АЛМАТЫ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ БАЙЛАНЫС УНИВЕРСИТЕТІ

 Әлеуметтік пәндер кафедрасы

 

 

 

 ФИЛОСОФИЯ  

ДӘРІСТЕР ЖИНАҒЫ

 

 

 

 

Алматы 2011

                                               

ҚҰРАСТЫРУШЫ: Қ.Ш. Мұхамеджан. Философия. Дәрістер жинағы. – Алматы: АЭжБУ, 2011. – 65б.

 

         Ұсынылып отырған философиядан  дәрістер жиынтығы барлық мамандықтардың күндізгі және сырттай оқу бөлімдерінің студенттеріне арналған  

 

             Пікір беруші: филос. ғылым. д-р., доценті Қабылова А.С.  

 

         «Алматы  энергетика  және байланыс  университетінің» коммерциялық емес акционерлік қоғамының  2011 ж. баспа  жоспары бойынша  басылады.                             

 

© «Алматы  энергетика  және байланыс  университетінің» КЕАҚ,  2011 ж.

 

Алғы сөз

Қазіргі замандағы жоғары білім беру  жүйесінде міндетті түрде  оқытылатын  негізгі  гуманитарлық  пәндер  қатарына  философия  ілімі жатады. Білім  беру  саласындағы  әлемдік  тәжірибиенің  XX – ғасырдың  екінші  жартысынан  бастап  гуманистік  бағытта  дамуы, гуманитарлық  пәндердің  әлеуметтік  маңызын  арттырып, білім беру  процесінің  мәні мен  мұраттарын  жаңа  тұрғыдан  түсінуге алып келді.

«Философия» курсына  арналған  оқу бағдарламасы  қазіргі  заманғы  жоғары  білімді  инженер – маман  білуге  тиісті негізгі  философиялық  және  ғылыми  мәселелердің мәнін  көрсетеді. Пәннің  жалпы  мақсаты  да  студенттердің  - болашақ  мамандардың  - дүниетанымын   кеңейтіп,  философиялық  көзқарасын  қалыптастырып, жүйелі ойлауға  бағыттау. Семинар  сабағында  және өз бетімен  талдауға  арналған  тақырыптар  дүние,  қоғам  және  адам  туралы  мифологиялық,  діни – философиялық,  ғылыми – философиялық  көзқарастардың  ерекшеліктерін  саралап, адам  өмірінің  мәнін  сенім  мен  таным мүмкіндіктерін ашуға  арналған. Сонымен  бірге  адамзат  білімінің  қыр – сыры, оның  қазіргі заманғы  қоғамдағы  дамуы және рөлі адами – рухани  құндылықтардың  күнделікті өмірдегі  маңызы,  шығармашылық  өнердің  мүмкіндіктері мен  болашағы  жайында мәселелер талданады.

«Философия» пәнінің  оқытылуы  студенттерді парасаттылыққа және  эстетикалық талғам  қалыптастыруға  тәрбиелейді. Ең маңыздысы  жастар философия  тарихымен   таныса  отырып,  ғасырлар  бойы  жинақталған  рухани  байлықты игереді, сол арқылы адам  бойындағы  қасиеттерге, тұлғаның қалыптасуы,  бостандыққа ұмтылуы, қоғамдық  қатынастар  мен үйлесімділіктің  мәнін түсіндіретін  заңдылықтарға  баға  береді. Адам мен табиғат, адам мен  қоғам  арасындағы  байланыстар, қазіргі заманғы  ауқымды тауқыметтер, адамзат  мәдениеті мен жер бетіндегі тіршіліктің болашағы, жалпы   адамзаттық  игіліктердің тағдыры мен даму үрдісі  туралы өз пікірлерін қалыптастырады. Әлемде және  елімізде болып  жатқан  саяси -  әлеуметтік өзгерістерге, ұлттық құндылықтарымызға баға бере отырып, философиялық  зерделік – логикалық,  жүйелі сыншыл тұжырымдардың  мәнін  түйсінеді.

Лекция дәрістерінде қысқаша бағыт – бағдар, әлемдік  философияның  тарихынан жалпылама  мәліметтер  ғана берілсе, семинар  сабақтарында және  студент  өзіндік  жұмыстарды  орындаған  кездері нақтылы  бір  философиялық   көзқарастарға  немесе  жекелеген  данышпандардың  пікірлеріне  талдау жасалады. Семинар  сабағы студенттің  жинақтаған  білімін, ойлау және  шешендік деңгейін  көрсетуіне  мүмкіндік  береді. Тек сөйлеуге  үйретіп  қоймай, дәлелді түрде  өзі таңдаған  даналық  ойды немесе  өзінің  төл пікірін  қорғауға дағдыландырады. Философияны  оқып – түсінудегі басты мақсат  рухани  құндылықтардың, өмірдің шынайы мәнін анықтау  болғандықтан  және  пенделік  пен  адамгершіліктің, бақыт  пен  бақытсыздықтың, ізгілік  пен  зұлымдықтың, ақиқат  пен  жалғанның  ара – жігін ашуға  тірелетіндіктен, әртүрлі пікірлер мен  тұжырымдарды  саралап салыстыруға тура келеді. Философияның  басқа ілімдерден  және  көзқарас  формаларынан айырмашылығы - аталған  мәселелер  туралы  нақтылы,  біржақты, абсолютті  ақиқат  деп  танитын  анықтамалар  жоқ. Дүниеге философиялық  көзқараспен  қарайтын  адам  ақиқатты  өзі іздеуі тиіс. Ал,  философия  тарихында жинақталған  білім  мен  тәжірибе нәтижелері тек  қана бағыт – бағдар  береді.   Қорыта  айтқанда  пәннің   негізгі  мұраты  оқушыны  пенделікпен  күресіп, адам болуға, өзін - өзі тәрбиелеуге, сыңаржақты ойлап   өмір сүрмей  жан – жақты  ойлап,  іс - әрекет  жасауға  бағыттау.

Осы мақсаттарға  жету жолында  мынандай мәселелерді шешуіміз  қажет:

- адамзаттың мәдени  тәжірибесін, ойлау  және тану  формаларын саралап, оларды салыстыра  отырып, жалпы адами  құндылықтар тұрғысынан талдау;

- әлемдік  философия  тарихында  қалыптасқан  көзқарастар мен концепцияларға объективті бағасын беруге тырысу;

- данышпандар мен әулиелер айтқан  пікірлер  мен нақыл  сөздердің мағынасын  түсініп, үндестігі мен айырмашылығына назар салу;

- қазіргі заманғы адамзат қоғамының  даму бағыттары мен үрдістеріне тарихи және болашақтағы нәтижелер тұрғысынан баға беру   және болжамдар  жасау;

- ұлттық  философияның тарихымен  таныса отырып, оның  қазіргі кезеңдегі даму  ерекшеліктерін  анықтау және  мәнін  айқындау;

- философиялық  көзқарасымызды  қалыптастыра отырып, ойлау және сөйлеу  мәдениетіне үйрену, жүйелі ой, пікір айтуға дағдылану; 

- дүниеге, өмірге деген көзқарасты жүйелеп, шынайы адами  құндылықтарды  анықтап, абсолютті ақиқатты тануға ақыл – сенімімізді бағыттау;

Осы  аталған мәселелерді шешіп,  белгілі  бір  нәтижеге жету үшін  семинар  сабақтары  өткізіліп, студенттер өзіндік  жұмыстар  атқарады. Аудиториялық  уақыт  шектеулі болғандықтан  кредиттік  оқу жүйесі бойынша,  студент  сабақтан  тысқары  кездері семестрлік  жұмыстар  орындап,  әртүрлі қосымша әдебиеттерді  оқуы  тиіс. Философия  басқа  да әлеуметтану, жаратылыстану және  техникалық  ғылымдармен  тығыз  байланыста  дамиды  және  адамтану  ілімінің негізі  болып  табылады. Философия  барлық  жоғары  оқу орындарының  бірінші – екінші  курс  студенттеріне  оқытылады, ал  оған  дейін  орта  мектеп  оқушылары  қоғамтану  және  жаратылыстану   ғылымдарының  негізімен танысып, белгілі бір  дәрежеде білім қорымен  және  өмірлік  тәжірибемен келеді.

Семинар  сабақтарында  студенттерге  қойылатын талаптар мен шарттарға келсек, олар  мыналар:

- философия  тарихында  қалыптасқан  негізгі  ұғымдардың мағынасын  түсініп, оларды өз дәрежесінде қолдана білу;

- семинар  сұрақтарын  немесе өзіндік  жұмысты  талдаған   сәтте әртүрлі философиялық  көзқарастар  тұрғысынан қарай отырып, жүйелі  түрде түсінігін айтып  жеткізу;

- әртүрлі  концепциялардың  өзіндік  мағынасын  және  тарихи  негізін, пайда болу  заңдылығын, адамзат үшін  құндылығын,  анықтаған  өзіндік көзқарасын білдіру;

- ойлау  және сөйлеу мәдениетін қалыптастырып, әртүрлі пікірлерді сабырмен қабылдау және өз пікірін логикалық  заңдылықтарды сақтай отырып жеткізе білу.

 

1 Дәріс. Философия – дүниетаным ретінде

 

1 Философияның негізгі сұрағы.

1.1 Философияның пайда болуы.

1.2 Философия пәнінің негізгі бөлімдері.

1.3 Философиялық дүниетаным және дүниетанымның тарихи түрлері.

1.4 Философиялық білімнің ерекшелігі (екіұдайлығы).

1.5 Философияның функциялары.

 

1 Философияның негізгі сұрағы

 

Философияның дәстүрлі негізгі сұрағы деп - ойлаудың болмысқа, болмыстың - ойлауға (санаға) қатынасы мәселесін айтады.

Сұрақтың негізгі болуының мәні, маңыздылығы: адамның (философияның басты міндеті болып табылатын) қоршаған дүние және ондағы адам орны туралы тұтас білім жинақтауы, қандай сипаттағы жүйе құруын - дәл осы сұраққа беретін жауабына тікелей байланыстылығында.

Материя және сана (рух)  - болмыстың қарама-қарсы және ажырамас екі сипаты. Осыған байланысты философияның негізгі сұрағынан оның  екі - онтологиялық және гносеологиялық жақтары туындайды.

Философияның негізгі сұрағының онтологиялық (болмыстық) жағы: «не бірінші: материя ма, әлде, сана ма?»  деген сұрақпен беріледі.

Философияның негізгі сұрағының гносеологиялық (танымдық) жағының мәні - «Дүние таныла ма, әлде танымнан тыс па? Таным процесінде не бірінші?» - деген сұрақ.

Философияның негізгі сұрағына беретін жауаптарына қарай адамдар:

1) материалистерге;  

2) идеалистерге;  

3) дуалистерге бөлінеді.

 

 

 

1.1 Философияның пайда болуы

 

Философия біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдықтың ортасында, бір-біріне байланыссыз, дербес және тәуелсіз түрде Ежелгі Үндіде, Ежелгі Қытайда және Ежелгі Грецияда пайда болды. Және барлық үш аймақта да философия – мифология негізінде қалыптасты. Бастапқыда философиялық даналық-дәстүрлі өмір салт пен түсінікке қарсы бағытталған сын, патриархалды қағидалардың әділдігі мен ақиқаттығына білдірілген алғашқы күмән ретінде қалыптасты. Өйткені табиғи және әлеуметтік шындықты жеткілікті түсіндіре алмаған діни-мифологиялық сананың дағдарысы кезеңінде ақиқатты жалпыдан, табиғиды жасандыдан ажырату, жаңа өмірлік бағдар мен берік те сенімді дүниетаным құру қажеттілігі туды. Дүние және адамды рационалды ұғыну талпыныстары алдымен алғы философияға, содан соң философияға әкелді.

 

Философияның қалыптасу кезеңдері

Мифология

 

Алғашқы қауымдық мәдениет және барлық өркениеттер мәдениеті

 

Алғы философия

 

Египет

Үнді

Месопотамия

Иудея

Қытай

Греция

 

Философия

 

Үнді

Қытай

Греция

 

Басқа аймақтардағы философиялық ой кештеу пайда болды және олар осы үш елдің бірінің философиялық ілімінің негізінде дамыды.

«Философия» ұғымы (грекше  «филео»-құштарлық, махаббат; «софия»-даналық)  «даналыққа құштарлық»  деген мағына береді. «Философия»  атауын тарихта алғаш қолданған Пифагор болды.

-  Ей, дана (софист)! – дегендерге:

-  Мен дана (софист) емеспін, бар болғаны даналыққа құштармын (философистпін). Нағыз даналық Құдайға ғана тән! - деп жауап берген екен Пифагор.

 

1.2 «Философия»  пәнінің негізгі бөлімдері

 

Философия пәні деп философия қарастыратын мәселелер мен сұрақтарды айтады. Философия пәні мынадай негізгі бөлімдерден құралады

1)     онтология (болмыс туралы ілім);

2)     гносеология (таным туралы ілім);

3)     антропология (адам туралы ілім);

4)     аксиология (құндылықтар туралы ілім);

5)     этика (мораль туралы ілім);

6)     логика (ойлау заңдары туралы ілім);

7)     эстетика (сұлулықтың заңдары мен канондары туралы ілім).

 

Философтардың философия туралы түсініктері

 

Философ немесе философиялық бағыт

Философия пәні туралы түсінік

1

Пифагор

Даналыққа кұштарлық.

2

Гераклит

Философ – зерттеулермен айналысатын адам.

3

Сократ

Ізгілік пен зұлымдықты тануға бағытталған ерекше ғылым.

4

Платон

Мәңгі ақиқат болмысты тануға бағытталған ерекше ғылым. 

5

Аристотель

Заттардың себептері мен қағидаларын зерттеу.

6

Эпикур

Ой арқылы бақытқа жету жолы.

7

Сенека

Философия – ізгі кеңес.

8

Ортағасырлық христиандық философия

Құдайлардың бар екенін дәлелдеу және рационалды таным құралы. Киелі жазбалардағы ақиқатты түсіндіру.

9

әл – Фараби

Мақсаты әсемдікке жету болып табылатын - өнер.

10

Ф.Бэкон, Р.Декарт

Ұғымдық форма арқылы берілген тұтас ғылым.

11

Кант

Дүниені абстрактылы метафизикалық ұғымдар арқылы тану құралы.

12

Гегель

Өзін-өзі танитын Абсолютті ақыл туралы ғылым.

13

Шопенгауэр

Философия – дүниені жалпы, абстрактылы ұғымдар түрінде бейнелеу түрі.

14

Жанды Этика ілімі

Рухани интуиция мен ақылға негізделген дүниені тану құралы, адамды рухани жетілдіру жолы.

 

 

 

 

 

1.3 Философиялық дүниетаным және дүниетанымның тарихи түрлері

 

Дүниетаным – дүние және ондағы адам орны туралы тұтас көзқарас. Тарих дамуында адамзат дүниетанымының үш тарихи түрі қалыптасты:

1)     мифология;

2)     дін;  

3)     философия.

Мифология (гректің «миф» - «аңыз» сөзінен) - қоршаған дүние туралы реалды түсінікпен қатар фантастикалық қиялдың қосындысынан тұратын ежелгі қоғам дүниетанымы, қоғамдық сананың формасы.

 

Миф жауап беруге тырысатын негізгі сұрақтар:

1)     Әлемнің, Жердің және адамның жаратылуы.

2)     Табиғи құбылыстар туралы түсінік.

3)     Адам өмірі, тағдыры мен өлімі, әрекеті, жетістіктері, т.б.

4)     Борыш, ар-намыс, имандылық мәселелері.

 

Мифтің белгілері және жалпы сипаты:

1)     табиғатты жанды тіршілік ретінде қабылдау;

2)     фантастикалық құдайларға, олардың өзара қатынасына, байланыстарына сену;

3)     абстрактылы ойлаудың (рефлексияның)  болмауы;

4)     мифтің нақты өмірлік міндеттерді (шаруашылық, стихиядан қорғану,т.б)  шешуге бағытталған практикалық сипаты;

5)     мифологиялық сюжеттердің біркелкілігі мен тереңге бойламайтын үстірт, жеңіл мағыналылығы.

Дін – (латынның  «религия»-«құдайшылдық»  сөзінен) - сенімге негізделген, адам өмірі мен қоршаған дүниені басқаратын, жарататын құдіретті күштердің барын мойындайтын дүниетаным  түрі. Діни дүниетаным  адамнан дүние туралы сезімдік, образды- эмоцианалды түсінікті талап етеді. Діннің мақсаты мен мағынасы – қоғам мен жалпы адамзаттың назарын Құдайға бағыттау арқылы бір бағытқа жұмылдыру, орталықтандыру, сол арқылы адамды және осы дүниелік болмысты мәртебелендіру.

 

Дін де миф ізденетін сұрақтарға жауап береді:

1)     әлемнің, Жердің, Жердегі тіршіліктің, адамның пайда болуы;

2)     табиғи құбылыстарға түсінік; 

3)     адам әрекеті тағдыры;

4)     адамгершілік мәселелері;  

5)     қарым-қатынас мәселелері.

 

Кең тараған ұлттық діндер:

1)     синтоизм;   

2)     индуизм;  

3)     иудаизм.

 

Негізгі әлемдік діндер үшеу:

1)     буддизм;  

2)     христиандық;  

3)     ислам.

 

Дін мынадай қызметтер атқарады:

1)     дүниетанымдық - дүние туралы жалпы түсінікті қалыптастырады;

2)     біріктірушілік - қоғамды қандай да бір идея үшін немесе идея төңірегіне топтастырады;

3)     мәдени - мәдениетке ықпал етеді немесе мәдениеттің таралуына жағдай жасайды;

4)     адамгершілікке тәрбиелейді, адамгершілікті насихаттайды (мейірбандылық, инабаттылық, жанашырлық, адалдық, сыпайылық, төзімділік, борыш идеяларын жоғары бағалайды, уағыздайды);

5)     компенсаторлық - адамның табиғат, әлеуметтік проблемалар, т.б. жағымсыз сипаттағы басқа да факторлар алдындағы әлсіздігін, қорғансыздығын басқа сипаттармен толықтырады;

6)     жүйелеушілік - адамдардың тәртіптері мен өзара қатынастарын идеялар, нормалар, дәстүр, ритуал, құқық, мораль, қағидалар,т.б. арқылы жүйелейді;

7)     мәдениет жалғастылығы - ұрпақтар арасындағы ой жалғастылығын қамтамасыз етеді;

8)     интеграциялық,  дезинтеграциялық - индивиттерді топқа немесе әлеуметтік институттарға бөлу-біріктіру.

Философия - дүниетанымның ғылыми - теориялық түрі. Философиялық дүниетанымның діни және мифологиялық дүниетанымдардан айырмашылығы:

1)     нақты ұғымдар мен категориялардан құралады;

2)     қиялға, сенімге емес, білімге сүйенеді;

3)     рефлексивті (ойдың өз- өзіне бағытталуы);   

4)     қисындылығы (ішкі тұтастық пен жүйелікке негізделеді).

Осылайша философия - рационалдылықпен, жүйелілікпен және қисындылығымен ерекшеленетін дүниетанымның жоғарғы деңгейі мен түрі.

Философияның дүниетаным ретіндегі эволюциясы 3 кезеңнен өтті:

1)     космоцентризм; 

2)     теоцентризм; 

3)     антропоцентризм.

Космоцентризм - Әлем, табиғат құбылыстары-сыртқы күштердің-Космостың күшімен, әсерімен, шексіздігімен түсіндірілетін, бүкіл тіршіліктің космостық циклдарға тәуелділігін тұжырымдайтын философиялық дүниетаным (Ежелгі Үнді, Ежелгі Қытай, т.б. шығыс елдеріне және Ежелгі Грецияға тән).

Теоцентризм - бүкіл болмыс, тіршілік - тек қана құдіреттің, Құдайдың үстемдігімен түсіндірілетін пікірге сүйенетін философиялық дүниетаным түрі (ортағасырлық Европаға тән).

Антропоцентризм - орталығында адам мәселесі тұрған философиялық дүниетаным түрі (Қайта Өрлеу дәуіріндегі Европаға, Жаңа Заманға, қазіргі заманғы философиялық мектептерге тән).

 

1.4 Философиялық білімнің ерекшелігі (екіұдайлығы)

 

Философиялық білімнің басты ерекшелігі - оның екіұдайлығында. Ол ғылыми білімге жақын: пәні, әдістері, логикалық-ұғымдық аппараты ғылыммен ортақ.

Сонымен қатар философия таза түрдегі ғылыми білім де емес. Философияның  барлық басқа ғылымдардан айрықша белгісі - адамзат жинақтаған білімдердің барынша жалпыланған түрі, теориялық дүниетаным болуында.

Философия пәні кез келген нақты ғылымдардың зерттеу пәнінен ауқымды. Философия білімді жалпылайды, кей ғылымдарды біріктіреді, бірақ барлық ғылыми білімдерді сарқып, жойып мәнсіздендірмейді. Ол ғылымдардың барлығына ортақ сипатты, құбылысты ғана қамтып, нақты, арнайы білімдерді сол ғылымның еншісіне қалдырады.

Философиялық білімнің ерекшелігі мынада:

1)     құрылымы күрделі (онтология, гносеология, логика, т.б.);

2)     барынша жалпы, теориялық сипатта;

3)     ғылымдардың негізінде жатқан базалық, басты идеялар мен  ұғымдарға сүйенеді;

4)     көбінше субъективті-философиялық жүйелерімен, идеяларымен қатар философтардың дүниетанымдарының таңбасы, ойлау ерекшеліктері де қоса беріледі; 

5)     объективті - білімдер мен құндылықтардың, өз заманының адамгершілік идеяларының жиынтығы болып табылады, өз дәуірінің ықпалына ұшырайды;

6)     таным объектілерін ғана емес, таным механизмдерін де зерттейді;

7)     рефлексия қасиетіне ие - ойдың өзіне-өзінің бағытталуы (нәрселер дүниесімен қатар, білімнің өз-өзіне бағытталуы);

8)     өзіне дейінгі философтар жасаған доктриналардың әсер-ықпалына ұшырайды;

9)     динамикалық сипатта - тоқтаусыз даму, жаңару үстінде болады;

10)барынша жалпы ұғымдарға -     категорияларға сүйенеді;

11)мәні сарқылмас терең;

12)адамның (танушы субъекттің) танымдық қабілеттерімен шектелуі;

13)логикалық тұрғыдан ешқашан біржола шешілмейтін «мәңгілік» сұрақтармен айналысады (болмыстың жаратылуы, табиғаты, материяның немесе сананың біріншілігі, тіршіліктің пайда болуы, жанның ажалсыздығы, Құдайдың бар-жоқтығы, оның дүниеге әсері, т.б.).

 

1.5 Философияның функциялары

 

Философияның қызметі (функциялары) - философияның мақсат-міндеті мен арналуы іске асатын негізгі қолданылу салалары.

Философияның негізгі функциялары мынадай:

1)     дүниетанымдық;  

2)     методологиялық;  

3)     теориялық;

4)     гносеологиялық; 

5)     аксиологиялық;  

6)     әлеуметтік;

7)     тәрбиелік-гуманитарлық; 

8)     сындарлы; 

9)     футурологиялық.

 

Әдебиеттер тізімі

1.     Әл – Фараби. Философиялық  трактаттар. – Алматы, 1973. – 425 б.

2.     Мырзалы Серік. Философия. – Алматы: «Бастау», 2008. – 644 б.                        

3.     Мамардашвили  М. К. Как  я понимаю философию. – М., 1990. – 385с.

4.     Ильенков Э.В. Философия и культура. – М., 1991. – 464 с.

5.     Лосев А.Ф. Философия. Мифология. Культура. – М., 1991. – 385 с.

6.     Маркс К. Тезисы о Фейербахе. Соч. - т.3. -  с. 1-4.

7.     Мир философии. В 2 – х частях. – М., 1991.        

8.     Философия тарихы: Оқулық / Ж. Алтай, А. Қасабек, Қ. Мұхамбетәли. –Алматы: Жеті жарғы, 1999. – 288 б.

9.     Философия: жоғары оқу орындары студенттеріне  арналған  оқулық //Құрастырған Т. Ғабитов /. - Алматы, 2002. – 441 б.

10. Философиялық  сөздік. - /Редкол: Р.Н.Нұрғалиев, Ғ.Ғ. Ақмамбетов ж.б. – Алматы, 1996. – 480 б.

11. Чанышев А.Н. Курс лекций по древней философии.  – М., 1981. – 374с.

12. Таранов П.С. Анатомия  мудрости: 120 философов: в 2 – х т. – Симферополь, 1996.

 

 

 

2 Дәріс. Ежелгі Шығыс философиясының тарихы. Ежелгі Үнді философиясы

 

2.1 Ежелгі Үнді философиясының даму кезеңдері, онтологиясы және гносеологиясы.

2.2 Үнді философиялық мектептерінің жалпы сипаты.

2.3 Ортодоксалды мектептер және Бейортодоксалды мектептер. Буддизм.

Жайнизм

2.4 Ежелгі Шығыс философиясының тарихы. Ежелгі Қытай философиясы

2.5 Ежелгі Қытай философиясындағы өзекті ұғымдар

2.6 Даосизм

2.7 Конфуций философиясы

Әдебиет тізімі

 

2.1. Ежелгі Үнді философиясының даму кезеңдері, онтологиясы және гносеологиясы

 

Ведалар б.д.д II-мыңжылдықтың екінші жартысында - I-мыңжылдықтың бас кезінде қалыптасып, бастапқыда ауызша таралды. (Жазу өнері Үндіде б.д.д  I-мыңжылдықтың ортасында ғана пайда болды, яғни көптеген ғасырлар бойына Ведалар ауызша түрде тіршілік етіп, ғасырдан-ғасырға беріліп отырды).

Үнділік философия ведалық мифологияның негізінде туып, Қасиетті Кітаптарда - Ведаларда жазылды.

Белгілі дерек көздеріне сүйене отырып, Ежелгі Үнді философиясын негізгі үш кезеңге бөлу қабылданған:

1)     б.д.д XV - б.д.д VI ғ.ғ. аралығы- ведалық кезең; 

2)     б.д.д VI - б.д.д  II-эпикалық кезең; 

3)     б.д.д II - біздің дәуіріміздің VII ғ.ғ. аралығы-сутралық кезең.

Ежелгі Үнді философиясындағы екінші (эпикалық) кезеңнің (б.д.д VI-II ғ.ғ.)  әйгілі поэзиялық деректері «Махабхарата» және «Рамаяна» эпостарында сол дәуірдің көптеген философиялық мәселелері қарастырылады.

Ежелгі Үнді философиясының кезеңдері сутралық кезеңмен (б.д.д II - б.д VII ғ.ғ.) - жеке мәселелерді қарастыратын нақты тақырыпқа арналған қысқа философиялық трактаттар кезеңімен аяқталады.

         Ежелгі Үнді гносеологиясының (таным туралы ілімінің) ерекшелігі - заттар мен құбылыстардың сыртқы, көрінетін белгілерін (европалық таным түрінің сипатын) емес, сананың нәрселер-құбылыстар дүниесімен қатынасы барысындағы процестерін зерттеу. Осыған байланысты үнді философиясында сана үш түрге жіктеледі: «пракрити» - материалды сана; «пуруша» - таза сана (әлем және адамдар пайда болған бастапқы энергия); «майя» - түстер, елестер.

         Үнді философиясында жан екі бастамадан тұрады:

1)     атман;

2)     манас.

Атман - Брахманнан адам бойына берілетін бөлшек, ұшқын. Атман бірінші, тұрақты, мәңгі.

Манас - өмір барысында қалыптасатын адам жаны. Манас адам тәртібі мен әрекетіне, тәжірибесіне, тағдырына байланысты жоғарылап, жетіледі немесе төмендеп, нашарлауы да мүмкін.

Сансара - жанның тән мен космостық  Брахман (Құдай) арасындағы тоқтаусыз, мәңгілік қозғалысы.

Карма - адамнаң келесі өмірде қандай бейнеде туылуы осы өмірдегі іс-әрекетіне байланыстылығы. Адам өмірлік сынақтар арқылы өз жанын жетілдіріп, жоғары адамшылық дамуға - мокшаға жетуге ұмтылуы тиіс. (Бұл мақсат жолында жан ондаған, жүздеген өмірлер сүруі мүмкін).

Мокша - карма тоқтайтын, жан эволюциясы, космостық Брахман мен жердегі тіршілік арасындағы үздіксіз қозғалыс аяқталатын адамшылық жетілудің жоғарғы шыңы. Мокшаға жету кез келген жанның мақсаты. Мокшаға жеткен жандар шексіз өмірлер тізбегінен босап, махатмаға - Ұлы жандарға айналады.

Ахимса - жер бетіндегі тіршілік формаларының (адамның, жануарлардың және табиғаттың) өзара байланыстылығы, біртұтастығы. Ахимсаның басты қағидасы - «Кіші бауырларға, тірі табиғатқа қиянат жасамау».

Ведалар

 

Ведалар (сөзбе-сөз «білім» деген мағынада) - б.д.д.  XV ғасырларда Орта Азия, Еділ жағалауы, Ираннан Үндіге көшпелі тайпалар-арийлер келіп қоныстанғаннан кейінгі кезеңнен жеткен тарихи-мәдени ескерткіш - діни-философиялық трактаттар жиынтығы. Бұл күнге жеткен Ведалардың 4 түрі:

1)     Ригведа.

2)     Самаведа.

3)     Яджурведа.

4)     Атхарваведа.

Ведалар мынадай бөлімдерден тұрады:

1)     «самхиталар»  -  «киелі жазбалар», діни гимндер;

2)     «брахмандар»  -  абыздар (брахмандар)  шығарған ғұрыптарды баяндау, сипаттау;

3)     «араньяки»  -  «орман тақуаларының кітабы»; 

4)     «упанишадтар»  - 1. сөзбе-сөз: «ұстаздың аяқ жағында отыру»  2. «құпия, асыл білім».

Упанишадтар Ведалардың философиялық түсініктемелер берілетін маңызды бөлімі.

 

 

 

2.2 Үндідегі  философиялық мектептердің жалпы сипаты

 

Б.д.д. VI-ғасыр шамасында Ежелгі философияның дамуы, түрлі бағыттарының, Ежелгі Үнді философиялық мектептерінің қалыптасу процесі басталды.

         Ведалық түсініктерді мойындау-мойындамауына байланысты Ежелгі Үнді философиясының мектептері (даршандар) екі топқа бөлінеді:

1)     «Астика», «ортодоксалды», «негізгі», «ведалық» - Ведалық ілімді жалғастырушы мектептер.

2)     «Настика», «бейортодоксалды», «бейведалық» - Ведалық ілімге оппозициялық мектептер.

 

Ежелгі Үндідегі философиялық мектептер

 

Ведалық ортодоксалды мектептер:

Бейведалық, бейортодоксалды мектептер:

1

Веданта(б.д.д. IV-II ғ. ) - Вьяса, Бадараяна

Жайнизм( б.д.д. VI ғ.) - Махавира

2

Вайшешика(б.д.д. VI-V ғ.) - Кананда

Буддизм (б.д.д. VII-VIғ.) - Будда

3

Миманса(б.д.д. VI ғ.) - Джаймини

Чарвака - локаята -  Брихаспати

4

Санкхья(б.д.д. VI ғ.) - Капила

Адживика -  Макхали Госали

5

Ньяя (б.д.д III ғ.) -Готам

 

6

Йога(б.д.д. II ғ.) - Патанджали

 

 

2.3  Ортодоксалды және бейордоксалды мектептер

 

Ортодоксалды немесе ведалық мектептер - Ведаларды қасиетті деп танитын және оларға сүйенетін бағыттар. Ортодоксалды ведалық мектептерге миманса, веданта және ведалармен қатар басқа білім деректерін де мойындайтын ньяя, вайшешика, санкхья, йога жатады.

Веданта - дербес мектеп ретінде басқа ортодоксалды мектептерден кешірек - (б.д. VII-VIII ғасырларда, яғни ортағасырлық дәуірде қалыптасты. Ал Ежелгі Дүниеде ведантаның алғышарттары (Упанишадтар мәтіндері, Бхагавадгита, т.б)  ғана болғаны туралы айтуға болады.

Бейортодоксалды  (бейведалық)  мектептер деп Ежелгі Үнді философиясының Ведаларды «қасиетті кітап» деп санамайтын және басқа деректерге сүйенетін ілімдерін (чарвака, буддизм, жайнизм) атайды.

Сонымен буддалық 4 ізгі (арийлік)  ақиқат мыналар:

1)     өмір - азап;

2)     азап біздің нәпсі, тілектерімізден туады (даңғойлық, дүниеқұмарлық, рахат күйге ұмтылу, т.б.);

3)     азаптан құтылудың жолы бар. Азаптан ұтылу үшін тілектерден, құмарлықтан арылу қажет;

4)     бұл дүниелік тілектерден құтылудың, нирванаға (Ұлы Азаттыққа)  жетудің және жетілудің 8 жолы бар.

1)     дұрыс көру: өмірлік бағытын буддизм ақиқаттары тұрғысынан анықтау; 

2)     дұрыс ойлау: адам өмірінің сапасы  - сол адамның ойларының сапасына байланысты; нашар ойларды ізгі ниеттерге алмастырғанда өмір де жақсарады; 

3)     дұрыс сөз: адам сөзі оның жанына, мінезіне әсер етеді, сондықтан сөз мәдениеті қадағалануы тиіс; 

4)     дұрыс әрекет: өзгеге қиянат жасамау, басқалармен және ең бастысы, өзіңмен үйлестікте гармонияда өмір сүру; 

5)     дұрыс өмір салт: әрбір әрекетте буддалық қағидаларды сақтау;         

6)     дұрыс білік: еңбекқорлық, ыждағаттылық, тыңғылықтылық;

7)     дұрыс зейін: өмір - ойға негізделгендіктен, ой жүйесін бақылау;

8)     дұрыс назар - Космоспен байланысты жүйелейтін медитацияларды үзбей жалғастыру.

Немесе «сегіздік жолдың»  келесі бір нұсқасы төмендегідей:

1)     шынайы көзқарас;

2)     шын ниет;

3)     шын сөз;

4)     шынайы іс-әрекет («ахимса» - тірі жанға зиян келтірмеу); 

5)     шынайы өмір сүру тәсілі;

6)     шынайы талпыныс  (hарам ниеттен таза болу);

7)     есте сақтау (барлығы өткінші екенін естен шығармау); 

8)     шынайы зейін қою, ойды жинақтау (ойға бату, рухани үңілу, өмірдің мәніне көз жеткізу).

Будданың 5 қағидасы:

1)     өлтірме!; 

2)     ұрлама!; 

3)     ізгілікті, иманды бол; 

4)     өтірік айтпа!;

5)     естен адастыратын, масайтатын нәрселерді қабылдама.

Буддизмнің шығуы - касталық жүйенің төменгі әлеуметтік сатысындағылардың брахмандардың үстемдік етуіне наразылық білдіруінің көрінісі болды.

 

Төрт ақиқат

Ақиқаттар

Түсіндірмелер

Өмір дегеніміз - азап

«туылу дегеніміз - азап, аурулар мен өлім азап,сүйгеніңнен айырылу азап, сүймегенге қосылу - азап. Өмірдегінің бәрі - азап»

Азаптың қайнар көзі -

біздің өз тілектеріміз

Азаптардың басты себебі - бізге әрдайым бірдеменің керек болуынан және біздің өз қалауымызға еш қол жеткізе алмауымыздан

Азаптан құтылу үшін

тілектерден арылу қажет

Тілектерден арылсақ, олардың орындалуынан азап шекпейміз

Тілектерден арылу үшін,

Буддалық  «Құтылудың

сегіз жолын» ұстану қажет

Адам өзін-өзі үгіттеп, молшылықтан бас тартқанмен, тамақ ішу, жеу, жүріп-тұру т.б тілектер сарқылмайды. Өйткені бұл тілектер өмір сүруге деген ұмтылыспен тығыз байланысты

 

Буддалық «Азаптан құтылудың сегіз жолы».

Сатылар

Түсіндірмелер

1

Дұрыс көзқарас

Төрт ақиқатты және Будданың ілімдерін толық білу

2

Дұрыс шешім

Өз өмірін Буддалық ілімге сәйкес өзгертуге деген берік шешім

3

Дұрыс сөз

Өтірік - өсектен, ауыр сөздерден, орынсыз әңгімелерден тартыну

4

Дұрыс тәртіп

Түрлі жаладан, ұрлықтан, өз тілектерін бұрыс жолмен қанағаттандырудан бас тарту

5

Дұрыс өмірсалт

Өмірді адал жолмен қамтамасыз ету: өзін аман алып қалуда харам кірісті пайдаланбау

6

Дұрыс күш жұмсау

Ақиқат жолынан таймау, жаман ойларды жойып, ақыл-ойды жаңа, адал ойлармен толықтыру, жаңарту

7

Ойды дұрыс бағыттау

Заттар мен адал тәннің өткінші екенін ұғыну: менің денем

-«Мен» емес. Дене - сүйектен, қаннан, сіңірден құралады, яғни ол ажалды, сондықтан шіритін массаға айналады. Демек оған және жойылып-жоғалатын уақытша заттарға өкіну орынсыз

8

Дұрыс назар

(төрт деңгей)

1-деңгей - ақылды қуанышпен, самарқаулықпен және таза ойлаумен рахаттандыру

2-деңгей - қуаныш пен тыныштықты ұғыну

3-деңгей - нағыз мызғымастық, тәндік сезімдерден босау және мызғымастық пен бостандықты ұғыну

4-деңгей - мызғымастық пен бостандық ұғымынан құтылу, еш мызғымастық; азап пен құтылу қажет болмайтын өзін-өзі билеу және жоғарғы селқостық жағдайы

 

Жайнизм 

 

Ежелгі Үндіде б.д.д VI-V ғасырларда пайда болып, қазірге дейін тіршілік етіп келе жатқан діни-философиялық ілім.

Негізін қалаушы - Вардхамана (б.д.д VI-V ғ) деп саналады. Вардхамана көбіне Махавира («Ұлы батыр») және Джина («Жеңімпаз») деп те аталады. «Жеңімпаз», «Ұлы батыр» есімдері - оның өз құштарлығын жеңіп, рух азаттығына жетуі құрметіне берілген.

Жайнизм өз ішінде екі негізгі бағытқа бөлінеді:  шветамбарлар  («ақ кигендер») және дигамбарлар («жалаңаштанғандар», «ауаны киім еткендер»). Екі бағыт та бірдей философиялық көзқарасты ұстанады, олардың арасындағы айырмашылық діни әрекеттің кейбір сұрақтарына ғана байланысты.

Негізгі еңбектері. б.д.д VI- ғасырда жазылған «Шветамбарлар каноны» - (бұл кітапқа Махавираның еңбектері де енген). Дигамбарлар бұл канонның ең ежелгі бөлімдерін ғана мойындайды.

Философиялық көзқарастары. Жайнистер құдайдың бар екеніне сенбейді. Олардың ілімінде «Бірегей жан» немесе Құдай жоқ: дүниеде тірі мәнге айналдырылған немесе айналдырылмаған орасан көп және өзгермейтін жан бар. Жанды да, материяны да ешкім жасамаған, олар мәңгі, әуелден бар және әрқашан болады. Жан - барлық заттар мен құбылыстарға ене алатын, тани алатын, бәрінен құдіретті болуы тиіс, әйтсе де жанның мүмкіндігі өзі өмір сүретін денемен шектелген.

Олaр сыртқы дүниені және ондағы объектілердің реалды тіршілігін мойындайды. Жайнистер ілімі бойынша, екі мәңгілік бастама және мән бар: жаратылмаған және жойылмайтын тірі джива (жан) және өлі аджива (материя, кеңістік, уақыт, эфир).

 

         2.4 Ежелгі Қытай философиясының жалпы сипаты, өзекті ұғымдары  және  даму кезеңдері

 

Қытай философиясы өз дамуында негізгі үш кезеңнен өтті:

1)     б.д.д. VII ғ. - б.д. III ғ. Ежелгі ұлттық  философиялық мектептердің пайдa болуы мен қалыптасуы.

2)     б.д.  III-XIX ғ.ғ. - Қытайға үндіден буддизмнің енуі (б.д. III ғ.) және оның ұлттық философиялық мектептерге ықпалы.

3)     б.д. XX ғ. Қазіргі кезең - қытай қоғамының тұйықтығының жойылып, қытай философиясының европалық және әлемдік философия жетістіктерімен баюы.

 

2.5 Қытай философиясындағы  өзекті ұғымдар

 

Ежелгі Қытай философиялық дәстүрі бойынша адам 3 түрлі космостық энергияның жиынтығы болып табылады:

1)     цзин;

2)     ци;

3)     Шэнь.

Цзин - тіршіліктің, жаратылыстың туылу, пайда болу қуаты. Бұл психофизиологиялық қуат екі түрге жіктеледі:

1)     «Алдыңғы Аспан ұрығы» - адамға туа берілетін гендік программа, денелік - тәндік ерекшеліктер;

2)     «Кейінгі Аспан ұрығы» - адамның өмір бойғы әрекеттерінің сипаты. Сонымен қатар цзин сексуалды энергияны да білдіреді.

         Ци - (цзин-туу энергиясымен салыстырғанда) дүние тіршіліктің құрылыс материялы қызметін атқаратын материалдық - рухани энергия.

Ци энергиясы былай жіктеледі:

1)     Заттық ци арқасында заттар мен тірі организмдер материалды формаға ие болады.

2)     рухани ци - адам және тірі тіршіліктің жаны.

Рухани ци-адам өмірінің негізі. Тәні-жаны сау, табысты, жолы болғыш адамның циі - «таза», «сәулелі». Әлсіз, ауру, жолы сәтсіз адамның циі «ауыр», «лас», «күңгірт».

Табысқа, тәндік және рухани саулыққа, бақытқа жету үшін адам өз бойын барлық артық, ауыр, лас энергиядан тазартуы қажет.

Шэнь - адам тұлғасының негізін құрайтын және (ци сияқты емес) өлімнен соң жойылмайтын адам бойындағы сарқылмас рухани энергия.

Мұндай 3 түрлі космостық энергиядан өзге қытай философиясы 2 түрлі сексуалды энергияны бөледі.

ян - ерлік бастама, сексуалды энергия;

инь - әйелдік бастама, сексуалды энергия.

Бүкіл тіршілік екі қарама - қарсылықтан құралады: тірі табиғатта адамдар, жануарлар ер-әйелге бөлінсе, өлі табиғатта да ерлік бастама ян (күн, аспан, құрғақтың, салмақсыздық-жеңілдік) және инь (Ай, Жер, тегістік, ылғал) бар.

Қытайлық дүниетаным бойынша тірі және өлі табиғат, бүкіл дүние тіршілігі негізінде Тай-цзи-ян мен иньнің бірін-бірі өзара толықтыруы, алмастыруы, бірлігімен күресі жатыр.

 

2.6 Даосизм

 

Даосизм дүние құрылысы мен тіршілігінің негіздерін және адам, табиғат, космостың байланыс жүйелерін түсіндіруге тырысатын қытайдағы ең ежелгі философиялық ілім.

Негізін қалаушысы - б.д.д. VI ғ. соңы мен V ғ. басында өмір сүрген Лао Цзы («Қарт ұстаз»).

Сонымен даосизм философиясы адам мен табиғат арасындағы қатынасты үйлестіруге бағытталды. Адамның мақсаты - Даоны (жолды) білу және іске асыру. «Даоны» - Жолды іске асыру мына ережелер арқылы өмір сүруді талап етеді.

1)     Қарапайым өмір сүру.           

2)     Жанды, рухты қанағаттандыру.

Осы ережелердің негізінде өмір сүрген адам табиғатпен және басқа адамдармен үйлесімділікте болады, оның іс-қимылдары жемісті нәтиже береді.

Дао жолынан таймау - бұл табиғилыққа қарсы шықпай өмір-өзен ағымымен жүзу. Даоны дәл қолдану - «табиғи күйге сәйкес әрекет жасау» дегенді білдіреді.

Дао болмыс та емес, бейболмыс та емес. Ол - алғашқы себеп. Бұл мағынада даоны үнді философиясындағы шуньята (бос кеңістік) ұғымымен теңестіруге болады. Дао - әмбебап, ол кез келген нәрсеге, құбылысқа ене алады және мәңгі тозбайды.

«Дао-Дэ-Цзиндегі» Дао және Дэ туралы ілімі. Дао әлем қозғалатын Ұлы Жол немесе дүниенің пайда болуын, дамуы және жойылуын реттейтін Ғарыш Заңы болуымен қатар, Дао-субстанция, яғни осы заңның негізі, көрінісі, әрі сақтаушысы. Осыдан келіп Дао - бүкіл тіршілік, мән атаулының субстанцияланған заңдылығы. Даоға игі күш-Дэ (ізгілік) тән.

Метафизика тұрғысынан алғанда, дао- бұл барлық нақтылықтың қайнар көзі, сондай-ақ барлық құбылыстың барар соңғы мақсаты. Оған тиянақты субстанционалдық негіз тән емес, ол тек тіршіліктің тууы мен өшуін қамтамасыз етеді.

Даостықтардың пікірінше бейболмыс - алғашқы, оны атауы жоқ дао деуге болады. Егер оған атау берілетін болса, ол болмысқа айналады. Бейболмыс болмысты тудырады. Болмыс - атауы бар нәрсенің субстанционалдық түпнегізі бейболмыс болғандықтан олар тұрақсызданып, жойылып бейболмысқа айналып кетеді. Осы қайта оралу ғана - тұрақтылық, ал өзгенің бәрі өзгермейді. Трактатта былай делінген: «Дао жалғызды жаратады, жалғыз екеуді  жаратады, ал екеу үшеуді жаратады, үшеуден бәрі тарайды. Бар тіршілік өз бойында инь және янды ұстайды, цимен толықтырылады және гармонияны түзеді». Үшеу деп аспан мен жер, гармонияның Ұлы заңы айтылып тұр. Ци ұғымы әлемнің қозғаушы күші деп қарастырылды.

 

2.7  Конфуций философиясы

        

Конфуций ілімі - адамды бірінші кезекте әлеуметтік өмірдің мүшесі ретінде қарастыратын ежелгі философиялық мектеп.

Конфуциандық философия қарастыратын негізгі сұрақтар:

1) Адамдарды қалай басқару керек?

2) Қоғамда өзін қалай ұстау керек?

         Конфуций ілімі қоғамды жұмсақ басқару үлгісін ұсынады. Оған мысал ретінде басшының өз қоластындағыларға - әкенің өз ұлдарына қарағанындай мейірім - қамқорлыққа немесе бағыныштылардың өзбастығына – інілердің өз ағасына қарым - қатынасындағыдай сенім - құрметке, адалдыққа, жауапкершілікке толы болу керектігін уағыздайды.

         Конфуций іліміндегі алатын ереже (жэнь - адамсүйгіштік):

         - «Өзіңе тілемейтінді басқаға жасама».

         Конфуций ілімінің басты қағидалары:

1)     қоғамда және қоғам үшін өмір сүру;  

2)     императорға бағыну;

3)     жасы мен жағдайы үлкен, атағы жоғарыларды тыңдау; 

4)     адамгершілікті сақтау; 

5)     ұстамды болу, шектен шықпау, ұшқарылыққа салынбау;

6)     бір-біріне жол беру, өзара ізет-ілтипат.

         Конфуций ілімі басшы, жетекші қандай болу керек деген сұраққа мән береді, көп тоқталады.

Басшы, жетекші:

1)     императорға бағынады;

2)     конфуциандық қағидаларды сақтайды;

3)     қажетті білімдерді игерген;

4)     еліне қызмет ететін патриот;

5)     биікті көксейтін, жоғары мақсаттарға ұмтылатын;

6)     ізгілікті;

7)     мемлекетке, айналадағыларға тек жақсылық жасайтын;

8)     мәжбүр ету емес, үлгі көрсету, түсіндіру арқылы ықпал ету;

9)     қол астындағылардың және мемлекеттің қамын ойлау;

Бағыныштылар:

1)     басшыға, жетекшіге құрмет көрсетуге;

2)     жұмыста тыңғылықты болуға;

3)     үздіксіз оқу және өзін-өзі жетілдіруге тиіс.

Ежелгі грек философы Сократ сияқты Конфуций де ештеңе жазбаған, оның ойлары айтқан нақыл сөздері, пікірлері шәкірттерінің арқасында «Лунь Юй» («Кеңес пен толғам») кітабында жинақталған.

 

Әдебиеттер тізімі

1. Онтология даосской философии. – М., 1994. – 34 б.

2. М.Томпсон. Восточная философия. – М., 2000. – 240 б.

3. «Лунь-Юй» // «Жұлдыз». 1996., №6 (М. Мағауиннің аудармасы).

4. Фэн Ю-лань. Краткая история китайской философии. – СПб.

5. Чанышев А.Н. Философия древнего мира: Учебник для вузов. – М., 2001.

6. Ежелгі Шығыс философиясы. 20 томдық. – Алматы: Жазушы, 1-ші том.

 

3 Дәріс. Антикалық философия

 

3.1 Антикалық философия қалыптасуының алғышарттары және даму кезеңдері.

3.2 Ежелгі Грек  философиясының алғашқы кезеңі. Натурфилософиялық кезең.

Милет мектебі (Фалес, Анаксимандр, Анаксимен).

Пифагор және пифагорлік Одақ.

Элей мектебі (Ксенафон, Парменид, Элейлік Зенон).

Атомистік философия. Демокрит.

3.3 Антикалық философияның классикалық кезеңі.

Софистік мектеп.

Платон философиясы.

Аристотель философиясы.

Әдебиеттер тізімі.

 

3.1 Антикалық философия қалыптасуының алғышарттары және даму кезеңдері

 

         Ежелгі грек философиясы (ілімі, мектептері) деп қазіргі Греция мен Кіші Азиядағы грек полистерінде (қала-мемлекеттерде), Жерорта жағалауларында, Қырымда, Азия мен Африканың эллиндік мемлекеттерінде және Рим империясында өмір сүрген грек философтары жасаған рухани философиялық қазына аталады. (Ежелгі Рим философиясы ежелгі грек философиясымен тікелей «Ежелгі грек-рим» немесе «Антикалық философия» деген атпен бірігеді).

 

3.2 Ежелгі Грек (антика) философиясы өз дамуында 4 негізгі кезеңнен өтті:

1)     демократиялық (Сократқа дейінгі)-б.д.д VII-V ғ.ғ; 

2)     классикалық (Сократтық) - б.д.д. V-IV ғ. соңы;

3)     эллиндік - б.д.д.IV ғ. соңынан - б.д.д. II ғ.ғ; 

4)     римдік - б.д.д. I-б.д.  Vғ. аралығы.    

Демократияық немесе Натурфилософиялық кезеңге «Сократқа дейінгі» философтардың шығармашылығы жатады:

1)     Милет мектебі - «физиктер» (Фалес, Анаксимандр, Анаксимен);

2)     Эфестік Герклит;

3)     Элей мектебі;

4)     Атомистер (Демокрит, Левкипп) т.б кейбір философтар.

«Сократқа дейінгі» натурфилософтар айналысқан негізгі мәселелер:

1)     табиғат құбылыстарын түсіндіру;

2)     космос мәні;

3)     айналадағы дүние;

4)     түп негіз мәнін түсіндіру.

 

Ежелгігрек философиялық мектептері мен бағыттары

Мектеп, бағыт

Өкілдері

1

Милет мектебі

Фалес, Анаксимен, Анаксимандр

2

Пифагорейлік мектеп

Пифагор және оның шәкірттері

3

Элейлік мектеп

Ксенофан, Парменид, Зенон, Мелисс

4

Атомистер мектебі

Левкипп, Демокрит

5

Софистер мектебі

Протагор, Горгий, Гиппий, Продик

6

Платондық мектеп немесе Академия

Платон және оның шәкірттері

7

Аристотель немесе Ликей мектебі

Аристотель және перипатетиктер: Теофраст, Аристоксен, Дикеарх, Стратон

8

Эпикурлік мектеп

Эпикур, Метродор, Гермарх, Лукреций Кар

9

Киниктер мектебі

Антисфен, Диоген

10

Стоялықтар мектебі

Зенон, Клеанф, Хриссипп, Сенека, Эпиктет, Марк Аврелий

11

Скептиктер мектебі

Пиррон, Секст Эмпирик, Энесидем

12

Эклектиктер мектебі

Филон, Антиох, Боэций, Посидоний, Цицерон

13

Неоплатондық мектеп

Саккас, Плотин, Порфирий, Ямвлих, Прокл

 

Ежелгі грек (антикалық) философиясының ерекшеліктері:

1)     полистердің экономикалық көркеюі - антикалық философияның көркеюінің материалды негізі болды;

2)     ежелгі грек философиясы - материалды өндіріс процесінен қол үзді, ал философтар - дене еңбегінен азат, қоғамның рухани және саяси жетекшілігіне ұмтылысы бар дербес қоғамдық әлеуметтік ақсүйектер тобына айналды;

3)     ежелгі грек философиясының негізгі идеясы - космоцентризм (Космос алдындағы қорқыныш, Космосқа табыну, материалды дүние мәселелерін: материалды дүние құбылыстарын түсіндіруге қызығушылықтың басымдылығы);

4)     кейінгі кезеңдерде космоцентризм мен антропоцентризмнің (адам мәселесінің) бірігіп кетуі; 

5)     құдайлар тіршілігі мойындалады;

6)     ежелгі грек құдайларының - табиғат бөлшегі ретінде қарастырылуы және адамдарға жақтас болуы; 

7)     адамның - табиғат бөлшегі ретінде қабылдануы, қоршаған дүниеден бөлінбеуі;

8)     философиядағы екі бағыттың - идеализм («Платон бағыты») мен материализмнің (Демокрит бағыты) пайда болып, өзара басымдығының алмасып отыруы: Сократқа дейінгі кезеңде - материализм, классикалық кезеңде - бірдей ықпал, эллиндік кезеңде - материализм, ал римдік кезеңде - идеалистік.

Антикалық грек-рим философиясы. Ежелгі Грецияда философия б.д.д IV-V ғасырларда пайда болды. Басқа елдердегі сияқты, Ежелгі Грек философиясы да мифология негізінде пайда болды және өзінің онымен байланысын ұзақ уақыт бойы сақтады.

Ежелгі Грецияның алғашқы философиялық мектептері:

1)     Милет мектебі; 

2)     пифагорлік мектептер; 

3)     Элей мектебі;   

4)     Атомистер мектебі.

«Сократқа дейінгі» кезеңдегі философиялық мектептердің жалпы сипаты:

1)     космоцентризм;

2)     табиғат, дүние құбылыстарын түсіндіруге ұмтылыс;

3)     дүние негізін, жаратушы мәнді іздеу;

4)     гилозоизм (өлі табиғатқа да жан тән деп санау);

5)     философиялық ілімдердің доктринерлік (талдауға жатпайтын) сипаты.

Милет мектебі б.д.д VI ғ. Ежелгі Грецияда - Кіші Азияның ірі сауда кәсіптік - полисінде пайда болды. «Жеті дана» деп аталған ойшылдар осы мектептің негізгі өкілдері болды.

Олардың әйгілілері:

1. Фалес;

2. Анаксимандр;

3. Анаксимен болды.

Милет мектебінің өкілдері:

1)     Материалистік позицияны ұстанды;

2)     Философиямен ғана емес, басқа да нақты жаратылыстық ғылымдармен айналысты.

3)     Табиғат заңдарын түсіндіруге тырысты (сол үшін оларға «физиктер» - «табиғатты зерттеушілер» деген екінші ат тағылды).

4)     Субстанцияны - дүние жаратылған бастапқы негізді ізденіс.

Пифагор - (б.д.д. VI ғ. екінші жартысы мен V ғ. басы) ежелгі грек философы, математигі.

Пифагор және оның жолын қуушылардың пікірінше:

1)     дүниенің мәні сандар арқылы берілген (бүкіл дүниені, ондағы құбылыстардың құпиясын сандар арқылы өлшеп, тануға болады деп есептеді);  

2)     дүниені тану, түсіну үшін сандарды тануға шақырды (сан арқылы тану сезімдік және идеалистік сана аралығынан өтетін таным жолы деп санады);

3)     «бір» санын дүниенің ең ұқсақ бөлшегі деп түсінді;

4)     дүниенің диалектикалық бірлігін бейнелейтін «протокатегорияларды» табуға, көрсетуге тырысты «жұп-тақ, жарық-қараңғы, түзу-қисық, оң-сол, ер-әйел, т.б.).

Элеаттықтар -  қазіргі Италияның жерінде орналасқан ежелгі грек полисі Элейдегі философиялық мектептің (б.д.д. VI-Vғ.ғ.) - өкілдері: Парменид, Элейлік Зенон, Самостық Мелисс.

Элеаттықтар:

1)     таным мәселесін зерттеді; 

2)     сезімдік таным (пікір «докса») мен жоғары рухани идеалистік танымды қатаң жіктеді, ажыратты;

3)     монизмді жақтады - көптүрлі құбылыстардың бір ғана бастапқы  негізден тарайтынын тұжырымдайды; 

4)     дүниетанымдары идеалистік сипатта болды: дүние, тіршілік - идеяның материалды бейнесі деп санады;

5)     «апорияларды» - парадокстарды негіздеді.

Атомистер (б.д.д. V ғ.) материалистік сипаттағы мектеп өкілдері Демокрит, Левкипп: әлемнің бөлінбейтін ұсақ кірпіштерден - «атомдардан» («атомос»-«неделимое»: «том» - «бөліну», «а»-«қарсы») құралатындығын айтты.

Демокрит философиядағы материалистік бағыттың негізін қалаушы болды.

Демокрит ілімінің басты қағидалары:

1)     дүние материалды;

2)     материалды дүние атомдардан құралады;

3)     атом-ең ұсақ бөлшек, дүниенің «алғашқы кірпіші»;

4)     атом бөлінбейді;

5)     атомдар түрлі көлемге (өте ұсақ немесе өте ірі, т.б) және түрлі формаға ие (дөңгелек, сопақша, қисық формада, т.б);

6)     атомдар арасында бос кеңістік бар;                

7)     атомдар үздіксіз айналыс үстінде: заттар, тірі организмдер тіршілік етеді, ыдырайды, олардың атомдарынан келесі материалды дүние заттары мен жаңа тірі организмдер пайда болады, содан-соң қайтадан ыдырайды; осылай мәңгі айналыс жалғаса бермек;

8)     атомдар үздіксіз, мәңгі қозғалыс үстінде;              

9)     атомдарды сезімдік таным арқылы көру мүмкін емес.

 

Элей мектебі

 

Мектеп өзінің ірі өкілдері Ксенофан, Парменид, Зенондар өмір сүріп, ілім насихаттаған Элей қаласының атымен аталды.

 

Элей мектебі

Өкілдері

Өмір сүрген уақыты

1

Ксенофан

шамамен, б.д.д. 565-473 жылдар аралығы

2

Парменид

шамамен, б.д.д. 504-501 жылдарда туылған, дүние салған уақыты беймәлім

3

Зенон

б.д.д. 490-430

4

Самостық Мелисс

б.д.д. V ғасыр

 

Элеаттықтар бірінші болып дүниені рационалды түрде, барынша жалпы «болмыс», «бейболмыс» «қозғалыс» - философиялық ұғымдарын қолдана отырып түсіндіруге тырысты. Бұған дейінгі барлық философтар дүниеге деген өз көзқарастарын  ғана баян еткен болса, элеаттықтар (әсіресе Парменид пен Зенон) алғаш болып дүниені рационалды тұрғыдан негіздеп, өз тұжырымдарын дәлелдеуге бет бұрды. Сезімдік тәндік дүниенің «елес» екендігі, ақиқат еместігі туралы түсінік пен баға бірінші болып элеаттықтарда туды. «Елес» дүниесіне - ақылмен ғана танылатын «ақиқат» дүниесі қарсы қойылды.

Ілім тағдыры. Элеаттықтар ілімі Платон мен Аристотель және олардан кейінгі бүкілэвропалық философияға ықпал етті, ал Зенон апориялары әлі күнге дейін толассыз қызуғышылық пен шешу жолдары туралы талпыныстарға толы.

 

3.3 Софистік мектеп

 

 «Софистика» және «софист» терминдері ежелгі гректің «даналық» сөзінен бастау алады. «Софист» сөзі дәлме-дәл аударғанда «дана, шебер, білгір» мағынасын береді.

Софистер - б.д.д. V-ғ басы мен IV-ғасырдың бірінші жартысы аралығында өмір сүрген, төлемақы үшін дәріс беретін «даналық ұстаздарының» шартты атауы. Софистік мектеп өкілдері теоретик-философтар, скептиктер, субъективтер, рационалистер, сенсуалистер және анархистер ретінде ғана емес, полис азаматтарын арнайы төлемақы үшін шешендік өнерге, дау-таласта қарсыласты жеңе білуге және өз пікірін дәлелдеп шығуға баулитын педагогтар болды. Олар шындық, ақиқат шешімге ұмтылуды емес, жеңіске жетуді ғана мақсат тұтты, пікірсайыстарда «кімге болмасын, ненің болмасын дұрыстығын» дәлелдеу тәсілі ретінде арнайы оқытылды. Сондықтан «софист» сөзі жағымсыз мағынаға ие болды. Соған қарамастан софистер  риторика (шешендік өнер)  мен тіл ғылымдары (лингвистика) дамуында маңызды рөл атқарды: олар ашқан софизмдер (парадокстер) логиканың қалыптасуына түрткі болды.

 

Софистерді мынадай топтарға жіктеу қабылданған:

1)     Аға софистер (б.д.д.ғ.) - Протагор, Оргий, Антифонт, Критий, Гиппий, Продик.

2)     Кіші софистер - Ликофрон, Алкидамант, Трассимах.

Софистерге тән сипат:

1)     қоршаған дүниеге сыни қатынас;  

2)     барлық нәрсені, процесті іс жүзінде тексеруге ұмтылыс, қандай да болмасын ойдың дұрыс не бұрыстығын логикалық тұрғыдан дәлелдеуге ұмтылыс;

3)     ескірген дәстүрлі мәдениет негіздерін қабылдамау (нигилизм);

4)     сүйенетін негізі жеткіліксіз көне дәстүрлерді, дағдыларды ережелерді терістеу;

5)     мемлекет пен құқықтың шарттылығын, олардың жетілмегендігін дәлелдеуге ұмтылыс;

6)     моральдік нормаларды абсолютті деп емес, сынау, жетілдіру объектісі ретінде қабылдау;

7)     пікірлер мен баға берудегі субъективизм;

8)     объективті болмысты терістеу және барлық нәрсенің тек адам ойында тіршілік ететінін дәлелдеуге талпыныс.

Платон философиясы.

Философиялық көзқарастары. Платон объективті идеализмнің негізін қалаушы: Платон философиясының орталығында идеялар туралы ілім тұр.

Идеялар туралы ілімі. Элеаттықтар сияқты, Платон да ақиқат дүниені - «идеялар патшалығын» - реалды емес, сезімдік, тәндік дүниеден ажыратады. Бірақ Парменидтің тұтас және бөлшектенбеген болмысынан айырмашылығы, Платонның идеалды патшалығы - идеялардан құралған рухани жиынтық. «Идея» сөзі Платон заманында «сыртқы түр, көрініс, тек, сапа, образ» дегенді білдіреді. Ал Платон идеялары - адам басынан тысқа шығарылып, идеялар патшалығына дербес тіршілік етуге кіріскен объективтендірілген ұғымдар. Әрбір идея мәңгі және өзгеріссіз. Идеялар саны көп, бірақ шексіз емес. Нақты объектілердің (ит, құс, мысық, адам, т.б.) идеялары, қасиеттер мен қатынастар идеялары (сұлулық, идеясы ақ-қара, қызыл түстер идеясы), математикалық объектілер идеясы (бір, төрт, он, т.б. санының идеялары,т.б), адамгершіліктік құбылыстар идеялары (қаһармандық идеясы), төрт түрлі стихия идеясы, т.б. Бірақ идеялар патшалығы - тек қана игі мәндер дүниесі. Сондықтан мұнда қылмыс идеясы немесе кір ластық - идеясы деген жоқ. Идеялар патшалығының өз иерархиясы мен пирамидалық құрылымы бар: идеялар арасында бағыныштылық және қосарлы бағыныштылық қатынастары қалыптасқан. Пирамиданың ең төмеңгі жағында нақты объектілер идеялары (аттар, өгіздер, т.б) орналасқан. Ауқымдырақ идеялар («ірі қара», «жануарлар») одан жоғары тұр.

Пирамиданың жоғарғы бұрышында абстрактылы (дерексіз) ұғымдар орналасқан (сұлулық идеясы, қаһармандық идеясы). Бірақ Платон еңбегінде  дерексіз ұғымдардың өзара қандай қатынаста екені, қайсысы жоғары, қайсысы төмен екені айтылмаған.

Пирамиданың ұшар басында Платон бір жұмыстарында «Игілік». Енді бірінде «Біртұтас» деп атаған бір ғана идея орналасқан. Платон, «материя» («хора») ұғымын ендіруге мәжбүр болды. Материя - тәндік ұғым, ол формасыз және танылмайды, ол мәңгі әрі өлі.

Қатаң емес дуализм элементтері бар Платон идеализмі осылай туындады. Сезімдік дүниенің идеялары және заттары арасында өзара байланыс бар: идеялар заттардың алғашқы бейнелері болып табылады, ал заттар идеяларға қатысты. Идеялар өзіне ғана тән құпия жолдармен заттарға еніп жатады және заттар дамуын анықтауы мақсат болып табылады. Осылайша Платон іліміне теологизм тән.

Космология және космогония. Идея мен материя түпнегіздерімен қатар, Платон Умдемиургтің болуын тұжырымдады.

Ума-демиург (немесе Құдай) - дүниені жаратушы болып табылады. Әлемдік жанды тудырып, материяға мақсатты себептер ретінде идеялар беріп ұйымдастырғанымен қоймай, басқа құдайларды да жаратады. Космос, Платонша, «ақылы мен жаны бар тірі тіршілік». Космостың тәні материалды. Космос шекті және шар формалы. Дүниенің орталығында жер шары тұр, ал оны түрлі шеңберлер бойымен Күн, Ай, планеталар мен жұлдыздар айналып қозғалып жүрген аспан сферасы қоршап тұр. Аспан денелері - тән мен жаны бар құдайлар, олар қозғалысқа өз жандары арқылы түседі.

Жан туралы ілім. Адамдардағы жандар - Әлемдік жанның қалдықтары. ӨЗ тәні өлгеннен соң ажалсыз жан аспанға (Идеялар патшалығына) көтеріліп, өз тіршілігін сонда жалғастырады. Содан-соң тағы жерге түсіп, жаңа туылған сәби денесіне енеді.

Гносеология. Нағыз білім - идеялар патшалығына қатысты ғана болады, ал сезімдік дүние туралы пікір ғана болуы мүмкін. Жаңа туылған сәбидің денесіне енген жан бұрын нағыз, идеалды дүниеде білгеннің бәрін ұмытады. Бірақ кейбір адамдар кейбір нәрселерді есіне түсіре алады. Сондықтан ақиқат білім дегеніміз - жан бұрын білмегенді еске түсіру. 

Платонның идеалистік ілімінің басты қағидалары:

1)     реалды тіршілік ететін - тек таза (денесіз, тәнсіз, материясыз) идеялар («эйдостар») ғана;

2)     бүкіл дүние таза идеялардың («эйдостардың») бейнесі ғана;

3)     дүниедегі кез келген зат осы заттың бастапқы идеясының материалды бейнесі ғана (мысалы, жылқылар туылып және өліп жатқанымен олар өзгермейтін мәңгі «жылқы» идеясының көрінісі); 

4)     таза (тәнсіз) идеялар ақиқат, мәңгі және тұрақты;

5)     материалды заттар өзгергіш, тұрақсыз;

6)     материя тіршілігі уақытша; 

7)     қоршаған дүние («заттар дүнисі») де уақытша және дербес субстанция ретінде тіршілік ете алмайды.

Аристотель философиясы.

Философиялық көзқарастары. Аристотель №1ші философия тарихшысы. Кез келген мәселені талдауды Аристотель бұл сұрақ бойынша айтылған өзіне дейінгі белгілі пікірлерден бастайды. Бізге ежелгігрек философиясының алғашқы кезеңі туралы маңызды мәліметтер оның дәл осы қасиеті арқасында жетті.

Платонға қатынасы. Өз ұстазы Платонды жоғары бағалағанмен, оның идеялар туралы ілімін- сезімдік дүние заттары мен идеялар арасындағы қатынас түсініксіздігі үшін сынады.

Логикасы. Аристотель европалық (классикалық) логиканың негізін қалаушы. Ол дұрыс ойлаудың үш заңын (Тепе-теңдік заңы, Қайшылықсыздық заңы, Үшіншісі болмауы заңы) тұжырымдады, ақиқат пен жалғанның (европалық мәдениетте - жалпыға ортақ қабылданған) анықтамасын, силлогистиканы (ой қорытудың дұрыс және бұрыс түрлері - силлогизмдер туралы ілімді) негіздеді.

Кейіннен, Аристотельдің еңбектерін жүйелеушілер оның алты логикалық трактатын біріктіріп «Органон» («Құрал») деп атады. Логика- барлық философиялық бағыттардағы аса қажетті таным құралы саналды. Бірақ Аристотельдің өзі логикаға дербес ғылым деп емес, барлық ғылымдарға бастама ретіндегі міндетті кіріспе деп қана қараған.

Метафизика (Бірінші философия) - Болмыс туралы ілім. Аристотель дуалист: ол дербес екі түпнегіздің - материя және форманың тіршілігін мойындайды. Дүниеде бар заттың барлығы материядан және формадан тұрады. Бірақ олардан Алғашқыматерияны және Алғашқыформаны ажырату қажет. Алғашқы материя - адам үшін танылмайтын, ал бірақ барлық заттардағы материя үшін негіз болып табылатын, формасыз айқын емес зат. Жеке алғанда материя пассивті, тіршіліксіз және нәрселер мен заттарды жаратуға қабілетсіз. Ол мәңгі: жаратылмайды және жойылмайды. Материя дегеніміз заттар пайда болуындағы таза мүмкіндік (потенция). Материя - кездейсоқтықтың, жиынтықтың, заттар пайда болуы мен жойылуының қайнары. Пайда болған кез келген зат - материя мен форманың бірігуі, форманың материяға енуі нәтижесінде ғана тіршілікке ие болады.

         Аристотельдің «форма» ұғымы Платонның «идея» ұғымына жақын. Форма - заттың тегін немесе түрін айқындайтын идеалды мән (бірақ индивидуалды емес). Мысалы, мыстың бөлшегіне форма енгенде ғана біз құмыра, көзе, ыдыс т.б. аламыз. Форма - біртекті нәрселердің жалпыға ортақ мәні (мысалы, түрлі материалдардан түрлі конфигурацияда жасалған вазаларға - «ваза» мәні ортақ).

         Нақты заттың материясы мен формасы диалектикалық түрде өзара байланысты: бірде форма ретінде көрінген нәрсе, келесіде материя түрінде де беріледі. Мысалы, балшық дегеніміз - форма берілген материя немесе балшық формасы (мәні) берілген топырақ. Ал сол балшықтан жасалатын кірпіш үшін ол материал рөлін атқарады. Өз кезегінде кірпіш те өзінен соғылатын үй үшін материал рөлін атқарады, кез келген заттың формасы дәл осы зат үшін:

оның мәні; қозғалыс көзі; себебі; мақсаты - болып табылады.

Алғашқы форма - Аристотель пікірінше, болмыстың жоғарғы мәні, алғашқықозғаушы, алғашқысебеп және жоғарға мақсат. Сонымен қатар алғашқыформа - өзін-өзі ойлай алатын Әлемдік ақыл.

Гносеологиясы. Білімге ұмтылыс адамдармен қатар жануарлардың да туа бітті қасиеті. Болмыс пен ойлаудың формалары ұқсас болғандықтан, адам дүниені танып білуге қабілетті. Таным процесі, Аристотель пікірінше, төрт сатыдан тұрады.

 

 

 

Таным сатылары

Таным сатылары

Таным нәрсесі

1

Жекелеген заттар мен олардың қасиеттерін сезімдік қабылдау

Жекелеген нақты заттар

2

Тәжірибе - бір нәрсе туралы еске түскен бірнеше естелік

Жекелеген нақты заттардың жиынтығы

3

Өнер (технэ)-заттар жиынтығының мәні туралы білім

Заттар жиынтығына тән жалпылық, олардың себебі мен мақсаты, яғни формасы

4

Философия(ғылым)-ең жоғарғысы «бірінші философия», яғни, метафизика болып табылады

Бүкіл тіршілік пен мәннің жоғарғы формалары, алғашқы себептері және жоғарғы мақсаттары

 

Аристотель философиясындағы жан мәселесі

 

Ежелгі дүниедегі ой дамуына сәйкес адам жаны туралы түсінік сияқты Аристотель сананың мекені, жанның тұрағы - жүрек (жүйке жүйесі емес!) деп есептеді.

Аристотель жанның үш деңгейін жіктейді:

1)     өсімтал жан;

2)     жануар жан;

3)     ақылды жан.

Жан-сана көрінісі ғана емес, организм қызметін де басқарады. Өсімтал жан - жанның өсу, көбею, азықтану саласына жауап бергені сияқты, жануарлық жан соларға қоса тілектер мен сезімдерге жауап береді. Тек ақылды (адамдық) жан ғана аталған салалармен қоса ойлау функциясын басқарады. Дәл осы қасиеті адамды қоршаған дүниеден биіктетеді.

Аристотель адам мәселесін материалистік тұрғыдан қарастырады:

1)     адам - биологиялық мәні бойынша жоғары ұйымдасқан жануар түріне жатады;

2)     жануарлардан ойлауымен, сөйлеуімен ерекшеленеді;

3)     өзі сияқтылармен бірге (коллективте) тіршілік етуге бейімділігі бар;

4)     дәл осы қасиеті - коллективте тіршілік ету - қоғамның пайда болуына жеткізді. Қоғам - бір территорияда тұратын, мәдениеті, туысқандық байланыстары ортақ, материалды игіліктерді өндірумен, бөлумен айналысатын адамдардың үлкен коллективі;

5)     қоғам механизмдерін жүйелеу (ішкі тәртіпті сақтау, экономиканы өркендету, сыртқы жаудан қорғану, т.б.) - мемлекеттің міндеті болуға тиіс.

Аристотель мемлекетті 6 түрге жіктейді:

1)     монархия; 

2)     тирания;

3)     аристократия;

4)     ұшқары олигархия; 

5)     охлократия (тобырдың билігі, ұшқары демократия);

6)     полития (шектеулі олигархия мен шектеулі демократияның қосындысы).

Аристотельдің мемлекет идеалы. Платон сияқты Аристотель де мемлекетті «нашар» (тирания, ұшқары олигархия, охлократия) және «жағымды» (монархия, аристократия, полития) деп екіге жіктейді. Мемлекеттің жетілген формасы ретінде политияны (шектеулі олигархия мен шектеулі демократияның қосындысы) - «орта таптың» мемлекетін атайды.

 

Әдебиеттер тізімі

1. Аристотель. Метафизика. Сочинения в 4 томах. – М., 1970.

2. Асмус В.П. Античная философия. – М., 1976. – 543 с.

3. Досократики. Доэлеатовский и элеатовский периоды. Минск, 1999.

4. Платон. Собрание сочинений. – М., 1990-1994. – В-4т.

5. Плотин. Эннеады. – Киев, 1995.

6. Антикалық философия. 20 томдық. – Алматы: Жазушы, 2005, 2т.

 

4 Дәріс. Ортағасырлық діни философия

 

4.1 Ортағасырлық арабтілді философияның қалыптасуының алғышарттары, ерекшеліктері және даму кезеңдері.

4.2 Араб - мұсылман мектептері.

4.3 Ортағасырлық теологиялық философияның ерекшелігі, даму кезеңдері, негізгі ұғымдары және догматтары.

4.4 Патристикалық философия. Әулие Августин философиясы.

4.5 Схоластикалық философия. Фома Аквинский философиясы(томизм).

4.6  Ортағасырлық батыс философиясының жалпы сипаты.

Әдебиеттер тізімі.

4.1 Ортағасырлық  арабтілді философияның қалыптасуының тарихи-мәдени және діни алғышарттары

 

Ортағасырлық дәуірдегі мұсылмандық және христиандық философияларға ортақ бірнеше сипат бар. Сол сипаттарға сүйене отырып, мұсылмандық - христиандық  дүниелердің салыстырмалы бірлігі, тұтастығы, буддистік дүниеге қарағанда мәдени - философиялық кеңістіктерінің ортақтығы туралы айтуға болады.

Ол сипаттар мыналар:

1)     мұсылмандық және христиандық дүниелердегі философияның қалыптасуы антикалық философия негізінде іске асты: ортағасырлық философияға платонизм (және неоплотонизм) мен аристотелизм (перипатетизм) ерекше ықпал етті;

2)     философияға «құдайтанудың қызметшісі» рөлі берілді, философияның бірінші міндеті - теологиялық идеяларды рационалды түрде негіздеу болды. Сондықтан бұл кезеңдегі философиялық ілімдер философия мен діни идеялардың (иудаизмнің, христиандықтың, исламның) синтезі нәтижесінде қалыптасты. Христиандық - иудаизм негізінде қалыптасып, ал иудаизм мен христиандықтың базасында ислам пайда болғандықтан, теологиялық және философиялық ілімдердің туыстығы туындады.

Ортағасырлық арабтілді философияның дамуы екі кезеңнен тұрады:

1)     VII-IX ғ.ғ. - арабтілді философияның тууы мен қалыптасуы;

2)     IX-XV ғ.ғ. - арабтілді философияның ежелгі грек философиясын қабылдауы, игеруі. Арабтілді философияның араб - грек философиясына айналуы:

 

4.2 Бірінші (арабтілді философияның туу, қалыптасу) кезеңдегі негізгі бағыттар:

1) Мутукаллимдер мектебі.

2) Мутазилиттер мектебі.

3) Суфизм.

Мутакаллимдер - радикалды исламды жақтаушылар. Мутакаллимдер мектебінің өкілдері исламның діни догмаларын негіздеп, араб-ислам схоластарының рөлін атқарды.

Мутазилиттер - (обособившиесяся, отколовшиеся) ислам философиясын дамытқанмен, кейбір мәселелерді материалистік тұрғыдан түсіндірді. Мысалы:

1)     исламның адамның жаралуы, дүниенің шығуы, тағдырдың жазуы,т.б. туралы догмаларды рационализм мен материалистік тұрғыдан түсіндірді;

2)     құдай туралы антропоморфты түсінікті (Құдайдың адам бейнелілігін) терістеді;

3)     құдай мен әлемді бір деп жариялады;

4)     адам ақылының күшіне сенді;

5)     адам танымының күші мен мүмкіндіктеріне сенеді.

Суфизм (1. «суф»-«жүн шекпен киген адам»; 2. «саф», «сафа» - «тазалық»; 3. «сафуа» - «таңдаулы болу» деген мағыналар гректің «софос» - «даналық» сөзінен алынған) адамның өз еркімен сыртқы дүниеден, бұ дүниелік қызықтан бас тартып, өз өмірін Құдай жолына арнауы. Суфизм аскетизмді, мистиканы жоғары игілік деп есептейді.

IX ғасырда арабтілді философияның жаңа II кезеңі басталды. Ол кезеңнің жалпы белгілері:

1)     медицина мен жаратылыстану саласынағы жаңалықтар нәтижесінде материалистік идеялардың күшеюі;

2)     ежелгі грек философиялық идеяларының енуі нәтижесінде араб философиясының араб-грек философиясына айналуы;

II кезеңдегі европаландырылған арабтілді философияның қалыптасуына үлес қосқан философтар: Әл Кинди, Әл-Фараби, Ибн-Сина (Авицена), Ибн-Рушд (Аверроэс).

Әл-Кинди (800-879) - араб философиясын европаландыруға қадам жасаған алғашқы ойшыл. Бірінші болып арабтарға ежелгі грек философиясын, Аристотельді ашты. Аристотель философиясының әсерімен категориялар ұғымы, логика, таным туралы ілім, т.б. материалистік идеялар жетті.

Аристотельдің 10 категориясы туралы ілімге сүйене отырып әл-Кинди:

1)     материя;

2)     форма;

3)     қозғалыс;

4)     кеңістік;

5)     уақыттан құралатын прасубстанциялар туралы өз ілімін (категориялардың араб аналогиясын) тұжырымдады.

Сонымен қатар Әл-Кинди өз заманы үшін революциялық мәні бар идеяны - адам ақылының дүниені тани алатындығын жариялады және ғылыми танымның ақиқат білімге апаратын үш сатысын жіктеді:

1)     логикалық – математикалық;

2)     ғылым –жаратылыстық;

3)     метафизикалық (философиялық).

Әл-Кинди пікірінше, ақыл ғана таным көзі және өлшемі бола алады.  Өзі қудалауға ұшырап, қолжазбалары өртелген ӘлКинди ортағасырлық араб философиясында алғаш болып аристотелизмнің (шығыс перипатетизмінің) негізін қалады және арабтілді философияның ортағасырлық Европа мен Азиядағы прогрессивті философияға айналуына ықпал жасады.

Әл-Фараби (870-950) - Аристотель философиясын жүйелеуші, араб мәдени ойына бейімдеуші.        

Әл-Фараби алғаш болып эманация туралы идеяны, Құдай құдіретінің толық емес екенін айтты.

Ибн-Сина (980-1037) - арабтілді философияны жаңа деңгейге көтерген ойшыл. Негізгі еңбектері: 1. «Емшілік кітабы» («Құтқару кітабы»), 2. «Білім кітабы».

Ибн-Сина:

1)     мұсылман теологтарының біржақтылығын, догматизмін әжуалады;

2)     философияны діннен ажыратуға тырысты;

3)     философия - адам ақылының жетістіктерін жүйелейтін дербес ғылым деп есептеді;

4)     философиялық идеяларды жаратылыстану ғылымының, өзінің медициналық жаңалықтарымен негіздеді;

5)     Құдайдың бар екенін мойындағанмен, оның құдіретінің шексіздігіне күмән келтіреді;

6)     дүниедегі көптеген құбылыстар табиғи заңдар бойынша іске асады деп есептеді;

7)     дүниенің «эманация» арқылы пайда болғанын қабылдағанмен, эманация процесі Құдай құдіретімен емес, табиғи қажеттіліктен туындайды деп санады;

8)     «алғашқы қозғаушы күш» идеясына қарсы шықты, оны әрбір материяның ажырамас қасиеті - табиғи қозғалыс идеясымен алмастырды;

9)     дүниедегінің бәрі (қоршаған дүние, табиғат, Құдай) материалды деп сенді;

10)жан ғана мінсіз және мәңгі;

11)құдай және қоршаған дүние - мәңгілік.

Ибн-Рушд (Аверроэс) (1126-1198) - араб философтарының ішіндегі Европаға танымалы және әйгілісі болды.

Ибн-Рушд мұсылмандық Испанияда өмір сүрді және батысараб - европалық философияның өкіліне айналды. Ол Европаға кең тарап, католицизм мен схоластикаға қарсы шыққан аверроистік философияны жасады.

Ибн-Рушд философиясы - материалистік негізде және араб философиясының озық ойлары (Әл-Кинди, Әл-Фараби, Ибн-Сина) мен жүйеленіп, өңделген Аристотель ілімінің синтезі түрінде қалыптасты.

 

4.3  Ортағасырлық христиандық философияның ерекшелігі, даму кезеңдері, негізгі ұғымдары және догматтары

 

Ортағасырлық теологиялық философия деп Европада V-XV ғасырлар арасында кең тараған, бастапқы жаратушы күш - Құдай, бүкіл дүние - Құдай құдіретінің көрінісі деп сенетін, мойындайтын философиялық бағытты айтады.

Теологиялық философия, б.д. I-V ғасырларында Рим империясында христиандық пен антикалық философия негізінде дамып, б.д. XIII ғасырларында (476 жылы Батыс Рим империясының құлауы мен Қайта Өрлеу дәуірінің басталуы аралығында) өзінің көркею шыңына жетті.

Патристика -(лат. «pater» - «әке» сөзінен) христиандық идеяларды көпқұдайлы мәжуси діндерден, стоялық, эпикурейлік, неоплатондық, т.б. идеялардан қорғаған «шіркеу әкелерінің» теологиялық - философиялық көзқарастары.

 

4.4 Патристика 3 кезеңге бөлінеді:

1)     апологетика (II-III ғ.ғ.), (гректің  «apologetikos» - қорғау сөзінен), христиандық дүниетанымды қалыптастыру мен қорғауда маңызды рөл атқарды; Өкілдері: карфагендік Квинт Септимий (160-220) Тертуллиан (160-220); александриялық Ориген (185-254); Тит Флавий Климент;

2)     классикалық патристика (IV-V ғ.ғ.) - христиандық ілімді негіздеп және жүйелеп, оның философиялық қағидаларын тұжырымдады. Өкілдері: Григорий Нисский (335-394); Әулие Августин (354-430);

3)     патристиканың соңғы кезеңі (VI-VIII ғ.ғ.) - христиандық догматиканы тұрақтандырды. Өкілдері: Боэций (480-524); Иоанн Скотт Эриугена (810-877).

 

4.5 Теологиялық философияның II кезеңі болып табылатын схоластиканың өзі де 3 даму кезеңінен өтті:

1)     Ерте схоластика (IX-XIIғ.ғ.); Өкілдері: Эриугена, Абеляр, Кентерберийлік Ансельм.

2)     Гүлденген схоластика (XII-XIIIғ.ғ); Өкілдері: Ұлы Альберт, Аквиналық Фома.

3)     Кейінгі схоластика ( XIII-XIVғ.ғ); Өкілдері: Дунс Скотт, Уильям Оккам.

Бұл кезең аралығында қалыптасқан философияның негізіне:

1)     ежелгі грек философиясы (платондық және аристотельдік дәстүр);

2)     және философияны христиандыққа қарай бұрған Киелі Жазбалар (Священное Писание) алынды;

3)     діни билік институттары қалыптасып, көпқұдайлы діндердің (политеизм) орнына бірқұдайлы діндер (монотеизм): христиандық, ислам келді.

Христиан діні қудалаудан  құтылып, зайырлы билікпен бірігіп, өз ықпалын кеңейте түсті. Шіркеу рөлі күшейіп, қоғамдық өмірдің барлық салаларына және ең алдымен рухани салаға ықпалын жүргізді. Осылайша ортағасырлық дінге тәуелді болған философия - «діннің қызметшісіне» айналды («Философия - служанка богословия»).

Христиан діні Европада даму алып, Рим империясының орталықтары - Рим мен Константинопльден жан-жаққа тарады.

Теоцентрлік христиандық дүниетаным екі идеяға бөлінді:

1)     христиандық философияның онтологиясының негізінде жатқан жарату идеясы;

2)     христиандық философиядағы таным туралы ілімнің негізі болып табылатын ашылу (откровение) идеясы.

Христиандық философиядағы барлық сұрақтар теоцентризм, креационизм (лат.creatio-жарату), провиденциализм (лат.providentiva-провидение) тұрғысынан қарастырылды.

Бірнеше ғасыр бойына Европа университеттері мен мектептерінде дәріс түрінде оқытылғандықтан ортағасырлық теологиялық философияны «схоластикалық философия» деп атау және сипаттау қабылданған (латынның «schola» сөзі аудармада - «школа», «мектеп» ұғымын береді).

«Мектеп философиясының» көздеген мақсаты - Шіркеу догматтары мен діни ілімді философиялық тұрғыдан негіздеу болғандықтан, схоластикалық философия көп ұзамай-ақ творчестволық ізденіске бағытталған ғылым емес, қатып-семген, жеміссіз мектеп - университет пәніне, «құдайтанудың қызметшісіне» айналды.

Схоластика - Інжілді (Библияны) қатаң нормативтік мәтін (текст), абсолютті ақиқат ретінде қарастырады.

Схоластар білімді екі түрге жіктейді:

1)     құдіретті білім (Інжіл арқылы Құдайдың жеткізгісі келген ойы);

2)     табиғи білім (Інжілді талдау арқылы адам ақылының аша алған, таратып, талдап, түсіне алған ұғымдары мен қорытындылары).

Библия (Інжіл) сөзінің астарындағы Құдай ойын дұрыс түсінуге тырысқан схоластар сансыз пікірсайыс пен даулар жүргізіп, жүздеген философиялық томдар жазды. Бір қызығы, сол сайыстар мен даулар - Құдай ойларының мәні туралы емес, діни ілімнің сыртқы, формалды - логикалық құрылымы туралы, яғни ұғымдар мен анықтамалардың дұрыстығы, нақтылығы туралы бағытта өрбіді.

Кең мағынада «схоластика» деп мәселені объективті тұрғыдан қарастыратын ой емес, шын дүниеден, реалдылықтан қол үзген, схемашылдықты, беделге сүйенетін уағызшылдықты , ұшқары догматизм мен консерватизмге негізделген ойлау түрін айтады (мысалы, «Жолдас Сталин айтқандай», «Партия съезінде көрсетілгендей», «Інжудің (Библияның)...тарау, тармағында»...).

 

4.6 Ортағасырлық схоластикалық философияның жалпы сипаты:

1)     Теоцентризм (дүниенің басты себебі, жоғарғы реалдылық, философиялық зерттеулердің орталығы және негізгі пәні - Құдай (teos -гр. «құдай» сөзінен) болып табылады).

2)     Космос, табиғат, қоршаған дүние құбылыстарын жаратушы - Құдай деп есептелді және сондықтан жаратылған нәрселер аз зерттелді; басты зерттеу объектісі – Жаратушы.

3)     Жарату (Құдай - дүниені) және тану, ашу (Құдай Өзін-Өзі - Інжілде) туралы догмалар (дәлелді қажет етпейтін ақиқаттар) үстемдік етеді.

4)     Материализм мен идеализм арасындағы қайшылықтар жұмсарды, қырсызданды.

5)     Адам - Құдайдың өзіне ұқсатып жаратқан, табиғаттан жоғары тұрған тіршілік екені тұжырымдалды.

6)     Құдай пұрсат беретін шеңберде адамның ерік - бостандығы жарияланды.

7)     Құдай қалаған мінез, тәртіп, іс-әрекет көрсеткен адам келешекте өлімнен тірілетіні туралы идея уағыздалды.

8)     Адамзат күнәсін адам кейпіндегі Құдай (Иисус Христос) келіп, бар күнәні өз мойнына алып, дүниені сақтап қалғандығы туралы догмат жарияланды.

9)     Құдайға сену арқылы Құдайды тану - дүниені тану дегенді білдіреді.

Ортағасырлық теологиялық философия өз-өзіне тұйықталуымен, дәстүрлілігімен, өткенге бағытталуымен, реалды дүниеден алшақтылығымен, догматтылығымен, уағызшылдығымен, жаугершілігімен ерекшеленді.

        

Әдебиеттер тізімі

1. Ортағасырлық  діни философия. Жиырма томдық. 5-том. – Алматы: Жазушы, 2005.

 

5 Дәріс. Жаңа Заман философиясы

 

5.1 Рационализм мен эмперизм.

5.2 Декарт философиясы.

5.3 Спиноза философиясы.

5.4 Фр. Бэкон философиясы.

5.5 Т. Гоббс философиясы.

5.6 Дж. Локк философиясы.

5.7 Лейбниц философиясы.

Әдебиеттер тізімі.

 

Жаңа Заман философиясы деп XVII, XVIII және XIX ғасырларды қамтитын дәуір. Шартты түрде жаңа тарихтың басы деп 1640 жылғы ағылшын буржуазиялық революциясын - капиталистік немесе буржуазиялық қатынастардың, индустриалды өркениеттің бастауы болған құбылысты алады. Үш ғасыр бұрын адамзат ежелгі дүниемен қоштасып (антика және орта ғасырлар), «адам - ғаламдағы ең мінсіз тіршілік иесі, зволюцияның тәжі, демек - дүниенің қожасы» деп сенген жаңа рухани пікірді бекіткен философия болды.

 

5.1 Рационализм мен эмперизм

 

         Рационализм (лат. Ratio - «разум») - болмыс пен танымның негізі ақыл-ой деп сенетін философиялық бағыт. Рационализм 3 түрге жіктеледі:

1)     онтологиялық;

2)     гносеологиялық;

3)     этикалық рационализм.

Онтологиялық рационализм бойынша болмыс негізінде ақылды бастама жатыр, яғни болмыс о бастан ақылды.

         Осынысымен рационализм - идеализмге ұқсап кеткенімен (мысалы, Платонның «таза идеялары»), басты айырмашылығы материяның (болмысты) идеяға қарағандағы біріншілігін және материяның (болмыстың) өзінде ақыл барын (болуын) мойындауында. Сондықтан, болмыстың қисындылығы мен ақылды ұйымдастырылғандығына сенетін материалистер (Демокрит, Эпикур, т.б.) - рационалистер.

         Гносеологиялық рационализмнің басты идеясы - «дүниені танып білетін бірден-бір құрал - адам ақыл-ойы» деген тұжырымда. Сондықтан гносеологиялық рационалистер бір жағынан ортағасырлық теология мен схоластикаға қарсы шықса, екінші жағынан эмпиристерге оппонент болды. «Білім - күш» девизін ұстанатын эмпиристер таным негізінде сезімдік тәжірибе жатыр деп сенді («Сезімде болмаған нәрсе - ақылда болуы мүмкін емес»).

         Рационалистердің эмпиристерге қарсы қоятын дәлелдері:

1)     ақыл сүзгісінен өткізілмеген сезім немесе тәжірибе танымға негіз бола алмайды;

2)     ақыл сезім мен тәжірибенің қатысынсыз-ақ өздігінен жаңа білім мен жаңалық аша алады, ол жаңалықтар кейіннен тәжірибе түрінде дәлелденуі мүмкін.

         «Моральдық - этикалық нормалар мен тәртіп негізінде ақыл-ой жатыр» деген түсінік этикалық рационализм деп аталады.

 

5.2 Декарт философиясы

 

         Рационализмнің негізін қалаушы - француз философы, ғалым-математик Рене Декарт (1596-1650жж.) деп саналады.

         Декарттың философиядағы үлесі мынадай:

1)     дүниені танудағы ақыл-ойдың рөлін негіздеді;

2)     субстанция, оның атрибуттары мен модустары туралы ілімді ұсынды;

3)     философиядағы материализм мен идеализм бағыттарын келісімге келтіруге тырысып, дуализм теориясын негіздеді;

4)     танымның ғылыми әдісі және «туа біткен» идеялар теориясын ұсынды.

Болмыс пен таным негізінде ақыл-ой жатқанын Декарт былай дәлелдеді:

1)     дүниеде адамға түсініксіз заттар мен құбылыстар көп (мысалы: Құдай деген бар ма? Оның қажеті қандай? Әлемнің шеті-шегі бар ма? т.б.);

2)     есесіне кез келген құбылыс пен затқа күмәндануға болады (дүние шынымен тіршілік ете ме? Күн шығып тұрғаны рас па? т.б.);

3)     түсініксіз, анық емес заттармен, құбылыстармен салыстырғанда күмәндану нақты қасиет, шын процесс және дәлелді қажет етпейді;

4)     күмәндану - ойдың қасиеті, демек, күмәндана отырып адам ойлайды;

5)     шын тіршілік ететін адам ғана ойлай алады;

6)     ойлау - ақылдың жұмысы болғандықтан, болмыс пен тану негізінде ақыл ғана жата алады.

         Осыған байланысты Декарт: «Мен ойлаймын (күмәнданамын), демек, мен тіршілік етемін» афоризмінің авторына айналды.

         Болмыс мәселесін зерттеу барысында Декарт болмыс мәнін сипаттайтын базалық, негіз болатын ұғымды табуға талпынды. Өз ізденістері нәтижесінде Декарт субстанция ұғымын тұжырымдады.

         Субстанция - өз тіршілігі үшін өзінен басқаны қажетсінбейтіннің бәрі. Ондай қасиетке (өз тіршілігі үшін өзінен басқаны қажетсінбеу) тек субстанция ғана ие және ондай субстанция Құдай ғана бола алады. Құдай мәңгі, құдіретті, жойылмайды және барлық нәрсенің себебі мен өзегі.

         Құдай өзі Субстанция, өзі Жаратушы болғандықтан субстанциялардан құралған дүниені жаратты. Құдай жаратқан субстанциялар да (жеке заттар, идеялар) субстанциялық басты қасиетке ие - тіршілік ету үшін өзінен басқаны қажет етпейді. Алайда бір-біріне қатысты алғанда өзіне-өзі жетімді (жеткілікті) болғанмен Құдайға қатысты алғанда олардың бәрі екінші және оған тәуелді (өйткені оларды жасаған Құдай).

         Жаратылған субстанцияларды Декарт екі текке жіктейді:

1)     материалды (заттар);

2)     рухани (идеялар).

         Сонымен қоса олардың әрқайсысының тек өздеріне ғана тиесілі қасиеттері (атрибуттары) болатынын атап көрсетеді:

         дәйектілік - материалды заттардікі, ойлау - рухани идеялардікі.

         Осылайша, барлық материалды субстанциялардың бәріне тән қасиет дәйектілік (ұзындығына, еніне, биіктігіне, тереңдігіне қарай) және олар сансыз көп рет (шексіздікке дейін) бөліне береді.

         Рухани субстанцияларға ойлау қасиеті тән және олар, керісінше, бөлінбейді.

         Материалды және рухани субстанциялардың басты қасиеттерінен (атрибуттарынан) тарайтын басқа да қасиеттері модустар деп аталады. Мысалы, дәйектіліктің модустары - форма, қозғалыс, кеңістіктегі жағдай, т.б.; ойлаудың модустары - сезімдер, тілектер, түйсіктер, т.б.

         Адам, Декарт пікірінше, екі - материалды (тәндік-дәйекті) және рухани (ойлаушы) субстанциялардан құралған.

         Адам - өз бойына екі бірдей субстанцияны (әрі материалды, әрі рухани) қатар біріктіретін тіршілік иесі, сондықтан ол табиғаттан жоғары көтеріле алады.

         Декарт туа біткен идеялар теориясын ұсынды: таным және дедукция арқылы алынатын білімдермен қатар, ешбір дәлелді қажет етпейтін ерекше, туа біткен идеялар болады. Ол ақиқаттар (аксиомалар) о бастан айқын және шын, олар Құдай ақылы мен адам ақылында әрдайым болған және болатын, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын білімдер. Ол білімдер екі түрде:

1)     ұғымдар;

2)     пікірлер түрінде беріледі.

Туа біткен ұғымдарға жататындар: «Құдай» бар; «сан» бар; «ерік»; «тән»; «жан»; «құрылым», т.б.

Туа біткен пікірлер: «бүтін өз бөлшектерінен үлкен»; «жоқтан ештеңе пайда болмайды»; «бір мезгілде болу және болмау мүмкін емес», т.б.

Декарт практикалық танымды жақтады.

Декарт ойынша таным мақсаттары мынадай болуы тиіс:

1)     адамның қоршаған дүние туралы білімдерін кеңейту және тереңдету;

2)     ол білімдерді адам мүддесі үшін табиғатты барынша пайдалануға қолдану;

3)     адамды жетілдіруге және тәрбиелеуге бағыттау.

4)     түпкі мақсат - адамның табиғатқа үстемдігіне пайдалану.

5.3 Спиноза философиясы

 

         Бенедикт (Барух) Спиноза (1632-1677жж.) - европалық рационализмнің көрнекті өкілі, Р.Декарт ілімін жалғастырушы, Жаңа Заманғы жетілдірілген, толық және негізделген философиялық жүйенің авторы.

         Спинозаның философиялық зерттеулерінің пәні:

1)     субстанция мәселесі;

2)     таным теориясы;

3)     этика сұрақтары, бостандық және қажеттілік мәселелері.

         Спинозаның философиядағы маңызды үлесі - болмыс мәні қарастырылатын субстанция теориясын жасауында. Негізінде Декарттың субстанция туралы теориясы алынғанымен, өзі онымен келіскенімен, Спиноза Декарттың теориясының кемшіліктерін жойып, өз жүйесін қалыптастыруға тырысты.

         Спиноза Декарттың субстанция туралы теориясының басты кемшілігі - оның дуализмінде деп санады. Ондағы қайшылық - өз тіршілігі үшін өзінен өзгені қажет етпейтін мән болғандарына қарамастан барлық субстанцияларды жаратқан Жалғыз және Ең жоғарғы Ең ақиқат субстанция – Құдай болып, барлық басқа субстанциялар оған тікелей тәуелді болуында. Субстанциялардың өзара тәуелсіздігі мен олардың бәрінің бір мезгілде басқа субстанцияға – Құдайға жаппай, бірдей тәуелділігінде.

         Спиноза этикасының өзекті мәселелері:

1)     детерминизм (табиғаттағының бәрінің шарттылығы);

2)     бостандық пен қажеттілік арақатынасы.

Оларды зерттей келіп Спиноза мынадай қорытындылар түйеді:

1)     субстанцияда бостандық пен қажеттілік тұтасып, бірігеді;

2)     Құдай (Табиғат) толық бостандыққа ие, бірақ Ол қажеттілік шеңберінде ғана әрекет етеді;

3)     модустарда (жеке заттарда) еркіндік жоқ және олар қажеттілікке бүтіндей тәуелді;

4)     адам – модус басқа модустардан ойлауымен ерекшеленеді, демек, бостандыққа ұмтылады. Бірақ ол өзі де модус болғандықтан азат емес және қажеттіліктің құрсауында ғана әрекет етеді;

5)     жаны азаттықты қалағанымен, адам қажеттілік талабына көніп, қажеттілік ағынымен жүзеді (Спиноза тілінде – «рухани автомат» болып табылады);

6)     сыртқы қажеттіліктерді – ішкі қажеттілікке айналдыру –бостандыққа апаратын жол;

7)     бостандық – бұл танылған қажеттілік.

Жоғары дәрежедегі бостандыққа жету үшін Спиноза пікірінше мынадай шарттар орындалуы қажет:

1)     табиғат – Құдай субстанциясы түріндегі қажеттілікті барынша (максималды) танып білу;

2)     аффектілерден (қайғы, қуаныш, әуестену, т.б.) арылу қажет, өйткені олар бостандыққа кедергі жасап, адамды қажеттілік бойынша әрекет етуге мәжбүрлейді.

Спинозаның өмірлік девизі: «Күлмеу, жыламау, қарғамау – түсіну!».

 

5.4 Фр.Бэкон философиясы

 

Фр.Бэкон (1561-1626жж.) – философиядағы эмпириялық (тәжірибелік) бағыттың негізін қалаған ағылшын философы және саяси қайраткері (1620-1621жж) – Ұлыбритания лорд-канцлері, корольдан кейінгі екінші тұлға. Негізгі еңбектері: «Ғылымдар табысы»; «Жаңа Органон»; «Жаңа Атлантида».

Фр.Бэконның философиялық идеясының – эмпиризмнің мәні: таным негізінде тек қана тәжірибе жататындығында. Жеке адам немесе адамзаттың тәжірибесі (теориялық, практикалық) көбейген сайын ол ақиқат білімге жақындай түседі. Бірақ ақиқат білім – түпкі мақсат емес. Білім мен тәжірибенің басты мақсаты – экономиканың дамуына, жаңа нәрселердің, адамның өз әрекетінде практикалық жетістіктерге жетуіне, адамның табиғатқа үстемдік етуіне көмектесу.

Фр.Бэконның философиялық кредосын бейнелейтін афоризмі: «Білім -күш».

Фр.Бэкон «танымның басты әдісі индукция болуға тиіс» деген новаторлық идея ұсынды. Индукция – көптеген жеке құбылыстарды жалпылау негізінде жалпы қорытындылар жасау (мысалы, «түрлі металл түрлері балқитын болса, барлық металдар балқу қасиетіне ие») деп түсіндіреді Фр.Бэкон. Индукция әдісін Бэкон Декарт ұсынған дедукция әдісіне қарсы қойды.

         Фр.Бэкон таным процесі өтетін жолдарды көрсетіп қана қоймай, адамдағының (адамзаттың) ақиқат білім алуына кедергі болатын себептерді көрсетіп берді. Ол себептерді Бэкон «елестер» («идолдар») деп атап, төрт түрге бөліп сипаттайды:

1)     тектік елестер;

2)     үңгір елестері;

3)     базар елестері;

4)     театр елесі.

         Тектік және үңгір елестері – дүниені тануда таным табиғаты мен өз табиғатын алмастырудан туатын, адамдардың туа біткен адасушылықтары.

         «Тектік елестер» - танымның адам (адамзат) мәдениеті «сүзгісінен» өтіп барып іске асатынын, сондықтан таным нәтижесіне әсер етіп, білімнің ақиқаттығын төмендететінін білдіреді.

         «Үңгір елесінің» мәні – нақты адамның (танушы субъектінің) тұлғасының таным процесіне әсері, нәтижесінде адамның бұған дейінгі сенім – нанымдары, қағидалары – таным нәтижесінде көрініс беретіндігі («үңгір» - адасушылық).

         Базар – театр елестері – жүре пайда болған адасушылықтар. Базар елестері – тілдегі, ұғымдық аппараттағы сөздерді, анықтамаларды дұрыс қолданбаудан туатын адасушылық.

         Театр елестері – таным процесіне сол кезеңдегі таным процесінің әсері. Көп жағдайда ескі философия танымды дұрыс бағыттан кері бұрып, жаңа мүмкіндіктерге кедергі жасайды (мысалы, схоластикалық философияның танымға әсері).

         Осылайша, танымның төрт түрлі негізгі кедергілерін зерттей отырып, Бэкон аталған «елестерден» барынша алшақ жүріп, олардың ықпалынан жоғары болып, «таза білімге» ұмтылуға кеңес береді.

         Фр.Бэкон ғылымдар классификациясын жасауға тырысты. Классификация негізі – адам ақылының қасиеттері: ес, қиял, пайым (рассудок). Еске – тарихи ғылымдар, қиялға – поэзия, пайымға – барлық ғылымдардың негізі – философия сәйкес келеді.

         Философияны Бэкон:

1)     Құдай;

2)     табиғат;

3)     адам туралы ғылым деп тұжырымдады.

         Философияның аталған 3 саласын адам түрлі жолдармен, құралдармен таниды:

1)     табиғатты – тікелей сезімдік қабылдау мен тәжірибе арқылы;

2)     Құдайды – табиғат арқылы;

3)     өзін – рефлексия арқылы (ойдың өз-өзіне бағытталуы, ойдың ойды зерттеуі).

   

5.5 Т.Гоббс философиясы

 

Негізгі еңбектері: «Азамат туралы бастапқы негіздеме»; «Левиафан – материя, форма, мемлекеттік, діни және азаматтық билік».

Т.Гоббс (1588-1679жж.) – Бэконның философиялық дәстүрін жалғастырушы шәкірті:

1)     теологиялық схоластикалық философияға қарсы шықты;

2)     философия мақсаты – ғылыми-техникалық прогреске жол ашу, адам әрекетінің практикалық нәтижелеріне қол жеткізу деп түсінді;

3)     эмпиризмді жақтады, Декарттың рационалистік философиясын сынады;

4)     нағыз материалист болды;

5)     қоғам мен мемлекет мәселесін маңызды философиялық мәселе деп санады;

6)     мемлекет теориясын жасады;

7)     мемлекет пайда болуының негізінде қоғамдық келісім жатыр деген идеяны алғаш ұсынды.

Гоббстың философиялық зерттеу пәні – гнесеология және мемлекет мәселесі.

Гоббс адам танымы негізінен сезімдік қабылдау арқылы өтеді деп санады. Сезімдік қабылдау – сезім мүшелерінің (көз, құлақ, т.б.) қоршаған дүниеден сигналдарды қабылдап, өңдеуі. Ол сипаттарды Т.Гоббс «белгілер» деп атап, былайша жіктейді:

1)     дыбыстар – жануарлардың өз әрекетін немесе ниетін білдіретін сигналдар (құстар «әні», жыртқыштардың ырылы, т.б.);

2)     ен салу – қатынас барысында адам ойлап тапқан белгілер;

3)     табиғи белгілер – табиғат «сигналдары» (найзағай, бұлт, т.б.);

4)     еркін коммуникативті белгілер – тілдегі белгілер;

5)     белгілер рөліндегі белгілер – азшылыққа ғана түсінікті, арнайы шифрланған сөз (ғылыми тіл, діни тіл, жаргон,т.б.);

6)     белгілердің белгісі – атаулардың атауы – универсалилер (жалпы ұғымдар).

Таным әдістері ретінде Т.Гоббс индукция мен дедукцияны қатар қолдануды жақтады. Философтың мақсатында адамға оның өз әрекеттерінде практикалық жетістікке жетуге көмектесу болғандықтан, ал адам қоғамда, нақты мемлекетке тіршілік ететіндіктен қоғам мен мемлекет мәселесі философиядағы басты сұрақтар.

Т.Гообс өзінің әйгілі кітабы «Левиафанда» қоғам және мемлекет теориясын негіздеді. «Левиафан» («Құбыжық») – Кромвельдің диктатурасы кезінде 1651 жылы жарық көрді. Ол теорияның мәні мынадай:

1)     адам табиғатынан залым;

2)     адам әрекеттерінің қозғаушы күштері – жеке пайда мен өзімшілдік, әркімнің өз қажеттіліктері, аффектілері;

3)     аталған қасиеттер әрбір адамның өзінің барлық нәрсеге құқылығын сезінуге жетелейді;

4)     әрбір адамның бәріне құқылығы басқаның мүддесін аяқасты етуіне, адамдардың бірлескен дұрыс өмірі мен экономикалық прогреске мүмкіндік бермейтін және жеңімпазы болуы мүмкін емес «бәрінің бәріне соғысына» әкелді;

5)     аман қалу үшін адамдар өзара «қоғамдақ келісім» жасап, «бәрінің бәріне құқығын» және иеленуге ұмтылысын шектеді;

6)     «бәрінің бәріне соғысын» болдырмау, шектен шыққан өзімшілдікті тоқтату үшін қоғамдық өмірді жүйелеудің қоғамдық механизмі (институты) – мемлекет пайда болды;

7)     міндеттерін нәтижелі орындау үшін мемлекет аса күшті болуы қажет;

8)     мемлекет дегеніміз – «Левиафан» - өз жолындағының бәрін жеп, жойып отыратын, қарсы тұру еш мүмкін емес, бірақ қоғам тіршілігі және ондағы тәртіп пен әділеттілік үшін өте қажет, мызғымайтын, көп бейнелі, асакүшті құбыжық.

 

 

 

 

5.6 Дж. Локк философиясы

 

Дж. Локк (1632-1704жж.)- Бэкон мен Гоббстың философиялық идеяларын дамытып, Жаңа Замандағы ағылшын философиясының эмпиристік және материалистік дәстүрін жалғастырды. Негізгі еңбегі: «Адамның ақыл – ойы туралы тәжірибе». Дж. Локк философиясының негізгі қағидалары:

1)     дүние материалды;

2)     таным негізінде тек қана тәжірибе жатады («сезімде болмаған нәрсе адам ойында (ақылында) болмайды»);

3)     адамда «туа біткен идеялардың» болуы мүмкін емес, себебі идеялардың өзі тәжірибе арқылы пайда болады;

4)     сана – әр адам өз өміріндегі тәжірибемен толтыратын бос бөлме (empty cabinet), тәжірибе жазылатын таза тақта (tabula rasa);

5)     тәжірибе көзі – сыртқы дүние;

6)     философия мақсаты – адамның өз әрекетінде табысқа жетуіне көмектесу;

7)     адам идеалы – сабырлы, заңды тыңдайтын және заңды сыйлайтын, адамгершілікті ұстанатын, өзін жан-жақты жетілдіріп, өз саласында жақсы жетістіктерге жеткен дара тұлға;

8)     мемлекет идеалы – биліктің заң шығарушы, орындаушы және федеративті (сыртқы саяси) болып жіктелген негізде құрылған мелекет;

9)     Мемлекеттегі билік бөлінісі туралы бірінші айтқан Локк болды.

 

5.7 Г.Лейбниц философиясы

 

Г.Лейбниц (1646-1716жж.) – немістің математик-ғалымы, заңгер, фолософ – Жаңа Заман философиясының соңғы көрнекті өкілі және неміс классикалық философиясының ізашары. Негізгі еңбектері: «Монадология», «Адамның ақыл-ойы туралы жаңа тәжірибелер». Лейбниц философиядағы рационалистік бағытты жақтады. Оның философиялық зерттеулерінің негізгі мәселелері: субстанция мен таным.

Лейбниц Декарт пен Спинозаның субстанция туралы теорияларын зерттей келіп, олардың жетілмегендігі туралы қорытындыға келді: Лейбниц

Декарттың дуализмін қабылдамады:

1)     барлық субстанциялардың (өз тіршілігі үшін өзінен басқаны қажет етпейтін) жоғары субстанция – Құдайға және ол жаратқан өзара тәуелсіз субстанцияларға;

2)     жаратылған субстанциялардың дәйекті және рухани (ойлайтын) болып бөлінуі.

Спинозаның барлық субстанциялары біреуге – Табиғат-Құдайға біріктіруі Декарттың дуализмін жойған жоқ, өйткені ол барлық модустарды екі топқа жіктеді – дәйекті және ойлаушы. Яғни, Декартта екі түрлі субстанция түрінде берілетін схема Спиноза философиясында бір субстанцияның модустарының көріністері түрінде беріледі.

Декарт пен Спиноза философиясына керісінше, Лейбниц монадалар туралы теория (субстанциялардың көптігі туралы) ұсынды. Лейбниц монадологиясының негізгі қағидалары:

1)     бүкіл дүние көп санды субстанциядан құралған, субстанциялардың табиғаты дуалистік (Декарт пен Спинозада екіұдай) емес;

2)     ол субстанциялар монадалар деп аталады (грек тілінен аударғанда «бір», «біреу»);

3)     монада қарапайым, бөлінбейді, дәйекті емес, материалды-заттық құрылым емес;

4)     монадологияның 4 сапасы бар: ұмтылыс, әуестену, қабылдау, елестету;

5)     мәні бойынша монада – өз жағдайын үздіксіз өзгертетін, біртұтас әрекет;

6)     өзінің үздіксіздігіне байланысты монада өзін-өзі сезінеді;

7)     монадалар абсолютті тұйық және бір-біріне тәуелсіз (Лейбниц пікірінше: бір нәрсе кіретін, бір нәрсе шығатын терезелері жоқ).

Барлық монадаларды Лейбниц 4 топқа жіктейді:

1)     «жалаңаш монадалар» - неорганикалық табиғат монадалары (тастар, жер, пайдалы қазбалар);

2)     жануарлар монадалары – түйсікке және жетілмеген өзіндік санаға ие;

3)     жоғарғы монада – Құдай.

Монада класы жоғары болған сайын оның пайымдылығы мен бостандық деңгейі де жоғары.

 

Әдебиеттер тізімі

 

1.     Антология мировой философии. В.4т. – М., 1969.

2.     Асмус В.Ф.Декарт. – М., 1956.

3.     Бэкон Ф.Соч. в 2т. – М., 1977.

4.     Декарт Р.Соч. в 2т. – М., 1989.

5.     История философии: Учебник для вузов. – М., 1998.

6.     Мамардашвили М.К. Картезианские размышления. – М., 1993.

7.     Нарский И.С. Западноевропейская философия XVII в. – М., 1974.

8.     Рассел Б. История западной философии. в. 2т. – М., 1993.

9.     Реале Б. Антисери Д. Западная философия от истоков до наших дней. Т.3. Новое время. – Спб., 1994.

10. Спиноза Б.Этика. – Спб., 1993.

11. Фишер К.Декарт. – Спб., 1994.

12. История философии в кратком изложении.  Пер. Богута И.И. –

М., 1991.

13. Очерки по истории мировой культуры. – М., 1997.

14. Рассел Б.Мудрость запада. – М., 1998.

15. Соколов В.В. Европейская философия XV-XVIII вв. – М., 1996.

16. Жаңа дәуір философиясы. 20 томдық. – Алматы: Жазушы, 2005. – 6 т.

 

6 Дәріс. Неміс классикалық философиясы

 

6.1 XIX ғасырдағы неміс философиясының басты бағыттары мен идеялары.

6.2 Иммануил Кант философиясы.

6.3 Гегель философиясы.

6.4 Людвиг Фейербах философиясы – неміс классикалық философиясының соңы.

Әдебиеттер тізімі.

 

6.1 XIX ғасырдағы неміс философиясының басты бағыттары мен идеялары

 

XIX ғасырдағы неміс философиясы – әлемдік философиядағы бірегей құбылыс. Неміс философиясының бірегейлі оның 100 жылдан астам уақыт ішінде мынадай жетістіктерге қол жеткізуінде:

1)     адамзатты ғасырлар бойы толғандырған мәселелерді терең зерттеп, философияның алдағы дамуын анықтап берді;

2)     өз бойына сол кезеңдегі барлық белгілі бағыттарды: субъективті идеализм мен тұрпайы материализм және иррационализмді – біріктіруде;

3)     әлемдік философияның «алтын қорына» енген ондаған көрнекті философтарды ашты: Кант, Фихте, Гегель, Маркс, Энгельс, Шопенгауэр, Ницше,т.б.

 

6.2 Иммануил Кант философиясы

 

         Неміс классикалық философиясының негізін қалаушы Иммануил Кант (1724-1804жж.) – Кенинсберг университетінің профессоры, неміс (прус) философы болды. И.Кант творчествосын 2 кезеңге бөліп қарастыруға болады:

1)     сынға дейінгі (XVIII ғасырдың 70 жылдарына дейін);

2)     сыни («критический») – (XVIII ғасырдың 70 жылдарынан – 1804 жылға дейін).

1) «Сынға дейінгі» кезеңде И.Канттың философиялық қызығушылығы – жаратылыс пен табиғат мәселесіне бағытталды.

2) «Сыни» кезең өз атауын Канттың осы кезең ішінде жарық көрген философиялық еңбектерінде (барлығы 3) қайталанатын «сын» сөзіне байланысты алады. Олар: «Таза ақылға сын», «Практикалық ақылға сын», «Пайымдау қабілетіне сын»

Кант өзінің «Таза ақылға сын» кітабында агностицизмді (қоршаған дүниені тану мүмкін еместігін) жақтайды.

Кантқа дейінгі философтар таным қиыншылықтарының басты себебі таным объектісінде – қоршаған дүниедегі, болмыстағы мыңдаған жылдар бойы ашылмаған сансыз құпияларда деп түсінсе, Кант – танымдағы қиыншылықтардың себебі – (айналадағы шын дүние) – объектіде емес, керісінше, таным субъектісінде – адамға, дәлірегі, оның ақылында деп түсінді.

«Адам ақылының танымдық мүмкіндіктері (қабілеттері) шектеулі». Адам ақылы өзінің танымдық мүмкіндіктері шеңберінен шыққан бойда шешілмес қайшылықтарға тап болады. Кант антиномиялар деп атаған ондай қайшылықтар саны 4:

I-антиномия – кеңістіктің шектеулілігі. Дүниенің уақыт ішінде (бастамасы, басталу уақыты бар және (ол) кеңістікте шектеулі). Дүниенің басталу уақыты жоқ және (ол) шексіз.

II-антиномия – қарапайым және күрделі. Тек қарапайым элементтер және қарапайым элементтерден құралғандар ғана тіршілік етеді. Дүниеде қарапайым нәрсе жоқ.

III-антиномия – бостандық пен себептілік. Табиғат заңдары бойынша себептілік қана емес, бостандық та бар. Бостандық деген жоқ, дүниенің бәрі қатаң себептілік күшімен іске асады.

IV-антиномия – Құдайдың болуы. Құдай бар. Ол бүкіл тіршіліктің себебі және сөзсіз қажет нәрсе. Құдай жоқ. Тіршілік себебі, абсолютті-қажетті нәрсе жоқ.

 

6.3 Гегель философиясы

 

Георг Вильгельм Фридрих Гегель (1770-1831жж.) – алдымен Гейдельберг, содан соң Берлин университетінің профессоры, Германияның ғана емес, Европаның беделді философы, неміс классикалық философиясының көрнекті өкілі. Гегельдің философиядағы басты үлесі мынада:

1)     объективті идеализм теориясы (негізгі ұғымы Абсолютті идея, Әлемдік рух);

2)     диалектика – жалпы философиялық әдіс ретінде;

Гегельдің басты философиялық еңбектері: «Рух феноменологиясы», «Логика ғылымы», «құқық философиясы».

Гегельдің онтологиядағы (болмыс туралы ілім) басты идеясы – болмыс пен ойлауды теңестіруі. Теңестіру нәтижесінде Гегель ерекше философиялық ұғым – Абсолютті идеяны негіздеді. Абсолютті идея бұл: тіршілікте бар жалғыз шын реалдылық; қоршаған дүние, оның заттары мен құбылыстарының алғашқы себебі; өзіндік санасы мен жарату қабілеті бар Әлемдік рух.

Гегель онтологиясындағы келесі өзекті ұғым – жаттану. Абсолютті рух өзінен-өзі мына түрлерде жаттанады: қоршаған дүние; табиғат; адам; адам әрекеті мен ойлауы арқылы жаттанған абсолютті рух өзіне-өзі қайтып оралады. Яғни, Абсолютті рухтың айналысы: Әлемдік (Абсолютті) рух→жаттану →қоршаған дүние және адам→адам әрекеті мен ойлауы→рухтың адам әрекеті мен ойлауы арқылы өзін-өзі іске асыруы→Абсолютті рухтың өз-өзіне қайта оралуы.

Абсолютті рух – мәңгі шын ақиқат, рухтың ең жоғарғы көрінісі. Абсолютті рухтың көрініс беретін салалары: өнер, дін, философия.

Өнер – адамның абсолютті идеяны тікелей бейнелеуі. Гегель пікірінше, адамдар арасында абсолютті идеяны көре және бейнелей алу – тек талантты, ұлы адамдардың қолынан келеді және сонысымен олар өнерді жасаушыларға айналады.

Дін – өнердің антитезисі, егер өнер – ұлы адамдар «көре», «бейнелей» алған абсолютті идея болса, дін – Құдайдың адамға ашқан абсолютті идеясы.

Философия – өнер мен діннің синтезі, абсолютті идеяны түсіну мен дамудың жоғарғы сатысы. Филоосфия – Құдай берген және  Ұлы адамдар-философтар ұғына алған білім. Философия – барлық ақиқаттың толық ашылуы, Абсолютті рухтың өзін-өзі тануы, абсолютті идеяның басы мен аяғының бірігуі, жоғары білім.

Гегель пікірінше, философ өз пәні ретінде: табиғат философиясын; антропологияны; психологияны; логиканы; мемлекет философиясын; азаматтық қоғам философиясын; құқық философиясын; тарих философиясын; диалектика – ең жалпы заңдар мен қағидалардың ақиқат ретінде қарастыруы тиіс.

Тарих – Абслютті рухтың жүзеге асу процесі. Абсолюттік рухқа бостандық идеясы енетін болғандықтан, бүкіл тарих, Гегель пікірінше, адамзаттың өз бостандығын ұлғайту процесі. Осыған байланысты Гегель бүкіл адамзат тарихын 3 дәуірге бөледі: шығыс; антикалық-ортағасырлық кезең; германдық.

Шығыс дәуірі (Ежелгі Египет, Қытай, т.б.) – бүкіл қоғамда бір ғана адам бүкіл игілікті,бостандықты пайдаланып, өзін-өзі танитын, қалғандардың бәрі оның құлдары мен қызметшілері болатын тарихи кезең.

Антикалық-ортағасырлық кезең - адамдар тобы (мемлекет басшысы мен оның нөкерлері, әскербасылар, аристократия, феодалдар) өзін-өзі танып, бұқараның көп бөлігі «жоғарыдағыларға» тәуелді болып, қызмет ететін кезең.

Германдық кезең – бәрі өзін-өзі танып, бәрі азаттыққа жеткен Гегельдің өзі өмір сүрген заман.

 

6.4 Людвик Фейербах философиясы – неміс классикалық философиясының соңы

 

Л.Фейербах философиясы – неміс классикалық философиясының соңы және материализмге өтудің басы.

Людвик Фейербах философиясы (1804-1872жж.) – өкілдері Кант, Гегель, Шеллинг және Фихте болған неміс классикалық философиясының аяқталу кезеңі, ал неміс және әлемдік философиядағы материалистік дәуірдің бастамасы болды.

Фейербах философиясының басты бағыты – неміс классикалық идеализмін сынау және материализмді негіздеу болды.

Философиялық бағыт ретінде материализм Фейербахқа дейін (Ежелгі Грецияда – Демокрит және Эпикур, Жаңа Заманғы Англияда – Бэкон, Локк, Францияда – ағартушы - материалистер) пайда болғанмен, аталған философиялық мектептер, негізінен өз заманының ішкі ұлттық көрінісі ғана болып жүйесіздік пен қайшылықтарға толы болды. Теологияның ығында жүріп, материалистік идеялар мен Құдай тіршілігі арасын жақындатуға тырысты (жақындату жолы – деизм). Л.Фейербах философиясы жүйелі материалистік ілімнің үлгісіне айналды. Оның жалпы сипаты:

1)     атеизм – көпғасырлық діни ықпалдан толық босану, ажырау;

2)     Құдай мен дін табиғатын материалистік тұрғыда түсіндіруге талпыныс;

3)     Қоршаған дүние мен адам мәселелерін ғылым жетістіктеріне сүйене отырып түсіндіру;

4)     Саяси – әлеуметтік сұрақтарға қызығушылық;

5)     Қоршаған дүниенің танылатындығына сенім.

Фейербах философиясы неміс классикалық философиясы мен ХІХ ғ. неміс материализмі арасындағы ара – жік, марксизмнің ізашары болды. Фейербах философиясының ықпалымен қалыптасқан маркстік философия (К.Маркс, Ф.Энгельс) Германияның ұлтық шеңберінен асып, әсіресе ХІХ ғ. ортасы мен соңында – ХХғ. бірінші жартысында бүкіл, жалпы әлемдік философияға айналды. Коммунистік даму жолымен жүрген елдерде (Кеңестер Одағы, Қытай, Шығыс Европа, Азия мен Африканың кейбір елдерінде) материалистік философия ресми және жалпыға міндетті болды.

Фейербах өз философиясының алғашқы кезеңінде идеалистік философияны, әсіресе Гегель философиясын қатты сынға алады:

1)     Болмыс пен ойлаудың теңдігі идеясын сынады.

2)     Материалды дүниенің бастапқы себебі және дербес субстанция- абсолютті идеяның болуын мойындайды.

3)     Жаттанудың абсолютті идеяның материалды дүниеге айналуының мүмкін еместігін логикалық түрғыдан дәлелдейді (қоршаған дүниені көруге, сезінуге болады, ал абсолютті идея – Гегельдің ойдан шығарылғаны).

4)     Философия мен діннің ынтымағын, бірлігін мойындамады.

5)     Диалектиканы да терістеді (Фейербахтың қателігі).

Гегель философиясын Фейербах, ғылымның соңғы жетістіктеріне сәйкес келмейтін, өткенге бағыттауға, сенім – наным ықпалындағы жалған философия деп атады.

Гегель объективті идеализміне Фейербах өзінің антропологиялық материализм теориясын қарсы қойды. Бұл теорияның мәні:

1)     Тіршілікте шынымен бар реалдылықтар – табиғат және адам.

2)     Адам – табиғаттың бөлігі.

3)     Адам - материалды мен руханилықтың бірлігі.

4)     Адам – философияның басты пәні,мәселесі болуға тиіс.

5)     Идея өз бетінше тіршілік етпейді, ол – сананың жемісі.

6)     Құдай –жеке және дербес реалдылық емес; Құдай - адам қиялының жемісі.

7)     Табиғат (материя) мәңгі және шексіз, оны ешкім жаратпайды және ешкім жоя алмайды.

8)     Бізді қоршап тұрғанның (нәрселер, құбылыстар) бәрі – материяның түрлі көріністері.

Фейербах философиясында Құдай мәселесі ерекше орын алады. Құдайдың тіршілігі (бар болуы) идеясы мен материалистік көзқарасы арасын жақындатуға тырысқан деистерден, т.б. өзгеше Фейербах:

1)     Атеистік позицияны ұстанады.

2)     Құдай мәселесін антропологиямен тығыз байланыста қарастырады. Л.Фейербахтың атеистік-антропологиялық теориясының негізгі қағидалары.

3)     Құдай – дербес реалдылық емес.

4)     Құдай – адам санасының туындысы.

5)     Дін мифологиялық-фантастикалық идеология және оның шын дүниеге еш қатысы жоқ.

6)     Діннің таралуына адамның надандығы, оның өмірінің ауыр жағдайлары себеп болуда.

7)     Діннің тамырлары – адамның сыртқы дүние алдындағы шарасыздығы, оған тәуелділігі мен қорғансыздығында.

8)     Құдіретті де парасатты тіршілік Құдай туралы ой – адамның қорқыныштары мен аффектілерін бәсеңдетіп, адамға жұбаныш береді.

9)     Құдай – адам көргісі келген өзі жасаған мінсіз образ.

10)Құдай – жаратушы емес, Ол-адам ақылының жаратқаны. Сондықтан нағыз жаратушы – адам.

Л.Фейербах өз философиясында таным сұрақтарын (гнесеологияны) зерттейді.

Фейербах – адам ақылының тану қабілетінің шектеулілігі  мен қоршаған дүние заттары мен құбылыстарының ішкі мәні танылмайтындығы (агностицизм) теориясын ұсынған Кантқа оппонент болды.

 

Әдебиеттер тізімі

 

1.     Гегель. Наука логики. Т.3. – М., 1972.

2.     Гегель. Лекции по истории философии. Соч.Т.9. Кн.1. – М., 1932.

3.     Гегель. и Энциклопедия философских наук. Т.3. – М., 1977.

4.     Гегель. Феноментология духа. Соч. Т.4.Ч.1. – М., 1959.

5.     Гулыга А.В. Немецская классическая философия. – М., 1986.

6.     Канке В.А. Философия. – М., 1996.

7.     Радугин А.А. Философия. Курс лекции. – М., 1995.

8.     Фейербах Л. История философии. В.3т.Т.2. – М., 1967.

9.     Фейербах Л. Избранные философские произведения. Т.1-2. – М., 1955.

10.  Кант және Гегель философиясы. 20 томдық. – Алматы: Жазушы, 2005. – 8т.

 

7 Дәріс. Қазақ философиясының тарихы

 

7.1 Көшпенділер мәдениеті және ойлаудың синкретистік мазмұны.

7.2 Қазақтың ұлттық философиясының даму кезеңдері.

7.3 ХVІІ-ХІХ ғ. қазақ ақын-жырауларының философиясының өзіндік ерекшеліктері.

7.4        ХІХ ғ. аяғы және ХХ ғ. басындағы қазақ ойшылдарының гуманистік-ағартушылық философиясы.

 

7.1 Көшпенділер мәдениеті және ойлаудың синкретистік мазмұны

 

Күнделікті өмірдегі қарапайым деген нәрселердің өзі, тіпті түсіндіруді қажет етпейтіндей болып көрінгенімен, ең қиын да күрделі және ашылмаған жұмбақ құбылыстар екені анық. Егер мән беріп қарасақ сол қарапайым деген дүниелерде қаншама заңдылық, сыр жатыр десеңші.

Философия тарихында Шығыстық ойлау және Батыстық ойлау деген ұғымдар қалыптасқан. Оның нақтылы себебі бар, екі ойлау формасының айырмашылығы тұрмыс-тіршілікте, көзқарастар үлгісінен анық байқалады.

Көшпенділер мәдениеті евроцентристік көзқарас тұрғысынан қарабайыр, таяз, қызықсыз болып көрініп бертінге дейін өз бағасын ала алмай келгені рас.

Ғылыми-техникалық революция, отырықшы мәдениет дамуының органикалық жемісі болып табылатын, ХХғ. екінші жартысына қарай Батыс мәдениетін ауқымды тауқыметтермен дағдарысқа ұшыратты. Экологиялық, экономикалық, ең күрделісі рухани тауқыметтер адамзат зиялыларын қатты ойландыра бастады. Табиғатты бағындыруды, өзгертуді өз мүддесіне қызмет етуді мақсат етіп қойған ғылым мен техника мүмкіндіктері тығырыққа тіреле бастады. Батыстық ойлаудың негізі болған рационализм немесе ұғымдық ойлау европалық философиялық ағымдарды да дәрменсіз, қайшылыққа толы етіп көрсетті.

Осы кезеңде шығыс мәдениетіне бетбұрыс басталды. Не себептен екенін нақтылы дәлелдер арқылы түсіндіріп көрейік.

 

7.2    Қазақтың ұлттық философиясының даму кезеңдері

 

Қазақ мәдениеті көшпенділер мәдениетінің айқын үлгісі ретінде, дүниені түсінудің, философиялық қабылдаудың, ойлаудың ерекше формасы. Өзінің тереңдігі, дәйектілігі және нақтылығы жағынан керісінше, отырықшы мәдениетке қарағанда көш озық тұр. Сан ғасырлар бойына қалыптасқан қазақ мәдениеті өзіне ғана тән заңдылықпен дамып отырды және басқа халықтарға қарағанда қалыптасқан дәстүрді өзгертуге ынталы болмады.

Батыс зерттеушілері, жаратылыстану ғылымдары дамымағандықтан қазақтар тарихында философия мүлде болмаған деген де пікір айтылады. Оның бір дәлелі ретінде батыстағыдай арнаулы бір ұғымдар жүйесіне негізделген концепциялардың жоқтығын, ұғымдық ойлаудың үлкен маңызға ие болмауын тілге тиек етеді.

Көшпенді қазақ еліне ондай батыстың классикалық үлгідегі философиясының қажеті жоқ та еді. Қазақтар өзінің көріп жүрген нәрселері мен құбылыстарына, олар туралы біліміне, табиғат ерекшеліктері мен адам ерекшеліктеріне үңіліп мән берген емес, оның себебі қазақтардың философиялық көзқарасы, дүниеге қарым-қатынасынан көрініс берді. Өмірге философиялық көзқарас олар үшін өмір сүру тәртібі болды. Қазірге дейін қазақ ұлтының, көп жағдайда материалдық мәдениеті, оның ішінде зергерлік бұйымдар, тұрмыс жабдықтары, өнер туындылары және шаруашылық әбзелдері жан-жақты зерттелініп келді. Тек бір кемшілігі, рухани мәдениеттің элементтерін зерттеген кезде қазақ дүниетанымында философияны ғылыми тұрғыдан ғана емес синкретистік (грек сөзі: әр-түрлі нанымдар мен сенімдер, жоралар бірлігі) тұрғыдан дамытқаны назардан тыс қалады. Көшпенді ел табиғат және өмір философиясы деп бөліп қараған емес, екеуін диалектикалық бірлікте таныған. Дүние болмысы мен өмір-тіршіліктегі әрбір зат, процесс кең мағыналы, көптүрлі мәнге ие және олардың философиялық талдауға, түсінуге, белгілі бір мағыналық маңызға тәуелділігі негізгі қасиеттерінің бірі болып табылады.

 

7.3 ХVІІ-ХІХ ғ. қазақ ақын-жырауларының философиясының өзіндік ерекшеліктері.

 

Синкретистік ойлауды ежелгі қазақтардаң өмір болмысынан көруге болады. Дүниенің жаратылысы туралы, космос пен адам туралы, олардың ара-қатынасы туралы, адамның дүниедегі орны, өмір сүру мақсаты жазылмаған кітап болса да, заттар мен тіршілік әрекеттерінен айқын аңғарылып тұр.

Өмірдің бастауын ғарыштан, табиғаттан іздейді және тарихи-мәдени даму барысында өмір сүру тәсілі арқылы тылсым дүние мен табиғат үйлесімділігін дәріптейді. Тылсым дүние мен әлемдік үйлесімділік арасындағы мәңгілік байланысты қазақ мифологиясының мазмұн-сарынынан анық байқаймыз. Барлық әлемдік мәдениет дүние жаратылуын Хаостан (Ретсіздік) Үйлесімділік туған деп түсіндіреді. Қазақ аңыздарында, наным-сенімдерінде де осы көзқарас көптеп орын алған.  Мысалы, Қорқыт туралы аңыз, Батырлар жыры дүниеде қарама-қарсылық бірлігін, даму заңдылықтарын, өмір мен өлімнің ерекшелігін Ғарыштық тұтастық арқылы бейнелейді.

Қазақ мәдениетінде Басқа дүние де, осы дүние де шындық және құндылықтар бар деп санайды. О дүние өкілдерінің әрекеті мен істері, осы дүние адамдарына жақын, әрі түсінуге мүмкіндік бар. Тотемдік, бақсылық жоралардан екі дүние арасындағы байланысты көреміз.

7.4 ХІХ ғ. аяғы және ХХ ғ. басындағы қазақ ойшылдарының гуманистік-ағартушылық философиясы

 

Қорқыт туралы аңызда Әулиенің күй құдіреті арқылы өлімді жеңуге ұмтылуы осы дүниедегі шарасыздықты, өтпелілікті дәлелдей түседі, тек мифологиялық уақыттың мәңгілік болып табылатындығы айтылады. Миф – аңыз – екі дүние шекарасы, оларды анықтап, байланыстырып тұрған миф – метафора, бір дүние мағынасын және құндылықтарын екіншісіне көшіріп тұрған. Осылай түсінілген миф үшін тіл, сөз арқылы жеткізу, түсіндіру шешуші рөл атқармайды. Қазақ мәдениетінде мифтің өмір сүруінің негізгі тәсілі, табиғаттың үнін жеткізуші күй формасында. Логос, Сөз және Ғарыштық заңдылық – бәрі күйде қосылған, бұл құбылыстарды қарапайым күнделікті адам тілімен түсіндіру мүмкін емес. Табиғат үні судың сылдырынан, желдің ызыңынан, жапырақтардың сыбдырынан және құстар мен жануарлар шуылынан күй болып құралады. Қорқыт туралы аңызда – музыкалық шығармашылықтағы құдіретті күш, адам мен әлемді уақыт бастауына, мәңгілік дүниеге қайтару мүмкіндігі айтылады. «Күй» деген ұғымның шығу тегі көне түркі тілінде «көк»-аспан, Жаратқан, үйлесімділік ұғымына сәйкес келеді. Аңыз бойынша Қорқыт қобызды осы үйлесімділік үнін жеткізу үшін жасаған. Қазақ мәдениетіндегі семантикалық мазмұн байлығын тұрмыс-тіршіліктің барлық саласынан көреміз. Бәріне ортақ бір мақсат, тақырып Тылсым дүние мен Табиғат үйлесімділігі және сол үйлесімділіктің шырқын бұзбау. Материалды мәдениет заттарын алсақ та, рухани құндылықтар үлгісін қарасақ та, осы тақырып өзек болған. Мысалы, Киіз үйдің сыртқы формасы, ішкі кеңістігі, негізгі элементтері – барлығы да осы Ретсіздік пен Үйлесілімділіктің алмасуын, абсолютті Ғарыштық заңдылықты паш етеді. Интуициялық пайымдау арқылы танылған Әлемдік заңдылық қазақтардың іс-әрекетіне шығармашылық мүмкіндіктеріне негіз болған және табиғатпен қарым-қатынасына бағыт-бағдар берген. Киіз үйдің тігіліп және жығылуы, оның формасының ландшафтқа үйлесілімділігі, экологиялық және экономикалық, психологиялық және биологиялық тиімділігі сөз жоқ әлемдік үйлесімділікке бейімделген мәдениет үлгісі болып табылады.

Қазақ халқының сұңғылалығы да сонда, Ғарыштық, Табиғат және Қоғам дамуының ортақ заңдылығын пайымдап, соны мұқият бақылап, қарсы тұрмауға,Табиғи үйлесімділіктің шырқын бұзбауға ұмтылған.

  

 ҚАЗАҚ ФИЛОСОФИЯСЫНЫҢ ӨЗІНДІК ЕРЕКШЕЛІГІ 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

             

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


ҚАЗАҚ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ КӨЗҚКАРАСЫНЫҢ БЕРІЛУІ ЖӘНЕ САҚТАЛУ ЕРЕКШЕЛІГІ

 

 ЖЫРАУЛАР ФИЛОСОФИЯСЫ
(АКСИОЛОГИЯЛЫЌ ТАЛДАУ)

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

АБАЙ ФИЛОСОФИЯСЫ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

  

Әдебиеттер тізімі

1.           Абай. Қара сөз. – Алматы: Ел, 1993.

2.           Абай. Шығармалары. – Алматы, 1995. – 372 б.

3.           Әуезов М. Абай Құнанбаев. – Алматы, 1995. – 290 б.

4.           Бейсенов Қ.Ш. Философия тарихы: Оқулық. – Шымкент, 2005. – 452 б.

5.           Бөкейханов Ә. Шығармалары. – Алматы,  1994. – 492 б.

6.           Байтұрсынов А. Шығармалары. – Алматы, 1989. – 320 б.

7.           Бес ғасыр  жырлайды: /Құрастырған  М. Мағауин, М. Байділдаев / - Алматы, 1989, 1-2 том.

8.           Есимов Ғ. Хакім Абай. – Алматы, 1995. – 240 б.

9.           Құдайбердиев Ш. Шығармалары. – Алматы., 1991. – 418 б.

10.       Құдайбердиев Ш. Үш анық. – Алматы, 1989. – 190 б.

11.       Мырзалы Серік. Философия. – Алматы: «Бастау», 2008. – 644 б.

12.       Ақмамбетов Ғ.Ғ. Философия және мәдениеттану. – Алматы, 1997. – 331 б.

13.       Сүлейменов О.О. Азия. – Алматы, 1990. – 425 б.

14.       Орынбеков М.С. Ежелгі  қазақтар  дүниетанымы. – Алматы, 1996. – 385 б.

15.       Шоқай Мұстафа. Шығармалары. 2  томдық. – Алматы, 1998.

16.       Сегізбаев О.А. Казахская  философия XV – начала XIX  века. – Алматы, 1996. – 421 с.

17.       Торайғыров С. Шығармалары. 2 томдық. – Алматы, 1967.

18.       Уәлиханов Ш. Шығармалары. 5 томдық. – Алматы, 1972.

19.       Философия тарихы: Оқулық. / Ж. Алтай, А. Қасабек, Қ.Мухамбетәлі. – Алматы: Жеті жарғы, 1999. – 288 б.

20.       «Қазақ халқының  философиялық мұрасы» сериясы. Жиырма томдық. 1-7тт. – Астана: Аударма, 2005.

 

8 Дәріс. ХХ – ХХІ ғасырлар философиясы

 

8.1 Классикалық емес философияның қалыптасуы және дамуы.

8.2 Адам және әлем мәселесі.

8.3 ХХ ғасыр философиясындағы білім және тіл мәселелі.

8.4 Қазіргі заманғы діни философия.

 

ХХ ғасырдың философиялық дүниетанымы өзінің көптүрлілігімен және аясының кеңдігімен таң қалдырады. Бұл ойымыздың батыс философиясына да, шығыс философиясына да бірдей қатысы бар. Олай болатын себебі, қазіргі заманғы әлемдік философиялық көзқарас шеңберінде, ғылым мен коммуникация құралдарының жетістіктері нәтижесінде, батыс мәдениеті мен шығыс мәдениеті арасында қарама-қарсылықтан үйлесімділікке ауысу үрдісі айқынырақ байқалады.

Қазіргі заманның көптеген ойшылдары, батысеуропа өркениетін – рационализм өркениеті деп санайтыны бәрімізге белгілі. Ал, батысеуропа қоғамының дамуындағы техногендік рационалдылықтың үстемдігін болашағы жоқ, адамзатты үлкен дағдарысқа ұшырататын бағыт деп сынға алады. Оған айтылған уәждер жеткілікті де, атап айтсақ, этикалық және адамгершілік құндылықтарының техникалық өркениеттен қалып қоюына алып келген, мұндай рационализм міндетті түрде қоғамдағы дегуманизациялық қатынастардың, табиғат пен қоғам арасындағы антагонизмнің өршуіне алып келеді.

Шығыс пен Батыс мәдениетінің, қоғам дамуына көзқарасындағы айырмашылық та сонда, батысеуропалық классикалық рационалдық технократияға бой ұрса, шығыстық ой-таным – рухани құндылықтар жүйесінде дамыды; батыстық қоғам адам құқына мән берсе, шығыстық – парыз бен қарызға артықшылық берді; батыстық экономика материалдық өндірісі дамыған капитализмді мақсат етсе, шығыста – дәстүрге негізделген әлеуметтік теңдікті орнатуға ұмтылды. Егер Платонның пікірінше қоғамдағы тәртіпті сақтау үшін күшті билік қажет деп саналса, Конфуцийдің, Абайдың ойынша тәртіпті, үйлесімділікті қалыптастыратын білім және парасаттылық. Адамдардың ар-ұяты, заң алдындағы қорқыныштан күштірек, сондықтан өмір сүрудің әмбебап заңдылықтары гуманизм және этика. Адам құқы билік институттары арқылы сырттан анықталады, жарияланады, қорғалады, ал қарыз бен парыз рухани дүниеге арқа сүйейді, сол себептен де берік және ықпалды. Адамзат тарихы, адам құқын, оның міндеттерін ескермей сақтауға болмайтынын дәлелдеп берген сияқты. Сондықтан да болар қазіргі заманның жаћандық тауқыметтері адамзат дүниетанымын, мәдени жетістіктерін синтездеуді, іс-әрекет пен ойды, қажеттілік пен бостандықты, сенім мен зердені үйлестіруді талап етіп отыр.

Осы тұрғыдан алғанда, ХХ ғасырдағы жаңадан қалыптасқан философиялық ағымдар, әртүрлі мазмұнда дамып, өзіндік дүниетаным тәсілін ұсынғанымен, оларды біріктіретін ортақ мақсат айқын көрініс береді. Ол – адамзат қоғамының дамуының болашағына деген алаңдаушылық, адам және әлем арақатынасын түйсіну, адам болмысының мәнін ашу, ең бастысы –абсолюттік ақиқатты тануға деген ұмтылыс. Қазіргі заманғы философиялық көзқарастарға тән тағы бір ұқсастық, олардың руханилыққа бет бұрып, гуманистік сипат алуы. Бұл жерде діни сенім мен ақыл-тәжірибенің мүмкіндіктеріне негізделген, екеуін бір-біріне қарсы қоймай, керісінше ұштастыруға тырысқан философиялық  дүниетанымның әлемдік мәдениетте басымдылыққа ие болып келе жатқанын атап өткен орынды. Мұндай үрдісті қазіргі заманғы батысеуропалық философиялық ағымдардың ілімдері мен жүйелерінен көптеп кездестіреміз.

Қазіргі заманғы батысеуропалық философияның тамыры негізінен төрт бастаудан нәр алған. Біріншіден, Антика заманының классикалық философиясы, ең алдымен платондық және аристотелдік теория мен методология. Екіншіден, ХХ ғасырдағы батыс философиясы XVII ғасырдан бастау алатын Жаңа дәуірдің эмпирикалық және рационалистік принциптеріне де негізделеді. Үшіншіден, батыс философиясында ХІХ ғасырда ірге тасы қаланған иррационалистік үрдістер (А.Шопенгауэр, Ф.Ницше т.б.), позитивистік концепциялар (О.Конт, Дж. Милль, Г.Спенсер, махизм) кеңінен қолдау тауып, жаңа ағымдар көбейді. Төртіншіден, ХХ ғасырдағы батыс философиясы, өткен жүз жылдықтың тікелей бейнесі, бір жағынан тез және күрделі ғылыми дамудың нәтижесі болса, екінші жағынан еуропалық өркениеттің терең әлеуметтік-рухани дағдарысқа ұшырауының салдары.

ХІХ ғасырдың 40-50-ші жылдары күрт бетбұрыс басталған кезең еді, себебі философияда классикалық емес дәстүрге негізделген дүниетанымның объективті қажеттілігі айқын байқала бастады. Алғашқылардың бірі болып классикалық философияны жаңа тұрғыдан қарауға талпыныс жасаған ойшылдар  К.Маркс және Ф.Энгельс бастаған топ рационалистік көзқарасты ғылым  және прогресске сену негізінде дамытпақ болды. Олар классиканың философияны ғылым деп таныған идеясын жақтағанымен, оны “ғылымдардың ғылымы” деп атауын теріске шығарды. Марксистер философия мен ғылымдағы маңызды ерекшеліктерді мойындағанымен, оларды адам және адамзат үшін дүниені революциялық - тәжірибелік өзгерістерге ұшырату процесінде пайдалануға болатын күшті рухани құрал деп таныған жоқ.

Марксистік философиямен қатар, оған тіпті қарама-қарсы бағыттағы дәстүрлі емес сипаттағы көзқарастар қалыптаса бастады. Олардың басты айырмашылығы, егер марксистер жаңа дүниетанымды уағыздағанымен классикалық философиялық дәстүрді тұтас теріске шығармаған болса, иррационалистік ағымдар классиканы түбегейлі сынға алды. Осы бағыттардың негізін қалаған ірі тұлғалар, - даттық философ  С.Кьеркегор (1813-1855) және неміс ойшылдары А.Шопенгауэр (1788-1860), Ф.Ницше (1844-1900), француз философы А.Бергсон (1859-1941) т.б. Классиканы сынға алған идеялық қозғалыс, жаңа философиялық көзқарастар әсіресе, ХХ ғасырда айрықша беделге ие болып, қазіргі күнге дейін өз ықпалын жоғалтқан жоқ.

Классикалық дүниетанымды сынға алу, терең рухани дағдарысқа ұшыраған батыс өркениетінің құндылықтарын түбегейлі қайта қарау процесінің құрамдас бөлігіне айналды. Бір кездері жұртты дүрліктірген О.Шпенглердің (1880-1936) “Европаның құлдырауы” (1918) шығармасын  “дағдарыс философиясының”, рухани тоқыраудың негізгі бағыттарының қысқаша айқындалуы деп түсінуге болады, осы көзқарас әртүрлі нұсқада қазіргі күнге дейін жалғасын табуда.                  

Антиклассикалық философиялық ойды шегіне жеткізе айқындауға тырысқандардың бірі испандық философ Хосе Ортега-и-Гассет (1883-1953). Оның ойынша европалық дағдарыстың астарында бүкіл классикалық ойдың дағдарысы жатыр. Рациовитализм ілімін жасаған испан ойшылы, өзінің ұлттық философиясына, Латын Америкасы, Еуропа елдерінің ой-парасатына қарқынды ықпал еткен. ХХ ғасырдың басында туындаған авангардизм ағымының пайымдаушысы бола тұра, қарабайыр көпшілікке көнбейтін “рухани азшылық” (“шығармашылық элита”) туралы ілімнің негізін қалады.

Философия мен әдебиет саласында халықаралық Нобель сыйлығын алған француз ойшылы А. Бергсон, бір жақты механикалық, позитивистік философиялық зерттеу тәсілдерін және дәстүрлі рационалистік метафизиканың спекулятивтік (аярлық) мазмұнын аяусыз сынға алып, жаңа бір дүниетаным жүйесін қалыптастыруға талпыныс жасады.   

ХХ ғасырда А.Бергсон концепциясына екі түрлі көзқарас болды. Материя мен өмірді бір-біріне қарсы қоюы, қалыптасу процесін әсірелеп, кеңістік пен уақытты бөліп қарауы белгілі бір философтардың наразылығын тудырса, екінші біреулері оның дүниенің жаңа бейнесін жасап, табиғаттағы жаңаның пайда болуын түсіндірген идеяларын жоғары бағалады.

Н.Винер “Кибернетика” атты еңбегінде А.Бергсон концепциясы ХХ ғасыр ғылымындағы үлкен бетбұрыс деп санаған. Осы шығарманың бір тарауын “Ньютондық және Бергсондық уақыт” деп атаған. Себебі, А.Бергсон ХХ ғасыр философиясында алғашқылардың бірі болып тірі организм ретінде адамның уақыт ерекшелігін түйсінуін зерттеді. Осындай – тоқтаусыз, тұтас ағымдағы, сыйымды – “субъективті” уақытты, ол “ұзақтық” деп атады. Зерде, А.Бергсон түсінігінше, уақытты кеңістікпен салыстырып қарауға бейім тұрады, уақытты алдымен жекелеген сәттерге бөліп, содан соң “өлі” бөлшектерді қайта қосып алып оны әлемге таңады. Осы қолайсыздықты тек қана интуиция игере алады: ол тоқтаусыз адам өмірінің құрамына енген тұтас ағыс түріндегі уақыт ерекшелігін түйсінуді мүмкін етіп, уақытты ұзақтық деп түсінуге көмектеседі. А.Бергсонның уақыт туралы көзқарасы біздің заманымыздың барлық философиялық дүниетанымына әсерін тигізді. Тіпті, А.Эйнштейн жасаған салыстырмалы теория мазмұны осы көзқарасқа үндес еді.

Сонымен, ХХ ғасыр философиясы дүниенің динамикалық картинасын жасауда үлкен қадам жасады. Зердені, классикалық ғылымды өмір философиясы және басқа да ағымдардың сынауы, ақыл-естік таным тәсілдерінің – олардың қаншалықты артықшылықтары бола тұрса да, соншалықты кемістіктері мен әлсіздіктері де бар екендігін түсіну қажеттілігін, өмір шындығын мойындауын жеделдетті. Ақылға немесе сезімге табынудың, материалды және идеалды құбылыстарды бір-біріне қарама-қарсы қоюдың дүниедегі құбылыстарды түсінуге кедергі жасайтынын, біртекті емес адамның рухани, психикалық өміріндегі көптүрлі құбылыстарды біржақты бейнелейтін стереотивтің таяздық ететінін дәлелдеді. А.Шопенгауэр, Ф.Ницше, А.Бергсон, О.Шпенглер, В.Дильтей дамытқан жаңа философиялық көзқарас батыс мәдениетінің барлық саласына дерлік қатты әсер етті. Біреулер “өмір философиясы” концепциясынан адамның белсенді әлеуметтік позициясының дүниетанымдық негізін көрсе, басқалары одан адамзат рухының қатпарларын философиялық және көркемөнер құралдары арқылы тануға шақырған ұранды естіді. Сонымен байқағанымыз, классикалық философияда ақыл мәселесі қандай рөл атқарса, ХХ ғасыр философиясында рух, психиканың рационалдық емес формалары мәселесі дәл сондай негізгі рөлді атқарады. Табиғат пен адам, әлем мен қоғам арасындағы байланысты анықтау үшін иррационалдылықтың әртүрлі формалары (интуиция және инстинктпен қатар) таңдап алынады. Бұл үрдіс философия тарихында жаңа бір кезеңнің басталғандығының айғағы еді.

Философия ежелгі дәуірден бастап адамды тануға бағытталған. “Философиялық антропология” деп аталатын философиялық ілім саласынан, әртүрлі тарихи бетбұрыс кезеңдерде осы проблеманың жаңа тұрғыдан қаралғанын, үзіліссіз өзгеріп отырғанын байқаймыз. Әсіресе, қайтаөрлеу дәуірінде, философия адамға қарай бет бұрып, өзінің гуманистік мазмұнын ерекше танытты. Дегенмен, ХХ ғасыр ойшылдары - өткен заманның “антропологиялық” философиясының адам проблемасына қосқан үлесін ескере отырып – адамға қарай “жаңа бетбұрыстың” қажеттілігін дәлелдеуге тырысады. Сөйткенмен де “жаңа бетбұрыстың” тамыры ХІХ ғасырдан басталады, Серен Кьеркегор (1813-1855) бастаған біраз ойшылдар, классикалық философиядан бөліну нүктесі етіп осы адам мәселесін таңдаған. С.Кьеркегорды экзистенциализмнің ізашары болған десек қателеспейміз, кезінде неміс идеалистік философиясына (әсіресе, Гегельге) қарсы шыққан даттың діни философы шынайы философиялық ілім экзистенциалдық мәселелер төңірегінде шоғырлануы тиіс деп тұжырымдаған. Ол адамды “экзистенция” (лат. еxsistentia - өмір сүру) деп  алып, адам болмысын ашу үшін “қорқыныш”, “жанұшыру”, “жанталасу”, “парадокс” сияқты ұғымдарды енгізіп, тұлғаның өмір сүруінің үш (эстетикалық, этикалық, діни) тәсілін талдайды. Оның ілімінде сенім ұғымына зор мән беріліп, діни сенім адам ойынан әлдеқайда жоғары қойылады. Оның негізгі шығармалары: “Қорқыныш пен қалшыл”, “Қорқыныш ұғымы”, “өлімге бастайтын ауру” және т.б.

“Қорқыныш пен қалшыл” деген еңбегінде С.Кьеркегор христиан дінінің негіздеріне сүйене отырып, қорқыныш, мазасыздану, үрей сияқты теріс психикалық күйлерді діни сеніммен байланыстырып, адамның еркіндігі, моралдық таңдауы мен талғауы мәселелерін нақтылы мысал жүзінде, атап айтқанда, Авраамның, баласы Исаакты құрбандыққа қиюы жөніндегі аңызға сай қойып қарастырады. Сенімді “парадоксалдық” тылсымдық қасиет, керемет деп, Авраамды “сенімнің серісі” ретінде суреттейді. Ол, бір жағынан, баласы Исаакты жанындай жақсы көреді, оны өлімге қимайды, екінші жағынан, Құдайға деген абсолюттік сенімі, оған деген шынайы махаббаты баласын құрбандыққа шалуға жетелейді. Міне, осы қорқыныш пен үрей билеген жағдайдағы Авраамның психикалық жай күйі, оның сенімі мен үміті, қуанышы мен қайғысы, жан дүниесінің күйзелісі мен құлазуы, сенімнің тылсым қимылы айрықша суреттеледі.

Экзистенциализмнің өзі үш түрлі бағыттағы ілімдерден құралған. Біріншісі, М.Хайдеггердің болмыс туралы ілімінің негізінде қалыптасқан экзистенциализм антологиясы. Болмыс материалдық құбылыс емес, ол өзінің әмбебаптық жалпылығынан туындайтын белгісіз бір нәрсе. Адам оны таным процесінде іздестіреді, ол туралы күйзеле ойлайды, түсінуге тырысады, сөйтіп, ол адамның мән-мағынасына айналады. Демек, болмыс туралы ойлар айналып келгенде, адам болмысы туралы мәселелерге ауысады. Екіншісі, К.Ясперстің экзистенциялық нұрландыру идеясы. Ол болмыстың мәні туралы сұрақтарды шешілмейтін сұрақтар деп есептеп, бар назарын адам болмысы, экзистенцияның өмір сүру тәсілін және оның құдай тектес трансценденцияға қатынасын айқындауға аударады. үшіншісі, экзистенциализм ұғымын бірінші қолданған Жан Поль Сартрдің ілімі. Ол адам өмір сүруінің мәнін, парасаттылық пен адамгершілік нормаларын, бостандық және өлімге деген қатынас т.б., сол сияқты философиялық сұрақтардың мазмұнын ашуды негізгі мәселе етіп алды.

Экзистенциализм “өмір философиясындағыдай” жалпы “өмір” мәселесін қарастырмай, бар күштерін адамның жеке өмірін – “экзистенция” (өмір сүрудің қарапайым нақтылығы), “адамның өмір сүруі” сияқты мәселелер тұрғысынан қарастыруға жұмсайды. Экзистенция ешқашан зерттеу объектісі бола алмайтын ұғым, өйткені, ол біріншіден, жеке даралық болғандықтан, сол себепті жалпы мәнділікке ұмтылмайды; екіншіден, экзистенция – біздің өзіміз. Олай болса, біз оған ғылым қарайтындай объективті түрде қарай алмаймыз. Өмір сүру дегеніміз – адамдардың біріккен болмысы. Шынайы өмір сүру дегеніміз – күнделікті өмірмен тығыз байланысты, өз басының сезімі мен тілегінің, сенімі мен қаупінің, тәжірибесі мен үмітінің, өзінің қамы мен мұқтаждығының жиынтығы негізінде іс-әрекет жасаған адамдардың экзистенция ретінде тіршілік етуі.

Экзистенциализм жеке адамдар “басқаларға” (қоғамдық қатынастарға) салыстырмалы түрде тәуелді екенін мойындайды. Жалпы алғанда “басқалардың” адамдарды ажыратып, дау-жанжал тудыратындығына  қарамастан олар өзара байланысқа түседі. Бұл байланыс “басқалармен өмір сүру коммуникациясы” деп аталады. Коммуникация үстемдік жүргізуден және қызмет етуден басталады. Адамдардың өзара байланысқа ұмтылуы коммуникация алдындағы үреймен, оның мүмкіндігіне шүбәләнумен т.б. сөзсіз ұласады. Мұндай жағдайда адамдар нағыз “экзистенциалды” еркін тұлға бола алмайды. Еркін болу үшін, ол қоршаған сыртқы әлемнің және іштегі сыртқы әлемнің әсерінен құтылып, өзіне өзінің мақсаты мен іс-әрекетінің себептерін айқындауы керек. Басқаша айтқанда, бостандық дегеніміз, сырттың әсерінсіз еркін таңдау. Бостандықтың тағы бір көрінісі ол – жауапкершілік. Туғанынан еркін болуға жаралған адам, бүкіл әлемнің ауыртпалығын өз мойнымен көтереді, ол жалпы әлем үшін де, болмыс тәсілі ретіндегі өзі үшін де жауапты.

Экзистенциалистер болмысқа қарама-қарсы “иемдену” ұғымын да қарастырады. Мен иемденген заттар мені де билейді, жалмайды. Ал, адамды заттардың, меншіктің осылай езіп-жаншуынан қалай құтқаруға болады. Бұл сұраққа Марсель қарама-қайшылықтың қайнар көзі адамның өз табиғатында дей келіп, одан шығу жолы – сүйіспеншілікте, қайырымдылықта, “құрбандықта”, қала берді иеленуді болмыс деңгейіне дейін көтеретін дінде, өнерде және философияда жатыр деп есептейді. Ал басқа ғылымдар “бұлыңғыр сыртқы әлемді” зерттейтін болғандықтан, бізге ақиқат білім бермейді, керісінше, олардың ашқан жаңалықтарының салдары адамзаттың өмір сүру мүмкіндігінің өзіне күмән келтіреді. Жалпы адамзат білмегендіктен қорлық көріп отырған жоқ, керісінше көп білгендіктен қасірет шегіп отыр.

Экзистенциалистік философия классикалық “мәндер философиясын” (еssentia) адамның өмір сүруі (еxsistentia) философиясымен алмастыруды мақсат етті. ХХ ғасырдағы жаңа ағымның белді өкілдерінің қатарында атақты неміс ойшылдары К.Ясперс (1883-1969) және М.Хайдеггер (1889-1976) де тұрды.

Өзінің мәні мен мазмұны жағынан діни философия тарихи дәстүрлі көзқарастар түріне жатады. Әр дәуірдің өзіне тән діни санасы адам өмірі мен қоғам дамуының мәнін, мағынасын ашуға, сол арқылы адам өмір сүруін белгілі бір бағытта дамуына жағдай жасауға ұмтылды. Діни – философиялық көзқарастың бастауында, әрине діни ұйымдар мен діни қайраткерлер тұрды.

Философия ерте кезден-ақ ақиқатты іздеуге ұмтылыс жасады, ал философтар, біз “мәңгілік мәселелер мен сұрақтарға жауап іздейміз” деп құлшынды. Егер философиялық сұрақтар мәңгілік болса, онда философияның қажеті не, бәрібір ол сұрақтарға ешқашан жауап берілмейтін болса?

Философияның болмыстық формасы болып, оның өзінің тарихы жарияланды, содан біз өткен замандарға үңіле отырып, өмір сүрген ойшылдардың әрқайсысын бір ұлылар деңгейіне көтердік. Егер олар мәңгілік сұрақтарға біржақты жауап таба алмай, өзара айтысып келсе, оларды ұлы деп атауға қандай негіз бар? Олардың пікірінің қазіргі және болашақ уақыт үшін қандай маңызы бар? Егер философия деп жүргеніміз әртүрлі пікірлер жиынтығы болса, біз қандай қорытынды жасауымыз керек? Әлде Сократ хакім сияқты: “Менің бар білетінім, біздің ештеңе де білмейтініміз” дегенді қанағат тұтып, танымдық мүмкіндіктерімізді теріске шығарамыз ба?

Міне, осы сияқты сұрақтар дін мен философияның ақиқатты түсінуге деген ұмтылыстарын бір бағытқа бұрып, өзара үйлесімділікте дамуына итермелейтін сияқты. Философиялық көзқарастың сыналар тұсы, логикалық қайшылықтардың болмауы, толық қанды түсінік болу, басқаша айтқанда нақтылық және оның өмірлік-мағыналық идеал қажеттілігіне деген талапқа сай болуы.

Осы талап тұрғысынан қарасақ, жер бетінде болған көзқарастар, философиялық концепциялар қандай деңгейде? Бірде біреуі әмбебеп түсіндіруші құдіретке ие емес, олай болса тұтас алғанда шындыққа жатпайды. Барлық көзқарастар бір-біріне қарама-қайшы, сол себептен де түсіндіру мүмкіндіктері шектеулі. Әлемдік философиядағы осы олқылықтарды ХХ-шы ғасырдағы діни философиялық ағымдар жаңа тұрғыдан шешуге, толтыруға ұмтылады.

Осы заманғы діни-философиялық көзқарастар ішіндегі кең тараған ілімдердің бірі – неотомизм. Бұл ағымның ірі өкілдеріне жататын ойшылдар: Ж.Маритен, Э.Жильсон, Г.Марсель, Тейяр де Шарден, И.Бохеньский, Г.Мангер, И.Гейзер, Жамал-Аддин-әл-Ауғани, Мұхамед Ықбала т.б. Бұл  ілімнің негізгі идеясы орта ғасырда Фома Аквинский, Әл-Фараби, Ибн-Сина және Асыл Ибн-Ата негізін қалаған діни философияның қағидаларына арқа сүйейді. Ол – құдай ең жоғары болмыс, ал табиғат, денелер әлемі оның іс-әрекетінің нәтижесі, немесе құдай эманациясы сияқты идеялық көзқарастар болып табылады. Тек қана кейбір ескірген тезистер қазіргі заманғы ғылыми идеялармен үйлестіріліп, жаңа формаға ие болған. Егер Фома философиялық ақиқаттар сенім ақиқатына қайшы келе алмайды десе, қазіргі неотомистер бұл пікірді әрі қарай өрбітіп, сенім мен ақылдың (бұл жерде – “ғылыми пікір” деген мағынада) үйлесімділігі концепциясы тұрғысынан алғанда, ақыл өзінің пайымдауларында сенімге қайшы келгенге дейін еркін қалады деп тұжырымдайды. Сонымен қатар, неотомистердің пікірінше, философия ғылымға тәуелсіз болғанымен, діни қағидаларға тәуелді болып қалады. Ал ғылым жалпы көзқарастық мәселелерді көтеріп шеше алмайтындықтан, философияға да, дінге де кері әсер ете алмайды. Бірақ неотомистер кейбір діни тезистерге, қағидаларға түсініктеме беру үшін жаратылыстану ғылымдарының жетістіктерін пайдалану қажеттігін ашық жақтайды. Мысалы, табиғаттағы тепе-теңдік, үйлесімділік заңдылықтарының жаратылыстану ғылымдары деректерінен барынша айқын дәлелдер табуы; адамзаттың табиғатпен арасындағы қарым-қатынасқа деген көзқарасының күрделі өзгеріске ұшырай бастауы, әртүрлі табиғи тылсым күштердің әсерінен; микроәлем мен макроәлемдік зерттеулер нәтижесі берген дүниенің жаңа ғылыми бейнесі діни көзқарасқа тікелей ықпал етті.

Өзінің бүкіл тарихында, бүгінгі заманды да қоса алғанда, діни философияның ең бірінші мәселесі, ол – құдай болмысы туралы. Әрине, қазіргі уақытта, кейбір теологтар, егер құдайдың бар екендігі күмәнсіз ақиқат болса, оның барлығын дәлелдеп жатудың қанша қажеттілігі бар деген орынды пікір айтады. Дегенмен, діни ойшылдардың көпшілігі мұндай радикалды ұсыныспен келіспейді. Олардың ойынша адамзат дамуының әрбір кезеңінде пенделердің әлсіздігін жеңіп, құдайға деген күмәнін тудырмау үшін, атеистердің, адасып жүрген жандардың үстірт пікірін айғақты түрде терістеу үшін құдай болмысы туралы біліміміз бен сенімімізді үзіліссіз дамытып отыру қажет, - дейді. Әсіресе, қазіргі заманғы, жалпыадамзаттық әлеуметтік дағдарыстың күшейген кезінде, пенделердің рухани бойкүйездікке салынып немесе материалдық тоғышарлықтың құрбаны болып бара жатқан заманда діни философиялық көзқарастың тарихи-әлеуметтік маңызы ерекше арта түседі.

 

Әдебиеттер тізімі

1.     Мырзалы Серік. Философия. – Алматы: «Бастау», 2008. – 644 б.

2.     Абдильдин Ж.М. Диалектика Канта. – Алматы, 1974. – 210 с.

3.     Асмус В.П. Античная  философия. – М., 1976. – 543 с.

4.     Бердяев Н.А. Самосознание. – М., 1971. – 445 с.

5.     Вебер М.  Избранные  произведения. – М., 1990. – 530 с.

6.     Витгенштейн Л. Философские работы.  В 2 т. – М., 1994. – 420 с.

7.     Гадамер Х.Г. Понимание и язык. – М., 1992. – 482 с.

8.     Герменевтика: история и современность. – М., 1985. – 530 с.

9.     Делез Ж. Логика смысла. – М., 1995. – 456 с.

10. Деррида Ж. О  грамматологии. – М., 2000. – 391 с.

11. Кун Т. Структура научных  революций. – М., 1995. – 410 с.

12. Камю А. Избранное. – М., 1989. – 603 с.

13. Кьеркегор С. Страх и трепет. – М., 1993. – 450 с.

14. Мир  философии. Книга для чтения. В 2 – х  частях. – М.,1991. - 520 с.

15. Мухамеджан  Қ.Ш.  XX ғасыр  философиясы: Оқу құралы. -  АИЭС, 2005.

16. Ортега – и – Гассет Х. Что такое философия? – М., 1991. – 385 с.

17. Поппер К Открытое общество и его враги. – М., 1992. – 385 с.

18. Проблема человека  в западной философии. – М., 1995. - 452 с.

19. Рассел  Б. История  западной  философии. В 2 – х  частях. – М., 1993. 

20. Современная западная  философия: Словарь /Состав: Малахов В.С., Филотов В.П. – М., 1991.

21. Сумерки  богов. – М., 1990. – 392 с.

22. Философиялық  сөздік  - / Редкол: Р.Н. Нұрғалиев, Ғ.Ғ: Ақтамбетов Ж.Б. – Алматы: «Қазақ  энциклопедиясы»,1996. – 521 б.

23. Философия: жоғары оқу орындары  студенттеріне арналған оқулық // Құрастырған  Т.Ғабитов /. - Алматы: Қаржы Қаражат, 2002. – 496 б.

24. Соколов В.В. Средневековая философия: Учебное  пособие. – М., 1979. – 448 с.

25. Горфункель А.Х.  Философия  эпохи Возрождения: Учебное пособие. – М., 1980. – 368 с.

26. Соколов В.В. Европейская философия XV-XVIII веков: Учебное пособие. – М., 1984. – 448 с.

27. Кузнецов В.Н. Немецкая  классическая философия второй  половины XVIII – начала  XIX века: Учебное пособие. – М., 1989. – 480 с.

 

 

Мазмұны

Алғы сөз                                                                                                             3

1 Дәріс. Философия – дүниетаным ретінде                                                       5

2 Дәріс. Ежелгі Шығыс философиясының тарихы. Ежелгі Үнді

философиясы                                                                                                           12

3 Дәріс. Антикалық философия                                                                        20

4 Дәріс. Ортағасырлық діни философия                                                          30

5 Дәріс. Жаңа Заман философиясы.                                                                 36

6 Дәріс.Неміс классикалық философиясы                                                        45

7 Дәріс. Қазақ философиясының тарихы                                                         50

8 Дәріс. ХХ – ХХІ ғасырлар философиясы                                                      56

 

                                                                      2011 ж. қосымша  жоспары, реті 5.