Коммерциялық емес акционерлік қоғамы
АЛМАТЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ БАЙЛАНЫС УНИВЕРСИТЕТІ
Әлеуметтік пәндер кафедрасы
ҚҰҚЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Барлық мамандықтар студенттері үшін дәрістер жинағы

Алматы 2014

ҚҰРАСТЫРУШЫ: Танирбергенова Р.К. Құқық негіздері. Барлық мамандықтар студенттері үшін дәрістер жинағы.– Алматы: АЭжБУ, 2014. – 55 б.   

Құқық негіздері бойынша ұсынылған дәрістер жинағы лекция сабақтарының жоспары мен оларға дайындалудың әдістемелік нұсқауларынан және әдебиеттер тізімінен тұрады. Барлық мамандықтардың күндізгі және сырттай бөлімінде оқитын студенттеріне  арналған.

Әдебиеттер тізімі – 30.

Пікір беруші: тар. ғыл. канд., доц. Аққасов Б.Қ. 

«Алматы энергетика және байланыс университетінің» коммерциялық емес акционерлік қоғамының 2014 ж. баспа жоспары бойынша басылады.

© «Алматы энергетика және байланыс университетінің» КЕАҚ, 2014 ж.

Алғы сөз

«Құқық негіздері» курсы бойынша ұсынылып отырған дәрістер жинағы бакалавриатта оқитын күндізгі және сырттай оқу бөлімінің барлық мамандықтарының студенттеріне арналған және «Электронды кітапханада» пайдалануға арналған. Бұл дәрістер жинағы типтік бағдарламаға сәйкес жазылған.

«Құқық негіздері» пәнін оқыту мақсаты: Қазақстан Республикасындағы құқықтық мемлекеттілікті жетілдірудің қажетті шарты ретіндегі қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу, оқушылардың әлемдік танымын қалыптастыру, қоғамдық және құқықтық мәдениет және жеке құқық танымын жоғарлату.

«Құқық негіздері» пәнін оқыту мақсаты қазіргі қоғамның қажеттілігі мен мүддесінен туындап отыр. Оқытудың негізгі мақсаты заң мамандығын алмайтын студенттерге мемлекет және құқық теориясының негіздерін меңгеру, ұлттық құқықтың жетекші салаларының шеңберінде қажетті білім беру. Бұдан басқа міндет ретінде: қоғам өміріндегі мемлекет пен құқықтың орны мен рөлін анықтау, Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесінің дамуының алғышартымен және мәселелерімен таныстыру, қазақстандық мемлекеттік-құқықтық механизмнің жетілдірілуінің саяси-құқықтық жолдарын анықтау, субъективтік құқықтар мен субъективтік юридикалық міндеттерді жүзеге асыруға қажетті тәжірибені жинақтауға үйрету.

«Құқық негіздері»  пәнінің мамандарды дайындауға маңызы мен рөлі. Құкық негіздері болашақта өздерінің азаматтық құқықтары мен міндеттерін іске асыру үшін, еңбекте құқығын жүзеге асыру, қоғамның және еліміздің коғамдық-саяси өміріне белсенді қатысуға, оқушыларға заң білімдерін кешенді нысанда меңгеруге мүмкіндік береді.

«Құқық негіздері» курсы бойынша оқулықтар, әдістемелік нұсқаулар және жинақтар жеткілікті. Қазақстандық авторлар оқулықтары мен монографиялары, сонымен қатар ресейлік оқулықтар кеңінен қолданылады.

Біздің пікірімізше, осы дәрістер жинағы студенттерге «Құқық негіздері» курсын оқуда көмек көрсетеді. Ол ғылымда қалыптасқан тұжырымдамалық көзқарастар мен бағалануларға негізделген 10 лекциядан тұрады, курстың негізгі материалын жинақтап қарастыруға талпыныстар жасалды.

Жинақ шегінің тарлығы тақырыптардың барлық мәселелеріне толығымен тоқталуға мүмкіндік бермейді, тек анағұрлым күрделі, негізгі мәселелерге, теориялық ережелерге және қорытындыларға көңіл бөлінген, ал анағұрлым толық ақпаратты басқа басылымдардан табуға болады. Осы үшін әдебиеттер тізімінен оңай тауып алуға болатын номері көрсетілген сілтемелер пайдаланылған.

1 дәріс. Мемлекет, құқық және мемлекетік құқықтық құбылыстар туралы негізгі ұғымдар (2 сағ.)

Жоспар:

1)  Мемлекет пен құқықтың пайда болуы.

2)  Мемлекеттің ұғымы, белгілері және мәні. Мемлекеттің нысаны.

3)  Құқықтың ұғымы мен белгілері.

4)  Құқық нормалары

Дәрістің мақсаты: студенттерді қазіргі кездегі мемлекеттік-құқықтық құбылыстар жайлы білімдерге жетелеу, оның типтері нысандары және функциялары туралы, мемлекеттің механизмі және құқықтық реттеудің сатылары туралы, адамның құқықтары мен бостандықтары және оны қамтамасыз ету мен қорғаудағы заңның орны жайлы үйрету болып табылады.

1.1  Мемлекет пен құқықтың пайда болуы

Мемлекетке  дейінгі кезеңдегі  әлеуметтік  биліктің ерекшеліктері мыналар болып табылады: ол тек бір ру көлемінде ғана таралды, соның еркін білдіріп, қандық туыстыққа негізделді; ол алғашқы қауымдық  демократияның, өзін-өзі басқарудың  бастамаларының  негізінде  қалыптасты; мұнда  билік органдары ретінде  рулық жиналыстар, ақсақалдар, әскербасылары  және т.б. қызмет етті, олар алғашқы қауымдық қоғамның  өмір сүруінің  маңызды мәселелерін шешіп отырды.

Мемлекет пен құқықтың пайда  болуының негізгі объективтік  заңдарына  мыналарды  жатқызамыз: қосымша  өнімнің пайда болуы; жеке меншіктің  қалыптасуы; таптар мен топтардың арасындағы күрестің басталуы; қарама-қайшылықтарды реттеп, қоғамды  басқару  үшін құқық пен мемлекеттің өмірге келуі.  

Діни (теологиялық) теория – мемлекеттің пайда  болуын, мемлекеттік  биліктің пайда  болуын  құдайдың  құдыретінен  деп  есептейді,  яғни  барлық  билік  құдайдан  деген  тұжырымдаманы  жақтайды. Әрбір ірі дін  құдайдың әрекеті деген діни құқықтық қағидалары бар.  Өзінің  діни мазмұнына  қарамастан бұл  теория  бірқатар  шынайы  жағдайларды  атап  айтқанда,  алғашқы  мемлекеттердің  теократиялық  нысандарын – абыздар  билігін, шіркеудің  ролін,  діни  және  әкімшілік  орталықтар  арасындағы  еңбек  бөлінісін  көрсетеді. Қазіргі заманда да кейбір мемлекеттер осындай қағидаларға негізделіп құрылып, қызмет атқарады. Бұл қағидаларға сүйене отырып діни теоректиктер  мемлекет пен құқық құбылыстарын діни рәсімдерге байланыстыра түсіндіреді. Бұл  теорияның  көрнекті  өкілдерінің  бірі – Фома  Аквинский.

Патриархалды теория – мемлекеттің  пайда  болуын  отбасымен  байланыстырады, ал мемлекет  басшысының  билігін  отбасы  мүшелерінің алдындағы әке билігінен  туындатады. Сөйтіп отбасы мүшелерінің  белгілі бір тәртіпке бағынып, қалыптасуының жөн-жобаларын анықтайды. Адамдар осындай қағидаларды басшылыққа алып, мемлекет құруда отбасын басқару үлгілерін қолданған дейді.  Бұл  теория  патшаның  шексіз  билігін  негіздеуге  бағытталған,  ал  бұл  биліктің  қайнар  көзі  ретінде  құдайды  емес, отбасындағы  әкенің, патриархтың шексіз билігі  орын алған отбасы нысанын таниды. Бұл  теория Грецияда пайда  болған, негізін  салушы  Аристотель болса,  ағылшын  ғалымы  Фильмердің еңбектерінде дамытылған.

Шартты  теория (табиғи құқықтық  теория) – Теорияның  мазмұны – адамдардың  өздерінің  табиғи  құқықтары  болады (бостандық, теңдік, еңбек ету, т.б.). оны  ешкім  жоя  алмайды, оған  зиян  келтіре алмайды. Мемлекет пен құқықтың шығуын, пайда болуын адамдар арасындағы келісім-шартпен байланыстырады.  Қоғамның  тарихи  даму  процесінде  адамдардың  арақатынасында  қайшылықтар  басталды, сондықтан  қоғамда  бостандықты,  теңдікті, әділеттілікті  сақтау  үшін  адамдар  өзара  шарт  жасасып  мемлекетті  құрды. Мемлекетке тән басқару, оған қоғам мүшелерінің  барлығын қорғауды, лайықты өмір сүруіне жағдай туғызуды міндеттейді. Қоғам мүшелері де заң талаптарына бағынатыны туралы міндеттеме алады, деп түсіндіріледі.  Өкілдері: Г.Гроций, Спиноза, Д.Локк, Т.Гоббс, Ж.Ж.Руссо, А.Радищев.  Мысалы: А.Радищевтің  пікірінше,  билік  халыққа  тиесілі, алайда  ол мемлекет басшысына  берілген  және  оны  халық  бақылауы  тиіс.

Күштеу  теориясы – мемлекеттің  пайда болуының  негізі  ретінде  күштеу  әрекетін,  бір  халықтың  екінші халықты  жаулауын  таниды. Жауланған  халықтың үстінен  билікті  бекіту  үшін, оған  күштеу жүргізу  үшін  мемлекет  құрылады. Күштеу  теориясы ХІХ ғас.  пайда  болды, өкілдері -  Л.Гумплович, К.Каутский, Е.Дюринг.

Психологиялық  теория – мемлекеттің  пайда  болуын  адам психикасының  көріністерімен: бағыну  қажеттігімен, еліктеумен, жоғарғы  топқа  тәуелділікті  сезінумен,  белгілі бір  әрекет  түрлерінің  әділдігін  түсінумен  және т.б. байланысты. Өкілі – Л.Петражицский, Г.Тард.

1.2            Мемлекеттің ұғымы, белгілері және мәні. Мемлекеттің нысаны

Мемлекет - бұл арнайы басқару және мәжбүрлеу аппараты бар, қоғамның өкілі бола тұра, оны басқаратын және оның дамуын қамтамасыз ететін, бұқаралық биліктің саяси аумақтық, егеменді ұйымы.

Мемлекеттің белгілері:

1)  Арнаулы кәсіби басқару және мәжбүрлеу аппаратының болуы, яғни бұқаралық биліктің болуы.  Бұқаралық билік – бұл чиновниктер, әскер, полиция, түрме мен б. д. мекемелер.

2)  Салықтар жүйесі, яғни мемлекет өмір сүруі үшін халықтан салық жинауға мәжбүр. Мемлекет салықтан түскен қаржыны басқару және мәжбүрлеу аппаратының орасан зор армиясын ұстауға, мемлекеттің өзі жүргізетін ішкі және сыртқы саяси шараларды қаржыландыруға, денсаулық сақтау, білім беру, ғылым, мәдениет салаларын қолдауға, экономиканың маңызды салаларын ынталандыруға, қоғамдық қауіпсіздікті, құқықтық тәртіпті, қылмыс және құқық бұзушылықпен күресті қамтамасыз етуге пайдаланады.

3)  Аумақтық бөлініс. Мемлекет өз аумағында өмір сүруші барлық адамдарды өз билігімен және қорғау арқылы біріктіреді.

4)  Егемендік, бұл мемлекетке тән  өз аумағындағы үстемдік пен халықаралық қатынастардағы тәуелсіздік. Егемендік белгісі мемлекетті басқа ұйымдардан, қоғамдық құрылымдар мен институттардан жоғары қояды. Егемендіктің екі құрамдас бөлігі бар: үстемдік және тәуелсіздік.

5)  Құқықтың болуы. Мемлекет құқықсыз өмір сүре алмайды, себебі құқық мемлекеттік билікті заңдастырады.

Мемлекет нысаны негізгі   үш элементтен, атап айтқанда: мемлекетті басқару нысаны, мемлекеттің құрылым нысанынан және мемлекеттік, саяси тәртіп нысанынан құрылады.

Мемлекетті басқарудың нысаны. Басқару нысаны ұғымын пайымдағанда  мемлекеттік жоғары биліктің ұйымдастырылуын түсінеміз. Әсіресе, оның ең жоғары және орта органдарының ұйымдастырылуы, олардың құрылымы, құзыреттері, құрылуының тәртіптік реті, өкілеттіктерінің мерзімі, халықпен қатынасу түрлері, халықтың оларды қалыптастыру дәрежесі сөз болады.Мемлекеттегі жоғары  егемендік биліктің ұйымдастырылуы, оның органдарының өзара және халықпен байланысын сипаттайды.

Мемлекеттің құрылымы тұтастай мемлекет пен  оның бөліктерінің белгілі түрдегі құқықтық қатынастарын сипаттайтын мемлекеттің аумақтық ұйымдастырылуы болып табылады. Мемлекет құрылымына байланысты барлық мемлекеттер біртұтас (унитарлы) және күрделі болып екі топқа бөлінеді.

Унитарлық мемлекеттің  ішкі аумақтық құрылымында басқа мемлекеттер болмайды. Осы мағынада унитарлық мемлекет  біртұтас мемлекет деп аталады. Унитарлық мемлекет, әдетте тек әкімшілік-аумақтық бөліктерге бөлінеді де, мемлекеттің әкімшілік-аумақтық құрылымын құрайды. Әкімшілік – аумақтық  бөліктерге ерекше құқықтық мәртебе берілмейді. Мұндай мемлекетте бір ғана  Конституция, бір ғана заң шығаратын жоғары орган, бір ғана жоғары басқару органы  біртұтас азаматтық  болады.  Қазақстан Республикасы- унитарлық мемлекет.

Күрделі мемлекет - мұндай мемлекеттердің құрамдас бөлектерінің белгілі бір дәрежеде дербестігі болады. Күрделі мемлекеттерге империя, конфедерация, федерация, достастық және бірлестіктер  құрған мемлекеттер жатады.

Конфедерация - белгілі бір тарихи кезеңде, өздерінің алдына қойған мақсаттарына жету үшін егеменді мемлекеттердің уақытша жасасқан келісімдері бойынша құрылған одақ.

Федерация - бұл мемлекет күрделі одақтық мемлекет, оның құрамдас бөліктері мемлекеттік құрылымдар болып табылады.

Мемлекеттің саяси режимі - мемлекеттік өкімет билігін жүзеге асыру әдістерінің жиынтығы. Саяси  режимдердің түрлері:

а)  демократиялық;

б)  антидемократиялық.

1.3           Құқықтың ұғымы мен белгілері

Құқық дегеніміз – мемлекет шығарған немесе  ресми түрде бекіткен, мемлекеттің күшімен қамтамасыз етілетін, адам бостандығы өлшемін білдіретін, жалпыға бірдей міндетті, формальды анықталған заң нормаларының (ережелерінің) жүйесі.

Құқықтың негізгі белгілеріне мыналар жатады:

- саналылық-еріктілік сипаты;

- жалпыға міндеттілігі;

- нормативтілігі;

-мемлекетпен қамтамасыз етілуі;

-формальды анықтылығы;

құқықтың жүйелілігі;

-өзгермелілігі;

- құқық әділдік пен бостандық идеяларын білдіреді.

Құқықтың мазмұны. Құқықтың түсініктері өте көп, бірақта олардың мазмұны біреу-ақ: қоғамның және адамдардың мүдде-мақсатын қорғау, қоғамдық қарым-қатынастарды реттеп, басқару; қоғамды дағдарысқа ұшыратпай, экономикалық, саяси, әлеуметтік, мәдени т. б. бағыттарын  дамыту;  мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілеттігін, арақатынасын реттеп, басқарып отыру;  халықаралық қатынастарды реттеп басқару.

Құқықтың мәні - өркениеттілік жағдайында қоғамдық қатынастарды реттеуден, нормативтік негізде қоғамның тұрақты ұйымдастырылуына жете отырып, демократияның, экономикалық бостандықтың, тұлға бостандығын жүзеге асырылуынан көрінеді.

Құқық жалпы әлеуметтік мәніне ие болады, әрбір адамның мүддесіне қызмет етеді, әлеуметтік байланыстардың ұйымшылдығын, реттілігін, тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз етеді.

Құқықтың функциялары - құқықтың  қоғамдық қатынастарды  реттеудегі   рөлін  көрсететін құқықтық әсер етудің негізгі бағыттары, яғни адамдардың  іс-әрекетіне, мінезіне, тәртібіне  нормативтік  актілердің  жасайтын  ықпалы, сол  арқылы  қатынастардың  дұрыс және  дер  кезінде  орындалуы  қамтамасыз  етіледі.

Құқықтың  өзіне  тән  2  функциясы  бар, ол  реттеуші  және  қорғаушы  функциялар.

Реттеуші  функциясы – нормативтік  актілер  арқылы қоғамдық қатынастардың  байланысын, орындалу  жолдарын, бағыттарын анықтап  отырады, позитивтік жүріс-тұрыс ережелерін  орнықтырады, қоғамның, мемлекеттің, тұлғаның мүдделеріне  сәйкес  қатынастарды  дамытуға көмектесу  мақсатында құқық  субъектілеріне  субъективтік  құқықтар мен  заңды  міндеттер  жүктеуден  көрініс табады.

Қорғаушы  функциясы – қоғамдық қатынастарды құқыққа қайшы қол сұғушылықтардан  қорғау, тұлға мен қоғам үшін зиянды қатынастарды жою, жаман қатынастарға  тыйым салу, жауапкершілік  түрін  көрсету,  жасаған  қателіктері  үшін субъектілерді  жауапқа  тартумен  сипатталады.

1.4           Құқық нормалары

Құқық нормасы – бұл мемлекет таныған және қамтамасыз ететін жалпыға міндетті, формальды анықталған жүріс-тұрыс ережесі. Құқық нормасынан қоғамдық қатынастар қатысушыларының құқықтары мен міндеттері туындайды және осы ереже аталған субъектілердің әрекеттерін реттеуге бағытталған.

Заң нормасы – құқықтың алғашқы буыны, оның жүйесінің элементі. Сол себепті, бұл нормаға ерекше әлеуметтік құбылыс ретіндегі құқықтың негізгі белгілерінің тән болуы заңды да. Алайда, бұл «құқық» және «құқық нормасы» түсініктерінің бір екенін білдірмейді. Олар бір-бірімен бүтін мен оның бөлігі ретінде байланысқа түседі.

Құқық нормаларының түрлері. Заң нормаларының  түрлері. 1) реттеуші және құқыққорғаушы; 2) құқық беруші, тыйым салушы және міндеттеуші; 3) императивтік және диспозитивтік.

1)  Реттеуші норма  - бұл субъектінің субъективтік құқықтары мен міндеттерін, олардың пайда болу және әрекет ету жағдайларын анықтайтын норма.

2)  Құқыққорғаушы норма – бұл субъектіге мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолданудың жағдайларын, осы шаралардың сипаты мен мазмұнын анықтайтын норма.

3)  Құқық беруші норма – бұл субъектіге белгілі бір әрекеттерді жүзеге асыруға байланысты құқықтарды беретін норма.

4)  Тыйым салушы норма – бұл субъектігі белгілі бір әрекеттерді жасаудан бас тартуды міндеттейтін  норма.

5)  Міндеттеуші норма – бұл субъектіге белгілі бір мазмұндағы әрекеттерді жасау міндетін жүктейтін норма.

6)  Императивтік норма – бұл қатаң ережелер түрінде көрініс табатын және құқық субъектілерінің қалауларынан тәуелсіз түрде әрекет ететін норма.

7)  Диспозитивтік норма – бұл өзіндік қалау бостандығын білдіретін норма.

Құқық нормаларының құрылымы. Құқықтық норманың құрылымы үш элементтен құралады: гипотеза, диспозиция және санкция.

1)  Гипотеза – бұл құқықтар мен міндеттердің пайда болу жағдайын көрсету.

2)  Диспозиция – бұл құқықтар мен міндеттердің өзін көрсету.

3)  Санкция – бұл норманы бұзудан туындайтын қолайсыз салдарды көрсету.

Пысықтау сауалдары

1.  Мемлекет және құқықтың шығуы туралы теориялардың қажеттілігін немен түсіндіруге  болады ?

2.  Мемлекетті мемлекеттік құрылымының тұрпатына байланысты бөлудің мәнін түсіндіріңіз және оған мысал келтіріңіз.

3.  Құқықтың түсінігі мен мәнін анықтайтын жолдарды атаңыз.

4.  Құқықтық нормалардың логикалық құрылымы қандай?

Әдебиеттер тізімі

1.  Құқық негіздері: Оқу құралы /Б.Ө. Алтынбасовтың редакциялығымен. – Астана, «Мастер По» ЖШС, 2012. – 336 бет. 

2.  Қазақстан  Республикасының мемлекеті мен құқығының негіздері.  Оқулық    2 кітаптан тұрады / Құрастырған  Е.Баянов. 1- ші кітап.   – Алматы,    2009. – 384 бет .

3.  Сапарғалиев Ғ., Ибраева А. Мемлекет және құқық теориясы:  оқулық   2- басылым, өңдеген, толықтырған  – Астана:  Фолиант, 2011. – 360 бет.

4.  С. В. Алимов  Құқықтық және саяси ілімдер тарихы. Оқу құралы.– Алматы: «Бастау» баспасы, 2011.  – 288 бет.

5.  Булгакова Д. А. « Мемлекет және құқық теориясы. Оқу құралы.  –Алматы: «NURPRESS» баспасы,  2013. – 130 бет .

2 дәріс. Қазақстан Республикасының Конституциялық құқығының негіздері (2 сағ.)

Жоспар:

1)  Қазақстан Республикасында Конституциялық заңдардың қалыптасу кезеңдері.

2)  Конституциялық құқықтың түсінігі, жүйесі және ғылымы.

3)  Адам мен азамат жағдайының Қазақстан  Республикасындағы Конституциялық негіздері.

4)  Сайлау құқығы және сайлау жүйелері.

Дәрістің мақсаты: Қазақстан Республикасының Конституциясы барлық заң салаларының заңдық базасы болып табылады, ал оның нормалары басқалар үшін нормалық принцип болып есептелінеді. Сондықтан еліміздің Ата Заңының мәні мен оның алатын орнының, заңдылық қасиеттерінің, құрылысының, қағидаларының ерекшеліктерін айқындау.

2.1 Қазақстан Республикасында Конституциялық заңдардың қалыптасу кезеңдері

Қазақстан Республикасының Конституциясы – демократиялық, өркениетті даму жолына түскен мемлекет пен қоғамның негізгі, басты нормативтік актісі. 

Конституцияны Қазақстан халқы қабылдады. Сондықтан Конституцяда халықтың оның мәнін сипаттайтын еркі білдірілген.

Бұрынғы КСРО ғалымдары Конституцияның қолданылу мәселесі туралы жазбады десе де болады. Конституцияның қолданылуы конституциялық құқықтағы өте маңызды проблема болса да, ол мәселе жөнінде жекелеген ой түйіндері ғана кездеседі. Өркениетті, демократиялық қоғамда Конституцияға, оның қолданылуына, тиімділігіне айрықша мән беріледі. Осыған орай Конституция, оның мазмұны туралы оны қабылдағанға дейін-ақ мұқият ойластырылады. Тиісінше, Конституцияның мәселесі екі кезеңнен: 1) оның жобасын әзірлеу және 2) қолдану кезеңінен тұрады.

Бірінші кезеңде Конституцияның қағидалары және нормаларымен бірге оның қабылданғаннан кейінгі қолданылу механизмі де терең, мұхият ойластырылады. Бірінші кезекте тұжырымдама әзірленеді және Конституция нормаларының мазмұны айқындалады.

Екінші кезең – Конституцияның қолданылуы. Конституция нормалары тура және тікелей қолданылады.

Қазақстанның жаңа конституциялық заңдарының қалыптасу тарихы Қазақ КСР Конституциясына Қазақ КСР– ының «Президенттің қызмет орнын белгілеу туралы» 1990 жылдың 24 сәуірдегі заңмен өзгеріс енгізу кезеңінен бастау алады. 1990 жылғы 25 қазандағы Қазақ КСР-ының мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы осы кезеңнің конституциялық сипаттағы маңызды актісі болып табылады.

Декларацияда Қазақ КСР– ының  басқа республикалармен бірге КСРО–ға ерікті түрде бірігетін және олармен шарт негізінде өзара қарым – қатынас құратын егеменді мемлекет болып табылатындығы бірінші рет жарияланды.

Конституциялық заңдардың орнықтырылуының екінші кезеңі Қазақстан Республикасы 1991 жылғы 10 желтоқсанда қабылдаған «Қазақтың Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту туралы» заңнан басталады. Заң конституциялық деп аталмағанмен, Қазақ КСР Конституциясына және мемлекеттік егемендік туралы Декларацияға өзгерістер енгізгендіктен, ол іс жүзінде осындай заң болды. Бұл заңның мәні мынада, мемлекеттік ұйымдардың идеологиялық негізгі Республика атауынан алынып тасталды.

Бұл заңның тағы бір мәні – бүкіл халықтың өзін–өзі саяси тануы: Республиканың көпұлтты халқының «өзін–өзі тану принципіне негізделген демократиялық, тәуелсіз, бейбіт сүйгіш, құқықтық мемлекет құру талпынысына орай» Қазақ КСР– ы Қазақстан Республикасы деп аталды. Мұнда ұлттың өзін–өзі тануы айтылмайды. Алайда, таңғаларлығы, бұл идея 1991жылдың 16 желтоқсанында, яғни, бар болғаны алты күннен кейін қабылданған «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» Заңда ескерілген жоқ. «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» Заңда Жоғарғы Кеңестің «Қазақстан халқының еркін білдіре, қазақ ұлтының өзін–өзі тану құқын сендіре отырып.., Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін жариялайтыны» айтылды.

Қазақстан Республикасы конституциялық заңдары қалыптасуының үшінші кезеңі Жоғарғы Кеңестің 1993 жылғы қаңтарда жаңа Конституцияны қабылдаудан басталады.

Конституциялық заңның қалыптасуының төртінші кезеңі 1995 жылы қабылданған Конституциямен байланысты. Бұл кезең  одан әрі жалғасуда.

   

2.2 Конституциялық құқықтың түсінігі, жүйесі және ғылымы

Конституциялық құқықҚазақстан Республикасы құқық жүйесі салаларының бірі. Ол өзінің ішкі тұтастығымен сипатталатын құқықтық нормалар жүйесін білдіреді және басқа құқық жүйесінің нормаларымен ерекшеленеді. Ішкі тұтастық Конституциялық нормалардағы қоғамдық қатынастардың ерекшеліктерімен белгіленетін, солар арқылы реттелетін жалпы белгілердің болатындығын білдіреді. Конституциялық құқық нормалармен реттелетін қоғамдық қатынастар оның пәнін құрайды.

Конституциялық құқық пәнінің өзіндік ерекшеліктері бар. Конституциялық құқық нормаларымен реттелетін қоғамдық қатынастар мемлекет және қоғам құрылымының негізін құрайды және мемлекеттік биліктің жүзеге асуымен тікелей байланыста жүргізіледі.

Конституциялық құқық нормаларымен реттелетін қатынастар аясы мейлінше кең. Ол мемлекет пен қоғам өмірінің барлық салаларын: саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени және басқа салаларды қамтиды. Әрине, конституциялық құқық нормалары аталған салаларды барлық көріністері бойынша және жан-жақты реттемейді. Ол аталған салаларда тек ең негізгі, базалық қабаттарды ғана реттейді. Бұл қабаттар мемлекет пен қоғамдағы кең кең дамитын саяси, экономикалық, әлеуметтік, діни байланыстардың негізін қалайды.

Конституциялық құқық, тұтас алғанда құқықтың реттеу әдістері деп аталатын белгілі бір тәсілдер мен әдістердің көмегімен мемлекеттік және қоғамдық қатынастарды реттейді. Конституциялық-құқықтық қатынастарды реттеу үшін төмендегідей: 1) міндеттеу әдісі; 2) тыйым салу әдісі; 3) рұқсат ету әдісі; 4) тану әдісі қолданылады.

Конституциялық құқық құқықтық ғылымның бір саласы ретінде оқытылады. Ғылым ретінде конституциялық құқыққа өз пәні, өз бастаулары, оны оқып- үйренуге  өзіндік бағыт-бағдар тән. Ғылым конституциялық құқықты құқықтық ғылымның бір бөлігі ретінде қарастыратындықтан, ол салалық ғылымдардың қатарына жатады. Конституциялық құқық ғылымы конституцялық құқықтың қалыптасу, даму, қызмет ету заңдылығын зерттеуге бағытталған, конституциялық заңдылыққа сүйенетін негізгі ұғымдар мен санаттарды қалыптастырады және конституциялық құқықтың құқықтық ғылым жүйесіндегі орны мен рөлін анықтайды. Конституциялық құқық ғылымы мемлекеттік басқару және мемлекеттік құрылыс нысандарын, Қазақстан мемлекеті тетігін (механизмін), мемлекеттік органдардың өзара қарым  - қатынасының нысандарын, әдістері мен тәсілдерін зерттейді. Ол конституциялық құқықтың мәнін, нормалары мен институттарының бағыттарын және оны жүзеге асыруға байланысты процестерді зерттейді. Осындай жұмыстарды жүзеге асырудың нәтижесінде конституциялық – құқықтық қатынастар туады, өзгертіледі және тоқтатылады. Сондықтан конституциялық құқық ғылымы конституциялық–құқықтық қатынастардың сипатын және табиғатын, олардың басқа салалық құқықтық қатынастарымен салыстырғандағы ерекшеліктерін зерттейді.

2.3 Адам мен азамат жағдайының Қазақстан  Республикасындағы Конституциялық негіздері

Қазақстан Республикасына азаматтығына адамның мемлекет пен  арасындағы өзара құқықтар мен бостандықтар жиынтығын білдіретін тұрақты саяси – құқықтық байланыс ұғынылады.

«Азаматтық» ұғымы заң бойынша үш элементтен тұрады: 1) адамның мемлекетпен байланысы уақытша емес, тұрақты болуы тиіс. Адам өз қалауы бойынша азаматтықты біресе қабылдап, біресе одан бас тарта алмайды; 2) адамның мемлекетпен байланысы саяси – құқықтық сипатта болады. Мемлекет Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын кез келген адаммен құқықтық байланысқа түсе алады. Бірақ саяси қатынас тек мемлекетпен оның азаматы арасында ғана орындай алады; 3) мемлекет пен азаматтың арасында өзара құқық пен міндеттемелер белгілінеді. Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы Заң: қандай адамдардың Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатынын, олардың құқықтық жағдайларын азаматтықты алу және тоқтату тәртібін, ата– аналардың азаматтығы өзгерген және бала етіп асырап алған кездегі олардың балаларының азаматтығын, азаматтық мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың өкілеттігін, азаматтық мәселелері бойынша арыздар мен ұсыныстарды қарау, шешімдерді орындау тәртібін,  сондай–ақ азаматтық мәселелері жөніндегі шешімдерге шағымдану тәртібін белгілейді.

Қазақстан Республикасының азаматтығы:

1) тууы бойынша;

2) Қазақстан Республикасы азаматтығына қабылдану нәтижесінде;

3) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында қарастырылған негіздер бойынша;

4) Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы Заңда қаралған өзгеде негіздер бойынша алынады.

Азаматтылықтың тоқтатылуы. Қазақстан Республикасының азаматтығы Азаматтық туралы Заңда қарастырылған жағдайда тоқтатылады.

Оған Қазақстан Республикасы азаматтығынан шығу жатады. Азаматтықтан шығуға Азаматтық туралы Заңда белгіленген тәртіп пен берілген өтініш негізінде рұқсат етіледі. Азаматтықтан шығу жөнінде арыз Ішкі істер министрлігі және Сыртқы істер министрлігі арқылы Президенттің атына беріледі.

2.4 Сайлау құқығы және сайлау жүйелері

Дүние жүзі мемлекеттерінде сайлау жүйесінің тепе тең және мажорлық екі жүйесі бар.

Тепе тең сайлау жүйесі алған дауыстар мен жеңіп алынған мандаттар арасындағы тепе теңдік принципіне құрылады. Тепе тең жүйенің жұмыс істеуі үшін бірқатар ерекше шарттардың болуы қажет. Бірінші, үлкен аумақтық сайлау окруктерін құру қажет. Екінші, тепе тең жүйенің тиімді жұмыс істеуі үшін кемінде қалыптасқан екі партияның болуы қажет.

Мажорлық сайлау жүйесінің: абсолюттік көпшілік және біршама көпшілік деген екі жүйесі бар. Бұл орайда мажорлық жүйеде, 1) егер оларға сайлаушылар тізіміне енгізілген бірінші тур сияқты, екінші турда да азаматтардың 50 проценттен астамы қатысса, сайлау өткен болып есептеледі; 2) егер кандидатқа берілген дауыстар саны дауыс беруге қатысқан сайлаушылар санының  50 процентінен асса, ол сайланған болып есептеледі.

Қазақстан Республикасындағы сайлау Республика азаматының сайлау және сайлану құқығын еркін жүзеге асыруына негізделеді.

Белсенді сайлау құқығы ол Республиканың 18 жасқа толған азаматының сайлауда дауыс беруге қатысу құқығы.

Бәсең сайлау құқығы ол ҚР азаматтарының ҚР Президенті, ҚР Парламентінің, мәслихатының депутаты немесе жергілікті өзін өзі басқару органына мүше болып сайлану құқығы.     

Бәсең сайлау құқығы белсенді сайлау құқығынан ерекшеленеді. Бәсең сайлау құқығы кезінде азамат сайлануға жататын субъект болып табылады. Бәсеңдіктің мәні мынада, ол сайламайды, оны сайлайды.

ҚР Парламентке депутаттарды төте және жанама сайлау құқығы белгіленген.

Төте сайлау құқығы принципі Президентін, Парламент Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын, жергілікті өзін өзі басқару органдарының мүшелерін азаматтардың тікелей сайлауынан көрінеді.

Жанама сайлау құқығы Парламент Сенатының депутаттарын сайлауға таңдаушылардың, яғни мәслихаттардың депутаты болып табылатын республика азаматтарының қатысатындығынан көрінеді.

ҚР сайлауға әзірлік пен оны өткізуді мемлекеттік сайлау органдары ұйымдастырады. Бұл органдар біріңғай жүйе құрады. Мемлекеттік органдардың біріңғай жүйесіне:  

1)  Республиканың Орталық сайлау комиссиясы.

2)  Аумақтық сайлау комиссиясы.

3)  Окруктік сайлау комиссиясы.

4)  Учаскелік сайлау комиссиялары кіреді.

Сайлау комиссияларының өкілеттіктерінің мерзімі бес жыл.

Референдум тікелей демократия, яғни халықтың мемлекеттік мәселелерді шешуге тура қатынасу нысандарының бірі болып табылады. Конституциялық құқықта референдумның түрлері: императивтік, консультативтік, конституциялық, заң шығарушылық, міндеттеушілік, факультативтік, мемлекеттік, жергілікті.

Пысықтау сауалдары

1.  Қазақстан Республикасы Конституциясының маңызын сипаттаңыз.

2.  Конституциялық-құқықтық қатынастарды реттеу үшін қандай әдістер қолданылады?

3.  Конституциядағы құқықтар мен бостандықтардың жалпыламалық мәнін сипаттаңыз.

4.  Белсенді сайлау мен бәсең сайлау дегеніміз не?

Әдебиеттер тізімі

1.  Конституционное право Республики Казахстан: Учебник / Сост. А.Т. Ащеулов. - Алматы: КазГЮА, 2010.

2.  Сапаргалиев Г.С. Конституционное право Республики Казахстан: Академический курс. Изд. 3-е, с доп. – Алматы: «Жеті Жарғы», 2007. – 544 с.

3.  Қопабаев Ө.Қ. Шет елдердің конституциялық құқығы. Алматы: «Жеті Жарғы», 2008.

4.  Божқараұлы А Шетел конституциялық құқығы. Қарағанды, 2005.

5.  Дулатбеков Н.О. и др. Мемлекет және құқық негіздері / Дулатбеков Н.О., Амандықова С.Қ., Турлаев А.В. – Астана: Фолиант, 2011. - 252 б.

3 дәріс. Қазақстан Республикасы әкімішілік құқығының негіздері  (1 сағ.)

Жоспар:

1)  Әкімшілік құқықтың түсінігі мен пәні.

2)  Әкімшілік құқықтың  жүйесі және қайнар көздері.

3)  Атқарушы билік органдарының әкімшілік-құқықтық мәртебесі.

4)  Әкімшілік құқық бұзушылық, әкімшілік жауаптылық және әкімшілік жазалар.

Дәрістің  мақсаты: әкімшілік құқық мемлекеттік басқарудың негіздерімен байланысты мәселелерді қамтиды, атқарушы өкіметтің жүйесін ашады, сонымен қатар жеке адамдардың мемлекетті басқарудағы рөлін көрсетеді. Ол экономиканы мемлекеттік басқарудың құқықтық, әлеуметтік дамуы мен мәдениеттің, әкімшілік-саяси құрылымдардың, ҚР салааралық мемлекеттік басқарудың негіздерін, сонымен қатар басқармалық қызметте заңдылықты қамтамасыз ету нысандары мен әдістерін оқытуды қарастыру.

3.1 Әкімшілік құқықтың түсінігі мен пәні

Әкімшілік құқық  атқарушы билік органдарының қызметін ұйымдастырумен  байланысты қатынастарды реттейді. Олардың құрылымын, өкілеттіктері мен құзіретін, сонымен бірге олардың арасындағы өзара іс-қимылдарын анықтайды. Әкімшілік құқықпен, сондай-ақ мемлекеттік билік органдарының азаматтармен және өздерінің құзіреттеріне сәйкес мемлекеттік емес ұйымдармен өзара әрекеттесуі барысында  туындаған қатынастары, сонымен қатар әкімшілік құқық бұзушылықтармен байланысты қатынастар реттеледі.

Әкімшілік құқықтың пәні - әкімшілік құқық  нормаларымен реттелетін мемлекеттік басқару сферасындағы  қоғамдық қатынастардың жиынтығы. Мемлекеттің ең қымбат қазынасы деп танылатын азаматтардың мемлекеттік басқару саласындағы құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз етіп, оларды құқықтық реттеп отыратын пән - әкімшілік құқық пәні болып табылады.

Әкімшілік (администрация) сөзі латын тілінен аударғанда –«басқару» деген мағына береді, сондықтан бұл саланы көбіне басқару құқығы деп те атайды.        

Әкімшілік құқықтың басты мақсаты – мемлекеттік билік аппаратын заң мүддесіне  қызмет етіп, оның талаптарын орындауға  бағыттау.

Әкімшілік құқықтық әдістер - әкімшілік құқықтық қатынасқа ықпал ететін тәсілдердің, амалдардың, құралдардың жиынтығы. Құқықтық реттеу әдістеріне: рұқсат ету, тыйым салу, міндет жүктеу әдістері жатады. Рұқсат ету – адамдардың өздерінің белсенді әрекетін жасауға  құқық береді. Тыйым салу – белгілі бір әрекеттерді жасаудан тартынуды талап етеді. Міндет жүктеу – адамдарға  олардың тиісті мінез-құлық көрсету міндетін жүктейді.

Әкімшілік құқықтық әдістерге: императивті, диспозитивті, көтермелеу, ұсыныс жасау  жатады. Императивті әдіс – құқықтық нұсқамалардан бұлтаруды болғызбайтын ықпал ету әдісі. Диспозитивті әдіс – субъектілерге өзара қатынастарын заңмен белгіленген шеңберде реттеуге мүмкіндік беретін әдіс. Көтермелеу әдісі – мінез-құлықтың белгілі бір түрі үшін көтермелеуге уәде беру жолымен белсенді мінез-құлықты ынталандыратын ықпал ету тәсілі. Ұсыныс жасау – басқару субъектілеріне қолданылып жүрген заң тұрғысынан мінез-құлықтың ең пайдалы түрін ұсынатын ықпал ету тәсілі.

3.2 Әкімшілік құқықтың  жүйесі және қайнар көздері

Әкімшілік құқықтың жүйесі дегеніміз – мемлекеттік басқару саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін әкімшілік-құқықтық нормалардың реттелген жиынтығы.

Әкімшілік құқық жүйесі жалпы және ерекше бөлімнен тұрады.  Жалпы бөлімге мемлекеттік басқару жүйесіне жалпы сипаттама беретін әкімшілік құқықтың негізгі институттарын құрайтын нормалар жатады. Бұлар: мемлекеттік басқарудың негізгі қағидалары, әкімшілік құқық субъектілерінің әкімшілік құқықтық мәртебесі, мемлекеттік басқару нысаны мен әдістері, әкімшілік құқықтық жауаптылық, әкімшілік іс жүргізу тәртібі, мемлекеттік басқарудағы заңдылықты сақтау тәртібі.

Ерекше бөлімде әр сала бойынша басқару органдары, олардың  нақты атқаратын функциялары туралы айтылады. Бұлар: сыртқы істерді басқару, ішкі істерді басқару, әділетті басқару, қорғанысты басқару, денсаулық сақтауды басқару, білім беруді басқару, көлік және коммуникацияны басқару, т.б.

Әкімшілік құқықтың қайнар көздеріне мыналар жатады:

- нормативтік құқықтық акт;

- әкімшілік шарт;

- әкімшілік прецедент;

- құқықтық әдет-ғұрып;

- ғылыми-құқықтық доктрина.

Нормативтік құқықтық акт дегеніміз – референдум немесе мемлекеттің өкілетті органдары мен лауазымды адамдары қабылдаған, құқықтық нормаларды белгілейтін, өзгертетін немесе тоқтатын, белгіленген нысандағы нормативті құжат.     

Әкімшілік шарт дегеніміз – екі не одан да көп субъектілер арасындағы келісім, оның ережелері тек сол субъектілер үшін ғана міндетті болады.

Әкімшілік прецедент дегеніміз – әкімшілік нақты іс бойынша қабылданған шешімінің осыған ұқсас істерді қарауда, шешуде қолданылуы. Бұл англосаксондық құқықтық жүйедегі елдерде кең тараған, Қазақстанның құқықтық жүйесіне құқықтың бұл қайнар көзі тән емес.

Құқықтық әдет-ғұрып дегеніміз - қоғамда мемлекеттік биліктен тәуелсіз қалыптасқан және көп  қайталануының нәтижесінде адамдардың санасына бекіп қалған  ережелер.

Ғылыми құқықтық доктрина – құқықтың қандай да бір саласында немесе жалпы құқықта қалыптасқан арнайы пікірлердің, ережелердің және принциптердің көпшілік мойындаған жүйесі.

Сонымен ҚР-да әкімшілік құқықтың қайнар көздері ретінде нормативті құқықтық актілер мен шарттар алынады. ҚР әкімшілік құқықтың қайнар көзінің иерархиясы:

1)  ҚР Конституциясы, 30.08.1995 ж.

2)  Конституциялық заңдар.

3)  Заңдар.

4)  ҚР Президентінің Жарлықтары.

5)  ҚР Үкіметінің қаулылары.

6)  Министрліктер мен ведомстволардың нормативтік актілері.

7)  Парламент палаталарының қаулылары.

8)  Әкімшілік құқық нормалары қаралған мемлекетаралық келісім шарттар т.б.

3.3 Атқарушы билік органдарының әкімшілік-құқықтық мәртебесі

Атқарушы билік органдары тиісті құзірет берілген, белгілі бір аумақ шеңберінде атқарушы-өкім етуші қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік аппараттың бір бөлігі. Атқарушы  билік органына – Үкімет, министрліктер, агенттіктер, комитеттер, комиссиялар, ведомстволар, инспекциялар, басқармалар, департаменттер, әкімияттар,бөлімдер жатады.

Үкімет – ҚР атқарушы билігін жүзеге асырады, атқарушы органдардың жүйесін басқарады және олардың қызметіне басшылық жасайды.

Министрліктиісті мемлекеттік басқару саласына басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Республиканың орталық атқарушы органы боп табылады. Ғылым, Білім, Денсаулық сақтау, сыртқы істер, ішкі істер, қоршаған ортаны қорғау, мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім, индустрия және сауда, қорғаныс, қаржы, т.б.

Агенттіктер – Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы орган. қаржы полициясы, стастика жөніндегі агенттік, көші қон және демография жөніндегі агенттіктер.

Комитет, мысалы ұлттыз қауіпсіздік комитеті – бұл орталық атқарушы органдардың жүйесіне кірмейтін, ҚР Президентіне тікелей бағынатын және оған есеп беріп отыратын арнайы мемлекеттік орган.

Ведомство – орталық атқарушы органның құзіретінің шегінде арнайы атқару, бақылау, қадағалау міндеттерін жүзеге асырады. Су ресурстары жөніндегі комитет, мал дәрігерлік қадағалау комитеті;

Республика комиссияларыҚР Президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі республикалық комиссия; ҚР Президенті жанындағы отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия.

Жергілікті атқарушы билік органдары – бұған жергілікті атқарушы орган (әкімдік)облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың әкімі басқаратын, өз құзіреті шегінде тиісті аумақта жергілікті мемлекеттік басқаруды жүзеге асыратын алқалы атқарушы орган.

Әкім – ҚР Президенті мен Үкіметінің жергілікті атқарушы органды басқаратын және өзіне сеніп тапсырылған ҚР орталық атқарушы органдарының барлық аумақтық бөлімшелерінің үйлесімді қызмет істеуін, тиісті бюджеттен қаржыландырылатын, атқарушы органдарға басшылықты қамтамасыз ететін, ҚР заңдарына сәйкес мемлекеттік басқару өкілеттілігі берілген тиісті аумақтың әлеуметтік экономикалық дамуының жай-күйіне жауапты өкілі.

3.4           Әкімшілік құқық бұзушылық, әкімшілік жауапкершілік және әкімшілік жазалар

Әкімшілік құқық бұзушылық дегеніміз – жалпыға міндетті әкімшілік құқықтық нормаларды бұзғандығы үшін әкімшілік жауап пен жазаға тартылатын заңға қайшы, қоғамға қауіпті, кінәлі әрекет немесе әрекетсіздік.

Әрекет дегеніміз – белсенді түрде заң талаптарын, міндеттерін орындамау және тыйым салынған әрекеттерді жасау. Әрекетсіздік дегеніміз - өзіне жүктелген міндеттерді орындамау (енжар түрде).

Әкімшілік құқық бұзушылық әкімшілік жауаптылықтың фактілік негізі болып есептеледі.

Әкімшілік құқық бұзушылықтың белгілері:

1) Құқыққа қайшылығы.

2) Кінәлілігі.

3) Көп тарағандығы.

4) Жазаланатындығы.

5) Қоғамға қауіптілігі.

Әкімшілік құқық  бұзушылық құрамы дегеніміз – қоғамға қауіпті әрекеті үшін әкімшілік жауаптылыққа тартуға толық негіз беретін белгілердің жиынтығы.  Әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы мына 4 элементтен тұрады:

1) Объект. 

2) Объективтік жағы.

3) Субъект.

4) Субъективтік жағы.

Әкімшілік жауаптылық дегеніміз – уәкілетті органның немесе лауазымды тұлғаның әкімшілік заңға сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық үшін әкімшілік жаза қолдануынан көрінетін заңды жауаптылықтың ерекше түрі.

Әкімшілік жаза дегеніміз - әкімшілік құқұқ бұзушылық жасаған адамға заңмен белгіленген тәртіппен мемлекеттің уәкілетті органы немесе лауазымды тұлға  қолданатын мемлекеттік әсер ету шарасы. Әкімшілік жазалар құқық бұзушыға моральдық немесе материалдық әсер етуді көздейді.

Мерзімі бойынша әкімшілік жазалар: бір реттік (разовый), бір мерзімдік (единовременный), созылмалы, негізгі және қосымша болып бөлінеді.

Негізгі және қосымша жазалардың тағайындалу тәртібі Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодекстің  46-бабында көрсетілген.

Әкімшілік жазалардың жекелеген  түрлері.

а) Ескерту.                         

б) Айыппұл.

в) Әкімшілік құқық бұзушылық жасау құралы не оның тікелей объектісі болған затты өтемін төлеп алып қою.

г) Тәркілеу.

д) Арнаулы құқықтан айыру.

е) Әкімшілік қамау.    

ж) Кәсіпкерлік қызметке қадағалау жасау.

и) Белгілі бір қызмет түріне лицензиясынан (патент) айыру.

 

Пысықтау сауалдары

1.  Әкімшілік құқықтың қандай әдістерді бар?

2.  Әкімшілік құқықтың қайнар көздеріне сипаттама беріңіз.

3.  Атқарушы  билік органына кімдер жатады?

4.  Әкімшілік құқық  бұзушылық құрамы дегеніміз не?

Әдебиеттер тізімі

1.  Баянов  Е.  Әкімшілік  құқық. – Алматы, 2007.

2.  под.ред.   Р.А.  Подопригоры.   Административное   право. – Алматы, 2010.

3.  Ибрагимов  Х. Ю.  Административное   право  РК. – Алматы, 2012.

4.  Ақымбеков О.Қ., Алпысбаева М.А. Әкімшілік құқық.(оқу құралы). Алматы, 2010.

5.  Құқық негіздері: Оқу құралы / Б.Ө. Алтынбасовтың редакциялығымен. – Астана, «Мастер По» ЖШС, 2012. – 336 бет. 

 

4      дәріс. Қазақстан Республикасының азаматтық құқығының негіздері (2 сағ.)

Жоспар:

1)  Азаматтық құқық және құқықтық қатынас.

2)  Азаматтық құқық қатынастарының субъектілері мен объектілері.

3)  Азаматтық құқықтағы мәміле ұғымы және оның құқықтық реттелуі.

4)  4.Міндеттеменің ұғымы және тараптары.

Дәрістің мақсаты: азаматтық құқықтың мәнін түсіну үшін азаматтық-құқықтық реттеудің пәні және әдісін, азаматтық құқықтық қатынастардың анықтамасын, оның ерекше белгілерін және құрамдас элементтерінің мәселесін қарастыру қажет.

1.1           Азаматтық құқық ұғымы және құқықтық қатынас

Қазақстан Республикасының бір тұтас құқық жүйесі бірнеше салаға бөлінетіндігі бәрімізге мәлім. Сол салалардың бірі болып табылатын – азаматтық құқық. Азаматтық құқық сала ретінде елімізде қалыптасып келе жатқан нарықтық экономиканың бірден – бір негізі десек те болатын шығар. Өйткені, бұл саламен реттелінетін құқық қатынастарының шеңбері кең.

Азаматтық құқық дегеніміз – бір тараптың екінші тарапқа бағынбауына, қатысушылардың теңдігіне негізделген, тауар-ақша қатынастарын және өзге де мүліктік қатынастарды, сондай-ақ мүліктік қатынастарға байланысты (байланысты емес) мүліктік емес жеке қатынастарды реттеуге бағытталған құқықтық норма жиынтығы.

Азаматтық құқық қатынастарының ерекшеліктері мыналар болып табылады: біріншіден, азаматтық  құқық қатынастарының субъектілері заң жүзінде тең құқылы, бір-біріне тәуелсіз, сол арқылы олар басқа құқық қатынастарынан ажыратылады (ерекшеленеді); екіншіден, азаматтық  құқық қатынастары заңда көзделген негіздер бойынша да, көзделмеген негіздер бойынша да туындауы мүмкін (Азаматтық  құқық, 7-бап); үшіншіден, азаматтық  құқық қатынастарының жағдайлары мен мазмұнын белгілегенде тараптардың келісімі басым болады; төртіншіден, ерекшелік бұзылған азаматтық  құқықтарды қорғаудың тәртібі мен әдісінің өзіндік өзгешелігінде болып табылады (Азаматтық  кодекстің 9-бабы).

Азаматтық Кодекстің 1-ші бабында көрсетілгендей, азматтық – құқықтық қатынастардың негізгі субъектілерінің бірі – азаматтар. Азаматтардың құқықтық жағдайы олардың құқықтық қабілеттелігі және әрекет қабілеттілігі арқылы сипатталады. Азаматтық Кодекстің 13-ші бабына сәйкес, азаматтық құқық қабілеттілігі дегеніміз – азаматтардың  азаматтық құқықтарға  ие болу және азаматтық міндеттерді атқару қабілетін айтамыз. Азаматтың құқық қабілеттілігі ол туылған кезден басталып, қайтыс болған соң тоқталды. Азаматтардың құқық қабілеттілігін мазмұнына тоқталатын болсақ, ол жайында Азаматтық Кодекстің 14-ші бабында айқын көрсетілген. Азамат меншік құқығы деңгейінде мүлікті алуға, мұра қалдыруға, республика аумағында еркін жүріп – түруға және тұрғылықты жер таңдауға; республикадан тыс жерлерге еркін шығып кетуге және оның аумағына қайтып оралуға; заң құжаттарында тыйым салынбаған кез келген мәміле жасасып міндеттемелерге қатысу; өнертабыстарға; ғылым, әдебиет және өнер шығармаларына, интеллектуалдық қызметтің өзге де туындыларына интеллектуалдық меншік құқығы болуға; материалдық және моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқығы болады; басқа да мүліктік  және құқықтары болады.

Қазақстан Республикасының заңдары бойынша азаматтық құқық қабілеттілігіне шек қойылуы мүмкін, егер сот үкім бойынша жасаған қылмысы үшін мемлекет тарапынан жаза алатын болса. Мысалы, азамат бас бостандығынан айырылатын болса, онда Қазақстан Республикасының аумағында еркін жүріп - тұруына тыйым салынуы мүмкін.

Азаматтардың әрекет қабілеттілігі құқық субъектілігінің екінші элементі болып табылғандықтан оған төмендегідей анықтама беруе болады. Азаматтың өз әрекеттерімен азаматтық құқықтарға ие болу және олардың жүзеге асыру, өзі үшін  міндеттерді туғызу және оларды орындау қабілеттілігі (Азаматтық Кодекстің 17-бабы). Азаматтың толық әрекет қабілеттілігі кәмелеттік жасқа толғаннан кейін, яғни 18 жасқа келген кезден бастап пайда болады. Заң құжаттарында 18 жасқа толмаған азамат некеге тұрған кезден бастап, толық әрекет қабілеттілігіне ие болады.

Әрекет қабілеттілігін шектеудің екі түрі бар:

1)  Әрекет қабілеттілігін табиғи түрде шектеу;

2)  Әрекет қабілеттілігін сот орындарының шешімін негізінде шектеу.

Әрекет қабілеттілігін табиғи түрде шектеу азаматтың жасына байланысты. Сөйтіп, азаматтық құқық теориясында қалыптасқан ережелерге байланысты әрекет қабілеттілігін үш түрге бөлуге болады. Толық, жартылай (ішінара) және шектеулі әрекет қабілеттілігі.

1.2            Азаматтық құқық қатынастарының субъектілері мен объектілері

Азаматтық құқықтық нормалардың талаптарына сай туындайтын және бұл нормаларға тәуелді болатын жақтар арасындағы қатынастар азаматтық құқықтық  қатынастар деп аталады.

Азаматтық құқық қатынастарының субъектілері:

1)  Жеке тұлға. Қ Р азаматтары, басқа мемлекеттердің азаматтары, сондай – ақ азаматтығы жоқ адамдар жеке тұлғалар болып ұғынылады.

2)  Заңды тұлға. Меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығындағы оқшау мүлкі бар және сол мүлікпен өз міндеттемелері бойынша жауап беретін, өз атынан мүліктік және мүліктік емес жеке құқықтар мен міндеттерге ие болып, оларды жүзеге асыра алатын, сотта талапкер және жауапкер бола алатын ұйым заңды тұлға деп танылады.

Заңды тұлғаның дербес балансы немесе сметасы болуға тиіс. Заңды тұлғаның өз атауы жазылған мөрі болады. Заңды тұлғаның құқық қабілеттілігі ол құрылған кезде пайда болып, оны тарату аяқталған кезде тоқтатылады.

Заңды тұлғалар екіге бөлінеді:

1)  Коммерциялық ұйым.

2)  Коммерциялық емес ұйым.

Коммерциялық тұлғалар негiзi мақсаты ретiнде пайда табуды көздейдi және алынған таза пайданы қатысушыларға үлестiрiп бередi. Олар: мемлекеттік кәсіпорын, шаруашылық серіктестік, акционерлік қоғам, өндірістік кооператив.

Комерциялық емес заңды тұлғалар керiсiнше, өз қызметiнде негiзгi мақсаты ретiнде пайда табуды көздемейдi және алынған пайданы қатысушыларға үлестiрмейдi. Олар: мекеме, қоғамдық бірлестік, қоғамдық қор, діни бірлестік.

Осы құқықтық қатынасқа қатысушылар белгілі бір құқықтарға ие және соған сәйкес міндеттерге ие. Осы құқықтар мен міндеттер не нәрсеге бағытталған болса, сол нәрсе, оның объектісі болып табылады (Объектілері: мүліктік құқықтар мен игіліктер және мүліктік емес құқықтар мен игіліктер) Мүліктік құқықтар мен игіліктерге: заттар, ақша, бағалы қағаздар,  жұмыс, қызмет, шығармашылық қызметтің объектіге айналған нәтижелері, фирмалық атаулар, тауарлық белгілер, бұйымды дараландыру құралдары және т.б. жатады. Жеке мүліктік емес құқықтар мен игіліктерге: жеке адамның өмірі, денсаулығы, қадір-қасиеті, ар-намысы, абыройы, игі атағы, іскерлік беделі, жеке өмірге қолсұқпаушылық, жеке құпия, отбасы құпиясы, есім алу құқығы,  автор болу құқығы, шығармаға қолсұқпаушылық құқығы жатады.

1.3           Азаматтық құқықтағы мәміле ұғымы және оның құқықтық

реттелуі

Азаматтық кодекстің 147-бабында мәміле азаматтар мен заңды тұлғалардың азаматтық құқықтары мен міндеттерін белгілеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған әрекеттері деп белгіленген.

Мәмілеге мынадай белгілер тән:

1) Тұлғаның (тұлғалардың) ерік (тілек немесе ниет)  білдіруі.

2) Рұқсат етілген ерік білдіру, яғни құқыққа сәйкес әрекет.

3) Қандай да бір заңды құқық жасауға бағытталған азаматтық құқықтык қатынастардың пайда болуы, өзгертілуі және тоқтатылуы.

4) Мәміленің әрқашанда құқықтық салдарды туғызуы.

Мәміленің маңызы жақтардың еркі мен ерік (ниет, тілек) білдіруінен түрады. Ерік білдіруі ауызша, конклюденттік әрекеті арқылы жазбаша (жай немесе нотариалдық) және үндемей қалу жолымен білдіріледі.

Мәмілеге қатысушылардың ерік білдіру, әдісін мәміленің нысаны деп атайды. Егер мәмілеге қатысушылар өздерінің еркін ауызша айтқан болса, онда бұл ауызша жасалған мәміле болады. Мысалы, телефонмен жасалған мәміле ауызша жасалған болып есептеледі. Айталық, ауызша жасалған мәміле орындағанын растайтын жазбаша құжат берілуі мүмкін (тауар чегі, затты сатып алғанын айғақтайтын құжат және т.б.), сондай-ақ жетон, билет сияқты растайтын белгілер үсынылады. Бірақ бұдан ауызша жасалған мәмілеге келіп-кетер ештеңе жоқ.

Конклюденттік әрекет (латынша concludere — жасау) — сол арқылы тұлғаның мәмілеге қатысуға ниет білдіру әрекеті. Мәселен, азамат автоматқа ақша салу арқылы, ондағы тауарды алуға деген еркін білдіреді.

Үндемей қалу заңдарда немесе тараптардың келісімінде көзделген реттерде мәміле жасауға ерік білдіру болып танылады (АК-тің  151-бабының 4-тармағы). Мысалы, егер мүлікті жалға алушы шарт мерзімі бітіп кетсе де, жалға берушінің тарапынан қарсылық болмаса, онда жалға алушы бұрынғы шартқа сүйене отырып, мерзіміне қарамай-ақ пайдалана беруіне болады.

Азаматтық кодекстің 152-бабына сәйкес мәміленің жазбаша түрі бұл орайда мәмілелерді жасау кезінің өзіңде орындалатындарынан басқа жүз есептік көрсеткіштен жоғары сомаға жасалуы тиіс.

Заң құжаттарында немесе тараптардың келісімімен белгіленген реттерде жазбаша мәмілелер оларды нотариат куәландырғаннан кейін ғана жасалды деп саналады. Мұндай талапты сақтамау Азаматтық кодекстің 157-бабыньщ 3-тармағында көзделген салдармен мәміленің жарамсыз болып қалуына әкеліп соқтырады.

Мәмілелер мынадай түрлерге бөлінеді:

1) Бір жақты және екі немесе көп жақты (шарттар).

2) Ақылы және ақысыз.

3) Нақты және консенсуалды.

4) Каузалды және абстрактылы.

5) Шартпен жасалған.

6) Биржалық.

Біржақты мәміле дегеніміз  Заңдарға немесе талаптардың келісіміне сәйкес жасалуы үшін бір тараптың ерік білдіруі қажет және сол жеткілікті болатын мәміле. Біржақты мәмілелердің анағұрлым жиі кездесетін түрі  өсиет қалдыру. Әдетте біржақты мәмілелер тым көп бола бермейді. Азаматтық айналым көбінесе өзара мәмілелерден құралады. Шарт жасасу үшін екі тараптың (екі жакты мәміле) не үш немесе одан да көп тараптың (көп жақты мәміле) келісілген ерік білдіруі қажет.

Тарап өз міндеттемелерін орындағаны үшін ақы алса немесе тараптар бір-біріне бір нәрсе беруі керек болса, бұл ақылы мәміле болып табылады (мәселен, оған затты, ақшаны тапсыру жатады). Ал, бір тарап екінші тарапқа одан ақы алмай немесе ешнәрсе бермей бір нәрсені ұсынуды міндетіне алған мәміле ақысыз болып есептеледі.

Консенсуалды мәмілелер (латынша concensus — келісім) — келісімге келген сәттен бастап азаматтардың құқықтары мен міндеттері туындайтын мәмілелер. Нақты мәмілені жүзеге асыру үшін (латынша res — зат) келісімнің бір өзі жеткіліксіз, оған қоса затты тапсыру қажет.

Мәмілелерді азамат құқықтану ілімінде каузальдық (себепті) және абстракциялық деп те бөледі. Әрбір мәміле жақтардың алға қойған мақсатына орай құқықтық негіз бен құқықтық мақсатты (causa) еншілейді. Бірақта бір жағдайда мәміленің жарамдығы оның негізіне байланысты болса, екінші жағдайда оған байланысты болмайды (абстракциялық). Абстракциялық мәмілелер өзінің негізінен қол үзгендей көрінеді (abstrahere — қол үзу, бөліну), (мысалы, вексельді тапсыру).

1.4           Міндеттеменің ұғымы және тараптары

Азаматтық құқықтық қатынастардың арасында көп кездесетін негіздердің бірі — міндеттемелер.

Міндеттемеге сәйкес бір тұлға (борышкер) басқа тұлғаның (несие берушінің) пайдасына мүлік беру, жұмыс орындау, ақша төлеу және т.б. сол сияқты белгілі әрекеттер жасауға не белгілі бір әрекет жасаудан тартынуға міндетті, ал несие беруші борышқордан өз міндеттерін орындауын талап етуге құқылы. Міндеттеменің тараптары: несие беруші мен борышқор.

Міндеттеменің пайда болу негіздері Азаматтық Кодекстің 7 –ші бабында көрсетілген заңды айғақтармен тығыз байланысты. Міндеттеменің пайда болуына бірден – бір ықпал жасайтын – шарттар немесе мәмілелер, олар заң құжаттарында көрсетілуі де немесе көрсетілмеуі де мүмкін.

Мiндеттеменiң пайда болу негiзiне  байланысты барлық мiндеттемелер  екi типке  бөлiнедi: Шарттық және шарттан тыс мiндеттеме.

Бұлай екi типке бөлудiң  маңыздылығы мынада: шарттық мiндеттеменiң   мазмұны тек заңмен ғана емес, сонымен қатар,  мiндеттемеге қатысушы тұлғалардың келiсiмiменде анықталады. Ал, шарттан тыс мiндеттемелер  тек заңға немесе мiндеттемедегi бiр тараптың  еркiне бағынышты болып келедi.

Шартты жасау екi сатыдан тұрады : шарт жасауды ұсыну (оферта) және басқа тараптың бұл ұсынысты қабылдауы (акцепт).  Ұсынысты жасаушы тұлға оферент, ал қабылдаушы тарап - акцептант деп аталады.

Шарттың бұзылуы дегенiмiз – Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнiң 367–377 баптарында (мiндеттеменiң тоқтатылуы) қарастырылмаған негiздер бойынша, iшiнара немесе толығымен орындалмаған шарттың мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы болып табылады.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнiң 401 - бабында шарттың өзгертiлуi мен бұзылуының үш нұсқасы көрсетiледi:

-     тараптардың келiсiмi бойынша;

-     соттың шешiмi бойынша;

-     шартты орындаудан iшiнара немесе толығымен бiр жақты бас тартылған жағдайда.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнiң 404 бабында шартты орындаудан бiр жақты бас тартуға жол берiлетiн келесiдей жағдайлардың тiзiмi бекiтiлген:

1)  Шартқа негiзделген мiндеттеменi орындауға мүмкiндiктiң болмауы (азаматтық кодекстiң 374 бабы ).

2)  Белгiленген тәртiппен басқа тарапты банкрот деп тану.

3)  Шарт жасалғанда негiзге алынған мемлекеттiк органның актiсiнiң өзгертiлуi немесе күшiнiң жойылуы.

Пысықтау сауалдары

1.  Азаматтық құқық қатынастарының ерекшеліктерін атаңыз.

2.  Заңды тұлға дегеніміз не?

3.  Мәмілелердің жасалу тәртібі қандай түрлерде атқарылады?

4.  Жарамсыз мәмілелерге жататындарды атаңыз?

Әдебиеттер тізімі

1.  Жайлин Ғ.А. Қазақстан Республикасының Азаматтық құқығы. Оқу құралы (Жалпы бөлім). – Алматы:  «Жеті жарғы»,  2012. – 304 бет.

2.  Қазақстан  Республикасының мемлекеті мен құқығының негіздері.  Оқулық    2 кітаптан тұрады  / Құрастырған  Е.Баянов. 2- ші кітап. – Алматы,    2009. – 384 бет .

3.  Тулеугалиев Ғ.И. Қазақстан Республикасының Азаматтық құқығы: Жоғары оқу орындарына арналған акад. Курс. 1 – том. – Алматы: «Жеті жарғы», 2007. – 376 бет.

4.  Ынтымақов С.А. Азаматтық құқық. – Алматы, 2007.

5.  Азаматтық құқық. М.К.Сулейменов., Ю.Г.Басин. – Алматы, 2004.  

 

5 дәріс. Қазақстан Республикасының отбасы құқығының негіздері (1 сағ.)

Жоспар:

1)  Отбасы құқығы: ұғымы, мәні мен принциптері.

2)  Некеге тұрудың тәртібі мен шарттары. Некенің жарамсыздығы.

3)  Ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері. Некені тоқтату.

4)  Ата-аналардың, балалардың және отбасының басқа да мүшелерінің арасындағы алименттік қатынастар.

Дәрістің мақсаты: некеге тұрудың тәртібі мен шарттарын, некені тоқтату мен бұзудың мазмұнын, қайнар көздерін және ата-аналардың, балалардың және отбасының басқа да мүшелерінің арасындағы алименттік қатынастардың ерекшеліктерін ашу.

5.1 Отбасы құқығы: ұғымы, мәні мен принциптері

 

Отбасы құқығы некелесу, туыстық, бала асырап алу және баланы отбасы тәрбиесіне қабылдаудың басқа да нысандарына орай пайда болатын, яғни отбасы қатынастарын өзіндік және соған байланысты мүліктік қатынастарды, яғни отбасы қатынастарын реттейтін құқық саласы болып табылады.

Қазақстан Республикасы отбасы құқығының қайнар көзі Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 17 желтоқсандағы «Неке және отбасы туралы» Заңы болып табылады.

«Неке және отбасы туралы» Заңның 3-бабы Қазақстан Республикасының, неке отбасы заңдары мынадай принциптерге негізделетінін белгілейді:

-     еркек пен әйелдің некелік одағының еріктілігі;

-     ерлі зайыптылардың отбасындағы құқықтарының теңдігі;

-     отбасының ісіне кімнің болса да өз бетінше араласуына жол

-     бермеушілік;

-     отбасы ішіндегі мәселелерді өзара келісіммен шешу;

-     балаларды отбасында тәрбиелеуге басымдық беру, олардың өсіп жетілуі мен әл ауқатты болуына қамқорлық жасау;

-     отбасының кәмелетке толмаған және еңбекке қабілетсіз мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауға басымдық беру;

-     отбасы мүшелерінің өз құқықтарын кедергісіз жүзеге асыруын қамтамасыз ету, бұл құқықтарды сот қорғауының мүмкіндіктері.

5.2 Некеге тұрудың тәртібі мен шарттары. Некенің жарамсыздығы

Отбасы құқығы бойынша неке бұл «ерлі зайыптылар арасындағы мүліктік және мүліктік емес жеке қатынастарды туғызатын, отбасын құру мақсатымен заңдарда белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімі жағдайында жасалған еркек пен әйелдің арасындағы тең, құқықты одақ» (Заңның 1-бабы).

Некені заңды түрде рәсімдеу дегеніміз оны азаматтық хал актілеріндегі жазу органдарында тіркеу болып табылады.

«Неке және отбасы туралы» Заңның 10-бабында белгіленгендей еркектер мен әйелдердің неке жасы-18.

«Неке және отбасы туралы» Заңның 10-бабында азаматтық хал актілеріне жазу органдары некеге тұруды мемлекеттік тіркеу орындарында дәлелді себептері болған жағдайда неке жасын екі жылдан аспайтын мерзімге төмендету мүмкіндігі (некеге тұрушылардың келісімімен) көзделеген.

Некеге тұруға кедергі жасайтын қолайсыз жағдайлардын немесе басқа да себептердің болатындығы «Неке және отбасы туралы» Заңның 11-бабында қарастырылған. Осы бапқа сәйкес мына тараптағы адамдардың некеге тұруына тыйым салынады:

1) Біреуі болса да басқа тіркелген некеде тұрған адамдардың.

2) Тікелей ата тегі бойынша және өзінен тарайтын жақын жақын туыстардың (ата аналар мен балалардың, атасының, әжесінің және немерелерінің), ата анасы бір және ата анасы бөлек әкесі немесе анасы ортақ аға інілілер мен апалы сіңілілердің (аға қарындастардың).

3) Асырап алушылар мен асырап алынғандардың.

4) Біреуін болса да психикалық ауруының немесе ақыл есі кемдігінің салдарынан сот әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың.

Заңмен белгіленген шарттар бұзылған жағдайда неке жарамсыз деп танылады. Сондай ақ жалған неке («Неке және отбасы туралы» Заңның 24-бабы) жарамсыз деп танылады. Белгіленген заң тәртібімен тіркелсе де, «отбасын құру ниетсіз заңда белгіленген тәртіппен жасалған және ерлі зайыптылардың құқықтары мен міндеттерін туғызбайтын неке» (заңның 1-бабы) жалған неке деп танылады. Некеге тұру фактісінен көрінетініндей, жалған неке кейбіреулердің бас пайдасы үшін ғана жасалады (мысалы, қалада тіркеуге тұру үшін, армия қатарына шақырудан жеңілдік алу үшін т.б.).

Мәжбүрлеп қиылған неке жарамсыз деп танылуы мүмкін.

5.3 Ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері

Тіркелген неке ерлі-зайыптылардың арасындағы жеке және мүліктік құқықтар міндеттерді тудырады.

«Неке және отбасы туралы» Заңның 29-бабына сәйкес ерлі-зайыптылардың жеке құқықтарына мыналар жатады: тегін таңдау құқығы, қызмет түрін, мамандықты, тұрғылықты жерді таңдау құқықтары, отбасы өмірінің мәселелерін бірлесіп шешу құқығы.

Заңға сәйкес ерлі-зайыптылар тең құқықтарды пайдаланады және тең міндеттерді атқарады. Ерлі - зайыптылардың жеке құқықтарының теңдігі отбасы өмірінің барлық жалпы мәселелерін (ана, әке болу, балаларға тәрбие мен білім беру мәселелері және отбасы өмірінің басқа да мәселелері) олардың бірлесіп және өзара келісе отырып шешуінен көрінеді. Алайда, ерлі-зайыптылардың ешқайсысы да жеке құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыру кезінде артықшылықты пайдалану тиіс емес.

Қолданылып жүрген заңда текті таңдаудың екі жолы ұсынылған. Некеге тұру кезінде ерлі-зайыптылардың қай-қайсысы да өздерінің некеге отырғанға дейінгі тегін қалдыра алады. Сонымен бірге ерлі-зайыптылар өз қалаулары бойынша ортақ бір тек таңдауға құқығы. Ондай тек ерінікі болмаса әйелінікі де болуы мүмкін. Тәжірибеде ерлі-зайыптылар ортақ бір текті (әдетте ерінің тегін) таңдайды.

Неке жұбайының (зайыбының) қайтыс болуы және оны өлді немесе олардың біреуі хабар-ошарсыз кеткен деп жариялау салдарынан («Неке және отбасы туралы» Заңның 14-бабы), я болмаса некені бұзу жолымен тоқтатылады («Неке және отбасы туралы» Заңның 15-бабы).

Бірінші жағдайда неке өздігінен тоқтатылады, қосымша әрекет талап етілмейді. Екінші жағдайда ерлі-зайыптылардың (екеуінің немесе бірінің) өз еріктерімен тоқтатылады.

Ажырасу құқығын жасау және жүзеге асыру үшін жалпы ереже бойынша некеге тұрған сәттен бері белгілі бір мерзімнің өтуі, не болмаса міндетті түрде бір-бірінің келісімі талап етілмейді. Бірақ, осы ережеден туындайтын мынадай бір жағдай бар. Ана мен баланың денсаулығын қорғау мақсатында «Неке және отбасы туралы» Заңның 15-бабы, 2-тармағында жұбайының жүкті кезі мен бала туған кейінгі бірінші жылда оның келісімінсіз некені бұзуға болмайтындығы көзделінген.

«Неке және отбасы туралы» Заңның 16-бабының, 2-тармағында қарастырылғанындай, ерлі-зайыптыларға ортақ кәмелетке толмаған балаларының болуына қарамастан, ерлі-зайыптылардың біреуінің өтініші бойынша, егер ерлі-зайыптылардың екіншісін:

–     сот хабар-ошарсыз кеткен деп таныса;

–     сот әрекетке қабілетсіз деп таныса;

–     қылмыс жасағаны үшін кемінде үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталса, неке азаматтық хал актілерін жазу органдарында бұзылады.

5.4 Ата-аналардың, балалардың және отбасының басқа да мүшелерінің арасындағы алименттік қатынастар

Республиканың Ата Заңының 27-бабы балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата – ананың  құқығы әрі міндеті деп тұжырымдайды.

«Неке және отбасы туралы» Заңның 124 және 129-баптарында ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларың және кәмелетке толған, бірақ еңбекке жарамсыз балаларың бағып күтуге, асырауға міндетті екендігі көрсетілген.

Бұл міндетті орындамаған ата-аналардан балаларды бағып-күтуге арналған қаржы өндіріп алынады. Ата-аналардың 18-ге толмаған балаларды (кәмелетке толмағандарды) бағып-күтуі міндетті саналады. Тіпті кәмелетке толмаған балалар материалдық жағынан қамтамасыз етілген болса да, мәселен олар аталары мен әжелерінің бағып-күтуінде болса да, немесе жұмыс істеп өздерін асырап жүрсе де, ата-анасы оларға алимент төлеуге тиіс.

Алимент мөлшері әртүрлі болып белгіленеді. «Неке және отбасы туралы» Заңның 125-бабына сәйкес кәмелетке толмаған балаларға ата-аналарынан мынадай мөлшерде алимент өндіріп алынады (алимент төлеу жөнінде келісім болмаған жағдайда сот арқылы): бір балаға - ата-анасы табысының немесе өзге де кірісінің –төрттен бірін, екі балаға-үштен бірін, үш және одан да көп балаға тең жартысын өндіріп алады.

Заң бала асырап алудың күшін жоюдан басқа, бала асырап алуды жарамсыз деп тануды да қарастырады. «Неке және отбасы туралы» Заңның 92-бабына сәйкес бала асырап алу мынадай жағдайларда жарамсыз деп танылады:

–     асырап алу туралы шешім жалған құжаттар негізінде қабылданғанда;

–     заң бойынша міндетті болса да бала асырап алу ата-аналардың келісімінсіз жасалғанда;

–     некеде тұрған адам жұбайының келісімінсіз бала асырап алғанда (қыз асырап алғанда);

–     заң бойынша бала асырап алуға құқығы жоқ адамдар бала асырап (қыз асырап) алғанда.

Бала асырап алуды жарамсыз деп тану сот тәртібімен жүргізіледі.

Заң жекелеген жағдайларда қорғаншылық пен қамқоршылық жасауды патронат нысанына да белгілейді. Патронат деп баланы тәрбиелеуге алуға тілек білдіруші адам мен қорғаншы және қамқоршы органдар арасында жасалған келісім бойынша баланың сол отбасындағы азаматтың қарауына тәрбиелеуге берілуін айтады.

Пысықтау сауалдары

1.  Қазақстан Республикасының неке, отбасы заңдары қандай принциптерге негізделеді?

2.  Қандай адамдардың некеге тұруына тыйым салынады?

3.  Тіркелген неке ерлі-зайыптылардың арасындағы жеке және мүліктік құқықтар қандай міндеттерді тудырады?

4.  Бала асырап алу қандай жағдайларда жарамсыз деп танылады?

Әдебиеттер тізімі

1.  «Қазақстан Республикасының неке және отбасы туралы» Заңы, 1998 ж. 17 желтоқсан.

2.  Байжанов Н. Неке және отбасы. – Алматы, 2013.

3.   Ынтымақов С.А. Отбасы құқығы. – Алматы: Заң әдебиеті, 2006.

4.  Қазақстан  Республикасының мемлекеті мен құқығының негіздері.  Оқулық    2 кітаптан тұрады  / Құрастырған  Е.Баянов. 2- ші кітап. – Алматы,    2009. – 384 бет .

6 дәріс. Қазақстан Республикасының қаржы құқығы (1 сағ.)

Жоспар:

1)  Қаржы құқығының түсінігі, пәні, әдісі.

2)  Қаржылық-құқықтық  нормалар   және қаржылық-құқықтық  қатынастар.

3)  Қазақстан   Республикасының   ақша жүйесі.

4)  Қазақстан Республикасының қаржылық  бақылаумен бюджеті.

Дәрістің мақсаты: мемлекеттің қаржылық қызметінің, яғни мемлекеттің ақша қаражаттары қорларын қалыптастыру, бөлу және пайдалануды ұйымдастыру барысында пайда болатын қоғамдық қатынастардың мазмұнын ашу, қаржылық шарттардың құқықтық ерекшеліктерін анықтау, қаржылық  бақылаумен бюджеті ұйымдастыру.

6.1 Қаржы құқығының түсінігі, пәні, әдісі

Қаржы құқығы деп, мемлекеттің ақша қорларын қалыптастыру, бөлу  және пайдалануды ұйымдастыру барысында пайда болатын қоғамдық қатынастарды реттейтін құқықтық нормалардың жиынтығын айтамыз.

Қаржы құқығының ғылымы деп, қаржылық құқықтың құқық саласы ретіндегі мағынасы, рөлі мен маңызы туралы, сондай-ақ дамуы туралы түсініктемелер мен ілімдердің жиынтығын айтамыз.

Қаржы құқығы ғылымының пәні - мемлекеттің қаржылық қызметінің түрлері мен әдістерінен, қаржылық бақылаудан, сондай-ақ өзара байланысқан және бір даму жүйесіндегі қаржылық құқықтық нормалар мен олар реттейтін және бекітетін қоғамдық қатынастардан тұрады.

Қазақстан бойынша осы қаржы құқығы ғылымы саласында талай жылдар бойы атсалысып келе жатқан А.И. Худяков, СМ. Найманбаев - Қазақстан Республикасындағы қаржы құқығының негізін қалаушылар.

Қаржы құқығында қоғамдық қатынастарды құқықпен реттеудің екі әдісі қолданылады:

–  біржақты-өктем, әмірлі әдіс (б.а. императивтік-әмірлі);

–   қаржылық-шартты әдіс (яғни, диспозитивтік-келісімге келу).

Бұл жерде шартқа қатынасатын екі жақтың бірі мемлекет те, екінші жағы мемлекетпен шарт жасасуға өз еріктерімен келісім берген субъектілер. Құқықпен реттеудің әмірлі әдісін қолданған кезде қатынасқа қатысу міндеті мен қаржылык, міндеттеме мемлекеттің біржақты еркінен пайда болып отырады. Мысалы, салықтар ақша төлеушілерден бюджетке өтеді, басқа ешқайда жіберілмейді, яғни ақша қаражаттары бір бағытта ғана қозғалады.

Ал, енді азаматтық-құқықтық шарттың құзыры жүретін келісімдегі екі жақтың құқықтары мен мемлекет уәкілдік еткен органмен қаржылық шартқа қатысатын жақты салыстырсақ, осы екінші жақтың ерік білдіруінің, яғни мемлекетпен немесе оның уәкілетті органмен келісімге келуі тек құқының шектелуі екенін көреміз. Ерік білдіру тек құқықтық қатынасқа қатысуға өз еркімен келісуі, ал екі жақтың келісімге келуі тек қаржылық міндеттеменің көлемі мен мерзімін белгілеуден ғана тұрады.

6.2  Қаржылық-құқықтық  нормалар   және қаржылық-құқықтық  қатынастар

Қаржылық құқықтық нормалар деп, мемлекеттің ақшалай қорларын қалыптастыру, бөлу және пайдалануды ұйымдастыру жайында тәртіп қағидаларын белгілейтін құқықтық нормаларды айтамыз.

Қаржылық-құқықтық нормалар үшке бөлінеді:

–     міндеттейтін;

–     тыйым салатын;

–     уәкілдік ететін  (өкілеттілік беретін).

Міндеттейтін,  яғни міндет артатын Қаржылық-құқықтық нормалар қаржылық қатынасқа қатысушылардың белгілі бір әрекеттерді жасауларына бұйрық етеді. Мысалы,  олар қаржылық органдарға салық төлеушілерге төлемдерінің сомасы мен төленетін мерзімдері жөнінде хабарлама беруге бұйрық береді.

Тыйым салатын қаржылық-құқықтық нормалар қаржылар саласында белгілі бір әрекеттерді жасауға тыйым салады. Сондай-ақ осы қаржылық қатынасқа қатысушыларга тыйым салынған әрекеттерді жасаудан өздерін аулақ ұстауларына міндет артады. Кейбір жағдайларда тыйым салатын нормалар рұқсат етілген әрекеттердің шегін ғана анықтайды. Сондықтан тыйым салатын нормалардың саны онша көп болмайды. Көбінесе, қаржылық қатынастарды реттеу кезінде міндеттейтін сипаттағы нормалар қолданылады.

Уәкілдік ететін,  яғни өкілеттілік беретін қаржылық-құқықтық нормалар қаржылық-құқықтық қатынасқа қатысушылардың өз өкілеттіліктерінің аясынан шықпай, белгілі бір әрекеттерді жасауларына сенім артатын (рұқсат беретін нсрмалар).

Қаржы құқығы басқа да құқық салалары сияқты мемлекеттің заң шығарушылық қызметі барысында пайда болды. Қаржы құқығының жүйесі барлық құқық саласына тән жалпы және ерекше бөлімнен тұрады.

Жалпы бөлімге мына институттар кіреді:

–мемлекеттің қаржылық қызметінің құқықтық негіздері;

–мемлекет саласындағы бақылау;

– қаржылық жоспарлау;

– қаржылық бақылау.

–  мемлекеттің ақша жүйесінің құқықтық негіздері;

–  валюталық реттеу.

Ерекше бөлімі мына институттардан тұрады:

– бюджеттік құқық;

–  қаржылық-шаруашылық құқығы (мемлекеттік және жергілікті кәсіпорындардың қаржы қорлары қалыптасуының қайнар көздерін кұқықтық реттеу);

–  салық құқығы;

– банктік құқық (мемлекеттік несие берудің құқықтық негіздері);

– сақтандыру құқығы;

     Мемлекеттің қаржылық қызметі тек құқықтық негізде іс жүзіне асырылып, оның негізі қаржы құқығы болып табылады. Ал, қаржы құқығы құқықтық нормалардың жиынтығы болып табылады.

6.3 Қазақстан   Республикасының   ақша  жүйесі

Айналысқа ақшаларды шығару, ақша жүйесін ұйымдастыру, ақша бірліктерін қамтамасыз ету және ақша айналысын басқару мемлекет тарапынан Ұлттық банкке жүктеген. Ұлттық банк мемлекеттің ақша-кредит саясатының негізгі бағыттарын белгілеп, оны тікелей жүзеге асырады.

Ақша жүйесінің құқықтық негіздері дегеніміз, еліміздің ақша бірлігін «теңге» және оның құрамын, ақшалардың түрлері мен формаларын, оларды айналымға шығару және қамтамасыз ету тәртібін, ақша жүйесін және ұлттық валютаны қорғау шараларын, сондай-ақ еліміздің ақша айналымын ұйымдастырудың негіздерін белгілейтін қаржылық құқықтың жалпы бөлімінің институты.

Ақша жүйесі деп - құқықтық нормалармен ретке келтірілген, еліміздің ақша айналымын жоспарлы түрде ұйымдастыратын формалар мен тәсілдердің жиынтығын айтамыз.

Казақстан   Республикасының   ақша   өлшемі   -   теңге   еліміздін ұлттық валютасы болып табылады.

Осы  ақша  айналымын  тәртіпке  келтіру  мақсатында  мемлекет тарапынан қолданылатын әртүрлі әдістер мыналар:

1) Девальвация - айналымдағы ақша бірлігінің алтын құрамын немесе   қағаз   ақшалардың   бағалылығын   шет   елдік   валюталарға байланысты етіп төмендету   (азайту). Девальвация арқылы жаңа валюта мөлшері белгіленеді.

2) Деноминация  -  айналымдағы   ескі   ақшаларды  белгілі  бір арақатыстықтарды   қолдана   отырып   жанадан   шығарылған   ірі ақшаларға   айырбастау   арқылы,   ақшаның   бағалылығын   (құнын) өзгерту. Осыған байланысты заттардың бағалары, тарифтер, еңбекақылар және т,б. қайта есептелінеді.

3) Дефляция- айналымнан басы артық ақшаларды алып тастау арқылы ақшаның санын азайту.

4)   Нуллификация  -   айналымнан   бағалылығы  жойылған  қағаз ақшаларды   алып   тастау   және   аз   мөлшерде   ғана   жаңа   қағаз ақшалар шығару.

5)   Ревальвация (ревалоризация)   -   ұлттық  ақша   бірілігінің бағалылығын ресми түрде жоғарылату.

6.4 Қазақстан Республикасының қаржылық  бақылаумен бюджеті

Қаржылық  бақылау  деп,   мемлекеттің  ақша  қорларын   қалыптастыру   және бөлу, сондай-ақ мемлекеттің ақша қаражаттарын пайдалану процестерінің заңды түрде және мақсатқа сәйкес жүргізілуін бақылауды айтамыз.

Қаржылық  бақылау -  мемлекеттің  қаржылық  қызметінің бір түрі   ретінде   есептелінеді.   Қаржылық   бақылауды   жүзеге   асыру белгілі бір жағдайлардың болуын қажет етеді:

а) мамандандырылған бақылау органдарын құру;

ә) осы   бақылау   органдарының   жүйесін   және   құқықтары   мен міндеттерін белгілеу;

б) бақылауды   жүргізудің  формаларын,   түрлері   мен  әдістерінбелгілеу;

в) бақылау органдарын білікті мамандармен қамтамасыз ету.

Қаржылық   бақылауды   құқықтық   реттеу  дегеніміз,   қаржылық бақылау органдарының жүйесі мен құзыреттерін,  қаржылық бақылаудың  формаларын,   түрлері мен  әдістерін,   сондай-ақ   қаржылық тексерулерді ұйымдастыру мен  жүргізу тәртібін     белгілейтін, қаржылық құқықтың жалпы бөлімінің институты.

Бақылауды жүзеге асырушы субъектілерге (органдарға, ұйымдарға) байланысты қаржылық бақылау екіге бөлінеді:

а) мемлекеттік;        б) қоғамдық.

Бюджет деп, жалпы мемлекеттік орталықтандырылған немесе жергілікті ақша қаражаттарының кіріс және шығыс балансын айтамыз.

Бюджеттік қызмет әртүрлі әдістер арқылы жүзеге асырылады. Олардың ішінен негізгі үш әдісті бөліп шығаруға болады:

1)  Бюджетті қалыптастырудың негізгі әдістері.

2)  Бюджетті бөлудің негізгі әдістері.

3)  Бюджетті пайдалануды ұйымдастырудың негізгі әдістері.
      

Пысықтау сауалдары

1.  Қаржы құқығы ғылымының пәні дегеніміз не?

2.  Қаржылық-құқықтық нормалар қаншаға бөлінеді?

3.  Девальвация мен нуллификацияның айырмашылығы қандай?

4.  Қаржылық   бақылауды   құқықтық   реттеу  дегеніміз не?

5.   Деноминация  мен дефляцияның айырмашылығы қандай?

Әдебиеттер тізімі

1.  Найманбаев С.М. Қазақстан Республикасының қаржы құқығы. Оқулық. – Алматы, 2005.

2.  Бишманов К.М. Қазақстан Республикасының қаржы құқығы. Оқу құралы. – Алматы, 2009.

3.  Худяков А.И. Финансовое право Республики Казахстан. Общая часть. – Алматы Баспа, 2007.

4.  Худяков А.И. Финансовое право Республики Казахстан. Особенная часть. - Алматы. Норма-К, 2002.

7 дәріс. Қазақстан Республикасының еңбек құқығы және әлеуметтік қамтамасыз ету құқығы (1 сағ.)

Жоспар:

1)  Еңбек құқығы  пәні мен жүйесі. Еңбектік құқықтық қатынастардың  түсінігі.

2)  Жеке еңбек шартының ұғымы, мерзімі, тоқтату және бұзу тәртібі.

3)  Жұмыс уақыты. Демалыс уақыты. Жалақы.

4)  Материалдық жауапкершілік. Әлеуметтік қамсыздандыру құқығының ұғымы.

Дәрістің мақсаты: «еңбек» және «жеке еңбек шарты» түсініктерінің мазмұнын ашу; еңбектік құқықтық қатынастардың өзіне тән белгілерін көрсету; жұмыс уақыты, демалыс уақыты, жалақы ұғымына сипаттама беру; еңбекке жарамсыз азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету саласындағы қатынастарды және осыларға қатысы бар заңды деректерді анықтау, олар жөнінде туындаған дауларды шешу. 

7.1 Еңбек құқығы  пәні мен жүйесі. Еңбектік құқықтық қатынастардың  түсінігі

 

Еңбек құқығының  пәніеңбекке қаблеттілікті іске асыру, еңбекті ұйымдастыру мен басқару жөніндегі мемлекеттік және жеке ұйымдарда азаматтардың еңбегін қолдану жөнінде қалыптасатын жеке дара да, сондай – ақ ұжымдық та қоғамдық қатынастарды құрайды. Еңбек құқығының жүйесі екі бөлімнен тұрады: жалпы және ерекше.

Еңбек құқығы дегеніміздің өзіменшігі мен шаруашылық түріне байланыссыз жұмысшылардың барлық категориясының жалдамалы еңбекке байланысты қоғамдық еңбек  қатынастарын реттейтін құқықтың жеке саласы.

Еңбек құқығының қағидалары дегеніміз – қазіргі заңдылықта бекітілген, еңбек құқығының  нормаларының мәнін және еңбек саласын құқықтық реттеуде мемлекеттің негізгі бағыттарын білдіретін негізгі бастамалар. Еңбектік құқықтық қатынастарға жұмысшы (қызметкер) мен жұмыс беруші (ұйымдар, меншік иелері және т.б.) қатысады.

Еңбектік құқықтық қатынастар дегенімізазамат бекітілген ішкі еңбек тәртібіне сәйкес бағына отырып, белгілі бір жұмысты атқару үшін еңбек ұжымына кірген кезде пайда болатын өндірістік қатынастардың бір түрі.

Еңбектік құқықтық қатынастардың өзіне тән мынадай белгілері болады:       

Біріншіден, бұл қатынастар сол кәсіпорын, мекеме, ұйымның ішкі еңбек тәртібінің шегінде жүреді;

Екіншіден, бұл қатынастар тек қана жұмысшы (қызметкер) белгілі бір еңбек ұжымына кірген кезде ғана пайда болады;

Үшіншіден, жұмысшының (қызметкердің) еңбек ұжымына кіруі нақты заңды деректермен белгіленеді (жеке еңбек шартына тұрады, қызметке тұруы жөнінде бұйрық шығарылады);

Төртіншіден, еңбек қатынастары сол жұмысшының (қызметкердің) белгілі бір мамандық, біліктілік немесе қызмет бойынша жұмыс атқаратынын, ал кәсіпорын әкімшілігі аталған жұмыстық орындалуы үшін қажетті жағдай жасауын міндетіне алғандығын білдіреді.

7.2 Жеке еңбек шартының ұғымы, мерзімі, тоқтату және бұзу тәртібі

Жеке еңбек шарты – бұл қызметкер мен жұмыс берушінің арасында жазбаша нысанда жасалатын екіжақты келісім.

Қызметкерлердің негізгі құқықтары:

1)  Жұмыс берушімен еңбек туралы заңда белгіленген тәртіппен жеке еңбек шартын жасасуға, өзгертуге және бұзуға.

2)  Еңбегі үшін ақы алуға.

3)  Демалысқа.  

4)  Кепілдіктер мен өтемақылар алуға.

5)  Еңбек дауларын тараптардың (қатысушылардың)  келісуімен немесе сот тәртібімен шешуге.

6)  Ұжымдық шартпен және жұмыс берушінің актілерімен танысуға.

7)  Өзінің кәсіби біліктілігін арттыруға және т.б. құқықтары бар.

Қызметкерлердің негізгі міндеттері:

1)  Жеке еңбек, ұжымдық шарттарда және жұмыс берушінің актілерінде жазылған еңбек міндеттерін адал орындауға.

2)  Еңбек тәртібін сақтауға.

3)  Жұмыс процесінде жұмыс берушіге мүліктік зиян келтіруге жол бермеуге.

4)  Жеке еңбек шартына сәйкес өзіне сеніп тапсырылған, қызметтік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етпеуге міндетті.

Жеке еңбек шартының мерзімі:

1)  Белгісіз мерзімге.

2)  Белгілі бір мерзімге.

3)  Белгілі бір жұмысты орындау уақытына немесе жұмыста уақытша болмаған қызметкерді ауыстыру уақытына жасалады.

Жеке еңбек шарты жазбаша нысанда жасалады, кемінде екі дана етіліп
жасалады және оған тараптар қол қояды. Жеке еңбек шартының бір данасы тараптар қол қойғаннан кейін қызметкерге беріледі.  

Жеке еңбек шартын тоқтату негіздері:

1)  Мерзімнің бітуі бойынша.

2)  Тараптардың еркіне байланысты емес мән – жайлар бойынша тоқтатылады.

Жеке еңбек шартын бұзу негіздері: 

1)  Тараптардың келісімі бойынша.

2)  Тараптардың бірінің бастамасы бойынша.

3)  Заң актілерінде көзделген өзге де негіздер бойынша бұзылады.

7.3 Жұмыс уақыты. Демалыс уақыты. Жалақы

Жұмыс уақытықызметкер жұмыс берушінің актілері мен жеке еңбек шартының талаптарына сәйкес еңбек міндеттерін орындайтын уақыт. Жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауға тиіс. Алты күндік жұмыс аптасы кезінде күнделікті жұмыстың ұзақтығы апталық норма 40 сағат болғанда 7 сағаттан аспауға, апталық норма 36 сағат болғанда – 6 сағаттан және апталық норма 24 сағат болғанда – 4 сағаттан аспауға тиіс. 22 сағаттан бастап таңғы сағат 6 – ға дейінгі уақыт түнгі уақыт болып есептеледі.

Қызметкерлердің жекелеген санаттары үшін жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы:

–     он төрт жастан он алты жасқа дейінгі қызметкерлер үшін – аптасына 24 сағаттан;

–     он алтыдан он сегіз жасқа дейін – аптасына 36 сағаттан аспайтын;

–     ауыр дене жұмыстарында және еңбек жағдайлар зиянды жұмыстарда істейтін қызметкерлер үшін – аптасына 36 сағаттан аспайтын болып белгіленеді.

Демалыс уақытықызметкердің еңбек міндеттерін орындаудан босатылған және өз еркіне сай пайдалана алатын уақыты.

Заңмен демалыс уақытының мынадай түрлері белгіленген:

1)  Жұмыс күнінің ішінде берілетін демалыс уақыты (Еңбек туралы Заңның 53 – бабы). Бұл демалыс уақытының ұзақтығы бір сағаттан кем болмауы тиіс. Бұл үзілістер жұмыс уақытына енгізілмейді.                                            

2)  Күн сайынғы демалыс уақыты (Еңбек туралы Заңның 55- бабы), яғни жұмыстың бітуімен келесі жұмыс күнінің басталуы арасындағы демалыс  уақыты, бұл уақыт 12 сағаттан кемболмауы тиіс.                                                                          

3)  Апта сайынғы демалыс уақыты (Еңбек туралы Заңның 56 – бабы). Бес күндік жұмыс аптасы жағдайында қызметкерлерге аптасына  – 2 , ал алты күндік жұмыс аптасында 1 демалыс  күні беріледі. Қызметкерлерді демалыс   күндерінде жұмысқа тартуға өз келісімдерімен ғана жол беріледі.                   

4)  Мерекелік күндер.                                                                                                 

5)  Ақы төленетін жыл сайынғы демалыс уақыты (Еңбек туралы Заңның 60 – 64 – баптары). Жұмыс беруші  қызметкерлерге  ақысы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысын беруге міндетті. Қызметкердің қалауы бойынша бұл демалыс уақыты бөлініп берілуі мүмкін.

6)  Жүктілігі мен босануы бойынша және бала асырап алған әйелдерге  (еркектерге) берілетін демалыс уақыты (Еңбек туралы Заңның 66 – бабы). Әйелдерге жүктілігі мен босануы бойынша босанғанға дейін үзақтығы жетпіс күнтізбелік күнге, босанғаннан кейін елу алты (ауыр босанған немесе екі немесе одан да көп бала туған жағдайда жетпіс) күнтізбелік күнге демалыс беріледі.                                                                                                                 

7)  Оқудемалысы (Еңбек туралы Заңның 69 - бабы).

Жалақы – еңбек үшін күрделілігіне, саны мен сапасына сәйкес төленетін сыйақы (табыс).

1)  Еңбекке ақы төлеу жүйесі дегеніміз – жасалған еңбек пен сол үшін есептелген еңбек ақы арасындағы қатынасты белгілеу жүйесі .

2)  Еңбекке мерзімді ақы төлеу дегеніміз – еңбек ақысын жұмыс істелген уақыттың мөлшеріне қарай есептеу, яғни еңбекақы жұмыс істелген уақыт пен тарифтік айлық ақысына байланысты болады.

3)  Жұмыс беруші заң мен шарттарға сәйкес қызметкердің еңбегіне ақы төлеуге міндетті. Мерзімнен тыс жұмысқа ақы бір жарым есе мөлшерінен кем төленбейді. Мереке және демалыс күндеріндегі жұмыс ақы екі еседен төмен болмайтын мөлшерде төленеді. Түнгі уақыттағы жұмыстың әрбір сағатына ақы бір жарым есе мөлшерінен кем төленбейді.

7.4 Материалдық жауапкершілік. Әлеуметтік қамсыздандыру құқығының ұғымы

Еңбек шартының тараптарының материалдық жауапкершілігі дегеніміз тараптардың біреуінің екінші тарапқа келтірілген материалдық шығынды заңдылыққа сәйкес өтеу міндеттілігі болып табылады.

Материалдық  жауапкершіліктің түрлері:                      

1) Жұмыс берушінің алдындағы жұмысшының материалдық жауаптылығы.

2) Жұмысшының алдындағы жұмыс берушінің материалдық жауаптылығы.

Бұл жауаптылықтың маңызды ережесіне қызметкер зиянды өтеу кезінде еңбек ақысының сақталатындығы жатады. Қызметкер келтірген зияны үшін тәртіптік, әкімшілік, қылмыстық жауаптылыққа тартылғанына қарамастан материалдық жауапты болады.

Қызметкерлер мен жұмыс берушінің арасында туындаған келіспеушіліктерді шешу екі кезеңнен тұрады, біріншісі – келіссөздер жүргізу арқылы, екіншісі – заңмен бекітілген тәртіпте шешу арқылы.

Еңбек тәртібін бұзғаны үшін, яғни қызметкердің кінәсінен оған жүктелген еңбек міндеттерінің орындалмағаны немесе тиісінше орындалмағаны үшін жұмыс беруші тәртіптік жазалардың мынадай түрлерін қолдануға құқылы. Олар:

–     ескерту жасауға;                                                           

–     сөгіс беруге;   

–     еңбек заңының 26 – бабының 9) – 12) тармақшаларына сәйкес жеке еңбек шартын бұзуға құқылы.

Әлеуметтік қамсыздандыру құқығы еңбекке жарамсыз азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету саласындағы қатынастарды және осыларға қатысы бар заңды деректерді анықтау, олар жөнінде туындаған дауларды шешу қатынастарын реттейді. Әлеуметтік көмекке зейнетақы, жәрдемақы төлеу, жеңілдіктер беру сияқты қамсыздандыру түрлері жатады. Бұл көмектің барлығы мемлекеттік бюджет есебінен жүргізіледі.

Әлеуметтік  қамсыздандыру құқығы реттейтін қатынастардың пайда болуының алғы шартына еңбек стажы жатады. Еңбек стажы 3 түрлі жолмен есептеледі, немесе 3 түрге бөлінеді деп қарастыруға болады: жалпы еңбек стажы (қызметкердің істеген жұмысының жиынтық ұзақтығы), үздіксіз еңбек стажы (қызметкердің үзіліс жасамаған немесе белгіленген шектен ұзақ үзіліс жасалмаған бірнеше ұйымдардағы істеген жұмыстарының ұзақтығы), арнаулы еңбек стажы (белгілі бір кәсіптің түрі бойынша экономиканың белгілі бір саласындағы жұмыстың ұзақтығы).

Пысықтау сауалдары

1.  Еңбектік құқықтық қатынастардың өзіне тән қандай белгілері бар?

2.  Қызметкерлердің негізгі құқықтары мен міндеттерін атаңыз?

3.  Қызметкерлердің жекелеген санаттары үшін жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығын түсіндіріңіз.

4.  Еңбек тәртібін бұзғаны үшін тәртіптік жазалардың қандай түрлері қолданылады?

Әдебиеттер тізімі

1.  Айымханова Н. Қазақстан Республикасының еңбек құқығы: Оқу құралы. – Алматы: Жеті жарғы, 2011. – 240 б.

2.  Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі: Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 15 мамырдағы № 251 Кодексі.

3.  А. Ахметов, Г. Ахметова. Еңбек құқығы: Оқулық. – Алматы: Заң әдебиеті, 2005. – 405 б.

4.  Абузярова Н.А. Трудовое право. – Алматы: Юрист, 2011. – 264 с.

5.  Нургалиева Е.Н. Трудовое право Республики Казахстан. – Астана, ЕНУ им. Л.Н. Гумилева, 2010.

 

8 дәріс. Экологиялық және жер құқығы негіздері (1 сағ.)

Жоспар:

1)  Қазақстан Республикасының Экология құқығының тарихы.

2)  Экология құқығының ұғымы, міндеттері және жүйесі.

3)  Экология құқығының объектілері мен принциптері.

 

Дәрістің мақсаты: тақырыптың негізгі мәселелерін: мемлекет аумағындағы жер, жер қойнауы, су, орман, атмосфералық ауа, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі, табиғаттың көрікті жерлері мен ескерткіштерінің жүйесін қарастыру; қоғамдық  қатынастардың осы саладағы заңдылық  және құқықтық тәртібін нығайту.

8.1 Қазақстан Республикасының Экология құқығының тарихы

Қазақстан   Республикасы  экология құқығының тарихын еліміздің әлеуметтік – саяси дамуына байланысты екі кезеңге бөлуге болады. Біріншісі  –  Қазақста Республикасының егемендік алғанға дейінгі  экология құқығының тарихы.  Екіншісі – Қазақстан   Республикасының егемендік алғаннан кейінгі  экология құқығының тарихы.

Бұрынғы  Кеңес өкіметі 1917 жылғы 20 қазанда Жер туралы декрет, 1918 жылы Орман жөнінде декрет қабылдады. Онда жер және орман қорларын пайдалану және қорғау қатынастарын реттеуді көздеді. Табиғи ескерткіштерді қорғау жан – жақты қарастырылды. 1919 жылы Суды қорғау комитеті құрылып, сөйтіп оған судың санитарлық жағдайын қадағалау, табиғатты өндірістік сарқынды сулар мен ластардан қорғау жайы тиісті органдарға жүктелді.

1921 жылы балықтар мен хайуанаттар жөнінде декрет қабылданды. Көп жылдар бойы табиғат қорларын пайдалану мен қорғаудың құқықтық мәселелері тек бір орталықтан – Москва арқылы жүргізіліп отырды.

1929 жылы Қазақ Автономиялы Республикасында суды пайдалану және ирригациялық жүйелер мен құрылыстарды пайдаланудың уақытша Ережесі қабылданды.

Ауыл шаруашылығында суды пайдалану заңы 1946 жылы қабылданды.

1960 – 1970 жылдар арасында экология саласындағы заңдарды кодификациялау барысында орталықтың жер, су, орман, жер қойнауы, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі, атмосфералық ауаны қорғау туралы заңдардың негіздері  қабылданып, одақтас республикаларда табиғат жөнінде салалық заңдар, кодекстер қабылданды. Сонымен бірге, заң ғылымының докторлары С.Байсалұлының, Н.Мұхитдинұлының, М.Сахипұлының, К.Шайбекұлының және басқа ғылымдардың еңбектері жер, су, жер қойнауы, орман және басқа табиғат объектілерінің құқықтық қатынастарын зерттеуге арналды. Бұл еңбектерді республикамыздың экология құқығының ғылыми  негіздері деуге болады.

Қазақстан Республикасы өзінің егемендігіне ие болғаннан кейінгі экология құқығы жаңа әлеуметтік – экономикалық өзгерістер жағдайында дами бастады. Республиканың материалдық негізін құрайтын табиғи ресурстарға жер, оның қойнауы, су, орман, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі. Қазақстан  республикасының меншік құқығы мәртебесі 1991жылғы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан  Республикасының  Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заңмен, 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Қазақстан  Республикасының  Конституциясы ережелерімен бекітілді.

1995 жылдың аяғына дейін Қазақстан  Республикасындағы «Айналадағы табиғи ортаны қорғау туралы», Жер, Жер қойнауы және минералдық шикізатты ұқсату туралы, Су, Орман кодекстері, Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы Қазақстан  Республикасының заңдары және осы заңдарды іске асыру барысында көзделген қатынастарды реттейтін басқа да заң актілері қабылданды.

8.2  Экология құқығының ұғымы, міндеттері және жүйесі

Экология (грекше oikos – үй, мекен, logos – ғылым) – жанды организмдердің тіршілік ортасы мен арақатынасын зерттейтін биологиялық ғылым.

 «Қазақстан   Республикасының экология құқығы» – айналадағы табиғи ортаны қорғауға байланысты қоғамдық  қатынастарды реттейтін құқықтық ережелердің жиынтығын зерттейтін оқу пәні немесе ғылым саласы.

Ол заңдардың міндеттері:

–   адамның тұруы үшін қолайлы ортаны қамтамасыз ету, табиғи қорларды ұтымды пайдалану, жаңғырту және неғұрлым ұзақ мерзімге сақтау, айналадағы табиғи ортаны сауықтыру мен жақсарту, оған шаруашылық және өзге де қызметтің зиянды ықпал жасауына жол бермеу мақсатында  айналадағы табиғи ортаны қорғау жөніндегі  қоғамдық  қатынастарды реттеу; 

–   осы қоғамдық  қатынастар саласында азаматтардың, кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың құқықтарын қорғау;

–   табиғат қорғау заңдарын бұзғаны үшін жауаптылық шараларын белгілеу;

–   әр алуан экологиялық жүйелер мен  ландшафтарды (өңірлерді), бірегей табиғи объектілерді және соларға байланысты мәдени мұраны сақтау;

–   қоғамдық  қатынастардың осы саладағы заңдылық  және құқықтық тәртібін нығайту.

Экология құқығының негізгі табиғат ресурстарын тиімді пайдалану, ұдайы молайту және қорғау салаларындағы қатынастар болып табылады.

Экология құқығының  жүйесі экологиялық қатынастарды ғылыми түрде салаларға бөліп қараудан туындайды. Оның әр саласы зерттеу тақырыбы институтын құрайды.

Экология құқығының  жүйесі әдістемелік жағынан екіге бөлінеді –  жалпы бөлім және ерекше бөлім.

Жалпы бөлімде қаралған мәселелер:

–   экология құқығының түсінігі және тақырыбы, жүйесі;

–   экология құқығының объектілері мен принциптері;

–   экология құқығының тарихы және негіздері;

–   табиғат қорларына мемлекеттің меншік құқығы;

–   азаматтардың  табиғатты пайдалану құқығы және айналадағы табиғи ортаның қолайлы болуының құқығы;

–   табиғатты пайдалануды және айналадағы табиғи ортаны қорғауды мемлекеттік басқарудың ұйымдық – құқықтық нысандары;

–   айналадағы табиғи ортаны пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау және қадағалау;

–   экология туралы заңдарды бұзғаны үшін жауаптылық.

Ерекше бөлімде қаралған мәселелер:

–   жердің құқықтық жағдайы және оны қорғау;

–   жер қойнауының  құқықтық жағдайы және оны қорғау;

–   судың құқықтық жағдайы және оны қорғау;

–   орманның құқықтық жағдайы және оны қорғау;

–   атмосфералық ауаны құқықтық қорғау;

–   жануарлар дүниесін қорғау, оның өсімін молайту және пайдалану;

–   айрықша қорғалатын табиғат объектілерінің құқықтық жағдайы;

табиғатты халықаралық құқықтық қорғау. 

 

 

 

8.3 Экология құқығының объектілері мен принциптері

Экология құқығының объектілері – айналадағы табиғи ортаны құрайтын, адамның тіршілік қажеттіктеріне жұмсалатын табиғи ресурстар мен адамның экологиялық денсаулығы мен өмірі.

Қазақстан   Республикасының табиғи ресурстарына – мемлекет аумағындағы жер, жер қойнауы, су, орман, атмосфералық ауа, жануарлар мен өсімдіктер дүниесі, табиғаттың көрікті жерлері мен ескерткіштері және басқа осы сияқты байлықтар жатады.

Жер қойнауына шаруашылыққа пайдаланатын табиғи ортаның бір бөлігі – жер асты мен пайдалы қазбалары жатады. Су көзіне – жер үстіндегі және жер астындағы сулар мен табиғи мұздақтар, ормандарға табиғи ағаштар мен бұталы алқаптар жатады.

Табиғи ресурстар –   азық – түлік, дәрі – дәрмек, киім, құрылыс материалдары, тағы басқа пайдалы заттар алынатын байлық көздері.

Табиғи ресурстар қалпына келетін, жаңартылатын, қалпына келмейтін, жаңартылмайтын, сарқылатын, сарқылмайтын түрлерге бөлінеді.    

Айрықша қорғалатын табиғат объектілеріне қорықтар, ұлттық, тарихи, табиғи және мемориалдық парктер, заказниктер, (сұраушылар) табиғат ескерткіштері, қорық аймақтары, ботаникалық және зоологиялық бақтар, дендрарийлер, сондай – ақ  Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар мен өсімдіктер, курортты және рекреациялық аймақтар жатады.  

Экология құқығының принциптері  –  мемлекет, қоғам, кәсіпорындардың, өкімет орындарының, ұйымдардың және басқа құрылымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың экологиялық құқықтық қатынастардағы түпкі бастамасы.

Принципте жүзеге асыруын қарастырған:

–   адамның өмірі мен денсаулығын қорғаудың басқа да қызмет түрінен басымдылығы, айналадағы табиғи ортаның тұрмысы, еңбек және демалыс үшін қолайлы болуына азаматтар құқығының нақты кепілдіктерін қамтамасыз ету;

–   айналадағы табиғи ортаға ұқыпты қарау және айналадағы табиғи ортаға зиянды зардаптар жасалуын шектеу;

–   табиғатты жалпы тегін пайдалану;

–   табиғатты ақы төлеп арнайы пайдалану;

–   табиғатты қорғау және табиғатты қалпына келтіру тиімділігін арттыруға бағытталған шараларды көтермелеу;

–   айналадағы табиғи ортаны қорғау туралы заң талаптарын қатаң сақтау, оны бұзғаны үшін жауапқа тартуды қадағалау және т.б.

Пысықтау сауалдары

1.  Қазақстан Республикасының экология құқығының қалыптасу кезеңдерін атаңыз.

2.  Қазақстан Республикасының экология құқығы дегеніміз не?

3.  Қазақстан Республикасының экология құқығының объектілеріне не жатады?

4.  Экология құқығының принциптерін атаңыз?

Әдебиеттер тізімі

1.  БайдельдиновД.Л. Қазақстан Республикасының  Экологиялық құқығы. Оқулық. – Алматы, 2007.

2.  Асқарова Ұ.Б. Экология және қоршаған ортаны қорғау. – Алматы, заң әдебиеті, 2009.

3.  Иштаева Ф.Қ. Экология: Оқу құралы. – Астана: Фолиант, 2008.

4.  Стамқұл ұлы Ә. ҚР Экологиялық құқық: Оқулық. – Алматы: Жеті жарғы, 2005.

5.  Абдимуратов Ж.С, Санатова Т.С. Экология. – Алматы, 2007.

6.  Оспанова Г.С, Бозшатаева Г.Т. Экология. – Алматы, 2007.

9 дәріс. Қазақстан Республикасы қылмыстық құқық негіздері (2 сағ.)

Жоспар:

1)  Қылмыстық құқықтың пәні және түсінігі.

2)  Қылмыстық құқықтың принциптері. Қылмыстың санаттары.

3)  Қылмыс құрамның түсінігі және маңызы.

4)  Қылмыстық жаза: ұғымы, түрлері мен мақсаты.

 

Дәрістің мақсаты: «қылмыс» және «жаза» түсініктерінің мазмұнын ашу; қылмыстық құқықтың принциптерін, қылмыстың санаттары мен қылмыстың құрамын; қылмыстық жазаның мақсаты мен түрлерін қарастыру.

9.1 Қылмыстық құқықтың пәні және түсінігі

Қылмыстық құқық жеке құқық саласы ретінде адамды, оның құқықтары мен бостандықтарын, қоғамды және мемлекетті қылмыстық қол сұғушылықтан қорғауға бағытталған қоғамдық қатынастарды реттейді. Мұндай реттеу үш түрлі жолмен жүзеге асырылады. Оның біріншісі, қылмыстық құқық нормасы арқылы қоғамдық қатынастарды реттеу функциясы болып табылады. Ол қылмыс істеуге байланысты қылмыс жасаған адам мен ( субьекті мен) мемлекет арасында пайда болады. Мұндай құқықтық қатынасқа қатысушылардың әрқайсысының өзіне тән құқықтарды, міндеттері пайда болады. Субъект қылмыс істеуге байланысты қылмыстық жауапқа және жазаға тартылуға міндетті болса, екінші субъект әділ сот органдары ( сот, тергеу, прокуратура ) қылмыс істеген адамды сол міндетті орындауға күшпен міндеттейді. Сонымен, қылмыстық құқықтың қатынастарды реттейтін бұл  функция орын алған қылмыс оқиғасына байланысты қылмыстық жауаптылықты және жазаны қолдану немесе қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босату сияқты мәселелерді жүзеге асырады. Екіншіден, қылмыстық құқық нормасы арқылы жазамен қорқытып, тыйым салынған іс-әрекеттерді істеуге байланысты қоғамдық қатынастар реттеледі. Яғни, қылмыстық заңның болуы және оны бұзған адамдарға қолданатын жазаның қылмыстық құқықтық нормаларда көрініс алуы осы көрсетілген құқықтық функцияның толық жүзеге асырылуына мүмкіндік туғызады. Үшіншіден, қылмыстық құқық қылмыстық құқықтың  нормасы арқылы азаматтарға қылмыстық жолмен қиянат келтірілгенде олардың одан қорғануға байланысты қатынастарды ретке келтіреді. Мысалы, қажетті қорғану, мәжбүрлі қажеттілік  немесе қылмыскерді ұстауда әрбір азамат заңда белгіленген тәртіппен қорғануға құқылы. Бұл мәселе тек қылмыстық құқықтық норма арқылы реттеледі. Қылмыстық құқылы туралы сөз болғанда оның үш түрлі мағынасын ескеруіміз қажет. Қылмыстық құқық – бұл жалпы құқық жүйесінің негізгі бір саласы және пән болып табылады. Осы ұғымдардардың бәрінің жиынтығы қосылып қылмыстық құқық курсы деген түсінікті білдіреді.

Қылмыстық құқық Жалпы және Ерекше бөлімнен тұрады. Қылмыс пен жаза туралы ұғым, қылмыстық заңның түсінігі, міндеттері, қылмыстық жауаптылықтың негізі және одан босату, қылмыс құрамының түсінігі, қылмыстық заңның кеңістіктегі және мезгілдегі күші, іс-әрекеттің қоғамға қауіптілігін жоятын мән-жайлар туралы түсініктер, сондай-ақ қылмыс істеу сатылары туралы ұғыммен, қылмысқа бірге қатысу, жазаның мақсаты және жүйелері, жаза тағайындаудың немесе қылмыстық жауаптылықтан және жазада босатудың мәселелері осы Жалпы бөлімде зерттеледі.

Ерекше бөлімде нақты қылмыс құрамдары және оларды істегені үшін белгіленген жаза түрлері көрсетіледі. Жалпы және Ерекше бөлім өзара тығыз байланысты, осы екі бөлімнің жиынтығы қылмыстық құқықты құрайды.

   

9.2 Қылмыстық құқықтың принциптері. Қылмыстың санаттары

Қылмыстық құқық өзінің алға қойған қорғаушылық, сақтандырушылық және тәрбиелік міндеттерін тек қана белгілі бір қылмыстық-құқықтық  принциптерді сақтау арқылы ғана жүзеге асыра алады.

Қылмыстық-құқықтық принциптер – заң шығарушыға, ғылымға, құқық қорғау және қолдану органдары мен азаматтарға қылмыс пен қарсы күрес жүргізу саласындағы қажетті, негізгі және міндетті ережелердің көрінісі болып табылады.

 


Қылмыстық заң – Қазақстан Республикасының Конститутциясына сәйкес Республика Парламенті қабылдаған құқылық акті болып табылады.

Қылмыстық Кодекстің Ерекше бөлімнің баптары топтық және түрлік болып екіге бөлінеді. Топтық баптар біртектес қылмыстардың ортақ және соларға тән белгілерін анықтайды. Мысалы, Қылмыстық кодекстің 366-бабында - әскери қылмыстардың түсінігі берілген. 307-бапта лауазым адамының түсінігі айтылған. Топтық баптардың түсінігі әртүрлі тарауда орналасқан, әртүрлі қылмыс топтарын бір – бірінен жіктеуге мүмкіндік береді. Түрлік баптар бойынша заңда көрсетілген жекелеген қылмыстың белгілері және осы қылмысты істегенде қандай жаза тағайындалу керек екендігі көрсетіледі. Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінің баптары диспозициядан және санкциядан құралады. Кодекстің Ерекше бөлімі бабындығы қылмыстың атауын және оның белгілеріне сипаттама беретін жағын диспозиция деп атаймыз. Мысалы, Қылмыстық кодекстің 120-бабындағы әйелді зорлаудың диспозициясы былай «зорлау, жәбірленушіге немесе басқа адамдарға күш қолданып немесе қолданбақшы болып қорқытып, не жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып, жыныстық қатынас жасау» деп көрсетілген. Диспозицияның төрт түрі бар:

 


Қолданып жүрген Қылмыстық кодексте санкцияның екі түрі көрсетілген.

 


Қылмыс санаттары деп оларды нақты белгілері бойынша топқа бөлуді айтамыз. Қылмысты санаттауға іс-әрекеттің қоғамға қауіптілігінің сипаты мен дәрежесі немесе қылмыс құрамының жекелеген элементтері негіз болады. Қылмыстық заңды қылмысты санаттаудың үш түрлі көрінісі қалыптасқан. Ол біріншіден, іс-әрекеттің қоғамға қауіптілігінің сипаты мен дәрежесіне қарап қылмысты төрт түрлі санатқа бөлу, екіншіден, қылмыстың обьектісі бойынша санаттау. Осы белгі бойынша барлық қылмыстарды Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінде бірнеше санатқа бөлініп, объектісінің маңыздылығына қарай бірінен соң бірі орын алған, мысалы адам өміріне қарсы, мемлекеттің егемендігіне, басқару тәртібіне, меншікке қарсы, әскери қылмыстар т.б. Үшіншіден, қоғамға қауіптілік дәрежесі бірдей қылмыстар қоғамға қауіптілік сипаттарына қарай жай, күшейтілген (квалифицированные), артықшылық берілген (привилегированные) болып бөлшектенеді. Мысалы: кіріс өлтіру, ауырлатпайтын және жеңілдетпейтін жағдайда кісі өлтіру, жеңілдететін жағдайда жан күйзелу, қажетті қорғану шегінен асып кісі өлтіру болып бөлінеді. Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық кодексінде қылмысты санаттау туралы арнаулы норма енгізіліп, онда қылмыстар сипатына және қоғамға қауіптілік дәрежесіне және кінәнің түріне байланысты онша ауыр емес, ауырлығы орташа, ауыр және аса ауыр болып санаттарға бөлінген.

 


Қылмыстық кодекстің 10-бабына сәйкес:

Жасалғаны үшін осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза екі жылға бас бостандығынан айырудан аспайтын қасақана жасалған әрекет, сондай-ақ жасалғаны үшін осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза бес жылға бас бостандығынан айырудан аспайтын ең ауыр жаза бес жылға бас бостандығынан айырудан аспайтын абайсызда жасалған әрекет онша ауыр емес қылмыс деп танылады.

Жасалғаны үшін осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза бес жылға бас бостандығынан айырудан аспайтын қасақана жасалған әрекет, сондай ақ жасалғаны үшін бес жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген абайсызда жасалған әрекет ауырлығы орташа қылмыс деп танылады.

Жасалған үшін осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза он екі жылдан бас бостандығынан айырудан аспайтын қасақана жасалған әрекет ауыр қылмыс деп танылады.

Жасалғаны үшін осы Кодексте көзделген ең ауыр жаза он екі жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза немесе өлім жазасы –қасақана жасалған әрекет аса ауыр қылмыс деп танылады.

9.3 Қылмыс құрамның түсінігі және маңызы

Қылмыстық заңда қылмыстың жалпы түсінігі берілген, сонымен бірге Ерекше бөлімде нақты қылмыстар жеке – жеке көрсетілген. Қылмыстық заң қылмыс құрамы деген түсінікті ашпайды. Бұл түсінікті қылмыстық құқық теориясы ғана береді. Қылмыстың құрамы деп – қылмыстық заң бойынша қоғамға қауіпті іс-әрекеттерді белгілі бір қылмыстың қатарына жатқызуға мүмкіндік беретін қылмыстың объективтік және субъективтік жақтарынан құралған элементтердің  және олардың белгілерінің жиынтығын айтамыз. Қылмыс құрамының әрқайсысы оның субъективтік және объективтік белгілерімен сипатталады. Барлық жүйелер секілді қылмыстың құрамы да белгілі бір элементтерден тұрады. Осы белгілердің қосымша жүйелерінің ең болмағанда біреуінің жоқ болуы жүйенің болмауына, яғни қылмыс құрамының тұтастай жоқ болуына әкеп соғады. Бұл жерде қылмыс құрамының элементтері деп, қылмыс құрамы жүйелерін құрайтын бастапқы компоненттерді атаймыз. Қылмыс құрамының белгілеріне мынадай 4 түрлі элемент жатады: объект, объективтік жағы, субъект, субъективтік жағы.

 


9.4 Қылмыстық жаза: ұғымы, түрлері мен мақсаты

Қылмыстық жаза мемлекеттік күштеу шараларының бірі болып табылады және ол мемлекеттің қылмыспен қарсы күрес жүргізу құралдарының бірі ретінде қолданылады. Мемлекет қылмысқа қарсы күрес жүргізуде әртүрлі ұйымдастырушылық, тәрбиелік, экономикалық, рухани шаралардың барлық түрін кеңінен қолданады, сөйтіп қылмыстан сақтандыру мәселелеріне ерекше көңіл бөледі. 

Сотталған адамға келтірілетін бас бостандығынан айырудың мәніне қарай жазаның түрлері мынадай топтарға бөлінеді:

1)  Сотталған адамға моральдық жағынан әсер ететін жаза түрлері. Бұған жататындар: қоғамдық жұмыстарға тарту, арнаулы, әскери немесе құрметті атағынан, сыныптық шенінен, дипломатиялық дәрежесінен, біліктілік сыныбынан және мемлекеттік наградадан айыру .

2)  Сотталған адамның құқығынан шек қоюмен байланысты жаза түрлері: белгілі бір лауазым атқару немесе белгілі бір қызметпен шұғылдану құқығынан айыру, әскери қызмет бойынша шектелу.

3)  Сотталған адамды материалдық жағынан айыруға байланысты жазалар: түзеу жұмыстары, айыппұл, мүлік тәркілеу.

4)  Сотталған адамның құқығынан немесе бас бостандығынан айыруға байланысты жаза түрлері: өлім жазасы, бас босандығынан айыру, қамау, тәртіптік әскери бөлімде ұстау. Жаза түрлерін топтастырудың бұдан басқа түрлері жалпыға мәлім. Жаза жүйелеріне кіретін барлық жаза түрлері негізінен үш топқа бөлінеді: Бірінші топты негізгі жазалар құрайды. Негізгі жазалар дегеніміз заң бойынша жеке – дара жаза ретінде, жазаның мақсатын жүзеге асыру үшін қолданылатын жаза түрлерін айтамыз. Қылмыс жасады деп танылған адамдарға мынадай негізгі жазалар:

а) айыппұл салу;

б) белгілі бір лауазым атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру;

в) қоғамдық жұмыстарға тарту;

г) түзеу жұмыстары;

д) әскери қызмет бойынша шектеу;

е) бас босатандығынан шектеу;

ж) қамау;

и) тәртіптік әскери бөлімде ұстау;

к) бас бостандығынан айыру;

қ) өлім жазасы қолданылуы мүмкін.

Қосымша жазалары сотталушыны кінәлі деп таныған заң баптарында көрсетілген шекте тағайындалады. Қосымша жаза жеке-дара тағайындалмайды, ол тек қана негізгі жазаға қосылып тағайындалады.

Сотталғандарға негізгі жазалардан басқа мынадай қосымша жазалар:

а) арнаулы, әскери немесе құрметті атағынан, сыныптық шенінен, дипломатиялық дәрежесінен, біліктілік сыныбынан және мемлекеттік наградаларынан айыру;

б) мүлкін тәркілеу қолданылу мүмкін (39-бап, 2-бөлігі).

Үшінші топқа негізгі де, қосымша да жаза ретінде қолданылатын жазалар жатады. Оларға жататындар: айыппұл салу, белгілі бір лауазым атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру. Осы көрсетілген жаза түрлері негізгі жаза ретінде тағайындалуы да немесе басқа жазаға заңда белгіленген реттерде қосымша жаза ретінде қоса тағайындалуы да мүмкін.

Пысықтау сауалдары

1.  Қылмыстық құқықтың жалпы сипаттамасы мен анықтамасы.

2.  Диспозицияның түсінігін және олардың түрлерін түсіндіріңіз?

3.  Қылмыс санаттары нақты белгілері бойынша қандай топқа бөлінеді?

4.  Қылмыс жасады деп танылған адамдарға қандай негізгі жазалар қолданылады?

Әдебиеттер тізімі

1. А.Н. Ағыбаев.  Қазақстан  Республикасының   Қылмыстық  құқығы  (Жалпы бөлім). – Алматы, 2007. 

2.  Алауханов. Е. Қылмыстық құқық. Оқу құралы. – Алматы, 2013.

3. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 шiлдедегi N 167 Кодексi (өзгертулер мен толықтырулар 2014 ж.).

4.Уголовное право Республики Казахстан. Особенная часть: Учебник / Под ред. проф. А.Н. Агыбаева, Г.И.   Баймурзина. – Алматы, 2013.

10 дәріс. Қазақстан Республикасының іс жүргізу құқығы (2 сағ.)

Жоспар:

1)  Іс жүргізу құқығының конституциялық негізі.

2)  Әкімшілік іс жүргізу құқығының ұғымы, әдісі мен қағидаттары.

3)  Азаматтық іс жүргізу құқығының түсінігі, міндеттері мен сатылары.

4)  Қылмыстық іс жүргізу құқығының мәні, кезеңдері мен ерекшеліктері.

 

Дәрістің мақсаты: іс жүргізудің мазмұнын ашу, іс жүргізуге қатысушы тұлғалар мен  сатыларды анықтап, құқықтық даудың кінәлі тарабына заңды жауапкершіліктің тиісті шараларын қолдану қажеттігін талап ету.

10.1 Іс жүргізу құқығының конституциялық негізі

   

Конституциялық іс жүргізу – Қазақстан Республикасының Конституциясында «конституциялық іс жүргізу» ұғымы өзінің міндеттерін – импичментін жүзеге асыруға Президент қаблетсіз болған жағдайда оның қызметінен мезгілінен бұрын босатылуына байланысты қолданылады(47–бап). Сонымен бірге конституциялық іс жүргізу басқа да бірқатар конституциялық мәселелерді, мысалы, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін, Президенттің заңға қол қоюы үшін конституциялық және жәй заңдарды қабылдау үшін және басқалары үшін қарастырылған.

Материалдық және іс – жүргізуші конституциялық – құқықтық нормалар өзіндік қырымен ерекшеленеді. Қылмыстық, азаматтық, әкімшілік құқықтан айырмашылығы конституциялық құқықтың конституциялық нормаларды жүзеге асырудың жалпы біржақты тәртібін белгілейтін мамандандырылған іс жүргізуші саласы жоқ. Алайда, бұл конституциялық құқықта іс жүргізетін нормалар жоқ деген сөз емес. Конституциялық құқықтық нормалармен реттелетін қоғамдық қатынастар тобының қай – қайсысының да өзіндік іс жүргізу нормалары бар. Айталық, Парламенттің заңдар қабылдауының белгілі бір тәртібі, Президент импичментінің, Парламентке депутаттар сайлауын өткізу, референдум өткізу тәртібі және басқалары конституциялық нормалармен белгіленеді.

10.2  Әкімшілік іс жүргізу құқығының ұғымы, әдісі мен қағидаттары

Әкімшілік іс жүргізу – материалдық әкімшілік құқықтық нормаларды жүзеге асыру мақсатында жасалатын әрекеттер жиынтығы. Әкімшілік іс жүргізу атқарушы билік органдары іс-әрекеттерінің әкімшілік процеуалдық нормалармен реттелуі.

Әкімшілік іс жүргізу – жеке әкімшілік істерді заңды және объективті түрде қарап, шешуді қамтамасыз ететін процессуалдық іс-әрекеттерді атқарудың нормамен реттелген тәртібі. Мысалы: азаматтардың шағымдарын қарау тәртібі,  лицензиялау тәртібі, әкімшілік мәжбүрлеу шараларын қолдану тәртібі, т.б.

Әкімшілік іс жүргізудің 2 түрі болады:

1) рәсімдеушілік іс жүргізу; мұны атқарушы органдардың әкімшілік құқықтық нормалармен реттелген әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру жөніндегі өкім етушілік іс-әрекеттері құрайды, мыс: рұқсат беру, тіркеу, т.б.

 2) юрисдикциялық іс жүргізу, бұл атқарушы органдардың құқық қорғау функцияларын жүзеге асыруы. 

Әкімшілік іс жүргізудің ерекшеліктері:

1)  Мемлекетпен тікелей байланысты, себебі әкімшілік іс жүргізу билікті жүзеге асырудың ерекше тәсілі. Оның негізін уәкілетті басқару органдарының іс-әрекеттері құрайды.

2)  Нақтылы басқару істерін шешуге бағытталған.

3)  Соттан тысқары жолмен шешілуі.

Әкімшілік іс жүргізу қағидалары мыналар:

1)  Заңдылық.

2)  Құзыреттілік.

3)  Мемлекет пен жеке адам мүдделерін қорғау.

4)  Процессуалдық теңдік.

5)  Лауазымды адамдардың жауапкершілігі (процесті дұрыс әрі тиімді жүргізуі үшін, шағымдарды қарау барысындағы төрешілдік көрсеткені үшін).

6)  Жариялылық.

7)  Тиімділік, үнемділік (іс жүргізу аз уақытта көп шығын шығарылмай жүзеге асырылуы).

8)   Қол жетімділік, процесте тараптардың әрқайсысы жеке іс қараудың барлық сатыларында кедергісіз қатысу мүмкіндігіне ие.

Әкімшілік юрисдикция дегеніміз – атқарушы билікті жүзеге асыру барысында пайда болатын,  әкімшілік құқықтық дауды қарап шешу, олардың қатысушыларының мінез-құлқын құқықтық бағалау және кінәлі тарапқа қажет болған жағдайларда  заңдық жауапкершілік шараларын қолдану мақсатында өкілетті атқарушы органдардың, лауазымды тұлғалардыың соттан тысқары тәртіппен жүзеге асыратын әкімшілік-процессуалдық қызметі.

Әкімшілік іс жүргізу сатылары:

-  істі қозғау;

-  істі қарау;

-  іс бойынша шешім шығару;

-  шешімге шағымдану не наразылық жасау негізінде іс бойынша қаулыны қайта қарау;

-  шешімді орындау.

ӘҚБтК бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы кез келген іс бойынша құқық нормасын бірнеше органдар қолдана алады. Іс бір органнан екінші органға жиі беріледі, мұнда олардың әрқайсысы тек өзінің құзыретіне жатқызылған құқық қолдану іс-әрекеттерін ғана атқарады. Мысалы, мемлекеттік инспекциялар мен олардың лауазымды адамдары құқық бұзушылыықтарды анықтайды, бұзушыны ұстайды, хаттама жасайды; заңмен өкілеттік берілген басқа органдар мен лауазымды адамдар істі қарайды; банк мекемелері айыппұл ақшаларын қабылдайды; сот орындаушылары әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны орындайды, т.б.

Әкімшілік юрисдикция органдары: мамандандырылған әкімшілік соттар судьялары; заңмен уәкілеттік берілген мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілетті органдар мен лауазымды тұлғалар:

-      мамандандырылған әкімшілік және аудандық (қалалық) соттардың судьялары;

-      ішкі істер органдары;

-      мемлекеттік өрт қадағалау органдары

Әкімшілік іс жүргізудің өзге қатысушылары мыналар:

-      өзі жөнінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізіліп жатқан адам;

-      жәбірленуші;

-      заңды өкілдер;

-      қорғаушы;

-      жәбірленушінің өкілі;

-      куә;

-      маман;

-      сарапшы;

-      аудармашы;

-      прокурор.

10.3 Азаматтық іс жүргізу құқығының түсінігі, міндеттері мен сатылары

Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңдары соттардың заңдармен өз құзыретіне жатқызылған талап қою және өзге істерді қарау мен шешу барысында сот төрелігін атқаруы кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.

Азаматтық сот ісін жүргізудің міндеттері: азаматтық сот ісін жүргізудің міндеттері азаматтардың, мемлекеттің және ұйымдардың бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау, заңдылық пен құқық тәртібін нығайту, құқық бұзушылықтың алдын алу болып табылады. Азаматтық істер бойынша сот төрелігін азаматтық іс жүргізу заңдарында белгіленген ережелер бойынша тек қана сот жүзеге асырады. Азаматтық сот ісін жүргізу тараптардың айтысуы мен тең құқықтылығы негізінде жүзеге асырылады.

Соттың бірінші сатысындағы азаматтық істерді соттың атынан әрекет ететін судья жеке-дара қарайды. Iстердi апелляциялық сотта немесе қадағалау сатысындағы соттарда қарауды соттың алқалы құрамы жүзеге асырады. Іс алқалы түрде қаралған кезде соттың құрамына саны тақ (кем дегенде үш) судья кіруге тиіс, олардың біреуі төрағалық етуші болып табылады.

Азаматтық процесс жеке сатылардан тұратын үдемелі қозғалыс болып табылады. Процесс мынадай сатыларға бөлінеді:

-     сотта азаматтық істің қозғалуы;

-     істі сотта қарауға әзірлеу;

-     істі бірінші сатыдағы сотта мәні бойынша қарау;

-     істі апелляциялық тәртіппен қарау;

-     заңды күшіне енген сот шешімдерін, ұйғарымдарын, қаулыларын қадағалау тәртібімен қайта қарау;

-     заңды күшіне енген шешімдерді, ұйғарымдарды, қаулыларды жаңадан ашылған мән – жайлар бойынша қайта қарау;

-     атқару ісін жүргізу.

10.4 Қылмыстық іс жүргізу құқығының мәні, кезеңдері мен ерекшеліктері

Қылмыстық іс жүргізу құқығы дегеніміз соттың, прокуратура, алдан-ала тергеу және анықтау органдарының қылмыстық іс бойынша қозғауды, тергеуді, қарау және шешу қызметтерін реттейтін құқықтық нормалардың жүйесі болып табылады.

Қылмыстық іс жүргізу бірнеше кезеңдерге бөлінеді. Қылмыстық іс жүргізу сатылары -  алдына қойған мақсаты, мерзімі, арнайы субъектер жүргізетін, шығаратын процессуалдық шешімі бар,  бір-бірінен дербес, бірақ, өзара байланысты қылмыстық іс жүргізудің бөлімдері болып табылады.

Қылмыстық іс жүргізу сатыларына- қылмыстық істі қозғау, алдын-ала тергеу, басты сот талқылауын тағайындау, басты сот талқылауы, үкімді орындау, апелляциялық өндіріс.

Қылмыстық іс қозғау сатысы қылмыстық процестің бірінші сатысы болып табылады. Осы сатыда іс өндірісінің ары қарай жүргізілуі, қылмыстық өндірістің пайда болу мәселесі шешіледі. Іс қозғау сатысында тергеуші, анықтаушы,  прокурор қылмыстық процестің алдына қойылған жалпы және арнайы мақсаттарға жету үшін  бірнеше тергеу әрекеттерді жүзеге асырады.

Алдын- ала тергеу сатысы – қылмыстың мән-жайлары, келтірілген зиянның сипаты мен мөлшері, қылмыстық-құқықтық саралау туралы тергеу әрекеттер арқылы дәлелдемелер   жиналып тергеу версиясы қалыптасатын сотқа дейінгі қылмыстық процестің ауқымды бөлімі болып табылады. Алдын-ала тергеу қылмыстық іс қозғалғаннан кейін басталатын саты. Алдын- ала тергеу екі нысанада жүргізіледі: 1) анықтау , 2) алдын ала тергеу.

Алдын-ала тергеу сатысы  келесі нысанда аяқталуы мүмкін:

-  қылмыстық істі қысқарту;

-  айыптау қорытынды;

-  медициналық мәжбүрлеу шараларын қолдану үшін  істі сотқа жіберу.

Саты айыптау қорытындысымен аяқталғанда прокурор  іс материалдарымен танысып, жеткілікті  деп санағанда, іс  сотқа жіберіледі.

Басты сот талқылауын тағайындау сатысы екі нысанада жүргізілуі мүмкін:

-     судьяның жеке өзі шешуі;

-     алғашқы тыңдау өткізу жолымен шешу.

Судья алдын-ала тергеу барысында жиналған  материалдармен танысып, заң талаптарын сақталуын тексереді.Егер іс бойынша талаптар сақталып және жеткілікті дәлелдемелер жиналса, судья басты сот талқылауын тағайындау туралы қаулы шығарады. Заңда көрсетілген басқа  жағдайларды қарастыру қажет болса, судья тараптардың қатысуымен алғашқы тыңдау өткізіп , кажетті шешім қабылдайды.

Басты сот талқылауы- қылмыстық іс жүргізудің негізгі орталық сатысы болып есептеледі. Осы кезеңде сот қылмыстық процестің  қағидаларын басшылыққа ала отырып, айыпталушының кінәлі немесе кінәсіздігін айқындайды. Тек осы сатыда қылмыстық іс бойынша сот төрелігі жүзеге асырылады.

Апелляциялық өндіріс сатысы – заңды күшіне енбеген бірінші сатының соттары шығарған үкімдер мен қаулыларының дұрыстылығын, заңдылығын, дәлелділігін тексеретін екінші инстанциядағы сот жүзеге асыратын қылмыстық процестің кезеңі болып табылады.

Үкімді орындау- апелляциялық тәртіппен шағымдану немесе наразылық келтіру мерзімі өткен соң немесе апелляциялық сотының қаулысы шыққан соң жүзеге асырылатын саты. Үкімді орындауын бастау  осы үкімді шығарған сотқа жүктеледі. Үкім заңды күшіне енген соң судья үкімді орындау туралы нұсқау жазып, оны үкімнің көшірмесімен бірге тиісті мемлекеттік органға жібереді. Осы нұсқауға сәйкес мекеме тапсырманы орындап, сотқа ол туралы хабарлайды. Сот үкімнің орындалуы туралы біліп отыруы міндетті.

Сонымен қатар қылмыстық процессуалдық заң – қадағалау өндірісі, жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша өндіріс ерекше сатылар деп есептеледі. Осы сатылардың ерекшелігі тек ерекше жағдайларда пайда болуы және арнайы нысанада жүргізуіне байланысты болып табылады.

Қадағалау сатысы – заңды күшіне енген соттың үкімене (қаулысына) шағым беруіне немесе өкілетті прокурордың  наразылық келтіруіне байланысты пайда болатын облыстық соттың қадағалау алқасы, ҚР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер алқасы, қадағалау алқасы және Жоғарғы Соттың жалпы отырысы жүзеге асыратын кезең болып табылады.

Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша өндіріс- заңды күшіне енген соттың үкімдері мен қаулыларын қайта қараудың бір түрі болып табылатын кезең. Тек бұрын белгісіз болған мән-жайлар өндірісті бастауға негіз бола алады. Бұл саты іс жүргізуді  қозғау прокурордың өкілеттілігіне жатады.

Пысықтау сауалдары

1.  Конституциялық іс жүргізу дегеніміз не?

2.  Әкімшілік іс жүргізуге қатысушыларды атаңыз.

3.  Азаматтық сот ісін жүргізудің қандай міндеттері бар?

4.  Қылмыстық іс жүргізу қандай кезеңдерге бөлінеді?

Әдебиеттер тізімі

1.  Сапаргалиев Г.С. Конституционное право Республики Казахстан: Академический курс. Изд. 3-е, с доп. – Алматы: Жеті Жарғы, 2007. – 544 с.

2.  Қазақстан Республикасының Конституциясы 30 тамыз 1995 ж. (2 ақпан 2011 өзгертулер мен толықтырулар).

3.  Абдуллина З.К. Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу құқығы. – Алматы, 2013.

4.  Практикум по уголовно-процессуальному праву РК. Под общей ред. А.Новикова, О.Новикова, А.Рустамова. – А., 2006.

Мазмұны

Алғы сөз

3

1 дәріс. Мемлекет, құқық және мемлекетік құқықтық құбылыстар туралы негізгі ұғымдар                                                                                       

4

2 дәріс. Қазақстан Республикасының конституциялық құқығының негіздері 

9

3 дәріс. Қазақстан Республикасы әкімішілік құқығының негіздері

14

4 дәріс. Қазақстан Республикасының азаматтық құқығының негіздері

19

5 дәріс. Қазақстан Республикасының отбасы құқығының негіздері

25

6 дәріс. Қазақстан Республикасының қаржы құқығы

29

7 дәріс. Қазақстан Республикасының еңбек құқығы және әлеуметтік қамтамасыз ету құқығы

33

8 дәріс. Экологиялық және жер құқығы негіздері

38

9 дәріс. Қазақстан Республикасы қылмыстық құқық негіздері                    

42

10 дәріс. Қазақстан Республикасының іс жүргізу құқығы                        

49

2014 ж. жиынтық жоспары, реті 380

Рабиға Көлекбаевна Танирбергенова

ҚҰҚЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Барлық мамандықтар студенттері үшін дәрістер жинағы

Редактор  Қ.С. Телғожаева
Стандарттау бойынша маман  Н.Қ. Молдабекова

Басуға  _________ қол қойылды
Таралымы  300 дана.
Көлемі 3,5 оқу.  - басп. ә.
Пішіні 60х84 1/16
№ 1 типографилық қағаз
Тапсырыс____. Бағасы 1750 тг.

«Алматы энергетика және байланыс университеті»
коммерциялық емес акционерлік қоғамының
көшірмелі-көбейткіш бюросы
050013, Алматы, Байтұрсынұлы көшесі, 126