Коммерциялық емес акционерлік қоғам
АЛМАТЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ БАЙЛАНЫС УНИВЕРСИТЕТІ
Әлеуметтік пәндер кафедрасы

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕОРИЯ НЕГІЗДЕРІ
Дәрістер жинағы

Алматы 2014

ҚҰРАСТЫРУШЫЛАР: Жараспаева Қ.М. Экономикалық теория негіздері. Дәрістер жинағы.– Алматы: АЭжБУ, 2013. – 49 б.   Экономикалық теория негіздері бойынша ұсынылған дәрістер жинағы лекция сабақтарының жоспары мен оларға дайындалудың әдістемелік нұсқауларынан және әдебиеттер тізімінен тұрады. Барлық мамандықтардың күндізгі және сырттай бөлімінде оқитын студенттеріне  арналған.

Әдебиеттер тізімі – 21.

Пікір беруші: экон. ғыл. канд., аға оқытушы Нурпеисова А.А. 

«Алматы энергетика және байланыс университетінің» коммерциялық емес акционерлік қоғамының 2013 ж. баспа жоспары бойынша басылады.

© «Алматы энергетика және байланыс университетінің» КЕАҚ, 2014 ж.

Алғы сөз

«Экономикалық теория негіздері» курсы бойынша ұсынылып отырған дәрістер жинағы бакалавриатта оқитын күндізгі және сырттай оқу бөлімінің барлық мамандықтарының студенттеріне арналған және «Электронды кітапханада» пайдалануға арналған. Бұл дәрістер жинағы типтік бағдарламаға сәйкес жазылған.

Курсты оқудың мақсаты болып студенттердің қоғамдық мәселелерді меңгеруде кеңінен ойлана білуіне қажетті экономикалық тұжырымдамалардың жиынтығын меңгеруіне көмек көрсету. Дәрістер жинағында нарықтық экономиканың ресурстық потенциалы, нарықтың қызмет етуінің механизмі, оның инфрақұрылымы мен оны құраушы институттар (бюджеттік жүйе, салық жүйесі, банктік жүйе және т.б.), жеке шаруашылық субъектілердің нарықтық экономика шарттарындағы мінез құлқы, кәсіпкерліктің негізі, мемлекеттік экономикалық саясаттың экономикалық субъектілердің мақсаттарына жетуіне және ұлттық экономиканың өсуіне әсер етуі сияқты мәселелерге көңіл бөлінген. 

Мүмкіндігінше Қазақстан экономикасы дамуының қазіргі таңдағы жағдайы мен келешегіне талдау жасалған. Негізгі көңіл қазіргі экономиканың әрбір адамның күнделікті өмірінде көп орын алатын салаларына бөлінген.

«Экономикалық теория негіздері» курсы бойынша оқулықтар, әдістемелік нұсқаулар және жинақтар жеткілікті. Қазақстандық авторлар оқулықтары мен монографиялары, сонымен қатар ресейлік оқулықтар кеңінен қолданылады. Онда жаңа тұжырымдамалық көзқарастар мен принциптерімен қатар, өкінішке орай, полярлы көзқарастар, экономикалық құбылыстардың, реформалардың, түсініктемелері мен бағалануы т.б. сирек кездеседі. Бұл студенттерге пәнді оқуда қиындықтар туындатады.

Біздің пікірімізше, осы дәрістер жинағы студенттерге «Экономикалық теория негіздері» курсын оқуда көмек көрсетеді. Ол ғылымда қалыптасқан тұжырымдамалық көзқарастар мен бағалануларға негізделген 8 лекциядан тұрады, курстың негізгі материалын жинақтап қарастыруға талпыныстар жасалды.

Жинақ шегінің тарлығы тақырыптардың барлық мәселелеріне толығымен тоқталуға мүмкіндік бермейді, тек анағұрлым күрделі, негізгі мәселелерге, теориялық ережелерге және қорытындыларға көңіл бөлінген, ал анағұрлым толық ақпаратты басқа басылымдардан табуға болады. Осы үшін әдебиеттер тізімінен оңай тауып алуға болатын номері көрсетілген сілтемелер пайдаланылған.

Дәрістер жинағы аға оқытушылар Жараспаева Қ.М.-мен дайындалған.

 

1 дәріс. Экономикалық теорияның пәні мен әдістері

 

Жоспар

1.    Тұтыныстар және өндірістік ресурстардың шектеулілігі.

2.    Экономикалық жүйе және оның құрылымы.

3.    Экономикалық теорияның пәні мен қызметтері.

4.    Экономикалық теорияның әдістері.

 

Дәрістің мақсаты: экономиканың мәні мен құрылымын ашу; оның негізгі сипаттамаларын: ресурстарды, факторларды, нәтижелерді айқындау; ресурстардың шектеулігін кез келген экономиканың орталық экономикалық мәселесі ретінде қарастыру; экономикадағы таңдаудың қажеттілігі мен оның ұтымдылығын қамтамасыз етуші шараларды негіздеу.

 

1.1          Тұтыныстар және өндірістік ресурстардың шектеулілігі

 

Қоғам өмірлік қызметін тек қана әртүрлі тұтыныстарды қанағаттандыру негізінде сақтай алады және қолдай алады. Экономикалық өркениеттің тарихын жеке институционалды тұтыныстарды қалыптастыру және қанағаттандыру процесі ретінде бейнелеуге болады. Тұтыныс – қандай да бір нәрсеге мұқтаждық. Тұтыныстар адамның объективті қажетті өмір сүру деңгейі мен қызметін бейнелеу дегенді білдіретін сипатқа ие. Саналы тұтыныс – бұл қызығушылық. Қазіргі қоғамда адамдар тұтыныстары олардың әртүрлілігімен сипатталады. Оларды экономикалық және экономикалық емес деп бөлуге болады. Экономикалық емес тұтыныстар – бұл жақын адамдарды, отанды, табиғатты сүюге, достыққа, қарым – қатынасқа және т.б. деген қажеттілік. Экономикалық тұтыныстар – бұл қандай да бір игіліктер мен қызметтерді тұтыну жолымен қанағаттандырылатын тұтыныстар. Игіліктер мен қызметтер – тұтыныстарды қанағаттандыру құралы. Өндірістік тұтыныстарды қанағаттандыру өндіріс құралдарын және жеке тұтыну құралдарын тұтынумен байланысты болады. Қоғамдық тұтыныс – бұл тұтас қоғамның (қорғаныс, басқару, ғылым, мәдениет) тұтынысы.  Тұтыныстар тек материалды заттар арқылы ғана емес, сонымен қатар қызметтер көмегімен де қанағаттандырылады. Қызмет – бұл пайдалы әсерді өндіру уақыты бойынша оны тұтынумен сәйкес келетін орынды (мақсатты) еңбектің түрі. Адамдардың игіліктер мен қызметтерді жасауы - «өндіріс» деген атауға ие негізгі экономикалық процесс. Тұтынуды экономиканың соңғы мақсаты деп атауға болады. Өндірістік процесті жүзеге асыру үшін экономикалық ресурстардың материалды және рухани игіліктер мен қызметтерді жасау үшін пайдаланыла алатын өндірістің бар элементтерінің жиынтығы болу қажет.

Экономикалық ресурстар келесі топтарға бөлінеді:

1) материалды – жер және капитал жатады;

2) адам ресурстары – еңбек пен кәсіпкерлік қабілет жатады.

«Жер» түсінігімен өндірістік процесте қолданылатын барлық табиғи ресурстар, «табиғаттың барлық игіліктері» белгіленеді. Капитал немесе инвестициялық ресурстар барлық өндірілген құралдарды, яғни тауарлар мен қызметтерді өндіруде және оларды соңғы тұтынушыға жеткізуде пайдаланылатын құралдар, көліктердің барлық түрлерін, құрылғыларды, фабрикалы-зауыттық, қоймалық кеңістіктерді өткізу торын қамтиды.  Капиталға өндірістік ресурстар ретінде ақша жатпайды. Ақша өз бетінше ештеңе өндірмейді, сондықтан оны экономикалық ресурс ретінде санауға болмайды. «Еңбек» түсінігі экономикалық теорияда игіліктер мен қызметтерді өндіруде қолданылатын адамдардың дене және ой қабілетін белгілеуде пайдаланылады. Бұл ресурс адамдардың жеке еркіндігі болған кезде ғана анағұрлым өнімді пайдаланылады. Кәсіпкерлік қабілет – бұл адам ресурстарының барлық басқа экономикалық ресурстарды анағұрлым тиімді біріктіре алу қабілетінің ерекше түрі. Атақты американдық экономист Йозеф Шумпетер кәсіпкерлікті «экономикалық дамудың негізгі феномені», оны қозғаушы негізгі күш деп атады. Тұтыну мен өндірудің арасындағы қарама – қайшылық адамдардың ие болғысы келетін заттары мен шын мәнінде шаруашылық қызметтің оларға бере алатын заттарының арасындағы қайшылықпен түсіндіріледі. Ресурстардың шектеулілігі абсолютті. Ресурстардың шектеулігі кезіндегі тұтыныстың шексіздігі экономикалық таңдау (ресурстар шығынының минимумы кезінде тұтыныстарды максималды қанағаттандыруға қол жеткізілетін ресурстарды пайдаланудың альтернативті нысандарының ішінен анағұрлым жақсысын) мәселесін туындатады.

 

1.2          Экономикалық жүйе және оның құрылымы

 

«Жүйе» терминінің жалпы мағынасы (гректің systema – бөлшектерден құралған тұтастық) белгілі бір тұтастықты құрайтын, бір – бірімен тығыз байланысқан және қатынаста болатын элементтердің жиынтығы дегенді білдіреді. Осыны ескере отырып, экономикалық жүйені материалды және материалды емес игіліктерді өндіру, бөлу, айырбастау және тұтынуда қалыптасатын шаруашылық байланыстар мен қатынастардың тәртіпке келтірілген жиынтығы ретінде анықтауға болады. Өндіріс – белгілі бір уақыт ішінде игіліктер мен қызметтерді жасау процесі (кең мағынада өндіріс өндірілген игіліктер мен қызметтерді тікелей өндіру, бөлу, айырбас және тұтынуды қамтитын үздіксіз қайталанушы процесс ретінде түсініледі). Бөлу – шаруашылық қызметі қатысушыларының тұтынуына түсетін өнімнің үлесі мен көлемін анықтау. Айырбас - өндірістің әрбір қатысушысын бөлудегі бекітілген үлесіне қарай қажетті игіліктер мен қызметтерді алуын қамтамасыз ету. Тұтыну – жасалған игіліктерді қандай да бір тұтыныстарды қанағаттандыру үшін пайдалану.

«Экономикалық жүйе» термині талдаудың әртүрлі деңгейлерінде қолданылады. Бұл мағынада экономикалық жүйе ретінде ең қарапайым құрылымдарды да санауға болады (мысалы, жеке үй шаруашылықтары немесе шаруашылық субъектілер), бірақ бұл термин көп жағдайда макроэкономикалық көзқарас шегінде тұтас ұлттық шаруашылық қызмет ету заңдылықтары қарастырылған кезде қолданылады. Кез келген экономикалық жүйе қоғамдық өндіріс дамуының қандай да бір деңгейін қарастырады, сондықтан әдетте ол екі аспектіде сипатталады: техника – технологиялық – «адам - табиғат» қатынастарын бейнелейді, яғни «өндіргіш күштер» категориясымен бейнеленетін қатынастарды қарастыратын; әлеуметтік – экономикалық – адамдар арасындағы қатынастарды бейнелейтін, «өндірістік қатынастар» категориясымен бейнелетін қатынастарды қамтитын. Құрылымы бойынша өндірістік қатынастар ұйымдық – экономикалық (техникалық - экономикалық) және әлеуметтік – экономикалық деп бөлінеді. Ұйымдық – экономикалық қатынастар адамдар арасында қоғамдық еңбекті ұйымдастыруға қатысты қалыптасады. Ұйымдастыру формалары болып еңбек бөлінісі, еңбек кооперациясы, өндірістің шоғырлануы (фирмалардың іріленуі), олардың орталықтандырылуы (фирмалардың бірлесуі) болып табылады. Жалпы экономикалық жүйе нақты жағдайда шаруашылық ету тәжірибесінен туындайтын қоғамның ерекше құрылымын бейнелейді.

Адамзат қоғамының тарихи даму барысында, ең алдымен, экономиканың негізгі мәселелерін: не өндіру? (қандай тұтыныстарды ең маңызды деп санау және сирек ресурстарды қалай бөлу керек); қалай өндіру? (кім өндіру керек, қандай ресурстардың және технологиялардың көмегімен өндіру керек); кім үшін өндіру керек? (өндірілгенді қалай бөлу керек) шешудің жолдары және тәсілдерімен айрықшаланатын экономикалық жүйелердің бірнеше типтері (үлгілері) қалыптасқан. Қазіргі кезеңде адамзат, шегінде әртүрлі кезде экономикалық жүйелердің бірнеше типтері: нарықтық, әкімшіл-әміршіл, аралас және дәстүрлі экономикалар қалыптасқан ұзақ тарихи даму жолынан өтті. Ең алдымен, меншік формасы мен үйлестік (координация) механизмнің типі оларды бөлудің критерийлері болып (жоспар немесе нарық) табылады.

 

1.3          Экономикалық теорияның пәні мен қызметтері

 

«Экономика» термині екі мың жылдан астам уақыт бұрын пайда болған. Ол гректің «ойкос» (үй, шаруашылық) және «номос» (заң) деген сөздерінен құралған. «Экономия» терминін ең алғашқы рет Ксенофонт үй шаруашылығын жүргізудің саналы ережелерін қарастыратын өзінің шығармаларының атауы ретінде енгізген.

Дербес ғылым ретінде экономикалық теория саяси экономия атауымен пайда болды. Саяси экономия тарихи тұрғыда негізгі кластар мен әлеуметтік топтар арасындағы әлеуметтік – экономикалық қатынастарды зерттеу болып табылатын ғылым ретінде қалыптасты. Экономикалық теория ресурстардың шектелген жағдайында қажеттіліктерді қамтамасыз етуді көздеген адамдар мен топтардың материалдық игіліктері мен қызметтерді өндіру, бөлу, айырбастау және тұтынудағы іс-әрекеттерін зерттеп, талдайтын қоғамдық ғылым.

Экономикалық теорияның зерттеп тану объектісіне нарықтың қызмет ету механизмі мен нарықта және оның сегменттерінде бар болатын жетілген және жетілмеген бәсеке, жеке шаруашылық салалардың монополиялану дәрежесі, бағалық және бағалық емес бәсекенің формалары мен әдістері, нарық қатынастарын реформалаудың бағыттары мен тәсілдері және т.б. жатады. Экономикалық теорияның зерттеу мәселесіне қарай келесідей екі бөлімі болады. Микроэкономика жеке өндірушілердің қызмет-әрекеттерін, кәсіпкерлік капитал мен бәсекелік ортаның қалыптасу заңдылықтарын зерттейді. Мұнда жеке тауарлардың бағасы, жұмсалған ресурстар, шығындар, кәсіпорынның қызмет атқару механизмі, бағаның құрылуы, еңбекке ынта және т.б. жағдайлар талданады. Макроэкономика микропорциялардың негізінде қалыптасатын ұлттық экономикалық жүйенің қызмет-әрекеттерін зерттейді. Мұның зерттеу объектісіне ұлттық өнім, бағаның жалпы дәрежесі, инфляция, жұмыспен қамту жатады.

Экономикалық теория жалпы ғылымдар жүйесінде белгілі қызметтер атқарады. Олар танып – білу қызметі, яғни ол қоғамдық экономикалық өмірдегі процестер мен көріністерді зерттеп түсіндіре білуі керек. Сонымен қатар, тәжірибелік қызметі, яғни ұтымды шаруашылық жүргізудің принциптері мен әдістерін жасау, экономикалық өмірді реформалаудың экономикалық стратегиясын ғылыми тұрғыдан дәлелдеу, т.б. экономикалық теорияның үшінші қызметі қоғамдық дамудың ғылыми болжамын және перспективасын жасауды қамтиды. Экономикалық теорияның осы аталған қызметтері өркениетті қоғамның күнделікті өмірінде жүзеге асырылып отырады. Экономикалық ортаның қалыптасуында, экономикалық динамиканың көлемі мен бағыттарын анықтауда, өндіріс пен айырбастың сала аралық құрылымын жетілдіруде, адамдардың жалпы өмір дәрежесін ұлттық деңгейге жоғарылатуда - осының бәрінде экономикалық теорияның маңызы өте зор.

 

1.4          Экономикалық теорияның әдістері

 

Өмір үшін қоғамның дамуына қажет ресурстардың шектелген жағдайында экономикалық өсу процесінде қалыптасатын қатынастар мен заңдылықтарды экономикалық теория зерттейді.  Пәннің ерекшелігі зерттеудің әдістемесі мен әдістерінің ерекшелігін тудырады. Әдістеме дегеніміз - экономикалық жағдайларды зерттеуде қолданылатын жалпылама әдіс, белгілі философиялық көзқарастар тұрғысынан қарағанда ол субъективтік, диалектикалық – материалистік, эмпирикалық, рационалистік және т.б. бағыттарды қолдануды талап етеді. Рационалистік әдіс объективтік шындықты талдаудың тұрақты динамикада жүргізілуін тілейді. Бұған өндіріс, бөлу, айырбас және тұтынудың ішкі байланыстары мен заңдарын зерттеп, талдау жатады. Рационалистік және аналитикалық әдістердің өзара байланыстары әсіресе ұдайы өндіріс пен экономикалық өсу процестерін талдауда толық байқалады.

Абстракцияланған нақтылыққа құбылыстың мәнінен көрінісіне дейінгі жағдайларды қамтитын әдіс экономика ғылымында жиі қолданылады. Абстракция әдісі зерттеу пәнін жеке, кездейсоқ, қысқа мерзімді, дара құбылыстардан тазартып, оқшаулап, оның (зерттеу пәнінің) тұрақты, берік, типтік, әрқашан қайталанып отыратын негізгі, шешуші белгілерін, қасиеттерін, мәнін бөліп алып қарап, танып білуге мүмкіндік береді.

Экономикалық теорияда ғылыми абстракция әдісінің маңызы өте зор. Ғылыми абстракция дегеніміз – құбылыстар қасиеттерінің басты, ең мәнді қасиеттерін табу мақсатында ой-сана жүзінде онша мәнді емес жағдайлармен есептеспеу болып табылады. Осылай құбылыстардың мәні ашылады, анықталады. Абстракциялау нәтижесінде экономикалық категориялар тұжырымдалады.

Талдау мен синтез әдістерінің пайда болуы абстракциялық ойлаумен байланысты. Экономикалық құбылыстарды талдау экономикалық құбылысты, оның жеке элементтеріне бөліп және әр элементті тұтас құбылыстың қажетті құрамды бөлігі деп зерттеуді талап етеді. Ал синтез құбылысты алдымен әр бөліктен тұратын құрылым деп, бұдан кейін осы элементтердің біртұтас қосылуы деп зерттеп, жалпы қорытынды шығарады.

Экономикалық теорияда қолданылатын әдістердің ішінде тарихи және логикалық талдау принципінің бірлігі кең пайдаланылады. Әрбір экономикалық жүйенің логикалық байланысы бар. Біріншіден, олар бір- бірімен өзара әсер ететін динамикалық қатынаста болады. Бүгінгі дәлел ертеңінде қызмет ролін атқаруы мүмкін. Екіншіден, жүйенің әрбір элементі тарихи даму процесінде болады. Сондықтан тарихи және логикалық бірлікті сақтау мәселесінің маңызы зор. Бұның өзі жүйенің және оның элементтерінің пайда болуын білу үшін ғана емес, әсіресе оның үрдісін, сатыларын анықтау үшін қажет.

Ғылыми танымның жекелеген әдістеріне: байқау, синтез бен талдаудың көмегімен алынған материалды өңдеу, индукция мен дедукция, заңдар мен категориялар жүйесін құрау, оларды тексеру, тәжірибе-сынақтар жүргізу, модельдер құрастыру және т.б. жатады. Математикалық модельдер графиктер мен математикалық теңдеулер көмегімен бейнеленеді. Алайда, абстрактілі математикалық модельдердің көбеюі шынайы экономикалық жағдай жөнінде қате түсінік қалыптастыруы, әсіресе модельге сапасыз өңделген экономикалық көрсеткіштер алынғанда әбден мүмкін екендігін айта кету керек.

 

2 дәріс. Меншік және кәсіпкерлік

 

Жоспар

1.              Меншік экономикалық және құқықтық категория ретінде. Меншік мазмұны.

2.              Меншік формалары көптүрлілігінің объективті қажеттілігі. Меншік түрлері.

3.    Қазақстан Республикасында меншік қатынастарының түрленуі.

4.    Кәсіпкерлік нарықтық экономика жағдайында меншікті экономикалық жүзеге асырудың тәсілі ретінде.

 

Дәрістің мақсаты: «меншік» және кәсіпкерлік категорияларының, кәсіпкердің экономикадағы қызметтерінің мазмұнын ашу; кәсіпкерліктің негізгі түрлері мен негізгі ұйымдық-құқықтық формаларының ерекшеліктерін айқындау.

 

2.1 Меншік экономикалық және құқықтық категория ретінде. Меншік мазмұны

 

Экономикалық қызмет бар жерде әрқашан меншік мәселесі болады. Меншік қатынастары экономикалық қатынастардың барлық жүйесін қамтиды және адам өмірінің барлық сатысында маңызды болып табылады. Адам басқа адамдармен тығыз байланыса отырып өмір сүреді, еңбек нәтижелерін өндіреді және пайдаланады. Осыған орай, меншік – бұл адамдар арасындағы  материалды игіліктерді иемденудің, әсіресе өндіріс құралдарын иемденудің қандайда бір формасын бейнелейтін қатынастар деп айтуға болады.

Меншік – бұл белгілі бір меншік объектілерін (өндіріс құралдарын, тұтыну заттарын, жұмысшылар еңбегін, интеллектуалды еңбек өнімдерін) иемдену және иелігінен алуға байланысты қатынастар. Меншіктің әлеуметтік-экономикалық мазмұны өндіріс факторларын иемдену; жұмысшыларды өндіріс құралдарымен біріктіру тәсілі (жұмыс күшін сатып алу(жалға алу); материалды құралдарды шаруашылықта пайдалану (меншік иесі өзі пайдаланады немесе арендаға, лизингке береді); меншікті экономикалық іске асыру – табыс алу және оны пайдалану тұрғысынан сипатталады.

Меншікті толығырақ түсіну үшін оның экономикалық қатынастар жүйесіндегі орнын анықтау керек. Біріншіден, меншік – барлық қоғамдық қатынастар жүйесінің негізі болып табылады. Бөлу, айырбастау және тұтыну формалары қоғамда қалыптасқан меншік формаларының сипатына байланысты болады. Сонымен, нарықтық экономикада  жеке меншік басымырақ болады. Екіншіден, қоғамдағы белгілі бір топтардың, таптардың жағдайы, олардың барлық өндіріс факторларына қол жеткізуге деген мүмкіндіктері меншікке тәуелді болады. Үшіншіден, меншік тарихи дамудың нәтижесі болып табылады. Оның формалары өндіріс формаларының өзгерісіне байланысты өзгереді. Сонымен қатар, бұл өзгерістің негізгі қозғаушы күші болып өндірістік күштердің дамуы табылады.

Меншік қатынастар жүйесін қарастыру экономикалық қызметтің кімнің мүддесіне жүзеге асырылатындығы туралы сұраққа жауап беруге мүмкіндік береді. Егер жеке мүдде басымырақ болса, онда индивидуалды жеке қатынастар жүйесі туралы айтуға болады. Егер иемдену қандай да бір ұжымның мүддесінде жүзеге асырылса ұжымдық меншік туралы айтуға болады. Иемдену адамдардың белгілі бір әлеуметтік тобымен де жүргізіледі.

Осылайша, меншік – бірнеше қоғамдық ғылымдармен жан жақты зерттелетін күрделі құбылыс болып табылады. Сонымен, экономикалық теория пайдалы игіліктерді иемденуде адамдар арасындағы маңызды шаруашылық байланыстарды, ал құқықтану – құқықтық қатынастарды қарастырады. Нәтижесінде «меншік» терминімен жақын мағынадағы, бірақ әртүрлі түсініктер бейнеленеді, олардың негізгі айырмашылықтары мен байланысы келесіде. Меншік экономикалық мағынада бұл адамдар арасындағы барлық мүлікті иемдену мен шаруашылықта пайдалануға байланысты нақты қатынастар. Ал құқықтық мағынада меншік істе қалыптасқан мүліктік қатынастардың қалай рәсімделетінін және мемлекетпен  барлық азаматтар үшін міндетті тәртіпте бекітілген құқықтық нормалар мен заңдарда қандай негіз табатынын бейнелейді.

         

2.2 Меншік формалары көптүрлілігінің объективті қажеттілігі. Меншік түрлері

 

Меншіктің барлық формаларының өзара әрекеті мен шиеленісуі қоғамның дамуына оң әсер етеді.

Меншік типтері:  қоғамдық және жеке. Қоғамдық меншік – ассоциацияланған (иемдену қоғамның барлық мүшелерімен жүзеге асырылады), біртұтас және бөлінбейді. Жеке меншік – иемдену бір субъектімен немесе адамдар топтарымен  жүзеге асырылады.

Қоғамдық меншік формалары: мемлекеттік, муниципалды, қоғамдық ұйымдар. Жеке меншік формалары: жеке индивидуалды және жеке ұжымдық (акционерлік, серіктестіктер, кооперативтер). Меншіктің әртүрлі формаларының болуы мен өзара әрекеті экономиканың және барлық қоғамның прогрессивті дамуына оң әсер етеді.

Меншік құқықтар теориясы 1960 жылдары дами бастады. Оның авторлары болып американдық экономистер Р.Коуз и А.Алчиан табылады.

Бұл теорияға сәйкес меншік қатынастары  11 түрлі құқықпен реттеледі:

1) иемдену құқығы, яғни объектіні табиғи тұрғыдан бақылау;

2) пайдалану құқығы, яғни объектіден табыс алу;

3) пайдаланудан алынатын табыстың өзіне құқық;

4) басқару құқығы;

5) объектінің негізгі құндылығына құқық (оның тағдырын шешуге);

6) алып қоюдан қорғауға құқық;

7) өсиет пен мұрагерлікке құқық;

8) мерзімсіз иемденуге құқық;

9) басқаларға зиян тигізе отырып пайдалануға шектеу;

10) объектіні қарызды төлеу есебінен алып қою мүмкіндігі;

11) объектіні иесіне пайдалану мерзімі аяқталғанда қайтару міндеттемесі.

 

2.3 Қазақстан Республикасында меншік қатынастарының түрленуі

 

Кәсіпорын, компания қызметінің тиімділігі, нәтижелілігі ондағы үстемдік етуші меншікке байланысты. Осыдан компанияның тиімді қызмет етуін қамтамасыз ету мақсатында меншік формалары мен қатынастарын түрлендіруге талпыныс туындайды. Бұл кәсіпорындарды жекешелендірудің негізгі себебі болып табылады.

Жеке заңды тұлғалардың пайда болуы екі кең таралған тәсілмен жүзеге асырылады – жаңа кәсіпорындарды құру және әрекет етуші кәсіпорындарды жекешелендіру. Біздің мемлекетте мемлекеттік меншіктің үстемдігіне, тұрғылықты халықтың инвестиция жасау үшін қаражатының болмауына, жеке меншікті әлсіз құқықтық қорғауға, тәжірибенің жоқтығына, халықтың жеке инвестициялау саласында психологиялық тұрғыдан дайын болмауына байланысты екінші жол таңдалды.  Республикада жасалған бағдарламаға сәйкес мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдарды жеке немесе аралас мемлекеттік-жеке акционерлік компаниялар мен серіктестіктерге түрлендіру арқылы жекешелендіру жүргізілді.

Республиканың барлық кәсіпорындары персоналдардың саны мен салалық тағайындалымына қарай төрт топқа бөлініп, олардың әрбіреуі үшін жекешелендірудің әртүрлі тәсілдері қарастырылады.

Жекешелендірудің бағыттары:

- ұсақ кәсіпорындарды жергілікті аукциондар арқылы сату;

- орта және ірі кәсіпорындарды жаппай жекешелендіру;

- өте ірі кәсіпорындарды жеке жобалар бойынша жекешелендіру;

- ауыл шаруашылық саласындағы және ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу секторындағы жекешелендіру;

Ұсақ жекешелендіру шегінде 11 мың объекті сатылды, бұл ұсақ жекешелендіруге жатқызылған объектілердің шамамен 2/3 бөлігін құрады және сонымен қатар, халықтың тұтынысын қанағаттандыру үшін анағұрлым маңызды болып табылатын -  саудада, қоғамдық тамақтану мен қызмет көрсету саласында – кәсіпорындардың 84% жекешелендірілді. Ұсақ жекешелендіру 1997 жылдың ортасында аяқталды және шамамен 14000 кәсіпорын жекешелендірілді. Жаппай жекешелендіру бағдарламасы жекешелендірудің екінші кезеңінде жүргізу көзделді, 1993 жылы жүзеге асырыла бастады және жекешелендіру купондарын халықтың арасында бөлуге негізделді. Азаматтар купондарын арнайы инвестициялық қорларға салым ретінде салуға құқылы болды, кейін сол купондарды мемлекеттік кәсіпорындардың акцияларын сатып алуға жұмсады. Жаппай жекешелендіру бағдарламасы орта және ірі кәсіпорындарды (200-ден 5000-ға дейін жұмысшылары бар) жекешелендіруге бағытталған. 50000-нан көп жұмысшылары бар ірі кәсіпорындар және кен өндіру өнеркәсібі кәсіпорындары немесе табиғи монополия секілді ерекше мемлекеттік маңызға ие кәсіпорындар. Ірі жобалар бойынша жекешелендіру бағдарламасы негізінде жекешелендірілуі қажет. Жалпы алғанда бұл категорияға 170-ке жуық кәсіпорын жатты. Бұндай көзқарастың мақсаты болып әрбір кәсіпорындағы жағдайлар максималды түрде ескерілетін шешім қабылдау табылды. Бұл жерде жаппай жекешелендіру бағдарламасымен салыстырғанда инвестордың мемлекеттік немесе жеке меншігінің үлесін анықтауға болатын үлгі жоқ. Сату әдістері де ерекше, сонымен қатар халықаралық тендерлер мен басқаруға келісім шарттардың жүргізілуі де көзделген.

Мемлекеттік меншік иелерінің санының көп өзгеруі кезіндегі мемлекеттік форманың ұжымдық және жекеге көшуі өз бетінше тиімді нарықтық экономиканың қалыптасу мәселесін шешпейтіндігін айта кету керек. Жаңа меншік иелерінің өндірісті ұйымдастыра білуі, оны басқара білуі, қызығушылығы болуы керек. Әйтпесе меншік формаларын түрлендіру табысты болмайды.

 

2.4 Кәсіпкерлік нарықтық экономика жағдайында меншікті экономикалық жүзеге асырудың тәсілі ретінде

 

«Кәсіпкерлік» және «нарық» сөздері өзара тығыз байланысқан.  Нарықтық экономиканың ең қысқа және сыйымды анықтамасы келесідей: «еркін кәсіпкерлік экономикасы».

Қазіргі таңда кәсіпкерлікке көптеген анықтамалар берілген. Олардың барлығы келесіге келіп тіреледі:

а) кәсіпкерлік қызметтің мақсаты пайда табу; 

б) кәсіпкерлік қызметтің мазмұны болып кәсіпкердің иелігіндегі ресурстардың (ақша, материалды игіліктер, еңбек) оның қойған мақсатына жетуін қамтамасыз ететін комбинациясын іздеу табылады.

ҚР-ның «Жеке кәсіпкерлікті қорғау және қолдау туралы» заңында жеке кәсіпкерлікке келесі анықтама беріледі: бұл азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғалардың өз меншігіне негізделе отырып, өз атынан және өзінің мүліктік жауапкершілігімен жүргізілетін табыс алуға бағытталған инициативті қызметі.

Кәсіпкерлік қызметтің негізгі белгілері: дербестілік, инициативтілік, жауапкершілік, тәуекелділік, жаңашылдық, икемділік, даму.

Кәсіпкердің қызметтері: мақсатты анықтау; қажетті ресурстарды іздеу; өндірісті ұйымдастыру; тәуекелді азайту; жаңашылдық. Атақты американдық экономист Й. А. Шумпетер алғаш рет пайда теориясына жаңашылдықты жүзеге асырудың нәтижесі ретінде анықтама берді. Й.Шумпетер бұл жағдайды түсіндіру үшін экономикалық талдауға кәсіпкер тұлғасын енгізді және оны новатор деп атады. Новатордың ролі – әртүрлі өндіріс факторларының (ресурстардың) жаңа үйлесімін іздеу және енгізу. Дәл осы жаңа үйлесім сала бойынша жоғары пайда алуға мүмкіндік беретін жаңашылдық (инновациялар) болып табылады.

Қоғамда кәсіпкерліктің барлық формаларының қалыпты қызмет етуі үшін жағдайлардың (шарттардың) болуы азаматтардың экономикалық еркіндігінің көрсеткіші ғана емес, сонымен қатар кәсіпкерліктің прогрессивті сипатының мемлекет тарапынан түсінілуін бейнелейді. Ал шағын және орта кәсіпкерліктің ЖІӨ-дегі үлесі келесі кестеде көрсетілген.

 

1 кесте - Шағын және орта кәсіпкерліктің ЖІӨ-дегі үлесі

 

2005

2006

2007

2008

ШОК-ң ЖІӨ-дегі үлесі, %

40,5

35,8

34,6

31,2

Шағын бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі,  %

36,4

31,8

30,8

28,0

Орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі, %

4,1

4,0

3,8

3,2

 

Қазақстанда қазіргі таңда кәсіпкерліктің экономиканың өндірістік және ғылыми-техникалық салаларында тиімді институционалды бетбұрыстар негізінде дамуы, инфрақұрылымның, қаржылық, ақпараттық, ғылыми-әдістемелік қамсыздандырудың жетілдірілуі мен дамуы жоспарлануда. Ерекше көңіл кәсіпкерлік кадрларын даярлауға бөлінген. Кәсіпкерлікті қаржылық қорғау саясаты экономиканың басымды секторларына ұзақ және орта мерзімді несиелеудің үлесін марапаттаудың жеңілдікті мөлшерлемелерін қолдану арқылы арттыруға, аймақтық деңгейде кепілдік қорлар мен несиелік серіктестіктерді құруға бағытталады. Жаңа шағын кәсіпорындарды бизнес-инкубаторлар мен технопарктер арқылы құруды қорғау саясаты мемлекет пен кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді құралы ретінде қарастырылады. Қазақстанда шағын кәсіпкерлікті масштабты түрде қолдау үшін құрал-жабдықтарды, қаржы-қаражат, технологияларды, сонымен қатар отандық және шетелдік кәсіпорындарының өндірістік тәжірибесін тартуға мүмкіндік беретін лизингтік және франчайзингтік қатынастарды күшейту жоспарлануда.  

 

3 дәріс. Нарықтық экономиканың мәні мен қызмет ету механизмі

 

Жоспар

1.  Нарық, оның қызметтері және типтері.

2.  Нарық жүйесі және оның құрылымы.

3.  Нарықтық механизм және оның элементтері: сұраныс, ұсыныс, баға және бәсеке.

4.  Қазақстанда нарықтық қатынастарға көшу стратегиясының негізгі  бағыттары.

 

Дәрістің  мақсаты: «нарық», «нарық механизмі», «нарық құрылымы» секілді негізгі түсініктердің мазмұнын ашу; нарықтық баға құрудың механизмін түсіну; бәсеке мен монополияның өзара байланысын түсіну.

 

3.1 Нарық, оның қызметтері және типтері

 

Экономикалық байланыстар өнімдердің өндірушілерден тұтынушыларға қозғалысын қамтиды: бір жақтан өндірушілер, басқа жақтан тұтынушылар арасында көп түрлі айырбас жүріп отырады. Осындай айырбас процестері қоғамдық еңбек бөлінісімен белгіленеді. Бұл бір жақтан өндірушілерді ажыратады. Еңбек әрекеттеріне сәйкес оларды бір – бірінен оңашаландырады. Екіншіден, олардың арасында тұрақты функционалды қатынастар туындайды. Нәтижесінде, өндіріс тауарлық өндіріске айналады. Өндірушілер өнім өндіруді және оны өткізуді, шығындарды өтеуді, өндірісті кеңейтуді және жетілдіруді – барлығын өз еркімен дербес шешеді. Тауар – ақша қатынасы жағдайында айырбас процестері нарықтық қатынастар формасына ие болады.

Нарық - өндіру, бөлу, айырбас және тұтыну процестерін қамтитын адамдар арасындағы экономикалық қатынастар жүйесі. Бұл меншіктің әр алуан формаларын, тауар – ақша қатынастарын, қаржы – несие жүйесін пайдалануға негізделген экономикалық іс - әрекеттердің күрделі механизмі.

Нарықтың мәні оның қызметтері арқылы толығырақ анықталады. Нарық келесідей маңызды қызметтерді атқарады: тауар өндірісінің өзін - өзі реттеу қызметі. Яғни, тауарға сұраныс өскенде өндірушілер өздерінің өндіріс көлемін көбейтіп, бағаны жоғарылатады, нәтижесінде өндіріс қысқара бастайды; ынталандыру қызметі. Баға төмендегенде өндірушілер өндіруді азайтады, сонымен қатар, олар жаңа техника, технологиялар енгізу, еңбек ұйымдастыруды жетілдіру арқылы шығындарды азайту мүмкіндігін іздестіреді; өндірілген өнім мен еңбек шығындарының қоғамдық маңыздылығын айқындау қызметі. Бірақ бұл қызмет тек тапшылық жоқ өндіріс жағдайында жүзеге аса алады, яғни сатып алушылардың таңдауы бар болғанда, өндірісте монополия болмағанда, бірнеше өндірушілер болып олар өзара бәсекелес болғанда; реттеу қызметі. Нарық арқылы экономикадағы, өндірістегі және айырбастағы негізгі микро және макропропорциялар белгіленеді; өзін - өзі басқару принциптерін жүзеге асыру қызметі. Нарықтық  құралдар әсерімен қоғамдық өндіріс экономикалық жағынан қолайсыз элементтерден арылып отырады және осының арқасында тауар өндірушілер әркелкі түрге, буындарға бөлінеді, яғни дифференциалданады. Нарықтың даму дәрежесіне қарай келесі типтерге бөлуге болады: дамымаған, классикалық, реттелуші және деформацияланған.

Классикалық нарықтың келесідей белгісі болады:

а) нақты нарық оған еркін кірудің болуын қарастырады, сондықтан нарық қатысушыларының саны ешқандай шектелмейді;

ә) нарықта көптеген тауар өндірушілер әрекет еткендіктен, бұл тауарларға қойылған баға жалпы нарықтық баға елеусіз (аз) әсер етеді;

б) нарықта өндіріс факторлары қозғалысының толық еркіндігі қарастырылады;

в) еркін нарықта сатушылар мен фирмалардың қандай да бір топтары үшін артықшылықтар жоққа шығарылады.

Оның өзін – өзі реттеуші механизм негізінде қызмет етуі, адамдарға қатыстылығы, сұраныстың негізіндегі өндіріске күрделі қаржы салуға бағытталуы классикалық нарықтың артықшылығы болып табылады.

Нарықтың екінші типі – реттелуші, яғни құқықтық нормалармен бекітілген қандай да бір тәртіпке бағынышты және мемлекетпен қолданатын нарық. Ірі кәсіпорындар бұрынғыдай өздеріне белгісіз нарықта көзді жұмып жұмыс істей алмайды.  Ауқымды капиталмен тәуекелге бармас үшін олар өздеріне өткізу нарығын қамтамасыз етуге тырысады, пайдалы мемлекеттік тапсырмаларды орындауға дайын болады. Осылайша кездейсоқ жағымсыз әрекет жоққа шығарылады.

Әкімшіл - әміршіл жүйе жағдайындағы деформацияланған нарықтың негізгі белгілері келесідей: нарықтық қатынастар субъектілерінің аз болуы; шектен тыс орталықтандырылу, коммерциялық әрекеттерде дербестіктің болмауы; тауар өндірушілер мен сатушылардың монополизмі; сұраныс пен ұсыныстың теңсіздігі; көлеңкелі экономиканың дамуы; тауар – ақша қатынастарының бартерлік айырбаспен алмасуы; тұтынушының тауарды таңдауға деген құқығының болмауы.

 

3.2 Нарық жүйесі және оның құрылымы

 

Нарықтың құрылымы күрделі болып табылады және халық шаруашылығының барлық салаларын қамтиды.

Нарықтың құрылымы – бұл нарықтың жеке элементтерінің ішкі құрылысы, тәртібі, орналасуы, осы элементтер нарықтың жалпы көлеміндегі үлесі.

Әртүрлі критерийлердің негізінде жеке элементтерге мүшеленген барлық нарықтардың жиынтығы нарық жүйесін құрайды,

Құрылымы бойынша нарықтарды келесі критерийлер бойынша бөлуге болады:

1) Нарықтық қатынастар объектілерінің экономикалық тағайындалымы бойынша:

- тауарлар мен қызметтер нарығы;                 - жұмыс күші нарығы;

- өндіріс факторлары нарығы;                         - ақпарат нарығы;

- бағалы қағаздар нарығы;                               - қаржы нарығы;

- ғылыми-техникалық жасалулар нарығы;     - лицензия және т.б.нарығы.

Мұндай нарықтардың қалыптасуы кәсіпорындардың өзара әрекет етуінің барлық жүйесінің түбірімен өзгеруіне; тауарларды тікелей байланыстар негізінде сатуға өтуге ықпал етеді. Мыналар нарықтың негізгі құралы болып табылады. Тауар және қор биржалары, арнайы базалар, коммерциялық орталықтар, көтерме сауда кәсіпорындарының жүйесі түріндегі нарықтық құрылымдарды құру.

2)    Бәсекенің шектелу дәрежесіне қарай: монополиялық нарық, олигополиялық нарық, еркін нарық.

3)    Әрекет етуші заңға сәйкес: ресми нарық, көлеңкелі нарық.

4)    Орналасу кеңістігіне қарай: жергілікті нарық, аумақтық нарық, ұлттық, әлемдік нарық.

 

3.3 Нарықтық механизм және оның элементтері: сұраныс, ұсыныс, баға және бәсеке

 

Кез келген нарық өзінің нақты түріне қарамастан негізгі үш элементке негізделеді: бағаға, сұраныс пен ұсынысқа, бәсекеге. Нарықтық механизм – сатушы мен сатып алушының өзара іс-әрекетінің бәсекелестік механизмі және сұраныс пен ұсыныстың негізінде төмендегідей үш мәселені шешеді: Не өндіру керек? Қалай өндіру керек? және кім үшін өндіру керек? Нарықтық экономикада бұл сұрақтар нарық арқылы (баға, сұраныс және ұсыныс, бәсеке механизмдері арқылы) шешіледі.

Сұраныс – ақшалай қамтамасыз етілген, нарықтағы тұтыныстың өңі айналған түрі немесе сұраныс – төлем қабілеттілігі бар тұтыныс. Тауардың нарықтық бағасы мен сұраныс көлемі арасында үнемі белгілі арақатынасты көрсететін қисық сұраныс қисығы деп аталады (1 суретті қараңыз).

1 сурет - Сұраныс қисығы

 

Нарықтық сұраныс көптеген факторлардың әсерімен: баға деңгейі, сатып алушылардың ақшалай табысы, нарық көлемі, жинақталған мүлікпен сатып алушылар санымен және басқалармен қалыптасады. Тауарға деген сұраныс мөлшері тұрғындардың ақшалай табыс деңгейіне тура пропорционалды және баға деңгейіне кері пропорционалды. Баға көтеріңкі болса, тауарды сатып алушылар сұранысы төмен болады, егер сұраныс мөлшерінің бағалық емес факторларын өзгермеген деп санасақ, онда бағаға қатысты сұраныстың функционалды тәуелділігі келесі формуламен анықталады:  Qd=F(Б).

Ұсыныс – тауар өндірушілердің нарыққа сатуға ұйғарған бағасы белгіленген тауар жиынтығы. Ұсыныс сұранысты өндірілген тауар ассортименті мен олардың бағасы арқылы қалыптастырады; өндіріс шығындарына, қолданатын өндіріс технологиясының сипатына, дотация мен салыққа, бар тауарлар бағасы мен кәдімгі тауарлар бағасына, баға өзгеруін күтуге, сатушылар санына, табиғи климаттық жағдайға және т.б. байланысты. Тауар өндіруші ұйғарған тауар саны мен нарықтық баға арасындағы үнемі белгілі арақатынасты көрсететін қисық ұсыныс қисығы деп аталады (2 суретті қараңыз). Ұсыныс заңына сәйкес, өндірушілер өндірілген өнімнің көбін жоғарғы бағамен сатуды ұсынады және керісінше. Егер ұсыныс мөлшерінің бағалық емес факторлары өзгеріссіз қалса, бірақ тауар бағасы өзгерсе, онда ұсыныстың бағаға тәуелділігі мынадай түрде болады Qs=F(Б).

                      

 

2 сурет - Ұсыныс қисығы

 

Сұраныс пен ұсыныс тепе – теңдігі кезіндегі нарық пен баға деңгейі жағдайы нарықтық тепе – теңдік деп аталады. Бұл жағдай графикте келесідей бейнеленеді.

                  

                   

3 сурет - Нарықтық тепе – теңдік

 

Суретте көрсетілгендей тепе-теңдік нүктесі Е сұраныс пен ұсыныс қиылысында орналасқан. Тепе – теңдік нүктесіндегі нарықтық баға тепе – теңдік бағасы деп аталады. Сұраныс пен ұсыныстың өзгеруіне қарай бағаның тепе – теңдік нүктесі де соған сай өзгереді.

Нарық бәсекелестігінде тепе – теңдік Е нүктесінде болады. Бұл жағдайда сұраныс мөлшері мен ұсыныс көлемі бір – біріне дәл келеді. Qe=Qs=Qd. Егер ұсыныс сұраныстан асып кетсе, онда тауарды сатып алу азаяды, сондықтан сатушылар тауарларының бағасын түсіруге мәжбүр болады. Ал егер сұраныс ұсыныстан көп болса, онда тауар бағасы өседі. Бәсеке (лат. concurere – бірге қашу) – бұл нарықтағы анағұрлым жақсы жағдай, яғни пайданың көп мөлшері, өткізу нарығы, шикізат көздері үшін тауар өндірушілер арасындағы қақтығыс (күрес). Бәсеке нарықтық механизмнің қажетті элементі болып табылады. Әрине, бәсеке үшін нарықта біркелкі тауар өндіретін көптеген тауар өндірушілер болу керек. Нарықта бәсеке әртүрлі формада және әртүрлі тәсілдермен жүргізіледі.

Бәсекені келесі негізгі түрлері бойынша жіктеуге болады: таза бәсеке,             жетілген бәсеке, монополиялық бәсеке (толығырақ көрсетілген әдебиеттерде). Біздің елде әкімшіл - әміршіл жүйе кезінде кәсіпорындар нарық және пайда үшін бәсекеге түспеді. Олар өзара қорларды, шектерді, шетелдік құрал – жабдықтарды, мемлекеттік күрделі қаржыларды алу және директивті тапсырмалардың төмендеуі үшін күресті. Мұндай бәсеке негізінде өндіріс шоғырлануының жоғары дәрежесі мен ұсақ бизнестің әлсіз дамуы жатқан ведомстволық монополизмнің теріс жағы ретінде жүрді. Нарықтық қатынастарға көшу сатып алушының басымдылығын (приоритетін) бекіту мен өндірушінің басымдылығын жоюды қарастырады. Бәсеке – бұл тауар өндірушілердің еркіндігі ғана емес, сонымен қатар, тұтынушылар тарапынан мәжбүрлеу, қаржылық шектеулерге тәуелділік. Бәсекенің дамуына ұсақ кәсіпорындардың құрылуы, мемлекеттік тапсырмалардың (қандайда бір кезеңде) жойылуы, кәсіпорындарды мемлекетсіздендіру және жекешелендіру және т.б. ықпал етеді.

 

3.4          Қазақстанда нарықтық қатынастарға көшу стратегиясының негізгі бағыттары  

 

90–жылдың басына Қазақстан бұрынғы КСРО-ның дамыған индустриалды-аграрлық республикасы ретінде жетті. Қазақстан экономикасының негізгі құрамдастары – шикізат, металлургиялық, энергетикалық және агроөнеркәсіптің кешендер – алғашқыдан Ресейге бағытталған. Республиканың экономикалық құрылымының аграрлық және өңдеуші салаларға қарай бұзылуы және соңғы өндіріс дамуының өте төмен деңгейі Қазақстан экономикасындағы құрылымдық дағдарыстың басталуына әкелді. 

Елде тәуелсіздікті алғаннан кейінгі экономикалық саладағы барлық көп түрлі реформаторлық әрекеттерді келесілерге топтастыруға болады: экономиканы тұрақтандыру және ырықтандыру, меншікті жекешелендіру және әлемдік шаруашылыққа ену (интегралдану).

Республикада жүргізілген экономикалық саясаттың келесі кезеңдерін  анықтауға болады:

бірінші кезең (1991 – 1994 ж.ж.) –  экономиканы тұрақтандырудың экономикалық саясаты;

екінші кезең (1995 – 1997 ж.ж.) – тұрақтандырудың экономикалық саясаты;

үшінші кезең (1998 ж-дан бүгінгі күнге дейін) – экономикалық өсу саясаты.

Экономикалық ырықтандыру бойынша шаралар ең алдымен нарықтық бетбұрыстар жолындағы әкімшілік кедергілерді жоюға бағытталған. Ырықтандыру процесі белгілі бір экономикалық бетбұрыстар жиынтығына негізделген:

- экономиканың дефицитті сипатын ұдайы өндіруші механизмдерді еркін бағаларға көшу негізінде жою; 

- кәсіпорындарды өзін өзі өтеуге және өзін өзі қаржыландыруға көшіру; 

- өндірушілер монополизмімен күресу, нарықтық бәсекенің пайда болуына алғышарттар жасау.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан үшін қиын жылдар болды. Бұрынғы КСРО республикаларымен экономикалық байланыстардың бұзылуы, рубльдік зонада болу әсерінен Ресей Үкіметі мен Орталық Банкінің экономикалық саясатына тәуелділік туындады. Реформалаудағы қателіктер болып еркін, реттелмейтін нарыққа бағытталу; мемлекеттің экономикадағы ролін әлсірету табылды.

1993 жылдың соңында өз ұлттық валютамыз - теңгені енгізу реформалаудың елеулі күшеюіне әкелді, ең алдымен қаржы-несие саласындағы реформалардың, дербес макроэкономикалық саясатты жүргізуге мүмкіндік туды. Бұл кезеңге дейін біздің республиканың экономикалық тәуелсіздігі болмады, тек институционалды реформаларды дербес түрде жүргізуге мүмкіндік болды.

Экономикалық қызметті ырықтандыру бойынша шаралар үш негізгі реформалық әрекеттер тобын, жекешелендіруді, макроэкономикалық тұрақтандыруды және құрылымдық бетбұрысты, қамтитын батыл бетбұрысты жүргізудің алғышарттары мен қажетті жағдайлары ретінде болды.

Тұрақтандыру саясатын жүргізуге батыл институционалды бетбұрысты жүргізудің аяқталуы ықпал етті: 

- екі деңгейлі банктік жүйе қалыптасты, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі тәуелсіз болды, әртүрлі банктік емес қаржылық институттар – инвестициялық және сақтандыру компаниялары, зейнетақы және басқа да қорлар құрылды;

- 1995 жылдың 1 шілдесінен бастап жаңа салық кодексі енгізілді, онда салықтардың саны 46-дан 11-ге дейін қысқартылды, олардың мөлшерлемелері елеулі деңгейде тәртіпке келтірілді;

- қор нарығы құрылды, Қазақстандық банк аралық валюта-қор биржасы жұмыс жасай бастады;

- мемлекеттік бюджеттің дефицитін қаржыландырудың нарықтық әдістеріне көшу жүзеге асырылды; 

- шағын кәсіпкерлікті дамыту мен мемлекеттік қолдау туралы бірқатар заңдар қабылданды.

Үкіметтің жүргізген тұрақтандыру саясатының нәтижесінде 1996 жылы  1995 жылмен салыстырғанда нақты ЖІӨ-нің деңгейі алғашқы рет 1%-ға артты, жылдық инфляция деңгейі 60-тан 29%-ға төмендеді, жалпы қаржылық дефицит 3%-ға төмендеді.

Екі алғашқы кезеңге сәйкес уақыт аралығында келесі мезеттермен сипатталатын оң тәжірибе жиналды:

- мемлекеттік меншік монополизмі бұзылды;

-        прогрессивті экономикалық заңдар қалыптастырылды;

- нарықтық экономика инфрақұрылымы қалыптасты және дами бастады;

-  тұтыну нарығында қандайда бір тепе-теңдікке қол жеткізілді, бірақ көп жағдайда импортталған тауарлар есебінен;

-  жаңа толқын кәсіпкерлерінің саны арта бастады;

-  ұлттық валюта енгізілді және ол үш жылдан кейін (1996 ж.) ағымдағы операциялар бойынша конвертациялана бастады.

Реформалар жүргізу барысында Қазақстанда әміршілдік экономика механизмдері толығымен өзгертілді, нарық механизмі үстемдік етті, макроэкономикалық тұрақтылыққа қол жеткізілді, ақша нақты айналыс құралына айналды. Елде экономиканың жеке секторы басымырақ әртүрлі меншік формалары қалыптасты (ЖІӨ-ң 80% жеке сектор құрады). Сыртқы экономикалық қызмет пен ішкі экономика ырықтандырылды; сәйкес инфрақұрылымды барлық тауарлар мен ресурстар нарықтары қалыптасты және қызмет етті; сұраныс пен ұсынысқа сәйкес бағалар, пайыздық мөлшерлемелер және валюталық айырбас курсы  анықталды; нарықта бағалы қағаздар еркін сатылды және сатып алынды, әжептәуір деңгейде бәсеке пайда болды.  Адамдар нарыққа бейімделе бастады, өз бетінше бизнес жүргізді, анағұрлым тапқыр бола бастады, ел амандығының болашақ негізін қалыптастырушы кәсіпкерлік таптың тез қалыптасуы болды.

 

4       дәріс. Өндіріс және шығындар теорияларының негізі

 

Жоспар

1.    Өндіріс анықтамасы. Өндірістік функция.

2.    Өндіріс шығындары. Айқын және айқын емес шығындар. Альтернативті шығындар.

3.    Жалпы, тұрақты және өзгермелі шығындар. Шекті және орташа шығындар.

 

Дәрістің мақсаты: өндірістік функцияның мазмұнын, оның өндіріс факторларының өзара алмасушылығын түсіндірудегі мазмұнын ашу; шығындар мен пайданың не екенін көрсету; олардың арасындағы байланыс пен фирма шығындарын азайту және пайдасын арттырудың ережелерін көрсету.

 

4.1 Өндіріс анықтамасы. Өндірістік функция

         

Адамдардың экономикалық қызметінің бастапқы мезеті өндіріс болып табылады. Өндіріс әртүрлі факторлардың, яғни еңбек, жер, капиталдың өзара әрекеттесуін білдіреді.

Өндірістің дамуының әрбір жаңа кезеңінде оларсыз өндіріс жемісті түрде дами алмайтын жаңа факторлар пайда болып отырады. Қазіргі заманғы өндірісті, мысалы кәсіпкерлік, ақпарат, технология, экология және т.с.с. факторларсыз елестету қиынға түседі. Алайда жүйенің негізін құрушылар болып еңбек , жер, капитал қалады.

Жекелей факторлардың ешқайсысы өнім шығарып, табыс бере алмайды. Сондықтан өндіріс процесі факторлардың өзара бірігуінің қарым-қатынасын білдіреді. Әр кәсіпкерді өнімді максималды шығаруға жеткізетін факторлардың арақатынасын табу мәселесі ойландырады. Мысалға, қызылшаның максималды түсімін алу үшін қызылша отырғызылған жер аудандарының санын еңбек шығындарымен бірін азайтып, екіншісін ұлғайта отырып қиылыстыру қажет.

Математикалық түрде бұл тәуелділік келесі формуламен бейнеленеді:

мұндағы Y=f(xn, yn, …an),

Y - өндірілген өнім саны;

xn, yn,…an  - өндіріс факторлары;

f – функция.

Шығарылған өнім саны оны өндіруге қолданылған өндіріс факторлары мен олардың комбинацияларына тәуелді. Факторлардың әртүрлі комбинациясы бар болса, бұл олардың оптималды үйлесіміне жеткізетін варианттың бар екендігін білдіреді. Демек, өндірістік функция – бұл өндіріс факторларының шығындарының жиынтығы мен максималды өнім шығару арасындағы өзара байланысты көрсететін техникалық арақатынас.

Әдетте, факторлар шамасы өзгермей, тұрақты болады. Осында келесі варианттың болуы мүмкін, яғни барлық факторлар бір мезгілде өзгереді немесе тек олардың біреуі өзгереді. Бұл жағдайда табыстылыққа шектеулі әсер етеді, ол төмендейді. Біздің мысалымызда белгілі бір учаскеде қызылша өсірілген делік. Жер бір фактор ретінде тұрақты. Екінші фактор – еңбек өзгереді. Егер келесі жылы қосымша еңбек бірлігін пайдаланар болсақ, біз алдыңғыдан да төмен түсім алар едік. Яғни, белгіленген тұрақты шығындар санына қосымша шығындарды қосқан кезде қосымша өнім азаяды. Кемімелі табыстылық заңының мәні осында.

Алайда, бұл заң күшіне тек өзгермелі (мысалға еңбек) фактордың қосымша бірдей санын бірнеше мәрте қосқаннан кейін күшіне енеді, яғни кемімелі табыстылық заңы белгілі бір мезеттен бастап әрекет етеді.

 

4.2 Өндіріс шығындары. Айқын және айқын емес шығындар.

Альтернативті шығындар

         

Шығындар – ұсыныс көлеміне әсер ететін басты фактор екені анық. Сондықтан қанша тауар өндіру керек екенін шешпес бұрын, фирма  шығындарын талдау қажет. Шығындар – бұл өндірістің сатып алынған факторларының төлемі.

Өндіріс шығындарын жіктеп бөлудің бірнеше жолдары бар.

Біріншіден, әлеуметтік – экономикалық бағыттан қарағанда, шығындар қоғамдық және кәсіпорын шығындары деп бөлінеді. Қоғам бағытынан шығындарға дайын өнімнің құнына көшкен жанды еңбек және зат түрін алған еңбек шығындары жатады. Өндіріс шығындары ұдайы өндіріс процесінің нәтижесі болып табылады. Бұл кәсіпорынның өндірісте тұтынылған құрал –    - жабдықтары мен жалақы төлемдерінің шығындарын көрсетеді.

Екіншіден, өндіріс шығындары экономикалық және бухгалтерлік болып бөлінеді.   Бухгалтерлікке - өнімнің белгілі бір мөлшерін өндіруге нақты жұмсалған өндіріс факторларының шығындары жатады. Бұл жағдайда факторлар сатып алынған бағамен бағаланады. Кәсіпорын шығындары бухгалтерлік және статистикалық есеп беруде өнімнің өзіндік құны түрін алады. Өндіріс шығындарының экономикалық түсінігі ресурстардың сиректігіне және оларды балама пайдалану мүмкіндігіне негізделеді.

Тауар өндіру үшін алынған ресурстардың (кез келген) экономикалық шығындары, оларды өте қолайлы пайдаланып өндірген құнға тең болады. Бұлар айқын немесе айқын емес шығындарға бөлінеді.

Айқын шығындар деп өндіріс факторлары мен жабдықтаушыларға айқын ақша формасындағы төлем түрін алатын балама шығындар аталады. Бұлардың болуы ресурстарды тыстан алумен байланысты. Мысалы, жұмысшыларға жалақы төлеу, көлік шығындарын өтеу т.б.

Айқын емес шығындар деп өндірісте пайдаланылған фирманың өз иелігіндегі (сырттан сатып алынбаған) ресурстардың құнын айтады. Мысалы, ғимараттарды жалға бермегендіктен түспеген пайда. Бухгалтерлік статистикада айқын емес шығындар көрсетілмейді.

Альтернативті шығындарресурстарды пайдаланудың мүмкін болатын альтернативті әдістерінің ең тиімдісін қолданғанда алуға болатын ақша сомасы.

 

4.3 Жалпы, тұрақты және өзгермелі шығындар. Шекті және орташа шығындар

 

Өндіріс көлемдерінің артуының әсеріне байланысты шығындар тұрақты және айнымалы болып бөлінеді.

Тұрақты шығындар (FC) - өндіріс көлеміне байланыссыз шығындар. Оларға құрылыс және ғимараттарға амортизациялық аударымдар, ренталық төлемдер, әкімшілік басқару шығындары т.б. жатады. Мұндай шығындар тіпті кәсіпорын жұмысын тоқтатқанда да төленуі тиіс.

Айнымалы шығындар (VC) - өндіріліп жатқан өнім көлемі санына тәуелді шығындар. Олар шикізатқа, материалдарға, еңбекақыға және т.б. кететін шығындардан тұрады. Өндіріс көлемі өскен сайын олар өседі.

Шығындарды шартты түрде тұрақты және айнымалы деп бөлу талдау жасалып отырған кезеңге де байланысты болады. Ұзақ мерзімде барлық шығындар айнымалы болады, себебі ұзақ мерзімде барлық құрал – жабдықтар ауыстырылады.

Тұрақты және айнымалы шығындардың қосындысы жалпы шығындарды (TC) құрайды.

Өнім бірлігін өндіруге жұмсалатын шығынды өлшеу үшін орташа жалпы (ATC), орташа айнымалы шығындар (AVC), орташа тұрақты шығындар (AFC) қолданылады. Орташа шығындар кәсіпорынның кірістерін анықтау үшін маңызды: егер баға орташа шығындарға тең болса, кәсіпорын пайда алмайды. Егер баға орташа шығындардан кем болса, онда кәсіпорын зиян шегеді және банкрот болады. Егер баға орташа шығындардан жоғары болса, кәсіпорын баға мен шығындар арасындағы айырма мөлшерінде пайда табады. Орташа жалпы шығындар жалпы шығындарды өнім көлеміне бөлгендегі бөліндіге тең:  ATC=TC/Q. 

Орташа тұрақты шығындар, жалпы тұрақты шығындарды өнім көлеміне (өндірілген өнім санына) бөлгенге тең:  AFC=TFC/Q.

Орташа айнымалы шығындар жалпы айнымалы шығындарды өндірілген өнім санына бөлгенге тең: AVC=TVC/Q

Сонымен қатар шығындардың басқа да түрлері де қарастырылады.

Кәсіпорын шығаруға мүмкіндігі бар өнімнің максималдығын анықтау мақсатында шекті шығындар есептеледі.

Шекті шығындар (МС)берілген өнім көлемімен салыстырғанда өнімнің әрбір қосымша өнім бірлігін өндіруге кеткен қосымша шығындар:  MC=TC/Q

Олар кәсіпорын стратегиясын анықтау үшін өте маңызды. Тұрақты шығындар өзгеріссіз болғандықтан, шекті шығындар айнымалы шығындардың (яғни шикізат, жұмысшы күшіне) өсіміне тең.  

 

5 дәріс. Табыстарды бөлу. Табыстар және өндіріс факторларына бағалар

 

Жоспар

1.    Бөлу процесінің жалпы сипаттамасы. Бөлу теориясының эволюциясы.

2.    Жалақы және оның мәні мен формалары.

3.    Жер рентасы. Рента жер иесінің факторлы табысы ретінде.

4.    Пайда теориясы. Пайыз және пайыздық мөлшерлеме

 

Дәрістің мақсаты: нарықтық экономика субъектілерінің факторлық табыстарының қалыптасуының мазмұнын, қайнар көздерін және механизмін ашу.

 

5.1 Бөлу процесінің жалпы сипаттамасы. Бөлу теориясының эволюциясы

 

Бөлу қоғамдық ұдайы өндірістің маңызды фазасы болып табылады. Бөлу қоғамдық ұдайы өндірістің фазасы ретінде өндіріс пен тұтынудың арасында болып, құбылыс түрінде өнімдерді бөлу міндетін атқарады. Алайда, бөлуді жүзеге асыру үшін өнімді бөлуде мынау қажет: біріншіден қоғам мүшелерін өндіріс түрлеріне қарай бөлу, өнімде осы бөлудің нәтижесі болады.

Өнімді бөлу мәселесі ең өзекті мәселе болған және бола береді. Себебі ол миллиондаған адамдар мүдделеріне әсер етеді. Оны зерттеуге көптеген экономикалық ойдың әртүрлі мектебі мен бағыттарының өкілдері қатысқан. Олардың әрқайсысы дәуірдің сол кездегі және ертедегі ерекшелігіне қарай өмірлік игіліктерді бөлудің әртүрлі принципін ұсынған. Мысалы, еркін нарық теориясы («либерализм» мектебі) өкілдері - А.Смит пен Д.Рикардоның есептеуішіне, жалақы негізін қалыптастырудың принципіне «өмір сүру қажеттілік деңгейі» ауылды ұсынған. Себебі бұл «деңгейлік» жұмысшы мен оның отбасының өмір сүруіне қажетті болды.

Д. Рикардоның ойынша, «өмір сүру қажеттілік деңгейі» «еңбек бағасының табиғи нарығы» болып табылады. Еркін нарықты жақтаушылардың бірі- Жан Батист Сэй (1767-1823 жж.) «Саяси экономия трактаты» (1803 ж.) еңбегінде «Өндірістің үш факторы» теориясын ұсынды. Бұған еңбек, капитал, жерді жатқызады. Осы факторлардың қызметін пайдаланғаны үшін жалақы, пайда, рента төлем жүзеге асады.

Нарық жағдайында жалданып жұмыс істейтін адам еңбегі К. Маркстың пайымдауынша, жұмыс күші «құнының» принципімен төленеді. Өмір игіліктерін тепе-тең бөлу принципі К. Маркстың ойынша, қоғамды деградацияға алып келуі мүмкін. Сондықтан да бұл жағдайда адал жұмыскер де, өз жұмысына немқұрайлы (жалқау, асмарқау) қарайтын адам да өз еңбегіне сый-сияпатты тең алуы әбден мүмкін. Оның ойынша, өмірлік игіліктерді бөлудің бірден-бір принципі «еңбегі бойынша» бөлу болмақ. Аталған принциптің өзіндік кемшілігі бар және әлеуметтік әділеттік критерийіне толық жауап бермейді. «Еңбегі бойынша» бөлу тұрғындар табыс деңгейінің теңсіздігіне алып келеді. Бұл теңсіздік былай түсіндіріледі: адамдар өзінің күш-қайратымен және ойлау қабілеттілігімен, отбасы жағдайымен және еңбекке қатынасымен ерекшеленеді. Еңбектің сандық (ұзақтығы мен интенсивтігі) және оның сапалық (күрделігі және басқада еңбек жағдайлары) әртүрлілігі, теңсіздігі болады. Бұл принциптің артықшылығы сонда әрбір адамның еңбек нәтижесіне мүдделілігін қамтамасыз етеді. Өзінің біліктілігін көтеру мүдделілік, ол жеке адамның ғана емес, кәсіпорын, тіпті қоғамның мүддесіне жауап береді.

Аралас әлеуметтік бағытталған нарықтық экономикаға көшу кезінде «еңбек бойынша» бөлу принципі «құндық эквивалент» принципіне орын бере бастады. Басқаша айтсақ, бөлудің «капитал бойынша», «меншік бойынша», жұмыс күші «құны» бойынша принципі жүзеге асып, табысты кәдімгідей дифференциялдауға, сұраным төлем қабілеттілігін өсіруге алып келіп, тапшылық пен инфляцияны тежейді. Шын мәнінде екі қайшылық бетпе-бет келеді: «еңбекке қарай бөлу» және жеке кәсіпкерлік жағдайында «құндық эквивалент», «капитал бойынша», «меншік бойынша» принципімен бөлу. Әлеуметтік әділеттілік критерийі бұл жағдайда теңгерілген түрге ие болады. Жоғарғы және төменгі табыс деңгейінің өзара алшақтығы прогрессивті табыс салмағымен реттелетін болады. Оның өсімі 40%-дан аспауы қажет, себебі іскерлік белсенділікті ынталандыруды төмендетпеу керек.

 

5.2 Жалақы, оның мәні және формалары

 

Еңбек басқа өндіріс факторлары сияқты жалақы деп аталатын табыс әкеледі. Жалақы еңбекке марапатталу ретінде көрінеді. Бұл даусыз шындықты барлық зерттеушілер мойындайды. Бірақ олардың жалақыны түсіндірудегі бірлігі осымен бітеді және өзгешеліктер туындайды.

Маркстік концепция біріншіден еңбек болашақ құнының қайнар көзі, сол себепті оның құны жоқ, тауар емес деп дәлелдейді. Бұл мынаған негізделген, сатылатын еңбек емес, жұмысшының еңбекке деген қабілеттілігі, яғни жұмысшы мен оның жанұясының өмір сүру құралының құнын анықтайтын жұмыс күші көрінеді. Екіншіден, жалақы ретінде еңбектің барлық өнімі емес, тек қажеттісі, яғни жұмыс күшінің құнының орнын толтыратыны төленеді. Үшіншіден, тауар құнында басқа факторлардың да үлесі көрінеді.     

Сонымен, жалақы – бұл жұмыс күшінің баға және құн формасында көрініс беруі.

Неоклассиктер теориясы негізінде басқаша, біріншіден, олар жалақыны еңбекке баға ретінде қарастырады, екіншіден, оларды жалақының мәні емес, сұраныс пен ұсыныс арақатынасы арқылы дәстүрлі түрде анықтайтын оның деңгейі қызықтырады.

Еңбекке сұраныс пен ұсыныс теңескен жерде жалақының тепе – теңдік деңгейі орнатылады. Еңбекке сұраныстың өсуі жалақыны көтереді. Еңбекке сұраныстың төмендеуі жалақыны төмендетеді. Еңбекке сұраныс шектік өніммен, яғни жұмыспен қамтылу бір жұмысшыға өскендегі өнімнің өсуімен анықталады: егер шектік өнім басқа өндіріс факторларын қолданғанға қарағанда еңбекті қолдануда жоғары болса, онда еңбекке сұраныс көтеріледі және керісінше. Еңбек ұсынысына әсер ететін факторлар: еңбекке қабілетті халықтың елдегі саны;  жұмыс күнінің ұзақтығы; халықтың мамандық деңгейі және кәсіпшілік дайындығы.

Жалақы номиналды және нақты жалақы ұғымдары болып бөлінеді.

Номиналды жалақы деп жұмысшыға өзінің еңбегі үшін төленетін ақша сомасы аталады. Нақты жалақы дегеніміз алынған ақша сомасына толып жатқан өмірлік игіліктер мен қызметтерді иемдену мөлшерімен өлшенеді. Ол номиналды жалақымен тікелей байланыста және тауар мен қызметтерге баға деңгейіне кері байланыста тұр.

Жалақы екі формада болады – мерзімді және келісімді. Мерзімді жалақы жұмыс ұзақтығымен анықталады. Оның өлшемі еңбекті сағатына төлем болып табылады.          Келісімді төлемде жалақы өндірілген өнім көлеміне байланысты болады. Оның мөлшері бір бұйым бағасын, бұйым санына көбейту арқылы анықталады.

Негізгі формалармен байланысты түрі – төлеу жүйесі қолданылады: кесімді-үдемелі, кесімді-сыйлық, көпфакторлы және басқалар.

Нарықтық экономикада жалақыға кәсіподақтар үлкен әсер етеді. Негізінде әдебиеттерде олардың жалақыға әсер етуінің төрт әдісін көрсетеді:

а) заң шығару көмегі арқылы жұмыс уақытын шектеу, кәсіподақ мүшелері емес жұмысшыларды жұмысқа алуды тыю, жұмыс көлемін және еңбек интенсивтілігін шектеу арқылы жететін, жұмыс күшіне ұсынысын шектеу;

ә) кәсіпкерлерді ұжымдық келісімді жалақы ставкасын көтеру мәселесімен      келісімге отырғанда қысым жасау;

б) еңбекке сұраныс және сонымен бірге жалақыны өсіруге әкелетін өндіріс түрлерінің өсуіне көмектесу;

в) өндірістің монополия монополияландыруымен күрес. Бізге белгілі, монополия өндірісті қысқарту арқылы бағаны көтере алады және ол жалақы деңгейіне кері әсерін тигізеді. Монополияға қарсы шығу жалақының төмендеу тенденциясын шектеп тұрады.

 

5.3 Жер рентасы. Рента жер иесінің факторлы табысы ретінде

 

Жер және оның қойнауы өндірістің үш факторының  бірі бола отырып, рента деп аталатын табыс әкеледі. Жер рентасының табиғаты жердің экономикалық ресурс ретіндегі ерекшеліктерімен және жерді пайдалану қатынастарымен байланысты. Жер – бірегей өндіріс құралы: сан жағынан ол шектелген, оны жасанды түрде ұдайы өндіру мүмкін емес; жер учаскелері құнарлығы жағынан бір – біріне ұқсамайды, яғни олардың табиғи өндіргіш күштері өзгеше болады.

Жерді пайдалану экономикалық қатынастардың әртүрлі жүйесімен реттеледі. Экономикалық ресурс ретінде жер еңбек нәтижесі емес, яғни оның өндіріс шығындары жоқ. Жер табиғаттың сыйлығы. Жердің саны шектелген, сондықтан жер тәжірибеде қайда пайдаланса да оның ұсынысы мүлде икемді емес. Бұл жер нарығында тек сұраныс қана белсенді екенін көрсетеді. Жерге сұраныс өзгерістерінің нәтижесі шамалы болғандықтан, оны пайдаланғанда осы ресурстың иесі белгілейтін баға шешуші роль атқарады.   

Нарықтық экономиканың субъектісіне меншік иесінің екі типі жатады – толық меншік иесі және тұтыну меншік иесі. Жердің шектелуі және оны ұдайы өндірудің мүмкін еместігі, жер монополиясының екі түрлі болуын тудырады. Толық меншік иесі жерге өзінің жеке меншік монополиясын жүргізеді: кәсіпкерге оның капиталын өз жеріне әкеліп пайдалануға рұқсат ету – етпеуге ерікті болады. Жал туралы келісім жасалған соң жерді нақты пайдаланушы белгіленеді. Оның жердің осы учаскесінде шаруашылық жүргізуге монополиялық құқы болады. Жердің меншік иесі мемлекет болса, жеке иемдену болмайды және монополияның бір түрі орнайды – жерге тұтыну жағынан жер иесі жүргізетін, жерге шаруашылық жүргізетін объект деген монополия орнайды. Жерге монополия – нарық субъектісінің осы ресурсқа жарлық етуіне төтенше құқының болуы, иемденушіге үстем табыс әкеледі. Осы табыс жер рентасының экономикалық нысанын алады. Жеке меншік монополиясы абсолюттік жер рентасын тудырады, жерге шаруашылық монополиясы – дифференциалдық жер рентасын тудырады.    Рента – меншікке келетін табыстың бір түрі, капиталды жерге пайдалану құқы үшін меншік иесіне түсетін төлем. Оның көлемі жалға беру келісімінде белгіленеді. Жалға беру келісімі арқылы берілген жер үшін ол арендатор жердің меншік иесіне рента төлеп тұрады. Демек, жер рентасы жерге меншіктің экономикалық жағынан жүзеге асырылуының нысаны болып табылады.

Дифференциалдық рентаның екі түрі бар: бірінші (1) дифференциалдық рента және екінші (2) дифференциалдық рента.

Бірінші дифференциалдық рентаның болуы жердің сапасының әр түрлі болатынымен байланысты. Осы рента құнарлылығы жоғары жерлерден алынатын, құнарлылыққа байланысты рента болып және стратегиялық жағынан материалдарға, еңбекке, тұтынушыларға қолайлы орналасқан жер учаскелерінен алынатын рента болып бөлінеді.

Екінші дифференциалдық рента егіншілікті интенсивті жүргізу әдісін және капиталдың үстеме салымын, яғни жердің құнарлылығын өсіруді, прогрессивті биотехнология қолдануды, жоғары потенциалы бар тұқымдарды т.б. тілейді. Нәтижесінде өнімділік жоғарылайды, шығындар тез өтеледі. Кәсіпкер үстем пайда түсіреді.         Қорыта келгенде, бірінші дифференциалдық рента шаруашылықты экстенсивті жүргізгенде, екінші дифференциалдық рента шаруашылықты интенсивті жүргізгенде пайда болады.

 

5.4 Пайда теориясы. Пайыз және пайыздық мөлшерлеме

 

Пайда өндірістің мақсаты ретінде және қозғаушы күші ретінде көрінетін анағұрлым күрделі экономикалық категория болып табылады.

Пайда жеке кәсіпорынның, саланың, тұтас ұлттық шаруашылықтың қызметінің экономикалық нәтижелерін бейнелейтін экономикалық категория.

Пайданың экономикалық категория ретіндегі мәні оның қызметтерінде көрінеді. Пайда негізгі үш қызмет атқарады. Есептік қызмет. Пайда кәсіпорынның тиімділігінің негізгі критерийі ретінде қолданылады, сондықтан ол кәсіпкерлік қызметтің барлық жақтарын бейнелейді. Бөлуші қызмет. Пайда кәсіпорын мен оның жұмысшыларының арасында; материалдарды өндіріс саласы мен өндірістік емес сала арасында таза табысты бөлудің құралдарының бірі ретінде пайдаланылады. Ынталандырушы қызмет. Пайда бұл түрінде өндіріс тиімділігін арттыру факторы ретінде қарастырады. Пайда өндіріспен оның техникалық қайта қарулануын арттыру; кәсіпорынның марапаттау қорларын қалыптастыруға арналған қаржы ресурстарын жинақтаудың қайнар көзі мен шарты ретінде пайдаланылады.

Әдетте экономистер бухгалтерлік және экономикалық пайданы бөледі.

Бухгалтерлік пайда дегеніміз – өнімді (жұмысты, қызметті) сатудан түскен жалпы түсім мен аталмыш сыртқы шығындар, яғни жабдықтаушылар ресурстарына төлемдерінің арасындағы айырым. Экономикалық пайда жалпы түсімнен барлық шығындарды (сыртқы және ішкі, соңғысына кәсіпкердің қалыпты пайдасы да жатады) алып тастағанға тең. Қалыпты пайда бұл кәсіпкерлік қызметті орындағаны үшін сыйақы; ішкі рентамен және ішкі жалақымен қатар ішкі шығындардың элементі болып табылады. Қалыпты пайда кәсіпкерлік ресурстарды қызметтің белгілі бір саласында ұстап тұруға мүмкіндік береді. Пайданың негізгі қайнар көзі – капитал. Капиталдың өсуі инвестицияланған қаражатқа тәуелді. Сәйкесінше, пайда мен капиталдың арасында тура да, кері де байланыс және өзара тәуелділік болады.

Пайыз – бұл капитал иесінің жыл бойы алатын табысының бір бөлігі немесе ақша соммасын қарызға алғаны үшін төлем деп есептеуге болады. Егер ол пайызбен көрсетілсе, мұндай табыс пайыздық мөлшерлеме деп аталады. Пайыздық мөлшерлеме – белгілі бір уақыт ішінде, яғни жыл, жалпы несиеленген соммадан пайыз ретінде бейнелетін төлем. Пайыздық мөлшерлеменің деңгейі мен динамикасы келесі факторларға:

а) мәмлелердің экономикалық мазмұнына;

ә) пайыздың есептік мөлшерлемесіне;

б) несие мерзіміне және т.б. сәйкес дифференциалданады.

Жалпы пайыздық мөлшерлеме айналыстағы ақша санына, қарыз қаражаттарына сұранысқа, үкімет саясатына, несие берушінің қарызды қайтармау мен кезеңіне қатысты тәуекелді бағалауына тәуелді болады. Экономикада пайыз екі қызмет атқару керек:

а) жеке жинақтаулар көлемін фирмалардың өз күрделі қаржыларын жүзеге асыру үшін қарызға алуға дайын қаражаттар көлемімен теңестіру;

ә) несиеге сұраныс пен несиеге ұсыныс көлемдерін теңестіру. Осындай тепе-теңдікті қамтамасыз етуші пайыздық мөлшерлеме пайыздық табиғи нормасы ретінде айқын.

Пайызды талдау кезінде номиналды және нақты пайыз мөлшерлемені бөліп қарастыру маңызды. Номиналды мөлшерлеме – бұл инфляция қарқынын есептемеген кездегі пайыздың ағымдағы нарықтық мөлшерлемесі. Нақты – инфляцияның күтілуші қарқынын алып тастаған кездегі номиналды мөлшерлеме. Мысалы, номиналды жылдық мөлшерлеме - 15%, инфляцияның күтілуші қарқыны 7% жылдық болса, онда нақты мөлшерлеме - 8% (15-7) болады.

Жалақыда, рентада, пайызда кейбір шаруашылық агенттер (өндіріс факторларын ұсынушы субъектілер) үшін табыс, ал басқалары (өндіріс факторларына сұраныс субъектілері) үшін шығын болып табылады.

 

6 дәріс. Ұлттық экономика және экономикалық өсу

 

Жоспар

1.    Ұлттық экономика: макронарық және ұлттық өндіріс.

2.    ЖҰӨ балансы. Жинақталған сұраныс. Жинақталған ұсыныс.

3.    Экономикалық өсу: өлшеу, типтері, қазіргі кездегі ерекшеліктері.

4.    ҚР – сы экономикалық өсу стратегиясы.

 

Дәрістің мақсаты: тақырыптың негізгі мәселесі – экономикалық өсу. Оның факторлары мен типтерін, сонымен қатар қазіргі ҒТП пен экономиканы мемлекеттік реттеу жағдайындағы ерекшеліктерін білу қажет. Экономикалық өсудің макроэкономикалық көрсеткіштердің динамикасында бейнелетіндігін түсіну керек; экономиканың циклдік ауытқуларының ұзақ мерзімді кезеңде экономикалық өсудің тенденциясын қамтамасыз етуін неліктен екендігін түсіну керек.

6.1 Ұлтық экономика шаруашылықтың нарықтық жүйесі ретінде

 

Ұлттық экономиканың мәселелері – бұл елдің нарықтық шаруашылығын жалпы бейнелейтін макроэкономикалық талдаудың саласы. Макроэкономика елдің экономикалық жағдайын тұтастай, ұлттық даму деңгейін және т.б. зерттейді.

Барлық макроэкономикалық мәселелер келесі агрегаттар (жиынтық параметрлер) ретінде қарастырылады: өндірістің ұлттық көлемі; жалпы ұлттық өнім; жиынтық сұраныс; жиынтық ұсыныс; жұмыс бастылық және жұмыссыздық нормасы; инфляция деңгейі және т.б.  Нарықтық экономика тек нарықтардың жүйесі ретінде ғана бола алады. Біз көптеген нарықтардың ішінен макроэкономикалық талдауда төрт негізгілерін бөлеміз:  тауарлар нарығы;     ақша нарығы; еңбек нарығы;   бағалы қағаздар нарығы. Ұлттық шаруашылық қызметінің нәтижесі ұлттық шаруашылықтың көлемінде көрініс табады. Бұл қоғамның белгілі бір уақыт қанша тауарлар мен қызметтер өндіретіндігін анықтайды. Ұлттық өндіріс көлемін өлшеудің әртүрлі әдістері бар. БҰҰ-ң әдістемесі бойынша ұлттық өндірістің соңғы нәтижелерінің барлығын қамтушы көрсеткіш болып жалпы ұлттық өнім (ЖҰӨ) табылады.

Жалпы ұлттық өнім (ЖҰӨ) – жыл бойы елде өндірілген барлық соңғы тауарлар мен қызметтердің нарықтық құны. ЖҰӨ-ді өлшеу 2 әдіспен жүзеге асырылады: шығындар бойынша және табыстар бойынша.

ЖҰӨ шығындар бойынша:

ЖҰӨ=C+I+G+X,

мұнда C – тұрғылықты халықтың тұтыныс шығындары;   

I – кәсіпорындардың инвестициялық шығындары;

G – мемлекеттің шығындары;

X – сыртқы экономикалық шығындар.

ЖҰӨ табыстар бойынша

ЖҰӨ=W+R+i+P

мұнда W – жалақы сомасы;

R – ренталық табыс;

i – капиталға пайыз;

P – кәсіпорындар пайдасы.

ЖҰӨ-ді әртүрлі әдістермен нақты есептеу бірдей нәтиже беру керек,  себебі, тауарлар мен қызметтерді сатып алуға шығындалатын қаражаттар тауар өндірушілер үшін табыс болып табылады. ЖҰӨ - ақшалай көрсеткіш және оның мәні бағалар динамикасына, ақша бірлігінің (ұлттық валютаның) сатып алу қабілетіне тәуелді. Сәйкесінше, баға деңгейінің өсуіне немесе төмендеуіне ЖҰӨ шамасына әсер етеді. Ағымдағы бағалармен өндірілген өнімнің саны номиналды ЖҰӨ деп аталады. Баға деңгейінің өзгеруі ескеріле отырып түзетілген нақты ЖҰӨ деген атауға ие.

Нақты ЖҰӨ = номиналды ЖҰӨ/ бағалар индексі

Өндірістің нақты көлемін анықтау үшін индекс түрінде көрінетін бағалар деңгейін білу керек. Бағалар индексінің көмегімен әр жылдың өндіріс көлемі бағасын базалық жылдың бағасы кезіндегі ұқсас өндіріс көлемінің бағасымен салыстыруға болады. Тек елдің ішінде өндірілген соңғы тауарлар мен қызметтердің құны жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) деп аталады. Егер ЖҰӨ-нен негізгі капиталдың тозуын орнын толтыру бойынша жинақтардың мөлшерін анықтаушы соманы алып тастаса, онда қалған сома таза ұлттық өнімді (ТҰӨ) құрайды. Математика тұрғысынан ол келесідей көрінеді: ТҰӨ = ЖҰӨ - амортизация; ТҰӨ-нен жанама салықтарды (ЖС) алып тастағанда елдің ұлттық табысын (ҰТ) аламыз: ҰТ = ТҰӨ - ЖС;

Ұлттық табыс (ҰТ) - әлеуметтік сақтандыруға (ӘС) салымдар – пайдаға салық (ПС) – кәсіпорындардың бөлінбеген пайдасы (КБП) + трансферттік төлемдер (ТТ) = жеке табыс (ЖТ). Жеке табыс (ЖТ) – жеке табыс салығы (ЖТС) = қолдағы жеке табыс (ҚЖТ). Қарастырылған макроэкономикалық көрсеткіштер ЖҰӨ-ң құрамдас бөлшектері болып табылады және тығыз өзара байланыста болады, сонымен қатар, елдің экономикалық өмірінің тұтастай әртүрлі жақтарын сипаттайды.

 

6.2  ЖҰӨ балансы. Жинақталған сұраныс. Жинақталған ұсыныс

 

Макроэкономика микроэкономикаға қарағанда жеке объектілер мен процесстерді емес, олардың жиынтығын қарастырады, ол агрегат деп аталады. Ол жеке бағаларды емес, жинақталған бағаны, баға деңгейін қарастырады; оның талдау мақсатын, шартын табу, жалпы экономикалық теңдік жүйесіне келетінін айқындайды.

Макроэкономикалық теңдікті табу үшін міндетті түрде жинақталған сұраныс пен жинақталған ұсыныстың категориясын қарастырамыз.

Жинақталған сұраныс (AD) – бұл ұлттық өндірістің нақты көлемі тұтынушының, кәсіпорынның, мемлекеттің кез келген баға деңгейінде сатып алуы. АD  – тауар рыногында ұсынылған соңғы тауарға және қызметке барлық сұраныс қосындысын көрсетеді

АD = с +i+gp+x

мұнда С – үй шаруашылығының жиынтық сұранысы;

i – капитал құралдарына сұраныс;

gp – мемлекет тарапынан тауарға және қызметке сұраныс;

х – таза экспорт, шетелдің отандық тауарға сұранысымен, отанның шетелдік тауарына сұранысы арасындағы айырымы.

Ұлттық өндірістің нақты көлемі мен баға деңгейі арасындағы тәуелділік, сұраныстың қозғалысына кері немесе қайшы бағытта болады. Ұқсас тәуелділік жеке тауар сұранысында да бар. Бірақ сұраныс қисық сызығының төмен және оңға ауытқуы жеке тауардың пайда тиімділігін және орнын басуы болып түсіндірілсе, ал жиынтық сұраныс қисығының үйлесу ұқсастығы басқа факторлармен байланысты.

Жинақталған сұраныс қисығы келесідей бейнеленеді (4 суретті қараңыз).

4 сурет - Жинақталған сұраныс қисығы

 

Жинақталған ұсыныс (AS) – бұл әртүрлі баға деңгейінде ұсынуға мүмкін тауар мен қызметтің жалпы саны, AS – жалпы ұлттық өнімге тең немесе ұлттық табыс көлеміне теңестіруге болады      AS=ЖҰӨ немесе AS=ҰТ.

Бағалық факторлардың ішінен AS-қа ықпал ететін жеке тауар нарығында ұсынысқа өзгерту әкелетін өндіріс технологиясы, шығындар және т.б (микро деңгейде). Экономиканы жүргізу қабілеттілігі ол немесе басқа тауар мен қызмет көрсету көлемі қолданып отырған өндіріс факторының саны мен сапасына ықпал етеді. (жер, еңбек, капитал).

Сонымен жинақталған ұсыныс баға деңгейіне тәуелді. Өте жоғары баға өндіріс тауарын және оған ұсынысты ынталандырады. Ал, өте төмен баға керісінше өндіріске және тауарға ұсынысты қысқартады.

Жиынтық ұсынысқа тек қана бағалық факторлар ғана емес, сонымен бірге бағалық емес факторлар да ықпал етеді. Егер бағалық факторлар жиынтық ұсыныс қисығының қозғалысын көрсетсе, онда бағалық емес факторлар қисықты оңға жылжытады, шығынды азайтқанда солға олар көбейгені

 

 

 

 

Жиынтық ұсыныс қисығы графикте келесідей бейнеленеді:          

5 сурет - Жинақталған ұсыныс қисығы

 

Егер жинақталған сұраныс жинақталған ұсынысқа тең болса, тауар нарығында тепе-теңдік орнайды. Бірақ нақты өмірде ол бұзылады.

 

6.3 Экономикалық өсу: өлшеу типтері және қазіргі кездегі ерекшеліктері

 

Экономиканың өсуі көбінесе тұтынудың жаңа түрлерін қанағаттандыру қабілеті болып табылады. Сонымен қатар ірі әлеуметтік экономикалық теория «экономикалық өсу» категориясына теориялық және тәжірибелік тұрғыдан ерекше мән береді. Қазіргі таңда экономикалық өсу деп өндіргіш күштердің ұзақ мерзімдік дамуымен байланысты өндірістің нақты көлемінің табиғи дәрежесінің ұзақ мерзімдегі өзгерістерін айтады. Яғни, өндірістің потенциалдық көлемінің өсуі талдаудың пәні болып табылады.

Экономикалық өсу ұлғаймалы ұдайы өндірістің болуымен түсіндіріледі: бұл жыл сайынғы, қоғамдық өнімнің сандық әрі сапалық артуы және олар екі топтан: өндіріс құралдары мен тұтыну құралдарынан тұрады. Жыл сайынғы қоғамдық өнім көлемінің өсуі ұлғаймалы ұдайы өндірістің экстенсивті типі немесе  ұлғаймалы ұдайы өндірістің интенсивті типі негізінде дамиды.

Ұлғаймалы ұдайы өндірістің экстенсивті типінде өнім шығаруды екі есеге арттыру үшін жұмыскер саны және өндірістік қорлары екі есеге ұлғаюы қажет. Экстенсивті өсуде өндірістің нақты көлемінің өсу қарқыны мен оны жасауға жұмсалған жиынтық шығындардың өсу қарқынының арасындағы пропорциялар тұрақты болып сақталады. Яғни, бұл  технологиялық базаның бұрынғы деңгейі кезінде өндірістің қуаттылығын сандық кеңейтумен, қосымша жұмыс күшін тарту және шикізатты тұтынуды өсірумен байланысты.

Ұлғаймалы ұдайы өндірістің интенсивті типінде осындай нәтижеге жұмыс күшін және өндірістік қорларды дұрыс қолдану арқылы қол жеткізуге болады. Осы жағдайда өндірістің нақты көлемінің өсу қарқыны нақты жиынтық шығындардың өзгеру қарқынынан артық болып отырады. Нақты өмірде экономикалық өсудің экстенсивті немесе интенсивті типтері таза түрде болмайды.  ҒТП жетістіктерін енгізу негізінде жүзеге асырылатын, өсу факторларын сан жағынан жетілдіру қашан болмасын өндіріс құрал -                - жабдықтарына және жұмысшы күшіне инвестициялар салымын жасауды талап етеді. Жұмысшы күші мен құрал – жабдықтардың өсуі олардың сапалық сипаттамаларына өзгеріс енгізеді. Сондықтан нақты экономикалық өсуді талдағанда, оның теориялық үлгісін емес, өсу типтерін басымырақ экстенсивті және басымырақ интенсивті деп бөледі.

Қазіргі кезде экономикалық өсуді типке бөлу өсудің интенсивті факторларының нақты ЖҰӨ (ТҰӨ) өсіміндегі үлесіне сәйкес жүргізіледі. Егер өсудің интенсивті факторларының нақты ЖҰӨ үлесі пайыздан артық болса, онда экономикаға өсудің басымырақ интенсивті типі тән болады. Керісінше, егер нақты ЖҰӨ өсіміндегі интенсивті факторлардың үлес салмағы ЖҰӨ жалпы өсімінің 50 пайыздан төмен болса, онда экономикалық динамикаға өсудің басымырақ экстенсивті типі тән болады.

Экономикалық өсуді есептеу екі жолмен жүргізіледі: жалпы ұлттық өнімнің пайыздық жылдық өсуі қарқынымен және осы көрсеткіштердің  халықтың жан басына шаққанда өсуімен есептеледі. Экономикалық өсу қоғамның арқасында экономикалық және әлеуметтік прогреске қол жеткізілетін негізгі мақсаты болып табылады. Елдің экономикалық қуаттылығын, оның материалдық – техникалық базасын, халықтың ғылыми – мәдени деңгейін сипаттайтын ЖҰӨ өсу қарқыны экономикалық прогрестің критерийлері болып табылады. Қандай да бір елдің әл-ауқатының динамикасы мен өмір деңгейін сипаттайтын жан басына шаққандағы ЖҰӨ көрсеткіші әлеуметтік прогрестің критерийлері болып табылады.

ЖҰӨ өндірісін арттыру үшін ол бөлінуі керек. ЖҰӨ бөлу – бұл ағымдағы және болашақтағы тұтынудың арасындағы таңдау. Сөз тұтыну мен жинақтау (инвестиция) арасындағы бөлу арақатынасын таңдау туралы болып отыр. Себебі, экономикалық өсу тек қана қоғамның жинақтарының нақты ұзақ мерзімді капиталға инвестициялануының арқасында қамтамасыз етіледі. Ағымдағы тұтынудың жоғары деңгейі өндірістің өсу мүмкіндіктерінің қажетті деңгейін қысқартуға әкеп соғуы мүмкін. Бұл, сөз жоқ, халықтың тұтынысы мен қоғамның әл ауқатына кері әсерін тигізуі мүмкін. Бірақ бұл кезде ең ірі инвестицияның экономикалық өсу мәселесін шешпейтіні туралы ұмытпау керек, яғни оның тиімді пайдалануы анағұрлым қоғам үшін маңыздырақ болып табылады. 

Қазіргі нарықтық экономика экономикалық өсудің жаңа сапасымен сипатталады. Ол өз көрінісін келесілерде табады: біріншіден, дамудың ресурсты жинақтаушы технологиялары мен ҒТП пайдаланудың әлемдік тенденцияларының негізінде өндірістің тиімділігін арттырумен сипатталатын интенсивті типінде, екіншіден, өндіріс өсімінің әрбір пайызын қазіргі технологиялық бетбұрысты анықтайтын және адамның тұтыныстарына қызмет етуші инвестициялық және қызмет көрсетуші салалардың арқасында жоғары қосымша құнмен толықтыру, үшіншіден, экономикалық өсу экономикалық даму үшін одан асып кеткен жағдайда қауіпті болып табылатын шектер белгілейді. Мұндай шектерді енгізу қоршаған табиғи ортаға зиянын тигізетін, экологиялық ортаны нашарлататын және орны толтырылмайтын ресурстардың санын азайтуға әкеп соғатын индустриалды дамудың кері әсерінен туындап отыр. 

 

6.4 ҚР – сы экономикалық өсу стратегиясы

 

Ырықтандыру мен тұрақтандыру кезеңдерін еңсере отырып, Қазақстан экономикасы 1999 жылы экономикалық өсу кезеңіне өтті. 1998 жылғы 2%-дық төмендеуден кейін экономика 1999 жылы 2,7%-ға өсті, соңра 2000 жылы 9,8%-ға, 2001 жылы 13%-ға өсті.

2 кестеден көрінгендей Қазақстан экономикасының өсуі дағдарысқа дейінгі жылдары жылына  9%-дан жоғары қарқынмен сипатталады. Өсудің жоғарғы қарқыны тек әлемдік нарық конъюнктурасымен ғана емес, сонымен қатар ішкі, яғни экономиканы дамыту факторларының әсерімен негізделеді. Бұл факторлардың қатарына отандық тауарлардың бағалық бәсекеге қабідеттілігінің теңге девальвациясының есебінен артуы; ақша массасы мен экономиканың монеталануы деңгейінің артуы нәтижесінде тірі ақшалармен кәсіпорындардың өзара есеп айырысуын қайта қалпына келтіру;

 

2 кесте - Қазақстан ЖІӨ өсу қарқыны

Жыл

2003

2004

2005

2006

2007

2008

2009*

2010

*

ЖІӨ

(млрд.АҚШ долл.)

30,8

43,2

57,1

81,0

104,9

133,4

106,6

116,1

ЖІӨ табиғи көлем индексі (алдыңғы жылға %-дық қатынаста )

109,3

109,6

109,7

110,7

108,9

103,2

100,1

102,4

жан басына шаққандағы ЖІӨ  (АҚШ долл.)

2070

8870

3770

5290

6772

8514

6499

7078

 

*ҚР Ұлттық Банкі мен Үкіметінің болжамдары экономикаға инвестицияның, соның ішінде шетел инвестицияларының тұрақты артуы; еркін өндірістік қуаттылықтың болуы; тұрғылықты халықтың ақшалай және нақты табыстарын өсіру есебінен тауарлар мен қызметтерге деген ішкі сұранысын өсіру; құрылымдық бетбұрысты ары қарай арттыру, яғни бюджет және салық жүйесін жетілдіру, банктік қызметтің ырықтану деңгейін арттыру, депозиттерді сақтандыру және инвестициялық тәуекелдер жүйесін құру, бағалы қағаздар нарығын дамытуға көп көңіл бөлуді күшейту, импортты алмастыру саясатын және т.б. жүргізу.  

Өкінішке орай, біздің экономикада ұзақ мерзімді экономикалық өсуді тежеуші көптеген факторлар бар. Оларға келесілер жатады:

-экономика құрылымының бұзылуы, экспорттың шикізатқа бағыттылығы  өсуді жеке және ірі өзгерістерге ұшыраушы әлемдік нарықтағы бағаларға тәуелді етеді;

- көптеген өңдеуші өнеркәсіп салалары бәсекеге қабілетсіз болып табылады;  

-шетел инвестицияларының  шикізат секторына шоғырлануы жалғасуда, ал басқа салалар кәсіпорындары шетел инвестицияларын тарту үшін жағымды болмайды;

- экономикада табиғи тозған және моральды ескірген құрал жабдықтар басым, оларды жаңарту үшін миллиондаған инвестициялар қажет, жоғары білікті мамандар аз;

- сұраныс табыстың аздығымен, жоғары жұмыссыздықпен, бағалардың өсуімен шектелген, тұрғылықты халықтың жинақтарының ұйымдастырылмаған формалары басым.

Қазіргі таңдағы реформалардың негізгі стратегиялық мақсаты тұрақты экономикалық өсулі тиімді қызмет етуші нарықтық экономиканы қалыптастыру. Тұрақты және ұзақ мерзімді өсуге көшу үшін экономикалық саясаттың негізгі бағыттары болып келесілер табылады:

- жинақталған сұранысты қолдау және ынталандыру (тұрғылықты халықтың табысын арттыру, жұмыссыздық қысқарту, шағын бизнесті дамыту, отандық тауарларды мемлекеттік сатып алуларды кеңейту, отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттігін арттыру, инвестицияларды экономиканың нақты секторына тарту есебінен);

- импортты алмастырушы өндірісті ынталандыру және тиімсіз және шығынды кәсіпорындарды жою; сыртқы нарыққа жылжытудың белсенді саясатын жүргізу;

2010 жылдан бастап Қазақстанда 5 жылдық (2010-2014ж.ж.) экономиканың үдемелі индустриалды-инновациялық дамуы Бағдарламасы іске асырыла бастады. Оның негізгі мақсаты – диверсификацияны қамтамасыз ету және ел экономикасының ұзақ мерзімді кезеңдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыру, 2015 жылға дейін ЖІӨ көлемін 7 трлн теңгеге дейін немесе 2008 жылғы ЖІӨ –ң 50 пайызын құрайтындай деңгейге жеткізу.

Қазақстанның инновациялық индустриалану міндеттерін орындау үшін біздің экономиканың нақты мүмкіндіктерінен шығу керек. Осыған орай жаңа бағдарламаның негізгі 7 бағыты анықталған: АӨК және ауылшаруашылықтағы қайта өңдеу; құрылыс индустриясы және құрылыс материалдарын өндіру; мұнайды өңдеу және мұнай-газ кешенінің инфрақұрылымы; металлургия және дайын метал өнімдерін өндіру; химиялық, фармацевтикалық және қорғаныс өнеркәсібі; энергетика; көлік және телекоммуникация инфрақұрылымы.

Жаңа индустриализация бағдарламасының негізгі құралдары болып 2015 жылға дейінгі индустриализация Картасы және 2020 жылға дейін өндіріс қуаттарын тиімді орналастыру схемасы табылады. Қазақстанның индустриалды – инновациялық дамуының сапалы аспектілеріне негізделген нақты ұлттық инновациялық жүйе мен іскерлік ортаны жасау жоспарлануда.

Экспорт потенциалын жоғары қосылған құнға ие тауарлар мен қызметтер есебіне диверсификациялау; сапаның әлемдік стандарттарына көшу; әлемдік ғылыми-техникалық және инновациялық процестерге қосылу арқылы аумақтық және әлемдік экономикаға интеграциялануды дамыту жоспарлануда.

 

7 дәріс. Макроэкономикалық тұрақсыздық: жұмыссыздық және инфляция

 

Жоспар

1.    Жұмыссыздық және оның негізгі заңдылықтары.

2.    Жұмыс бастылық мәселесі және оны реттеу әдістері.

3.    Инфляция: өлшеу және оның негізгі формалары.

4.    Мемлекеттің антиинфляциялық саясаты.

          

Дәрістің мақсаты: «жұмыссыздық» және «инфляция» түсініктерінің мазмұнын ашу; нарықтық экономикада осындай құбылыстарды туындататын себептерді көрсету; олардың негізгі типтері мен формаларына, салдарына сипаттама беру; оларды жою жолдарын көрсету.

 

7.1 Жұмыссыздық және оның негізгі заңдылықтары

 

Жұмыссыздықбұл жұмыс істегісі келетін еңбекке жарамды халықтың өндірісте жұмыспен қамтылмауы. Жұмыспен қамтылмау өндірістің тиімділігін арттыруы, сонымен бірге жұмысшы күшінің бір бөлігін жұмыстан босатуға мүмкіндік жасайтын немесе оның құрылымына, сапасына жаңа талаптар қоятын ғылыми-техникалық прогрестің салдары болуы мүмкін. Нарықтық экономикада жұмыссыздық дағдарыстар кезінде көбейеді. Нарық жоқ жағдайда жұмыссыздықтың көбею себебі мемлекеттің өндіргіш күштерді орналастырудағы бұрыс құрылымдық саясаты болуы мүмкін.

Жұмыссыздықтың мынандай түрлері бар:

1) Жасырын жұмыссыздық - өндірісте және мемлекеттік аппаратта артық жұмысшылардың қолданылуы. Қазіргі болмыста олардың жұмыстарын аз жұмыс күшімен атқаруға болады.

2) Фрикциондық жұмыссыздық – адамдар бір жұмыстан басқа жұмысқа, бір жерден басқа жерге жұмыс ізденумен ауысуын айтамыз.

3) Маусымдық жұмыссыздық – жұмыс күшінің тек маусымдық кезеңде жұмыс жасауы, бұл кейбір ауыл шаруашылығы өндірісі саласында кездеседі, әсіресе қайта өңдеу өнеркәсібінде т.б.

4) Құрылымдық жұмыссыздық - өндірістік қуаттың жетпеуінің нәтижесінде болады: жеке саланың дамуының кері пропорционалды болуынан және ескі саланы жабу мен жаңа саланы дамытудың нәтижесі ретінде қараймыз.

5) Технологиялық жұмыссыздық – адамдарды машинамен ауыстырудың нәтижесі, біліктілікті өзгертуді немесе басқа мамандықты игеруді талап етеді.

6) Циклдік жұмыссыздық - өндірістің құлдырауынан туындайды, яғни экономикалық циклдың осы фазасымен байланысты.

Жұмыссыздық деңгейін есептеу төмендегідей формуламен анықталады

ЖД=ЖС/ЖК·100,

мұндағы – ЖД – жұмыссыздық деңгейі;                        

ЖС -  жұмыссыздар саны; 

ЖК – жұмыс күшінің саны.

Жұмыссыздық қоғамға көптеген зиян келтіреді; инфляцияның өсуіне ықпал жасайды, сондықтан еңбекке қабілетті адамдардың бір бөлігі өнім өндіруге қатыса алмайды. Сөйтіп олар жұмыспен қамтылмағандықтан ақшалай жұмыссыздыққа ақы алады, осыдан барып мемлекеттік бюджеттің шығыс бөлігі өсе түседі. Кез келген жұмыссыздың деңгейімен байланыста болатын экономикалық зиянды анықтау үшін әлемдік практикада Оукен заңы қолданылады. Бұл заң американ экономисі Артур Оукеннің (1724-1780 жж.) есімімен аталған. Осы заң математикалық тұрғыдан жұмыссыздық деңгейі мен жалпы ұлттық өнім (ЖҰӨ) көлемінің төмендеуі арасындағы байланысты көрсетеді. Егер жұмыссыздықтың сандық деңгейі табиғи деңгейден 1%- ға асса, онда ЖҰӨ көлемінің төмендеуі 2,5% құрайды. Осы 2,5 санымыз – Оукен коэффициенті болып табылады. Мына 1:2,5 қатынасы, бұл жұмыссыздықтың ЖҰӨ көлемінің төмендеуіне қатынасы болып табылады және жұмыссыздықпен байланысты өнімнің абсолюттік зиянын анықтауға көмектеседі.

 

7.2 Жұмыс бастылық мәселесі және оны реттеу әдістері

 

«Толық  жұмыс бастылық» түсінігі – бұл еңбек нарығындағы жиынтық жұмыс бастылықтың қосымша жұмыс күшіне  сұраныстың өсуіне әсер етпейтін жағдайы. Теориялық тұрғыдан еркін жұмыс күшінің болуы жұмыс күшіне қосымша сұранысты ұсынушы өндірістің өсуі мен дамуының жалпы шарты болып табылады. Бұл экономика ресурстарды, ең бірінші еңбекті 100%-ға пайдаланған кезде қызмет ете алмайды. Ұлттық шаруашылықтың жер, еңбек және капиталдың резерві болу керек. Тек ресурстардың резервінің болуы кезінде ғана қоғам қайтадан туындаған мәселелерді шешуге қабілетті болады.

«Толық жұмыс бастылық кезіндегі жұмыссыздық» идеясы өзінің парадоксалдығына қарамастан терең мәнге ие: қоғамда еңбек армиясының қандай да бір резерві болу керек. Толық жұмыс бастылыққа қол жеткізілген кезде нарық жұмыс күшінің артықшылығында, жетіспеушілігінде сезіне алмайды. Ал қалған бос бөлік жұмыссыздықтың табиғи деңгейін  (нормасын) құрайды. Жалпы сөз «қалыпты» құбылыс болып саналатын және жұмыссыздықтың «табиғи нормасының» құрамдас бөлігі болып табылатын «фрикционды және құрылымдық» жұмыссыздық туралы болып отыр.

Толық жұмыс бастылық нормасынан, басқаша айтқанда, жұмыссыздықтың табиғи нормасынан артатын жұмыссыздық қоғамға оның барлық  конструкциясын бұза отырып экономикалық және әлеуметтік зиян әкеледі. Өндірістің құлдырауы жағдайында жұмыс күшінің жұмыспен қамтылмауы ЖҰӨ өндірудің келешектегі мүмкіндіктерінің жоғалуына әкеледі. Жұмыссыздық нормасы неғұрлым жоғары болса, солғұрлым нақты өндірілген ЖҰӨ мен потенциалды ЖҰӨ-ң арасындағы айырым жоғары болады.

Американдық экономист А.Оукен жұмыссыздықтың нормасы мен ЖҰӨ-нің жоғалуының арасындағы қатынастың заңдылығын бекітті: жұмыссыздықтың нақты нормасының оның табиғи нормасынан 1%-ға асуы ЖҰӨ өсім қарқынының 2,5%-ға төмендеуіне әкеледі.

Экономикалық жоғалтулармен қатар қоғамда әлеуметтік сипаттағы жоғалтулар да болады. Жұмыссыздық біліктіліктің жоғалуын, өзін-өзі сыйлау сезімінің жоғалуын, моральдың түсуін, жанұялардың бұзылуын, әлеуметтік конфликтерді және т.б. білдіреді. Сондықтан мемлекеттің әлеуметтік салаға араласуы маңызды болады.

Әлемдік тәжірибеде жұмыс бастылықтың деңгейіне әсер етудің үш негізгі бағыты қарастырылады:

1) жұмыссыздарды жұмысқы тұрғызу және кадрларды даярлау мен қайта даярлауда қолдау көрсетеді;

2) икемді еңбек нарығы мен еңбек қатынастарын құқықтық қамсыздандыруды құруды ынталандыру;

3) жұмыссыздарды әлеуметтік қорғау.

Жұмыссыздық деңгейі оның табиғи нормасына тең болса, «тиімді толық жұмыс бастылық» туралы айтылады, бұл түсінік жұмыс бастылық пен жұмысыздық арасындағы оптималды қатынасты білдіреді.

 

7.3 Инфляция: өлшеу және оның негізгі формалары

 

Қағаз ақшаның құнсыздануы және тауар бағаларының өсуі инфляцияға әкеліп соқтыратыны ескертілген.

Жаңа қоғамда инфляцияда көрінетін байланыс қиындады: қағаз ақшаның алтынға тәуелділігі мүлдем үзілген, ақша айнымалының дәстүрлі заңы бұзылған және инфляция жаңа халықаралық сипатта қалыптасуда. Мұның бір себебі мынада: көп елдер инвестицияны ынталандыру және экономиканы емдеу құралы ретінде ақша шығару қарқынын көтерді. Сондықтан инфляцияның жоғарғы қарқыны мемлекеттің қағаз ақшаны шектен көп шығаруымен байланысты, бұл эмиссия ішкі айналым қажеттілігінен де асып кетті.

Нәтижесінде ақша құнсызданады, баға өседі, сосын барлық шаруашылық пропорциялар бұзылады. Жоғарыдағыны ескере отырып, осындай қорытындыға келуге болады.

Қазіргі заманғы инфляция – бұл ұсыныс пен сұраныс арасындағы дисбаланс және бағаның өсуіне  байланысты басқа да ұлттық шаруашылық пропорциялар бұзылуы нәтижесі.

Инфляция ашық және басыңқы деп ажыратылады. Біріншісі – бағаның өсуі, екіншісі – тауардың жоғалуы. Басыңқы инфляция жағдайында бағаны мемлекет реттейді, бұл КСРО-да орын алған. Сондықтан тауарға сұраныстың өсуінде баға көтерілмейді (бұл нарық шартына сәйкес) және тепе-теңдіктен төмен болады. Содан дефицит пайда болады. Дефицит көлеңкелі экономиканы тудырады.

Қажет тауарды іздеуде сатып алушы сатушыға қажетінен көп төлеп, бұдан ақша өндірісті айналып өтіп, саудада шоғырланады. Сосын өндірушілерде тауар өндіруге ынта болмайды. Соңында сұраныс пен ұсыныс арасында дисбаланс күшейеді.

Ашық инфляцияны жіктеу үшін бірнеше белгі қажет:

1)    бағаның өсу қарқыны (баға индексі);

2)    әртүрлі тауар топтары бойынша бағаның өсу деңгейінің алшақтауы;

3)    инфляцияның күтілуі және алдын ала болжануы.

Бірінші белгі тұрғысынан баяу инфляцияны ажыратады, мұнда баға баяу өзгереді, әдетте жылына 10%, секірмелі (галопирленген), мұнда бағаның өсуі жылына 100% - бен өлшенеді; гиперинфляция, мұнда бағаның өсуі 1000% - дан  жоғарылайды және ақша айналымы толық бұзылады.

Екінші белгі тұрғысынан инфляцияның екі түрін ажыратады: тең және тең емес. Тең инфляцияда әр тауардың бағасы бір-біріне қатысты үнемі өзгеріп тұрады.

Үшінші белгіден күтілетін және күтілмейтін инфляцияны бөледі. Күтілу факторы инфляцияның салдарынан білінеді. Егер фирмалар мен халық келесі жылы баға 5 есе өсетінін білсе, онда тиімді нарық жағдайында олар келесі жылы өздерінің тауар бағасын 5 есе көтереді және ешкім күтілетін инфляциядан зардап шекпейді. Ал күтілмейтін инфляция жағдайында бағаның 10% - ға өсуі экономикалық жағдайды күрт нашарлатады.

Инфляцияны сұраныс және ұсыныс инфляциясы деп екі түрге бөледі.

Сұраныс инфляциясында сұраныс пен ұсыныс тепе-теңдігі сұраныс жағынан бұзылады. Мұндай жағдай толық жұмыспен қамтылуда, жалақының өсуінде пайда болады, бұдан жинақталған сұраныс артық болады, ал бұл бағаның өсуіне итермелейді. Ұсыныс инфляциясын сонымен қатар шығын инфляциясы деп те атайды, демек өндіріс шығынының өсуіне байланысты бағаның өсуі. Бұның салдары жалақының өсуіне және энергия мен шикізатқа бағаны көтереді.

Экономикалық саясатта инфляцияға қарсы екі тәсіл бар: бірі  инфляцияға бейімділікті қарастырса, екіншісі – оның антиинфляциялық шараларын жояды.

Бейімділік шаралары: табыс индексациясы және баға деңгейін бақылау. Жеке деңгейде табыс индексациясы кәсіподақтың кәсіпкермен ұжымдық келісім шарт жасау арқылы жүргізіледі. Табыс индексациясының саясаты мемлекеттік кешенде мемлекеттік қызметкерлердің, студенттердің, зейнеткерлердің, әскерлердің жағдайын, жеке кешендегі адамдармен салыстырғанда  нашарлатпау мақсатын қойған.

Екінші әдіс (жою) – экономикалық құлдырау мен жұмыссыздықтың өсуі арқылы белсенді түрде инфляцияны төмендету стратегиясы. Бұл жолдың экономикалық, әлеуметтік шығыны зор. Бірақ нәтижесі бейімділік саясатына қарағанда тиімді.

Тәжірибеде көп елдер инфляциямен күрес ретінде «келісімді» жолды таңдайды. Бұл теорияның негізінде жұмыссыздық қозғалысы мен инфляция қарама-қарсы деген тұжырым жатыр.

Демек, үкімет жұмыссыздықты немесе инфляцияны таңдауы тиіс. Алғашқы номиналды жалақы мен жұмыссыздық арасындағы байланысты айқындауға әрекет жасаған Филлипс (1958 ж.). Жұмыссыздық деңгейінің түсуі баға мен жалақы өсіміне әкеледі деген қорытындыға келген, ал бұл АД қисығы.

Бірақ тәжірибе көрсеткендей, бұл қорытынды қысқа мерзімге тән сипат. Ұзақ мерзімде (5-10 жыл) жұмыспен қамтылудың төменгі деңгейінің өзі инфляция өсімімен сақталмайды, бұл тұжырымды кәсіподақтар мен фирмалар жалақы мен бағаны көтере отырып ұрындырады.

Статистика дәлелдегендей, инфляция 1% - ға түсу үшін жыл бойына жұмыссыздық 2% табиғи деңгейден жоғары болуы тиіс. Инфляцияны түсіру үшін жұмыссыздықпен өтеу керек деген оймен барлық экономистер келіспейді. Әзірше бұл мәселе бір шешімге келген жоқ.

Өндіріс стагнациясымен ере жүріп, жұмыссыздықтың жоғары деңгейі және бір уақытта бағаны өсіру инфляциясы стагфляция деп аталады.

 

7.4 Мемлекеттің инфляцияға қарсы саясаты

 

Мемлекеттің инфляциямен күресу әдістері тікелей және жанама болады.

Көп жағдайда келесі заңдылық орындалады: төтенше дағдарыстық жағдайда мемлекеттің экономикалық процестеріне араласуының қажеттілігі туындайды. Ақша бірлігінің төлем қабілеттілігін тікелей реттеу қаржы министрлігімен жүзеге асырылады және келесі құралдарды қамтиды:

-        несиелерді бөлу және оларды реттеу;

-        тарифтер мен бағаларды реттеу;

-        жалақы шегін реттеу;

-        сыртқы сауда мен валюта курсын реттеу.

Жиынтық сұранысты реттеудің жанама әдістері елдің Орталық банкімен келесі құралдардың көмегімен жалпы ақша массасын реттеу арқылы пайдаланылады:

-        ақша эмиссиясын;

-        пайыздық мөлшерлемені (есептік);

-        міндетті резервтеу талаптарын (нормасын);

-        ашық бағалы қағаздар нарығындағы операцияларды.

 

8 дәріс. Экономиканы реттеудің қаржылық механизмі

 

Жоспар

1.    Мемлекеттік бюджет құрылымы. Бюджет дефициті

2.    Салықтардың мазмұны және экономикадағы орны. Салық саясаты.

3.    Фискалды экономикалық саясат.

4.    Ақша несие саясаты және оның құралдары.

         

Дәрістің мақсаты: тақырыптың негізгі мәселелерін: бюджет, бюджет дефициті және салық жүйесін қарастыру; автоматтық және дискрециялық фискалды саясаттың экономикаға қалай әсер ететінін және осы саясаттарды жүзеге асыру үшін қандай құралдар қолданылатынын көрсету; несиелік жүйенің құрылымын ашу; олардың қазіргі нарықтық экономикадағы қызметтерін ашу.

 

8.1 Мемлекеттік бюджет құрылымы. Бюджет дефициті

 

Мемлекеттік бюджет - үкіметтің иелігінде болатын ірі орталықтандырылған ақша қоры. Бюджет мемлекеттің қаржы ресурстарын қазіргі тарихи кезеңде экономиканың анағұрлым маңызды секторларына шоғырландыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік шығыстардың маңызды баптарына экономиканың өндірістік секторының қызмет етуі үшін анағұрлым қолайлы алғышарттарын қалыптастыруға; әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің, яғни білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет объектілерінің құрылуы мен қызмет етуіне; қорғаныс саласына; ғылыми-зерттеу және конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруға; мемлекттік басқару аппаратының өз қызметтерін атқаруға байланысты шығыстар жатады. 

Мемлекеттік бюджеттің табыстары салықтар, мемлекеттік займдар, капиталмен жасалатын операциялардан табыс, сонымен қатар аталмыш  бюджеттен тыс қорлардың (ресми трансферттер) түсімінен тұрады.

Шығыстар мөлшері бойынша табысқа тең болса, бюджет балансты болады. Табыстардың шығыстардан артуы, мемлекеттік қарызды жабуға жұмсалатын, бюджеттік артықшылықты құрайды. Бюджеттік дефицит деп мемлекеттің шығыстарының оның табыстарынан артып кетуі аталады.

Дефицит экономиканың дамуына ірі мемлекеттік салымдардың қажеттілігімен байланысты болуы мүмкін. Сонымен қатар төтенше жағдайлардың нәтижесінде әдеттегі шығыстар жетпеген кезде болады. Осы екі себеп бойынша туындайтын дефицитті құрылымдық деп атауға болады. Ол экономиканы тұрақтандыру бойынша мемлекеттік саясаттың дұрыс өнімі болып табылады және экономикалық конъюнктурада кенеттен ауытқулардың болмауына елеулі көмек көрсетеді.

Циклдік дефицит  өндірістің циклдік құлдырауының нәтижесінде болады, экономикадағы дағдарыстық құбылысты, үкіметтің елдегі қаржылық жағдайды бақылай алмауын бейнелейді.

Бюджеттік дефицитті жою үшін келесі шаралар жүргізіледі: бюджеттік шығыстарды қысқарту, эмиссия, қосымша табыстар көздерін табу және ақшаны қарызға алу. Бюджеттік дефициттің тудыратын тағы бір мәселесі – бұл елдегі барлық кездегі қалыптасқан жабылмаған дефициттің сомасын құрайтын мемлекеттік қарыз.

Қазақстанда бюджеттің қаржылары негізгі қоғамдық міндеттерді (экономиканың құрылымдық қайта құрылуы, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету және т.б.) шешуге шоғырландырылған. Бюджеттің әлеуметтік бағыттылығы, тұрғылықты халықты нарықтық тәуекелділіктен, инфляциялық және дағдарыстық құбылыстардан қорғауды қамтамасыз етуге байланысты бағдарламаларды іске асыруға бағыттылық күшеюде.

Қазақстанда 2009 жылдан бастап бюджеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі енгізілген – республикалық бюджет үш жылға құрылады және бекітіледі. Яғни, Қазақстан алғашқы рет 2009 – 2011 жылдарға үш жылдық республикалық бюджет қабылдады.

Енгізілген түзетулерді ескере отырып, 2009 жылға республикалық бюджет келесідей жоспарланды: түсімдер - 2 трлн 837,4 млрд тенге (ЖІӨ- 16,8%), шығыстар - 3 трлн 411 млрд тенге (ЖІӨ-ң 20,2%), дефицит  573,6 млрд тенге, немесе ЖІӨ-ң 3,4%. Қазақстанның 2012 - 2014 жылдарға арналған республикалық бюджет, оның ішінде 2012 жылға мынадай көлемде бекiтiлген: кiрiстер - 4 626 465 541 мың теңге, оның iшiнде: салықтық түсiмдер бойынша - 3 221 081 115 мың теңге; салықтық емес түсiмдер бойынша - 58 458 993 мың теңге; негiзгi капиталды сатудан түсетiн түсiмдер бойынша - 30 230 835 мың теңге; трансферттер түсiмдерi бойынша - 1 316 694 598 мың теңге; шығыстар - 5 253 430 873 мың теңге; тапшылық - -758 547 640 мың теңге немесе елдiң жалпы iшкi өнiмiнiң 2,6 пайызы; бюджет тапшылығын қаржыландыру - 758 547 640 мың теңге.

8.2  Салықтардың мазмұны және экономикадағы қызметтері

 

А. Смит салық салудың төрт принципін айқындаған. Оның осы принциптері дамыған елдерде салық салудың негізін құрайды.

1) Өзіне бекем мемлекет мүмкіндігіне қарай қабілеті мен күшіне сай үкіметті ұстауға (қаржыландыруға) қатынасы. Мемлекеттің қорғауымен қамқорлығын пайдалана отырып, қаржыландыру үкіметтің табысына сай жүзеге асады.

2) Жеке тұлға төлейтін салық міндетті түрде айқын болуы керек. Сондықтан төлеу мерзімі, төлем тәсілі, сомасы – барлығы дерлік төлем төлеуші үшін анық әрі ашық  және кез келген адамға да солай.

3) Әрбір алынатын салық белгілі уақытта немесе белгілі тәсілмен төлеуші үшін ыңғайлы кезде барлығын төлейді.

4) Әрбір салық ой елегінен өткізіліп, толғағына толық жеткізілгені дұрыс. Оның мемлекет қазынасына құйылуы, халық қалтасынан алғаны және ұстағаны мүмкіндігінше аздау болғаны жөн. Қазынаға құйылғаннан гөрі, салықты халық қалтасынан алу мен ұстаудың көп болуы да әбден мүмкін. Себебі, оны жинау шенеуніктердің көп болуын талап етсе, оларға төленетін айлық сомасы салықтың мол мөлшері арқылы жүзеге асады.

Салық дегеніміз тұрғындар, кәсіпорын (фирма) мен ұйымдардан заңға негізделіп алынатын міндетті төлем жүйесі. Салық салудың мақсаты кәсіпорындар, (фирмамен) тұрғындар қаржыларын қоғамдық қажеттілікке (өндірістік және әлеуметтік) тарту болмақ. Салық төмендегідей қызметтерді атқарады: фискалды (тіркелген) немесе жұмылдыру қызметі. Осы қызметте мемлекет бюджеттік шығындарды қаржыландыру үшін салық жинайды; бөлу қызметі, мемлекет қаржыны қайта бөлуді әртүрлі топтардың арасында, территория, облыс, аудандар бойынша жүргізеді; реттеуші қызметі, мемлекет салықтың көмегімен тұтыну және қорлану арасындағы пропорцияны реттейді; ынталандыру қызметі, мемлекет өндіріс пен техникалық прогресті дамыту үшін әртүрлі ынталандыру шараларын жүзеге асырады; шектеу қызметі, мемлекет салық саясаты арқылы кейбір өндіріс түрлерінің дамуын тежейді немесе шектейді; бақылап-есептеу қызметі, мұнда кәсіпорындар мен тұрғындар топтарының қаржы қоры көлемінің табысын есептеуді жүзеге асырады.

Салық сипаты тұрғысынан тікелей және жанама болып бөлінеді. Тікелей салық мемлекет тарапынан кәсіпорын және тұрғындар табыстарынан алынады. Оларға айлықтан алынатын, пайдадан алынатын, жылжымайтын мүліктен, бағалы қағаздар операциясынан алынатын т.б. салықтар жатады. Жанама салықты мемлекет тікелей емес, баға арқылы айналдыра отырып алады. Оған – акциздер, кеден баж салығы, қосымша құнға салынған салық жатады.

Салықтан алынатын сома – салықтың негізі деп аталады.

Салық өсімі үш түрге бөлінеді. Бірінші түрі – прогрессивтік салық өсімі. Мұның мәнісі – табыстың өсуіне қарай салық өсімінің мөлшері өседі. Екінші түріне салық өсімінің пропорционалды өсімі жатады. Үшінші түріне регрессивті салық өсімі жатады. Регрессивті салық өсімі біздің елдегі салық заңдылықтарында қолданылмайды. Бұл өсім кері прогрессивті және оның мәні салық өсімі мөлшерінің ұлғаюын табыстың азаюымен түсіндіріледі.

Прогрессивтік салық туралы әңгіме еткенде, ғалымдар жоғары (көтеріңкі) табыс салығы фирма мен тұрғындардың іскерлік белсенділігін төмендетпей ме деген күдікті жиі айтады. Американ экономисі Артур Лаффер 80 - жылдардың басында осы мәселені қарап, мынандай ой түйген: салық өсімінің жоғары болуы адамның экономикалық белсенділігін бәсеңдетіп, оларды салық төлеуден қашуға игермейді. Қызмет жасау арқылы табатын табыстың өмір сүруден гөрі олар жәрдем -        - ақыға өмір сүргенді жөн санайды. А.Лаффердің атағын ресторанда салфеткаға салған «Лаффер қисығы» шығарды (6 суретті  қараңыз).

6 сурет - Лаффер қисығы

 

6 - суретте байқағандай Лаффер қисығында салық өсімі 0-ден 100%-ға өскенде, салық түсімі максимальды деңгейде (М нүктесі) көтеріліп, онан соң 0-ге дейін төмендейді. Алайда, салық түсімі ML шартты нүктесінде тепе-тең, бірақ L нүктесіндегі өсімнің төмен деңгейі құптарлық жай.

Салық өсімі 50%-дан асқанда адамдар аз жұмыс істейді және ақшасын сақтауға еш тырыспайды. Өзінің күш-жігерін «көлеңкелі экономикаға» бағыттап, нәтижесінде мемлекеттік қазынаның табысы азая түседі. Егер салық өсімі көтерілсе, ерте ме кеш пе оның деңгейі сондай дәрежеге жетіп ешкім жұмыс істегісі келмейді және салықты төлемейді. Сайып келгенде, мемлекетке ешқандай салық түсімі түспейді.

Қазақстанда 2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап «салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» жаңа заң (Салық кодексі) күшіне енді. Кодекс келесі қарастырады:

- тікелей әсер ету заңы принциптерін жүзеге асыру;
       - экономиканың шикізат емес саласына жалпы ауыртпалықты азайту;

- экономиканың жаңартылуына және диверсификациялануына ықпал етуші шарттарды жасау;

- салықтық әкімшілдендіруді жетілдіру мен салықтық процедураларды жеңілдету есебінен бизнесті жүргізу үшін шарттарды жақсарту;

Жаңа Салық кодексі Қазақстанда 11 түрлі салық түрін қарастырады. Олардың негізгілері: корпоративті табыс салығы, жеке табыс салығы, қосылған құнға салық, әлеуметтік салық, жер салығы, мүлікке салық және т.б. Көптеген салықтар бойынша жаңа салық мөлшерлемелері енгізілді.

Жалпы алғанда, жаңа Салық кодексін қабылдау экономикалық белсенділіктің ынталануына ықпал етеді және Қазақстан экономикасын әлемдік экономикалық және қаржылық дағдарыс жағдайында тұрақтандыру Бағдарламасының маңызды құралы болып табылады.

 

8.3 Фискалды экономикалық саясат

 

Фискалды саясат өз әсерін мемлекет қазынасының (фиск) негізгі элементтеріне тигізеді. Ол мемлекеттік бюджетпен, салықтармен, мемлекеттің ақшалай табыстар және шығыстарымен тікелей байланысты. Нарықтық экономика жағдайында бұл саясат мемлекеттік экономикалық саясаттың негізгі өзегі болып табылады. Фискалды саясат қаржылық саясаттың бюджеттік, салықтық, табыстар мен шығыстар сияқты ірі формаларын біріктіреді.

Жалпы алғанда фискалды саясат мемлекеттің қаржы ресурстарын басқаруды ұйымдастыру бойынша және оларды елдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу мақсатында пайдаланылуы бойынша мемлекеттік шаралардың жиынтығында көрінеді.

Бюджеттің мемлекеттік сатып алулар, субсидиялар және трансферттер формасындағы шығыстары экономиканы реттеудің тиімді құралы болып табылады. Мемлекеттік реттеудің кейнстік теориясында олар мемлекетті реттеу құралдарының жүйесінде алдыңғы қатарға қойылады.

Тауарлар мен қызметтерге шығыстардағы мемлекеттік сектордың үлесі елеулі, мемлекет жылына нарықта экономикалық дамыған елдерде ЖІӨ-ң жартысына дерлік соманы құрайтын соманы шығыстайтын ең ірі сатып алушы ретінде көрінеді. Осылайша, мемлекет жиынтық сұраныстың көлемі мен құрылымына әсер етудің ірі мүмкіндігіне ие.

Фискалды саясатта екі негізгі бағытты қарастыру қалыптасқан. Экономикалық бум кезінде фискалды саясат шектеуші бағытқа ие, өсу параметрлерін мүмкіндігінше тежейді. Экономикалық дағдарыс кезінде ынталандырушы сипатқа ие.

Екі курстың арасында тұрақтандыру саясаты болады. Тұрақтандыру саясаты – экономиканың анағұрлым тұрақты жағдайына сәйкес болатын фискалды саясат көрінуінің анағұрлым үйреншікті формасы.

Ол бір жағынан, тұрақсыз жағдайға көшуді болдырмауға бағытталса, ол үшін экономикалық параметрлерді белгілі бір шекті ұстап тұру керек, ал екінші жағынан, макроэкономикалық көрсеткіштерді оптималды деңгейге жеткізуге тырыса отырып, қалыптасқан экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталған.

Автоматтандырылған және дискрециялық фискалды саясатты бөліп қарастыру қабылданған. Автоматты стабилизаторлар дегеніміз экономикада қабылданған және әрекет етуші, үкіметтің қатысуынсыз тұрақты жағдайдан ауытқуларға әсер етуге және экономиканы тұрақты жағдайға келтіруге мүмкіндік беретін ережелер мен нормалар.

Автоматты стабилизаторлар алдын ала қарастырылған, экономикалық қызметті реттеуші заң актілеріне енгізілген, әрекет етуші ережелерде көрінген. Дискрециялық фискалды саясат дегеніміз шаруашылық өмірмен бекітілген үнемі әрекет етуші ережелер мен нормаларды өзгерту немесе оларға қосымшалар қабылдау бойынша үкіметтің оперативті қаржылық шараларының жиынтығы. Дискрециялық фискалды шаралар экономикалық дағдарыстың ошағын өшіруге көмектеседі.

Мемлекеттің ақша-несие саясаты және оның құралдары туралы көрсетілген әдебиеттен оқыңыз [13, 383 -385 б.].

 

8.4 Ақша несие саясаты және оның құралдары

 

Ақша-несие саясаты да экономикадағы маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Ақша массасын реттей отырып мемлекет бағаларға, инвестициялық жобаларға және тұрғылықты халықтың тұтынысына, ұлттық өндіріс көлеміне, инфляция мен экономикалық өсудің қарқынына әсер етеді. Ақша саясаты фискалды саясат сияқты тұрақтандыру құралы бола алады, бірақ экономикаға теріс те әсер етуі мүмкін. Тәртіпке келтірілген ақша саясатынсыз инфляциямен күресу мүмкін емес.

Мемлекеттің ақша-несие саясаты дегеніміз мемлекеттің ақша массасы мен несие шарттарын реттеумен байланысты шаралар жиынтығы. Ақша – несие саясатының мақсаты: өндіріс көлемін арттыру, толық жұмыс бастылық, инфляцияны қысқарту.

Ақша – несие саясатының негізгі құралдары:

-        ашық бағалар нарығындағы операциялар: Орталық банктің мемлекеттік бағалы қағаздарды сатуы – сатып алуы арқылы ол коммерциялық банктердің несиелік резервтерін азайтады немесе көбейтеді. Осылайша, Орталық банк несиелік ақша массасын реттейді. Монетарлы ережені (ақша массасы жылына ЖҰӨ-ң өсу қарқынына сәйкес өскен кезде экономикаға теріс әсері болмайды) сақтай отырып Орталық банк қолма қол ақша массасын реттейді.

-        барлық коммерциялық банктердің Орталық банкте сақталуы қажет қолма – қол ақшасының үлесін анықтаушы минималды резервтеу нормасын өзгерту. Бұл норманы арттыра отырып, Орталық банк коммерциялық банктердің несиелік мүмкіндіктерін шектейді және керісінше;

-        есептік (дисконттық) пайыздық мөлшерлемені өзгерту. Коммерциялық  банктер осы мөлшерлеме бойынша Орталық банктен несие ала алады. Ол неғұрлым жоғары болса, коммерциялық банктер солғұрлым аз несие алады, сәйкесінше фирмаларға солғұрлым аз несие беріледі және керісінше.

«Арзан ақша» саясаты жұмыссыздық кезінде, экономикадағы құлдырау кезінде жүргізіледі. Ол мемлекеттік бағалы қағаздарды ашық нарықта сатып алу, міндетті резервтер нормасын төмендету, пайыздық есептік мөлшерлемесін төмендету арқылы жүзеге асырылады.

«Қымбат ақша» саясаты жоғарғы инфляция кезінде жүргізіледі. Орталық банк мемлекеттік бағалы қағаздарды сатады, міндетті резевтер нормасын көтереді және пайыздық есептік мөлшерлемені көтереді.

Қазақстанның Ұлттық Банкі келесідей негізгі қызметтерді атқарады:

- Қазақстан Республикасында мемлекеттік ақша – несие саясатын жүргізу;

- банктің және Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдардың агенті қызметін атқару;

- банктердің қызметін бақылау мен қадағалау және олардың қызметін реттеуді жүзеге асыру;

- Қазақстан Республикасында валюталық реттеуді және валюталық бақылауды жүзеге асыру;

- алтын валюталық қорды басқару.

Әдебиеттер тізімі

 

1.    Шеденов Ө.Қ., Байжомартов У.С. және т.б. Жалпы экономикалық теория: Оқулық. -  Алматы:  Ақтөбе, 2004.

2.    Сахариев С.С., Сахариева А.С. Жалпы кезең – экономикалық теориясы. -  Алматы: «Дәнекер», 2004.

3.    Экономикалық саясат. Лекциялар / Д.Қ.Қабдиев, Т.Қ.Оралтаев, Ә.Е.Ескендіров, С.Қ.Бекмолдин және т.б. – Алматы: Экономика, 2002.

4.    Әубәкіров Я., Нәрікбаев К., Есқалиев М. және т.б. Экономикалық теория негіздері: Оқулық. – Алматы, 2004.

5.    Ихданов Ж.О., Орманбеков Ә.Ө. Экономиканы мемлекеттік реттеудің өзекті мәселелері: Оқу құралы. – Алматы: Экономика, 2002.

6.    Әубәкіров Я.Ә., Нәрібаев К. және т.б. Экономикалық теория негіздері: Оқулық. – Алматы: «Санат», 1998.

7.    Сала экономикасы. Дәрістер жинағы (С.И.Ержанов). – Алматы: АЭжБИ, 2003.

8.    Бердалиев К.Б. Қазақстан экономикасын басқару негіздері: Оқу құралы. – Алматы: Экономика, 2001.

9.    Мамыров Н.Қ., Есенғалиева Қ.С., Тлеужанова М.Ә. Микроэкономика: Оқулық. – Алматы: Экономика, 2003.

10.Әубәкіров Я.Ә., Байжұмаев Б.Б., Жақыпова Ф.Н., Табеев Т.П. Экономикалық теория: Оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 1999.

11.Байшоланова Қ.С. Ақпараттық жүйелер теориясы: Оқу құралы. – Алматы: Экономика, 2002.

12.Көшенова Б.А. Бағалы қағаздар нарығы: Оқу құралы. – Алматы: Экономика, 1999.

13.Шеденов Ө.Қ., Байжомартов У.С. және т.б. Жалпы экономикалық теория: Оқулық. -  Алматы: Ақтөбе, 2004.

14.Экономикалық саясат. Лекциялар/Д.Қ.Қабдиев, Т.Қ.Оралтаев, Ә.Е.Ескендіров, С.Қ.Бекмолдин және т.б. – Алматы: Экономика, 2002.

15.Нурпейіс Е. Экономикалық теория. Халықаралық экономика негіздері: Оқу құралы. – Алматы, 2002.

16.Дүйсенбаев К.Ш., Төлегенов Э.Т., Жұмағалиева Ж.Т. Кәсіпорынның қаржылық жағдайын талдау: Оқу құралы. – Алматы: Экономика, 2001.

17.Байтонаева Б.А. Менеджмент: Оқу құралы. – Алматы: ҚазҰТУ, 2001.

18.Байгисиев М. Халықаралық экономикалық қатынастар: Оқу құралы. – Алматы: «Санат», 1998.

19.Байпақбаев Ж. Қазақстандағы макроэкономикалық тұрақтандырудың ерекшеліктері мен даму кезеңдері. Саясат. -  №7. – 2006. – 26 б.

20.Ермекбаева Б.Ж. Салық бақылаудың теориялық негіздері мен нысандары. ҚазҰУ Хабаршысы. Экономика сериясы. - №2 (24). – 2006. – 23 б.

21.Ақша, несие, банктер: Оқулық/ Жалпы редакциясын басқарған Ғ.С.Сейітқасымов – Алматы: Экономика, 2004.

 

Мазмұны

 

Алғы сөз

1 дәріс. Экономикалық теорияның пәні және әдістері

2 дәріс. Меншік және кәсіпкерлік

3 дәріс. Нарықтық экономиканың мәні мен қызмет ету механизмі

4 дәріс. Өндіріс және шығындар теорияларының негізі

5 дәріс. Табыстарды бөлу. Табыстар және өндіріс факторлары бағалары

6 дәріс. Ұлттық экономика және экономикалық өсу

7 дәріс. Макроэкономикалық тұрақсыздық: жұмыссыздық және инфляция

8 дәріс. Экономиканы реттеудің қаржылық механизмі

Әдебиеттер тізімі

2013 ж. жиынтық жоспары, реті 321

Қарлығаш Мәулетхановна Жараспаева

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕОРИЯ НЕГІЗДЕРІ
Дәрістер жинағы

Редактор  Б.С. Қасымжанова
Стандарттау бойынша маман  Н.Қ. Молдабекова

Басуға  _________ қол қойылды
Пішіні 60х84 1/16

Таралымы  300 дана
№1 типографилық қағаз
Көлемі 3,1 оқу.  - басп. ә.
Тапсырыс____. Бағасы 310 т.

«Алматы энергетика және байланыс университеті»
коммерциялық емес акционерлік қоғамының
көшірмелі-көбейткіш бюросы
050013, Алматы, Байтұрсынұлы көшесі, 126