегіне (Боспорға) шықты. Оның баласы Түріксанф Керчті басып алып, 576 жылы Қырымға шабуыл жасады. Бірақ Естемі өлгеннен кейін 582-593 жылдары билік үшін қырқыс басталды. Өзара қырқыс пен әлеуметтік қайшылықтар қағанатты қатты әлсіретті. Күшейіп алған Иран 588 ж. Герат түбінде түріктерді жеңіп шығады. Византия 590 жылы Боспорды қайтадан жаулап алады. 581-618 жылдары Солтүстік Қытайдың қағанат шекараларына шабуыл жасауы қағанатты одан бетер әлсірете түсіп, Түрік қағанатындағы саяси күйзеліс ақырында 603 ж. қағанаттың екіге - Шығыс және Батыс қағанаттарына бөлінуімен аяқталады.

2. Батыс түрік қағанатының астанасы Жетісу жеріндегі Суяб қаласында (қазіргі Тоқмақ қаласына жақын жерде), ал жазғы орталығы Мыңбұлақта (Түркістан төңірегі) болды. Батыс түрік қағанаты негізгі этникалық-саяси ұйытқысы - "он тайпа" (он-оқ будун) ежелгі үйсін жерін жайлап, Қаратаудың шығыс баурайынан Жоңғарияға дейінгі жерді өздеріне қаратты. Сонымен қатар ол Шығыс түрік қағанатының Шығыс Түркістан және Орта Азияның Самарқанд, Бұқара тағы басқа қалаларын басып алды. Осы қалаларда қағанның орынбасарлары отырды.

         Қаған жоғарғы билеуші, бүкіл жердің иесі болды. Жоғарғы лауазымдар - жабғы, шад және елтебер қаған. Сот қызметтерін бұйрықтар мен тархандар атқарды. Негізгі еңбекші халық - "қара бұдын" (қара халық). Жегуй қаған (610-618 жж.) мен оның інісі - Түн-жабғы қаған (618-630 жж.) билеген кезде қағанаттың күш-қуаты арта түсті. Тохарстан мен Ауғанстанға жасаған жаңа жорықтар мемлекет шекарасын Үндістанның солтүстік-батысына дейін кеңейтеді.

         VII ғасырдың ортасына қарай он алты жылға (640-657) созылған кағанат ішіндегі тайпалар арасындағы өзара соғыс қағанатты  әлсіретеді. Осыны пайдаланған Таң империясы Жетісуды басып алып, онда таққа өз адамын отырғызады. Түріктер мен Таң империясы арасындағы үздіксіз соғыстардың нәтижесінде түргештер күшейіп, VIII ғасырдың басында Жетісудағы билікті өз қолдарына алады.

         Түргеш қағанаты 704-756 жылдар аралығында өмір сүрді. Қағанаттың негізін қалаушы Үшелік-қаған болды. Қағандықтың территориясы Орта Азияның оңтүстік-шығысында Шаш (Ташкент) қаласынан Шығыс Түркістандағы Бесбалық, Турфан қалаларына дейінгі аралықты қамтыды. VI ғасырда Тянь-Шань таулы аймақтарында өмір сүрген түргештер VII ғасырда Жетісуға қоныс аударды. Қағандық халқының этникалық кұрамы негізінен сары және қара түргеш тайпаларынан тұрды. Жазба деректердің көрсетуі бойынша олар Шу, Талас, Іле бойларында өмір сүрген. Орталығы Суяб қаласында, екінші ордасы Іле аңғарындағы Күнгіт қаласында орналасқан. Саяси әкімшілік билігі қағандықтың ең жоғарғы билеушісі бас қағанның қолында болды.

         706 ж. Үшеліктің орнына баласы Сақал қаған (706-711 жж.) отырды.  Мемлекет ішінде бірлік болмай қаған билігі үшін сары және қара түргеш тайпаларының арасында талас-тартыс басталды. Оның үстіне қағанатқа батыстан арабтар, оңтүстіктен қытайдың Таң империясы, шығыстан Орталық Азия түріктері қауіп төндірді. Ішкі тартыстардың барысында қара түргештер жеңіске жетіп, олардың көсемі Сұлу-қаған (715-738 ж.ж.) билікке келеді. 723 жылы түргештер Ферғана қарлұқтарымен және Шаш тұрғындарымен бірігіп арабтарға күйрете соққы берді. Бірақ та арабтар 732 жылы түргештерді ығыстырып, Бұхара қаласын басып алады. 737 жылы Сұлу қаған арабтарға қарсы жорық ұйымдастырып Тохарыстанға дейін жетті, бірақ көп ұзамай жеңіліп, қайтар жолында өзінің қолбасшыларының бірінің қолынан қаза табады. Оның орнына баласы Тұқарсан Құтшар қаған болды. Оның тұсында қағанат әлсіреді.

        

 

Осы алауыздық кезінде Жетісуға Алтайдан қарлұқ тайпалары көшіп келіп қоныстана бастайды. Түргештер қарлұқтарға лайықты қарсылық көрсете алмады. Осы жағдайды пайдаланған Қытай империясының Шығыс Түркістандағы билеушісі 748 жылы Суяб қаласын басып алып, содан кейін Шаш қаласының билеушісін жазаға тартады. Оның баласы көмек сұрап, арабтарға барады. 751 ж. Тараз жанындағы Атлах қаласы түбінде Зияд-ибн-Салық бастаған араб әскері мен Гао Сяньжи басқарған қытай әскерлері арасында 5 күнге созылған үлкен шайқас болды. Шешуші сәтте қарлұқтар арабтар жағына шығып, қытай әскерлері ауыр жеңіліске ұшырады. Қытай әскері Жетісуды ғана емес, Шығыс Түркістан жерін де тастап, өз иеліктеріне кетуге мәжбүр болды. Сондай-ақ арабтар да Талас өңірінде тұрақтай алмай Шаш қаласына шегінді. Осыған қарамастан іштей әлсіреген Түргеш қағанаты 756 ж. қарлұқ тайпаларының қысымына шыдамай, біржола құлайды. Осыдан кейін бұрынғы Батыс түрік кағанатының орнына төрт мемлекет: Төменгі Поволжье мен Солтүстік Кавказ жеріндегі Хазар қағанаты, Сырдың орта және төменгі ағысы мен Арал өңірінде Оғыз мемлекеті, Қазақстанның Солтүстік, орталық, шығыс аймақтарында Қимақ мемлекеті, Жетісу жерінде Қарлұқ мемлекеті пайда болды.

3. Түрік қағанаты әлеуметтік тұрғыдан алғанда бір жағынан, ақсүйек тайпалар, екінші жағынан, оларға бағынышты тәуелді тайпалар болып екіге бөлінді. Бағынышты тайпалар алым-салық төлеп тұрған. Қағанаттың басында жоғары билеуші атағын иеленген қаған ол – әскер басшысы, барлық жердің иесі болған. Елдегі барлық билік қағанның туыстары арқылы жүргізілді. Қағанаттағы жоғарғы лауазымдар – тегін, жабғы, ұлық, шад және елтебер – қаған әулетіне ғана тән атақтар еді. Тайпа билеушілері – бектер, сот қызметін бұйрықтар, тархандар атқарды. Қағанаттың негізгі халқы малшы қауым мүшелері, оларды "қара буын" ("қара халық, "тобыр") деп атаған.

Түріктердің ежелгі руникалық жазуы болған, оны Жетісу жеріндегі Талас, Алтайдағы Енесей, Моңғолиядағы Талас жазуы ескерткіштерінен көреміз. Шығыс пен Батыста, Оңтүстікте ұшы-қиыры жоқ жері бар біртұтас орасан зор мемлекет құрған түрік батырлары "басы барды идірдік, тізесі барды бүктірдік" деген сөздерді тасқа қашап жаздырып қалдырған. "Күлтегін" жыры да осы тас жазуы арқылы бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр. Осы жырдағы Білге қағанның " Ілгері - күн шығысында, оң жақта - күн ортасында, кейін - күн батысында, сол жақта түн ортасында – осының ішіндегі халықтың бәрі маған қарайды" деуі түріктердің қаншалықты зор мемлекет құрғанын көрсетеді. Жалпы алғанда, түріктердің мәдениеті көп халықтарға қарағанда жоғары деңгейде болған. Жергілікті халықтар түріктердің мәдениетіне, әдет-ғұрыптарына көшіп, тілін қабылдаған.

 

         №3 дәріс. Қазақстан тарихындағы монғол кезеңі 

 

         Дәрістің мазмұны: Монғол империясының құрылуы мен Орта Азия және Қазақстанды жаулау тарихы  қаралады.

         Дәрістің мақсаты: Шыңғысхан құрған мемлекеттің мазмұны, маңызы мен жаулаушылықтың  зардаптары,  салдары талдауға алынған.

 

1. XII ғ. аяғы мен XIII ғ. басында Монғолия жерінде қият-бөржігін тайпасының билеушісі Есугей баһадурдің баласы Темучин (1155-1227) билік еткен ірі көшпелі мемлекет құрылды. Ол 20 жылға созылған қиян-кескі күрес барысында Монғолияның бүкіл тайпаларын өз қол астына біріктірді. Егер бұрын Монғолияны мекендеген тайпалардың көпшілігі татар деген атпен (ең қуатты тайпалардың бірінің аты бойынша) белгілі болса, енді мемлекеттің нығаюына байланысты Монғолия тайпалары өздерін монғолдар деп атай бастайды да, бұл термин жинақтаушы этникалық-саяси мәнге ие болады.

         1206 жылғы құрылтайда Темучин Шыңғыс хан деген атпен монғолдардың әміршісі болып салтанатты түрде жарияланды. Монғол империясының астанасы Қарақорым болды. Мемлекет әскери-әкімшілік ұйым негізінде құрылды. Оның аумағы үш әскери әкімшілік аймаққа бөлінді. Әр аймақ бірнеше түменнен, түмен 10 «мыңдықтан», әр мыңдық - 10 «жүздіктен» тұрады. Армия темірдей тәртібі және жоғары әскери дайындығымен ерекшеленді.

         1207-1208 жж. Шыңғыс ханның үлкен баласы Жошы Енисей қырғыздарын   және   Сібірдің   оңтүстігіндегі   «орман   халықтарын»,  Қазіргі Шығыс Түркістан аумағында тұрған ұйғырлар монғолдарға бағынды. 1211 ж. Шыңғыс ханның қолы Солтүстік Қытайға енді, 1215 ж. олар Цзинь мемлекетінің астанасы Чжунду (Пекин) жаулады. 1217 жылы Цзинь империясы Хуанхэ өзенінің солтүстігінде орналасқан барлық иеліктерінен айырылды.

         Шыңғыс ханның негізгі мақсаты батыс елдерін - Орта Азия мен Иранды, Таяу Шығыс пен Кавказды, Шығыс Европаны басып алу болды. Батыста монғолдар 1211 жылы алғаш рет Жетісу жеріне келгенімен ұзақ тұрақтай алмады. Бұл жылы монғол әскерін Жетісуға Шыңғыс ханның қолбасшыларының бірі Құбылай бастап келген болатын.

         2. Монғолдардың Қазақстан және Орта Азияны жаулауы 1218 жылы басталды. Осы жылы қаңлы, найман және керей тайпалары жайлаған Жетісу жеріне алғашқы соққы берілді. Бұл кезде Жетісуды наймандардың Күшлік ханы билеп тұрған еді. Оған қарсы Шыңғыс хан өзінің таңдаулы қолбасшыларының бірі Жебені жіберді. Монғолдар жергілікті халыққа ислам дінін жария түрде ұстануға рұқсат етіп, Күшліктің мұсылмандарды қудалауына байланысты халықтың наразылығын тиімді пайдаланды. Сонымен қатар Жетісу халқын өз жағына тарту үшін Шыңғыс хан бұл өлкеде тонаушылық пен қырғынға тыйым салды. Шығыс Түркістан мен Жетісуды басып алғаннан кейін монғолдарға Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияға жол ашылды. Бұл өңірге басып кіруге «Отырар апаты» деп аталатын оқиға сылтау болды. Отырар сияқты Сыр бойындағы Сығанақ, Ашнас және т.б. қалалар тұрғындары да монғолдарға қатты қарсылық көрсетті. Монғолдар Сырдария өңіріндегі қалаларды бағындырып, Орта Азияға қарай ішкеріледі. Үргенішті қоршауға алу бірнеше айға созылды. Монғолдар Бұқарды, Самарқанды алды, Хорезм жаулап алынды. 1221 жылы көктемінде моңғолдар Орта Азияны жаулап алуды аяқтады.

         Енді соғыс Хорасан, Ауғанстан және Солтүстік Индия территориясына ауысты. Қолбасшылар Жебе мен Сүбедей нояндар басқарған 30 мыңдық әскер Солтүстік Ираннан шығып, 1220 жылы Кавказға басып кірді. 1224 жылы Шығыс Дешті Қыпшақ даласы арқылы Шыңғысханның Ертіс бойындағы ордасына оралды. Сөйтіп, 1219-1224 жж. монғол шапқыншылығы нәтижесінде Қазақстан Шыңғысхан империясының құрамына кірді.

         Шыңғысхан көзінің тірісінде жаулап алған жерлерін ұлдарына үлестіреді. Кіші ұлы Төлеге - Монғолияның өзі, Үгедейге Монғолияның батыс бөлігі, Жоңғария мен Шығыс Түркістан аймағы қарады. Шағатай иелігіндегі жерлер Оңтүстік Алтайдан Әмударияға дейінгі, яғни Жетісу мен Мәуераниахрды қамтыды. Шыңғысханның үлкен ұлы Жошының үлесі Ертістен батысқа қарай төменгі Еділге дейінгі жерді қоса бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақты қамтыды.

1235 жылы Батыйдың Шығыс Европаға жорығы басталды. 1236-1242 жж. Еділ Бұлғариясын, орыс княздіктерін бағындырып, Польшаны, Венгрияны, Чехияны, Молдовияны, Валахияны, Трансильванияны талқандап, Батый Еділдің сағасына қайта оралды да, мұнда жаңа монғол мемлекеті - Алтын Орданы құрды.

2. Алтын Орда мемлекеттің аумағы шығыста Ертіс өзенінен батыста Еділ мен Әмударияның төменгі сағасына дейінгі орасан зор жерлерді алып жатты. Алтын Орда Шығыс Дешті Қыпшақ, Хорезм және Батыс Сібір территориясының бір бөлігін қамтыды. Астанасы Астрахань маңындағы Сарай-Батый қаласы болды, кейін Сарай-Берке қаласына Еділ бойындағы жоғарырақ жерге көшірілді.

         Алтын Орда көпұлтты мемлекеттік құрылым еді. 1260 ж. Монғол империясы тәуелсіз ұлыстарға бөлінді. Алтын Орда Батыйдың інісі Берке ханның (1256-1266) тұсында дербес мемлекетке айналды. Мөңке-Темір хан (1266-1280) тұсында Алтын Орда тұңғыш рет өз атынан теңге құя бастады. XIII ғасырдың 80 жылдары Алтын Ордада беклербек Ноғайдың есімімен байланысты дағдарыс басталды.

         Өзбек ханның (1312-1342) және оның баласы Жәнібектің (1342-1357) тұсында Алтын Орда барынша күшейді. 1312 жылы Өзбек хан исламды мемлекеттік дін етіп жариялады. Орыс княздықтары Алтын Ордаға алым-салық төлеп тұрды. Жәнібек хан қайтыс болғаннан кейін Алтын Орданың құлдырауы басталды. 1357-1380 жылдары ондаған хан ауысады. («Ұлы дүрбелең кезеңі»). 1380 жылы Алтын Орданың билеушісі Мамай Куликово даласында Дмитрий Донской бастаған орыс әскерінен жеңіледі. Жошының ұрпағы Тоқтамыс хан Мамайдың әлсірегенін пайдаланып, Алтын Орда билігін тартып алады. Өз билігін әскери жеңістермен нығайту үшін ол 1382 жылы Мәскеуге жорық жасап, оны талқандап, өртейді. Ол сонымен қатар Мәуераннахр мен Кавказдың ар жағына бірқатар жорықтар жасайды.   Тоқтамыстың кезінде (1380-1395) Алтын Орда уақытша күшейеді. Бірақ XIV ғ. соңында Әмір Темір Алтын Ордаға бірнеше рет жорық жасап (1389. 1391, 1395 жж.), оны ойрандап кетеді. Алтын Ордаға Темір мемлекетімен болған соғыс өте ауыр тиді. Осы соққыдан ол оңала алмайды. XV ғ. орта кезінде Алтын Орда құлайды. Ол Сібір хандығы, Ноғай Ордасы, Қазан хандығы, Қырым мен Астрахан хандықтарына бөлініп кетеді.

Монғол әскерлерінің басқыншылығы жаулап алған елдер үшін өзінің зардабы жағынан ауыр апат әкелді. Ол көптеген халықтардың экономикалық және мәдени прогресін, олардың саяси, әлеуметтік және этникалық дамуын тежеді. Монғолдардың шапқыншылығы салдарынан өндіргіш күштер

 

әлсіреді. Көптеген қалалар қиратылып, орта ғасырлық қала мәдениетіне үлкен зиян келтірілді. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу өңіріндегі отырықшылық өмір мен егіншілік мәдениетіне бұл ауыр соққы болып тиді.  Бағындырылған халықтан алынатын алым-салық та ауыр және көп болды.   Зерттеушілердің айтуынша салықтың 20 шақты түрі болған.

         Дегенмен, монғол басқыншылығының апатты зардаптарымен бірге кейбір жағымды жақтары да болған. Монғол өкіметтері сауда-саттық пен халықаралық байланыстың дамуына жағдай жасады, жер-жердің бәрінде пошта және көлік қатынасы қызметін енгізді. Монғолдар бір орталыққа бағынатын өкімет идеясын әкеледі, бұрын ұйымдаспаған тайпалардың басын қосады. Көшпелі өмір тәртібін Шыңғысханның заңдар жинағы - «Ясасына» сәйкес келтіре бастайды. Кейін «Ясаның» кейбір нормалары қазақ заңдарында белгілі дәрежеде пайдаланылады. Мемлекеттіліктің әлеуметтік ұйымы мен түрлерінің көптеген нормалары монғол дәуірінен кейін Қазақстанда пайда болған мемлекеттерде қажетке асырылады. Моңғол жаулаушылығы Қазақстан жеріндегі этникалық процестер барысына да әсер етеді.

 

№ 4 дәріс. XIV-XV ғғ. Қазақстан территориясындағы мемлекеттер

 

Дәрістің мазмұны: - XIV-XV ғ.ғ. Қазақстан территориясындағы Ақ Орда, Моғолстан, Ноғай Ордасы және Әбілқайыр хандығының саяси тарихы, шаруашылығы, әкімшілік басқару жүйесін талдау.

Дәрістің мақсаты: - Монғол империясының құлдырауы барысындағы Қазақстан жеріндегі жаңа мемлекеттердің құрылуы және қазақ халқының қалыптасуындағы этникалық процестердің рөлін көрсету.

 

         1. XIV-XV ғасырларда Орта Азия мен Қазақстан халқы моңғол шапқыншылығының ауыр зардаптарынан біртіндеп арыла бастады. Бүліншілікке ұшыраған шаруашылықты, қираған қалаларды қалпына келтіруге бағытталған шаралар жемісін беріп, экономикалық және әлеуметтік жағдайлары біраз жақсарды. Сонымен бірге бұл тұста моңғолдардың қол астында болып келген көптеген ұлыстар мен елдер дербес тәуелсіз мемлекеттер қатарына шықты. Осындай тәуелсіздікке ие болып Қазақстан жерінде алғашқы рет жергілікті этникалық негізде пайда болған ірі мемлекет - Ақ Орда хандығы. Оның шекарасы Жайық өзенінен Ертіске, Батыс-Сібір ойпатынан Сырдың орта шеніне дейін созылып жатты. Негізгі халқы ерте заманнан осында мекендеген түркі қыпшақ тайпалары, сондай-ақ, Алтайдан осында қоныс аударған наймандар, қоңыраттар, керейттер, үйсіндер, қарлұқтар және басқалары. Ақ Орда хандарының кестесі оларды болған уақытына қарай мынадай ретпен тізеді: Орда Ежен, Сартақ, Қоныша, Баян, Сасы-Бұқа, Ерзен, Мүбәрәк, Шымтай, Орыс хан, Қойыршақ, Барақ, т.б.

Ақ Орданың кемеліне келіп, толысқан шағы XIV ғ. екінші жартысы. 1361 жылы Ақ Орданың билеушісі болған Орыс хан өз жағдайын біраз күшейтіп, енді Алтын Орда тағына отыруға күш салды. Сөйтіп, 1374-1375 жылдары Еділ бойымен жорыққа шыққан ол Сарайды өзіне қаратып, Хаджы-Тарханды (Астраханды) қоршауға алды. Кама бұлғарларының жерін бағындырды. Бірақ Орыс ханның үстемдігі ұзаққа созылмай, келесі жылы ол Еділ бойынан кетіп, Алтын Ордадағы билікті Мамайға беруге мәжбүр болды. 1377 жылы Орыс хан қайтыс болып, Ақ Орда иелігі оның баласы Темір Мәлікке көшкен-ді. Осы кезде Маңғыстау Үстіртінің билеушісі - Жошы әулеті - Түй Хожа оғланның баласы Тоқтамыс Орта Азия әміршісі Ақсақ Темірге сүйеніп, Темір Мәліктің әскерін талқандайды, сөйтіп 1379 жылы өзін Ақ Орданың ханы деп жариялайды. Ақ Орданың көптеген әмірлерінің қолдауына ие болған ол 1380 жылы Сарайды, Хаджы-Тарханды, Қырымды және Мамай ордасын басып алады. Тоқтамыстың бұл табысы орыс жеріне басып кірген Алтын Орда ханы Мамайдың 1380 жылы Куликово даласында орыс әскерлерінен жеңілуі нәтижесінде мүмкін болды. Тоқтамыс мұнымен тоқтаған жоқ. Осыдан кейін Тоқтамыс Ақсақ Темірдің ықпалынан босануға тырысады. Бірақ, 1389, 1391 және 1395 жж. Ақсақ Темірдің Тоқтамысқа қарсы жасаған аса үлкен үш жорығынан кейін Алтын Орда тас-талқан болып қиратылады. Темірдің басқыншылық соғыстарының нәтижесінде және ішкі талас-тартыстан XIV ғ. аяғы мен XV ғ. бас кезінде Ақ Орда да әлсірейді.

2. Шығыс Дешті-Қыпшақтың феодалдық бытыраңқы жерлерін біріктірген "көшпелі өзбектер мемлекетінің" яғни Әбілхайыр хандығының Қазақстан тарихында елеулі орны бар. Оның иелігі Ноғай ордасының шығыс бетін, батыста -Жайыққа, шығыста - Балқашқа дейінгі, оңтүстікте - Арал теңізі мен Сырдарияның төменгі ағысына, солтүстікте-Тобыл мен Ертістің орта ағысына дейінгі жерлерді қамтыды.

Әбілхайыр басқарған 40 жылдай уақыт ішінде елдің саяси жағдайында тұрақтылық пен тыныштық болмады. Оның қолынан билікті алу үшін күрескен әр түрлі топтар мен күрес жүргізуге тура келді. Жошы әулеті - оның ішінде Ибак-хан, Береке-сұлтан, Орыс ханның ұрпақтары Жәнібек пен Керей тағы басқалары - Әбілхайырға үнемі қарсы шығып отырды. 1446 жылы  Әбілхайыр хан Сырдария өзені мен Қаратау бауырындағы Созақ, Сығанақ, Аққорған, Үзкент қалаларын басып алып, Сығанақты өз хандығының астанасына айналдырды. 1450ж. Әбілхайыр Мәуренахрдағы Темір ұрпақтарының ішкі тартысына араласып, Самарқанд пен Бұхараға талау-тонау шапқыншылықтарын жасайды.

1456-1457 жылдарда ойраттармен болған шайқастарда жеңіліске ұшыраған Әбілхайыр елдің бірлігін қамтамасыз ете алмады. Оған наразы Керей мен Жәнібек сұлтандар және олардың қол астындағы көшпелі халықтың бір бөлігі Моғолстанға қоныс аударып, Шу мен Қозыбас (Талас) өзендерінің бойына барып орнықты. Осыдан кейін көп ұзамай 1468 жылы Әбілхайыр көп жорықтарының бірінде қайтыс болды да, "Көшпелі өзбектер мемлекеті" ыдырап кетті.

3. Алтын Орда ыдырап, Ақ Орданың әлсіреуі нәтижесінде Қазақстанда бой көтерген мемлекеттік құрылымдардың бірі – Ноғай ордасы еді. Ноғай ордасы XIII ғасырдың екінші жартысында бөлектене бастады. Бұл жағдай әмір Едіге тұсында XIV ғасырда жалғасып, оның баласы Нұраддынның (1426-1440) кезінде аяқталды.

Ноғай ордасы Еділ мен Жайық арасындағы созылып жатқан жалпақ дала мен құмды, таулы жерлерді мекендеді. Оның халқы солтүстік батыста - Қазанға, оңтүстік шығыста – Арал, Атырау өңірлерінің солтүстігіне, тіпті, Маңғыстау мен Хорезмге дейінгі жерлерде көше-қонып жүріп мекендеді. Оның орталығы–Жайықтың төменгі сағасындағы Сарайшық қаласы.

Әмір Едіге 1396-1411 жылдар аралығында Алтын Ордада бүкіл билікті өз қолынан шығармай, оны өзі тағайындаған хандар арқылы басқарып келді. "Беклер бегі" ұлы әмір атанған Едіге көрші ұлыстардың өміріне де ықпал етіп отырған.

Ноғай ордасы негізінен маңғыттардан тұрды. Сонымен қатар оның құрамына Қоңырат, Найман, Арғын, Қаңлы, Алшын, Қыпшақ, Кенгерес, Қарлұқ, Алаша, Тама және басқа ру-тайпалары кірді. Олардың басшылары арасында билік пен жер үшін толассыз тартыстар жүріп жатты. Осы алауыздық оның да түбіне жетті. XV ғ. бірінші жартысында Ноғай ордасының орнына Қазан, Қырым, Астрахан хандықтары құрылды. Ноғай ордасы да этникалық емес, көбіне саяси құрылым еді. Оны мекендеген тайпалар қазақ халқының қалыптасуының күрделі этникалық процесінде де өз әсерін тигізбей қалған жоқ.

4. XIV ғасырдың ортасында ыдыраған Шыңғысхан империясының жерінде тағы бір хандық - Моғолстан мемлекеті құрылды. Ол Шағатай әулеті иеліктерінің шығыс бөлігінде қалыптасты. Негізін қалаған  - Тоғылық-Темір хан (1348-1362 жж.). "Моғолстан" тарихи жағрафиялық термині "монғол" атауынан шыққан. "Монғол" есімі Орта Азия мен Қазақстанда түрік және парсы тілдеріндегі тарихи туындылардың бірінде "моғол" деп айтылып жазылатын болған.

XIV-ХVғасырларда Моғолстан құрамына Шығыс Түркістан, Оңтүстік-Шығыс Қазақстан және Орта Азияның кейбір жерлері кірді. Моғолстан орта ғасырлық авторлардың деректерінде мемлекеттің құрылу кезеңіне қарай "Моғол" атты этникалық саяси біртұтастыққа бірігудің ұзақ араласу және сіңісу процесінен өткен жергілікті түрік және түріктелген моңғол тайпаларының мемлекеттік-саяси бірлестігі болды. Оған кіретін тайпалар: дұғлаттар (дулаттар), қаңлылар (бекшіктер), керейттер (керейлер), арғындар (арғинут), баириндер, арлаттар, барластар, булғашылар және басқалары. Сонымен XIV ғасырдың орта шенінде Жетісу, Қырғыз жерлерін қамтып жатқан Моғолстан мемлекетінің құрылуы, Дешті Қыпшақтарды біріктірген Ақ Орданың пайда болуымен қатар жүзеге асқан Қазақстан тарихындағы маңызды оқиға болғаны даусыз. Моғолстан ордасының орныққан орталығы - Алмалық қаласы.

1362 жылы Тоғылық-Темір қаза тауып, Моғолстанда билік Ілияс-қожаға көшкенде Мәуеренахрға билеуші болып Қазағанның немересі Хұсайын тағайындалды. Осы тұста қарындасына үйленіп Хұсайынмен дос болған Темір онымен бірге Моғолстанға қарсы шығып, Мәуеренахрды өздерінің қол астына біріктіруге кірісті. Осындай тынымсыз шайқастардың бірінде оның екі саусағы кесіліп бір аяғы жаншылды. Аяғы өмір бойы сырқырап ауырып, ақсақ болып қалған соң, ол содан бастап Темирлан (дұрысы Темирленг, "ленг" парсыша - ақсақ) Ақсақ Темір атанды.

Ақсақ Темір әмірші болған 35 жыл ішінде (1370-1405 жж.) Моғолстанды, Хорезмді, Персияны, Әзірбайжанды, Гератты, Грузияны, Арменияны, Ақ Орданы, Ауғанстанды, Үндістанды, Египетті, Бағдатты, Сирияны, Кіші Азияны жаулап алып, табан астына салды. Әмір Темір түркі тектес халықтардың, оның ішінде қазақтардың тағдырына зор кеселін тигізді. Алтын Орданың құлауына себепші болды.

 

№ 5 дәріс. XV-XVII ғғ. қазақ қоғамының әлеуметтік-саяси, экономикалық және мәдени дамуы

 

Дәрістің мазмұны - Қазақ хандығының көшпелі тұрмысы, шаруашылығы және әлеуметтік құрылымы талданады.

Дәрістің мақсаты - Қазақ қоғамының әлеуметтік-саяси, экономикалық және мәдени дамуының мазмұны ашылады.

 

1. Қазақтардың негізгі кәсібі мал шаруашылығы болды. Мал өнімдері оларды тамақ, киім-кешек, тұрғын үй материалдары, сонымен бірге көлік қызметімен қамтамасыз етіп отырды. Мал және мал өнімдері көрші халықтармен айырбас жасайтын қаражат көзі де болды.  Қазақтардың мал шаруашылығына байланысты Ш.Уәлиханов былай дейді: «Дала көшпелісін ішіп-жегізетін де, киіндіретін де мал, ол үшін  оз тыныштығынан  малының аман  болғаны   қымбат.  Жұртқа мәлім, қырғыздар бір-бірімен амандасқанда: «Мал-жаның аман ба?» деген сөздермен бастайды. Отбасының мал жайын алдын ала сұрастыруы көшпенділер өмірінде малдың қаншалықты маңызы барын айқын көрсетеді».

         Қазақ жерінің табиғи-жағрапиялық ерекшеліктеріне байланысты қазақтар көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысты. Көшіп-қону бағыттары жыл маусымына байланысты өзгеріп отырды. Маусымдык жайылымдарды (көктеу, жайлау, күздеу, қыстау) алмастырып көшіп-қонып отырудың бұрыннан қалыптасқан жолдары мен жылдық айналымы орнықты. Әрбір ру белгілі бір аймақ шеңберінде көшіп-қону дәстүрін ұстанды.  Жайылымдық қоныстардың арақашықтығы жүздеген шақырымға созылды. Мал шаруашылығы табиғат жағдайларына мейлінше тәуелді болды. Жем-шөп дайындау болмады, қыста мал тебіндеп жайылды. Қыс қатты болған жылдары жұт болып, малдың жаппай қырылуы жиі кездесетін, мұндайда көшпелі малшылар тақырлана кедейленіп, көбі отырықшылыққа ауысатын. Дегенмен мал шаруашылығын жүргізудің ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі сақталып, үнемі жетілдірілумен болды.

         Қазақтар жылқы, қой, түйе, сиыр өсірген. Соның ішінде жылқыға үлкен мән берді. Жылқының түр-түрі болған: жүк таситын, салт мінетін және жүйрік-арғымақтар. Көшпелі мал шаруашылығына жылқыны үйірмен бағу тән. Бір үйір 12-15 биеден тұрды. Бірнеше үйір жылқы табынын құрады. Салт мінетін жылқы ат деп аталды. Қазақтардың шаруашылығында қой жетекші орын алды. Қыпшақ даласы көшпенділерінің басты байлығы қой болған.  Қыпшақ қойлары төзімділігімен, етті-сүттілігімен ерекшеленген. Қойдың еті мен сүті тағам болды, терісі мен түбітінен киім-кешек, аяқ-киім, ыдыс-аяқ жасалынды. Қазақ шаруашылығында түйенің де алатын орны зор болды. Қазақтар негізінен қос өркешті, жүнді түйе өсірді. Жылқы, қой, түйемен қатар қазақтар сүті мен түбіті үшін ешкі де өсірген. Бірақ ешкі мен сиыр қазак шаруашылығында аз болды. Қазақ философиясында ешкі белгісіздікті білдірсе, сиыр жұтпен теңеседі. Сондықтан қазақтар бұл жануарлардың етін тек жұт жылдары ғана жеген.

         Мал жеке адамның және отбасының меншігінде болды. Мал көшпелілер байлығының, олардың тұрмыстық жағдайының басты өлшемі болды. Ал жайылымды коғам мүшелері қауымдасып пайдаланған. Әр рудың өзіндік жері болды және бұл жерге меншік ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отырды.

         Қазақтар егіншілікпен де айналысты. Қазақ хандығының түрлі аумақтарында егіншіліктің дамуы әркелкі болды. Негізінен отырықшы - егіншілікпен Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан халықтары айналысты. Қазақтар көбіне тары дақылын екті. Сыр бойындағы қалаларда ирригациялық жүйе барынша дамыған. Қалалардың маңында суландыратын арнайы алқаптар болды. Қала маңдарындағы бұндай алқаптарда бау-бақша өнімдері өсірілді.

         Қазақтар аң аулаумен де айналысқан. Аң аулаудың бірнеше түрлері болған: құс салған, тазы ит қосып аулаған т.б. Соның ішінде қыран құстармен аң аулау басым болды. Аң аулау дербес кәсіп болмаған, мал шаруашылығына көмекші кәсіп қана болған.

         Қазақтардың шаруашылығында әр түрлі қолөнер мен үй кәсіпшіліктері елеулі орын алған: тері өңдеген, киіз басқан, құрақ құраған, металдан әр түрлі бұйымдар жасаған.

         Қазақтар көшіп-қонуға қолайлы киіз үйлерде өмір сүрді. Көлеміне және иесінің әлеуметтік жағдайына байланысты киіз үйлердің түрлері көп болды. Күзеу мен қыстауда ағаштан және кірпіштен салған жылы үйлерде тұрды.

         XVI ғасырдың соңына қарай Ресей мемлекеті Қазақ хандығы және Орта Азия мемлекеттерімен сауда байланыстарын жандандырды. Сырдария қалалары арқылы халықаралық сауда және көшпенділермен дәстүрлі сауда дамыды. Түркістан қалалары мен елді мекендері арқылы Индияға, Қытай мен Еуропаға керуен жолдары өтті. ХVІ-ХVІІ ғасырларда бұл қалалар саяси орталықтарға айналып, онда қазақ хандары мен сұлтандары қоныстанды. Кешпенділермен негізінен айырбас сауда жүргізілді. Сыр бойындағы қалаларда дүкендер, базарлар, ақша сарайлары жұмыс істеді. Қазақстанның көшпенділері оңтүстіктегі қалалармен сауда-саттық қарым-қатынаста болды. Көшпелілердің астыққа -бидайға, тарыға, арпаға, егіншілік пен бау шаруашылығының басқа өнімдеріне деген және әсіресе, маталарға деген сұранымы барынша тұрақты болды. Далалық аудандар халқының көшпелілік шаруашылығы мен отырықшы-егіншілік аудандары және қала шаруашылығының тұрақты байланысы қазақ қоғамы экономикалық өмірінің ажырамас белгісі болды.

         2. Қазақ хандығы тұсында қазақ қоғамы негізгі екі әлеуметтік топтан тұрды: ақсүйек және қарасүйек. Ақсүйектер әлеуметтік тобына Шыңғыс ханның ұрпақтары - сұлтандар, төрелер және Мұхаммед пайғамбардың үрім-бұтақтары - қожалар жатты. Бүл топ үш жүз қазақтарының генеалогиялық құрылымынан бөлек тұрды. Шыңғыс ханның ұрпақтары туылысымен сұлтан атағын иеленіп, бұл әлеуметтік топқа тиіселі барлық ерекше құқықтармен қамтамасыз етілді. Шыңғыс ханның ұрпақтарының әрқайсысы хандық билікке үміткер саналды. Сонымен бірге, бұл әлеуметтік топ руға бөлінбеді. Әрбір сұлтанның өзіндік үлесі болды. Қалған әлеуметтік топтардың бәрі қарасүйектерге жатты. Қарасүйек өз ішінде тайпаға, руға бөлінді.

         Қарасүйек әлеуметтік тобынан ерекше құқықтар иеленген тек билер болды. Атап айтсақ, ру биінің қолында соттық, әкімшілік билік шоғырланды. Билер сұлтандармен бірге мемлекеттік мәселелер шешілетін жылдық жиналысқа - кұрылтайға қатысты. Небір беделді билер хан жанындағы «билер кеңесінің» құрамында болды.

         Танытқан ерлігі немесе соғыс қимылдарын шебер басқарғаны үшін хан немесе сұлтандар батыр деген құрметті атаққа ие болды. «Батыр» ердің атағы ғана емес, сонымен бірге кәсіби жауынгерлер. Қарапайым жауынгер батырлық танытқанымен, қолына Шыңғыс әулетіне тән билік берілмеген. Батырлардың ерліктерін жыршы-ақындар дәріптеп отырған. Қазақ қоғамындағы ешқандай құқығы жоқ мүшелері - құлдар болды. Бұл әлеуметтік топ өкілдерін негізінен соғыс тұтқындары құрады. Олар өз қожайындарына тәуелді болды.

         Қоғам мүшелері дәулет-мүлкінің мөлшеріне сай «бай» және «кедей» болып бөлінді. Осы кезеңдегі қазақ қоғамы әлеуметтік топтардың иерархиялық ұйымдасқан құрылымынан тұрды. Бұл әлеуметтік топтар бір-бірімен тығыз байланыста болды. Әр әлеуметтік топтың өзіндік құқықтары болды.

3. Тәуке хан басқарған кезінде өкіметтің беделін көтеруге және оған үш жүздің руларын бағындыруға бағытталған шаралар қолданды. Оның тұсында "Жеті жарғы" деген атаумен қазақ қоғамындағы әдеттегі құқық өлшемдерінің жинағы құрастырылды. Мұнда феодалдық құқық тәртібі мен мемлекеттік құрылымның негізгі шарттары белгіленді. Тәуке хан елдің бірлігін, ынтымағын ойлап, халықты ру-руға, жүзге бөліну саясатын және бет-бетімен әрекет жасауды шектеу үшін аянбай күресті. Осы мақсатта ол қазақ мемлекетінің саяси-құқық жүйесін белгілеп, халықты бірлікке, ынтымаққа шақырды. Тәуке хан өз төңірегіне ұлы жүзден Төле биді, Орта жүзден Қаз дауысты Қазыбекті, Кіші жүзден Әйтеке биді кеңесші ретінде қызметке тартты. Сөйтіп, қазақ халқының тарихына ірі құқықтық өзгерістер енгізді. Бұл оның халыққа кең тараған "Жеті жарғысымен" байланысты еді. Ол тек сол заманға сай құқықтық құжат емес, сонымен қатар көшпелі қазақ халқының этникалық, шаруашылықты ұйымдастыру және жағрафиялық ерекшеліктеріне сай келетін аса құнды ескерткіш.                                                 

Тәуке ханның "Жеті жарғысының" әрбір бабы сол заманның талаптарына сай келеді. Онда әкімшілік, қылмысты істер, азаматтық құқық   өлшемдері, сондай-ақ салықтар, діни көзқарастар туралы ережелер енгізіліп, ол қазақ қоғамы өмірінің барлық жағын түгел қамтыды. Сондай-ақ, оның жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте қазақ қоғамында зандылықты, тәртіпті нығайтудағы рөлі зор.

 

№ 6 дәріс. ХVІ –ХVІІІ ғасырлардағы Қазақ хандығының сыртқы саясаты

 

Дәрістің мазмұны: Қазақ – Жоңғар қатынасы, Қазақстанның Ресейдің құрамына  қосылуы және Абылай ханның рөлі қаралады.

Дәрістің  мақсаты: Қазақ - жоңғар  қатынасына  тарихи талдау  жасау және Абылай ханның сыртқы саясаттағы мемлекеттік қайраткерлігін бағалау Ресейдің құрамына қосылуы, хандық билікті жоюдағы империялық саясаттың  мәнін  талдау.

 

1. XVIII ғасырдың басында Қазақ хандығының сыртқы саяси жағдайы шиеленісті. Тәуке хан өзара тартыстарды уақытша тыйып, тыныштықты қалпына келтірген еді. Алайда сұлтандардың өз алдына оқшауланып, билік үшін күресуі көп ұзамай бірлікті бұзды. Қазақ қоғамының өз ішінде дағдарыс басталды, алауыздық етек алып, рулық тартыс, билік үшін ішкі саяси күрес күшейді. Ал бұл жағдайды көршілер дереу пайдаланды. Жан-жақтан: солтүстік пен батыстан - Ресей мемлекетінің, шығыстан -жоңғарлардың, оңтүстіктен - Орта Азия хандықтарының саяси қысым жасауы айқын аңғарылды. Қазақ халқы үшін ең басты қауіп - Жоңғар хандығы тарапынан төнді.

         1718 жылдың көктемінде Аягөз өзенінің бойында қазақ жасақтары мен жоңғар әскерлерінің арасында болған үш күндік қантөгіс ұрыста қазақтар жеңіліп қалды. Оған себеп: Әбілқайыр және Қайып сұлтандар өздерінің соғыс қимылдарын келісіп жүргізбеді.

         1722 ж. Цин императоры Кансидің өлімінен соң, Цеван Рабдан енді басты күшті Қазақ хандығына қарсы бағыштады. 1723 жылдың көктемде жоңғарлар 70 мың әскермен жеті бағыттан қазақ жеріне тұтқиылдан басып кірді. Цеван-Рабданның ұлы Қалдан Церен Балқашқа одан әрі қарай Қаратау өңіріне, Ұлан батур Алтайға және Көктал өзенінің өңіріне, Амурсана әскер: Нұра өзені бағытында, Қалдан Цереннің Цеван-Доржы атты ұлы Шелек өзенінің аңғарымен, екінші ұлы Лама-Доржы Ыстықкөл бағытында қозғалды. Дода-Доржым нойон Шу өзеніне бағыт алса, Цеван-Рабданның өзі Іле өзені арқылы Жетісуды басып алуды көздеді. Алғашқы соққыны Жетісу мен Ертіс өңірінің қазақтары қабылдады. Жоңғарлардың шапқыншылығын күтпеген еш қарсылық көрсете алмады. Жоңғарлар халықты жаппай кырып, мал-мүлкін тонады. Қапыда қалған қазақтар үйлерін, мал-мүліктерін тастап босып кетуге мәжбүр болды.

         Қазақ рулары Сырдарияның арғы бетіне қарай кашты. Сырдариядан өткен Ұлы және Орта жүз қазақтарының басым бөлігі Ходжентке, Орта жүз казақтарының біраз бөлігі Самарқанға, ал Кіші жүз қазақтары Хиуа мен Бұхара территориясына өтті. Ал жоңғарлар қазақ ауылдарын, қалаларын басып алды, халқын қырып, тұтқынға айдады. Осы заманнан бізге дейін жеткен «Елім-ай» әні халық бұқарасының сол жылдардағы мұң-зарын бейнелейді.

Жоңғарларға қарсы 1727 жылдың күзінде Сарыарқа даласындағы Бұланты өзенінің маңында жауға үлкен соққы берілді. Шайқас болған жазық Қарасиыр деп аталады. Кейіннен шайқас болған аймақ «Қалмақ қырылған» деп аталды. Бұл жеңіс қазақтардың рухын көтеріп, болашақ күреске жігерлендірді.

         Жоңғар басқыншыларына қарсы Отан соғысында қазақ тарихы үшін маңызы зор шайқастардың бірі - Аңырақай шайқасы. Бұл шайқас 1730 жылы Балқаштың оңтүстік-батысындағы Алакөл маңында орын алды. Аңырақай шайқасы болған жер 200 шақырымға созылды.

         Өкінішке орай, Аңырақай жеңісі жалғасын таппады. Шайқастан кейін қазақ билеушілерінің арасында жік туды. Өйткені, осы кезде Болат хан қайтыс болғаннан кейін жоғарғы билік үшін талас басталды. Тәукенің баласы Үлкен хан Болат өлгеннен кейін оның орнын Орта жүзден  Сәмеке, Кіші жүзден Әбілқайыр хан аламыз деп дәмеленді. Көпшіліктің қалаған адамы Болаттың ұлы Әбілмәмбет болды. Сәмеке мен Әбілқайыр өздерін үлкен хандықтан  құр қалдырды деп есептеп, майдан даласын тастап  кетеді.

2. 1718 жылы қазақтың ұлы ханы Әз Тәуке қайтыс болған соң Қазақ  хандығындағы  ішкі саяси бытыраңқылық, қазақ жүздерінің жеке-жеке иелік хандықтарға жіктеліп ыдырауы, жоңғар шапқыншылығы, "ақтабан шұбырынды" апаты, міне, осы жағдайлар қазақ хандығын әбден әлсіретеді. Ал кейіннен қазақ елін басқа елдердің бодандығына түсуіне негізгі себеп болды.

Кіші жүздің ханы Әбілхайыр қазақ хандығының ең жоғарғы билігі үшін күресте жеңілген соң Ресей шекарасына жақын көшіп барады. Ол 1730 жылы күзінде Ресейге елшілік жібереді. Нәтижесінде 1731 жылғы 19 ақпанда император әйел Анна Иоановна кіші жүзді Ресей бодандығына қабылдау жөнінде грамотаға қол  қойды.

1732 жылы Сәмеке Ресейді формальді түрде мойындағанымен, кейінгі оқиғалар ол келісімді сақтамайтындығын көрсетті. Сондықтан Ресейге екінші рет өтініш жасалып 1734 жылы 10 маусымда өтініш қанағаттандырылды.

1740 жылы Орынборда өткен жиында Кіші және Орта жүз ханы Әбілмәмбет пен Абылай сұлтан да Ресей азаматтығын қабылдайды.

1745 жылы Жоңғар қонтайшысы Қалдан Сереннің қайтыс болуына, байланысты Жоңғарлардың өз ішінде таққа таласқан алауыздық күшейеді. Осы алауыздықты Абылай өз мақсаты үшін шебер пайдаланып, жоңғарлардың ішкі ісіне араласып, оларды әлсіретуге тырысты. 1757 ж. жазда Жоңғарияны толық талқандаған Цинь әскері қазақ шекарасына керіп кіреді. 1757 ж. күзде қазақ елшілігі Қытайда болып бейбіт өмір сүру және сауда шартын жасады және Цинь императоры Абылайдың хандығын мойындап оны мен қарым - қатынас орнатуға мүдделік танытады.

Абылайдың саяси -дипломатиялық шеберлігінің арқасында қазақтар ата - мекені Тарбағатай аймағына келіп, емін-еркін қоныстануына мүмкіндік алады да, 1767 ж. Цин өкіметі Іле, Тарбағатай және Алтай аймағына қазақтардың қоныстануын мақұлдаған шешім қабылдайды.

1758 ж. бастап Шәуешек, Құлжа және Үрімшіде қазақтарға арналған сауда жәрмеңкелері ашылғандығын деректер дәлелдейді.

3. 1748 жылы Әбілхайыр ханды Барақ сұлтанның өлтіруіне Ресей мазасыздық танытып, 1749 ж. баласы Нұралыны Кіші жүздің ханы етіп тағайындайды. 1756 ж. Патша өкіметі қазақтарға Жайықтың оң жағына өтуге тыйым салатын жарғы шығарады. Кіші жүз халқы отарлық саясатты күшейткен Орынбор әкімшілігіне және оны қолдаған Нұралы ханға қарсы наразылығын күшейтеді. Кейін Сырым Датов бастаған халық көтерісінің қыспағына ұшыраған Нұралыны биліктен шеттетеді, оның үстіне Игельстром реформасы да сәтсіздікке ұшырады. 1797 жылы Айшуақты хан етіп бекіту арқылы ықпалды сұлтандардың жолын кесіп тастады.               

Патшалық Ресей Кіші жүзде әмірлігін күшейту мақсатында 1801 жылы Еділ мен Жайық өзендерінің арасында Бөкей ордасын құрып, оны ішкі орда деп атады.

1821ж. Арынғазыны, ал 1824 жылы Шерғазы Айшуақовты хан тағынан тайдырғаннан кейін кіші жүздегі дәстүрлі хандық билік жойылады.

         1824 жылы " Орынбор қырғыздары" туралы уставтың қабылдануы хандық биліктің түпкілікті жойылуына және жаңа Ресей патшалығы таңған саяси әкімшілік жүйенің енгізілуіне себепші болды.

 

                                                                                                                     

     №7 дәріс.   Ресей империясы құрамындағы Қазақстан

 

Дәрістің  мазмұны: Ресейдің Қазақстанда жүргізген отаршылдық саясатының мазмұны ашылады.

Дәрістің  мақсаты: Ресейдің қоныс аударудағы мақсатын, саяси-әкімшілік реформалардың мәнін  талдау.

             

1. Қазақстанға орыс және украин шаруаларын қоныстандыру XIX ғасырдың 70 жылдарының соңы 80 жылдардан бастап қарқынды жүргізілді. Жетісу облысы әскери губернаторы Колпаковский бастамасы бойынша Жетісуға шаруалардың қоныс аударуы туралы "Уақытша ереже" әзірленді. Бұл құжат 1868 жылдан бастап 1883 жылға дейін күшін сақтады. "Уақытша ереже" бойынша орыс қоныс аударушыларына (ерлерге) 30 десятина жер беру, 15 жылға алым-салық және түрлі міндеткерліктерден босату, 100 сом мөлшерінде көмек беру және басқа жеңілдіктер анықталып, көрсетілді.

         1889 жылғы 13 шілдеде қабылданған "Ережеде" шаруалардың қоныс аударып, тұрақтайтын аудандары нақты көрсетіледі: Жетісу, Ақмола және Семей облыстарының территориясына орыс-украин шаруалары көптеп қоныстануы белгіленді. Атамекенінен қоныс аударған шаруаларға қажетінше жерді үлестіру кеңінен жүргізілді.

Патша үкіметі өзінің қоныс аудару саясатын қарқынды жүргізуді   көздеп, 1892-93 жж. Ұлы Сібір темір жол кұрылысын бастады. Қазақтар жерін экономикалық игеру мақсатында "артық", "бос" жатқан жерді анықтайтын түрлі экспедиция құрылып, жедел жұмысқа кіріскен еді.

         Қазақстанның оңтүстігінде 14 мыңдай орыс, украин және әскери адам қоныстанды. XIX ғасырдың 80 жылдарында мұнда 5 уезд және 80-нен астам елді мекендер пайда болды. Қоныс аудару салдарынан жергілікті тұрғын саны азайып, демографиялық ахуал күрделене түсті. Қазақтар сан жағынан  1897 ж. санақ бойынша 87 %-ға дейін азайды. Келімсек орыс және украиндардың саны 532,7 мыңға, татарлар - 55,4 мыңға, өзбектер - 73,5 мыңға, ұйғырлар - 56 мыңға артқан. Бұл сандық көрсеткіштер жаңа XX ғасырда ұлғая түсті.  

2. 1822-1824 жылдардағы Жарғылардың қабылдануымен Орта және Кіші жүзде хандық билік жойылды. Авторы Сібір әскери губернаторы М.Сперанский болған «Сібір қырғыздары туралы»  (1822 ж.)  Жарғы  бүкіл    Орта жүздің жерін қамтыса, авторы Орынбор әскери губернаторы П.Эссен болған «Орынбор қырғыздары туралы» (1824 ж.) Жарғы Кіші жүз территориясына  таралды.

         «Сібір қырғыздары туралы» Жарғы бойынша Орта жүз территориясы «Сібір қырғыздарының облысы» аталып  Батыс Сібір генерал-губернаторына бағынатын болды да орталығы алғаш Тобыл, 1839 ж. бастап Омбы болды.  Хандық билік жойылғаннан кейін Оңтүстік-батыс Сібірде тұратын қазақтар ішкі округтерге біріктірілді, ал Орта жүздің қалған қазақтары сыртқы округтерді құрады. 1838 жылға қарай 7 сыртқы округ құрылды:  Қарқаралы (1824 ж.), Көкшетау (1824 ж.), Аягөз (1831 ж.), Ақмола (1832 ж.), Баянауыл (1833 ж.), Құсмұрын (1834 ж.), Көкпекті (1838 ж.).

         Әр округ болыстар мен ауылдарға бөлінді. Батыс-Сібір генерал-губернаторлығын генерал-губернатор басқарды, оған сібір қырғыздарының облысы бағынды. Округтердің басшылығында округтік приказдар тұрды және оларды сұлтандар жиналысында 3 жылға сайланатын аға сұлтандар басқарды. Округке 15-тен 20-ға дейін болыс кірді. Болыстарды сұлтандар басқарды. Бір болыстың құрамында 10-нан 12-ге дейін ауыл болды. Ауылдарды ауыл старшындары басқарды, әр ауылда 50-ден 70-ке дейін үй болды. Қазақтарға тек қана өз округында ғана көшіп-қонуға рұқсат берілді, ал бір округтен екінші округке өту үшін жергілікті басшылардан рұқсат алуы керек болды.

         Жаңа әкімшілік бөлініс қазақтардың дәстүрлі жер қатынасын күйретті де, рулық қауым құлдырады. Сонымен  қатар оған аға сұлтандарға, болыс сұлтандарына,  тілмаштарға, казактарға түрлі көлемде жер бөліп беру де әсер етті. Оларға өңдеуге, мал  шаруашылығына, омартаға т.б.  ыңғайлы  жерлер бөлінді және егер де ол жерлер қойылатын талаптар бойынша дұрыс  пайдаланылатын болса, онда оның иесі жерге меншік құқығын иеленуге де мүмкіндігі болды. Патша өкіметінің қарауы бойынша Орта жүз жері бөлініске түсіп, бір әкімшілік басқарудан екіншісіне өтіп жатты. Осылайша, Омбы облысы Тобыл губерниясына кірді, Семей және Өскемен уездері Том губерниясына берілді.

         1824 ж. Орынбор генерал-губернаторы П.Эссен даярлаған «Орынбор қырғыздары туралы» Жарғы кіші жүзде жүзеге асырылды. Бұл реформа барысында Кіші жүздегі хандық билік жойылып, оның территориясы: Батыс, Орта және Шығыс болып үшке бөлініп, Орынбор генерал-губернаторлығына бағынды. Бұл бөліктердің басында аға сұлтандар тұрды. Бірінші аға сұлтандар: Қаратай Нұралыұлы, Темір Ералыұлы, Жұма Құдаймендеұлы болды. Аға  сұлтандардың  жанына Ресейдің «көзі мен құлағы» саналған 200 адамнан тұратын казак-орыс отрядтары берілді. Сұлтандарға  жылына  1200 сом жалақы  төленді.  1824 ж. Жарғы  бойынша құрамында төраға,  төрт кеңесші және төрт ауқатты қазақтан тұратын шекаралық комиссия құрылды.

         1822 ж. Жарғыдан айырмашылығы Кіші жүздегі ауыл старшындарынан бастап аға сұлтандарға дейін сайланбайтын болды, оларды шекаралық комиссияның ұсынысымен Орынбор генерал-губернаторы тағайындады. 1831 ж. дистанциялар мен старшындықтар ұйымдастырыла бастады. Батыс белікте - 8, Ортада - 20, Шығыста- 28 дистанция құрылды. 1837 ж. 1 сом 50 тиын күміс ақшамен түтін салығы енгізілді. Сұлтандар, старшындар және молдалар салықтан босатылды.

3. Қазақстанға әкімшілік басқару жүйесін енгізудегі патша үкіметінің алдына қойған басты мақсаты аймақтағы отаршылдық саясатын күшейту болды. Осыған орай, 1867 жылы 11 шілдеде патша жарлығымен империя құрамында Түркістан генерал-губернаторлығы құрылса, ал 1868 жылы Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтары құрылды. Патша үкіметінің 1886 жылғы Түркістан туралы ережесі және 1891 жылғы Далалық облыстарды басқару туралы Ережесі сол орыс билігін одан ары нығайтып, қазақ даласындағы отарлық езгі мен қанаудың күшеюін тереңдете түсті.

         1867-1868 жж. реформа сәйкес Қазақстан аумағы облыстарға бөлініп, ал облыстар әкімшілік орталықтарына, қазақ даласымен байланыссыз жататын әртүрлі генерал-губернаторлықтарға бөлшектенеді. Мысалы, Торғай мен Орал облыстары - Орынбор; Ақмола және Семей облыстары -Батыс Сібір; Жетісу мен Сырдария - Түркістан генерал-губернатор-лықтарының құрамына кірді. Бұрынғы ішкі Бөкей хандығының аумағы уақытша Торғай облыстық басқармасына бағынышты болып қалғанымен, ол ұзаққа созылмай, 1872 жылдан бастап Астрахань губерниясының құрамына кірді. Ал Маңғыстау түбегінің аумағы 1870 ж. қазақтардың көтерілісіне байланысты Кавказ әскери округының билігіне өтті.

         1867-1868 жж. реформалардағы басты бағыттардың бірі Қазақстанда күшті әскери-бюрократиялық аппарат құру болды. Ол аппарат әртүрлі жеңілдіктерге: анағұрлым жоғары еңбекақы, екі есе төлем, қызметтен босаған   кездегі   жоғарғы   зейнетақыға   қызығатын   чиновниктерден құралды. Бұл тұстағы генерал-губернаторлардың билік шараларын іске асыратын басқару жүйесі мынадай үш бөлікке бөлінді: облыстық басқармалар, уездік басқармалар және жергілікті басқармалар. Облыстық әкімшіліктің басқарма басшылығында әскери және азаматтық билік ететін әскери-губернатор тұрды. Облыстар өз кезегінде уездерге бөлінді. Уездік басқарманың бас-шылығына орыс чиновниктерінің ішінен облыстық әскери-губернатордың ұсынысы бойынша генерал-губернатор бекітетін уезд бастығы тағайындалды.

1867-1868 жж. реформа ел мен жерді басқарудағы патшалық үкіметтің алғашқы буыны болып табылатын жергілікті басқармаға көңіл бөлді. Әрбір уезд болыстарға, ал болыстар ауылдарға бөлінді. Уездер территориялық белгі бойынша бір болысқа 1000-2000 киіз үй және бір ауылға 100-ден 200-ге киіз үй кіретіндей болып есептелген болыстар мен ауылдарға белінді. Болыстар шаруашылық жағынан біріккен ауылдардан тұрды. Осыған байланысты жаңа жағдайда қазақтардың рулық қатынастар бойынша тарихи бөлінуі заңды түрде жойылды.

Реформаларды жүзеге асыруда патша үкіметі саяси-экономикалық іс-шараларымен қатар өлкені мәдени және рухани жағынан да отарлауға басты назар аударған болатын. Халық ағарту ісі патшалықтың сыртқы саясатының үлкен де маңызды саласы болып табылатын. Бұл сала патша үкіметі отарлау саясатының өзекті құралы десе де болады. Бұл саясат Ресейдің  қарамағындағы ұлттарды біртіндеп христиан дініне кіргізу арқылы орыстандырып, сөйтіп империяның тұтастығын арттыруға арналған еді.

1867-1868 жылдардағы әкімшілік реформалар қазақтардың жаңа көтерілісін туғызды. XIX ғасырдың 60 жылдарының алғашқы  жартысында Қазақстанда, әсіресе Кіші жүзде отаршылдыққа  қарсы жаппай халық наразылықтары өріс алды.

         Жалпы XIX ғасырдың екінші жартысындағы реформалардың болмысы туралы қорыта айтқанда мынандай түйін жасауға болады. Патша үкіметі Қазақстанға енгізген әкімшілік реформалары негізінде оның саяси дербестігін толығымен жойып, қазақ жерінде империя құрамындағы әкімшілік басқару жүйесін орнатты.

 

 

8 дәріс. XX ғасырдың басындағы Қазақстанның әлеуметтік-саяси дамуы

 

Дәрістің мазмұны: XX ғ. басында Қазақстандағы әлеуметтік-саяси даму мәселесі қаралады.

Дәрістің мақсаты: Қазақстандағы бірінші орыс революциясы және Ақпан төңкерісінен кейінгі қалыптасқан саяси дамудың мәнін ашу.

 

1. Ресей империясындағы 1905 жылғы бірінші Орыс революциясы қазақ халқының азаттық қозғалысының жаңа сатыға көтерілу кезеңін бастап берді. 1905 ж. саяси оқиғалар туралы алғашқы хабарлар қазақ даласына жетісімен, Ә.Бөкейханов атап көрсеткендей, "бүкіл дала саясат аясына тартылып, азаттық үшін қозғалыс тасқыны құрсауына енді". Сол кезеңдегі әкімшілік орындарына түскен мәліметтердің бірінде: "Патша үкімдерінің жариялануынан бері қарай қырғыз жұрты мерзімді басылымдарға қызығушылықпен зер сала қарай бастады. Сауаты барларының көпшілігі астаналық газеттерді жаздырып алуда. Қырғыздар арасында бұрын-сонды болмаған құбылыстар байқалуда" - делінген. Қазақ даласында байқалған мұндай құбылыстардың бірі өлкенің барлық елді мекендерінде қазақтардың үлкенді-кішілі жиылыстарының өткізіле бастауы еді. Мұндай жиылыстарда қазақ жұртының көкейтесті мұктаждықтары талқыланып, ол жөнінде орталық үкімет орындарына тапсыруға петициялар әзірленді.

         1905 жылы Семей облысы Қарақаралы уезінің Қоянды жәрмеңкесінде 14,5 мың адам қол қойған Қарқаралы петициясына  Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың, Ж.Ақбаевтың қатысы болды.

Қазақ ұлт зиялыларының қоғамдық-саяси қызметіндегі белсенділігі де арта түсті. Олар 1905 жылдың желтоқсанында Оралда бес облыстың қазақ халқы делегаттарының съезін өткізіп, өз партиясын - Ресей   конституциялық-демократиялық (кадет) партиясының бөлімшесін құруға әрекет жасаған болатын. Ондағы мақсат - 17 қазанда жарияланған патша Манифесі берген бостандықтар шеңберінде қазақтардың ұлттық мүддесін қорғау еді. Осыған байланысты 1906 жылдың ақпанында Семейде қазақтардың екінші съезі өткізілді. Ол кадеттерге жақын бағдарламаны мақұлдады. Сонымен қатар, оған өлкеге шаруалардың қоныс аударуын тоқтату, Қазақстанның барлық жерін байырғы халықтың меншігі деп тану, ұлттық мектептер ашу, тағы басқа да талаптар енгізілді.

         1905 жылдың 6 тамызында Мемлекеттік Дума жөніндегі патша Манифесі қазақ еліне де депутат сайлау құқығын берген болатын. Нәтижесінде, қазақ халқы Мемлекеттік Думаға әр облыстан бір депутаттан ғана сайлау құқығына ие болды. Сөйтіп, Қазақстаннан бірінші Мемлекеттік Думаға барлығы 9 депутат, оның ішінен 4 миллион қазақ халқынан 4 депутат: Ә.Бөкейханов, А.Бірімжанов, А.Қалменов және Б.Құлманов сайланды. Олар Дума жұмысына мұсылман депутаттары фракциясы құрамында қатынасты. Бұл фракцияның заң жобасы ретінде дайындаған ең басты құжаты аграрлық мәселеге байланысты еді. Мұсылмандар фракциясы жер мәселесіндегі аграрлық тұжырымдаманы мұсылмандар партиясының бағдарламасы негізінде  ұсынды.

1905 жылдың 6 тамызындағы және 11 желтоқсанындағы сайлау заңдары негізінде ІІ Думаға Қазақстаннан 14 депутат, олардың 6-ы қазақ ұлтының өкілдері: молда Ш.Қосшығұлов - Ақмола облысынан, би Х.Нұрекенов - Семей облысынан, адвокат Б.Қаратаев - Орал облысынан, сот тергеушісі А.Бірімжанов - Торғай облысынан, Т.Алдабергенов -Сырдария облысынан, қатынас жолдары инженері М.Тынышпаев -Жетісу облысынан сайланды. ІІ Дума депутаттарының құрамы жағынан болсын, күн тәртібіне қойылған мәселелерді талқылау жағынан болсын бірінші Думаға қарағанда солшыл бағытта болған-ды. Негізгі пікір тартысын тудырған мәселелердің бастысы аграрлық және қоныс аудару мәселесі болды. Әсіресе, депутаттар Б.Қаратаев, А.Бірімжанов, Ш.Қосшығұлов, Х.Нұрекенов өте белсенді түрде, заң шеңберінде патша өкіметінің қоныс аудару саясатына қайткенде бір ықпал етуге тырысты.

            Ізгі мақсатқа қол жеткізу үшін, ендігі жерде қазақ зиялылары саяси күрестің басты құралдары ретінде "Айқап" сияқты журнал мен "Қазақ" сияқты бұқаралық газет шығарып, өздерінің ғасыр басындағы белсенді басталған қоғамдық-саяси қызметін одан әрі жалғастыра түсті.

         "Айқап" журналы қазақ елінде 1911-1915 жылдары шығып тұрды. Оның шығарушысы және редакторы Мұхамеджан Сералин (1871-1929) болды. Журнал Қазақстандағы сол кезеңнің идеялық-саяси ой-пікірдің аграрлық-демократиялық бағыттарын білдірді. Оған Б.Қаратаев, С.Сейфуллин, Б.Майлин, С.Торайғыров, Ж.Сейдалин және басқалар қатысып түрды. Журнал беттерінде негізгі мәселелер қатарында оқу-ағарту ісі мен аграрлық мәселе, яғни жер қатынастары, көшпенділердің дәстүрлі мал шаруашылығы және олардың отырықшылыққа көшуі туралы мақалалар көптеп жазылды. Сондай-ақ, журналда патша өкіметінің отаршылдық саясаты әшкереленіп отырды.

         Сонымен қатар, Орынбор қаласында 1913-1918 жылдары А.Байтұрсыновтың басшылығымен шығып тұрған ресми "Қазақ" газеті болды. Ол либерал-демократиялық бағыт идеяларын ұстанды. Газет редакциясында сол кездегі қазақ конституциялық-демократиялық партиясының және қазақ халқының жалпы ұлттық қозғалысының жетекшісі, экономист-ғалым Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов және басқалар қызмет істеді. Олар ең күрделі аграрлық мәселеде жерге Ресей патшалығының тарапынан мемлекеттік меншіктің күшін жою және оны қазақтардың меншігіне беру, жер сатуға тыйым салу талаптарын қойды.

         Тұтас алғанда, қазақ өлкесінің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірінің дамуы туралы әртүрлі көзқарастарда болғанына қарамастан, XX ғасырдың алғашқы ширегінде шығып тұрған "Айқап" журналы мен "Қазақ" газеті өз беттерінде ұлттық идеялар мен қазақ халқының мүдделерін ақиқат жолымен жан-жақты көрсете білді.

2. Ұлттық демократияшыл зиялылар ұлттың азаттық идеясын таратушы, қазақ халқының ұлттық сана-сезімін оятушы, отаршылдыққа қарсы күреске дем беруші болды. Оны либералды - демократиялық қозғалысының жоғарғы білімді қайраткері, бұрын кадет партиясы Орталық Комитетінің мүшесі болған Ә.Бөкейханов басқарды. Көрнекті ағартушылар мен демократтар, революциялық қозғалысқа белсене қатысушылар А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ә.Ермеков, Жаһанша және Халел Досмұхамедовтар, Ж.Ақбаев және басқа көптеген адамдар оның пікірлестері мен серіктеріне айналды. Алаш қозғалысының әлеуметтік негізінің ауқымдылығын азаттық қозғалысының жалпы ұлттық көлемімен, оның демократиялық, ағартушылық және отаршылдыққа қарсы сипатымен түсіндіруге болады. Қазақ халқын отарлық езгіден азат ету, автономиялық ұлттық мемлекет құру идеясы қозғалыстың негізгі өзегіне айналды.

         1917 жылғы шілденің 21-26-сында Орынборда Жалпықазақ съезі болып, оған Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферған облыстары мен Ішкі Бөкей Ордасынан өкілдері қатысты. І Бүкілқазақтық съезд қазақтың ұлттық саяси партиясы «Алаш» съезі болып айқындалды. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Е.Омаров, М.Шоқай және буржуазиялық-демократиялық бағыттағы қазақ интеллигенциясының басқа да өкілдері «Алаш» партиясының жетекшілері болды. Съезд мемлекеттік басқару формасын, қазақ облыстары автономиясын, жер мәселесін, халықтық милиция ұйымдастыру, земство, халыққа білім беру, сот, рухани-дін мәселелерін және т.б. қарады. Съезд қазақтың «Алаш» саяси партиясын құру туралы мәселе қарап, оның бағдарламасын жасау қажет деп тапты. «Мемлекеттік басқару формасы» мәселесі бойынша съезд «Ресей демократияшыл федерациялық парламенттік республика болуға тиіс»,-деп жазды; қазақ облыстары «облыстық ұлттық-аймақтық автономия алуға тиіс» деп тапты. Съезд Қытайдағы 83 мың қазақ босқындары және 1916 жылғы оқиғаларға қатысып, Жетісу казактары мен Уақытша үкімет органдары тарапынан кемсітушілік пен қуғындауға ұшырағандар жөнінде өз көзқарасын білдірді. 1917ж. күзінде Қазақстанда тағы бір ұлттық-саяси ұйым - өзін «қазақтың социалистік партиясы» деп атаған «Үш жүз» партиясы пайда болды. Оның жетекшісі К.Төгісов болды. Бұл партия большевиктік бағыт ұстап, Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінің көптеген мәселелері бойынша «Алаш» партиясының негізгі оппоненті тұрғысында оған қарсы шығып отырды.

         3. Ақпан революциясынан кейін Ресейдің ұлт аймақтарында мұсылмандар қозғалысы жандана түсті. 1917 ж. сәуірде Түркістан, Башқұртстан, Татарстан, Кавказ мұсылмандарының съездері болып өтті. Ақпаннан қазанға дейінгі кезеңде ұлттық демократия идеясы қалыптасты. Қыркүйекте мұсылман ұйымдарының съезі тұңғыш мұсылман партиясын – Түркістан федералистер партиясын құрды. Съезд Ферғана, Сырдария, Каспий сырты, Жетісу облыстары құрамындағы Түркістан өлкесін «Ресей республикасымен федерациялық байланыстағы автономиялы ел» деп жариялайтын тұғырнама қабылдады. Түркістан және қазақ мұсылмандарының Түркістан, Орал және Торғай облыстарының өкілдері қатысқан съезі (1917 ж., 17-20 қыркүйек) «Иттифок-и -муслимин» партиясы Ресей республикасы құрамындағы аймақтық автономия идеясын ұсынды. Діни сипатына қарамастан, бұл саяси ағымдар Түркістан мен Қазақстан жерінде тұратын халықтардың жалпы ұлттық мүдделерін де білдірді.

         Өлкеде социал-демократиялық топтардың ескілері жанданып, жаңалары құрыла бастады. 1917 ж. наурыз айында облыстар мен өлкелердің орталықтарында: Омбыда, Орынборда, Оралда, Ташкент пен Верныйда социал-демократиялық ұйымдар құрылды. Қазақ халқының таңдаулы өкілдері: А. Асылбеков, Б. Серікбаев, С. Меңдешев, Т. Бокин, М. Жәнібеков, С. Арғыншиев, С. Сейфуллин, Т. Рысқұлов, Ә. Майкөтов және т.б. танымал саяси басшылар болды. Әулиетата мен Меркеде «Қазақ жастарының революцияшыл одағы» құрылды, Ақмолада «Жас қазақ» ұйымы жұмыс істеді. Ірі қалаларда, уездерде эсерлер ұйымдары пайда болды. Осы ұсақ буржуазиялық партияның «жерді оны өңдейтіндерге беру керек», «жер – бүкіл халықтың меншігі» деген ұрандары, Түркістандағы съезде патша өкіметінің отарлау саясатын айыптауы оның уақытша табысқа жетуін қамтамасыз етті. 1917 ж. жазына қарай барлық Кеңестер (Черняев Кеңесінен басқалары) солардың қолында болып шықты. Сонымен қоса Оралда, Атырауда, Петропавлда, Павлодарда, Көкшетауда, Семейде казак партиясының бөлімшелері жұмыс істеді.

         Сөйтіп, Ресейдегі сияқты, оның ұлттық аймағы – Қазақстанда да көп партиялы жүйе қалыптасты. Қазақстанда ұлттық, діни, таптық, сословиелік негізде пайда болған әр түрлі партиялар мен топтар көптеген реттерде келісімге немесе ымыраға келе алмай, бір-бірімен шиеленіскен айтыс жүргізді. Сонымен бірге 1916 ж., оның ізінше болған 1917 ж. Ақпан революциясы Қазақстанның халық бұқарасының орасан көпшілігін дүр сілкіндіріп, тарихи процестің дамуын жеделдетуге себепші болды.

 

№ 9 дәріс. 1920-1940 жж. Кеңестік Қазақстан

 

Дәрістің мазмұны: Кеңес дәуіріндегі тоталитарлық жүйенің қалыптасуы барысындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы баяндалады.

Дәрістің мақсаты: Кеңестік индустрияландыру, ұжымдастыру мәселесін қарастырып, қуғын-сүргіннің көлемі мен Қазақстанда орын алған зардаптарын ашу.

 

1. Социалистік индустрияландыру саясаты өзінің мазмұны жағынан ірі машиналы өнеркәсіпті, ең алдымен ауыр индустрияны бүкіл халық шаруашылығының салаларын түбегейлі қайта құруды қамтамасыз ететіндей дәрежеде дамытуға бағытталды. Социалистік индустрияландырудың капиталистік индустрияландырудан ерекшелігі болды. Капиталистік мемлекеттер өздерінің индустриялды дамуын, әдетте, пайда тез түсетін жеңіл өнеркәсіп салаларын дамытудан бастайды. Осы салаларға тән болып келетін кәспорындардың шағындылығы мен оған жұмсалатын қаржының (капиталдың) айналымдылығы әуелгі кезде жеңіл өнеркәсіпті өте тиімді салаға айналдырады. Тек уақыт өткен соң ғана жинақталған қаржы біртіндеп ауыр өнеркәсіпке ауысуына байланысты ауыр индустрия салалары дамиды.

Большевиктер партиясының басшылығымен жүзеге асырылған елді индустрияландыру саясаты шеткері орналасқан ұлттық аймақтар, оның ішінде әсіресе Қазақстан үшін отаршыл бағытта болды. Мәселен, көрнекті қайраткер, экономист С.Садуақасов шикізат қоры көздеріне өнеркәсіптерді жақындату мақсатын көздеді. Ол қазақ өлкесінен шикізаттарды өндірістік аймақтарға тасып, одан кейін ол жақтан дайын өнімді қайта алып келуге кететін шексіз транспорттық қаржы жұмсауға, яғни өлкені тек шикізат көзі ретінде пайдалануға қарсы болды.

Қазақстанда өнеркәсіп, өндіріс қазақ қоғамының табиғи қалыптасқан жағдайына жат деп есептегендер болды. Елімізде 1920 ж. өнеркәсіп өндірісінің жалпы даму деңгейі өте төмен болды. Қазақстанның өнеркәсіп өндірісін Орал-Эмбі ауданындағы бірнеше мұнай кеніштері, Орталық Қазақстандағы көмір шахталары және Алтайдағы қуаты төмен түрлі-түсті металлургия кәсіпорындары ғана құрады. Елдің экономикасында ауыл шаруашылығы басым болды, яғни барлық өнімнің 84,4 проценті ауыл-шаруашылық өнімдері болды. Халықтың 90 пайызы ауылдық жерде тұрды. Жұмысшылар саны 1926 жылы бүкіл елде халықтың бар болғаны 10,7 пайызын құрады.

Осындай қиындықтарға қарамай большевиктер Казақстанды бүкіл одақтық көлемдегі елді индустрияландыру бағытында жетекші орынға қойды. Қазақстанды индустрияландырудың ең алғашқы қарлығашы Түркістан-Сібір темір жолы болды. КСРО Еңбек және Қорғаныс кеңесі 1926 жылы 3 желтоқсанда ұзындығы 1500 километр Түркістан-Сібір темір жолын салу туралы шешім қабылдады. Индустрияландыру жылдарында Карағанды-Балқаш, Гурьев — Доссор, Ақмола-Қарағанды, Жарық-Жезқазған, Рубцовка-Риддер темір жолдары салынды.

Өлкені индустрияландыру барысында кеңес үкіметі түсті металлургия, көмір және мұнай өндіріс орындары мен теміржол саласын одан әрі өркеңдету міндеттерін қойды. Осыған байланысты жаңа өндіріс орындарын салу және жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын қайта құру үшін тек 1933-34 жылдары 566,6 млн. сом қаржы бөлінді. Оның бестен төрті ауыр индустрияны дамытуға жұмсалды. Олардың ішінде Қарағанды шахталары, Шымкент қорғасын және Балхаш мыс қорыту зауыттары, Ақтөбе химия комбинаты болды.

Қазақстанды индустриаландыру барысында Текелі полиметалл және Жезқазған мыс қорыту комбинаттары, Өскемен қорғасын-мырыш зауыттары салына бастады. 1933 жылы ақпан айында Шымкент қорғасын зауытының алғашқы пеші жұмыс істеді. Бұлар Қазақстанда ғана емес бүкіл ел көлеміндегі түсті металдарды өндіруші өте ірі өндіріс орындары болды. 1939 жылы Шымкент зауыты бүкіл Одақтағы қорытылған қорғасынның 73,9 процентін берді. Балқаш мыс қорыту зауыты республикадағы қорытылған мыстың 51 процентін берді. Осының бәрі Қазақстанды түсті металдар шығарудан одақ көлемінде 2-ші орынға шығарды.

Мұнай өндірісінен де Қазақстан алдыңғы орынға шықты. 1940 жылы мұнай өндірудің көлемі 700 мың тоннаға жетті. Мұнай өндіруден Қазақстан Одақ көлемінде 3-ші орынға шықты. Эмбі мұнай орны игерілді. Сағыз және Құлсары мұнай орындары ашылды.

Қазақстанда химия өндірісі қалыптасты. 1933 жылы қарашада Ақтөбе химия комбинаты мен Аралсульфат комбинаты да іске қосылды.

Темір жол саласын дамыту Қазақстанды индустрияландырудың бір бағыты болып есептелінді. Индустрияландыру кезінде өлкеде темір жолдар салынып, жүк және жолаушыларды тасымалдау кең дамыды. 1928-1940 жылдары темір жолдардың өсуі 50 процентке артып, оның ұзындығы 6581 км. жетті.

Қазақстан 20 жылдардың аяғы мен 30 жылдары, өте қысқа мерізімде аграрлы елден индустриялы елге айналды. Алайда Қазақстанда өндірілген бұл шикізаттарды өндейтін өндіріс орындары салынбады. Өлкені индустрияландыру барысында өнеркәсіп өндірісінің жүрегі болып саналатын машина жасау бағыты, оның мынадай жетекші салалары станок жасау, автомобиль шығару, трактор жасау, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау салалары мүлде қамтылмады. Республиканы индустрияландыру тек шикізаттық бағытта болды.

         2. Қазақстанда большевиктер 1926-1927 жылдары бай-кулактардан алынған 1250 мың десятина жайылымдық және 1360 мың десятина шабындық жерлерді бөлді. Бөлінген шабындық жердің 61,6%-ін кедейлер, 8,8%-ін ауқаттылар алды. Ал жайылымдық жердің 59,3% кедейлерге, 31,7% орташаларға және 9% ауқатты қожалықтарға берілді. 1928 жылы өткен қазақ байларын тәркілеу кезіндегі қазақ қоғамындағы бай-феодалдар саны 696 шаруашылық болған.

         Қазақстанда ұжымдастыру елдің басқа аймақтарымен салыстырғанда баяу жүргізілуі тиіс деген пікірге Ф.И.Голощекин мүлде қосылмады. Ол «Кіші Қазан» идеясын жүзеге асыру барысында Қазақстандағы ұжымдастырудың жоғары қарқынын мақтаныш етті.    

Елімізде 1928 жылы шаруа қожалықтарының тек 2 проценті ғана ұжымдастырылса, 1930 жылы 50 проценті, 1931 жылдың қазанында 65 проценті ұжымдастырылды, яғни сол жылы республикадағы 122 ауданның 78 ауданында ұжымдастырумен 70-тен 100 процентке дейін шаруа қожалықтары қамтылды. Ұжымдастыру қарқыны күштеу, зорлық-зомбылық көрсету арқылы жүзеге асырылды. Күштеп ұжымдастырушылар қазақ қоғамындағы дәстүрлі мал шаруашылығының ерекшелігін мүлде еске алмады. "Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын", "Қайдан тапсаң онан тап, қаптың түбін қақ", "Социализмде сотқа тартылмаған адам болмайды" деген ұр да жық ұрандар елдің түбіне жетті.

          Осы жылдары шаруа кожалықтарынан бай-кулактарды бөліп алып, оларды тап ретінде жою жүзеге асырылды. 1928-1929 жылдарда бай-кулактар есебіне алынып жазаға тартылғандар, яғни қудаланғандар есебі 54 625 болды. 1931 жылы 5500 шаруа бай-кулак ретінде аласталды.

         Күштеп ұжымдастыру саясаты халықтың наразылығын тудырды. 1929-1933 жж. өлкеде барлығы 372 көтеріліс болып, оларға 80 мыңдай адам қатысты. Большевиктер бұл наразылықтардың негізгі себебін байлар мен дін басыларының кеңес үкіметіне қарсы халықты ұйымдастыруынан деп көрсетті. Кеңес үкіметі бұл көтерілістерді әскери күшпен басып жаншыды.

          Большевиктер жүргізген күштеп ұжымдастыру мен солақай отырықшыландыру саясаты қазақ ауылына үлкен соққы болды. Әсіресе, мал шаруашылығы қатты күйзеліске ұшырады. 1929 жылы Қазақстанда 40 млн. бас мал болғанын, содан 1933 жылы 4 млн. ғана мал қалғанын билік мойындауға мәжбүр болды.

         Нәтижесінде 1932-33 жылдары халық аштыққа ұшырады. Зерттеушілер 1930-1932 жылдары шетелге кеткен қазақтар санын, қайтып келгендерді шығарып тастағанда аштықтан қырылғандар санын 1,3 млн. адамға жеткізеді.

         Аштықтың зардаптарын баяндап РСФСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасының орынбасары Т.Рысқұлов Сталинге хат жазды. Аштыққа байланысты жоғарғы партия мен үкімет басшыларына жазылған хаттар қатарын О. Исаевтің және "Бесеудің хаты" толықтырады.

         1932 жылы 17 қыркүйекте "Ауыл шаруашылығы туралы" қаулы қабылданып, Қазақстан мал шаруашылығындағы "кемшіліктерді түзеу" бағыты белгіленеді. Алайда қаулы өлкелік комитеттің жүргізген саясатын айыптамады, тіпті, ол қаулыда аштық туралы бір сөз жоқ. Қаулы егіншілік аудандарында жеке меншікте 2-3 бас сиыр, 10-20 бас қой, ал мал шаруашылығы аудандарында 100 бас қой, 8-10 бас ірі қара, 3-5 түйе, 8-10 жылқыға дейін ұстауға рұқсат берді. Сөйтіп, 1933 жылдың наурызында Қазақ Өлкеком хатшысы болып Л.Мирзоянның келуімен ғана аштықтың ауыр зардаптарын жою шаралары жүйелі түрде жүзеге асырыла бастады. 

3. Кеңес дәуіріндегі қазақ зиялыларына қарсы бағытталған айыптаулардың ішінде большевиктердің Алаш зиялыларына қарсы бағытталған күресі ең қатал және ымырасыз болды. 1920 жылдардың орта кезінде большевиктер Алаш зиялыларына қарсы күресте айыптаулармен ғана шектелсе, одан кейінгі кезеңде ол өте-мөте қатал жаппай саяси қуғынға ұласты.

Алаш зиялыларына қарсы күрестің жандануына 1925 жылы 29 мамырда Сталиннің Қазақ өлкелік партия комитетінің бюросына өлкелік "Ақ жол" газетінің ұстанған бағытын айыптап арнайы жазған хаты себеп болды. Ол хатта газет бетіндегі жарияланған мақалалардың бұл кезде шет елде эммиграцияда жүрген М. Шоқайдың ойымен "үндес және пікірлес екенін, яғни алашордашыл, ұлтшыл идеяларды жаңғыртатыны" атап көрсетілді. Көп кешікпей-ақ, 1926 жылы болған партия конференциясында Ф.Голощекин басында А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов сияқты қазақ зиялылары тұрған ұлттық қозғалысты "реакцияшыл, тіптен, контрреволюцияшыл" деп бағалады.

1928 жылдың аяғында қазақтың ірі ағартушылары,  әдебиетшілері, әртүрлі саладағы зиялылары және Алашорда қайраткерлері А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, X.Ғаббасов және т.б., барлығы 44 адам қуғындалып, тұтқындалды.

1930 жылдың қыркүйек-қазан айларында ұлттық интеллигенцияның екінші бір тобы (40-қа жуық адам), құрамында X. және Ж.Досмұхамедовтер, М.Тынышпаев, Ж.Ақпаев, Ә.Ермеков және өзге де зиялы қауым өкілдері бар, тұтқындалды. Көп кешікпей олардың 15-і (X. және Ж.Досмұхамедовтер, М.Тынышпаев, Ж.Ақпаев, К.Кемеңгеров және басқалары) Ресейдің Орталық қара топырақты ауданына жер аударылды. Мұндай іс-әрекеттердің барлығы большевиктердің өздеріне идеялық жағынан қарсылық көрсете алатын зиялылардан құтылу жолы екенін байқатады.

1937-38 жылдардағы жаппай қуғын-сүргін қарсаңындағы ең алғашқы іс Қарағандыдағы сот ісі болды. Ондағы айыпталушылар   тізімінде   округтік   партия ұйымының хатшысы М.Гатауллин, мүшелері А.Асылбеков, Н.Нұрсейітов т.б. болды. Олардың негізгі кінәсі — батылдылығы мен принципшілдігі. Олар 1937 жылы қарашада өткен сот процесіңде өздерінің "Мәскеудегі "троцкистік орталықпен" қалай байланыс орнатып, олардың тапсырмасын Қазақстанда қалай жүзеге асырғандарын мойындады".

Кейін халық жауларын түсті металлургиядан, темір жол транспортынан, жерхалкомынан, байланысхалкомынан және т. б. жерлерден анықтап, жауапқа тарта бастады. Партия кеңес қайраткерлерінің тізімін Н.Нұрмақов (БОАК президиумының жауапты кызметкері), Т.Рысқұлов (РКФСР ХКК төрағасының орынбасары) Мәскеуде ұсталып бастаса, кейін ол тізімді еліміздегі көрнекті қайраткерлер: К.Сарымолдаев, Ұ.Құлымбетов, Ғ.Тоғжанов, Ә.Лекеров, А.Розыбакиев, Ж.Сәдуақасов, І.Құрамысов және т.б. ұсталып ату жазасына, немесе лагерлерге ұзақ мерізімге айдалды.

         Контрреволюциялық іс-әрекет жүргізушілерге қарсы күрес науқаны мыңдаған жазықсыз адамдардың басына қасірет әкелді. Елде құқықты одан ары дөрекі бұрмалау күшейе түсті. Саяси кінә тағылғандар ісі Кагановичтің ұсынысымен сотсыз қаралып, ату жазасына кесілетін болды. Кейін ондай істердің өте көптігіне байланысты Молотовтың ұсынысымен жазалау тізіммен жүзеге асырылды. Ерекше Кеңес заңда көрсетілгеңдей толық құрамымен іс-әрекет етпеді. Олар алғаш "үштік" болып, кейін тіпті "екілік" болып әрекет етті.

Осы 1937-38 жылдардағы қуғын-сүргін кезінде күштеу аппараты сотқа тартылатындарды тізіммен беретін болды және де оларға көбінесе ату жазасын талап етіп отырды. Кей деректерде 1937-1938 жылдары Қазақстандықтардың 44 мыңы түрмелерге түсіп, 22 мыңы атылды десе, басқа деректер 1930-50 жылдары 100 мыңнан астам адам репрессияға ұшырады, оның ішінде 20 мыңнан астамы атылғанын айтады. Р.Конквест мәліметі бойынша Одақ көлемінде 1937 жылы түрмеде қамалғандар 5 млн., ал 1938 жылы тағы да 7 млн. қамалғандар болды. Ал А.Солженицын 1939 жылдың 1 қаңтарына дейін Одақ бойынша атылғандар санын 1 млн. 70.000 адам деп көрсетеді.

Қорытып айтқанда, 30 жылдарда тоталитарлық жүйе Қазақстанның қоғамдық саяси өмірінің барлық саласында бекіді. Ол елде күшпен ұжымдастыру және 1937-1938 жылдардағы саяси жазалау дәуірінің қайғылы оқиғаларымен ұштасты. Республикадағы әлеуметтік-экономикалық өзге-рістер, Қазақстанға Одақтас республика дәрежесін беру, мәдени құрылыстағы, халық ағарту ісіндегі және ғылымдағы табыстар сталиндік әміршіл-әкімшіл жүйенің тек қатаң идеологиялық қыспағында іске асты.

 

 

№ 10 дәріс. Қазақстан қайта құру жылдарында

 

Дәрістің мазмұны: Қазақстан тәуелсіздігінің алғышарттарын тудырған 1980 жылдың екінші жартысындағы әлеуметтік-экономикалық қайшылықтар баяндалады.

Дәрістің мақсаты: КСРО-ның ыдырау себеп-салдарын ашып, Қазақстандағы қоғамдық саяси жаңғыруларды талқылау.

 

         1. 1980 жылдардың аяғында Қазақстанның мемлекеттік егемендігі мен ұлттық тәуелсіздік мәселелері алдыңғы қатарға шыға бастады. Өйткені Кеңестер Одағындағы қайта құру процестері халықтар арасындағы ұлттық қатынастардың өте күрделі екендігін көрсетті. Одақтас республикалар Кеңес Одағын егеменді мемлекеттердің одағына айналдыру реформасын дайындай бастады. Оған КСРО-ның құрамында болып келген ұлт республикаларының Одақтан бөлініп шығып, өздерінің егеменді мемлекет болуы жөніндегі талаптарының әсері тиді. Осының нәтижесінде 1988 жылдың қараша-1989 жылдың мамыр айлары аралығында Балтық жағалауындағы Эстония, Литва, Латвия республикалары өздерінің егемендігі туралы алғашқы құжаттарын қабылдады. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстан Жоғарғы Кеңесі де «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация» қабылдады. Бұл кезде Кеңестер Одағының одан әрі дамуы жөніндегі әр түрлі үлгілері пайда болған еді. Қазақ КСР-і соңғы кезге дейін Одақты сақтап қалуға күш салды. Алайда, жаңа Одақтық шартқа қол қояр алдында 1991 жылы 19 тамызда бұрынғы Кеңес Одағының басшылары Янаев, Павлов, Пуго, Язов, Крючков қатысқан мемлекеттік төңкерістің болуымен және орталықтың ешқандай ымыраға келмеуімен байланысты одақтас республикалардың жетекшілері бұған дейін жүргізіліп келген келіссөз талаптарынан бас тартуға мәжбүр болды. Бұл жағдайлар Кеңес Одағының ыдырауын тездетіп, оны реформалаудың 20 тамызға белгіленген Новоогарево келісімін болдырмай тастады. «Тамыз бүлігі» Коммунистік партияның тарауына әкелді.

         1991 жылы 8 желтоқсанда Минскіде (Беловеж) Белорусь, Ресей және Украин президенттері «Тәуелсіз мемлекеттер достастығын құру туралы» Беловеж келісіміне қол қойды. Онда жоғарыда аталған мемлекеттер 1922 жылы Одақтық келісімге қол қойып, КСРО-ны құраушылар болғандықтан: «КСРО халықаралық құқықтың субъектісі ретінде өмір сүруін тоқтатады және геосаяси мәнін жоғалтады» - деп мәлімдеді. Одан әрі: «Біздің халықтардың тарихи бірлігіне, қалыптасқан қатынастарға сүйене және екі жақты келісімдерді ескере отырып, демократиялық құқықтық мемлекет құру үшін жоғарғы келісім жасаушы тараптар Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құрады», - деп атап көрсетілді. Сөйтіп бұл келісім 1922 жылы Кеңес Одағының құрылуы туралы шарттың күшін жойып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құрды.

         Бұдан кейін Орта Азия және Қазақстан мемлекет басшылары Ашхабадттағы кездесуде «Беловеж келісімін» талқылап, тең құқықтық дәрежеде жаңа мемлекеттер достастығын құруға әзір екендіктерін білдірді.

         Осылайша, 1991 жылы 21 желтоқсанда Алматы қаласында бұрынғы Кеңес Одағы құрамындағы 11 тәуелсіз мемлекет арасында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы келісім хаттамасына қол қойылды. Олардың арасындағы қарым – қатынастар әрбір елдің мемлекеттігін тану және құрметтеу, өзін-өзі билеу құқығының бұлжымастығы, тең құқылық және ішкі істеріне қол сұқпау ұстанымы, күш қолдану мен күшпен қоқан-лоққы жасаудан, экономикалық және қысым жасау әдістерінен бас тарту, дауларды шешу адам құқы мен еркіндігін, соның ішінде аз ұлттардың да құқығын құрметтеу, халықаралық құқық нормалары мен міндеттерді адал орындау негізінде дамиды - деп мәлімдеді. Сөйтіп, 1991 жылғы желтоқсандағы Алматы қаласында бас қосқан тәуелсіз елдер басшыларының келісімі КСРО-ның әмір сүруін тоқтатумен аяқталды.

         2. XX ғасырдың 80 жылдарының орта шенінде кеңестік қоғамда түбегейлі өзгеріс қажеттігі айқын сезіле бастады. 1985 жылы наурыз айында КОКП Орталық Комитетінің пленумында Бас хатшы болып М.С. Горбачев сайланды. Ол сол жылдың сәуір айында өзінің "қайта құру" бағытын айқындайды. Кеңестер Одағының жаңа басшылығының жариялаған әлеуметтік-экономикалық қайта құруға бағытталған бағыт, кейін уақыт көрсеткендей, оның алдындағы өкімет басшылары сияқты өзін демократиялық реформатор етіп көрсетуге бағытталған талпыныс еді. Жеделдетудің басты қадамы ретінде өндірістік құрылымды, құрал-жабдықтарды техникалық жүйелерді жаңарту идеясы ұсынылды. Бұл идеяны ұсынушылар - академик-экономист А.Г.Аганбегян және т.б. тұтыну жабдықтарын сатып алуға бөлінетін валютаны азайтып, үнемделген қаржыны сырттан машина жасау өнімін сатып алуға жұмсауды ұсынды. Жоба авторлары бұл шара 1990 ж. қарай кұрал-жабдық және машина жасаудың азаматтық салаларының құрал-саймандарының 90% әлемдік стандарт деңгейіне жеткізуге мүмкіндік әперіп, еңбек өнімділігін күрт өсіріп, жеделдетуге алып барады деп сенді. Аграрлық салада да ғылыми-техникалық революцияның жетістіктерін ендіру ауыл шаруашылық өндірісін жеделдетеді деп есептеді.

         Бірақ та, іс жүзінде, жеке меншіктің нарықтық қатынастың толыққанды өндірілмеуі жеделдету тұжырымдамасын қиялға айналдырып жіберді.  Өндіріс өнімінің тапшылығы заводтар мен фабрикаларды өндіріс құрал-жабдықтарын жаңартуға ынталандырмады. Өйткені товардың жетіспеушілігі оның сапасына деген сұранысты жоққа шығарды. Сондықтан да заводтар мен фабрикалар шетелдік құрал-жабдықты сатып алу арқылы жеделдетуге бағытталған партиялық бағытты барынша орындамауға тырысты. Шет елдерден валютаға сатып алынған құрал-жабдықтар іске асырылмай, заводтар мен фабрикалар алаңында темір жол станциялары мен қоймаларда қар мен жаңбыр астында жатты.

         Жеделдету тұжырымдамасы өзінің жарамсыздығын ауыл шаруашылығында да көрсетті. Бұл салада оның жүзеге асырылмауының басты себебі меншікке байланысты болды. Мемлекеттік колхоздық-совхоздық жүйе ғылыми-техникалық революцияның, жаңа технология мен егіншіліктің ғылыми жүйесінің жетістіктерін қабылдауға дәрменсіз болды.  Арендалық әдістерді енгізу еңбеккерлердің каржы мен еңбек нәтижелерін иемдену, табылған табысты бөлу принципін өзгертпеді. Өндіріс кұрал-жабдықтары мен еңбек нәтижесінен шеттетілген колхоздар мен совхоз еңбеккерлерінің еңбек өнімділігін арттыруға кұлқы болмады.

         Табиғи ресурстарды пайдаланудагы ведомствалық мүдде қоршаған ортаны қорғау шараларының жүзеге асуына кедергі жасады. Соның нәтижесінде көптеген территория, су мен ауа бассейндері ластанды. Қазақстанның бірқатар аймақтары экологиялық зардап шегуші аудандарға айналды. Әсіресе, Қызылорда, Ақтөбе, Семей облыстарында экологиялык өте ауыр жағдай қалыптасты. Арал аймағында көптеген аурулар тарап, балалар өлімі өсті.

3. Алматыдағы желтоқсан окиғасынан кейін Г.В. Колбиннің саясатының қатаң және валюнтаристік бағытына жол берілді. Басшылық жүйесінде үлкен кадрлық тазалау жүзеге асырылды, мәдениет пен баспасөзге бақылау күшейді, жоғары оқу орындарына студенттер Қазақстандағы ұлттардың алатын пайыздық үлесіне сай қабылдана бастады. Орталыққа жіберілетін фондыларды азайту нәтижесінде қол жеткен өзгерістерге жалған сипаттама берілді.

1988 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысымен 30-40 жылдары және 50жылдардың бас кезінде сотталған және жазаға ұшыраған халқымыздың даңқты өкілдерінің есімі халқына қайтарылды. Әсіресе Шәкәрім Құдайбердіұлының, Ахмет Байтұрсыновтың, Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Міржақып Дулатовтың шығармашылық мұраларының ақталуы жұртшылық арасында зор қолдауға ие болды. Сөйтіп, қазақ халқының аталған бес арысы 1988 жылы ресми ақталды.

         Саяси өмірде болған өзгерістер ұлттық сананың оянуын туғызды. Мұның айқын көріністерінің бірі ядролық қаруға қарсы халықтық қозғалыс болды. 1989 ж. ақпанда «Невада-Семей» қозғалысының бастамасы салынды. Оны белгілі қоғам қайраткері, ақын О.Сүлейменов басқарды. Бұл қозғалыс бүкіл Қазақстан халқы тарапынан қолдау тауып, осы жылдың 6 тамызында Семей облысы Қарауыл ауылында өткен жиында КСРО мен АҚШ-тың халықтары мен Президенттеріне ядролық сынауға бірлесіп мораторий жариялау қажеттігі жөнінде үндеу қабылдады.

1990 жылғы наурызда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне сайлау ұйымшылдықпен етті. Республика парламентінің қазақ тіліне мемлекеттік тіл дәрежесін берген "Қазақ КСР-нің тіл туралы заңын" 1989 ж. қыркүйекте қабылдауы маңызы зор оқиға болды.

         Елде жүзеге асырылып жатқан демократиялық өзгерістер бұқара халық арасында әртүрлі көзқарастардың, түрлі қоғамдық пікірлердің ашық айтылуына және бірқатар саяси партиялар құрылып, олардың еркін жұмыс істеуіне жағдай жасалды. Мысалы, 1990 жылы Қазақстан социал-демократиялық партиясы құрылды. Бұл партияның алдына қойған    басты    мақсаты   -   республикалық    парламент   сайлауына қатынасып, оның құрамына өздерінің өкілдерін депутат етіп өткізу еді. 1990 жылы "Азат" азаматтық қозғалысы қалыптасты. Басты мақсаты - Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін, заң алдында барлық азаматтардың тең құқықтылығын, әлеуметтік әділеттілікті қорғау болды. Одан басқа республикада "Алаш", "Желтоқсан". т.б. саяси қозғалыстар пайда болды. Мұның өзі Қазақстанда көппартиялық жүйенің қалыптаса бастағанын көрсетті.

         Қорыта келгенде, XX ғасырдын 70 – 80 жылдары қоғамдық-саяси өмірдегі және әлеуметтік-экономикалық дамудағы теріс құбылыстар одан әрі өсіп, қоғамдағы қайшылықтар мейлінше шиеленісе түсті. 1985 жылдан басталған қоғамдық-экономикалық өмірді қайта кұру, горбачевтік социализмді "жаңарту" әрекеттері ешқандай оң нәтиже бермеді, КСРО-ны төніп келе жатқан терең дағдарыстан құтқара алмады және құтқара да алмайтын еді. Керісінше кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйе тоқырауға ұшырап, коғамның барлық салаларын қамтыған дағдарыс одан әрі тереңдей түсті.

 

         №11 дәріс. Егеменді Қазақстан Республикасының құрылуы

 

Дәрістің мазмұны: Қазақстанның тәуелсіздігінің қалыптасуы барысындағы саяси-экономикалық дамуы баяндалады.

Дәрістің мақсаты: Қазақстан Республикасының егеменділігінің мәнін талдап, дүниежүзілік қауымдастықта алатын орны белгілеу.  

        

1. Қазақ КСР-нің 1990 жылы 25 қазанда егемендік туралы Декларация қабылдаған күнінен шынайы тәуелсіздікке қадам басты. 1991 ж. 10 желтоқсанда Қазақ КСР-ы атауы Қазақстан Республикасы болып өзгертілді.

1991 ж. 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің жетінші сессиясында парламент депутаттары "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" Заң қабылдады. Заңның бірінші бабында Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет деп жарияланды. Ол өзінің жеріне, ұлттық табысына жоғары иелік ету құқы бар, тәуелсіз сыртқы және ішкі саясатын жүргізеді, басқа шет мемлекеттермен халықаралық құқықтық принциптері негізінде өзара байланыс жасайды деп көрсетілді. Республиканың барлық ұлттарының азаматтары Қазақстанның біртұтас халқын құрайды, олар республикадағы егемендіктің бірден-бір иесі және мемлекеттік биліктің қайнар көзі болып табылады. Республика азаматтары өздерінің ұлтына, ұстайтын дініне, қандай қоғамдық бірлестікке жататынына, тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, шұғылданатын қызметіне, тұрғылықты орнына қарамастан бірдей құқықтар иеленіп, бірдей міндеткерлікте болады делінген. Заңда Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын қорғау мақсатында өзінің Қарулы Күштерін құруға хақылы екендігі, республика азаматтарының әскери міндетін өтеу, оның тәртіптері мен талаптары жөнінде айтылған. Сөйтіп, 1991 жылғы 16 желтоқсан республиканың тәуелсіз күні ретінде бүкіл әлемге танылды.

         1992 жылы 4 маусымда  мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұран бекітілді. 2006 жылы қаңтарда Қазақстан Республикасының жаңа әнұраны қабылданды. 1992 жылы қыркүйек айында Алматыда Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы болып өтті.  Желтоқсан айында Қазақстан халықтарының форумы өткізілді. Оның негізгі мақсаты-еліміздің ішкі саяси бағытын  дамытуда ұлтаралық келісімді және саяси тұрақтылықты сақтау.

1993 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан республикасының жаңа Конституциясы қабылданды. Онда Қазақстан Республикасы –демократиялық, зайырлы және біртұтас мемлекет екендігі, оның жерінің тұтастығы мен бөлінбейтіндігі және оған қол сұғуға болмайтындығы жазылды. Қазақстан Республикасы адамды, оның өмірін, бостандығы мен ажырамас құқығын ең қымбат қазына деп таныды. Халық мемлекеттік өкімет билігінің қайнар көзі ретінде мемлекеттік билікті тікелей және өз өкілдері арқылы шешетін болып белгіленді.

         1995 жылы 30 тамызда бүкіл халықтық дауыс беру арқылы референдумда еліміздің жаңа Конституциясы қабылданды. Жаңа Конституцияға көптеген өзгеріс, ғылыми қағидалар енгізілді. Егер бұрынғы Ата Заң 4 бөлім, 21 тарау, 131 баптан тұрған болса, кейінгісі көлемі жағынан едәуір қысқарып, 9 бөлімнен, 98 баптан тұрады. Жаңа Конституцияда екі палаталы парламенттің ерекшеліктері де жан-жақты көрсетілген. Жоғары мемлекеттік органдар жүйесіндегі үкіметтің тиісті орны, сот билігінің, прокуратураның қызметтері де айқындалған. Ашық баламалы сайлау, саяси күрес мәдениеті, көппартиялық жүйеге кең жол ашылды.

Қоғамды демократияландыру барысында Қазақстанда көппартиялық жүйе пайда болды. Көппартиялықты құқықтық жағынан реттеу Қазақстан Республикасы Конституциясының 5-бабында, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының «Қоғамдық бірлестіктер туралы» (31.5.1996) және «Саяси партиялар туралы» (2.7.1996) заңдарында қамтамасыз етілді. 1999 ж. республикада 14 саяси партиялар мен 30-ға жуық саяси қоғамдық қозғалыстар, бірлестіктер құрылды. Қазақстанның көппартиялық жүйе дамуының келесі кезеңінде Қазақстанның азаматтық партиясы (1998 ж. 17 қараша), Қазақстан республикалық халықтық партиясы (1998 ж. 17 желтоқсан), Қазақстанның аграрлық партиясы (1999 ж. 6 қаңтар), Республикалык «Отан» партиясы (1999 ж. 19 қаңтар). «Азамат» демократиялық партиясы (1999 ж. 27 наурыз), Қазақстан әйелдерінің демократиялық партиясы (1999 ж. 21 маусым), Қазақстан патриоттарының партиясы (2000 ж. 1 шілде) кұрылды. 2002 жылдың II жартысында Қазақстанның бірлескен демократиялық, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының құрылтай съездері болып өтті. 2002 ж. 15 шілдеде қабылданған «Саяси партиялар туралы» жаңа заңда саяси партиялардың құқықтық негіздері, олардың кұқықтары мен міндеттері, қызметінің кепілдіктері белгіленді. саяси партиялардың мемлекеттік органдармен және басқа ұйымдармен қатынастары реттелді. 2002 ж. елімізде 16 партия тіркелді.

Қорыта келгенде, біздің жаңа Конституциямыз, еліміздің рәміздері халқымыздың бірнеше ғасырлар бойы аңсаған шынайы егемендікке қол жеткізгендігінің нақты көрінісі болып табылады. Сондықтан республикамыздың әрбір азаматы Ата Заңымыздың мазмұнын жете біліп, оның талаптары мен қағидаларын мүлтіксіз сақтауға, мемлекеттік нышандарды құрметтеуге міндетті.

2. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін нарықтық экономикаға көшу жолына түсті. Осы бағытта 1992 жылы қаңтарда бағаны ырықтандыруға, мемлекеттік меншікті оның иелігінен алып жекешелендіруге кірісті.

          Мемлекет дағдарыстан шығудың жолдарын қарастыра бастады. Оның ең бастысы - бағаны ырықтандыруды белгілі бір жүйеге келтіру еді. Қазақстанда ырықтандыру 1992 жылы мұнайдың және мұнайдан шығатын өнімдердің, басқа да энергия көздерінің бағасы әлемдік бағаға дейін жоғарылауы керек деген ұранмен жүргізілді. Осының нәтижесінде әр кәсіпкер, әр кәсіпорын ең жоғарғы таза пайда алғысы келді. Сөйтіп баға шарықтап өсті, елдің экономикасы бағаның шарықтап өсу кесірінен төмен түсіп кетті.

         Бағаны ырықтандырудан кейінгі екінші атқарылған іс - жекешелендіру. Мемлекеттік меншікті жекешелендірусіз нарыққа нақты көшу мүмкін емес еді. Бұл қадам нарық субъектілерін құру тұрғысынан ғана емес, сонымен бірге халықтың бойында меншік иесі психологиясын қалыптастыру тұрғысынан да маңызды еді. Сондықтан да республикада ауқымды жекешелендіру жүргізілді. Бүгінде оны өткізудің 4 кезеңін даралап айтуға болады. Алғашқы үшеуі мемлекет иелігінен алу мен жекешелендірудің ерекшелігімен байланысты болса, төртінші кезең мемлекеттік меншікті басқаруды жетілдіруге екпін түсуімен сипатталады.

         1993 жылы 15 қарашада мемлекеттің өз ақшасы - теңге енгізілді.

         1996 жылы республикадағы кәсіпорындарды реформалау және жеке жобалар бойынша ірі объектілерді жекешелендіру жөніндегі жұмыс қарқын алды. Бірақ осыған қарамастан өндірістің құлдырауы тоқтамады. Тек 1996 жылдың соңына қарай өнеркәсіптің құлдырауы кейбір салаларда тоқтап, аздап өскендігі байқалды. Өндірістің құлдырауының басты себебі - Одақ бойынша бұрынғы қалыптасқан шаруашылық қатынастардың үзілуі. Өнеркәсіптің артта қалуының тағы бір себебі - оның шикізат өндіруге бейімделген сыңаржақтылығында, дайын тауар өндіретін, әсіресе, машина жасау салаларының жоқтығында болды.

         Жоғарыда айтылған қиындықтар мен кемшіліктерді жою үшін 1999 жылдан бастап Қазақстан үкіметі елдің өнеркәсібін жандандыруда бірсыпыра шараларды іске асырды. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту бағдарламасы жасалып, химия өнеркәсібі мен машина жасау саласын дамыту бағдарламасы тиянақталды. Соның нәтижесінде 1999 жылы мұнай-газ өндіру, металлургия, химия, полиграфия және тоқыма-тігін өнеркәсіптерінде өнімнің өсуіне қол жеткізілді. Жыл соңында жалпы өнім өндіру 1%-ке, ал өндіріс көлемін арттыру 1,8%-ке өсті. Елдің алтын қоры 2 млрд. долларға жетті.

         Міне, осындай мемлекеттік маңызды шараларды жүзеге асыру барысында 2000-2002 жылдары республикада тұрақты экономикалық өрлеу, өндіріс ауқымының өсуі байқалды. Тек соңғы 3 жылда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 42,9 пайызды құрады. Қазақстанның өнеркәсіп саласында мұнай-газ өндірісі елеулі орын алып, ол жалпы өнеркәсіп өнімінің 46 пайызын қамтыды.

         Қазақстан үкіметі соңғы жылдары ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайтуға бағытталған шараларды іске асыруда. Ауыл шаруашылығына 1996 жылғы бюджеттен 4,3 млрд. теңге, 1997 жылы 5,3 млрд. тенге бөлінді. 1996 жылы Азия даму банкісі тарапынан Қазақстанға 100 миллион АҚШ доллары мөлшерінде несие бөлінді. Оның 50 млн. доллары 1997  жылы ауыл шаруашылығына жұмсалды. Ауылда шаруашылық жүргізудің жаңа формалары қалыптасты. 2000 жылы республика көлемінде 96198 ауыл шаруашылығы құрылымы, оның ішінде 91471 шаруа қожалығы, 1781 өндірістік кооператив, 2886 шаруашылық серіктестігі және 60 жеке меншік кәсіпорын жұмыс істеді. 

         Ауыл шаруашылығын одан әрі дамытудың жаңа кезеңі 2002 жылдан басталды. Бұл 2005 жылға дейінгі уақытты қамтуға тиіс кезең аграрлық өндірістегі реформаны аяқтау, ауыл шаруашылық жерлеріне жеке меншікті енгізу және ауылдың әлеуметтік бейнесін жаңғырту мәселелерімен сабақтастырыла қарастырылған. Үкімет 2002 жылдан бастап ауыл шаруашылығына қатысты үлкен жүйелі жұмыстарды жүргізе бастады. 2002 жылы маусымда мемлекеттік-аграрлық бағдарлама қабылданды. Ол 2003-2005 жылдарды қамтыды, бұл жылдар ауылды қолдау, өркендету жылдары деп аталды. Сөйтіп, аграрлық сектор мен ауыл адамдарының мәселелерін кешенді шешу үшін 2003-2005 жылдар Ауыл жылдары болып жарияланды.         

         Елімізде реформалау нәтижесінде аралас әрі ерікті жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылып, ол өзінің тиімділігін көрсетті. 1,5 миллионнан зейнеткер ынтымақты негізде зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етілді. Зейнетақы индексациялаумен бірге 2003 жылы оны саралап өсіру жүзеге асырылды.  Жеке жинақ принциптеріне негізделген қамтамасыз етудің бір ғана түрі - жинақтаушы зейнетақы жүйесі ойдағыдай дамытылуда.

         3. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан соң егемен мемлекет ретінде халықаралық қатынастар жасауға, белсенді сыртқы саясат жүргізуге кірісті. Еліміздің геосаяси жағынан орналасуына байланысты сыртқы саясаттың негізгі діңгегі - көпвекторлық жол, яғни коп бағыттылық. Өткен уақыт ішінде Қазақстан Республикасын дүние жүзінің 180-нен астам мемлекеті таныса, 120-дан астам елмен дипломатиялық қатынастар орнатты. Шет елдерде 40-тан астам дипломатиялық және консулдық өкілдіктер ашылды. Ал Алматы мен Астанада 50-ден астам шетелдік елшілік пен миссия, халықаралық және ұлтаралық ұйымдардың ондаған өкілдігі жұмыс істейді.

         Қазақстан өзінің сыртқы саясатында ірі көрші мемлекеттер - солтүстікте Ресеймен, шығыста Қытаймен тығыз қарым-қатынас орнатуға ерекше назар аударып келеді. Ресей мен Қазақстан арасында ынтымақтастықтың тереңдей түсуінде 1998 жылы 6-шілдеде Мәскеуде қол қойылған мәңгілік достық пен ынтымақтастық туралы Декларация маңызды рөл атқарды. Оның негізінде екі мемлекет арасындағы қаржылық өзара келіспеушіліктерді реттеу және Байқоңыр космодромын бірлесіп пайдалану мәселелері шешілді.

         1998-1999 жж. белсенді дипломатиялық әрекеттер арқылы Қытай мен Қазақстан арасында шекараны нақтылау негізінен аяқталды.

         АҚШ Қазақстан Республикасын тәуелсіз мемлекет ретінде таныған 1991 жылдың 25 желтоқсаннан бастап, екі мемлекет арасында елші дәрежесіндегі толыққанды дипломатиялық қатынастар орнады

         1992 ж. 15 мамырда ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа және 1999 ж. 28 наурызда Қазақстан мен Ресей арасындағы Әскери ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылды. Қазақстанның көрші мемлекеттермен шекарасының жалпы ұзындығы 15 мыңға жуық шақырымды құрайды. Соның ішінде Қазақстанның Қырғыз Республикасымен мемлекеттік шекарасы шамамен 1050 шақырым, Ресей Федерациясымен - 7,5 мыңнан астам шақырым, Түркменстанмен — 400 шақырым, Өзбекстанмен - 1660 шақырым.

         Шекара мәселесін Азия елдерінде тұрақты шешуде Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) маңызды рөл атқарады. 1996 жылғы сәуірде Шанхайдағы кездесу кезінде Ресей, Қытай, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан басшылары шекараларды бұзбау, олардың арасындағы бейтарап аймақтық қашықтықты 100 шақырымға дейін жеткізу келісіміне қол койылды. Кейін бұл келісімге Өзбекстан қосылды.

         1992 ж. БҰҰ Бас Ассамблеясының 47 сессиясында Президент Н.Назарбаев Азияда өзара ынтымақ пен сенім шараларын орнықтыру туралы мәселе көтерді. 1993 ж. көктемде Алматыда осы мәселеге байланысты шақырылған бірінші бас қосуға оннан аса мемлекеттен өкілдер келген болса, сол жылғы тамыз айындағы кездесуге 17 елден сарапшылар тобы келді. Қазақстан Хельсинки процесіне қосылып, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымның жұмысына қатысты (1992 ж.). Ал 1996 ж. 31 қыркүйекте Қазақстан БҰҰ-ға мүше 129 елдің қатарында ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартқа қол қойды.

         Қорыта келгенде, тәуелсіз Қазақстан дүние жүзінің көптеген елдерімен тең деңгейде дипломатиялық жэне экономикалық қарым-қатынастар орнатты. Қазақстан Орталық Азияның көшбасшысына, халықаралық құрметті әріптеске, яғни халықаралық лаңкестікке, есірткінің жайылуы мен ядролық қарудың таралуына қарсы белсене күресетін мемлекетке айналды. Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі туралы шешім оның сенімді дәлелі болды.

 

№ 12 дәріс.Тақырып: Қазақстан Республикасының егемендігінің нығаюы

 

Дәрістің мазмұны: Қазақстанның тәуелсіздігінің қалыптасуы барысындағы саяси-экономикалық дамуы баяндалады.

Дәрістің мақсаты: Қазақстан Республикасының егеменділігінің мәнін талдап, дүниежүзілік қауымдастықта алатын орнын  белгілеу. 

 

1. Қазақстан Республикасының Президенті 2030 жылға дейінгі Стратегиялық дамудың ұзақмерзімді басымдықтарын анықтап берді:

1. Ұлттық қауіпсіздік. Аумақтық тұтастығын толық сақтай отырып, Қазақстанньщ тәуелсіз егемен мемлекет ретінде дамуын қамтамасыз ету.

2. Ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамының топтасуы. Қазақстанға бүгін және алдағы ондаған жылдар ішінде ұлттық стратегияны жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ішкі саяси тұрақтылық пен ұлттық біртұтастықты сақтап, нығайта беру.

3. Шетел инвестициялары мен ішкі жинақталымдардық деңгейі жоғары ашық нарықтық экономикаға негізделген экономикалық өсу. Экономикалық өрлеудің нақтылы, тұрлаулы және барған сайын арта түсетін қарқынына қол жеткізу.

4. Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты. Барлық қазақстандықтардын, өмір сүру жағдайларын, денсаулығын, білімі мен мүмкіндіктерін ұдайы жақсарту, экологиялық ортаны жақсарту.

5. Энергетика ресурстары. Мұнай мен газ өндіруді және экспорттауды қалыпты экономикалық өрлеу мен халықтың тұрмысын жақсартуға жәрдемдесетін табыс алу мақсатында жедел арттыру жолымен Қазақстанның энергетикалық ресурстарын тиімді пайдалану.

6. Инфақұрылым, әсіресе көлік және байланыс. Осы шешуші секторларды ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға, саяси тұрақтылық пен экономикалық өрлеуге жәрдемдесетіндей етіп дамыту.

7. Кәсіби мемлекет. Ісіне адал әрі біздің басты мақсаттарымызға қол жеткізуде халықтың өкілдері болуға қабілетті Қазақстанның мемлекеттік қызметшілерінің, ықпалды және осы заманғы корпусын жасақтау.

Осы ұзақ мерзімді басымдықтар мемлекет пен біздің, азаматтарымыздың күш-жігерін жұмылдыру үшін қызмет етуге, еліміздің, бюджеті мен кадр саясатын қалыптастыру кезінде өлшемдер негізіне алынуға тиіс.

Еліміздің Президенті конституциялық міндеті шеңберінде Қазақстан халқына сыртқы және ішкі саясатының негізгі бағыттары жайында үндеу жариялайды. Н.Ә.Назарбаевтың пікірі бойынша: «Мемлекет әрі бүтін қоғамымыз жылма-жылдық жоспардың шеңберінде қызмет жасауға жүйелі бағыт болатын терең көрегенділік пен стратегияны қажет етеді».

Бұл белгіленген ұзақ мерзімді басымдықтарға 1, 2, 5 жылдық жоспарларға есептелген және біртіндеп жүзеге асырылып жатқан нақты іс- қимылдардың стратегиясы қабылданады. Мәселен, Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі экономикалық дамуының индустриалы-инновациялық даму стратегиясы жасалды. Мұнда территориялық дамудың стратегиясы, Каспий теңізінің қазақстандық секторын игерудің мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан республикасында туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, елімізді экокномикалық модеринизациялаудың стратегиясы, сондай-ақ Алматы аймақтық финанс орталығы құру мәселесі көтерілді. ҚР Президенті жанынан кәсіпкерлер кеңесі құрылды.

6 сәуір 2007 жылы Қазақстан Президентінің жарлығымен « 2030 жылға дейінгі даму страттегиясын жүзеге асырудың шараларының» 2005-2007 жж. дейінгі басты бағыттарын жүзеге асыратын жыл сайынғы жалпы ұлттық жоспар жасалды.    

2. Бүгінгі Астана Егеменді Қазақстан Республикасының Елордасы, маңызды өнеркәсіптік және мәдени орталығы, теміржолдар және автомобиль жолдарының түйіскен торабы саналады.

1984 жылы бүгінгі Астананың орнында Есіл өзенінің жағасында Қараөткел елді мекенінде әскери бекініс салынған болатын. Ақмола қаласы статусын алған соң, осындағы өтетін жәрмеңкелердің арқасында өңірге айрықша танылады. Қазақстанның барлық аймақтарының саудагерлері және Ресейдің, Орталық Азиядан келгендер осында жиналатын. ХХ ғасырдың 50 жылдарынан Ақмола қаласы солтүстік өңіріндегі әлі де игерілмеген табиғи ресурстардың орталығына айналды.

Бір уақытта КПСС ОК бас хатшысы Н.С. Хрущевтың идеясы өмірге енбей қалып, бұл қала астықты өңірдің ресми астанасы ретінде бола алмады. Бірақ ол қазір Тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасы болды. 1992 жылы Целиноград қайта Ақмола атана бастады. Ал 1994 жылғы 6 шілдеде Қазақстан Республикасы Жоғары кеңесінің астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы қаулысы қабылданады.

 1997 жылы Республика Президенті Н.Ә.Назарбаев астананы Алматы қаласынан Ақмола қаласына көшіру туралы тарихи шешім қабылдады. Қалада ол кезде 319 мың адам болды. Қала аумағы 1997 жылы 258 км.м болды, ал бүгінде Астана 710,2 км.км құрайды. Бұл тарихи шешімнің қабылдануына қаланың өте ірі көліктік жолдардың тоғысында, еліміздің ұтымды геосаяси орталығында орналасуы себепкер болып, ол көп жағдайда біздің жас мемлекетіміздің келешек қарқынды дамуын айқындап берді. 1998 жылы 6 мамырда жаңа елорданы Астана деп атау туралы шешім қабылданды. Ал 20 мамырда «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» ҚР-дың Заңы қабылданды. Осы жылғы 10 маусымда тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасының салтанатты ашылу рәсімі болып етті. Біз айрықша қысқа мерзімнің ішінде еліміздің дәл ортасында жаңа астанамызды тұрғыздық. Астана қазақстандықтардың мақтанышына айналды. 1998 жылы ЮНЕСКО шешімі бойынша Қазақстан астанасына медаль беріліп «Әлем қаласы» жоғары атағы берілді.

Бүгінгі күні Астана - қазіргі заманның саяси, экономикалық және әлеуметтік - мәдени проблемалар бойынша түрлі кездесулер өткізілетін, көптеген шетелдік инвестициялар тартылатын, сәулет өнерінің біртуар туындылары көтерілетін және ең батыл идеялар өмірге енетін еуразиялық кеңістік орталығы.

Еліміздің жаңадан орын тепкен ордасын көркейту мақсатына орай президентіміз 2001 жылы «Астана жаңа қала» деген арнайы экономикалық аймағын құрған болатын. Бұл шара Есілдің сол жағалауына инвестициялар тарату, құрылыста озық технологияларды пайдалану, сондай-ақ қазіргі заманғы инфрақұрылым арқылы құрылысты қарқынды түрде дамыту еді. Сол себепті Астанадағы үкімет сарайлары, құрметті орындар, министрліктер мен қоғамдық ғимараттар аса көрнекті сәулеттік бейнеге ие болып келеді. Осындай ғажап, өзге қалалардан ерекшеленіп тұрған Астанаға келгендер биіктігі 97 метрге жететін «Астана-Бәйтерек» монументін іздейді. 97 саны ел орталығының Алматыдан Астанаға көшу жылын білдіреді. Бәйтерек ғимаратында көркем сурет галереясы бар, ірі аквариум, ресторан орналасқан. Халқымыздың өмірінде келісімді билігімен, әділ сөзімен, елінің басына ауыртпашылық түскенде шешендігімен алғырлығымен еліне қорған болған, асқан беделге бөленген дана үш би - Әйтеке, Қазыбек, Төле бас қоса отырған сәулетті ескерткіш орнатылды.

Әрине астанамыздың болашағы көбінесе 21 ғасырдағы халықаралық, экономикалық, геосаяси және басқа қатынастардың дамуына байланысты болары анық. Астананы салдырып жатқан Нұрсұлтан Назарбаев бір ғана қазақ халқының ғана емес, Ұлы Даланы, Қазақстан Республикасы аталатын байтақ өңірді бір кезде мекен еткен және бүгінгі таңда мекендеп жатқан халықтардың «еуразиялық арманын» асқақтатуға бекем бел байлап отыр. Бұл өлке-халықтарды бауырына басып, татуластырып қана қоймай, оларды жаңа қауымдастық, жаңа өркениет құру жолында топтастыра білетін өлкеге айналмақ. Елорданың өркендеуі еліміздің өркендеуінің белгісі. Ендеше бас қаланың жаңадан қаланып жатқан іргетасының берік болуы да мемлекетіміздің болашаққа нық сеніммен жасар қадамының нағыз кепіліне айналмақ.

3. КСРО-ның құлауы барысында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1989 жылдың маусым айынан Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы болатын. 1990 жылдың 24 сәуірінен республикада Қазақ КСР Президентінің лауазымы бекітіліп, Жоғарғы Кеңестің сессиясында Қазақ КСР-нің бірінші Президенті болып Н.Ә.Назарбаев сайланды.

КСРО-ның ыдырауынан кейін және Қазақстан Республикасының құрылып, егеменділігінің күшеюімен байланысты жалпыхалықтық дауысқа салып, балама негізде Президент сайлау мәселесі туды. Жоғары Кеңес Президент сайлауын өткізуді 1991 жылы 1 желтоқсанға белгіледі. Бұл ел тарихыдағы алғашқы жалпыхалықтық сайлау болатын. «Президентті сайлау туралы» заң қабылданып, бұл лауазымға Н.Ә.Назарбаевтың кандидатурасы ұсынылды. Сайлауға 8788726 адам қатынасты немесе 88,23%. Н.Ә.Назарбаевқа 8681276 сайлаушылар дауыс берді яғни  98,78%. 1991 жылдың 10 желтоқсанда Алматыда Қазақстан Республикасының бірінші Президентінің инаугурациясы өтті.

1995 жылдың 29 сәуірінде республикада Президент Н.Назарбаевтың басқару мерзімін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзарту жөнінде жалпыхалықтық референдум өткізілді.   

1999 жылғы 10 қаңтарда болып өткен Қазақстан Президенті сайлауына балама негізде 4 кандидат тіркелді. Олар: Коммунистік партия өкілі С.Ә.Әбділдин, Сенат депутаты Ә.Ғ.Ғаббасов, Мемлекеттік Кеден комитетінің төрағасы Ғ.Е.Қасымов және Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев. Қазақстан Президентін сайлауға барлық сайлаушылардың 87,05 проценті қатысты. Дауыс беру қорытындысында Н.Ә.Назарбаев жеңіске жетіп, қайтадан Қазақстан Республикасы Президенті болып сайланды. Оған дауыс беруге қатысқан барлық сайлаушылардың 79,79 проценті өз дауыстарын берді.

Қоғам айқын мақсаттар мен оларға қол жеткізу жолдары баяндалған стратегиялық бағдарламалық құжатқа мұқтаж болатын. Олар "Қазақстан -2030" ел дамуының Стратегиясында тұжырымдалды. 1997 жылдың қазан айында Президент Н.Ә.Назарбаев республика халқына «Қазақстан -2030» деген атпен жолдау қабылдап, онда еліміздегі дағдарыстан шығудың және жүріп жатқан реформаларды аяқтаудың, сондай-ақ алдыңғы қатарлы мемлекеттердің қатарына қосылудың, немесе "Қазақстан барысын" қалыптастырудың жаңа бағдарламасын ұсынды. Егеменді Қазақстан тарихында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекетімізді қалыптастырып, дамытуда шексіз еңбек сіңірген тұңғыш Президент ретінде есімі алтын әріппен жазылады. Оның есімімен елдегі саяси және экономикалық қайта құрулар, ұлттар, діни ағымдар арасындағы бейбітшілік пен келісімдердің салтанат құруы, жаңа орталық Астананың қалыптасып, дамуы байланыстырылады. Дүниежүзілік аренада Қазақстан жас мемлекет болса да ел таныған жан-жақты сыртқы саясатымен бейбітсүйгіш, өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан, Азиядағы ұжымдық қауіпсіздіктің жаңа белсенді мехнизмдерін ұсынған, аймақтық интеграцияға ұмтылған ел ретінде белгілі болды. Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың бұл ұмтылысы дүниежүзілік қауымдастықтағы елдер, саяси тұлғалар арасында жоғары бағаланып, Қазақстан республикасы ОБСЕ ұйымында 2010 жылы төрағалық ету құқығына ие болды.  

 

Әдебиеттер тізімі

 

1.  Қазақстан тарихы (көне дәуірден бүгінге шейін). – Алматы,  1996. Т.1.

2.  Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан: летопись трех тысячелетий.  – Алматы, 1992.

3.  Қазақстан тарихы (көне дәуірден біздің заманымызға дейін). Астана, 1999.

4.  Древне - тюркская цивилизация: памятники письменности. Материалы Международной научно-теоретической конференции, посвященной 10-летию независимости Республики Казахстан. – Алматы, 2001.

5. Аджи М. Тюрки и мир: сокровенная история. – М., 2004.

6.     Аджи М. Европа, тюрки, Великая Степь  – М., 2004.

7. Бартольд В.В. Тюрки: Двенадцать лекций по истории турецких народов Средней Азии. – Алматы, 1993.

8.     Гумилев Л.Н. Ежелгі түріктер. – А., 1992.

9.     Гумилев Л.Н. Древняя Русь и Великая степь. – М., 1992.

10.  Жумаганбетов Т.С. Проблемы формирования и развития древнетюркской системы государственности и права. VI-XII вв. – Алматы. 2003.

11.  Оразбаев А.И. Курс лекций по истории Казахстана. Древняя и средневековая история Казахстана. – Алматы, 2000., Ч.1.

12.  Султанов Т.И. Поднятые на белой кошме. Потомки Чингиз-хана. – Алматы, 2001.

13.  Султанов Т.И. Чингиз хан и чингизиды. Судьба и власть.  – М., 2006.

14.  Жиренчин К.А. Политическое развитие Казахстана в конце ХVIII- начале XXвв. – Алматы.1998г.

15.  Прошлое Казахстана в источниках и материалах. Сборник I: – Алматы, 1997

16.  Ашимбаев Д., Хлюпин В. Казахстан. История власти. Опыт реконструкции. –  Алматы. 2008.

17.  Алаш-Орда: Сборник документов. Сост. Н.Мартыненко. – Алма-Ата,1992.

18.  Нурпеис К.Н. Алаш һәм Алаш-Орда. – Алматы., 2004.

19.  Осипов В.П. Всматриваясь в 20-30 годы. - Алматы, 1991.                          

20.  История индустриализации Казахской ССР (1925-1941 гг). Документы и материалы. –  Алматы, 1967. Т. 1-2.

21.  Коллективизация сельского хозяйства Казахстана (1926-июнь 1941г.). – Алматы, 1967.

22.  Голод в Казахской степи. – Алматы, 1991.

23.  Сулейменов Р.Б. Ленинские идеи культурной революции и их осуществление в Казахстане. – Алматы, 1972.

24.  Политические репрессии в Казахстане 1937-38 гг. – Алматы, 1998.

25.  Козыбаев М.К. Казахстан - арсенал фронта. – Алматы, 1970.

26.  Казахстан в период Великой Отечественной войны Советского Союза 1941-1945 гг.: Сборник документов и материалов. – Алматы, 1967.-Т. 1. 2.

27.  Белан П.С. Участие казахстанцев в сражениях Великой Отечественной войны. – Алматы, 1973.

28.  Маданов Х.М., Кондратьев А.М, Зерновой цех страны. – Алматы, 1984.

29.  Алма-Ата. 1986. Декабрь. Книга - хроника. – Алматы, 1991.

30.  Қазақстан Республикасының Конституциясы. – Алматы, 1993.

31.  Қазақстан Республикасының Конституциясы. – Алматы, 1995.

32.  Назарбаев Н.А. Без правых и левых. –  Алматы, 1992. 

33.  Назарбаев Н.А. Идейная консолидация общества - как условие прогресса Казахстана. – Алматы, 1993.

34.  Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. – Алматы, 1999. 

Мазмұны

 

№ 1 дәріс.  Кіріспе  

№ 2 дәріс. VI-VIII ғғ. Қазақстан территориясындағы Түрік қағанаттары 

№ 3 дәріс. Қазақстан тарихындағы монғол кезеңі 

№ 4 дәріс. XIV-XV ғғ. Қазақстан территориясындағы мемлекеттер 

№ 5 дәріс. XV-XVII ғғ. қазақ қоғамының әлеуметтік-саяси, экономикалық және мәдени дамуы 

№ 6 дәріс. XVI-XVII ғғ. Қазақ хандығының дипломатиясы 

№ 7 дәріс. Ресей империясы құрамындағы Қазақстан 

№ 8 дәріс. XX ғасырдың басындағы Қазақстанның әлеуметтік-саяси дамуы 

№ 9 дәріс. 1920-40-жж.  Кеңестік Қазақстан  

№ 10 дәріс. Қазақстан қайта құру жылдарында 

№ 11 дәріс. Тәуелсіз  Қазақстан 

№ 12 дәріс. ҚР егемендігінің нығаюы